Жарық нұрдың сәулесі

Ет жемес ешан атаның Ташкент маңынан Келес даласына қоныс аударуы

Оның екі себебі болған сияқты. Біріншісі деп, басқыншы орыс саясатын айтуға болады. Орыс шенділері сопылық жолды ұстанғандардан, әсіресе ешандардан аяғын тартты. Қорықты десе де болады.Сол заманда қазіргі Өзбекстан мен Оңтүстік Қазақстанда  басқыншыларға қарсы ешандар ұйымдастырған үлкен көтерілістер болған. Соған байланысты ешандарға сенімсіздік туындап, қысымдар өрши түскен. Сол кезде болса керек, басқа да шенді, шекпенділер қатарында орыс генералы Н.С. Лыкошин патшаның назарын аударатын  төмендегідей мәлімдемелер жасаған. «Ешандардың Орта Азиядағы біздің иеліктерімізге әсерін танып, білуді бірінші кезекке қоюымыз керек». «Дала қазақтары арасында сопылықтың кең таралуына жол берілмеуі тиіс».

Екінші себеп, Ет жемес ешан өзі алғаш дәрісін тыңдаған  диқан Салықбек ахуннан алған білімін тәжірибеде сынап, іске асырғысы келген.Ондай жер Келес өзені жағасынан бұйырды.Анығырағы сондағы қазақтардан шақыру болды.Бір замандардағы бөлініс бойынша, Келес өзенінің  екі беткейі, Шанышқылы тайпасының «Дархан»  ауылынан басталып, «Мамыт» және «Араншы» ауылдарына дейінгі аралық «Құдайқұл-бесуыл» және «Әжіке» ауылдарына тиесілі еді.Осындағы  ағайындар өздеріне жетекші болатын бір ешанды қажет еткенді.

Арадағы келісім шартты әжікенің ішіндегі Серназар есімді жігіт ағасы жүргізді. Күндердің бір күнінде,екі дөңгелекті ат арбаға мінген Ет жемес ешан атаны  Келес өзенінің оңтүстік беткейін жайлап отырған Құдайқұл-бесуылдардың қыстауына Серназар ата ертіп келді. Ел қуанып қарсы алды. Арнайы мал сойып, жақын маңдағы ағайындарды шақырып, Алла разылығы үшін садақа ас берді.Ешанға арнайы алты қанатты үй тігілді. Осы күннен бастап, Келес даласының дамуында бетбұрыстар басталды. Оның басында Алланың сүйікті құлы – Ет жемес ешан ата тұрды.

1.Яссауи сопылық мектебінің түлегі – Ет жемес ешан ата білімнің Шариғат, Тариқат, Ақиқат, Мағрифат сатыларынан өткен.Алла туралы ақиқатты білген. Жаратушының назары түскен.Құдай берген қасиеттерге ие болған. Желеп-жебеуші дәрежесіне жеткен.  Осындай әулие, Алла бәрін көріп тұрғандай іс-әрекетімен, адалдығымен, әділдігімен ұзақ жылдар бойы Келес даласында Яссауи тарихаты негізінде діни ағарту жұмыстарын жүргізді. Жамағатпен бірге зікір салып, Алланы үнемі бірге еске алатын. Ешан ата қатысатын зікір, қазіргі кезде бүкіл елге сұрықсыз, епетейсіз етіп көрсетіліп жүргендей жұлқынған, бұлқынған емес еді. Шеңбер жасап отырып,кейде түрегеп тұрып, денені бос ұстап, зікірде «Алла Һу» бәсең дауыста қайталана айтылып, бар әлемді Жаратушыға арналған мадақ сөздерге жалғасатын. Елге, жерге, халыққа жақсылықтар тілеп, бата жасап аяқталатын. (Генерал Н.С.Лыкошин куә болған зікір осылай өткен). Зікірдің соңы емшілікке, рухани әңгімеге, сұрақ-жауапқа жалғасатын.

Ет жемес ешан ата жыл сайын жаңа жыл басталғанда кедей-кепшіктерді, жоқ-жұқаналарды  қатыстыра отырып, биылғы жылдың елімізге, жерімізге және әрбір жанұяға жақсылықтар әкелген жыл болуын тілеп, арнайы мал сойып, дербісана ұйымдастыратын. Құран оқып, соңында бата-тілек жасайтын.

Емшілік жасағанынан түскен табыстарын өзіне қалдырмаған. Халықтан және мүридтерінен келіп жатқан мал мен мүліктерге қосып, халықтың мұқтажына жаратқан. Келес даласында мал бағып, егін егіп шашырап жатқан халыққа жақын тұстардағы 4 жерде қылуеттер қаздырып, өзі сонда жиі-жиі барып халықпен кездесіп тұрды. Жыл сайынғы шілде айларында, сол қылуеттердің кезегі келгенінде, Аллаға 40 күндік мінажатын жалғастырды.

2.Егіншілікті дамытты. «Сарыағаш» курорттары маңынан өтетін Келестің суын, «Ыса ата әулие» кесенесі тұсындағы тоғаннан алып, 4 шақырым жердегі жүз гектардай жерді суландырып келген, Құдайқұл арықты одан ары қарай он бес шақырымға ұзартты.Ұзындығы бір жарым шақырымдай келетін төбелер тізбегінің астынан су өткізді. Тереңдігі он-онбес құлаш келетін, қатар жатқан құдықтар қаздырып, олардың үстіңгі бетін бұзбай  көпір қалпында қалдырып, тек астыңғы жағын бір-біріне қостырды. Жаяу адам жүре беретін тунел пайда болды. Халық мұны тунел деместен «Кескен» деді. Қазіргідей қуатты да, епті техникалар жоқ кезде, осындай инженерлік тапқырлықпен іске асырған тірліктеріне таңғалмасқа шараң жоқ. Осы жұмыстарды атқару үшін жүздеген адам тынбай бірнеше ай жұмыс істеді. Оларды ас-сумен,құрал-сайманмен қамтамасыз етудің өзін ойлап көрсеңіз, бұл жұмыстың оңай болмағанын аңғарасыз.

Осылайша төбенің арғы бетіндегі ғасырлар бойы қаңсып жатқан  ондаған гектар жерге су апарды. Ол жерлерге бау-бақша ектірді. «Ешан базар» мен оның аржағындағы елді мекендерден Ташкентке бара жатқан немесе келе жатқан керуендер, жеке адамдар арнайы тоқтайтын. Шай ішіп демалатын. Самсаған жемістер мен қауын-дарбыздардан ауыз тиетін. Көшеттері мен тұқымдарын алып кететін. Соның арқасында  жаңадан пайда болған  «Ешан бау» ауылы шартарапқа белгілі болды, аты шықты. Осы ауылда пақса дуалдан өзіне үй салдырды.Жан-жағына халық қоныстанды.  Жаңадан мазар орнын белгіледі. Оның шығыс жағынан жер асты мешіті-қылует қаздырды. Оның қазылғанына бір жарым ғасырдай болса да, әліге дейін бұзылмай,елдің зиярат орны болып тұр.

3.Келесте сауданы дамытты.Қазіргі Абай кентінің шығыс жағында далалық базар ашты. Батысында маусымдық жәрмеңкелер ұйымдастырды. Оған Ташкенттен, Түркістаннан, Созақтан, Шымкенттен және жақын маңдағы ауылдардан сауда керуендері мен отар-отар қойлар,үйір-үйір жылқылар, келе-келе түйелер, сиыр табындары  келетін. Жәрмеңке қазіргі Абай кенті мен Бесқұбыр елді мекені арасын жалғап жатты. Жәрмеңкеде тұрмысқа қажеттінің бәрі сатылатын. Іздегеніңнің бәрі табылатын. Қаз қатар тігілген киіз үйлердің әдемілігі бірінен бірі асып түсетін. Әрбір шаңырақ қымыз бен қымыран ұсынатын. Қазандарда тағамның небір түрлері пісіріліп жататын. Айға созылатын жәрмеңке болған соң,онда ойын-сауық та,айтыс та,тіпті көкпар да болатын. Орта азиядағы жақсылар мен жайсаңдар,небір әншілер мен бишілер, сал серілер келетін.Бір айда бітпейтін жәрмеңкенің жергілікті халыққа берері де, үйретері де  көп болған.

Қазіргі Ташкент, Шымкент, Қызылорда облыстары аумағында Ет жемес ешан атаның бармаған жері, баспаған тауы қалмаған шығар. Осы аймақтағы халықтың ішінен Ет жемес ешан атаның көмегіне мұқтаж болғандар, әулиенің жүрген жерін білмесе де, шын ниет етіп, атын айтып жалбарынғандарға әулие көмегін берген. Бұл жәй аңыз әңгіме емес. Болған оқиғалар әлі де халықтың есінде.

жалғасы:

Етжемес ишан деректері

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button