Ғалымның хаты

Мырзаби оқиғасы және Асқарқожа

Мәделінің қоқан хандығына қарсы күресінің үлкен бір белесі Мырзаби оқиғасына байланысты. Ол кезде  қазіргі  Оңтүстік Қазақстан облысы өңірін Ташкент бегі Мырзахмет басқарды.  Оның зұлымдығында, қаталдығында шек болмады.  Ол туралы Шоқан Уәлихановтың еңбектерінде де бірқос жақсы баяндалған.  Мырзаби – Мырзахметтің інісі әрі Түркістан-Шымкент өңірінің бас зекетшісі.  Ол мал-жанды былай қойып, тәуір қыздардан да зекет алып отырған. Қыздардың кейбіреуін Құдияр ханға жөнелтсе, көбін өз  төсегінен кері қайтарып отырған. Бұл бассыздық ел намысына тиіп, көптеген жігіттің қолына қару  алып, атқа мінуіне себеп болған.

Бір жазда зекетшілер қоңыраттардың белгілі адамы Сапақ бидің ауылына келіп, мал-жанның есебін алып жүргенде, бидің қызы Айымсұлудың еркекше киініп, жылқы қайырып жүргенін көріп қалады.  «Қызыңды зекеттен жасырып, еркекше киіндіріп  қойыпсың, ханның сенген адамы – сендер бүйткенде, қалған қазақ не істемейді?! Мырзаби келгенде, қызыңды алдына өзің алып барасың. Алып бармасаң, біздің ісіміз сенімен болады» -деп нығыздап кетеді.

Зекетшілер кеткен соң, қыздың шешесі: «Әулетімізде қарындасын нәпсіқұмар сарттан айырып алар ұл жоқ екен-ау» деп, зарлап жылағанын есіткен Сапақ бидің інісі Мұсабек батыр Мырзабидің өлтіруге ант ішкен деседі көнекөз қариялар.

Мұсабек арнайы келіп, әрі құрдас, әрі сырлас (арасы бір-ақ жас) Мәделіге ойын айтады. Қоқан хандығымен бұрыннан  ұрыс жағдайында жүрген Мәделі ел намысының оянып, шыдамның шегіне жеткенін жақсы түсінеді. «Кемі қырық-елу сарбазбен жүретін Мырзабиді жекелеп өлтіре алмаймыз. Ал, оның жасағымен түгел құрту үшін қосымша күш керек. Ең қиыны – бұл істің арты. Ташкент бегі Мырзахмет інісінің құнын малдай алса бір сара, «қанға-қан» деп жазықсыз талай момынның қанын төксе қайтеміз? Бұл істі ел басшысы Асқарқожамен ақылдасайық» дейді.

Асқарқожа  қоңырат елінің басшылары: Қанай, Сапақты  және дулаттардың елбасшыларын, Төлеби ұрпақтарынан бірнеше адамды  кеңеске шақыртады. Сіргелі, қоңырат, қожа және дулат елінің  игі жақсылары Мырзабидің сарбаздарымен түгел жойып жіберуге Мәделінің үйінде шешім қабылдап,  Асқарқожа бата  береді.  Әңгіме үкімді орындайтын жерге тірелгенде,  қоңырат жағы да дулат жағы да  Мырзабидің өз ауылдарында өлтіруге келіспейді.  Тас түскен жерге ауыр.  Қоқан ханы ең алдымен Мырзаби өлген жердің ауылын шабады.   Жазықсыз көптеген жан қырылып кетуі мүмкін деп қорықты.  Жиналған топ салмақты Асқарқожаның өзіне салады. «Мәделі, Кенжехан, Уәліхандай батыр інілерің бар, оның үстіне құн төлетер, онда біз де қарап қалмаспыз. Пайғамбар әулеті деп сендерге қол жұмсауға ханның батылы бармас» деген уәжді алға тартады.

Асқарқожа ол уәжге тұрады. Баласы Жәбекби мен Мәделіге «Үкім осы қожа ауылында орындалсын» деп кесіп айтады. Өзі бәленің алдын алғандай боламын ба деген үмітпен, көп ұзамай Ташкентке аттанады.  Оқиғаның жалғасы Мәделінің өз өлеңінде жақсы айтылған.

Қара ағашты Ташкенттен

Мырзаби деген бек шықты,

Екі иінін жеп шықты,

«Қатын менен қызыңнан

Зекет бергін» деп шықты.

Ордабасы басында,

Қотырбұлақ қасында.

Жер астынан жік шықты.

Қаһарын шашып халыққа,

Екі құлағы тік шықты.

Оның қылған ісіне

Ел денесі түршікті.

Желкеге шашын түйгізіп,

Еркекше киім кигізіп,

Жасырып қыз бен әйелін,

Көшпелі беттеп ел шықты.

Көштің бетін қайырып,

Ақ білек ару қыздарды

Ата-анадан айырып,

Көзінен жасын ыршытты.

Шамадан асып кеткен соң,

Зұлымдығы өткен соң,

Ел намысын қорғайтын

Қазақтан да ұл шықты.

Қыран құстай түйіліп,

Жеңсіз сауыт киініп,

Әруағына сыйынып,

Мәделі батыр сайланып,

Қожа ішінен бұл шықты.

Халықтың қамын ойланып,

Беліне жарақ байланып,

Орта жүзде Қоңыраттан

Мұсабек деген ер шықты.

Аққан судай сарқырап,

Алтынды тоны жалтырап,

Ұлы жүздің данасы,

Ер Шоңайдың баласы –

Рысқұлбек келді жарқырап.

Ақбұлақтың басында,

Қарабастау қасында

Үш елдің ері бас қосып,

Үкімім айтқан халыққа ұнап,

Қоқанның бейбас бектері

Жәбек бидің үйінде

Қымызға тойып балқып ап,

Қазы менен қарта жеп,

Отырған сәтте шалқып-ақ,

«Асқанға – тосқан» осы деп,

Бектердің басын кескенбіз,

Шариғаттың шарты ұнап.
Оқиғаның ізін суытпай жазған мәделінің бұл өлеңі – Мырзаби оқиғасының шежіресі іспетті нақты тарихи дерек. Халық жадында да оның кейбір көріністері сақталып қалған.

Сарбаздарын әр үйге бөліп орналастырып: «Кешке Сапақ бидің қызы «Айымсұлуды алдырайық» деп Мырзаби Жәбек бидің үйіне жеке түсіреді.  Мәделі өлеңінде айтылғандай, қымыз ұсынып, қазы-қарта асып, ет беріп жақсылып күтеді.Мырзабидің бір жағында Мәделі, екінші жағында Мұсабек  отырады. Белгіленген уақытта Мырзабидің серіктері жаппай көтеріле бастағанда, абыр-сабыр, оқыс дауыстардан секем алып, орынынан  тұра берген Мырзабидің екі батыр екі иығынан басып, қайта отырғызады.  Сол кезде Мәделі сапысын Мырзабидің бүйіріне сүңгітіп жібереді, өкіре қисайған бектің басын Мұсабек жерге домалатып түсіреді.  Ал бектің  қырық-елу сарбаздары түгел өлтіріледі. Тек біреуі жүйрік атқа мініп, абыр-сабырда  құтылып кетеді. Ертеңіне ол Ташкент бегіне болған оқиғаны толық жеткізеді. Інісі Мырзабидің Ордабасында, Жәбек бидің үйінде өлтірілгенін есіткен бек, бұл оқиғаға Асқарқожаның қатысы барын бірден түсінеді. Асқарқожаны тез таптырып алады. Ел көзінше жазалуға Асқарқожаның беделінен сескенеді. Онсыз да ұшынып тұрған халық наразылығын одан бетер ұшындырып алмайын деген ойға келген болар. Қашанғы өздеріне тән айла-шарғыға салып: «Асеке, ауылыңызда жігіттер бейбастық жасапты. Соның кінәлілерін елге барып, өзіңіз анықтап беріңіз» деп, сыпайылып өтініш жасаған болып, жүрер алдында у қосылған тамақ берізеді. Не керек, сол удан Асқарқожа елге жете алмай, жолда қайтыс болады. Шымкент  өңірінің бір бәйтерегі осылай құлайды.

Майлықожа ақынның қартайған шағында жазған «Қараның өтті хандарыә дегне өлеңі бар.  Бұл толғауында ақын өзі көрген Оңтүстік өңірінің  ел басқарған, халық  назарында болған басты-басты: Сыпатай батыр,  Байзақ, Батырбек датқа, Мәмет би, Телқожа батыр, Елқонды датқа, Иманберді, мәделі батыр, Қанай датқа сияқты отыз үш адамның атын атайды. Олардың артында қалдырған өнегелі істерін айтады.Толғауда:

Жылқыда өткен, қой да өткен,

Жиын да өткен, тойда өткен,

Ажырық қысқан тарыдай

Адамзатта бой кеткен.

Жасы үлкеннен Шымкентте

Сапақты көрдік Шойбекпен.

Халық қайра қалушы ед

«Ақылды Асқарқожа деп»

Ордада омырау болуы еді

Шоқай датқа Қожабек … –деген жолдар бар. Ақынның өз сөзімен айтсақ:

Тарпаң менен Көбенді,

Емен менен Семенді бастаған ерлердің қатарында Асқарқожаның төртінші болып аталуы кездейсоқтық емес.  Бүкіл бір өңірдің  езілген елінің  әрі ақылгөйі, әрі батагөйі, есіл ер зұлымдықтың құрбаны болды. Бала-шағасы мен ағайын-жұрт оның қиналған сәтінде басын сүйеп, аузына су тамыза алмады. Одан да  өкініштісі – Мырзаби оқиғасына байланысты оның атының тіпті аталмай, ұрпақ жадынан  бірте-бірте ұмытыла бастағаны.

Оқиғаны ақыры

Мырзаби өліміне байланысты   хан алдында жуаапты Мәделі батыр берген. Оның  жауабы  көпке кеңінен мәлім, сөйтсе де келтіре кетейін:

Бұл жерден үш жұрт өтіпті
Парсы дари – қызылбас,
Ақтабан ноғай, қалмақ-ай,
Төртіншісі біз едік,
Бізге де түсті салмақ-ай!
Бектеріңнің қорлаған
Қорлығына шыдамай
Көшті елім жапа-тарғамай,
Адамға тəн ар-ұят
Бөктеріңде қалмады-ай!
Атадан қалған жол ма еді
Қу нəпсіге құл болып,
Қайуандай тоят алмай-ай?!
Біз білмейтін болмаса
Шариғатта бар ма жол
Қыздан зекет алмақ-ай?
Айт десең айтып берейін,
Ақ шындықты сөйлеуден
Тіл менен жағым талмағай!
Жазықсыз елді жазғырма,
Айыптың тұр алдында
Мырзабиді өлтірген
Басын кесіп алмадай,
Кешсең – кеш, кессең – міне бас,
Шариғат жолы сара дер
Даңғыл жатқан сарнап-ай
Жарлы менен байға да-ай,
Қара менен ханға да-ай!
Бұл – Меркі мен Түркістан аралығында халықтың  қолына қару алып, қоқан хандығының шектен тыс езгісі мен озбырлығына қарсы күреске шыққан жылдары еді.  Ханның Мәделіні тікелей  жазалауға батылы бармайды. Не де болса зұлымдық ойы мен айла-шарғыны ішіне бүгіп қалады. Түбінде олардың кешпесін Мәделі де  түсінеді. Бұхар хандығына бой тасалау жөнінде шешім қабылдайды. Мәделінің  Бұхарға жүрер алдында Сыр бойымен қоштасып айтқан өлеңі соның куәсі.

«Елімді көп жыл көрмеспін» деп көкірегі қарс айырылып, көзіне жас алып, тебіреніп кеткен батыр Бұхарада көп болмайды.  Қоқан хандығының өз ішіндегі тақтық өзгерістер қазақ даласына  аз уақыт жылымық әкеледі. Соны пайдаланған батыр екі айда қайтып оралады. Сөзді Мәделінің  өзіне берейік.

Тұрмысың аман-есен, Ордабасы,
Не көрмес тіршілікте бастың жасы,
Алдынан қыз-қатынды шұбыртқан соң,
Қоқанның қырғын тапты бозбаласы.

Тұрмысың аман-есен, Қотырбұлақ,
Мырзаби зекет алды жаудай бұлап.
Өлтіріп Мырзабидің өтін алып,
Еліміз төмен ауды Арыс құлап.

Тұрмысың аман-есен, Бадамым-ай,
Қаһар қып атқа мінді адамым-ай,
Көргенше енді сені көп қой деуші-ек,
Екі айда қайтып тиді қадамым-ай.

Сағындық Құрысай мен Бөріжарды-ай,
Көтерген ауыр жүкті мен бір нарды-ай,
Алдынан қыз-қатынды өткізген соң,
Қалшаның қырып салдық бəрін малдай.

Арыстың  өткел бермес суы тасып.

Мырзаби қаша алмады қара басып,

Зекетке зерделі ел тұра алмады,

Қыз-қатын көштен шықты шуылдасып.

 

Арыстың суы ағады жарыменен.

Байлар қозы тасиды нарыменен.

Өлтіріп Мырзабидің өтін алып,

Қолымның ет асадым қаныменен!

Мәделінің бұл өлеңі Мырзаби  оқиғасына байланысты көптеген жәйттердің бетін ашып тұрған тарихи дерек болғандықтан, толық келтіруді жөн көрдім. Мырзаби оқиғасынан кейін Мәделінің ел арасындағы беделі бұрынғыдан да арта түседі. «Қызым қоқандықтарға  зекетке кетіп қала ма деп қорыққан Сапақ бидің көңілі жайланады. Қоқандықтардың қанды шеңгелінен  әзер ажыратып алған қызы Айымсұлуды Мәделіқожаның інісі Кенжеханға қалыңмалсыз беріп, батырмен құда болады. Әсіресе, барлық жорықтарда  Мәделімен бірге жүретін  Сапақ бидің баласы Иманберді қарындасын Кенжеханға беруге көп күш салады.

Мәделі мен Иманбердінің  достығы, құдалығы, Майлықожа ақын талай-талай жырға қосқаны белгілі.

Мырзаби мен оның жасақтарын қырып салған бұл оқиға – Мәделі батырдың қоқан хандығына қарсы өз елінің азаттығы жолындағы күресінің бір көрінісі.

 

Әдіһам Шілтерханов

Әдіһам Шілтерханов, 2007 жыл Шығармалары, ІІ том

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button