Басқы бет / Жарық нұрдың сәулесі / Ілгеріде өткен жақсылар / Манап Өтебаев – жетімді жебеген жан

Манап Өтебаев – жетімді жебеген жан

2018 жылы 14 көкек күні Оңтүстік Қазақстан өңірінің тумасы, белгілі қоғам қайраткері, марқұм Манап Өтебаевтың туғанына 80 жыл толуына орай Шымкент қаласында, өзі 29 жыл бойы басшылық еткен Шымкент гидромелиоративтік-құрылыс техникумында (қазіргі Жоғарғы жаңа технологиялар колледжі) оны еске алу шаралары өткізілді. Көптеген қала тұрғындары мен арнайы шақырылған жиын Манап ағаның мүсіні сомдалған ескерткіштің ашылу салтанатымен басталып, «Манап Өтебаев – 80 жыл» атты тарихи-танымдық халықаралық конференцияға ұласты. Конференция соңынан Манап Өтебаевтың әруағына бағышталған ас беріліп, құран бағышталды.

Манап аға туралы, ол кісінің имандылығын ауызға алған, ақыл-парасатына баға берген, жасаған игілікті істері жайлы әлі де көптеген естеліктер, басқа да түрлі мақалалар жазылар деп ойлап, төменде оның өмірбаянына қысқаша шолу жасап өтсем деймін.

Манап Өтебаев 1938 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданы, «Красный Восток» колхозында дүниеге келді. 1955 жылы Сарыағаш ауданындағы Лермонтов атындағы орта мектепте білім алды. 1960 жылы Ташкент қаласындағы Орта Азия мемлекеттік университетінің химия факультетін бітіріп, еңбек жолын Ташкент облысы, Сырдария ауданында №43 орта мектепте химия пәнінің мұғалімі болып бастады. 1961-1969 жылдары Шымкент политехникумында химия пәнінің оқытушысы бола жүріп, техникумның комсомол ұйымының хатшысы қызметін атқарады. Қажырлы еңбек пен қайтпас ізденімпаздығының арқасында ол техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарының біріне басшылық қызметіне көтеріледі. Көп ұзамай Манап аға басшылық еткен оқу орыны облысқа ғана емес, республика деңгейіне де танымал болады.

Манап Өтебаев 1969-1975 жылдары Шымкент гидромелиоративтік-құрылыс техникумы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, 1975 жылдан директоры болып, ал 1994 жылы оқу орнының атауы «Шымкент экономика және құқық колледжі» болып өзгергеннен бастап өмірінің соңына дейін оның бас директоры қызметтерін үлкен абыроймен атқарады. Оның тек қана оқу орнында ғана емес облыстың бірнеше саласына да сіңірген еңбегі ерен. Мұның айғағы – 35 жылдай өзі жетекшілік еткен колледжді облысқа ғана емес, Республикадағы техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарының арасынан көшбасшысына айналдыра алғаны. Облыс тұрғындары Манап ағадай үлкен жүректі құрметті азамат екенін ескеріп осы оқу орынын, ол кісінің көзі тірісінде де, қазіргі күні де «Манап Өтебаев колледжі» деп атап келеді.

Манап Өтебаев 1979 жылы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын «Гидромелиорация» мамандығы бойынша сырттай бітіріп шықты. 1997 жылы «Оңтүстік Қазақстандағы суармалы жерлерді қолданудың экономикалық тиімділігі» тақырыбы бойынша кандидаттық диссертациясын қорғап, экономика ғылымының кандидаты атағын алды.

Манап ағаның халық шаруашылығы үшін маман дайындаудағы ерен еңбегі мен білім саласындағы жетістіктері мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, ол «Құрмет Белгісі», «Парасат» ордендері, «Тың жерлерді игергені үшін», «Астана» медальдарымен марапатталған және «Қазақстан Республикасы орта арнаулы білім беру ісінің үздігі» және «Қазақстандағы білім беру саласының еңбек сіңірген қызметкері» атағын берілді.

Манап Өтебаевтың тікелей ұйымдастыруымен 1976 жылы техникум жанынан құрылған «Мелиоратор» футбол командасы КСРО-ның ІІ лигасында ойнап, еліміздің намысын қорғады.

1991 жылы Қазақстан тәуелсіз алып, сол жылдары үлкен әлеуметтік дағдарысқа ұшыраған кезде, Манап аға Шымкенттегі Орталық стадионды колледждің балансына алып, халық игілігі үшін сақтап қалып, спорт саласына қамқорлық жасағанын облыс халқы әлі ұмыта қойған жоқ.

Манап Өтебаев салауатты өмірдің насихатшысы ретінде жастар арасында спорт және қоғамдық денетәрбиесі жүйесін қалыптастырып, көптеген іс-шаралардың ұйытқысы бола білді. Осы қызметтері бағаланып, оған «Қазақстан Республикасында денешынықтыру және спортты дамытудағы еңбегі үшін» медалі тапсырылды.

1995 жылы 14 сәуір күні Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысына іссапармен келгенде Манап Өтебаев басқаратын колледжге арнайы келіп, ұжымның жұмысына жоғары баға берген болатын. Сол жолы Білім беру қызметкерлерінің республикалық кеңесінде сөйлеген сөзінде Президент барлық орта арнаулы және жоғары оқу орындарының басшыларын, мектеп директорларын осы оқу орынының іс-тәжірибесімен танысып, жұмыс істеу принципін үлгі етіп алуға шақырғаны белгілі.

Манап аға екі мәрте облыстық мәслихаттың депутаты болып, облыс тұрғындары мен сайлаушыларының әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуде де бар күш-жігерін жұмсады.

Манап Өтебаевтың меценаттығы, оқу орынының басшысы және азамат ретінде жасаған қайырымдылық іс-шаралары оның өмірінде ерекше орын алды. Колледж ұжымының қамқорлығында облыстың 5 бірдей жетімхана – балалар үйі болды. Манап аға осы балалар үйінің тәрбиелен жастар болашақта мамандық алу үшін колледжде оқуына барынша мүмкіндік жасады. Ол өзінің жеке қаржысы есебінен №3 балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан ұл балаларға жыл сайын сүндет тойын өткізіп отырды, әрі 7 жетім баланың өкіл әкесі атанып, осы балалардың барлығына да банктен жеке есепшот ашып беріп жеке табысымен бөлісіп тұрды.

Манап Өтебаев еліміздегі түрлі қайырымдылық іс-шаралардың ұйымдастырушысы әрі демеушісі ретінде бүкіл республикаға кеңінен танылып, 1999 жылы ЮНЕСКО тарапынан жоғары бағаланып, осы Халықаралық ұйымының «Алтын медалімен» марапатталды.

Манап аға – Шымкент, Түркістан, Арыс қалалары мен Ордабасы, Отырар, Сарыағаш аудандарының «Құрметті азаматы».

Бір сөзбен айтқанда, ол оқу-тәрбие ісінде өзіндік қолтаңбасы арқылы Шымкентте «Манап мектебін» қалыптастырған абзал да құрметті азамат бола білді. Қазақ «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дейді. Манап аға артында том-том кітап қалдырмаса да, ел аңыз етіп айтатындай өлмес істері қалды. Соның бірден-бір дәлелі Қазақстан Республикасы Үкіметінің №162 2017 жылғы 3 сәуірдегі қаулысымен «Жоғары жаңа технология колледжіне», өзі 35 жылға жуық басқарған колледжге – Манап Өтебаевтың есімі берілді. Бұл Манап ағамызға мемлекет тарапынан көрсетілген, халық қуана қабылдаған ерекше құрмет деп қабылдаймыз.

Манап Өтебаев – өзі өмір сүрген ортада дара тұлғаға айналған, жұлдызы жарық, біртуар қазақтың азаматы болатын. Мәкеңді облыс өңірінде, қала берді республика көлемінде танымайтын адам кемде-кем шығар. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген қазақ халқының дана сөзі нақты осы Манап ағаға қатысты айтылған десе, көпшілік мұны ойланбастан қабылдар еді деп ойлаймын.

Манап аға болашаққа, яғни Қазақстанның тарихына жаңаша көзқараспен қарайтын азамат болған күйінде 2004 жылы дүниеден озды. Оның білімге, ғылымға құштарлығы, Отанға деген сүйіспеншілігі, туған елім деп аянбай қызмет етуі, ұлтшылдығы мен ұлтжандығы, діл мен дінді ерекше әспеттеуі, өн бойындағы ерекше рухы – болашақ ұрпақ өкілдеріне мәңгілік үлгі, жан азығы бола береді.

Әбдікәрім ӨМІР

 

Бір ауыз естелік

Манап Өтебаевның жеке демеушілігімен 1993 жылы ғалым Әсілхан Оспанұлының өмірбойы жинап, зерттеп, зерделеп жазып шыққан еңбектері – Майлықожаның «Нақылият», «Дүние-ай», «Қара сөз», «Тымсал», «Әмір-Әмзе» кітаптары жарыққа шықса, 1995 жылы атақты ақынның ұмыт болуға шақ қалған моласының үстіне кесене тұрғызылды. Бірнеше жылдан кейін Манап аға Шымкент қаласының төрінде ақиық ақынға ескерткіш орнатуды да қолға алған болатын, алайда бұл ойын жүзеге асыра алмай кетті.

Асыл ағамызды есіме алғанда мына бір оқиға ойыма орала береді.

Манап Өтебаев қайтыс болды деген суық хабар жетіп, ертеңіне онымен қоштасуға колледжге бара жатсам, қызыл жанған бағдаршамға қарамай машиналар жүйткіген үлкен жолды, көз жасын тия алмай, жыламсыраған күйде кесіп өтіп келе жатқан таныс дизайнер жігітті көріп қалғаным. Содан онымен жанасып Манап аға жайлы жылы сөздерімді аузыма бергенім сол еді, ол: «Енді біздің күніміз не болады екен, жаңа басшы біз секілді жетімдерді жатақханадан қуып шығады ғой» деп жанайғайын айтып, ағыл-тегіл жылап жібергені… Мен құдайды ауызға алып жұбатқан болдым, бірақ мұным оған қайбір тіреніш болсын. Кейін білдім – әлгі жігіт жетімханада туған інісімен бірге өсіп, сүндетке отырып, Манап Өтебаевтың арқасында оқу бітіріп, колледждің жатақханасында тұрады екен. Айтқанындай, жаңа басшы келген соң олардың барлығы жан-жаққа тарап кетті…

Ералы ОСПАНОВ

 

 

Сондай-ақ, оқыңыз

Құттықожаұлы Әбсаттар

Бәйменқожа ұрпағы Құттықожаұлы Әбсаттардың  өзінің басынан  өткендерін былайша еске алады: «Бір күні ішкілікке салынған  Сейсен …

2 Пікір

  1. Шортанбайдың шын аты кім?

    • Астана қаласының тұрғыны, белгілі қоғам қайраткері Қабылсаят Әбішевтің қолында сақталынған жыраудан қалған тұмар-дұғада: «Үшбу (тұмар) дұға Жұманға мүбәрак болсын. Дұғамызды Алла қабыл қылсын. Бұл дүнияда аман қылсын, Ахиретте иман үшін. Мұны жазғушы – Ғали қожа. Оқы¬ғандардан иман дұға үшін. Шын атым Молла Ғали Мұхаммед» деп жазылған.

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған