Білген Шайыр айтады

Асан ақын Майлықожа ұлы (1864-1921)

Майлықожаның Жолбарыс, Асан, Әлімхан, Исабек деген төрт ұлы болған. Жолбарыс, Асан, Исабек үшеуі ата жолын қуып ақындық өлең шығарып артында өз беделдеріне лайықты із қалдырған жандар. Төменде Майлықожа ұлы Асан ақынның бір өлеңін жариялап отырмыз.

Қонақ қондыру туралы

Алладан нида келді Ибраһымға,
Жамағат құлақ салып, сөзді тыңда.
«Жасыңның жарымына байлық бердім,
Қалауды саған қойдым» деді мұнда.
 
«Өміріңнің бар алды, арты» дейді,
«Байлықтың бар бір мезгіл парқы» дейді.
«Жасыңның жартысына байлық» бердім,
«Бермеймін әуел, ақыр жалпы» дейді.
 
Ибраһым бұл хабарды аңдап тұрды,
Ойына неше түрлі қиял сүрді.
Мамамыз Сара ана алдына кеп,
Осылай баян қылды білген сырды.
 
Ақылы Сара ананың асқан еді,
Салуды оған ақыл бастан еді.
«Дәулетті осы күнде берсін» деді,
«Қызықты көрейік те жастан» деді.
 
Ибраһым Сара тілін қабыл алды,
Аллаға арызын айта тағы барды.
«Дәулетті осы күнде бердіңіз!» деп,
Байлықты өміріне жары айды.
 
Бай болды Ибраһым ғаны болды,
Қаптаған тауды, шөлді малы болды.
Жылжып көшіп, қонғандай жайылған мал,
Сиыспай қанша жайды алар болды.
 
Бай болды, малы мұнша саны болмай,
Сол порымда жас шағы жары болды-ай.
«Дәулетіңді қайтарып аламын» деп
Уәһиді жібереді тағы да Алла-ай.
 
Жарылқар бабамыздың әруақтары
Алланың қандай ауыр салмақтары.
Қайысып анамызға келген екен,
Алланың бұл пәрменін аңлатқалы.
 
Сара ана айтыпты «Саспаңыз» деп,
«Дүние үзірін көріп ек жаста біз» деп
«Жол үстіне үй тік те, мейманды күт,
Қонақсыз, сірә, ауыз ашпаңыз» деп.
 
Ибраһым жол үстіне үйлер тікті,
Тіктіріп аянбастан мейман күтті.
Алмақ түгіл дүниесін асырды Алла,
Неше есе бұрынғыдан дәулет бітті.
 
Қоныпты бір кәпір кеп бір күндері,
Айтайын мейман жөнін білдіргелі.
Адамның ең әзізі жәбір көрді,
Мейманға сәл қапалы кідіргені.
 
Отан қып Ибраһым жатқан шөлде-ай,
Қонақты күтер еді түсіп жолда-ай.
Бір жөһит түйе мінген жетпіс жасар,
Үйіне мейман болып келіп қонды-ай.
 
Қайыры дін кәпір ед, діні басқа,
Көргеннің көңілі бұған жылымаста.
Шаштары өсік, мұрттары аузын басқан,
Аюдай тырнағы ұзын, түрі басқа.
 
Аттанған талай мейман бұрын келіп,
Қонақты күтер еді шырын көріп.
Қонақтан бойын сақтап тұрды дейді,
Жөһуттің мына тұрған түрін көріп
 
«Мейманға мақұл ізет қылған» деді,
Қонса да қанша келің бұған деді
«Бір құмған су, ұстара, пышақ, қайшы
Берейін алып барып бұған» деді.
 
Жөһитке алып барып мұны берді,
Ол кәпір көз жіберіп мұны керді.
«Сумен шомыл, қайшымен мұрт бас!» деген
Қылғанын ишаратпен білер болды.
 
«Және бар ұстара мен пышақ» деді
«Тырнақ ал, пәк бол» деген ысапта еді.
«Жетпіс жылдық дінімді жібермеймін,
Бір тойған асқа зәрлі ұқсап» деді.
 
«Үйіне қонамын» деп, «мұның келсем,
Бір қонған тағамына дініне енсем.
Нәмәрттік» деп, ол жөһит жөнелді,
Бейнетті қанша жылдық бәрһам берсем.
 
Мейманды қайтармаған еш уақытта,
Аттанып жөһит кетті кеш уақытта.
«Кәпірді қонақ қылмай жібердім» деп,
Пайғамбар отырады хош уақытта.
 
Қуанып Ибраһым қалар болды,
Кәпірге үйден шыққан жәбір болды.
«Я, Ибраһым, қайыр деп мейманыңды!»,
Жаратқан Құдайымнан әмір болды.
 
«Мен оның кәпірлігін білер едім,
Қанша жыл ырызық беріп жүрер едім.
Дәргәһыма соншалық сыйғанында,
Сен неге ауырладың бұл келгенін?
 
Көңілің оған тамақ қимады ма?
Ол сенің арзымай ма сыйлауыңа?
Дәргәһымда соншалық өмір көрді,
Бір түнге нәһәяты сыймады ма?
 
Құдайдан құдірет лебіз сонда сөз кеп,
Жөһитті  бара жатқан жөнін көздеп.
«Қайырылыңыз, үйіме қонып кет» деп,
Жүгіріп арқасынан жетті тездеп.
 
Ол жөһит жалынғанын қабыл алмай,
Тоқтауға Ибраһымнің әлі қалмай.
«Жібермеймін, қоныңыз үйіме» деп
Түйенің мойнынан барып алды-ай.
 
Жөһиттің қол созады ноқтасына,
Түйенің қол жетер шама жоқ басына.
Қос қолдап мойынынан төмен тартты,
Жібермей қондырғалы ноқтасына.
 
Түйенің мойны онда тура-ақ еді,
Үстіне жөһит мініп тұрған еді.
Ыбрайымның құшақтап тартуымен,
Түйенің мойнын иір қылған еді.
 
Жөһит айтты «Ибраһым, қоймағаның,
Қондыру ма мені тартып ойлағаның.
Түйемменен көтеріп арман өткіз,
Болмаса қайырылар деп ойламагын.
 
Түйемнің бауырына барып кірсең,
Тура артымен көтеріп алып жүрсең.
Қайырылмастан үйіңе кеп қонамын,
Осылай законымыз» деді, «білсең».
 
Жалынды Ибраһым жалғыз хаққа,
Жөһитті апармаққа үйі жаққа.
Түйені «Тәуекел!» деп көтереді,
Келтіріп жонын төске, мойнын шапқа.
 
Әмір етті Жәбірейілге «Сипа төсін,
Досымның арқасына жайлы болсын».
Түйенің төс, тұрпаты ол уақытта,
Мысалы еді сиыр мен жылқы жосын.
 
Жонына төс түрілді дәл қойыла,
Алды-арты аяғы ұзап өн бойына.
Пайғамбардың денесін былғағалы,
Симектік ол түйенің келді ойына.
 
Ойына шайтан салған пікір болды,
Түйе, аттың тумасы бір түрлі еді.
Құданың құдіретімен періштелер,
Тамырын кейін қарай тұтар болды.
 
Түйенің шаптырғаны теріс кетті,
Құданың құдіретімен сол іс бопты.
Мойны ирек, сідігін кейін сиіп,
Төсі де сол арада тегіс бопты.
 
Үйінің келіп қонды бұ жағына,
Қараса аяну жоқ сияғына.
«Мені мұнша күтті» деп, «не себептен?»,
Кіреді ой жөһиттің қиялына.
 
«Әуелі маған қапа бердің» деді,
«Кетіп ем, жалынып ап келдің» деді.
«Пайғамбарсың, малыңның есебі жоқ,
Байысың бұл заманда елдің» деді.
 
«Біздерден және басқа сенің дінің,
Түспейді бір өмірде маған күнің.
Түйеменен көтеріп, көп жалындың,
Себебі қалайша» деп айтты «мұның?»
 
«Түспейді рас саған ісім» деді,
«Ескерер сен емессің кісім» деді.
«Оны неге қондырмай жібердің?» деп,
Жаратқан қылды Егем қысым» деді.
 
Өкінді өткен жөһит өміріне,
Тәубе қып сана түсті көңіліне.
Ықтияр боп дініне кірді сонда,
Ырза боп пенде орнына көнуіне.
 
«Өткіздім қанша жасты қапыл» деді,
«Тастадым ондай дінді батыл» деді.
«Кұдайым мені пендем деген болса,
Құлдыққа мен де көндім ақыр» деді.
 
Көңіліне ол жөһиттің нұр орнады-ай,
Дінге кірмей тақат қып тұра алмады-ай.
Қонақ қонса, жеткізе қадірлеп күт,
Мейманның келуінен шығар мәні-ай.
 
Береке мейман келсе ере келер,
Күткенінді Егем хош көре берер.
Зекеті жоқ, қайырсыз дүние жисаң,
Әртүрлі оған зауал келе берер.
 
Байда қайыр, жарлы жоқ қанағатың,
Тура жүріп Құдайдан тілесейші,
Ағайын, отырған халық, жамағатым.
 
Сөз қылып, нақылият жаздым мұны
Гәпімнің Алла оңғарсын болса міні.
Хат жазып, қолын қойған бұл қағазға,
Білесіз молда Асанхан Майлыұлы.
 
Дайындаған Сейтомар Саттарұлы

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button