Басқы бет / Бір суреттің сыры / Мәделіқожа батырдың олжалаған зеңбірегі

Мәделіқожа батырдың олжалаған зеңбірегі

Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданының орталығы Шәуілдір кентінде бүгіндері бүкіл республикаға белгілі Отырар мемлекеттік археологиялық қорық музейінің ашылғанына келесі жылы 35 жыл толады. Ал енді осы мекемеден қол созым жерде тағы бір керемет мұражайдың орналасқанын көпшілік онша біле бермейді. Бұл мәдениет ошағын алғашында кішігірім ғана, Отырар музейінің филиалы ретінде ашып іргесін қалаған Абдолла Жұмашев деген біртуар азамат, бөлімше қорын өзінің толассыз ізденістері арқасында барынша толықтырып 2011 жылдан бастап өз алдына мемлекеттік негіздегі «Руханият – Әбу Насыр Әл-Фараби»  мұражайы деп атап өз алдына жаңа музей ете білген. Осы жаңа мұражайдың басты ерекшелігі – оның өзегін құрайтын заттар күнгей зиялыларының тұтынған жәдігерлері болып табылады. Сол жүздеген дүниелердің ішінде нағыз  маржандары болып саналатындары – Мәделіқожа, Құлыншақ, Майлықожа, Манат қыз, Ергөбек, Шәді төре, Нұралы ақын, Сүгір күйші, Қызыл жырау, тағы басқа да өнегелі азаматтардың өнері мен өміріне қатысты бұйымдар. Міне солардың ішінде бір көргеннен көңіліңді баурап алып, ерекше әсер беретіндерінің ішінде оқшау тұрғаны – Мәделіқожа батырдың Қоқан ханының қалшаларымен соғысып жүріп, көссіз ерлік көрсетіп олжалап алған шойын зеңбірегі. Бұл ауыр қару-жарақ түріне жататын соғыс құралы жөнінде біз не білеміз, әңгіме осы жөнінде болмақ.

Мәделіқожаның зеңбірегін 60-шы жылдары халық мұрасын жинауда орасан қызметтер атқарған, жерлестері «музей-адам» атап кеткен Асантай Әшімов – батырдың ұрпақтары тұрып жатқан Ақбұлақ елді-мекенінен іздестіріп тауып, өзі ашқан мектеп мұражайына алып кеткен екен. Бір қызығы, Асантай аға сол жолы «батыр бабаларыңыздан қандай заттар қалып еді?» деп сұрастырғанында шалдардың бірі «ескі жұртында зеңбірегі жататын еді» дегенді айтып, сол қарияның ертіп барып көрсеткен тұсын біраз қазбалаған соң зеңбіректі төрт елідей топырақтың астына батып кеткен жерінен тауып алыпты. Қуанышы қойнына сыймаған Асантай аға оны тракторға салып Арыс стансасына апарып, сол бекеттің бастығымен келісіп өтіп бара жатқан пойыздардың біріне артып Темір стансасына жеткізіп, сол жерден өзі ашқан мектеп мұражайына кіргізіп қойыпты. Кейіндері Абдолла Жұмашевтың жаңа бастамасын қолдап осы зеңбірекпен бірге Майлықожа ақынның сықырлауық есігін оған аманат етіп тапсырыпты.

Зеңбіректің шығу тарихы жөнінде Абдолла Жұмашев оны батыр Мырзаби оқиғасы кезінде олжалап алғанын айтып берді. Оның білуінше оқиға былай өрбіген екен: бас зекетші бұл қаруды бір төбенің басына орнатып қасына 12 сарбазды қарауыл қойып, Мәделіқожа солардың ту сыртынан орағыта шауып келіп бәрін қылышымен кескілеп өлтіріп, зеңбіректі Бадам өзеніне домалатып жіберіп, өзі әрі соғысып Мырзабиді өлтірген соң туған елінен ауып кетіп біраз уақыт Қожатоғай маңындағы үңгірді паналап, сол уақта оған Майлықожа жиені тамақ тасып, кейін ел іші тынышталғаннан кейін қаруды су түбінен көтеріп өзінің үйінің алдына орнатып қойыпты.

Міне, осы шойын Қоқанның зеңбірегін Мәделіқожа батырға қатысты барлық зерттеулерде «қытайша» деп атау қалыптасқан. Бұлай болуының себебі батырдың Майлықожа ақынмен айтысында:

Мендегі қытайшаның оғы түгіл,

Апта сені ыңырантқан жиде тікен,1 – деген сөздер бар, содан бастау алатын секілді, одан басқа уәж ұшыраспайды.

Ал енді мұндағы «қытайша» мен мұражайда сақтаулы шойын зеңбіректің аты мен заты бір ма, әлде жоқ па? Осы сауалға жауап іздеп көрелік. Бұл үшін алдымен Қоқан тарихын зерттеуші, белгілі шығыстанушы ғалым Т.К. Бейсембиевтің «Кокандская историография» атты зерттеу кітабында келтірілген сөздіктен зеңбіректер туралы не жазылғанымен танысып көрелік. Онда:

«Замбурак/Занбурак/Гамбурак (букв. «маленькая оса») – неболь-шая вращающаяся пушка, перевозимая на верблюде и применямая и как орудие казни»2 – деп жазылыпты.

Бұдан бөлек қытайша жөнінде де қысқаша мәлімет беріліпті. Бұл жолы автор «хитайча – род пушки»3 деп қысқа ғана қайырыпты.

Олай болса зеңбірек атаулының ішінде ең кішкентайы, айналмалысы, алып жүруге өте ыңғайлысы бүгінгі қазақ тілінде осы соғыс құралының жалпы атауына айналып кеткендігін көреміз. Неліктен бұлай болғанын көшпелі қазақтардың зеңбіректі алғашқы рет түйенің қомына орнатып алып жүргенде көргендерінен болса керек. Өйткені ауыр, арбаға орнатылған үлкен зеңбіректерді жолсыз, ой-шұқыры көп далалы жермен алып жүру бұқарлық және қоқандық әскерлер үшін айтарлықтай қиындықтар тудырғаны түсінікті жай. Сол себепті мұндай ірі зеңбіректерді қазақтар кейіндері, жаулары тұрғызған қамалдардың қорғанына орната бастаған соң ғана барып жақсылап танысқан болса керек. Ал енді зеңбіректердің ішіндегі «қытайша» деген түріне қайта оралатын болсақ, ол туралы тарих беттерінде тағы да бір мәлімет сақталыпты. Бұл сирек дерек Молда Жүніс деген сарттың орыстардың өтініші бойынша 1865 жылы полковник Черняевтың Ташкентті қалай алғаны жайлы шағатай тілінде жазған әңгімесінде кездеседі. Онда:

«13-го дня месяца зильхиджа 1820 года русские войска подступили к Ниязбеку. Начальником сарбазов был чужестранец по имени Батча-Батур. Кош парванаши с ташкентскими войсками и начальником гарнизона выступил к Дурмену. Утром на другой день Кош парванаши сел на коня и, выехав на холм близ кишлака Кыбрая, стал наблюдать русских в подзорную трубу. Батча-Батур, захватив с собою несколько небольших пушек и несколько китайских, отправился к Уймаут-арыку; здесь он сделал по русским несколько холостых выстрелов».4 – деген сөздер бар екен.

Алайда бұл жерде «қытайлардың» деген сөзі нақты Қытайда жасалған зеңбіректерді білдіре ме, әлде «қытайша» деген сөздің қате аудармасы ма, оны бүгіндері анықтау мүмкін емес болып тұрғаны. Себебі, Молда Жүністің қолжазбасы сақталмаған, тек орысша аудармасы ғана бізге жетіп отыр. Менің ойымша Қоқан әскерлері қытайлықтардан зеңбіректер олжалап алуы екіталай, ақылға қонбайтын жай. Рас, қоқандықтар Қашғар үшін Қытай мемлекетімен біраз шиеліністе болды, алайда соғыс жүргізді деуге ауыз бармайды. Тек бір мәрте 1827 жылы Мұхаммед-Әли-ханның әскерлері Қашғарды жаулап алып, сол күндері-ақ қайтып айрылып қалғаны тарихтан белгілі. Егерде сол кезде қоқандықтар зеңбіректер олжаласа бұл жөнінде олар бүкіл дүниеге жария етіп ұлан-ғасыр той жасар еді және бұл жөнінде бір жерде болмаса, басқа бір жерде қандай болса да дерек сақталып қалар еді. Себебі 1864 жылғы Иқан түбінде орыс отаршыларымен болған шайқаста қыпшақ Әлімқұл молда мен Сыздық төре олжалап алған бір зеңбірек туралы жаңалықты келесі жылы Молда Жүніс өз жазбасында қуанышын ішіне жасыра алмай «…большая часть русских была убита, а меньшая возвратилась в Туркестан. Алимкулу досталось в добычу: одно орудие, несколько ружей и около сотни голов»5 – деп жазып кеткен екен. Бұл зеңбіректі кейін орыс отаршылары Ташкентті бағындырғанда қайтарып алғаны жайлы мәлімет те сақталған. Өйткені орыс генералдары үшін қолды болған бұл зеңбірек сүйектеріне таңба болып басылғаны олардың жазбаларында оңай аңғарылады.

Сөз ағымы Ресей тарихшылары қалдырған деректерге бұралған соң олардың да жазбаларынан Қоқан хандығы тұтынған осы бір зеңбірек жайлы мәлімет іздестіріп көрдім, алайда нақты қытайша туралы деректер олардың ішінен табылмады. Орыс отаршыларының дерек көздерінде көбінше қоқандықтардың зеңбіректері сапасыз екендігі, оқ-дәрілерінің қуаты мардымсыз, шайқас барысында ауызға аларлықтай нұқсан келтіре алмайтыны жөнінде ғана айтылып жатады. Ары барғанда зеңбіректердің үлкенді-кішілігі, түрлері (фальконет, гаубица, мортира), саны, неден құйылғаны ғана ауызға алынады.

Ал енді таза Қоқан хандығында жазылған қолжазбаларға тоқталсақ оларда бұл ауыр қару-жарақ түрі жөнінде мәліметтер жоқтың қасы, оның үстіне ішінде нақты артиллерияны қалай қолданып соғысу туралы баяндайтындары тіпті кездеспейді екен. Мысалы, Қоқан хандығын барынша терең зерттеген, сол мемлекеттің тарихына қатысты ескі қолжазбаларды түгелдей дерлік жан-жақты талдап шыққан белгілі шығыстанушы ғалым Т.М. Бейсембиев өзінің жоғарыда аталған еңбегінде біз қарастырып отырған мәселеге қатысты жалғыз Имам Али Кундузи дегеннің «Таварих-и манзума» атты қолжазбасында ғана зеңбіректер құйылғаны жайлы үш рет айтылған екен. Алғашқы мәлімет 1838 жылмен белгіленіп онда Мұхаммед-Али-ханның кезінде Қоқанда 8 зеңбірек6 құйылғаны айтылған. Сосын 1841 жылы 1 зеңбірек құйылды делініп, одан соң 1854 жылы Ақмешіттен айрылған Құдияр-хан кәпірлерге (орыстарға) қарсы жиһад жариялап осы соғысқа арнап зеңбіректер құйдырғаны айтылады. Бұдан кейін орыстың генералы фон-Кауфман 1875 жылы Қоқан хандығының астанасын жаулап алғанға шейін зеңбірек құйылғаны жөнінде қоқан қолжазбаларында басқа бірде-бір мәлімет ұшыраспайды. Есесіне орыс отаршылары қалдырған әскери мәліметтерде Әулие-ата, Ақмешіт, Түркістан, Шымкентті алғанда қанша зеңбірек қолға түскені жайлы біраз деректер сақталған. Мысалы, Ақмешітте – 3 үлкен (мыс), 2 кішкентай, Әулие-Атада – 5 үлкен, 6 кішкентай, Түркістанда – 4 үлкен, 20 кішкентай, Шымкентте – 4 үлкен (мыс), 8 мортира (ірі доп оқпен тігінен ататын үлкен зеңбірек), 19 (шойын), көптеген кішкентай (полковник Черняев олар туралы жай ғана «много фальконетов» деп кеткен) зеңбіректер олжаланған екен.

Бір қызығы, жоғарыда ауызға алынған Молда Жүністің еңбегінде полковник Черняев Шымкентті алған соң тездетіп Ташкентке жеткен кезінде қоқандықтар қаланы қорғауға тіпті де дайынсыз болыпты. Оны молданың мынадай сөздерінен көреміз:

«В Ташкенте пушек не было; достали из Кереучи одну пушку, у которой не было лафета, да, собрав в городе некоторое количество чугуна, вылили из него одну пушку и открыли по русским пальбу. Русские очень много стреляли из орудий и из ружей и лезли на стену, закидывая крючья»9.

Есесіне, Черняев бұл жолы Ташкентті ала алмай кері қайтып, келесі жылы жаулап алғанында орыс әскерлерінің олжасын әр түрлі 63 зеңбірек құраған екен! Олар туралы полковник: «Трофеями нашими были… 63 орудия разного калибра, из которых 48 медных, причем замечательного качества литья»10 – деп жазып кетіпті. Бұл бір жылда Мерке, Әулие-ата, Түркістан, Шымкент, Созақ, Шолаққорған секілді қамалдардан айрылған Әлімқұлдың ұйымдастыру қабілетінің өте жоғары болғанын көрсетеді. Себебі бар-жоғы 8-9 айда ол Ташкент қаласын барынша қорғанысқа дайындап үлгереді. Алайда Қоқан әскері заман талабына сай болудан қалғанына бірнеше ғасыр өтіп кеткен себепті, хандықтың болашағы жоқ болатын. Жалпы, қолда бар мәліметтерге сүйенсек Қоқан хандығы 1853 жылы Ақмешіттен бастап, 1865 жылы Ташкентті жау қолында тастап кеткен аралықта ұзын-саны 106 тек қана үлкен зеңбірегінен айрылған екен. Бұл Бішкек, Тоқмақ пен Мерке қамалдарын қоспағанда!

Іздене келгенде Қоқан хандығында зеңбірек жасау өнерінің қандай деңгейде болғанын нақты білдіре алатын тағы да бір сирек дерек бар болып шықты. Ол жоғарыда айтылған Иқан түбіндегі шайқастан соң қыпшақ Әлімқұл мен Сыздық төренің олжалаған «горный единорог» деген зеңбірек түрімен (гаубица) байланысты. Міне, осы, сапа жағынан әлде-қайда қоқандықтардың қаруынан озық, европалық стандартта құйылған жау зеңбірегі қолға түскен соң Әлімқұл молда қарап отырмастан оны іске жаратуға асыққаны белгілі болды. Бұл жайлы П.И. Пашиноның «Туркестанский край в 1866 году» атты еңбегіндегі мына жолдар хабар береді:

«Отъехавши верст восемнадцать от города медленной рысью, мы очутились на поле сражения, где Серов, отбивался с сотнею уральских казаков от пяти или шести тысяч кокандцев. Из сотни едва спаслось тридцать семь человек, бросивший орудие – горный единорог. За это геройское дело Серов получил Георгия в петлицу… Замечательно, что Алимкул вылил на подобие этого единорога до пятнадцати таких же пушек, они почти все достались нам и находились в то время на берегу Сыр-Дарьи близ Чиназа в ведении Черняева, командовавшего самаркандским отрядом и стоявшего на противоположном берегу с войсками».11

Қыпшақ Әлімқұл молданың осы бір әрекетіне қарағанда Қоқан хандығында зеңбірек құю өнері көңілге қонарлықтай дамыған болып шығады.

Бүгінгі күні Оңтүстік Қазақстан мұражайларында қоқандықтардың бірнеше зеңбірегі сақталған. Олардың ең үлкендері, жоғарыда полковник Черняев жазып қалдырған Шымкент қамалынан олжаланған 31 үлкен зеңбіректің алтауы, облыстық тарихи-өлкетану музейінің алдында орнатылған болса, тағы бір орташа түрі батыр әрі ақын Мәделіқожаның жау қолынан олжалап алған зеңбірегі болып табылады. Бұл қарулар тек шойыннан құйылған себепті ғана аман қалған болса керек. Сапасыз металлдан жасалынған себепті бұл соғыс құралдары өте қарапайым көрінеді. Әсіресе Мәделіқожаның зеңбірегі қалай құйылса, сол күйінде, ешбір өңдеусіз қалған. Шымкенттегі музей қорындағы үлкен зеңбіректердің де сыртында әлдебір оюдың немесе жазудың орны болғаны байқалмайды. Ал енді жоғарыда келтірілген Молда Жүністің Ташкентті қорғау үшін «қала ішінде біраз шойын жинап, бір зеңбірек құйылды» деген сөзін еске алсақ, онда қоқан ұсталарының шойын зеңбіректерді құюға шеберліктері оңай жетіп жатқанын байқаймыз.

Алайда бұл мәліметтердің ешбірі Мәделіқожаның шойын зеңбірегінің атын неліктен «қытайша» деп қойғанынан хабар бере алмайды. Оны қытайлықтар құйған дейін десең, сапасы сын көтермейді. Қалай дегенмен Қытайда металл құю өнері бағзы заманнан өте жоғары дамығаны бұрыннан белгілі. Оның үстіне қытайлықтардың басына, орыс отаршылары секілді күшті жау қауіп-қатер төндіріп, асығыс құятындай жағдай орнаған жоқ. Жалпы, Қытай әскерлері зеңбіректерді алғашқы рет сонау VII ғасырда пайдаланғаны туралы деректер сақталған болса, темірден құйылған зеңбіректер жайлы дерек көздері ХІІ ғасырмен белгіленеді. Алайда тарихшылар орта ғасырларда қытай әскерлері көбінше қорғаныс әрекеттерін жүргізгендіктен артиллериясыз соғысып, бұл өнер ары дамымай, тек голландық пен испандық теңізшілер Қытайға емін-еркін келіп-кететін заман орнағаннан соң ғана барып қайтадан зеңбірек құю қолға алынғаны жөнінде хабарлайды. Жаңа зеңбіректер европалық үлгіде жасалып, кейде оларды қызметке тұрған европалықтардың өздері құйғаны туралы да мәліметтер кездеседі. Тағы бір деректерде ішкі тапсырыстың тапшылығынан қытайлықтар құйған зеңбіректерін көбінше сыртқа сатып отырғаны айтылады. Оларды ұйғырлар мен жапондар сатып алып пайдаланған делінеді.

Алайда Мәделіқожа олжалаған зеңбіректі «қытайша» деген атына қарап Қытайда құйылған деуге ешбір негіз жоқ. Себебі, алғашқыда Орта Азия хандықтарында қамалдарды қорғау кезінде үлкен зеңбіректер қолданылып, ал жорыққа шыққанда түйемен алып жүруге ыңғайлы әрі жеңіл, кішкентай «замбурактар» пайдаланғаны белгілі. Бұлай болуының себебі ашық дала төсінде шайқасқанда үйреншікті атты әскердің орны басым болып, артиллерия қосымша күш ретінде қарастырылған. Сол себепті майдан төріндегі шұғыл, шапшаң жасалатын қимыл-әрекеттерге сай зеңбіректер де кішігірім, оңай бұрылатын, айналмалы болған. Тек ХІХ ғасырда ғана Қоқан хандығы мен Бұқар әмірлігінде жаяу әскерлердің саны өсіп, артиллерияның алатын орыны ұлғая бастаған шақта зеңбіректердің орташа, арбаға орнатып алып жүретін түрлері іске қосыла бастаған. Бұл кездері қоқандықтар Қашқар үшін Қытаймен бірнеше рет қақтығысып, қытайлықтардың арбамен алып жүретін зеңбіректеріне тәнті болып, соларға еліктеп, өздері де сондай орташа зеңбірек құйып, олардың шыққан жеріне қарай «хитайча» деп атап кеткен болса керек.

Ералы ОСПАНҰЛЫ, суретші – өлкетанушы

Шымкент қаласы

Сондай-ақ, оқыңыз

Шортанбай мен Жанқұтты

Шортанбай жырларының үлкен бөлігі өлер алдындағы қатын-бала, ел-жұртына арыздасып айтқан жырлары. Онда Семей жаққа сапар …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған