Басқы бет / Ғибадат / Сайрамның әулиелі жерлері

Сайрамның әулиелі жерлері

Ортағасырлық Сайрам қаласының қалдықтары қазіргі  Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкент қаласынан шығысқа қарай 10 шақырым жердегі осы аттас ауылдың аумағында  жатыр. Ертедегі дерек көздерінде Сайрамның басқа аты – Испиджаб жиі кездеседі.

Махмуд Қашқари 1047 жылы құрастырған өзінің атақты «Түркі тілдерінің лұғатында» былай деп жазады: «Сайрам – Испиджаб деп аталатын Ақ қаланың (әл-Мәдинат әл-Байда) атауы. Оны сондай-ақ Сариям деп те атайды».

Сайрам – Испиджаб Ұлы Жібек жолы бойындағы ірі қалалардың бірі,  ол түрлі діндер: христиандық, зороастрлық және мұсылмандықтың тоғысқан орталығы болды. Қала мұсылмандықтың  түркі жеріне ене бастаған кезінде осы әлемдік діннің бірі болып табылатын исламның тірегіне айналды. Қазір де Сайрамның әулиелеріне мыңдаған мұсылмандар келіп, зиярат етіп кетуде.

Ортағасырлық Қазақстанның тарихындағы көптеген саяси  оқиғаларына байланысты Сайрам аталады. Испиджаб бір кездері Тараз, Фараб, Шауғар, Сауран құрамында болған феодалдық иеліктің астанасы  болған, оның төл ақша шығаратын теңгеханасы болды.

Кейінгі ортағасырлар кезеңінде Сайрам Қазақ хандығының ірі экономикалық, саяси және діни орталықтарының біріне айналды. Мырза Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарихи-Рашиди» атты еңбегінде «Қараталда қыстап шыққан Қасым ханға ерте көктемде Қаттабектен  (Сайрам әкімі) және Сайрам басшыларынан өкіл келіп, Сайрамның кілтін сыйға тартты… Қасым хан оны қабылдап  алды. Қаттабек оған Сайрамды беріп, Қасым ханға қызметке тұрды» деп баяндалады. Тауке хан билік құрған кезде Сайрамның түбінде орналасқан  Мәртөбеде қазақ жүздерінің өкілдері кеңеске жиналатын болған.

Байырғы Сайрам қаласының орталығында жүргізілген көлемі жағынан шағын зерттеулер ІХ ғасырдан ерте дәуірге жататын заттық белгілер таппады. Алайда жазба деректердегі мәліметтерге қарағанда қаланың ҮІІ-ҮІІІ ғғ. болғанын көрсететін мәліметтер бар. Қожа Ахмет Ясауидің жақын туысқаны болып келетін  «Насабнаме» шежіресінің авторы Сафи ад-Дин Орын Қойлақы Оңтүстік Қазақстанды ҮІІІ ғасырдағы мұсылман әскерлерінің жаулап алу тарихын баяндайды. Онда исламға дейінгі Сайрамбы араб әскерлерінің қалай жаулап алғандығы көрсетіледі: «Сайрамда  бір патша бар еді. Аты Көркөз еді, лақабы Нахибдар еді. Сайрам елі 160 мың үйлік тарса еді. 300 рустайысы (елді мекені) бар еді. Барлығы тарса еді. Ысқақ баб Нахибдарды иманға шақырды. Нахибдар айтты: «70 атамнан бері тарсамын, менің дінім –хақдүр. Сенімен соғысамын»  деп айтады. Үш түн және үш күн шайқасты, 10 мың тарса өлді, 5 мың мұсылман шахид болды. Шаһид болғандардың ішінде ең атақтысы … Ысқақбабтың  жалау ұстаушысы – Абд ал-Әзиз бар еді. Сайрамда… Хийалық ата қалдырылды. Ол 45 жыл илму-хикмет айтты». Осы деректе Ысқақ бабтың Сайрамда үлкен мешіт салдырғаны айтылады: «…Шуба мешітін салды. Мешіттің құрылысына 30 мың 500 алтын ақша кетті».

Сайрамдағы бізге жеткен ең ерте ислмадық ескерткіштердің бірі Ыдырыс пайғамбар мешітінің тас ұстыны болып табылады. Мешіттің бұл көз тарталық  жәдігері көптеген зерттеушілерді қызықтырды.  Нақты осы ұстынға деген қызығушылық Орта Азия ескерткіштерінің  айтулы зерттеушісі М.Е.Массонды Сайрам елді мекеніне барып оны жеке көруіне ықпал етті. М.Е.Массон осы сирек жәдігерді ІХ-Хғғ. жатқызды және оның ғылыми сипаттамасын жасады.

Ұстынның биіктігі екі жарым метр және  құмтастан қашалған. Тіреудің жоғары және орта бөлігіне жағында әсем, һәм нәзік куфи үлгісінде жасалған жазулар ойылған. Онда ислам дінінің негізгі қағидалары жазылған.

Олардың алғаш оқып аударған 1884 ж. Сайрам ескерткіштерін тамашалаған шығыстанушы Н.И.Веселовский болды. Ол өзінің жарияланбай қалған есебінде: «Сайрамның барлық мешіттері жақын арада қайта салынған және сондықтан оларда байырғы жазулар жоқ. Оларда тек зиаратқа келгендердің жазбалары бар. Олардың тарих үшін маңызы болмаған соң көшірілмеді. Ыдрыс мешітінің бастырмасында құмтастан жасалған бір тіреу назар аударарлық. Онда кейбір өрнектер және арабша «Алладан басқа Құдай жоқ», «Алла жалғыз, Алла әмірші» деп көрсетеді.

ХХ ғ. бірінші жартысында Ыдырыс пайғамбар мешіті қиратылды, ал аталған ұстын қазіргі уақытта Сайрам ауылы музейінің алдында тұр. Аталған ұстын ортағасырлық Сайрамның тас өңдеу өнерінің жалғыз туындысы емес. Санк-Петербургтегі Эрмитажда осы Сайрамнан алынған тағы бір ұстын, ал Шымкенттегі облыстық өлкетану музейінде бетінде жазулары бар тас астау қойылған.

Қазіргі уақытта Сайрам елді мекенінің түрлі аумақтарында алты күмбез және бір мұнара орналасқан. Өкінішке қарай, олардың бірде-бірі бізге өзгерссіз өз қалпында жетпеген. Сайрамның кез-келген ескерткішін алып қарасақ, олар көптеген жөндеу-өңдеуден өтті және ХІІ-ХІХғғ аралығында бізге көп өзгеріске ұшырап жетті. Мысалы, байырғы Мыралы баба кесенесі орнына салынған қазіргі құрылыс ХХ ғ. 30 –шы жылдары салынған.

Сайрамның сәулет өнері ескерткіштерінің ең салтанаттысы болып таыблатын Әбдел Әзіз баб кесенесі ауылдың солтүстік бөлігінде, үлкен мазарат ортасында орналасқан. Әбдел Әзіз баб ҮІІ ғ. өмір сүрген және мұсылман әскерлерінің жалау ұстаушысы болған. ІХ ғ. ортасына дейін ислам елдерінде қабір үстіне күмбез тұрғызуға тиым салынғандықтан Әбдел Әзіз баб қабірі үстіне алғашқы кесене тұрғызу қарақандықтар дәуіріне, яғни, Х-ХІІ ғғ. бой көтеруі мүмкін.

Авторы беймәлім «Рисоля» атты шығармада Әбдел Әзізбабтың ескі кесенесі қираған соң Әмір Темірдің қолбасшысы Наурызахмет жаңа құрылыс тұрғызыпты делінеді. Алайда Әмір Темірдің қолбасшылары арасында мұндай есімді шен иесі жоқ болып тұр. Деректерде Барақхан деп аталған  Ташкентте және Сырдарияға жақын аймақтарда билік еткен  Наурызахмет (1550-23.ІХ 1556жж) атты тарихи тұлға белгілі.

«Тарихи-и-қашғар» атты тарихи шығармада оны қазақтардың ханы деп атайды. Осы мәліметтерді негізге ала отырып, біз кесене құрылысы ХҮІ Наурызахмет салғызған ғимарат тозып болғандықтан оның орнына 1860-шы жылдардың аяғында бізге жеткен қазіргі кесене салынған.

Әбдел Әзиз баб кесенесінің бөліктері өзара үйлесімді композияцияда орналастырылған, сыртқы бітімі сымбатты. Ғимаратты тұрғызуда Орта Азия мен Қазақстанның ортағасырлық сәулет өнерінде қолданылған үйлесімдік тәсілдердің пайдаланғаны анықталды.

Сайрам елді мекенінің орталығында Қожа Ахмет Ясауи анасы- Қарашаш ана кесенесі орналасқан. Қазіргі кесене 1851-1852 жж. тұрғызылыпты. Сайрам елді мекенінің солтүстік-шығыс шетіндегі дөң үстінде 1880 ж. қайта тұрғызылған Қолжа Ахмет Ясауидің әкесі – Ибраһим ата кесенесі тұр. Ауылдың орталық бөлігіне жақындау Қарамұрт ауылына баратын жол бойында орналасқан Қожа Салықтың кесенесі ХІХ ғасырға  жатады және оның пошымы алдында аталып өткен порталды-күмбезді кесенелерден өзгеше. Жоспарда шаршы болып келетін кесен төбесі уақытында бірінің үстіне бірі орнатылған екі күмбезбен жабылған болатын (сыртқы күмбезі бізге жетпеген), төрт қасбетінде үстіңгі бөлігі сүйір етіп өрілген қуыстары бар. Оңтүстік қасбетінің ішіндегі қуыс қабырғасына құмырларға салынған гүлдер бейнесі салынған.

Қызыр пайғамбар мешітінің байырғы Сайрамның орталығының оңтүстік-шығыс бөлігіне орналасқан. Ол бізге жетпеген мешіт кешені құрамында болған. Қазір оның айналасында құрылыс жоқ, ол ашық ара-кідік тал өскен алаңда тұр. Шығыстанушы Н.И.Веселовский Сайрам ескерткіштерімен танысқан  кезде мұнарадағы жазуға назар аударған: «Мешіттің қақпасы алдында онша биік емес мұнара тұрғызылған, онда парсы тілінде шағындау жазу бар». Мұнараның үстіңгі бөлігі ХХ ғасырда 20 жылдары болған жер дүмпуінен бүлінген, қазір ол қалпына келтірілген.

Мұхтар ҚОЖА,  тарих ғылымдарының докторы, археолог

 

 

 

 

Сондай-ақ, оқыңыз

Манап Өтебаев – жетімді жебеген жан

2018 жылы 14 көкек күні Оңтүстік Қазақстан өңірінің тумасы, белгілі қоғам қайраткері, марқұм Манап Өтебаевтың …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған