Білген Шайыр айтады

Майлықожаұлы Исабек ақынның Елтай Ерназаровқа хаты

1930 жылы Сарыағашқа Қазақ АССР Орталық атқару комитетінің төрағасы Елтай Ерназаров келеді. Ашыққан, тарыққан, торыққан халық Елтайдан салықты азайтуды, ашыққан халыққа қайта көмектесу керектігін айтады. Ал, белсенділер халықтың тұрмысы тәуір, салық жиануды жалғастыра беру керек деген көрінеді, соған иланған Елтай қайта үй басына жинайтын салықтарының мөлшерін көбейтіпті. Бұл шешімге наразы болған Исабек Елтайға қарап: «Қазақ, азап, мазақ, дозақ, дегендердің айырмасы қалмады ғой» деп реніш білдіреді. Исабектің:
Елтай келді ауданға,
Халықтың халін көргелі.
Ал, халық тұр шаршауда,
Лажы жоқ өлгелі.
Сенген төре келген соң,
Алдына халық барыпты.
Алдына барған халыққа,
Он пұт бидай – төрт сом пұл,
Қымбат қылған нарықты.
Ақыл қайда өзіңде,
Ажыратар парықты.
Алла рахым қылмаса,
Ғарып пендең тарықты.. деп келетін өлеңі сол күні-ақ ел арсына тарап кетті. Содан кейін көп ұзамай-ақ, Исабек қуығынға ұшырайды. Кінәсіз қамалады.
Қазақ халқының тарихына көз жүгіртсек, оның көрген қасіреті аз емес. Сонау Ермактан бастап кешегі Қазан революциясына дейін созылып келген орыс мемлекетінің отаршылдығы, ақтабан шұбырындыға ұшыратқан қалмақ шапқыншылығы, нақ бүйірден найзадай қадалған Қоқан, Бұхара, Хиуа бектерінің тіміскі әрекеттері, талай-талай аламат жұт, ақ боран жылдар, індет, тіпті, халқымыздың жеке адамдар надандығынан көрген қасіреті көлеңкедей бір елі де ұзап кеткен емес.
1928-1933 жылдардың зіл-зұлматы солардың бәрінен зардапты болды. Бұл жылдары барлық қазақтың үштен біріне жуығы аштан қырылып қалды. Атамекенін тастап, Сібірге, Монғолияға, Қытайға, Өзбек, Тәжік, Түрікпен Ауған жеріне қаңғырып, босып кеткені қаншама?! Осы қиямет-қайым қиянатты Исабек ақындай батыл ашып айтқандар некен-саяқ. Оны Исабектің түрмеде оырып, Елтай Ерназаровқа жазған хатынан анық көреміз:
Қазақтың орталық
Алматы деген қалаға,
Елтай жолдас ағаға,
Бір арыз арнап жазылған,
Қатынатамыз араға,
Өзіміз іздеп баруға
Мінгізбес отараба.
Көп тұтқынның біріміз
Ісіміз ақ па, қара ма?
Ашылар еді тексерсе
Өтірік пе жала ма?!
Алдыңызға жолданған,
Көп тұтқынның арызы,
Кемшілікті баяндау,
Мойынымыздың қарызы.
Бастан-аяқ оқыңыз,
Боламаса да маңызы.
Елтай аға, былайша,
Сөзіміздің тәрізі:
Кешегі өткен заманда
Басымыз еріксіз құл еді.
Еңбекші елдің басына,
Қараңғылық түн еді.
Алпауыт байлар шаруаға,
Табандарын тіреді.
Жерсіз қалып диқандар,
Ахуалы кешкен бұл еді.
Бостандық еді сондағы,
Жалпы жұрттың тілегі.
Оған жағдай туғызған,
Ленин марқұм тірі еді.
Бастан тұман айырған
Өктәбірдің күні еді.
Үрмәт деп шулаған,
Еңбекші кедей үні еді.
Үш-төрт жылдай атысып
Тап дұшпаны жеңілді.
Жиырма екінші жыл толып,
Сонда сыртқы жаулардан
Бір демедік көңілді,
Тап дұшпанның кезінде
Көрсетпеді не күнді?!
Онан соңғы барлық күш
Шаруаға жегілді.
Астық, мәуе молайып,
Жерге тұқым себілді.
Алдымыздан тіледік,
Жақсылық, жайлы өмірді.
Бостандық тиіп халыққа
Жол ашылды саудаға,
Мал бағу, тағы егінге,
Еліміз болды көңілді,
Қайтадан халық бай болып,
Рақымет айтты Леннинге.

***
Мың тоғыз жүз сананың,
Жиырма сегіз жылында
Бел алды ел баюға,
Шығарылды декрет,
Ірі байды жоюға.
Тарылтып өріс қадамын,
Ауыстырып мекенін,
Басқа жаққа қоюға.
Өздерімен бір қосып
Қатын менен баласын,
Он-онбестен айдады
«Жерге-деп, –пәлен барасың»,
Баратұғын жерінің
Айтыңыздар шамасын…
***
«Біздік –деп-шын заман»
Кейдейлер онда ойланды.
Мерекелеп өткізді,
Тамаша қызық тойларды.
Қонысынан аударып,
Екінші жерге айдады.
Бастаушымыз кәменес,
Тегістік құру жөніміз.
Бай-құлақтан тазарту –
Негізгі бағыт жолымыз.
Ретіне келтірдік
Аластап елден оны біз.
Тап жауларын талқандау-
Орынды болды онымыз.
Оныменен тұрмадық,
Орташа кетті ойсырап,
Қызылға тиді қолымыз.
Нәубет келіп кедейге
Қайнады енді сорымыз.
Көрген істі айтамыз,
Кешірімді болыңыз!
Кешегі өткен жылан жыл
Айтарлық еді бір нұсқа.
Қиындық мұндай болған жоқ,
Табиғат, дәуір, тұрмыста.
Бір уыс масақ – он жылдан,
Лайықты қылмыс па?
Адырда жатқан аңыздар
Саятшы болды тор құрған,
Бір уыс терген масаққа-
Қатындарды он жылдан.
Баз бір кемпір тұра алмас,
Тұрғын десе орнынан.
Баз біреуі басынған
Белсенділерді жерлейді.
«Әруақ, Құдай» деп налып
Өткендерді тербейді.
«Қандай болып отыр деп?»деп
Баласын айтып еңірейді.
***
Қойшы менен қолаңшы,
Жұлма шапан кедейлер
Абақтыда көбейді.
Жұлма шапан кедейлер
Абақтыға сыймайды.
Буындырған немедей
Ұрмай-соқпай қинайды.
Өліп қалған өлікті
Бір бұрышқа жинайды.
Толып жатыр әңгіме
Айтуға аузым қимайды.
Ардақтап баққан ардомның
Ширек кем қадақ наны бар.
Кәпіста-кәрәм қайнаған
Ит ішпес сорпа тағы бар.
Сол ауқатпен ардақтап,
Меймандары әзіз бағылар.
Кірпіктері қимылдап,
Тек шықпаған жаны бар.
Ауру сырқау адамдар
Түр-түрімен табылар.
Рұқсатпен есік ашылып,
Есеппенен жабылар.
Қалаға шығу тәртібі
Дүжірнайға бағынар.
Былай деуге шаам жоқ,
Әдінөшке деген тағы бар.
Өлім-жітім кем емес,
Әр күн келер төрт-бестен.
Оңай өлім табылды,
Маңдайынан шертпестен.
Қарменен көміп жатырмыз,
Жерлеуге қуат жетпестен.
Жаңадан болған қала еді,
Өзіңіз көрген Сарыағаш
Қызылту жағы бірді өлік
Қарменен жатқан аралас.
Күн де жылып келеді,
Сасып кетсе жарамас.
Ық жағында мекеме
Ауданға ешкім бара алмас.
Солақай содыр, ұр да жық-
Төтеннен келген бұл да жұт.
Есеңгіреп ел сорлы:
«Бола ма-дейді жылда жұт?»
Мұның аты немене,
Асыра сілтеу болмай ма?
Он жылдан кесік болмаса,
Түзеліп кедей оңбай ма?
Әзіргі заман кімдікі,
Бұрынғы сорлы сорлай ма?
Өлетұғын болдық қой,
Өлгенде енді қорғай ма?
Жетінші ағус зәкөны
Негізінде сондай ма?
Байларға жаза көрсетті,
Кедейді тағы зорлай ма?
Өлікті жолға қалдырды,
Өткізе алмай әр жайға.
Саудагедің малындай
Қамап қойған тар жайға.
Шырқыратып, шулатып
Сабап жүр домзақ дорбайға.
Ендігі заң кедейді,
Осылайша қорлай ма?
Мына күйде жатқанда,
Түзеліп адам болмаймыз.
Өліп кетсек өкпе жоқ,
Қалсақ та тірі оңбаймыз.
Кедей шаруа қалмайды,
Шындығында сондаймыз.
Сол себепті, азырақ
Өлеңмен сөзді торлаймыз.
Болған істі баяндап,
Алдыңызға жолдаймыз.
1933 жыл
Хат мазмұны кімді де тебірентпей қоймайды, оның үсітне қоспасыз шындық айтылып тұр.
Исабек мұраларын көп жылдан бері зерттеп жүрген Тұрсынәлі Айнабеков Исабектің осы хатына орай арнайы комиссия келіп, Сарыағаш түрмесінің 40-тан астам кінәсіз отырған бейбақтарға бостандық беріпілгенін айтты. Исабек те сол топпен бірге босанады.

Мақала 1991 жылы жазылған
Әдіһам Шілтерханов, Шығармалары ІІ том,зертетулер мен мақалар. Шымкент: «Ордабасы» 2007 жыл
суретті түсірген Сұлтан Сейіт

Таңбалар

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған