Мәделі қожа

(жалғасы)

Қожеке, отырам деп қасыңызда,

Азап сатып алдым-ау басымызға.

Деп ол да үйден шығып кеткен екен,

Мен риза деп жейтін ет-асыңызға.

 

Қалипа Мәделіге қосыларда,

Шартымды айтамын алдын, есім барда:

”Тоқал’’ деген сөзді сен айтпа депті,

Бойыңа теңеп алған мендей жарға.

 

Тілегін Қалипаның қабыл етіп,

Айтпады тоқал сөзін сабыр етіп.

Бір күні сынамаққа «әй тоқал» деп,

Шақырады жан-жаққа дабыра етіп.

 

Қалипа бұл сөзіне намыстанып,

Батырдың құзырына жетіп барып,

Уәдең қожа сенің кайда дейді

«Тоқал» сөзін айтпауға берген ант.

 

Мен саған енді қожа жоқпын дейді,

Батуға Сыр суына кеттім деді.

Дарияға өзін атып тастағанда,

Кенжехан «Ақтаң кермен» жетті дейді.

 

«Ұстама, шырақ» десе тыңдамастан,

Мықтан ұстап өрілген қолаң шаштан,

Дариядан ат жалдатып шығарады,

«Жеңгелей» жалынып, сипап бастан.

 

Бұл жайдан хабарланған Ахмет сұлтан,

«Өлсе егер суға батып менің ағам,

Құнынан құтылмас ең дегенінде»,

«Білемін, депті батыр, жоғын апаң»

 

«Төренің түп атасы қалмақ еді,

Өлерінде кебінін жалмап еді.

Ажалынан өлсе де маған төлет,

Жалғанда жемеген боғың қалмап еді.

 

Жүйріктің майда келер құйрық жалы,

Сөйлемес жалған сөзді ер Мәделі.

Апаңның көзі тірі – кетсе мейлі,

Опасыз, апаң үйде отыр әлі!»

 

Деген сөзді айтыпты осы тұста,

Қалипа жайлы сырды шертсек қысқа.

Осылайша әңгімелеп отыратын,

Құйма-құлақ қариялар сөзі — нұсқа.

 

Әлқисса Қалипадан сөзді бөліп,

Түркістанның жағдайынан хабар беріп.

Көтеріліс барысын баяндайық,

Мәделі жата тұрсын үйге келіп.

 

Күреске Түркістанның жанындағы,

Жан-жақтан қол қосылып маңындағы.

Әкімнің сарбаздарын сансыратып,

Жеңудің қарастырды қамын әрі.

 

Қаланың қоршап алып тұс-тұс жағын,

Әкімнің іске асырмай айла-шарын.

Қаланың қақпасына атой салып,

Түнімен дүрліктірді атырабын.

 

Таң ата Мырзадәулет сасқанынан,

Халыққа үндеу айтты тастап ұран.

Бәріміз мұсылманның баласымыз,

Пайда жоқ қанды босқа шашқаныңнан.

 

Заңына шариғаттың жүгінейік,

Сол заңмен сүруге өмір бірігейік.

Деп халыққа пікірін жария етті,

Аңлатып жұртшылыққа жылы кейпін.

 

Осындай көтеріліс Әулие-ата,

Маңында Піспек, Тоқпақ, Алматы,

Ақмешіт, Шымкенттер де бой көрсетіп,

Қоқанға соққы берген ойсырата.

 

Мұһаммед Салих айтқан деректерде,

Түркістан мен Ташкенге жақын жерде.

Жүре алмай қалған екен деп айтады,

Жергілікті халықтан бір жан өзге.

 

Шымкенттен үш мың сарбаз жиып-теріп,

Мырзадәулет — Моллабек көмек беріп,

Қоқанның көп қолынан қорыққан ел,

Бетпақтың даласына кеткен еніп.

 

Орыстың пана болған қамалдары,

Қалмаған басқаша бір амалдары.

Көбі көшіп Сарысу, Саудакентке,

Ұлықты Ниязәлі сағалады.

 

Аңлатып Ниязәлі жылы шырай,

Қарсы алды елді келген жылы ұшырай.

Жағдай жасап жайлау мен жай береді,

Қиналған халықтың хал-жайын сұрай.

 

Бас қосып елдің жайсаң-жақсылары,

Болыс-би, датқа мен бай басқалары.

Шымкентте басты қосып ақылдасып,

Коқанға бір топ елші аттанады.

 

Бас қосқан осы үлкен маслихатта,

Елшіге болып басшы Қанай датқа.

Қажетті сый мен тарту таралғы алып,

Қоқанға жөнеледі мініп атқа.

 

Қабылдап Құдияр хан елшілерді,

Қанай менен келеді келісімге енді.

Мырзахметті Ташкеннен Қоқанға алып,

Інісі Мұратқа орны берілсін деді.

 

Тый деп бүлікті Қанайға ел ішіндегі,

Қайтуға рұхсат деп қол ұшын берді.

Сөзіне Моллабектің құлақ асып,

Салықты жеңілдетуге келісім берді.

 

Жылында мың сегіз жүз елу сегіз,

Ханға қарсы қозғалыс шығып семіз.

Ақыры қаталдықпен жанышталды,

Сатқындардың саулығы тауып егіз.

 

Ташкеннен Мырзахметті Қоқан алып,

Мыңбасы лауазымын бергені анық.

Бұл істі Құдиярдың ұнатпастан,

Моллабек іштей теріс көргені анық.

 

Моллабек жасы үлкен ағасы еді

Хан тақты қастерлеуге талас еді.

Ділі қатты – діні мықты, тілге шешен

Ісіне Құдиярдың сарашы еді.

 

Моллабек Құдиярдың қылықтарын,

Ісіне сай емес деп ұлықтардың:

Итпаздық, қартапаздық, қатынпаздық,

Сияқты істің себуде ұрықтарын.

 

Беріліп майқанаға сауық-сайран,

Мемлекеттің жұмысын тастап қойған.

Көтеріліске кінәлі інім дейді,

Мырзахметтерге билік беріп қолдан.

 

Күйінген Құдияр ханың ездігіне,

Парасат ақылының кемдігіне.

Моллабек насихатын таржима еттіп,

Берейін оқырманға енді міне.

 

         Моллабектің   Құдиярға насихаты          

 

Жасы үлкен ағасы еді ол Моллахан,

Ақылын аянбайтын Құдиярдан.

Сондықтан қамын көп ол жейтін еді,

Сырларың шебер тілмен шертіп енді:

 

– Інім бұл насихатты ұғып алғын,

Бойыңды жаман істен аулақ салғын.

Падиша адам ісі халыққа дем беретін,

Хан – хан емес итпаздықты жөн көретін.

 

Қайдан келді саған бұл қасиетсіз ой

Бір итіңнің жегені күнде бір қой.

Таңданарлық елге сенің бұл қылмысың,

Өзіңе лайық па бұл жұмысың?

 

Жауға шабар не бір жайсаң ер жігіттер

Аш жүріп, тоқ болуда сендегі иттер.

Ер қадірі – ит қадірінен болған соң кем,

Ғаламда қорлық бар ма дәл бұған тең?

 

Хан ісі ме бұл деген қандай ісің,

Аттың құнын бергенің бір ит үшін.

Ер қанаты ежелден ат емес пе,

Хан болсаң дәйім сақта бұны есте.

 

Құлағыңа насихат дүрін құйып алмасаң,

Қал жайына жігіттердің қарамасаң.

Салмасаң насихатқа бұл құлағыңды,

Сенің ісің халыққа зиян мүлде.

 

Бұл бір зая кеткен іс – хан ісі емес,

Ел хош көріп бұныңды дұрыс демес.

Қасыңнан шықпай талай ақылы кем,

Өздерін көрсетер данамен тең.

 

Өздерін қулық пенен етіп жақын,

Жүздерін жүз құбылтып айтар датын:

Сені бір майханада ірі етіп,

Өздерін әйдаһардың бірі етіп.

 

Басқаларды үкіметтің құлы етіп,

Өздері ішіп-жеумен күні өтіп.

Бәрі де жарлығыңды таптаута бар,

Теріс қарайды тегін оған бермесең мал.

 

Аң аулай қызығына болсаң да қарық,

Досың мен дұшпаныңнан көре біл парық.

Жаннан кешіп қызметті қылса егер,

Одан адам аямас мал менен зер.

 

Ылайық қызметіне сый бермесең,

Жылытар тон қадірін сен білмесең.

Білерсің ой өрісің болса терең,

Көзесі су бергеннің сынғанмен тең.

 

Бола қалса басыңа дұшпан төнер,

Келе қоймас қасыңа жан желеп-жебер.

Мас болып, масқара боп ішіп-жеме,

Қазынам тек көбейе түссін деме.

 

Жиналса дәулетіңе қазына мол,

Оны орнына жұмсаудың қамында бол.

Қазынаң молайса егер ашқын оны,

Жомарттық қолың менен шашқын оны.

 

Әркімге оны өзіңнің қолыңмен бер,

Қолыңмен бермегенді ит пен құс жер.

Кісі арызына салғын тек өзің назар,

Әр істі көзбен көріп қол ұстаса озар.

 

Жаңалық іске қолды қайым еткін,

Сыпайылар қажетін дайын еткін.

Бұл бір жаңа насихат, бұл жақсы сөз —

Ұға алмас көкірегінде болмаған көз.

 

Бұл айтқан насихаттың маңыздары,

Ақиқат — ертегі емес аңыздағы.

Ит жетектеп, карта ойнап, пара жеген,

Көлеңкелер сияқты жанымдағы.

 

Нарықтық заманада қалыптасқан,

Аңсауда аяқтарын шалыс басқан.

Ит құмар, карта құмар, даңқ құмар,

Азғындар да аз емес асып-тасқан.

 

Мүлікті қолы жеткен талап алып,

Зауыт, фабрика тоқтағаны қалада анық.

Өнген өнім кемейіп күн-күн сайын,

Шаруа шайқалғаны далада анық.

 

Сауда деп қатын-қалаш қыз бала да,

Сансырауда деп ептеп пұл қала ма.

Рекет-заңгерлерде жанын салып,

Деген көп сыбағамнан құр қалам ба?

 

Бақ құмар, атақ құмар, даңқ құмар,

Сыбайластар қауышып ұмар-жұмар.

Арақты қолдан жасап сатқандар көп,

Шөлмекке жаңа этикет тағып тұмар.

 

Ел қамын ойлау деген естен шығып,

Бас қамымен есенсіз жүрген ығып.

Осыларға арналған ұқсап кетті

Құдиярға Моллахан айтқан үгіт.

 

Ферғананың тарихын жазып кеткен

Жұнайдулла Қожаұлы жария еткен

Өлеңді оқып көріп кітаптағы,

Тұрсынәлі Айнабекұлы тәржима еткен.

 

Қоқан, Бұхар арасы шиеленіп,

Шекаралар бұзылып иеленіп.

Тақ таласы шегінен шыққан кезді,

Хандықтан бірі кетіп, бірі келіп.

 

Моллабек – Құдиярдан тартып алып

Хандықтың салтанатын құрғаны анық.

Орнатып қатаң тәртіп шариғаттың

Шартына жұртшылық бас игені анық.

 

«Құдияр Бұхар қашып Әмір кетті,

Моллахан шариғатты анық етті.

Көп қазақ байтабасын басын орап,

Райыс базаршыны жәбірлетті.

 

Түзелді үш жылғаша көп жұмыстар,

Әр хан-ақ шариғатты солай ұстар.

Кісілер ілім білген ғазиз болып,

Күшейді Қазы-Мүфті, Райыстар».

 

Деп жырлаған уағында Майлықожа,

Дәріптеп Моллаханды жұрттан оза.

Өлгенінде қайғырып кәрі-жастар,

Деп айтар қара киіп тұтқан аза.

 

Құдияр ісін қолдап мият қылар,

Мыңбасы Мырзахмет сияқтылар.

Хандықтың маңайынан аластанды,

Ит құмар, қораз құмар, қызық құмар.

 

Кезінде тақ таласпен жүрген шетте,

Әлімқұл атқосшы екен Моллабекке

Моллабекті Әлімқұл қырғыздағы

Таныстырған Сейітбек, Әлімбекке.

 

Қырғыз туысын үгіттеп молла Әлімқұл,

Қыпшақтар ұлығымен де табысқан тіл.

Маңына Моллабектің топтастырған,

Бір жеңнен – қол, шығарып бас – жағадан бір.

 

Атқосшы Әбзәл басшы, Жемге басшы,

Әкім болған дөңгелеп өрге тасы.

Мырзадәулет қызына үйлендіріп,

Моллахан берді амалын Пансат басы.

 

Хандардың қалмаған деп қайда басы,

Өлтіріп Моллабекті айналасы.

Хан тағына қарауыл болу үшін,

Жарайды деп Сұлтан-Сәйід жас баласы.

 

Мың басы, пансатбасы, парманашы,

Молда-мүфті, қазы-кәлән, қазынашы –

Сәйідті хан көтеріп ақ киізбен,

Молла Әлімқұл болды – әмір, лашкар басы.

 

Мемлекетті қолына алған басып,

Әлімқұл басқаруда жанталасып.

Бұхардың әмірі де Коқанға хан,

Құдиярды қоймақ қайта болса нәсіп.

 

Бұл жайдан хабары бар орыс қолы,

Қазақтың даласында болып жолы.

Әулие ата, Түркістан, Піспек, Шымкент,

Ташкен мен Қоқанды алмақ келсе оңы.

 

Баласы Кенесары – сұлтан Сыздық,

Ата жолдан кетпестен күдер үзіп.

Қоқанды орыс алса Бұхар барып,

Күресуге алады бетті түзеп.

 

Тайшық пенен інісі Ахмет сұлтан,

Орыс жаққа шығуға белін буған.

Осылай екі жаққа бөлінеді,

Адамдар ағайынды бірге туған.

 

Маңына Ақмешіттің көшіп барып,

Әкімнен Дебу атты рұқсат алып.

Жаңақорған қамалын орыс аларда,

Тайшық, Ахмет ерлігін көргені анық.

 

Жөлекте «Қарамұрын» шайқасында,

Қоқан менен орыстың айқасында.

Төрт жүз әскер, мың сан қол қоқандықты,

Жеңеді Тайшық, Ахмет арқасында.

 

Сол соғыста үш бірдей әскер басы:

Бектібай, Айдарбек, қоңыраттың Телқожасы,

Тайшыққа тап бергенде, үшеуін де,

Сайыста сансыратқан басып тасы.

 

Бектібай батыр – Жалаңтөстің ұлын,

Найзамен түйрегенде Тайшық бұрын,

Аузынан кірген найза желкесінен,

Шығып шейіт кеткен дер үзіліп жұлын.

 

Телқожа найзасы да сол бір шақта,

Тайшықтың сол иығына батқан уақта,

Ырғағанда әрі ауып сауырына ат,

Найза сынып тіктелген әрең атқа.

 

Сол жарадан ер Тайшық қаза болып,

Ахмет бастан өткізіп талай жорық,

Мың сегіз жүз сексен сегіз жылда өтіпті,

Бірнеше лауазымға ие болып.

 

Орыстан бетін бұрған Сыздық сұлтан,

Қоқанның хандығынан келіп пәрмән:

Созаққа әкім болып тағайындалды,

Орысты өткізбеуге шекарадан.

 

Тарихын Сыздық сұлтан айтсам бастан,

Өз алдына бір бөлек болар дастан.

Отарлаушы орыспен күресуде,

Сан қилы оқиға өткен ғазиз бастан.

 

Суреттеп Мәделінің қайын жағын,

Өлеңмен ете берсем жайын мәлім.

Мың бір түннің ертегі сияқтанып,

Кететіні өзіме зайыр мәлім.

 

Жазылып кеселінен жараланған,

Мәделі жан-жағынан хабар алған.

Ақмешіттен орыстар от-кемесі,

Кез еді Сырды өрлеп жағалаған.

 

Қоқан қолын басқарған Қанағат шах,

Қырық мың сарбаздардан құрылған сап.

Жетісуда сегіз жүз орыс қолынан,

Жеңіліп қайтты деген бар қауесет.

 

Түркістан, Әулие ата, Піспек, Тоқпақ,

Қарулы орыс қолы келген тоқтап.

Картасын сызып жердің ие болып,

Биіктерге белгі ұрып, қазық қақпақ.

 

Мәделі ой жіберіп шартарапқа,

Ойдағы орыс, өрдегі Қоқан жаққа.

Бұқарайы-шәріпті жөн көреді,

Қолайлы қоныс тауып жай алмаққа.

 

 

«Белбеудің бел қышиды шешерінде,

Жылқы мал тебіспейді өсерінде.

Сыр менен Мәделінің қоштасқаны,

Бұхарға жоғарылап көшерінде.

 

Аман бол, Қосжарсуат — туған жерім,

Кіндік кесіп кірімді жуған жерім.

Желі тартып жем беріп бедеу атқа,

Дүрілдетіп жылқыны қуған жерім.

 

Мәделі Бұхар барып қоныс алар,

Бір жылдан соң бұл жерді орыс алар.

Шымкент пенен Түркістан, Жетікентті

Асып барып Ташкенге қолын салар.

 

Балалар күлісесің хош уақта,

Әзір жағаң кәпірден бос уақта.

Біздің сөз еш далаға кетпейтұғын,

Жетпейді ендігі жыл осы уаққа».

 

«Ақ патша әділмін деп сендіріп тұр,

Аузынан шыққан сөзін ем қылып тұр.

Ой мен қыр, жер мен суға ие болып,

Әр жерден қазық қағып, белгі ұрып тұр».

 

Деп жазып кеткендері осы тұста,

Уағында лұғаттай болған нұсқа.

Оқырман таныссын деп жөн сілтедім,

Өлеңінен үзінді беріп қысқа.

 

Әділет пен шындық боп іздегені,

Хақ дінінен күдерін үзбегені.

Дін ислам туын тіккен Бұхар жаққа,

Көтерілді Мәделі тұз дегені.

 

Мақсаты – дін исламның туын ұстап,

Қайыр дінді қайтару көрген қыспақ.

Қоқанға да қол шоқпар болғысы жоқ,

Елден зекет еселеп алған қыстап.

 

Соңына ертіп жігіті мен желеңдерін,

Мақтаныш ететіндей өнерлерін.

Бет бұрып Жызақ жаққа көшкен екен,

Бірге алып Майлы, Аппаздай өрендерін.

 

«Кешегі жүрген Аппаз ең,

Сен қай жақтан тап-таза ең

Мәделі ағамның аяғын уқалап,

Жызақта бізге Аспаз ең».

 

Аппазға болыстық бақ қонған кезде,

Артықтау аузынан шыққан сөзге.

Майлы ақынның бір ауыз сөзі екен,

Кесіп айтқан кемшілігін түскен көзге.

 

Мәделі Сырдан кешіп Жызақ барып,

Жақыпбектің қолында болғаны анық.

Барғанда Бұхар әмірі Мұзаффарға,

Жызақты қорға депті қолқа салып.

 

Бұл кезде орыс келіп Әулие-ата,

Шымкентке бет алған кез қамал тарта.

Орыс пенен күресте молла Әлімқұл,

Жұрт айтар жіберген деп үлкен қата.

 

Ақмешіттен Түркістан келіп әскер,

Кырылған дейді қолы Әмір-лашкер.

Мылтықты, зеңбіректі орыстарға,

Нысана болып – жаяу, атты әскер.

 

Қаруланған орыстың сарбаздары:

Мылтық, зеңбірек, жарылғыш оқ пен дәрі.

Жүз сарбазды мың әскер жеңе алмай,

Қарсыласқан қырылып қалды бәрі.

 

Атабек датқа, Байұзақ, Ниязәлі,

Іс білер қолбасшының жиылып бәрі.

Камал тартып мылтық тек зеңбірекпен,

Орыспен соғысудың болған жағы.

 

Бұл әдіс сатқындық деп қолдамастан,

Он мың сан әскерімен алға басқан.

Нәтижеде көп адам шәһит болып,

Өлмегені ылажсыз кейін қашқан.

 

«Әзіреті Қаратау» деп басталатын,

Жырында ұзақ сонар Мәделі ақын

Өлең менен сипаттап жазған екен,

Орыс пенен Әлімқұл атап атын.

«Бас киімі талыстай,

Орыс алды қонысты-ай.

Мұсылманның ішіңе,

Кәпірлер қойды болысты-ай.

Атасы жаман Әлімқұл —

Мұсылманның баласы,

Кәпірге қойды пенде қып,

Қолдан беріп намысты-ай

Он тоғыз кентті алып тұр,

Мұсылмандар налып тұр,

Құдайдан қорықпай бұл орыс,

Тәшкенге қолды салып тұр.

Әлімқұл қашты Қоқанға,

Орысқа Тәшкен қалып тұр».

жалғасысын мына сілтемеден оқыңыз: http://kozhalar.kz/20185696-madeli-qozha

 

Сондай-ақ, оқыңыз

Сейітжаппар төреге хат

 Майлықожаның туылғанына 185-жылдығы қарсаңына  Майлы қожаның бір сайлаудың сарсаңы жайлы Мырзахмет бабаның туған бөлесі Қасымханның …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған