Шортанбай (Әли Мұхаммед) Қанайұлы

Асылдан жеткен қасиетті дұға

Қазақ халқы көнеден ислам дінімен біте қайнасып, мәдениеті мен дәстүрі сабақтасып келетіні баршаға аян. Себебі тәлім-тәрбиеге толы, ізгілік пен адамгершілік құндылықтарына негізделген, қала берді күнделікті тұрмыс-тіршілігіміздегі әдет-ғұрыптарымыздың да баршасы дініміз Ислам шариғатымен астасып жатқандығы осыны аңғартады. Тіпті сәбилеріміз дүние есігін ашқан тұстан бастап, өмірінің соңына дейінгі амалдар мен жасалатын жоралғыларымыз да Исламдағы діни рәсімдермен ұштасқан.

Сондай дәстүрдің бірі де – дұға. Дұға тіліміздегі тілек сөзімен мағыналас. Демек, Алла Тағаладан дұға тілеу – Алла Тағаладан жақсылық тілеумен тең. Міне осындай тамаша тілектің бірін өз заманында жазып қалдырған қазақ әдебиетінің белді өкілі – Шортанбай.

Жуырда Шортанбай Қанайұлының 1870-інші жылы өз қолымен жазылған дұға деген деректі Қабылсаят Әзімбайұлы ұсынды. Бұл расында, қасиетті саналатын қолтаңбаның бірі. Онда біршама басы ашылмаған дүниелердің анық қанығына көз жеткізуге болады.

Алғаш дініміз Исламда дұға етудің маңыздылығын сөз етуді орынды санадық. Өйткені аталған Шортанбай ақынның дұғасы да осыны талап ететіндей. Онда негізінен Алла Тағаланың барлығына, оның елшісі Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) екеніне куәлік ету,  осы дүние мен ақыреттің барлығына сенуге бағытталған. Екінші, Алла Тағаладан сұрау, тілеу мазмұнында жазылған. Себебі дұға етудің де дінде орны ерекше. Дұға сөзі араб тілінде жалбарыну, сұрау мағыналарын береді (Арабско-русский словарь. – Ташкент: «Камалак», 1994. І том. С.244).

Бұл жоғарыда айтқандай тіліміздегі тілек сөзімен сәйкес. Яғни Алла Тағалаға дұға ету дегеніміз – Алла Тағаладан жалбарыну, сұрау, жақсы нәреселерді тілеу. Ал оның ішінде адамға дұға ету соның жақсы болуын, арманының, мақсатының орындалуын, жолының ашылуын т.т. жүзеге асуын тілеу. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) бір сөзінде: «Алла Тағаланың алдында дұғадан қадірлі ешнәрсе жоқ» деген. Ал Құран Кәрімде Алла Тағала: «Маған дұға етіңдер. Мен дұғаларыңды қабыл етемін» дейді («Ғафыр» сүресі 60-аят).

Адамзат баласы осы жарық дүниеге келген соң неше түрлі ауыртпашылықтарға кезігеді. Бірінде сырқаттанып қалса, енді бірінде көз, тіл тиді деп түрлі кесір-кесапаттарға жолығады. Әрине, мұндай жайттар адамзат баласын қиындыққа жолықтырып, тығырыққа тірейді. Алайда кез келген мәселенің шешімі табылатындай бұл жайттардың да шығар жолы бар. Оны қасиетті Құран Кәрімнен табуға болады. Өйткені адамзат баласын жаратқан Алла Тағала мұндай жағдайға тап болғанда пендесіне оның шығар жолын да көрсетеді. Қасиетті Құран Кәрімнің «Исра» сүресінде: «Біз Құраннан мүминдерге шипа және мейірімділік түсіреміз» («Исра» сүресі, 82-аят).

Шындығында, Құран Кәрім – кез келген дертке дауа. Олай дейтініміз сырқатты беруші де Алла, оған шипа беруші де Алла. Сондықтан болса керек оның әш-Шәфи есіміне ие болуы.

Осыны жақсы білген әрі имандылықты ту еткен Шортанбай Қанайұлы қолтаңбасында дұға-тілекті жақсылық мақсатында жазып қалдырады. Оның тарихы мынадай: «Семей облысы Қарқаралы уезі Әлтеке Сарым болысының белгілі адамы Өтеміс Тоқсарыдан тарайтын Тәңірқұл атасының ақсақалы Қыстаубай немересі Жаныбай баласы Жұман үйіне 1870 жылы күз айында Шортанбай Қанайұлы келіп қонады. Сол күні таң ата Жұманның әйелі босанып, ұл туады. Жұманда ұл жоқ, шаңырақ иесі дүние есігін ашып, қуанышқа шаттанған ол Шортанбайға атын қойыңыз деп қолқа салады.

Шортекең Ибраһим деп атын қойған екен.

Шілдехана жасалып, Шортекеңе балаға дұға жазып беруді сұрайды. Шортекең жазған дұға, Жұманның үйінде Ибраһимнің бесігіне байлаулы тұрған. Кейін ауылда әйел босана алмағанда, балалар ауырғанда осы дұғамен ұшықтайтын болған. «Кейде ат шаптырып алыс жерден ағайындар алғызушы еді», -дейтін менің анам Шайза.

Дұға баладан-балаға өтіп, Ибраһим (Ыбрай-Ыбыш) үйінде, оның ұлы Мұсақанның қолында 1993 жылға шейін сақталады. Содан кейін оны маған берді» -дейді Қабылсаят Әбішев (Әбішев Қ. Шортанбай жыраудың қолтаңбасы. Қай заман? – Астана: Фолиант, 2011. 278-279 бб.).

Дінде сәби дүниеге келгенде оған жасалатын жөн-жоралғылар азан шақырып ат қою, ақиқа беру, қалжа жегізу, қырқынан шығару, шілдехана т.б. жетерлік. Соған қоса сәбидің нәзіктігі мен пәктігі әрі түрлі қауіп-қатерден қорғайды деп дұға жазу дәстүрі де болған. Жалпы, Ислам дінінде мынадай дұғалар бар: сырқаттанған сәтте, көз тигенде, жын-шайтанға қарсы, жылан шаққанда т.б. оқылады. Әрине, мұнда Құран Кәрімнің аяттары оқылуы басшылыққа алынады. Оның ішінде «Фатиха», «Бақара», «Ықылас», «Фәләқ», «Нас» т.б. сүрелері мен «Аятүл күрсі» т.б. аяттары оқылады. Бұл пенденің Раббысынан жалбарынып, жарылқауын, емге шипа беруін  сұрауын білдіреді.

Шортанбайдың имандылықты жақсы танығандығы әрі молда болғандығы мұндай дұғаларды жазуына еш қиындық тудырмайды. Өйткені оның алғаш ашқан сауаты да діни білім болатын. Бұл жөнінде Шортанбайтанушы Кемел Жүністегі былай дейді: Сауатын ауыл мектебі молласы Ыбырайымнан ашқан Шортекең кейін Шаяндағы медресені тәмамдап, онан Бұхар оқуын бітіреді (Жүністегі К. Ғұмырнама. Қай заман? – Астана: Фолиант, 2011. 7-бет.). Аталмыш оқу орындары кезінде ірі діни білім алатын мектептер болатын. Онда көптеген танымал ғұламалар оқып тәлім алған.

Сондай-ақ ақынның мұндай білім ордаларынан діни сауатын жетілдіргендігі өзі жазып қалдырған қолтаңбадағы (дұғадағы) мына жолдар да растай түседі:

Бірінші, келтірілген Құран аяттары:

بخطى بكم عمى فهم لا يرجعون

Сіздің ізіңізде олар қайтарылмайды.

Екінші, салауаттар:

اغوذ بالله من الشيطان الرجيم بسم الله الرحمن الرحيم اللهم باريك علينا ارفع يا راوف بيك إن الله يبعث فى القبور و صلى الله على خيرى خلقه محمد و اله واسحابه اجمعين برحمتك يا ارحم الرحيمين

Ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын, Бізді Құдайдың Өзінің жаратылуына, Мұхаммедке, оның отбасына және серіктеріне мейірімділікпен қабірлеріне баталарын жібереді.

Үшінші, тылсымдар:

الله اكبر،   يا الرحمن،  يا حمد،  يا فريياد

Мұндай тылсым дұғалар аударылмайды.

Тек қана қайталанып отырады.

Ұсынылған дұға көпшіліктің дертіне дауа, шипасына ем болғандығын аңғаруға болады. Абыздың дуалы сөздері кезінде оқыған не болмаса өзімен бірге алып жүрген, оқыған бірнеше адамға септігін тигізген. Айталық, көз тигендерге, ит қапқандарға, босана алмағандарға, жылан шаққандарға  т.т.

Шортанбай ақынның негізінен, өз дәуіріне риза болмай түңілуден, алдан күтер ештеме жоқ деп үмітсіздікке құрылса да, зар  болып, сары  уайымнан бұл дүниенің опасыздығынан гөрі жақсылықты діннен іздеуге бой ұрады. Сондықтан ол діннің тұтқасынан мықтап ұстағанды орынды санайды. Оған оны өзінің алғашқы молдадан алған білімі мен шариғи танымы Ислам дінінен іздеуге жетелейді. Бұл мәселенің бір жағы.

Екінші негізгі мәселе Шортанбай Қанайұлының есіміне байланысты.

Аталған қасиетті дұғаның да бір сыры ақынның шынайы есімінің тағы да бір рет расталғандығының дәлелі. Себебі Қабылсаят Әзімбайұлы ұсынған Шортанбай Қанайұлының 1870-інші жылғы деген бұл деректе Шортанбайдың шын аты Молла Ғали (Әли) Мұхаммед деп жазылғаны бар. Бұл ақынның толық азан шақырып қойған аты. Өйткені онда мынадай жолдар бар: «Жанбайұлы ушбу дұғаны Жұманға мүбәрак болсын. Дұғамызды Алла қабыл қылсын. Бұл дүниеде аман қылсын. Ақыретте иман үшін. Бұны жазушы: Ғали (Әли) Қожа. Оқығандардан иман дұға үшін. Шын атым Молла Ғали Мұхаммед. Қолымнан келгені осы».

Ұсынылған жолдардағы мәліметтерді Қабылсаят Әбішев Әзімбайұлының тапсыруы бойынша мынаны келтіреді: «Мен … қолжазбаны аударуда бір тоқтамға келіп отырмын: Біріншісі, Шортанбай Қанайұлы делінуі қазақ арасына кеңінен мәлім болған атау. Екіншісі, жасырын (шын) аты (шариғат) һүкімінде аталуы. Дін білген шариғат жолын оқығандардың көбінде жасырын ат қосарласып жүреді. Сондықтан Шортанбай Қанайұлы Молла Ғали Мұхаммед болуы да мүмкін деген тұжырымға келіп отырмын» -деп түйеді.

Демек, Шортанбай Қанайұлының көпшіліктің күні бүгінге дейін шын есімімен аталмай келуі де осы жоғарыда айтылған анықтамалардың негізінде болса керек. Себебі ақынның тұлғалық ерекшелігінің нәтижесінде алған Шортанбай лақап есімі жалпы көпшілікке танымал.

Әдетте, лақап ат қою адамның ерекше белгісі мінез-құлқы, сыр-сымбаты мен бойындағы өжеттігі-ерлігі т.б. орай қойылатынын жоққа шығаруға болмайды. Мұндай сыртқы түр-тұлғасы мен мінез-құлқына қарай ат қою, лақап атты пайдалану көп ретте қазақ халқына да тән. Өйткені осындай сипаттар сол адамның бойындағы ерекше қасиеттерден хабар береді.

Шортанбай есімі «шортан» мен «бай» сөзінің қосылуынан пайда болған. Шортан – балықтың аты, ал бай – байлықтың сипаты. Олай болса еркіндік пен байлықты аңсаған ақын өмірде де еркін, бұғау салдырмаған, мұсылмандықты берік ұстанған, өмірге құштар жан болған. Ұлы даланың ұланғайыр өлкесі оны өнерге, ақындыққа жетелесе, отбасынан алған тәрбие адамгершілік пен тақуалыққа үйреткен.

Кезінде Мұхтар Әуезов: «Зар заман деген – ХIХ ғасырда өмiр сүрген Шортанбай ақынның заман халiн айтқан бiр өлеңiнiң аты. Шортанбайдың өлеңi iлгергi, соңғы iрi ақындардың барлық күй, сарынын бiр араға топтастырғандай жиынды өлең болғандықтан, бүкiл бiр дәуiрде бiр сарынмен өлең айтқан ақындардың барлығына «Зар заман» ақындары деген ат қойдық» -деген болатын (Әуезов М.  Әдебиет тарихы. Алматы:Ана тілі, 1991.192-бет.).

Шортанбайдың өмір сүрген дәуірі – Ресейдің отаршылдық билігінің дендеп, емін-еркін жайлаған кезі. Олар ұлы дала төсіне өз биліктерін енгізді. Талас пен тартысқа толы болыстық жүйелер қалыптастырды. Бас көтерер батырлар мен сөз бастар данагөйлер ығыстырылып, шабармандар мен жағымпаздарды маңына жиды. Яғни дәл осы кезеңде халық екі жақты тонауға түсті. Осындай екі жақты езгі, тонау, қорлау, тілден, діннен азғыру жалпыхалыққа қиыншылығы мен қорлығы көп зар алып келді. Осыны дер кезінде жете түсінген Шортанбай бүкіл мұң-шерін халқына қаһарлы үнмен жеткізді. Жеткізіп қана қоймай, ол осы кезеңді өзінше «зар заман» деп атап, осы тіркес арқылы заман халін үнге қосып жырлады:

Мына заман қай заман ?!
Азулыға бар заман,
Азусызға тар заман.
Тарлығының белгiсi:
Жақсы жаманнан түңiлген,
Жаман малға жүгiнген,
Мұның өзi зар заман.
Зарлығының белгiсi:
Бiр-бiрлерiн күндеген,
Жай-жайына жүрмеген
Мұның өзi тар заман.
Тарлығының белгiсi:
Мұсылманнан хал кеттi,
Тәңiрiм болғай демесiн!

Шортанбай мұсылманша (арабша) хат таныған қаламгер. Ол шығыс тарихынан, әдебиетiнен, мәдениетiнен және шариғат қағидаларынан жақсы хабардар болған. Сондықтан ақынның қаламынан шыққан туындыларында шығыс араб, иран тiлiнен енген орамдар, сөздер молынан ұшырайды. Шортанбай шығармаларында көбiне дiни лексика, яғни дiнге байланысты сөздер көбiрек кездеседi деген тілдік сипаты да қарастырылған (Мансұров Н.Б. ХІХ ғасыр поэзиясындағы араб, иран кірме сөздері (Дулат, Шортанбай, Мұрат шығармалары бойынша) филол.ғыл.канд.дисс. 2006ж.).

Бұл жөнiнде академик Р.Сыздықова өз еңбегiнде: «Ол-өзiнiң идеологиялық көзқарасында мұсылманшылыққа иек артқан ақын. Оның сараң адамға анықтамасы «Малдан зекет бермеген, Аузына құдай кiрмеген» деп келедi, «Жаббардың екi болмайды, Әмiр қылған жарлығы» деп, «ақиқатты» еске сала кетедi, «Құдай деген мүһминнiң, Ауыздан кетпес тобасы, Иманы бардың белгiсi Тiлiнен тамар шырасы», «Сираттың желi соққанда, Руза-намаз пана-ды» деген сияқты өзi таныған шындықты мойындайды» дейді (Сыздықова Р. Қазақ әдеби тiлiнiң тарихы, Алматы, Мектеп, 1984.200бет.).

Шындығында, ХІХ ғасыр қазақ тарихында күрделі әрі ауыр кезең болғаны жасырын емес. Міне осындай сәттерде өзінің ер мінезін танытып, еркіндікті аңсаған ақын ретінде мойынға бұғау салдырмай арпалысқа түскен Шортанбайды көреміз. Ал бұл оның екi жақты қанаудан қажыған, жүдеу, аш-жалаңаш, тарығып, тозған елдiң ащы мұңын, қайғы-қасiретi мен мұң-зарын ақындық өнерiмен еңiреп жеткiзудегі ішкі жан сыры. Тек қана жан сыры ғана емес, Шортанбай есіміне лайық болған даналық ерекшеліктің нақ өзі. Содан танымал болған ақынның шын есімі емес лақап аты толық орнықты. Осыдан барып, Шортанбай аты – Ғали (Әли) Мұхаммедті, ал «зар заман» тіркесі тұтас бір дәуірдің атын алмастырды.

Адамзат баласының есімін қойғанда да оның өмірлік екенін ескерген абзал. Қазақы дәстүрімізде сәбидің есімі мағыналы әрі мәнді болғанын қалайтыны рас. Бұл ретте де Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген: «Балаларыңа Пайғамбарлардың есімдерін қойыңдар әрі есімдердің ең сүйіктісі Абдулла, Абдурахман» деген. Сол себепті бабаларымыз өз балаларына пайғамбарлардың есімін осыған байланыста қойған. Ал біз сөз етіп отырған Шортанбайдың есімінің де Мұхаммед аталуы осы негізде болса керек-ті.

Қабылсаят Әбішев және Қалила Омаров

Ал Ғали есімі тарихтағы белгілі Хазіреті Әлидің құрметіне қойылған. Әли – араб тілінден биік, аса зор, заңғар мағыналарын береді. Осы ретте одан біріккен тұлғалы есімдер де қалыптасқан – Әлимұхаммед, Әлиайдар, Әлиасқар, Әлихан, Әлиахмет т.б.

Оның Ғали үлгісінде қолданылуы араб тіліндегі «айн» дыбысының қазақ тіліндегі «ғ» дыбысымен айтылуы. Бұл кірме сөздердің ауыс-түйісінде орын алатын дыбыстық құбылыс. Тілімізге шығыс тілдерінен оның ішінде араб, парсы тілдерінен енген сөздердегі айн дыбысы ғ дыбысымен алмасуы жиі кездеседі. Мысалы: عجب  әджәб-ғажап, علامتәламәт-ғаламат, عفوәфу-ғафу, عرشәрш-ғарыш, عصرәсыр-ғасыр, وعظ  уәзә-уағыз, ساعت саәт-сағат т.б. ал негізінде мұндай сөздердегі айн дыбысы «‘»таңбасымен берiледi. Бұл жайлы белгілі дінтанушы Абдулла Жолдасұлы «…араб тілінде біздің тілімізде кездеспейтін айн дыбыс бар, оны көбінесе «ғ» дыбысымен беріп жүр. Ол дұрыс емес. Оны халықаралық тәртіп бойынша [‘] белгілейді» дейді (Жолдасұлы А. Пайғамбарымыз Мұхаммед соллаллооһу алейһи уә сәлләмнің тарихы мен өмірнамасы. – Астана, 2017. 9-бет.).

Бұл мәселенің бірі болса, екінші араб кірме сөздерін қолдануда Шортанбай ақынның өз қолданыс ерекшелігі барлығын көруге болады. Ақын арабша сауатты болғандықтан кірме сөздерді өз пайымы бойынша пайдаланды. Мұндағы автордың жеке қолданысы. Сөздің индивидуальдық варианты жеке адамның сөйлеу ерекшеліктеріне байланысты болып келеді. Стильдік вариант жеке адамның сөз қолдану мәнерін білдіреді дейді И.Қ.Ұйықбаев (Ұйықбаев И.Қ. Қазіргі қазақ тіліндегі варианттылық проблемасы. Алматы, 1976. -13 бет.).

Сондай-ақ Шортанбай ақын заманында, яғни ХІХ ғасырда араб сөздерінің көп ретте «ғ» дыбысымен қолданысы әбден орныққан кезі деуге болады. Сол дәуірдегі араб тілінде «айн» дыбысы бар сөздер «ғ» дыбысымен дыбысталып қолданылғандығын байқауға болады: عدالة’аделет-ғаделет,عادت  ’адет-ғадет, عادل ’адiл-ғадiл, عذاب ’азап-ғазап,عزيز  ’азиз-ғазiз, عقل ’ақыл-ғақыл, عالم ’алам-ғалам, عالم ’алим-ғалым, عبرة ’ибрат-ғибрат, عمر ’умр-ғұмыр т.б.

Келтірілген мысалдар Шортанбай ақын есімінің Әли нұсқасынан Ғали үлгісінде қолданылғанын аңғартады. Алайда кейіннен мұндай сөздер өзгеріске түсіп тілімізде Әли – Ғали, Қали, Әлі болып қалыптасты. Бүгінде шығыстық үлгідегі Әлимұхаммед, Мұхаммедқали, Мұхаммедәли, Мұхаммедәлі т.б. осының нәтижесі.

Сөз жоқ, тілімізде шығыс тілдерінен енген мұндай кісі есімдерін көптеп кездестіруге болады. Бұл есімдер тұлғалық жағынан көбіне қазақы сияқты көрінгенімен, олардың осындай қалыпқа енуіне тілдік қолданыстағы тарихи кезеңдердің де әсері. Атап айтқанда, мұсылманша хат таныған қазақ ақындарының шығармаларында дiнге, шығыс тарихына, әдебиетiне қатысы барларында кісі есімдері молырақ кездеседі. Олар: Мұхаммед, Сүлеймен, Ибраһим, Мұстафа сияқты пайғамбарлар есімі, Софы Аллаяр, Әли, Әкiм сияқты мистiк ақындар мен Пайғамбарымыз (с.а.у.) достарының есімдері.

Ал кісі есімдеріне лақап ат қою халқымыздың салтында бұрыннан қалыптасқан. Мұндай сипаттағы есімдердің қолданысы шығыс халықтарынан ауысқан болуы да мүмкін. Себебі шығыс халықтарында бұлай атау көнеден бастау алады. Айталық, тарихтағы Әлидің – Мұртаза, Әсәдулла, Шахимардан, Хайдар т.б. батырлық сипатта аталуы осының айғағы. Ал қазақ танымындағы тұлғалардың лақап атымен танылған Шыңғысұлы Мұхаммед Ханафияның Шоқан, Құнанбайұлы Ибраһимнің Абай есімдерімен аталуынан артық мысал болмаса керек-ті.

Бұл жайлы дін ғалымдары да оң пікір айтқан. Ғалымдар егер бір кісінің өз есімі адамдардың арасында ұмытылып, жағымсыз мағынадағы лақап атымен ғана белгілі болса, оны қолдануға болады деп санаған. Ал, араб халқының есімге қатысты дәстүрінде «куния» деп аталатын сөз бар. Куния дегеніміз әкесін баласының атымен байланыстырып атауы. Мысалы, Әбу Абдулла-Абдулланың әкесі, Умму Ахмет-Ахметтің анасы. Кейде лақап мағынасын да білдіреді. Мысалы, атақты сахабаның лақабы Әбу Һурайра – «Мысықтардың әкесі, иесі», Әбу Туффах – «Алманың атасы» – «алма сатушы» не «бағбан» деген мағынаны білдіреді (Дін мен дәстүр. ІІ кітап. – Алматы, 2017. 23-бет.).

Бұл сол шығыс тілдерінен енген есімдерді қазақылау не болмаса діни мазмұндағы адам аттарына шектеу қою емес. Мүмкін әр заманның өзіне тән есімдерін қалыптастыру не болмаса діни сенім негізінде орын алған мұсылманша атауларды құрмет тұтып, оларды барынша әулие санап, қастерлеу. Өйткені сонау көнеден қолданыста орын алған мұндай есімдерді олар Ислам діні келмей тұрғанның өзінде Алланы Тәңірге теңеп, ұлыларға құрбандық шалып, дін таратушы Пайғамбар (с.а.у.) ұрпақтарын әрқашан құрмет тұтқан. Міне осындай сипаттағы сенім мен таным жоралғылары кісі есімдеріне қосымша пайдалануға болатындығын, оның ешқандай кедергі туғызбайтындығын білген. Сондықтан кісі есімдеріне орай лақап аттар пайдаланылған. Бұл ретте Шортанбайдың да өз заманында азан шақырылып қойған атымен бірге лақап атының болғандығын айтқымыз келеді.

Сөзімізді түйіндей келгенде, сөзге негіз болған Шортанбай ақынның дұға жазып қалдыруында оның діни сауатты болғандығы әрі шариғат амалдарын барынша ұстанғандығы, арабша, парсыша тілдерде хат танығандығына тағы да бір дәйектеменің табылғандығын нақтыласақ, оған қоса оның шығыстық сарында әдебиет пен мәдениетке орасан үлес қосқан қаламгер болғандығын танып білеміз. Оны ақынның қаламынан шыққан өлең-туындылары да нақтылай түседі.

Келесі осы өлең-туындылары мен қожазбалары арқылы Шортанбай есімімен танылған ақынның шын есімі, яғни азан шақырып қойған аты Әли Мұхаммед екендігіне айғақтаймыз. Мұның басты айғағы қолжазбадағы (дұғадағы) өзінің қолымен жазылған шын атының анықталуы. Мұның дәлелі Шортанбай Қанайұлы өзіне дұға етушілер үшін шын атының аталғандығын қалағандығы. Өйткені дінде дұға еткенде кісінің азан қойылып аталған аты, тегі толық аталуы негізге алынады. Бастысы, дініміз Исламда ақыретте адамзат баласы өз атымен аталатындығы.

Бұл жөнінде Әбу Дәрдадан (р.а.) жеткізілген хадисте Алланың елшісі (с.а.у.): «Сендер Қиямет күні өздеріңнің есімдеріңмен және әкелеріңнің есімдерімен шақырыласыңдар, сондықтан да есімдеріңді жақсартыңдар» -деген (Әбу Дәуіт. Сүнән Әби Дәуіт. №4950 хадис. Дін мен дәстүр. ІІ кітап. – Алматы, 2017. 15-бет.).

Шариғаттан толық хабары бар молда ақын Шортанбай мұны дұрыс түсініп қана қоймай, нақты білгендігі арқасында орынды санап, әділ ұстаным жасап, шын есімін жазып қалдырған.

Нұрлан МАНСҰРОВ,
Еуразия ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button