Басқы бет / Ғалымның хаты / Қанай датқаға айтқан өлеңнің соңғы табылған нұсқасы

Қанай датқаға айтқан өлеңнің соңғы табылған нұсқасы

Қазақ хандығының тарихында Ордабасы тауының алатын орыны ерекше екені белгілі. Өйткені бұл жерде Ақтабан шұбырынды-Алқакөл сұлама трагедиясын басынан өткерген халқымыздың бетке ұстарлары 1726 жылы бір тудың астында бас қосып, тізе біріктіріп жоңғар шапқыншыларына қарсы аттануға ант ішкен. Сол жолғы жиынның басты жемісі – ел басына күн туғанда қазақтардың жүзге, ру-руға бөлінбей жұмыла алатындығын көрсетіп, 1727 жылы жоңғарлармен болған Бұланты-Білеуті шайқасы мен 1729-1730 жылдардағы Аңырақай шайқастарында жеңістерге қол жеткізгені болды. Бүгіндері басқа өңірлердің қазақтары үшін Ордабасы тауының аты осы әйгілі жиынмен тікелей байланыста болса, күнгей қазақтары үшін бұл таудың маңыздылығы тағы да бір елеулі тарихи оқиғамен ерекшеленеді. Ол – Мырзаби оқиғасы.

Ордабасы басында өткен алғашқы жиыннан 132 жыл өткен соң, 1858 жылдың көктемінде Қотырбұлақ деген жерде орын алған бұл оқиға Қазақстанның оңтүстік бөлігін алып жатқан Қызылорда, Түркістан, Шымкент, Тараз, Жетісу өңірлерінің ХІХ ғасырдың басынан Қоқан хандығының езгісіне ұшырап, елдігінен айрылып, халықтың әл-ахуалы барынша төмендеп, әбден кедейленген кезімен тікелей байланысты. Алғашқыда көшпенді қазақтармен тіл табысып, олармен санаса жүріп билеген қоқан бектері біртіндеп елді қыспаққа алып, ойларына келген сансыз салықтармен матап тастап, ақыры кәмелетке келген қыздарға дейін «күйеуге тиер» деген салық көзін шығарып, кейбір зекетшілері тіпті бойжеткен аруларды қуалап нәпсінің жетегіне салынып кеткен соң қазақ қауымы жаппай көтеріліске шығуға бел буады. Шымкент өңірінде бұл ұлт-азаттық қозғалыстың басына Сапақ, Асқар секілді беделді датқалар, Жәбек би, Мәделіқожа, Мұсабек, Ырысқұлбек, Тәнен, Байбақ, Жақыпбек сынды батырлар тұрған. Көтеріліс барысында ашынған қазақ жігіттері Қоқан хандығының зекетшісі Мырзабиді жасақшыларымен қоса қырып салып, Түркістан қаласын алуға ұмтылады. Алайда олар бірнеше дүркін шабуыл жасап, қаланың қақпасын бұзып кірмек болғанымен іштегі зеңбіректер олардың басына оқ жаудырып бұл әрекеттерінен ештеңе өнбейді. Сөйтіп жүргендерінде Қоқан мен Ташкенттен шыққан Шабдан қожа, Мәллабек, Мырзаахмет бастаған ауыр әскер көтерілісшілер шоғырланған жерге бет алады. Бұдан хабардар болған, жеңіл-желпі қаруланған, арбалы зеңбіректерге төтеп бере алатын мұрсаты жоқ, оның үстіне артынан ерген кемпір-шалы, қатын-қалашы, бала-шағалары, жайылып жүрген малы бар қазақ сарбаздары амалсыздан жаппай көтеріліп орыстар орныққан Ақмешіттен де ары асып кетуге мәжбүр болады. Көп ұзамай кәпірлердің күшейіп кетуінен сескенген Қоқан ханы Құдияр көтеріліске шыққан қазақ руларына кеңшілік жасап, олардың кері, ескі қоныстарына қайтып көшіп келулеріне барын салады. Сол кезде дулат пен қоңырат руларының елшілері хан ордасына барып өздерінің неліктен қолдарына қару алып шыққандарын айтып беріп бітімге келмек болады. Міне осы кездесуде Мәделіқожаның есімін бүкіл елге паш еткен әйгілі «Қоқан ханына айтқаны» өлеңі дүниеге келеді. Сол жолы батырдың қасқайып тұрып айтқан уәжіне Құдияр хан ештеңе айта алмай, бұдан әрі көшпенді қазақ қауымына артық салық салмауға, олардың датқаларымен ақылдаса отырып билік жүргізуге уәде береді. Алайда ол кезде Қоқан хандығының өзі де көп ұзамай орыс отаршыларына бодан болатынын ешкім де білмеген еді…

Мырзаби оқиғасынан кейін бар-жоғы алты-ақ жыл өткен соң Ордабасы тауы Ресей қарамағына өтіп, Түркістан өңірін мекендеген күнгей қазақтары бұдан былай орыс ұлықтарының орнатқан тәртібіне сай өмір сүруге мәжбүрленеді. Ал бұл жаңа тәртіптің түбінде қазақтарды ру-руға бөліп бірін-біріне айдап салу мақсаты көзделген болатын. Мұны іске асыру үшін орыс әкімшілігі халыққа адал, ақысыз қызмет еткен бұрынғы билерді биліктен шеттетіп, олардың орнына болыстық сайлау жүйесін енгізеді. Соның салдарынан әрбір ру өзінің адамын билікке өткізбек мақсатында алдымен жиған малын сатып, дүниесін шашып сайлауда жеңіске жетіп, артынан параға берген, басқа да шығындарының орнын толтырып үстінен мол пайда көру жолында көрші отырған руларды талан-таражға ұшыратады. Осылай ел ішін рушылдық сана-сезім жайлап, қазақ баласының байырғы дүниетанымы улана бастады. Осының нәтижесінде 1726 және 1858 жылдары бүкіл қазақтың басын қосқан, ұрпақтары мақтан тұтарлық бірлігі мен ынтымағының шырқы бұзылып, біртіндеп желге ұша береді…

Мұның бірден-бір жарқын дәлелі ретінде Мәделіқожаның сол, орыс ұлықтары жаңа тәртіп орнатқан жылдары Қанай датқаға арнап шығарған өлеңін келтірсек, осының өзі-ақ жетіп жатыр. Ал бұл өлеңнің шығу тарихы мынадай болып келеді:

Түркістан өңірі орыс отаршыларының табанының астында қалып, жаңа әкімшілік орнаған соң Ресей жандайшаптарының жағына әлда-қашан өтіп кеткен жаппас руының беделді адамдары Кенесары ханның заманында, қайнағасына болысып оларға қарсы шыққан Мәделіқожадан (батырдың екінші әйелі Қалипа – Қасым ханның қызы) өшін қайтарып алуға барын салады. Батырдың үстінен қайта-қайта арыз жазып, дауласып, Мәделіқожаға құн төлетіп соңынан қалмайды. Сөйтіп ол сергелдең болып жүргенінде өзінің бірден-бір сенген адамы, нағашы жұртының тізгінін ұстаған Қанай датқа да жаппастар жағына сатылып кетіп желкесін көрсетеді. Бұл келеңсіз жағдай бірталай жылға созылып, оны тек Шымкент оязының көмекшісі Ахмет төре Кенесарин мен Түркістан оязының генерал-губернаторы фон Кауфманның қасында тілмаштық қызмет атқарған сұлтан Сейітжаппар Асфендияровтың тікелей араласуымен ғана біржолата тиылады.

Міне, сол жылдары Мәделіқожа батыр көңіліндегі бар шерін ақтарып Қанай датқаның арсыз істерін әшкерелеген өлеңін шығарады. Ел ішінде бұл шығарманың бірнеше нұсқасы сақталынып оларды кезінде белгілі ғалым Әсілхан Оспанұлы жариялап кеткен болатын. Бұлардың бәрі бір сарында жазылғанымен ішінде елеулі айырмашылықтары да кездесіп отырады. Кейбірі қысқа қайырылып, тағы біреулері ұзақ болып келеді. Ең көлемдісі 33 шумақты құрайды. Енді міне сол шығарманың тағы бір 32 шумақтан тұратын тағы бір нұсқасы табылды. Оны, бар ғұмыры Отырар ауылында өткен ақын Балтабай Тебейұлы жазып қалдырыпты. Ақынның қолжазбаларын «Руханият – Әбу Нәсір әл-Фараби» мұражайының директоры Абдулла Жұмашев ұрпақтарынан сұрап алып, зерттеп, араб әрпінен бүгінгі қазақ әліпбиіне аудартып, «Балтабай ақын»1 атты кітап етіп 2010 жылы Шымкент қаласында жариялапты. Алайда онда бұл өлең Балтабай Тебейұлының өзі қойған «Майлықожаның датқаға айтқаны» айдары астында басылып, Мәделіқожаның туған жиеніне телініп кетіпті. Осылай, ғасырдан астам уақыт тастап Майлықожа өзінің туған нағашысына тағы да бір «жиендігін» жасаған екен. Мен бұл өлеңнің алғашқы жолдарын оқи бастағаннан-ақ оның Мәделіқожаның Қанай датқаға айтылған өлеңінің тағы бір нұсқасы екенін түсініп, бірден көшіріп алған болатынмын. Содан бері қолым бір тигенде талдап жариялармын деп жүргенімде бақандай бес жыл өтіп кетіпті… Енді міне сол ағаттығымның орнын толтырудың реті келген секілді.

