Шортанбай (Әли Мұхаммед) Қанайұлы

Шоқпарға айналған шумақ

Арқаның арда туған абзалдарын жиі-жиі еске алуға үлкен себеп бар. Биыл «Көмекей әулие» атанған Бұқар жырауға – 350 жыл, Шортанбай жырауға 200 жыл, Мұса Шорманұлына – 200 жыл толып, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы мен Шәкәрімнің 160 жылдығы да осы кезге қатар келіп отыр. Қасиетті тұлғалардың мұрасына қайта оралу – жадымызды жаңғыртып, рухымыздың нұрлануына барынша әсер ететіні анық.

Өкінішке қарай, республика көлемінде аталып өтеді деп жарияланса да, ат шаптырып, ас беруді абыздардың туған жеріне, аз бюджетті аудандардың еншісіне қалдырыпты. Содан да болар басты шаралар Астана, Алматы секілді ірі орталықтардан тыс өткізіліп, халық көп шоғырланған жерлерден шеттеп қалып, насихаты кемшін соғып жатыр.

Дегенмен, көптеген қазақ басылымдары жыраулардың шығармашылығын талдаған мақалаларды жариялап, сол кезеңнің шындығын түсінуге мұрындық болуда. Түрлі конференциялар өткізіліп, жыр сайыстары мен деректі фильмдер түсіріліп, жыраулар мұрасын қалың елге жеткізуде талпыныс жоқ емес. Мұндай ізденістер қалтарыста қалған кейбір жайттардың ашылуына түрткі болды. Атақты тұлғалардың өміріне қатысты жаңа деректер табылып, ғылыми айналымға енгізуде.

Қаншама жылдар өтсе де әркімнің жыраулар мұрасынан жүрегіне байлап, алатын еншісі бар. Менің де Бұқар жыраудың барша жырларының ішінен жатқа айтатын жырларым көп, соның біріндегі:

Ей, айташы, Алланы айт,
Аты жақсы құдайды айт.
Тәңірім сөзі бұрқанды айт,
Кәлим Алла Құранды айт.
Мұхамметтің аяты,
Алла сөзі Құранды айт.
Пайғамбардың сүндеті,
Бес уақытқы намазды айт.
Тәңірім салса аузыңа,
Жан жолдасың иманды айт.
Жамандыққа жақсылық,
Еткен таза арынды айт.
Қара кылды қақ жарған
Наушиаруандай әділді айт.
Арсы менен Күрсіні айт,
Лаухы менен Кәләмды айт!- деген жыры арадағы үш жүз жылдықтың шекарасын жойып, үні саңқылдай естіліп бабаларымыздың көне жолын жарқырата түскендей әсер етеді. Артынша бір жарым ғасыр өткенде, заман қайта төңкеріліп, адамның ниеті өзгеріп бара жатқанын Шортанбайды оқып отырып түсінеміз:

Таңда махшар күн туса,
Таразыны аударар,
Жаһаннам деген дозақта.
Шайтан болар жолдасы,
Қыбласын білмей құл
Сонда тартар жазасын.
Кешірмейді құдайым
Бес намаздың қазасын,
Құрт-құмырсқа жыйылып
Сонда алады мазасын.
Жаһаннамның белгісі
Жалғанға болар расың.
Мұқып қылмай құдайым
Ол залымның таубасын
Сақта құдай солардан,
Сол себепті қорқамын!

Оның бер жағындағы алдыңғы толқын абыздармен үндескен Абайдың:

«Физули, Шамси, Сайхали,
Науаи, Сағди, Фирдоуси,
Қожа Хафиз – бу һәммаси,
Медет бер, я шагири фәрияд» -деген шумағынан Бұқар жырау мен Шортанбайдың сусындаған қайнар бұлағынан Абайдың да тұщынғанын біліп, көңіліміз толады.

Десе де, осы Абайдың мына жолдары, көптен бері жыраулардың арасын ашып, олардың жырларының астарына сенімсіздікпен үңілуге, қай жерде Абай айтқан кемдігі бар деп түртінуге себеп болғандай. Бұл:

Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау,

Өлеңі – бірі жамау, бірі – құрау.

Әттең дүние-ай, сөз таныр кісі болса,

Кемшілігі әр жерде көрініп тұр-ау!- деген әйгілі шумағы еді. Осы жолдарды пайымдауға өзімнің ілімім жетпей, білімді ғалымдардың жазбаларынан іздеп оқып, сонда да соңына дейін түсінбей жүруші едім.

Осыдан үш жыл бұрын, «Әдебиет порталында» жаряиланған белгілі ғалым Тұрсын Жұртбайдың мақаласынан кейін, көңілдегі күдіктің көбесі сөгілгендей болды. Онда: «Екi жүз жылдың iшiнде екi жаhангер империяның қысымын көрiп, өзі өлсе де өлеңі қудаланудан көз ашпаған, бiрақ екi заманның екпіні де ештеңе iстей алмай, керісінше барған сайын тұлғалана түскен, «дулатуы мен шулатуын» қоймаған тұлғалардың бiрi – Дулат пен Шортанбай ақын және Абайдың осы екеуін ауызына алған сөзі» деп, айтарының басын ашып алған Ғалым: «Менің ойымша, мұның жауабы мүлдем басқаша және Абайдың бұл өлеңінің Бұқардың, Шортанбайдың, Дулаттың өлеңдеріне еш қатысы жоқ. Әңгіме, олардың 1880 және 1888 жылы басылып шыққан «Өсиетнама” мен “Бала зар” атты жинақтары туралы болып отыр» деп ойын тұжырымдайды.

Онда жырауларға қатысы жоқ шумақты «шоқпарға» айналдыруға не себеп болды деген сұрақтың жауабын іздеуіміз заңды нәрсе.

Сөйтсек, Бұқар жырау, Дулат пен Шортанбайдың өлеңдерін бірін – құрау, бірін –жамау жасауға айналдыру саясаты өткен ғасырдың ортасынан аса шырқау шегіне жеткен екен. Ол туралы «зар заман» жырауларын зерттеуші-ғалым Бауыржан Омарұлы былайша түсіндіреді: «1959 жылы 15-19 маусым аралығында Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институты ұйымдастырған ғылыми-теориялық конференцияда аты ең көп аталған ақын Шортанбай Қанайұлы болды. Діншілдік ұғымы туралы жасалған тұжырымның бәрі соның өлеңдерімен тұздықталды. Кертартпа бағыттың өкілдерін санамалап көрсеткенде алдымен ауызға ілінді. Ұлы Абайдың «Сөзінің бірі – жамау, бірі – құрау» ақындарды нұсқағанда Шортанбайдан бастайтыны тәрізді, басқосуда пікірталасқа түскен шешендер осы ақынға ерекше шүйілді». Демек, «шоқпардың» көздегені Шортанбай екен. Және басқа басқа емес, оған қарсы қоюда Абайды таңдағанына таң қаласыз?! Осылайша аталмыш төрт жол көбіміздің түсінігімізді кері айналдырып, Шортанбай атын да жырына да өшіруге көп ықпал еткені жалған емес.

Ал Шортанбай кім еді?! Осы ретте тарихшы Жамбыл Артықбаевтың мына пікірімен келіспесе болмас. «Шортекеңнің заманы ХІХ ғасырдың ортасына келді. ХІХ ғасыр дегеніміз бұл өтпелі кезең. Дәстүрлі құндылықтар өмір сүруін тоқтатты. Отаршыл жүйе жылдан жылға күшейіп, қазақи әлсіреп келе жатады. Міне, зар заманның ақындары Мұрат Мөңкеұлы, Дулат алға шыққан кезі. Бұлар интеллекктуалы өте жоғары ақындар. Бұлардың жырларын тек моралистік жырлар деп ұғынуға болмайды бұларда тарихи деректер, заманның даму ағымы, қазақтың хәл-ахуалын түсіндіретін дәйек бар.

Зар заман ақындары тығырықтан шығатын жол іздеді. Жаман мен жақсының арасын ашып көрсетті, тек адам баласының қасиетін емес, қоғамның, халықтың жақсы-жаманын ажыратып берді. Бұл екі ғасыр тоғысқан жағдайда көп көмек көрсетті. Өйткені құндылықтар шкаласын қалыптастырды. Ал мұндай құндылықтар шкаласы қалыптаспаған елдің ақыры трагедияға айналады. Жақсы мен жаманды айыра алмаған халық көпке шыдамайды. Зар заманның сол ғасырмен аяқталып қалған жоқ, ХХ ғасырдың ауыр зобалаңын бастан кешірдік. Сонда Шортекеңдер қалыптастырған құндылықтар біздерге қызмет жасады. Халықтың азып-тозып кетпеуіне тосқауыл болды. Болашақтың үміт сәулесін жақты».

Ендеше, кеңестік кезеңде де осындай тұлғалар алдымен соққыға жығылулы тиіс еді. Бұл ретте Абайдың «жазығы» жоқ.

Әдебиеттанушы Бауыржан Берікұлы бұл ойымызды бекіте түсті. «М.Әуезовтың 1942 жылы шыққан Абай романын оқыдым. Бұл басылымның ерекшелігі ешқандай цензурасыз шыққан. Ішінде, Дулат Бабатайұлының, Шортанбай Қанайұлының есімдері, өлеңдері кіргізілген. Романның 55 бетінде «… Кейде әжесі шаршап, айтпай қойса, өз шешесіне жабысатын. Ұлжан да көп әңгіме білуші еді. Және ол көбінесе, өлеңді сөзді жиі айтады. Оқымаған шешесінің әлі күнге ұмытпай, білдірмей, сақтап жүрген зейініне таң қалады. Күдеріқожа, Шортанбай, Шөже жырларын, айтыс өсиет, әзілдерін де көп айтып береді.

Екі беттен кейін әрі оқылық: «Ал, ел айығып, оңаша қалғанда, Дулат өз жырларын, өзі құрбы – Шортанбай, Шөже Сыбанбай, Балта, Алпыс ақын айтқан жырларды термелеп кетеді» деп жазылған. Бұл жолдардан жас Абайдың кішкентай күнінен осы жыраулардың жырын жаттап өскенін байқаймыз. Айта кететін нәрсе, тәуелсіздік алған жылдары М.Әуезовтың 50 томдық жинағы шықты. Соның ішінде аталған романы жоқ. Роман осы қалпында оқырмандарға жол тартса, «шоқпардай соққан» шумақтың негізсіз екенін дәлелдей түсер еді».

Жас әдебиеттанушының бұл ізденісіне ішіміз жылып қалғаны рас. Абайдың айтқан сөзі жыраулардың жырына емес, олардың баспа бетін көрген жинақтың мінін айтқанына көзімізді тағы да жеткізді.

Сөз соңында Тұрсын Жұртбайдың аталмыш мақаласындағы мына ойын қосқымыз келеді. «Дулаттың, сонымен қоса Шортанбай мен Бұқардың ақындық рухы мен мұрасын тулақша сүйреткенiмiз жеткен сияқты. Оған Дулаттың да, Шортанбайдың да, Бұқардың да, Абайдың да түгi кетпейдi. Ендi олардың әруағы бiздi тулақша сүйретiп жүрмесiн» деген ғалымның пікірі бәрімізді де ойландырары хақ.

Абыздардың әруақтарынан қорқатындай жайымыз бар. Осыдан бірнеше ғасыр бұрын халқының қамын ойлаған жыраулар өз жырларында ұлттық құндылығымызды қалыптастырып кетті деп Жамбыл ағамыз бекер айтып отырған жоқ. Қазіргі күні де осындай өтпелі кезеңді басынан өткізіп жатырмыз. Күннен күнге дүниетанымымыз өзгеріп, қазығымыздан ажырап бара жатқанымыз да рас.

Бүгінгі «азусызға тар заманда» құндылықтарымыз құлдырап кеткенде жақсы мен жаманды, менікі мен өзгенікін ажырататын пайым қайдан зерделейміз. Бағыт берер темірқазығымыздан жаңылып қалған жоқпыз ба? Ең жаманы, Абайдың атын пайдаланып, Бұқар, Дулат, Шортанбай сынды жыраулардың жырын жыққан шоқпар, азулының сойылына айналып басымызға үйірілмесіне кім кепіл?!

Айгүл УАЙСОВА

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған