Ғалымның хаты

Мәделіқожаның мөрі

Мәделіқожа Жүсіпқожаұлының өміріне қатысты соңғы жылдары жария көрген мәліметтердің ішінде ең елеулісі деп батырдың жеке мөрі басылған құжатты айтса болады. Бұл сирек документ «Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы» топтамасының тек Кенесары ханның әулетіне қатысты құжаттар мен түрлі дереккөздер жинақталған 5-томында басылған. Менің қолыма бұл кітаптың PDF-форматындағы нұсқасы бір танысым арқылы түскен болатын және онда томның тек мұқабасының фотосуреті ғана келтірілген себепті шыққан жылы мен баспасын анықтау қиынға соқты. Ал енді тиянақты Мәделіқожа ақынға қатысты құжатқа келетін болсақ ол документ Өзбекстан Республикасының орталық мемлекеттік мұрағатында сақтаулы. Оның мәтінін батырдың өз аузынан жазып алынған куәгерлік әңгімесі құрайды1. Оны орыстың бір штабс-капитаны арнайы тапсырыс бойынша ақынмен кездесіп, барлық айтқандарын қағаз бетіне түсіріп, соңында өзінің қолын қойып, батырдан да көріп-білгенін растауын өтініп жеке мөрін бастырып алған екен. Ал енді батырдың не жайлы мәлімет бергеніне тоқталсақ, онда оның қайынағасы Кенесары ханның бәйбішесі Күнімжаннан туған, жолы үлкен ұлы Жаппар сұлтанның орыстың қамауынан сытылып шығып, Түркістан өңіріне қашып келгені туралы не есітіп-білгені, оны өз көзімен көрген-көрмегені жөнінде баян еткені болып табылады.

Мәделі қожа мен Майлықожаның кесенесі

Мәделіқожа құжатта Жаппарды жас кезінде екі мәрте көргенін, екінші рет кездескенінде 17 жасар бозбала қайнысының оған құны 80 діллә тұратын бурыл сәйгүлігін сыйға тартқанын, бірақ ол атты алмағанын айтады. Кейін Жаппар сұлтан орыстарға қарсы жорыққа аттанып кетіп сол жақта қолға түскенін естігенін әңгімелеп, ұзақ жылдар бойы оның тағдырынан хабарсыз болып, бұдан 7 жылдай бұрын қайнысының Түркістан жаққа келгенін естіген соң арнайы барып көргенін сөз етеді. Бұл жолы Жаппарды көргенінде алғашқыда танымағанын, тіпті Кенесарының әйелі, шешесі оны балам дегенімен өзінің сонда да сеніңкіремегін қосып, тек қайнысымен жүздескенде қашқынның: «Сіз неге сол жолы жорыққа аттанарымның алдында менің бурылымды алғыңыз келмеді, әлде мені баласындыңыз ба?» деп айтқанынан кейін ғана барып, сұлтанның нақ өзі екеніне көзі жеткенін ауызға алады. Сосын Жаппар тұтқындалғанында оның туған інісі Ахметтің жасы 12-лер шамасында болса, онда сұлтан қазір 45-46 жаста болуы керек деген жорамал жасайды.

Осы бір орыс құжатында келтірілген бар-жоғы 15 жолды құрайтын жазудың ішінде бірталай құнды мәліметтің басы жатыр десек болады. Мысалы, Мәделіқожаның өзінің екінші әйелі, Кенесары ханның қарындасы Қалипаны қалыңмалсыз алғаны туралы жиі айтылып жүргенімен, оның өзінің қайын жұртымен ара-қатынасы жөнінде деректер жоқтың қасы болып келетіні бар. Тек қайнысы Ахмет төрені өзінің өтінуімен аямай мінеген өлеңі және қартайған шағында Қалипаға берген жігіттік серті «тоқал деп айтпайсың» деген шартты абайсызда бұзып алғанында екінші әйелі намысқа салып суға батып өлмек болғанында оны батырдың Кенжехан деген бауыры аман қалып, сол жайдан хабардар болған Ахмет сұлтаннан арнайы хат келіп, соған берген өлең-жауабы ғана біршама құдандалық ара-қатынастары жайлы біршама мағлұмат беретін. Бұдан бөлек Кенесары Ташкентте қамауда жатқанында оны босатып алуға атсалысқандардың бірі Мәделіқожа еді деген аңызға айналып кеткен әңгіме де бар болатын. Ал енді мына құжаттың арқасында батыр өзінің қайын жұрты – Қасым ханның әулетімен тығыз араласып тұрғанына көзімізді жеткізіп отыр. Оның үстіне орыс ұлықтарының да бұл мәселеге қанық болғанын аңғарамыз. Тағы бір көңіл аударатын жай, ол Жаппар сұлтанның Мәделіқожаға өзінің сүйікті сәйгүлігін сыйға тартқысы келгендігі. Бұл да өз алдына көп нәрсені білдіреді. Сұлтанның бұлай етуі, біріншіден, оның Кенесарының жолы үлкен ұлы болғандықтан жездесіне өзінің бүкіл әулеттің алды екенін көрсеткісі келгендігінен болса, екіншіден, Мәделіқожа сынды жездесінің батыр ретінде қоғам алдында атқарған қызметтерін сыйлап, құрмет көрсеткені болып табылады.

Ал енді Жаппар сұлтанның шешесінің көзінше Мәделіқожаға неліктен қолымды қайтардыңыз деп өкпелеуінің сырын орыс отаршылары жазған басқа да құжаттармен танысып шыққанда ғана анықтаудың жолы түсір тұр. Алайда бұл жайлы әңгіме қозғамас бұрын Кенесары хан қырғыздардың қолынан 1847 жылы қаза болған соң оның әулеті нендей күй кешкені жөнінде қысқаша баяндап өткенім дұрыс.

Ахмет Кенесариннің көмегімен орыс тарихшысы Е.Т. Смирновтың Сыздық төренің аузынан жазып алған естелік кітабында: «После смерти хана они со всем народом перекочевали на низовья р. Чу, в горы Каратау, и в г. Туркестан»2 деп айтылатын жері бар. Бұл кітаптың көп жыл тастап жазылғаны белгілі және онда орыс отаршыларының Қазақстанның күнгейін жаулап алу барысында жүргізген барлау материалдары қарастырылмаған. Ал енді міне соларға назар аударсақ, онда Кенесарының өлімінен кейін ханның үрім-бұтағы жайлы жиналған дерек көздерінің ішінде алғашқылары 1849 жылмен белгіленген екен. Онда марқұм ханның бауыры Көшек сұлтан, жесірі Күнімжан мен ұлы Жаппар атынан Батыс Сібір генерал-губернаторы Горчаков мырзаның атына3 және Қуандық болыстығының басшылары Қоңырқұлжа сұлтан мен сол елдің билері, батырлары, байлары мен болыстарына жазылған4 хаттар бар болып шықты. Оның алғашқысында Кенесарының әулеті орыс ұлығына кеңпейіл болуын өтініп, өткен араздықты біржолата ұмытуды, мүмкін болса ескі қоныстарына қайтып келгілері келетіндерін білдірген болса, екінші хатта қазақ жақсыларынан олардың елге оралуына көмектесулерін, орыс ұлықтарының алдында бұлар үшін атсалысуларын, көшіп-қонатын жерлерін сұрап алдырып, бекітіп берулерін айтып келеді де, Сарыбай бидің тама Ахун Тоғалақтың 100 жылқысын барымталап кеткенін хабарлап, сол мал қайтарылмаса онда олардың бұл әрекеті бұрынғы Кенесарының заманында орын алған өрескел істердің әлі де ұмытпағандарын көрсетеді деп, жайлап сес көрсетіп өтеді. Бұл хаттармен танысқан соң Омбыда отырған орыс ұлықтары Кенесарының балалары жөнінде мәлімет жинауға бірден кірісіп кетеді5. Бұдан кейін 1847 жылдың 27 тамызы күнімен белгіленген құжатта корпус генералы Спиридонов деген полковникке осыған қатысты берілген тапсырыстардың тізімі келтіріледі. Онда Кенесарының туыстарына қай рулар бағынышты, ханның ұлы Жаппардың жасы нешеде, мінез-құлқы қандай, төңірегіндегі қазақтардың алдында беделі қаншалықты және бұл сұлтаннан бөлек Кенесары мен Саржаннан қалған ұрпақтары бар ма, олар кімдер және қай жерлерде көшіп-қонып жүргендері жөнінде анықтауды бөліп-бөліп жазып, шегелеп қойған екен. Бұл мәліметтер орыс отаршыларының Кенесарының көтерілісін басып-жаншу оңайға түспегенін, болашақта оның ұрпақтары қазақтарға қайтадан ту бола ма деп іштей сескенгендерін ашып көрсетеді.

 

Ақыры, көп кешікпей орыс ұлықтарының ойлағандарындай Кенесарының ұрпақтары өздерінің өр мінездерін де көрсетуге кіріседі. Сарыбай би секілді би-болыстар жарақтаған барымташылардан кеткен есесін қайтармақ болып Жаппар сұлтан бастаған жігіттер бірнеше жорық жасайды. Солардың бірінде, сұлтанның айтуынша төртінші рет аттанғанында, Ақтау жақтағы қақтығыста оны астындағы аты алып кетіп ол жалғыз өзі ғана жау қолына түседі. Міне сол жолы Жаппардың тағдырын шешкен жануар – баяғы Мәделіқожаның алғысы келмеген бурыл сәйгүлігі болса керек. Мұны, ол екеуі талай жыл тастап Түркістанда қайта жүздескенде сұлтанның жездесіне қарап, жүрегінің түбінде қалған өкпесін жайып, шерін тарқата айтқан сөзі білдіреді. Осы сөзден, кезінде екі серінің бірін-бірі сынасқаны көп ұзамай солардың біреуі үшін орыны толмас өкінішке айналғанына куә боламыз.

Сөз орайы келген соң Жаппар сұлтан туралы орыс құжаттарында кездесетін мына бір қызық мәліметке тоқтап өтпесем және болмас. Кенесарының бел баласы қолға түскенде, орыстар оны болса да тергеуге салады.  Сонда оның берген жауаптарының негізінде құрастырылған түсініктемеде:

«Джапар (сын) во время гибели отца своего находился при своих родственниках, в горах Каратау (что севернее Туркестана); ему был тогда лет семь. Он был провозглашен ханом и утвержден в этом звании Коканским ханом, который послал ему знамя. После смерти Кенесары, волнения в степи продолжались. Родственники его, со своими приверженцами, делали нападения на враждевные им рода, продолжали грабежи. Киргизы эти, во время своих набегов брали с собой и Джапара. При четвертом набеге своем он, Джапар, был схвачен русским отрядом вышедшим с Сибирской линии и отвезен в укрепление Аккала. Это случилось спустя шесть лет после смерти его отца, ему было тогда лет 13-ти,6 деген сөздер бар болып шықты.

Осы жерде Жаппар сұлтанның айтқаны рас болса, онда Қазақ хандығының тарихына елеулі өзгеріс енгізуге толық негіз пайда болады. Ол – қазақтың соңғы ханы, 1847 жылы қырғыздар Кенесарыны өлтіріп орыс отаршыларына жығып берген туымызды қайта көтерген деп осы Жаппар төрені атағанымыз дұрыс болар еді. Әрине, Қоқан ханының, ел ішінде «Әзірейіл барда жаным бар деме, Ақ жалау барда малым бер деме» деген мәтел сөзге айналған туын да қатар ұстаған шығар, алайда мәселе бұл жерде оны қазақ жақсыларының ешкімнен сұрамай-ақ өздеріне хан сайлағанында болып тұр. Артынан тарту-таралғылар келіп жатса, оның қадірі тек арта түскені емес пе.

Бір қызығы Жаппар қолға түскенінде әлі жас бозбала болса да, ата-бабаларынан дарыған қайсарлығын бойында сақтап қалғанын көрсететін мынадай сөздер сақталыпты:

«…окруженный со всех сторон и израненный штыками и пиками, схвачен... При отобрании от сего султана показания он сознался, что ездил на баранту в Акмолинский округ, где и был захвачен…, но по врожденному ему упорству не хотел объяснить, у кого из наших киргизов имел пристанище, что хотя не подлежит сомнению».7

Орыс ұлықтары да кімді қолға түсіргенін бірден ұққанын «Сам он Джафар никогда на верноподданство Россий не присягал8 деген сөздерден ұғып, жас сұлтанға дұрыс баға бере білгендерін мынадай жолдар растай түседі:

…Посему не находя нужным удерживать Джафара в Омске, отправляю его на жительство в г. Березов, принимая в соображение, что султан сей неоднократно производивший в нашей степи беспо-рядки, по своей предприимчивости, наездничеству, расторопности и впечатлению, оставленному отцом его Кенисары в умах наших киргизов, может сделаться со временем опасным для общего в степи спокойствия»9.

Жасыратыны жоқ, кейін, 18 жыл тастап Жаппар сұлтан есебін тауып қамаудан қашып келгенінде күнгей өңірінде соңғы жылдары орын алған үлкен тарихи өзгерістер бар, денсаулығының нашарлағаны, осының барлығы оның сағын сындырып, бұрынғы қауқарынан айырып тастағанын келесі құжаттардан оңай байқалады. Ол форт Перовскийде (Ақмешіт) тағы да тұтқынға алынып, біраз уақыт өткен соң қайтадан қашып кетіп Қиуа хандығында жүрген бауыры Сыздық сұлтанды жағалайды. Алайда ол жерде де ұзақ тұрақтамай Бұқар әмірлігіне өтіп, ақыр соңында Шымкентегі туған інісі Ахмет төреге тығылып келіп орыс үкіметіне қайта бағынуға мәжбүр болады. Сол кездері жүргізілген тергеулерде Жаппар өзінің Ақмешітте есінен айырылғаны жөнінде айтып, енді Ахметтің қасында қалып тыныш өмір сүргісі келетінін білдіреді. Ақыры оның қара басына қатысты қылмыс істер біржолата тоқтатылады. Жаппар сұлтан туралы 1879 жылы жазылған құжаттардың бірінде ол өзі туралы «несколько лет назад тому по воле Государя Императора я находился в ссылке, а по освобождении оттуда я женился и сделался детным»9 – деп мәлімет беріп кеткеніне қарағанда, оның есі бүтін болғаны аңғарылады.

Бір қызығы Жаппар қолға түскен 1851 жылдың аяғында Қоқан хандығына қарасты Ташкентті билеп тұрған Нар-Мұхаммед құсбегі Омбыға елшілер жіберіп оны тұтқыннан босатуын өтінеді. Бірақ, Батыс Сібір генерал-губернаторы сұлтанды қарақшылық жасады деп бас бостандығын қайтып беруге көнбей қойыпты.

Сөздің реті келген соң тағы айта кететін жай – Жаппар сұлтанға қатысты Түркістан өңірінде жиналған құжаттардың ішінде Мәделіқожаның досы атақты Сапақ датқаның баласы Иманбердінің де көрсеткен куәлігі сақталған екен. Оның есімін орыс офицері «Иманберды Шафаков» деп жазып кетіпті. Иманберді бұл кездері қоқанның датқа лауазымын болыстыққа алмастырып жаңа тәртіпке сай қызмет артқарып жүрген болса керек. Себебі 1880 жылдың 21 ақпанында жарыққа шыққан «Түркістан уалаятының газетінің» 3-санында Сырдария облысының уаенный губернаторының жарлығында оның есімі Сарыкөл болысына жұрттың сайлауымен болыс басқарушы қылып қойылғаны жайлы хабардар ететін мәлімет10 бар. Осыған қарағанда орыс ұлықтары оңтүстік өңірін өздеріне қаратқан соң билік тізгінін бұрыннан халық басқарған кісілерге ұстата салуды дұрыс көрген секілді. Жалпы Иманбердінің есімі Майлықожаның бірнеше шығармасында ауызға алынып онда «Иманберді, Мәделі – егіз қозы секілді», «Иманберді, Мәделі – жарасып туған ұл едің»»11 деген сөздер кездеседі. Ал әйгілі ақынның «Келмес пе едің» деген өлеңі түгелімен осы датқаға арналғаны және бар.

Сөз соңына Жаппар төре жайлы бір қияли аңыз-әңгіме әйгілі халық мұрасын жинаушы Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының да жиған-тергендерінде ұшырасатынын да айтып кеткенім абзал.12

Жалпы, тарихи құжаттарда ізі сайрап жатқан қазақтың соңғы ханы атанған сұлтан Жаппар туралы өз алдына бір еңбек жазуға болады. Бұл болашақтың ісі, жас ғалымдардың парызы.

 

1 ЦГА РУ. Ф. 17. Д. 12953. Л. 32 с оборотом. (http://kitap.kz/book/1531-qazaq_ult_azattyq_qozhalysy_v_kitap/1531-qazaq_ult_azattyq_qozhalysy_v_kitap)

2 Ахмет Кенесарин. Кенесары и Садык. Уральск, «Диалог», 1992,  28-бет

3 ЦГА РК. Ф. 374. Oп. 1. Д. 1922. Л. 2 с об.

4 ЦГ РК. Ф.374. Oп. 1 Д. 1922. Л.3-4.

5 ИГЛ РК. Ф. 374. Oп. 1. Д. 1922. Л. 8 с об.

6 ЦГА РУ. Ф. 17. Oп. 1. Д. 12953. Л. 85-86.

7 Туркестанский край. Сборник материалов для истории его завоевания. 1851 и 1852 годы. Собрал полковник А.Г. Серебренников. – Ташкент, 1915. 127-бет

8 ЦГА РУФ. 17. Oп. 1Д. 12953 Л. 4-6 с об.

9 ЦГА РУ. Ф.1. Oп. 11. Д.81. Л.4.)

10 «Түркістан уалаятының газеті». Алматы, «Ғылым», 2003. 462-бет

11 «Майлықожа», Шығармалар. Оспанұлы Ә. Алматы, 2005. 98-99 беттер

12 Орталық ғылыми кітапхананың қолжазбалар қоры. Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының қолжазбалары. 1645-ші папка. 152-бет

 

№106

Показания киргиза Басрыкумской волости

Мадали ходжа Юсуп Ходжина.

 

Джапара Кенесарина жившего в Туркестанском уезде, я видел два раза, в первый раз в г. Туркестане, когда ему было 15 лет, второй, когда ему было 17 лет от роду, в этот раз он мне предложил взять его любимую бурую лошадь, которая стоила ему 80 тиллей. Я отказался от предложения. После этого через несколько времени я слышал, что в баранте он, Джапар, пойман русскими и увезен. Джапар несмотря на свою молодость был высокого роста, на носу имел следы натуральной оспы и блондин. Семь лет тому назад, я слышал, что приехал к своим родным в Туркестанский уезд сын Кенесары – Джапар, я поехал его посмотреть. Действительно человек называвший себя Джапаром был похож настоящему Джапару, хотя жена Кенесарина (мать Джапара) признала его за родного сына, но все таки я сомневался, когда же он обратился ко мне с словами: «Зачем Вы перед моим отправлением в поход отказались от моего предложения взять мою бурую лошадь или пожалели меня?». Тогда мое сомнение изчезло и я его признаю за Джапара. Когда Джапар был взят русскими, тогда должно быть было Ахмеду 12 лет, от роду. Джапар теперь должно быть 45-46 лет от роду.

Что показал верно, в том и приложил свою печать.

Показание отбирал штабс капитан (подпись)

ЦГА РУ. Ф. 17. Д. 12953. Л. 32 с об.

 

№105

Показание Сарыкульского волостного управителя

Иманберды Шафакова.

 

Назад тому 27 лет я видел в г. Туркестане сына Кенесары Джапара Кенесарина, тогда ему было 17 лет от роду. Он на один год моложе меня, мне исполнилось в нынешнем году 46 лет. У Кенесары было 6 сыновей именно: Омар, Джапар, Осман, Ахмет, Джакей и Сыддык. Джапар Кенесарин, как я слышал, что назад тому 24 года с многими киргизами отправился на баранту, а потом был пойман русскими и увезен во внутренние города России. Я так же слыхал, что будто-бы родные Джапара, сначала получали от него письма, а потом слышали, что будто-бы Джапар умер, и после от него писем не получали. Человека, который в настоящее время живет в ауле султана Ахмеда под именем Джапара Кенесарина, я не узнаю и не могу о нем сказать ничего положительно, потому что, как я Джапара видел, прошло уже тому 27 лет. Все родные Кенесарина жили, ныне живут в Туркестанском уезде и кроме того как мне известно, Джапар по смерти своего отца жил росточительно, вел больше знакомство с почетными сартами г. Туркестана как: Шайхуль-ислам, Накып Джаманбаевской волости киргиз, Джанбай датха Илькундин, Мангутай Сангильбекой волости киргиз, Дусенбе Сауранбаев.

Что показал верно, в том и подписуюсь.

 

Показание отбирал штабе капитан (подпись)

ЦГА РУ. Ф. 17. Д. 12953. Л. 31 с об.

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button