Осы жерде Балтабай ақын туралы да кеңірек баяндап өткенім дұрыс болар. Балтабай Тебейұлы 1892 жылы қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданының Отырар ауылында туылып, 1968 жылы сонда дүние салған. Руы – қоңыраттың ішіндегі божбан, соның итемген тармағы. Ақын ескіше хат таныған, Қажымұқанның жан жолдасы болған. 1931 жылдың наурызында «халық жауы» деген айыппен түрмеге түсіп, 1932 жылдың қазанында ақталып шыққан. Балтабай Тебейұлы қазақтың қыршын кеткен дарынды жазушысы Саттар Ерубаевтың жақын туысы – немере ағасы болып келеді. Жазушының әкесі Асқар ауылда старшын болған себепті Кеңес дәуірінде Саттардың (дұрысы Саттархан) үстінен қайта-қайта бай-шонжарлардың тұқымы деген арыздар түсе беріп, ол Алматыда оқуын жалғастыра алмайтын күйге ұшырайды. Сол кезде Балтабай көкесі оған «Асқаров» деген фамилиясы атасының есімімен «Ерубаев»2 деп өзгертілген жаңа құжат жаздыртып әкеліп, шет жерге, Ленинград қаласына оқуға аттандырып жібереді. Ақынның осы жүрекжұтты ісінің арқасында көп ұзамай қазақ әдебиетінің классикалық шығармасына айналған «Менің құрдастарым» романы дүниеге келеді.

Балтабай ақын

Ал енді осы біртуар азамат Балтабай Тебейұлы жазып алған Қанайға айтылған арыз-өлеңнің осы жаңа нұсқасы жайлы әңгімені әрі жалғастырайын. Бұл нұсқада өзгелеріне қарағанда бүгінге дейін беймәлім болып келген жайлардың бетін ашып алуға жағдай жасайтын біраз мәлімет бар болып шықты. Алайда олар туралы сөз қозғамас бұрын Мәделіқожаның өзінің тегіне қатысты тоқтап кетсем деймін.

Қожа әулетінің сейіт тобынан шыққан Мәделіқожаның өнері мен өмірін зерттеушілер оның анасы – Қойқан апаның қоңыраттың қызы, батырдың осы руға жиен болып келетінін жақсы біледі. Сол себепті батыр санаулы ғана, ер азаматтары көбінше шариғат қағидаларын уағыздауды, пірлік етуді күнкөріс көзіне айналдырған қожа әулетінен көзге көрінер қарулы топ шықпайтын болған соң, өзінің қалың нағашы жұрты – қоңыраттардың әскери қолбасшыларының біріне айналады. Өзі секілді жаужүрек Мұсабек, Тәнен, Байбақ секілді қоңыраттардың қайсар ұлдарына қосылып ел тыныштығын торуылдап, талай жорықтарға бас болып, қазақшалап айтсақ – нағашы жұртының сойылын соғып, батырлық өнерін шыңдайды. Сол кездері оның көрсеткен ерліктерінің ішінде шоқтығы ең биігі – Мырзабидің басы шабылған, оның соңына ерген қалшалардың көздері жойылған іске белсене араласқаны және соңынан Құдияр ханның алдына барып жасаған ерлігін қасқайып тұрып айтқаны болып табылады. Алайда уақыт озып қазақтың күні орысқа қараған заман орнаған соң, ойда жоқта, талай мәрте «аштықта жеген құйқаның дәмін» ұмытқан нағашысы Қанайдың ескі жауынан пара алып сатып кеткені батырдың жанына қатты батады. Сол кезде орыс ұлықтарына сүйенген жаппас старшындары Мәделіқожаның жағасына жармасса, Қанай датқа жиенінің етегінен тартып, шалып түсіріп, ескі жауына өз қолымен жығып беруге барғаны оны шындап есеңгіретіп жібереді. Бұл келеңсіз оқиғаның тамыры ілгеріде жатқанын жоғарыда түртіп айтып кеткен болатынмын. Ал енді соларға тереңірек қарастырып ақиқаттың бетін ашып кетсем деймін.

Қазақтың соңғы ұлы ханы Кенесары Қасымұлы орыс отаршыларымен атысып-шабысып жүрген заманда жаппастардың бір бөлігін басқаратын Алтыбай Көбеков пен зауряд хорунжий Жанғабыл Төлегенов дегендер оның жігіттерін қадірлі қонақ етіп күтіп, түн жарымда ұйқыға кеткендерінде 95-ін қырып салып, осы «ерліктеріне» орыс ұлықтарынан сүйінші алған жайы тарихтан белгілі. Сол жолы жалғыз Наурызбай батырдың ғана жұлдызы жанып аман қалса, Кенесарының сүйікті батыры Байтабын қазаға ұшырайды. Осының кегін қайтармақ болған қаһарлы хан жау жағына шыққан жаппас ауылдарын аямай қырып, мейірімсіз жазалауға кіріседі. Бұл оқиға 1844 жылы болған.3 Сол кездері Мәделіқожа жаужүрек қайнағасына болысып жаппастарды бір емес, екі шапқан деген сөз4 ел аузында сақталған.

Қоқан ханы Құдияр

Мұның арты, Кенесары қаза болған соң, алма-кезек барымтаға ауысады. Тіпті жаппастардың сойылын беліне байлаған алшынның Ер Шойын деген батыры Мәделіқожаның ауылын шауып, қарындасы Момынды алып кетеді. Оны қайтармақ болған батыр қарымта әрекетке барады. Сөйтіп бұл дау ұзақ жылдарға созылып, күнгей қазақтарының Қоқан езгісінен құтылып орысқа тұтылған заманда, жаңадан орныққан ұлықтарға арқа тіреген жаппас руының старшындарының бас көтеруімен жаңадан өршиді. Олар Мәделіқожаның үстінен қайта-қайта арыз түсіріп, кеткен құндарын барынша «семіртіп», аз үйлі қожаларды әбден тоздырып жібереді. Осы кезде Қанай датқа жаппастың даугерлерінен алған парасына масайып, қарсы жақтың сөзін сөйлеп шыға келеді. Мұнысын батыр:

Қудалап, Қанай істеп сұрқиялық,

Ісіңе қарабеттің жұрт ұялып,

Қашанда өз ұпайың түгелдейсің,

Пәреге үш жүз ділдә пұл шығарып, – деп әшкерелеп, нағашысының бұлайша құбылатынын күтпегендіктен ішдегі күйігін осы арыз-өлеңі арқылы сыртқа шығарады.

Ал енді Қанай датқаның бұрынғы жолдас-жоралық, туыстық жолынан оңай айнып, өзінің батыр жиенін жаппастарға шімірікпестен сатып жіберуін немен түсіндірсе болады? Оның жауабын ақынның осы өлеңінде ауызға алатын Сапақ пен Асқар датқалардың дүниеден озып кеткенімен, содан елдің тізгіні Қанай датқаның жалғыз өзінің қолында қалғанымен десек ақиқатты аяққа баспаймыз. Батырдың жанына әсіресе қоңыраттың шын бәйтерегі болған Сапақ датқадан айрылғаны ерекше батып, оны ол қайта-қайта ауызға алудан шаршамайды:

Айырып алар еді Сапақ болса,

Қайтейін қара күнім тайғақ болса,

Ағаңның бар қылғаны есімізде,

Шықпайды бұрын қоңырат айғақ болса…

 …Халқымның Сапақ датқа ағасындай,

Жесір менен жетімнің панасындай.

Ей, датқа! Мені неғып қамап кеттің,

Көрместен бір тоқтының баласындай?

 …Кетірдің байлар-жандар берекесін,

Ер Сапақ ел қып еді зорға жамап.

 …Басыма қиыншылық іс түскенде

Құтқарып Сапақ датқа ерлік етті.

Осы жерде бүкіл саналы ғұмырын күнгей ақындарының өнері мен өмір жолдарын зерттеуге арнаған белгілі әдебиетші Әсілхан Оспанұлының Сапақ пен Қанай датқаларға берген мінездемелерімен танысып шықсақ артық болмас деймін. Қоңыраттың бұл екі биі туралы ғалым өзінің 2005 жылы жарық көрген соңғы «Майлықожа» кітабында «Қанай датқа – қоңырат елінің байлар-жандар руының көбек атасынан шыққан белгілі би. Қоқан ханынан датқа атағын алған ол, Оңтүстік Қазақстан халқының 1857-1858 жылдары Қоқан хандығына қарсы ұлт-азаттық көтерілісін басуға атсалысқан. Кейін Ресей қызметінде болған»5 және «Сапақ – қоңырат елінің байлар-жандар тобының адамы. Қоқан ханынан датқа атағын алғанына қарамастан хандыққа қарсы халық қозғалысын қолдаған»5 деп жазып кетіпті. Бұл мәліметтер Мәделіқожаның «Қанайға» атты өлеңінің мына соңғы нұсқасындағы осы екі датқа жайлы айтқандарымен толық үйлеседі және басқадай кері пікір тудырмайды.

Бұл өлеңнің тағы бір ерекшелігі – батырдың өзінің нағашы жұртына жасаған ерліктерінің зая кеткеніне, қайырымы болмағанына жанының күйгенін, арының күйзелгенін көрсетеді. Мысалы, өлеңнің басқа нұсқаларында ара-кідік ұшырасатын «Сен қоңыраттың баласын қорғаймын деп, Сауыт жыртып оқ тиді қарынымнан», «Қоңыраттың бозбаласын бермеймін» – деп», «Жауымен көк ұлының ұрысқанда», «Қоңыраттан кісі өлтірген жерім бар ма?!» секілді өкпе-назға толы сөздері соңғы нұсқада нағыз өзегін өртеген жазылмас жараға айналады. Себебі, Қанайдан көрген қорлығына куә болған, кезінде үзеңгілес болып жауға бірге шапқан, шетінен сен тұр, мен атайын деген нағыз жүрек жұтқан батыр достары – Мұсабек, Тәнен, Байбақ, Иманберділердің өз руласының жағына ашық шықпаса да, Мәделіқожадан шеттеп кеткендері аңғарылады. Әрине, олардың кейбірі бұл кездері бақилық болып кетуі де мүмкін, алайда ақынның осы дауға қатысты Тәненге шағынған өлеңінің бізге жетуі, Сапақ датқаның баласы Иманбердінің сол кездері көзі тірі болғанын анықтап беретін бірнеше құжаттың сақталуы, кемінде осы екеуінің ол кезде аман-сау жүргенін көрсетеді. Әсіресе, Майлықожа ақынның Иманберді мен Мәделіқожа екеуінің арасындағы әрі достық, әрі құдалық ара-қатынастары жөнінде:

Иманберді, Мәделі – егіз қозы секілді,

Жарасушы едің қатарың,

 …Әрі құда, әрі дос,

Ықылас көңілің бір едің»,

… Иманберді, Мәделі – жарасып туған ұл едің»7 – сынды сөздерін есімізге алсақ, батырдың көңілінің қалай күйрегенін тереңінен ұғамыз.

Сөз орайы келген соң Майлықожа ақынның Иманберді датқаны кезінде мақтай да, даттай білгенін айтып кеткенім абзал. Мұнысы қазақтың «Жау күлдіріп айтады, Дос жылатып айтады» деген терең мағыналы сөзіне сай келеді. Мысалы, ақын кезінде өзі «қараның ханына» теңеген Иманбердіні де ағат кеткен жерінде ел алдындағы беделіне жараспайтын ісін өзінің «Келмес пе едің?» деген өлеңінде бетіне басады. Онысы өзі ұзақ уақыт ауырып жатқанында таудың да, даланың да қазағы, оның ішінде дулаты бар, қоңыраты бар дегендей, бүкіл ел жақсыларының бірі қалмай көңілін сұрап келіп-кеткенін, тіпті Тәшкенттегі генерал-губернатордың көмекшісі, «ояз» боп тұрған атақты Сейітжаппар төренің (Санжар Асфендияровтың әкесі) арнайы ат басын бұрып келгенін баяндап, мына қоңсы отырған сен келмедің деп, басқа да жараспайтын осал кеткен тұстарын тізіп өтіп, оның ішінде «Сараңдығың белгілі бұрыннан-ақ, Сапақты орап көмгенсің қамыспенен» деп әкесін соңғы сапарға қалай шығарып салғанына шейін ақтарып шығады. Бір қызығы, ақын осы өлеңінде Мәделіқожаның басын сергелдеңге салған Қанай датқаның да болымсыз баласы жайлы «Сен құсап оқырайып келмей кетті, Баласы кеше жүрген Қанайыңның»8 деп айтып кетуді дұрыс деп санапты. Алайда Майлықожа қаншалықты ашынып, шаншып тиіссе де сөзінің арасында Иманбердінің шын адамгершілік қасиеттерін жоққа шығармай:

Әлімнен алты ай жаттым, хабар алмай,

Сан қылған жақсылығың кетті селге, – деп, тек осы бір жолы оның ата жолдан тайғанын ел тізгінін ұстаған болысқа болашақта сабақ болсын деген ниетпен айтып өтеді.9

Ал енді сөзді Мәделіқожаның нағашы жұртына шамданып Қанай датқаға ашуланып айтқан сөздерімен жалғастырар болсақ, онда батыр:

  Қорғаумен Қоңырат елін кірдім отқа,

Болмаған соң Қоқаннан елге тыныш.

 

…Қоңыратты жауға бермей қойдай қоршап,

 

…Қоңыратқа үлкен олжа алып бердім,

Ұрысып бес жүз кісі Ағыбаймен.

 

… Датқа-еке, Қоңыратты жоқтаймын деп,

Өткіздім қиыншылық талай бастан.

 

… Қанай деп шабуылмен өтті жасым,

 

… Қоңыраттан кісі өлтірген жерім бар ма?

Датқа-еке, естіп пе едің, жүзің суық.

 

… Ағыбай Арғын шапты Қоңырат елін,

Талқандап Қаратаудың талай жерін,

Шыдамай бес жүз қойын Ағыбайға

Қоңыраттың көрмеп пе едің төлегенін?

 

Сіз үшін басты өлімге талай тіктік,

Жалған жоқ, қиындықтың бәрін көрдік,

 

… Жаныңа ара түсіп жүрмеп пе едім,

Жеріңде амал таппай, неше сасқан?

 

… Сондағы мен емес пе ем атқа мінген,

Көктің ұлы, Көтеншіге қайрат берген!

Жалтақтап жалпы Қоңырат жан-жағына,

Шыға алмай қалмап па едің ердей өзің?

 

Кенжехан, Уәлихандар қабат тұрып,

Сіздерден алдық бата бетті бұрып.

Қасыма қырық жігіт қосып бердің,

Қалып ең шулап-жылап бәрің түгел! – деген сөздерді ашына айтып кетеді.

Осы жерде ауызға алып кететін тағы бір нәрсе бар. Ол мына соңғы шумақтағы аттары аталған Мәделіқожаның екі бірдей ет бауыры – Кенжехан мен Уәлихан туралы болмақ. Бұған дейін бұл інілері жайлы, әсіресе Кенжеханы турасында, батырдың Ағыбаймен найза тірескеніне қатысты әңгімелерде қара сөзбен болса да бірауыз айтылып жүрсе, Уәлиханның есімі тек Майлықожаның Мәделіқожа нағашысының қартайып, кесел қыса бастаған шағында көңілін сұрап келгендегі өлеңіндегі:

Қабырғаңның сүйеуі –

Уәліхан еді қалаңыз,

Қасыңнан қалаң кеткен соң

Болыпты қатты налаңыз» деген жолдарда ғана ұшырасатын. Енді болса ол қос батырдың есімдері мен жасаған ерліктері ұрпақтарының мақтана айтып жүретіндей үлгіде – Мәделіқожа ақынның өз аузынан шығып отыр. Бұл расында да қуанарлық жай және нағыз тың мәліметтердің қатарына жататын дерек.

Сөз соңына тағы бір ашып айтып кететін мәселе, ол соңғы жылдары етек алған 1858 жылғы күнгей қазақтарының жұмылып бастаған ұлт-азаттық көтеріліс барысында Қоқанның зекетшісі Мырзабидің өліміне байланысты Мәделіқожаға кейбір зерттеушілердің беріп жүрген бағасы. Олардың пайымдауынша батыр өзінің шыққан тегіне сай сол көтерілістің рухани басшысы ғана болды деп келіп, Мұсабек батырды бас қолбасшы етіп көрсетуге барынша тырысып бағады. Алайда бұл ақиқатқа тіпті де сай келмейді. Себебі бізге жеткен тарихи құжаттардың бірінде де көтеріліске бұл батыр, немес басқа біреу қолбасшылық етті деген нақты дерек жоқ. Ал енді бүгінгі әуесқой зерттеушілеріміздің қайта-қайта сілтеме жасайтын Т. Отарбаевтың «Мырзаби оқиғасы» атты жазбасына келетін болсақ ол жөнінде автордың өзі «көркем әңгіме», яғни қиялдан туған деп жазып кеткенін тіпті де ауыздарына алғылары келмейді. Сонымен қатар бұл шығармамен қосарлана аталатын Ә. Жылқышиевтың жазбасы да таза әдеби шығарма екені құпия емес. Бір қызығы тарих қойнауын ақтарудан жалықпайтын бұл авторлар басты дәлел ретінде оқырман алдына тартатын Майлықожаның «Қараның өтті хандары» толғауындағы Мұсабекке қатысты:

Сар даланы шаң қылған,

Қоқаннан олжа мал қылған,

Мырзабиді өлтіріп

Батырлығын даң қылған,

Мұсабек батыр жандардан, – деген жолдарын да бұрмалап береді. Себебі бұл «сілтеме» өлең жолдары біртұтас келетін сөйлемнің «қиып» алған бөлігі ғана, ал оны толық берсе аталмыш шумақ мынадай болып келеді:

Дәуренбек бимен шаншысып,

Үй ара жау боп аңдысып

Мұсабек өтті жандардан,

Сар даланы шаң қылған,

Қоқаннан олжа мал қылған,

Мырзабиді өлтіріп

Батырлығын даң қылған,

Мұсабек батыр жандардан,

Құлшығашта ер Тәнен,

Байбақ өтті алғидан…

Байқасаңыздар бұл жерде Мұсабек жаумен де, ағайынмен де (Дәуренбек би де қоңыраттың баласы) соғысып өткен батыр болғаны бір бөлек, Мырзабиді жалғыз өзі емес, ер Тәнен мен Байбақ та өлтірген болып шығады. Бір қызығы үшеуі де қоңыраттың балалары екен, алайда бұл батырлардың атқарған еңбегін дәріптеу ешкімнің де ойына келмейді. Қызықтырмайды. Соған қарағанда олар әсте «тоқалдан туған» болса керек. Ал оның есесіне, Момбек Әбдәкімұлы деген жазушы өзінің «Мырзабиді өлтірген кім? – немесе тарихи тұлғалардың шынайы белгісі неге бұрмаланады?» атты мақаласында Мәделіқожаның қадірін түсіру мақсатында батырдың «Қоқанға ханына айтқаны» өлеңін ханға емес оның қарашасына – құсбегі Мырзахметке айтқан етіп көрсетеді. Сол сөзі арқылы Мәделіқожаның Құдияр ханды қатардағы көп бектен ажыра алмаған, «мақтаншақ» етіп көрсетуге тырысып, оның ел алдындағы бедел-дәрежесін жайлап, сездірместен, білдірместен төмендетуге тырысып бағады… Ал ол жазушының мақаласының өзегін құрайтын бір-ақ нәрсе, ол «тағы да айтамыз, Мырзабиді өлтірген Мұсабек батыр екені хақ» деген баяғы таластың тат басқан сарыны. Осы секілді әрекеттерден мұндай зерттеушілердің нені көздеп, нендей мақсатқа жеткісі келіп, неліктен кенеттен қалам тербей шыға келгенін түсіну қиынға соқпайды. Себебі олардың бар көксейтіні – тек тиянақты біреулердің ғана бабасын басқа батырлардан оқ алды оздырып қазақ тарихына енгізу болып табылады. Ал бұл әрекеттері өз кезегінде нағыз рушылдық сана-сезімнің бірден-бір көрінісі екендігін олар тіпті де қаперіне алмайды.

Шындап келсенде – 1858 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың басшысы ретінде тек қазақтардың Түркістан қаласын қоршап алғанында Әлекен (Аликен Карабышев) деген төренің10 хан сайлағаны жайлы ғана деректер сақталған. Мұның үстіне қолында талай адамның қаны бар Мәделіқожаны шыққан тегіне сай көтерілістің рухани басшысы – пірі болды деп айту тіпті де көңілге қонбайды. Қазақ қауымында адам өлтірген кісінің артынан молда деп намазға тұруы мүмкін емес. Бұл халық ұғымына қарама-қайшы келеді. Ал Мәделіқожаның қылышынан қан тамған нағыз батыр болғанын осы «Қанай датқаға» деген шығарманың соңғы нұсқасынан келтірілген өлең жолдарынан-ақ оңай байқаймыз. Әйтпесе, қоңыраттардың малын қайтарғанда ол жаужүрек батыр болып шығып, ал енді Мырзабилерді Қотырбұлақ басында қойдай қырғанда төбесіне құран көтерген молда болып кетуі тіпті де адам күлетін көрініске жатады. Ашып айтсам Мұсабекті, не басқа бір батырды үйтіп-бүйтіп 1858 жылғы көтерілістің қолбасшысы ету нағыз өткен тарихымызды қолдан пішу болып табылады. Ұзын сөздің қысқасы, бүгінгі ізденушілерге бар айтарым – рулық сана-сезімнің жетегінде кете бермей, онсызда көбінше ауыз әдебиетімізге арқа сүйеген тарихымызды еншілей берместен, бір батырды төрге шығарып, бір батырды көрге апарып жатпастан, елдің бірлігін көрсететін «Болар елдің баласы – бірін-бірі батыр дейді, Болмас елдің баласы – бірін бірі қатын дейді» сияқты қағидалы сөздерді барынша бетке ұстауға тырысып баққанымыз дұрыс болар.

«Ауыз әдебиетімізге арқа сүйеген» дегенім жоғарыда Мырзабидің өліміне қатысты өлеңдер мен аңыз-әңгімелерде аттары аталған Мұсабегі болсын, Тәнені болсын, Байбағы болсын, Тәңірберген Отарбаевтан басқа ешкім аузына алмайтын құлшығаш Жаманғарасы болсын, Қысыраубек Амантаевтың қолжазбаларында11 аты аталатын қыпшақ Керімбегі болсын, тіпті алғаш рет Мәделіқожаның осы өлеңінің арқасында көпшілікке белгілі болып отырған Кенжеханы мен Уәлиханы болсын, барлығының да асыл есімдері ел аузында сақталып қалғаны осы Балтабай Тебейұлы секілді көкірегі ашық ақындарымыздың дер кезінде түсіріп алған өлең сөздерінің арқасында ғана тарихымызға еніп отырғаны өтірік емес. Оның өзінде де көбісінің жасаған ерлік істері емес, құр ғана аттары аталғанына шүкіршілік етуіміз керек.

Әсілхан Оспанұлы мен Тұрсынәлі Айнабекұлы

Сөз соңына

Оңтүстік Қазақстан өңірінің белгілі ақындары, олардың ішінде қоңырат руынан шыққан Құлыншақ, Молда Мұса, Ергөбек сынды сөз шеберлерін кезінде менің әкем, ғалым Әсілхан Оспанұлы жан-жақты зерттеп, шығармаларын жеке-жеке кітап етіп шығарып кеткенін зиялы қауым жақсы біледі. Бүгіндері әкемнің дүниеден өткеніне тура 15 жыл болыпты. Осы уақыт ішінде ақпарат көздерінде Мырзабидің өлімі төңірегінде бірнеше рет мақала жарияланып, оның кім өлтіргеніне қатысты талас (шынын айтқанда тек қоңыраттың Мұсабек батыры жеке өзі басын шапқанын тайға таңба басқандай дәлелдеу науқаны) әлі де өз жалғасын табуда. Осыған орай менің бір нәрсеге таңым бар – осы 15 жыл ішінде қоңыраттың бірде-бір зиялы азаматы жоғарыда есімдері аталған үш ақынның мұрасын іздеп біздің үйге ат басын бұрған емес… Сонда кісі өлтіргендерді көкке көтеріп, ал адамға адамгершілік қасиетті дарытатын рухани мұраның ешкімді де қызықтырмағаны ма?

Осы мәселе төңірегінде көбірек ойланғанымыз жөн секілді, достар.

____________________________________________________________________________________________

1 «Балтабай ақын», Шығармалары мен қолжазбалары. Шымкент, «Кітап». 2010, 233-238 беттер

2 Ә. Шілтерханов. Шығармалары, ІІ-том. Зерттеулер мен мақалалар, Шымкент. «Ордабасы» баспасы, 2007. 178-бет

3 Қазақ ССР-ы тарихының І томы, 340-бет

4 Ә. Шілтерханов. Шығармалары, ІІ-том. Зерттеулер мен мақалалар, Шымкент. «Ордабасы» баспасы, 2007. 58-бет

«Майлықожа», Шығармалар. Оспанұлы Ә. Алматы, 2005. 831-бет

Сонда. 834-бет

7 Сонда. 98-99 беттер

8 Сонда. 575-бет

9 Сонда. 574-бет

10 Т.К. Бейсембиев «Кокандская историография». Исследование по источниковедению Средней Азии ХVІІІ-ХІХ веков. Алматы: ТОО «Print-S», 2009. 274-бет.

11 Қазыналы Оңтүстік «Түркістан кітапханасы», 72 томы – Мәделіқожа Жүсіпқожаұлы. Шығармалары. «Нұрлы әлем». Алматы, 2012. 291-292 беттер

 

Ералы Әсілханұлы ОСПАНОВ

 суретші, Шымкент қаласы

Сондай-ақ, оқыңыз

Мұхамеджан – Қарамолда атылды ма?

Қазақтың «Тектіден текті туа­ды, тек­тілік тұқым қуады» – деген мақалы бекер айтылмаған. Оны биыл тірі …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған