Ғалымның хаты

Исабек те ер еді

Қазақтың  белігілі Майлықожа ақын өзінің палуан інісі Есеханды шақырып: «Күннің судай, жылдың желдей өте шығарын аңғармаған екенмін. Ен даланы атпен жортып, еркін аралайтын күнім өтіп барады. Кәрілікті де  дайындықпен күтіп алмаса болмас, мынау Жарсуаттан маған там салдырт. Сол жерден арық алып, анау өзіміздің тоғайды суландырайық»,-депті.

Есехан  ауыл жігіттерінің басын қосып, сол жылы тамды, келер жылы оман арықты бітіріп тастады. Қазіргі «Қожатоғай» кеңшарының орталығы орналасқан үлкен тоғай суландырылды. Ел егін сала бастады. Майлықожаның там  салып, отырықшылыққа ауысуын әркім әртүрлі  түсінді. тіпті, Алдаберген деген құрдасы Майлының бұл бастамасын ерсі көріп:

-Дәриямен сал ағыздың,

Салаға салып тал ағыздың.

Қартайғанда там салдыртқан

Нақ енесін ұрайын балаңыздың,-депті деген сөзі бар. Ал, қазақтың белгілі археолог ғалымы К.М.Байпақов 1984 жылығы шілде айында Майлықожаның бұл мекен-жайына археологиялық-топографиялық зерттеулер жүргізіп, әсіресе ақын қаздырған, ұзындығы 7-8 шақырмдай оман арықтың сол тұрғындардың егіншілікпен айналысуына, әлеуметтік жағдайларының жақсаруына көп септігі тиетіндігін дәлелдеді.

Әйтеуір, бұл там Майлықожаға құт болды. Ұрпаққа қалдырған небір інжу-маржан жыр жолдары осы тамда жазылды. Әбубәкір Диваев  осы жерде ұзақ күн жатып, Майлықожадан ауыз әдебиетінің небір асылдарын жазып алды. Қаншама адам бұл тамда Майлының  нәсиат өлеңдерін тыңдап, мейірлерін қандырды. Пәни жалған, өткінші дүние жайлы ой толғады. Бұл тамда үлкен үміт күттірген кенжесі Исабек туылды.

Әкесінен ерте жетім қалғанымен, Исабек ғазиз ананың қамқорлығы арқасында сезімтал, алғыр, бұла өсті. Ел ішінде көзге түсті. Исабектің онға келген шағында, атақты Құлыншақ ақынның баласы Майлықожаның қазасына орай көңіл айтқалы келіп, әулісіне кіреді. Исабектен өзге ешкімді көре алмай: «Маған Майлықожаның үйі керек, мен Құлыншақтың баласы едім, көңіл айтқалы келдім»-депті. Сонда Исабек: «Майлықожа мен Құлыншақ бір-бірімен тек өлеңмен сөйлесіп өткен. Құлыншақтың баласы  екенің рас болса, сен неге айтар сөзіңді өлеңмен айтпайсың?»-депті. шынашақтай баладан мұндай сөз күтпеген Құлыншақтың баласы сәл қысылыңқырап: «Әкеден бала өте туады, не жете туады, кейде кейін де туады» деуші еді қариялар. Мен әсте кете туған болуым керек, маған әкемнің  ақындығы жуысты болмады» Өзімде жоқ өлеңді қайдан табайын?» депті. Сонда Исабек мысқылдай күлімсіреп, тесіле қарап, көзінен от шашып:

«Ақынның келіп тұрмын әулісіне,

Аты мәлім халыққа дәу кісіге.

Ақ сұңқар іздеп келген ұшып кетіп,

Тұрымтай кез боп тұрмын шәулісіне,-дей салмадың ба деген екен.

Осылай өлең әлемінің есігін он жасында-ақ ашып, соңынан жиын-тойдың көркі болған Исабектің қалдырған мұрасы едәуір. Оның өлең-жырлары Қазақ ССР Ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасының қолжазбалар қорында сақталуда. Мен бұл мақаламда Исабектің ақындығын ған емес, күресктерлігін сөз еткелі отырмын.

Майлықожаның екі әйелі болған. Үлкен әйелі Қанпатшадан Жолбарыс, Асан, Қабылан, Әлімхан; ал, Исабек  Майлықожаның екінші әйелі Қанападан  туған. Қанапа – Меккеге  екі рет барып келген, араб, парсы тілдерін едәуір жетік білетін, кезінде сол өңірдің аса құрметті азаматы болған қараспандық төре Мүжреп әжінің қызы. Ақыл-парасаты жоғары, едәуір сауаты бар Қанапаны «ақылдың азабы да қиын, тым болмаса парасаты жағынан өзінің теңіне қосайын» деп Майлықожаға берген екен әкесі. Майлықожа өлген соң, үш жасар Исабегімен жесір қалған Қанапа қайнысы Есеханға тиеді. Есеханнан Мамытбек атты ұл көрген. Сол Мамытбектің Айтқожа деген баласы едәуір ақындығы бар, ата-баба мұраларын қастерлеп жия жүретін, той-думандарда, үлкен жиындарда өзінің сырнайына, не домбырасына қосылып, Майлықожа өлеңдерін айтудан жалықпай өткен адам.

Айтқожаның  айтуынша,  Исабек он бес – он алтысында осы ауылдың  бетке ұстар жігіті болыпты.

Исабектің ат үстіндегі алып адамдай күші соңынан Сыр өңірінің  көп жеріне мәлім екен. Қиянат көрген біреуге ара түспек Исабекке : «ақындықтан бізде құр алақан емеспіз» деп айтысқан Бәкірқожаға оның:

Аштырдың өлең айтып бар сырыңды.

Мен – дария, сен болмайсың тамшы құрлы.

Тартыссаң көкпарда да күшің мәлім,

Қолымды ойнатармын қамшы  ғұрлы.

Жерде де, ат үстінде піріңдеймін

Езермін алыссаң да алқымыңды.

Әлі де төңіректен ұяламын,

Түбірлеп түк қоймас ем тамтығыңды,-дейтін жері бар.

Бұл – құр мақтан емес. Ол шынында да сондай қайраттығы. Сарыағаш өңіріндегі елге зәбір берген Қ. дейтін әйгілі қарақшыны бір үлкен жиында көкпарша тақымына басып, жиынды бір айналып шығып: «Енді ұрлық қылмаймын» деген уәдесін алған деседі көнекөз қариялар.

Тағы бірде Келестің  бойындағы Абай базарда атақты Тұрғанбек болысың ағасы ұрлықы малмен ұсталады. Мал егесіне ұры теңлік бермейді. Малын таныған момын шаруа сол базарда жүрген Исабекті іздеп  тауып, мұңын шағады.

-Малыңды танып тұрсаң, неге ала салмайсың?-деген Исабекке.- ойбай, ол ұры ошақты Тұрғанбектің ағасы, маған теңлік бере ме?-деп жыламсырайды.  Сонда Исабек оны ертіп алып, шәйханада кілең өзі сияқты жуандарымен шәй ішіп, палау жеп отырған Тұрғанбекке келіп, ат үстінен:

-Тұрғанбек , аманбысың ошақтым-ай,

Сені мен көрмеймін ғой пошақ құрлы-ай.

Жасың түгіл қарттарың ұрлық қылып,

Талайдың түп қазығын босатың-ай.

Өкімет ықтиярын  маған берсе,

Шетіңнен құртар едім қосақтап-ай,-депті.

Аз ғана ақындығы бар, Исабекті қатты сыйлайтын әрі именетін Тұрғанбек орнынан атып тұрып, қол қусырып:

Тақсыр-ай, ұрлық қылсам  еркекпін де,

Сөзіңе сенің айтқан селт еттім бе?

Арабтан ауып келген алты үй қожа,

Айтысып сеніменен тентекпін бе?-деп әзілдей жауап беріп, сол жерде  ұрлықы малды Исабектің көзінше егесіне қайырып бергізіпті.

Исабектің Көпжанмен достығы

1916 жылы Торғайда, Жетісуда қазақ даласының тағы да басқа  жерлерінде басталған ұлт-азаттың  көтерілісінің дүбірі Сыр бойына жетеді. Исабектің Мамытбек атты інісінің баласы Айтқожа Исабекті де Амангелді сарбаздарының қатарында болған дейтін. Торғайға  Сыр бойының атақты шабандозы Барболов Көпжан, қаракөншік Құлман үшеуі аттанған. Амангелді  мінетін сегіз жасар  Көкайғырды Көпжан бас білдіріп берген деп отыратын. Көпжан мен Исабектің айнымас достығын, екеуінің де айтулы шабандоздығын бұл өңірдің қарттары осы уақытқа дейін аңыз қылып  айтады.

Көпжанның шабандоздығын Исабектің мына өлеңінен де байқауға болады.

Ортада сен бір өскен Көпжан едің,

Кезінде  қасқырдай-ақ көкжал едің.

Кісідей  сұңқар салған қанжыға тоқ,

Әйтеуір, той-жиында олжалы едің.

Сарыағаш  ауданындағы дарбаза ауылында Қалқожа ұлы Оралхан ақсақал тұрады. 1850 жылдардың басында Тәжікстан астанасы Душанбеде өткен Орта Азия  республикалары арасындағы жарыста көкпардан салым салып, М.С.Буденныйдың өз қолынан сыйлық алған адам. Елімізге танымал, белгілі шабандоз. Өзін Көпжанның шәкіртімін деп есептейді.

Көпжанның көкбардағы әбжелдігі мен күш-қайратын әңгімелегенде, кім-кімді де тамсандыра қоймайды.

Көпжанның өз аузынан естіген Орекеңнің айтуынша Исабек, Көпжан сардарбасы Амангелдінің емес, Әбдіғаппар әмірдің өз қасында болыпты. Арқасына желден өзге тимеген сегіз жасар айтулы Көкайғырды Көпжан көптің көз алдында бас білдіріпті. Мойнына құрық түскен асау аспанға шапшығанда, Көпжан шылбырдың екінші ұшын қамшысаппен білегіне қоса орап тартқанда, айғыр құлайды. Сонда Көпжан айғырды жатқан жерінде жүгендеп, тұрғанда қарғып үстіне мініп алыпты. Көкайғыр мен Көпжанның айқасына рқаның батыр жігіттері таңдана қарапты. Ауыздықпен езуін жырып, аузынан қанды көбігін ағызып, өзін әбден қамшының астына алып, терін сүмектетіп, еркіне көндірген Көпжан ертеңіне Көкайғырға ер салыпты.

Ол Көкайғырды Амангелді мінді ме, жоқ Әбдіғаппар әмір өзі мінді ме, ол  жерін Орекең айырып айта алмады.

Ал, Исабек күндіз соғыс өнеріне жаттыққан жігіттерді түнімен өзінің әсем өлең-жырларымен тамсандырыпты. Бірер апта өткен соң, Әбдіғаппар әмір бұл жігіттің жәй жырау емес, үлкен талант иесі екеніне көзін жеткізеді.

-Бір күні Исабек пен Көпжанды алдына шақыртып, «Қарағым Исабек, сен еліңе қайт. Қазақта қолына қылыш, мылтық ұстайтын жігіт аз емес. Батыр -бір оқтық. Соғыста жазым болсаң, мені Құдай, әруақ та, келер ұрпақ та кешпейді. Сені Құдай халқыңа өзіңнің ақындық өнеріңмен қызмет етуге жаратқан. Сол жолдан адаспа. Ал, Көпжан біздің адам екен. Бірақ сені жалғыз жібере алмаймын. Ол да қайтсын. Алдымыз қиян-кескі соғыс. Оңай жаумен айқасқалы тұрған жоқпыз. Тілеулес болсаңдар – соның өзі үлкен медеу» деп екеуін де Әбдіғаппардың өзі батасын беріп, алғысын айтып, кері қайтарған екен» дейді Орекең.

Исабектің бостандық жолындағы күрескер жігіттердің арасында аз да болса болуы оның былайғы өміріне үлкен әсерін тигізеді. «Езілген кедейге теңдік әпереді» деген ұранмен басталған Қазан төңкерісін ол әдепкі кезде үмітпен қарсы алды.

Келес пен Сыр бойына белгілі Айнақожа ишаннан оқып, сауатын ашқан, соңынан Сарыағаштың жылы суынан сәл жоғары «Офицертоғай» деген жерде  жалдамалы мектеп  ұстаған офицер татардан орысша оқыған Исабек Қазан революциясынан кейін едәуір қызмет істеген. «Қосшы» одағына бастық болудан бастап, қазіргі Сарыағаш, Келес өңірінде құрылған Ташқазақ уезі  төрағасының  орынбасарлығына дейін көтерілген. 1917-1918 жылдары Ташқазақ уезі төрағасының орынбасары болып істеген жылдары, халық құрметіне бөленіп артында өшпес із қалдырды

Ташқазақ дегені атынан-ақ көрінп тұрғандай Ташкентке қарайтын қазіргі Сарыағаш, Келес өңіріндегі қазақ ауылдарын бөліп алып, өз алдына дербес әкімшілік аумағын қалыптастырды.

Кім білсін Исабек бастаған сол кездегі қазақ зиялы жігіттері алдын болай білген көрегендікпен іске асырған жанкешті әрекеттері болмағанда, қазіргі Сарыағаш, Келес өңірі тарихтың аласапыран кезеңдерінде Ташкент облысына қарап, Өзбекстан құрамында біржола қалып қоюы мүмкін-ау деп ойлаймын.

Ерназаровқа хат

 1930 жылы Сарыағашқа Қазақ АССР Орталық атқару комитетінің төрағасы Елтай Ерназаров келеді. Ашыққан, тарыққан, торыққан халық Елтайдан салықты азайтуды, ашыққан халыққа қайта көмектесу керектігін айтады. Ал, белсенділер халықтың тұрмысы тәуір, салық жиануды жалғастыра беру керек деген көрінеді, соған иланған Елтай қайта үй басына жинайтын салықтарының мөлшерін көбейтіпті. Бұл шешімге наразы болған Исабек Елтайға қарап: «Қазақ, азап, мазақ, дозақ, дегендердің айырмасы қалмады ғой» деп реніш білдіреді. Исабектің:

Елтай келді ауданға,

Халықтың халін көргелі.

Ал, халық тұр шаршауда,

Лажы жоқ өлгелі.

Сенген төре келген соң,

Алдына халық барыпты.

Алдына барған халыққа,

Он пұт бидай – төрт сом пұл,

Қымбат қылған нарықты.

Ақыл қайда өзіңде,

Ажыратар парықты.

Алла рахым қылмаса,

Ғарып пендең тарықты.. деп келетін өлеңі сол күні-ақ ел арсына тарап кетті. Содан кейін  көп ұзамай-ақ, Исабек қуығынға  ұшырайды. Кінәсіз қамалады.

Исабек түрмеде төрт айдай отырып, әрең босанады. Қапастан жалыққан Исабек  бір желпініп қайтқалы бес-алты жолдасымен тойға барады. Көкпарда төбелес болып, көшік руынан Аман дегенді Ахметше деген біреу ұрып өлтіреді. Аман өліміне байланысты біраз адамды тұтқындағанда, нақақтан Исабекті де қамайды. Исабектің осыған орай өзінің досы, белгілі шабандоз Көпжанға жазған хатында мынадай жолдар бар:

Жалғаннан сөз айта ма ептеместен,

Алғиды зор ел депті көп боп өскен.

Шабысса екі жағы, жеңілгені

Шамасы жүрмейді екен кектеместен.

Шабандоз – бар жазығым, Көпжан аға,

Боп жүрмін сорпа ішкендей, ет жеместен.

Алғидың той-жиында арын арлап,

Мәреге көкпар сүйреп, өкпем өшкен.

Ол ойда менің қылған жазығым жоқ.

Сұраңыз, сенбесеңіз Естеместен.

Исабектің көрінеу кінәсі болмасада , оның қамадлуына  билік басындағылар мүдделі еді.

Мұндай әділетсіздіктің себебін түбегейлі анықтап алғалы Исабек түрмеден қашады. Кеуіл жақын, тілеулес ағайын Наушабектің үйіндегі аз ғана мәслихаттан соң 1931 жылы наурызыдң екісіндегі түнде мұз үстімен атын жетектеп, Сырдың арғы бетіне өтеді. Нағашыларынан, оның ішінде Байназар, Тәліп деген есті, ер көңілді жігіттерден ақыл алып, көмек сұрамақ болады.

Исабек өзінің бұл сапарын соңынан өлеңмен толық жазып шыққан. Сырдың  сол жақ бетінде қазіргі Шардара, Қызылқұм аудандарына қарасты жерді аралап, сиқы кеткен сары даланы, қаңыраған арық, қираған қала орнының көптігіне таңырқап, өз сөзімен айтқанда: «бұл жерден ескі заман суретін көргендей». Жырда осы көріністер шебер берілген.

…Есепсіз есік арықтар жарысады,

Бәрінің Сырда басы табысады.

Палдана жүзім тапты майдандардың,

Кетпеген көнерсе де әлі сәні.

Мұндай жай жоқ  еді ғой ешқайда да деп,

Бар сырын өзі-ақ айтпай танытады.

Немесе:

Ілгері көріп едім Шардараны,

Көресің Сыр бойында әр қаланы.

Тоған сап, Сырды буып көлденеңінен,

Сел қылған, әсіресе, сардаланы.

Болған деп жақын уақытта есептейді.

Көргендер арығы мен  палдаманы.

Елеусіз осы кезде азаңғырап,

Бұл күнде арықтың тұр арналары.

Тоған сап, суды байлап деміктіріп,

Сүткенді қызық шаһар, кент қылып.

Барса келмес деген жер осы ма екен,

Бір көрген адамдарды еліктіріп.

Әттең-ай, өлеңменен суреттер ме ең,

Басында  осы істің көріп тұрып, -деген сияқты көркем суреттер мол.

Шардарадан Мұрынқараққа дейін жүріп өткен Исабек шеті мен шегі жоқ  ойрандалған дүниенің көптігіне қайран қалады.

Осы жерді суландырып, гүл-бақшаға бөлеген ерлер қайда, Байырқұм мен Қараққа орда салған хандар қайда, өз абатын Мысыр шаһарындай көрген шаруалар қайда? деп тебіренеді.

Солардың енді, міне, қалғаны тек қаңырған арықытң арналары мен әр жерде бір шоқайған төбе. Халық тағдырының осыншалықты аумалы-төкпелі  болғанына жүрегі сыздайды, терең тебіреніп, ескі тарихтан ой қозғайды. Халықтар тағдыры тәлкекке түсіп, қалалар қирап, ел басқыншылыққа  ұшырап жатқанда, жеке адамның мұңы мен қасіреті не тұрады?

«У ішсең руыңмен» не де болса елге барып,  пешенеге салғанын көрейін» деп жедел кері оралады. Қайтар жолда Сүткент мен Көксудың арасындағы Ұзын ата әулиенің күмбезін көріп, ат басын соған бұрған. Исабек өлеңінде мынадай жолдар бар:

Үйінде мейман болып шырақшының,

Әзізге бір зиярат қылмақшымын.

Басымнан өтсе қате кешіргей деп,

Әзберай үрметі үшін  бұл жақсының.

Кетіпті шырақшыға білім дарып,

Мектеп тәлім үйреткен мініңіді алып.

Бізге әм Әмір мағруп үйретіңіз,

Шәйітке ақ жол тапсақ тіліңді алып.

Шырақшының үйінде үш күн түнеп, Аллаға мінәжат қылып, пенделігіне кешірім сұрап, жандүниесі тазарғандай болып, халықтың мұңын жырлап, жоғын жоқтауға  біржола бел буып, шырақшының батасын алып, елге қайта оралады.

Исабек «ғалым дарыған адам екен» деп дәріптеген Ұзыната әулиенің шырақшысы Ахмет Жұманазарұлы 1937 жылы зобалаңның құрбаны болып, небәрі 43 жасында дүниеден өтті. Оның «Намазыңыз қабыл болсын» дейтін ислам дініне байланысты танымдық кітабы баласы, облысымыздың белгілі ғалымы Шәди Ахметовтің ұсынуымен жарық көріп, оқырмандар ілтипатына бөленгенін айта кетуді жөн санап отырмын.

Исабек елге келе  аштық пен озбырлыққа қарсы күреске шығады. Жалынды сөзін, өткір өлеңін қару етіп,  халыққа жасалып жатқан қиянатты батыл әшкерелейді.

«Үй басы болды белсенді»

«Үй басы болды белсенді» деген толғауында  жаңа экономикалық саясаттан тойынып,  еңсесі көтеріліп қалған елді конфискация, байларды тап ретінде жою деген ұранмен тоз-тозын шығарып жіберген кереғар саясатқа нәлет айтады. Қоғамдық мал-мүлікті үлесіп жеушілерді де, өтірік ақпармен көз бояшыларды, халықпен мүдде-мақсаты қабыспайтын желбуаз белсенділерді аямай  әжуалайды.

Бұл толғаудың сол кездегі қазақ даласындағы саяси-әлеуметтік ахуалды аса дәл көрсеткенін аңғарту үшін, оны толық келтіруді жөн көрдім.

Біссімілла деп бастайын.

Бір Алла сөз басын.

Раһім етіп қорғай көр,

Пенденің көріп көз жасын.

Тірі пенде теріп жер,

Шашылған нәсіп-олжасын.

Өтіп жатыр не күндер,

Қайсыбірін адам болжасын?!

Атасы бақпай балаға,

Қызы бақпай  анаға,

Қорғауда әркім өз басын.

Алды-алдына тозды жұрт,

Ақырын құдай оңдасын.

Құлақ салып тыңдаңыз,

Қызыл тілім сайрасын.

Отан қылған ел едік,

Кең сала екі Келесті.

Қоңыр қаздай мамырлап,

Көңіл шіркін тең өсті.

Кешегі өткен кең дәуір,

Айтқанмен қайтып келмес-ті.

Түс көргендей қиялдан

Боп барады көмескі.

Бай менен жарлы бірдей боп,

Біреуге біреу теңесті.

Еңбекшіден ұйым боп,

Құрдық совет-кеңесті.

Жаңа тәртіп ашылды.

Ескі заң болып өрескі.

Бай, құлақтар сап болып,

Батырақ, кедей тап болып,

Тегісшілдік дәуірге

Көшкеніміз емес пе?

Екі Келес жағалай,

Жер еді қандай егіске?!

Жарастықты өмірге-ай!

Бедеу аттар байланып

Қазығын  шайнап кемірді-ай.

Есігінде байлардың

Езіліп жүрген кедейдің

Ендігі жүгі жеңілді-ай.

Базарда жайнап тұрған мал

Айналды нарқы тегінге-ай,

Бай-манаптар қаңғырып,

Қарыздар болды кебінге-ай,

Кедейді адам деп пе еді,

Тұрғанда түспей демінде,

Аударылып кетті алды,

Қарадария теңізге.

Социалды дәуірге

Жеткендей болдық көңілде,

Кімнің бай, кімнің кедейін,

Түрінен ешкім біле алмас.

Бай-құлақты жой деген,

Көбейіп кетті ұрандас.

Езілген кедей көп еді,

Есігінде байлардың.

Еркінше дәуір сүре алмай,

Басын тартты панаға.

Бай жүзеге шыға алмай,

Иламенен кедейдің

Кеңсесіне кіре алмай,

Ыңырсыған  мал еді

Айнала адыр шымалдай.

Бір малдың басын үшеу қып,

Пайдасыз қолдан шығармай.

Енді бәрін бәс берді,

Ойнаған карта құмардай.

Жүруші еді кедейге,

Заһар шашып жыландай.

Бай тәкаппар боп еді,

Берілген зауал бұғанда-ай.

Тегісшілдік дәуірге,

Қолымыз жеткен заман-ай.

Жібек киген қыз-қатын,

Туған айдай жамалы-ай.

Қоңыр салқын  тербеліп,

Қыбыладан соққан шамал-ай,

Есеңгіреп ел кетті,

Бірін-бірі таба алмай.

Есіл-дерті ауқат боп,

Абыройын жаба алмай.

Жаратқанның ісінің,

Бола ма сірә жаманы-ай?!

Осы айтқанның бәрі де,

Өтірік емес көз көрді,

Өткінші дәуір өкінішті,

Басынан елдің өткерді.

Бай-құлақты жо деген,

Жоғарыдан сөз келді.

Тәкаппар, менмен көп еді,

Жазасын міне, тез берді.

Қайырсыз малдың қастығы,

Қарсы алдынан кез келді.

Сұлулап айтқан үгітке,

Құлақ салып, ел сенді.

Қалам-қағаз көбейіп,

Етек-жеңі өлшенді.

Бай-құлақ бәрі айдалып,

Орташаны еңсерді.

Ортадан іші теңселді,

Қолтығына мес байлап,

Үй басы болды белсенді.

Белсенді мен батырақ,

Ортаңнан құрды кеңсеңді.

Бас-басына  жоспар сап,

Орында дейді өлсең де.

Атаны жаулап баласы,

Апатты дауыл тұра ма?

Жылда біз жайлап ел шетін,

Желкелеп Құдай ұрар ма?

Қыршаңқы қаптап ел ішін,

Қарық болдық қотыр шұбарға.

Біреуді-біреу көре алмай,

Араласты тұманға.

Жол-көшелер бәнт болды,

Шұбырған халық – шымалға.

Құры айқайға басуда,

Ұрынып жалаң  ұранға.

Желөкпелер желпілдер,

Желігіп қызыл жалауға,

Сандалма кесел болып жұрт,

Мал басы түсті тонауға.

Қолы тимей кетті ақыр,

Жыртығын да жамауға.

Жаздай істеп, аш жүріп,

Қыс болса түсті қамауға.

Қабат сөйлеп қатындар

Белсенді болып өршіді.

Қатын-бала ортада,

Бір қосты мал мен еншіңді.

Тексергін деген қай жерде

Ұят пенен ерсіңді?

Қой дейтұғын кісі жоқ,

Шығарды оңшыл, солшылды.

Аппартүншіл біреуі,

Олардан гөрі жөншіл-ді.

Күнде шығын көбейіп,

Бөлшіл-бөлшіл –бөлшілді.

Береке берсін колхозға,

Бозторғайдай төлшілді.

Құлақ деп қамау бір күнде,

Қызметкерлер мен қойшыңды.

Ақыл, естен айырылып,

Біреуге біреу соқтықты.

Нормалап ауқат үнемдеп,

Көре алмадық тоқтықты.

Үтілсірия жинатты,

Ескі-құсқы, боқтықты.

Зәлөк, нәлөк көбейіп,

Пірөсенттеме көп шыты.

Аят-ұят тіпті жоқ,

Әкесін бала жеп шықты.

Жанашыр жан қалмады,

Жер астынан жік шықты.

Бүгін бірін тындырсақ,

Даяр тұрар бірі ертеңге.

Жалт қарасақ төніп тұр,

Белсенділер желкеңде.

Сыймаса да сыйса да,

Сал к…ді керсенге.

Қайдан тапсаң онан тап,

Қаратпаңыз ертеңге.

Берсең бүгін төрт теңге.

Бүгінгіні айта бер,

Ертеңгіні еш көрме.

Белсенді айтса зәкөнін,

Бұл қалай деп тексерме.

-Жайыңа қарап жүр, дейді –

Көзіңнің еті өскен бе?

Еркекпен еркің бірдей деп,

Қатынды салды кетпенге.

Қарауыл қойды жол тосқан,

Ары-бері өткенге.

Заңның жолы осы ма,

Бар ма әлде ырғасы?

Нақұрыс, тентек еркек пен

Құтырып кетті ұрғашы.

Үлкен-кіші демейді,

Бәрі тегіс құрдасы.

Колхоз бастық біргәдір –

Белсенділер пормасы.

Қатынна енді айтайын,

Құлақ салып тыңдашы.

Әттең-ай кербез келіндер,

Бұрынғы қайда тұлғасы?!

Барады ма екен бір еркек,

Орамалыңды бұлғашы.

Еркекпенен қойса жарысқа,

Бәйге алар озып ұрғашы.

Шұқылап шөпті өлтіру –

Ертелі-кешкі еңбегі.

Көзге түсер жұмыс жоқ,

Қуырмаш бидай, қара су.

Ыстық тамақ көрмеді.

Қаны қашып теңселер

Қураған  шөптей жердегі.

Қатынына сен шап деп,

Қисайып жатар ерлері.

Қатыны да тұр-тұрлап,

Жата берме сен дейді.

Ауқатыңды істеп тап,

Меніменен тең дейді.

Бәле болдың басыма,

Жүрмісің дейді өлгелі.

Сөйтіп жүріп мақтаны,

Бір күні шығар тергелі.

Тергенменен жоспардың,

Үштен бірі өнбейді.

Бай-құлақ кесір қылды деп,

Белсенділер өңдейді.

Белсенділер жөнінде,

Тағы бір болды тамаша,

Солардан басқа қалмапты

Өкімет байқап қараса,

Мүжиін депті басыңды,

Сендердің Құдай қаласа.

Өздеріңді танытқын,

Дұшпанбысың, жаумысың,

Тамырыңды ұстайын,

Аурумысың, саумысың?

Екі аяқты хайуандар,

Істеп жүрсің кім үшін?

Сендер үшін оқылық,

Өкіметтің қаулысын.

Бұл жолдастар бір кезде,

Бөрік ал десе бас алды.

Момындар жылап жалынса,

Одан сайын қасарды.

Бітірген кәне жұмысың,

Үкіметке тура емес,

Істеп жүрген бұл ісің.

Шетіңнен тегіс жебірсің,

Елден жеген ырысын.

Жылпоссың деді бояма,

Әншнейін жүрген күн үшін.

Сендерге сый деп мінеки,

Он жылдан сот жасалды.

Біреуі айғақ, екеуі

Есітіп жатыр қасамды.

Қабатына алуда,

Талай момын нашарды,

Асыра сілтеу жасап сен,

Жүрмекшісің қашанғы?

Кімге қулық қылмақсың,

Тауыпсың аңқау осалды.

Тұтқын болды көп момын,

Кетпеннен басқа көрмеген.

Ала жаздай еңбекпен

Пешенесі терлеген.

Өліп-өшіп жүрсе де,

Нормасын тура бермеген.

Еңбекшінің қақын жеп,

Кедергі қылған сен деген,

Белсенді соққан қия дау

Алдынна шықты көлденең.

Не күрделі жұмыс жоқ,

Жоғарылап өрлеген.

Керек емес қу сөзің,

Бояма қу сенбісің,

Өз пайдасын көздеген?

Мына жерге кіріп жат,

Кетерсің алдап сөзбенен.

Сойылған мал, ұрланған

Сиыр, өгіз, аттарды,

Ақша, астық, қант пен шәй,

Түрлі бұйым заттарды.

Кім жазалы соған деп,

Өкімет елді ақтады.

Істемей ішіп, жатып жеп,

Табамыз деді сатынды.

Момындарды көрсетіп,

Белсенділер мақтанды.

Кінә жұрттан емес деп,

Бізбен жүріп кеңес деп,

Басқарманың мүшесін

Составымен алып барды.

Осылайша қылмасақ.

Қырылып бұл жұрт сап болды.

Ардомға түскен адамның,

Шықпаған шыбын жаны бар.

Ауру менен кеселдің

Түр-түрімен табылар.

Есеппен есік ашылып,

Мезгілімен жабылар.

Заһар қысып қинаса,

Дүжүрнилерге жалынар.

Масаша қаңғып, ыңқылдап,

Біреуге біреу қағылар.

Көкірегін шер басып,

Әжетке шықса далаға,

Тыныс сонда жадырар.

Артынан ойлап мұңаяр,

Әркімнің бірі-бір қамы бар.

Әзіргі нәсіп-ардомнан,

Тататұғын дәмі бар.

Еңірегенде есеп жоқ

Есіркесе не қылар?

Бағып жатыр пенде ғып,

Жазықсыз қанша халықты.

Киім кірлеп, қор болып

Бекерге халық торықты.

Көрсең денең суиды

Ашыққан мен арықты.

Ұнамас көңіл ауқатты

Өлшеммен берген қалыпты.

Ісіп кеткен адамдар

Кеселге түрлі шалдықты.

Жақсылық Алла жеткеріп,

Көрсек дейді жарықты.

Қаһарына пендесін

Шынымен Құдай алыпты.

Тірідей-ақ көрсетті

Жеті дозақ-тамұқты.

Еңіреген ерлер үнемсіз

Бір бұйда нанға зарықты.

Тұлымшағы сербиген

Жұлма шапан қатындар

Қолдарын жайып жылайды.

Оларда қайбір ақыл бар?

Қандай күнге қалдық деп

Таңдайлары тақылдар.

Жазалы болса, қатынның

Қамалуға қақы бар.

Дарбазадан сығалап,

Балаларын шақырар.

«Апа, саған келдім» деп,

«Жетімсіреп өлдім» деп,

Шешесіне жақындар.

Біз есіркеп қайтеміз

Өкімет өзі мақұлдар,

Әңгіме айтса даурығып,

«Сөйлегін балам, бәсең» деп.

«Жақсылық жетсе Құдайдан,

«Шығамыз аман-есен» деп.

«Сендер үшін тұтылдық,

Қарындарың ашар деп.

Тірі болсақ барармыз

Бола берме нашар» деп.

Құшақтайды баласын

Біраз мауқын басам деп.

Біледі екен бала да

Міне «қызық» және деп,

Қатынды айдап дүжүр жүр,

Бөгет болып арада.

Қалып қойды баласы,

Жылап-сықтап далада.

Кетеді екен қуанып,

«Жолықтым» деп анама.

Қамайды ішке анасын,

Ажыратып тірідей,

Бауырынан баласын.

Жылап-сықтап шығады,

Аллаға айтып наласын.

Еңіреген көздің жасына,

Есіркеп бергей панасын.

Бағылып жатқан пенде көп

Білмейміз ағын, қарасын.

Күнде бір сөз шығады

Қайсысына нанасың?!

Көре алмаймыз Құдайдың

Жарық жапан даласын,

Бір күн таппай қаласың.

Есіркеп Алла пендесін,

«Ер қолынан құс тоймас»,

Бұл қысымға алмасын.

Пендеден пенде күнелтіп

Бола алмас қайыр сапары.

Басқаның бәрі бейбаян,

Бір Алла өзі опалы.

Біз бір мұңлық пендеміз

Көңілі қайғы, қапалы.

Әр бейнеттің түбі  рахат

Мүшкілдің болған аңсаны.

Біз көрмеген Құдая,

Көп екен тіпті көрімің.

Арабаға басады

Адамның сүйреп өлігін.

Күнделікті жатамыз

Өлімнің беріп телімін.

Аз ғана ауру бергей де

Құдайым ансан өлімін.

Қараңғылық басқа орнап,

Төбеге аштық төніп тұр.

Өлмеген соң жұмыр бас,

Бәріне де көніп тұр.

Азалы  ардом өтен боп,

Ажалдылар өліп тұр.

Пешенеге пендесі

Жазылғанны көріп тұр.

Егем өзі сақтағай,

Көңіліміз неге сеніп тұр?

Саламат тәнді сау қылып,

Айналайын Құдая

Ел, ағайын, қауымға

Аман-есен жолықтыр!

Бұл өлең абақтыда жазылғанмен, ел арасына тез тарады. Өктем өкімет тудырған, оның ерке баласындай болған осы бір «белсенділер», әсіресе, 1920-1960 жылдар арасында елді ойрандап, өздері сайрандап жүргендерін көзімізбен көрдік. Өздері жартылай надан, ал, олардың қатыгездігінде шек болмайтын.

Ел  тізгінін қолына ұстап отырған осы бір қатыгез әлеуметтік топ өздерін Исабектің өлтіре әшкерелегенін кешпеді. Көп ұзамай, оны қайтадан абақтыға қамап кінәсіз қаматып тастады.

Қазақ халқының  тарихына көз жүгіртсек, оның көрген қасіреті аз емес. сонау Ермактан бастап кешегі Қазан революциясына дейін созылып келген орыс мемлекетінің отаршылдығы, ақтабан шұбырындыға ұшыратықан қалмақ шапқыншылығы, нақ бүйірден найзадай қадалған ҚОқан, Бұхара, Хиуа бектерінің тіімскі әректетері, талай-талай аламат жұт, ақ боран жылдар, індет, тіпті, халқымызыдң жеке адамдар надандығынан көрген қасіреті көлеңкедей бір елі де ұзап кеткен еемс. 1928-1933 жылдардың зіл-зұлматы солардың бәрінен зардапты болды.  Бұл жылдары барлық қазақтың үштен біріне жуығы аштан қырылып қалды. Атамекенін тастап, сібірге, Монғолияға, Қытайға, өзбек, тәжік, түрікпен, ауған жеріне қаңғыырып, босып кеткені қаншама?! Осы қиямет-қайым қиянатты Исабек ақындай  батыл ашып айтқандар некен-саяқ. Оны Исабектің түрмеде оыырп, Елтай Ерназаровқа жазған хатынан анық көреміз:

Қазақтың орталық

Алматы деген қалаға,

Елтай жолдас ағаға,

Бір арыз арнап жазылған,

Қатынатамыз араға,

Өзіміз іздеп баруға

Мінгізбес отараба.

Көп тұтқынның біріміз

Ісіміз ақ па, қара ма?

Ашылар еді тексерсе

Өтірік пе жала ма?!

Алдыңызға жолданған,

Көп тұтқынның арызы,

Кемшілікті баяндау,

Мойынымыздың қарызы.

Бастан-аяқ оқыңыз,

Боламаса да маңызы.

Елтай аға, былайша,

Сөзіміздің тәрізі:

Кешегі өткен заманда

Басымыз еріксіз құл еді.

Еңбекші елдің басына,

Қараңғылық түн еді.

Алпауыт байлар шаруаға,

Табандарын тіреді.

Жерсіз қалып диқандар,

Ахуалы кешкен бұл еді.

Бостандық еді сондағы,

Жалпы жұрттың тілегі.

Оған жағдай туғызған,

Ленин марқұм тірі еді.

Бастан тұман айырған

Өктәбірдің күні еді.

Үрмәт деп шулаған,

Еңбекші кедей үні еді.

Үш-төрт жылдай атысып

Тап дұшпаны жеңілді.

Жиырма екінші  жыл толып,

Сонда сыртқы жаулардан

Бір демедік көңілді,

Тап  дұшпанның кезінде

Көрсетпеді не күнді?!

Онан соңғы барлық күш

Шаруаға жегілді.

Астық, мәуе молайып,

Жерге тұқым себілді.

Алдымыздан тіледік,

Жақсылық, жайлы өмірді.

Бостандық тиіп халыққа

Жол ашылды саудаға,

Мал бағу, тағы егінге,

Еліміз болды көңілді,

Қайтадан халық бай болып,

Рақымет  айтты Леннинге.

***

Олқымыз толып аз күнде,

Көтерілді шаруамыз.

Еңбекші өкімет жасады,

Дөңгелеп өрге арбамыз.

Бір жағынан өркендеп,

Кәпірәтіп сакудамыз,

Ақша мен астық, мал беріп,

Өкімет елге қол қарыз,

Әрбір ұлтқа бөлініп,

Жасалды ұлттық ордамыз.

Жаңа шаруа саясат

Халқымызға түр берді

Жайлы тұрмыс жасалып,

Жан семіртер күн келді.

***

Мың тоғыз жүз сананың,

Жиырма сегіз жылында

Бет алды ел баюға,

Шығарылды декрет,

Ірі байды жоюға.

Тарылтып өріс қадамын,

Ауыстырып мекенін,

Басқа жаққа қоюға.

Өздерімен бір қосып

Қатын менен баласын,

Он-онбестен айдады

«Жерге-деп –пәлен барасың»,

Баратұғын жерінің

Айтыңыздар шамасын…

***

«Біздік –деп-шын заман»

Кейдейлер онда ойланды.

Мерекелеп өткізді,

Тамаша қызық тойларды.

Қонысынан  аударып,

Екінші жерге айдады.

Бастаушымыз кәменес,

Тегістік құру жөніміз.

Бай-құлақтан тазарту –

Негізгі бағыт жолымыз.

Ретіне келтірдік

Аластап елден оны біз.

Тап жауларын талқандау-

Орынды болды онымыз.

Оныменен тұрмадық,

Орташа кетті ойсырап,

Қызылға тиді қолымыз.

Нәубет келіп кедейге

Қайнады енді сорымыз.

Көрген істі айтамыз,

Кешірімді болыңыз!

Кешегі өткен жылан жыл

Айтарлық еді бір  нұсқа.

Қиындық мұндай болған жоқ,

Табиғат, дәуір, тұрмыста.

Бір уыс масақ – он жылдан,

Лайықты қылмыс па?

Адырда жатқан аңыздар

Саятшы болды тор құрған,

Бір уыс терген масаққа-

Қатындарды он жылдан.

Баз бір кемпір тұра алмас,

Тұрғын десе орнынан.

Баз біреуі басынған

Белсенділерді жерлейді.

«Әруақ, Құдай» деп налып

Өткендерді тербейді.

«Қандай болып отыр деп?»деп

Баласын айтып еңірейді.

***

Қойшы менен қолаңшы,

Жұлма шапан кедейлер

Абақтыда көбейді.

Жұлма шапан кедейлер

Абақтыға сыймайды.

Буындырған немедей

Ұрмай-соқпай қинайды.

Өліп қалған өлікті

Бір бұрышқа жинайды.

Толып жатыр әңгіме

Айтуға аузым қимайды.

Ардақтап баққан ардомның

Ширек кем қадақ наны бар.

Кәпіста-кәрәм қайнаған

Ит ішпес сорпа тағы бар.

Сол ауқатпен ардақтап,

Меймандары әзіз бағылар.

Кірпіктері қимылдап,

Тек шықпаған жаны бар.

Ауру сырқау адамдар

Түр-түрімен табылар.

Рұқсатпен есік ашылып,

Есеппенен жабылар.

Қалаға шығу тәртібі

Дүжірнайға  бағынар.

Былай деуге шама жоқ,

Әдінөшке деген тағы бар.

Өлім-жітім кем емес,

Әр күн келер төрт-бестен.

Оңай өлім табылды,

Маңдайынан шертпестен.

Қарменен көміп жатырмыз,

Жерлеуге қуат жетпестен.

Жаңадан болған қала еді,

Өзіңіз көрген Сарыағаш

Қызылту жағы бірді өлік

Қарменен жатқан аралас.

Күн де жылып келеді,

Сасып кетсе жарамас.

Ық жағында мекеме

Ауданға ешкім бара алмас.

Солақай содыр, ұр да жық-

Төтеннен келген бұл да жұт.

Есеңгіреп ел сорлы:

«Бола ма-дейді жылда жұт?»

Мұның аты немене,

Асыра сілтеу болмай ма?

Он жылдан кесік болмаса,

Түзеліп кедей оңбай ма?

Әзіргі заман кімдікі,

Бұрынғы сорлы сорлай ма?

Өлетұғын болдық қой,

Өлгенде  енді қорғай ма?

Жетінші ағус зәкөны

Негізінде сондай ма?

Байларға жаза көрсетті,

Кедейді тағы  зорлай ма?

Өлікті жолға қалдырды,

Өткізе алмай әр жайға.

Саудагедің малындай

Қамап қойған тар жайға.

Шырқыратып, шулатып

Сабап жүр домзақ дорбайға.

Ендігі заң кедейді,

Осылайша қорлай ма?

Мына күйде  жатқанда,

Түзеліп адам болмаймыз.

Өліп кетсек өкпе жоқ,

Қалсақ та тірі оңбаймыз.

Кедей шаруа қалмайды,

Шындығында сондаймыз.

Сол себепті, азырақ

Өлеңмен  сөзді торлаймыз.

Болған істі баяндап,

Алдыңызға жолдаймыз.

1933 жыл

Хат мазмұны кімді де тебірентпей қоймайды, оның үстіне қоспасыз шындық айтылып тұр.

Исабек мұраларын көп жылдан бері зерттеп жүрген Тұрсынәлі Айнабеков Исабектің  осы хатына орай арнайы комиссия келіп, Сарыағаш түрмесінің 40-тан астам кінәсіз отырған бейбақтарға бостандық берілгенін айтты. Исабек  те сол топпен бірге босанады.

Исабек задында күрескер болатын. Ел басына түскен қиямет-қайым ауырлықты, солақай саясаттың зілзала зардаптарын көре тұрып үндемей қала алмады. Аузын ашса от жалындай өткір сөз ағылып тұрған Исабекті тағы да бостандықта көп жүргізбеді. Ол кезде өкімет саясатына кереғар бір ауыз сөз айтқан адамды қамап, керек десе атып тастау әдеттегі іс еді.

Бұл жолы Сарыағаш, Шымкент, Алматы түрмелерінде ұзақ жатып, Бекбауов дейтін біреудің әрекет көмегімен 1935 жылы бір-ақ босанады. Түрмеден шыққан бойы тура Сәкен Сейфуллиннің үйіне барады. Сәкен жоқ екен. Жұпыны, жүдеу, бейтаныс адамды әйелі ықылассыздау қабылдайды, сөйтсе де мейманына шәй қойып беріп, меймандостық білдіреді.

Сәкен келген соң Исабек «Сәкен аға, мен Сыр бойыныңдағы белгілі Майлықожа ақынның кенде баласы едім. Көп жыл отырып, абақтан бүгін шықтым. Рұқсат болса, домбыраңызды алайыншы» деп Сәкеннің домбырасын қолына алып, Сәкенге деген өлеңін сол жерде  суырып салып айтады.

Өлеңде Исабектің біржола ақындық, жазушылық жолға түсем бе деген арман-ниетін аңғартатын мынадай жолдар бар:

Белгілі Майлы ақынның баласы боп,

Өсіп ем бозбаланың сарасы боп.

Өнерден, саясаттан босқа қалдым,

Қазақтың жүрген жерім расы боп.

Әдет ғып бұл өлеңді жастай алдым,

Қыдырып той-тамаша, асқа барым.

Әуре боп ат шабардың айтқанымен

Өнердің бәрінен де босқа қалдым.

Деуші едім Алматыға барар ма едім,

Сәкенге бір жолығып қалар ма едім

Тәрбие азын-аулақ болса егер,

Жазушы қатарына жарар ма едім.

Сәкен Исабекті жуындырып, киіндіріп, бір күн мейман қылып,  оның термелерін тыңдап, рахаттанады. Ертеңіне ақ батасын беріп, қаржыландырып, еліне шығарып салады. Аса бір бақытты сәттерді басынан кешіріп, еліне  қуанышпен бет алған Исабек арманына жете алмады. Оның темірдей мықты денсаулығы қайтар жолда күдіктене жеген бір астан күрт сынды. Әлде біреулер у берді деген жорамал да айтылды. Әсет ақынынң өліміндей өлімге  тап болды.

Жыр бұлағының қайнар көзі бітелді.

Бұл 1935 жыл болатын.

Мақала 1991 жылы жазылған

Әдіһам Шілтерханов

Шығармалары ІІ том,зерттеулер мен мақалар. Шымкент: «Ордабасы» 2007 жыл

 

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button