Басқы бет / Білген Шайыр айтады / Сейітжаппар төреге хат

Сейітжаппар төреге хат

 Майлықожаның туылғанына 185-жылдығы қарсаңына

 Майлы қожаның бір сайлаудың сарсаңы жайлы Мырзахмет бабаның туған бөлесі Қасымханның қызынан туған немересі Сейітжаппар төреге жазған хаты:

Тілеулес Сізге қожамыз,

Өлеңге салсаң озамыз.

Кәрілік қалды қамалап,

Матадай бір күн тозамыз.

Осы сөздің аяғын

Өзіңіз ойлап болжаңыз.

Аман-есен көріспек

Абырой, қызық олжамыз.

Айнаның бақсақ жүзіне,

Барады қалмай мазамыз.

Талабы биік ер едің,

Несібең таудан зор едің.

Талай жыл болды сағынып,

Көремін қашан деп едім.

Амандасып алдыңа,

Арыз етіп қағаз жазамыз.

Бұл патшаға ердіңіз,

Ол патшаны көрдіңіз.

Бұлттар мен бір көшіп,

Айлар мен қонып бірлесіп,

Петрбордан келдіңіз.

Патшалардың сөздерін,

Баян ғып бізге қозғаңыз.

Ақылға дария кемеміз.

Адаспас даңғыл жол еңіз.

Патшаларға тең болды,

Айбын боп туған денеңіз.

Бізді ұмытқан екен деп,

Ойыңызға кемеңіз.

Үш барып қайттым әуліңе,

Сағынбады демеңіз.

Майлы ақын аман барма деп,

Жолыққанда арма деп,

Көңліңізге алсаңыз,

Көкке жетер төбеміз.

Есен бе деп ескеріп,

Сыртымыздан айтсаңыз,

Есітсек тасыр денеміз.

Ата жақтан ойласаң,

Қасымханның жиені.

Аңладыңыз ақыл мен,

Болжамын біліп дүниені.

Патшаларға жарасты,

Сөзіңіздің сүймені.

Қарлы-қарлы тауларға,

Қадамың басып тигені.

Қол қусырып көрген ел,

Алдыңа мойын игені.

Ай күнге қолды создыңыз,

Адамнан жалпы оздыңыз.

Дәулетіңді көре алмай,

Дұшпандардың күйгені.

Бақ озбады бақтыңнан,

Басым боп шықтың уақтыңнан.

Таңырқаушы еді барлық ел,

Озады деп салтынан.

Есітіп білген жерлерге,

Сіз оздыңыз нақтыңнан.

Бұхардың ертіп патшасын,

Өткізіп айлар аптасын,

Ақ патшаның келдіңіз,

Петербордағы тақтынан.

Бұхарайы шәріп патшасы,

Сізбенен бопты ашына,

Амандасып бардыңыз,

Ақ патшаның қасына.

Дабысыңыз жер жарды,

Аңыз қып айтқан ел барды.

Аманқосы бөлеңнің,

Салдырып сая басына.

Есітеміз ақ патша,

Бес ықлымның әкімі,

Сізден болған қызметті,

Артығынан көрді ақылы,

Қолын артып тұрыпты,

Ақ патшаның қатыны.

Патшалардың болыпсыз,

Перзентінің жақыны.

Халықтан озды даңқыңыз,

Қаптады дәулет шаңыңыз,

Әдетсіз дейді патшадан,

Алып қайтқан малыңыз.

Біз қандайын білейік,

Аллаға аян әліңіз.

Амандасып сөз айттым,

Арызыма құлақ салыңыз.

Бақтыңыз биік мұнардай,

Саяңыз қалын шынардай,

Есіркеп бізді жүргейсіз

Есіңізден шығармай.

Тұйғын сұңқар тұқымы аз,

Сіздей боп перзент туарма-ай.

Көз жетпейтін дариядан,

Қор болдық бет-қол жуа алмай.

Еділ менен Жайықтан,

Емендік егін суармай.

Қойықаптың тауына,

Көрсек те тұрмыз шыға алмай.

Сіз Шымкенттен кеткен соң,

Шыбынды жүрміз жыға алмай.

Аз елге заман тар болды,

Көп елдің еркі бар болды,

Сайлаудың жайы болғанда-ай.

Бұрқырап жүрген мас бура,

Бұрған мен жүрмес жетекке.

Биікке шықпақ еңбек күш,

Бір қалған соң етекте.

Жапанда өскен жат тауық,

Жайылып кірмес кетекке.

Жарым қайрат шалағай,

Қызметте тұрмас төтепке.

Дұшпан халқы дос болар,

Қылыш, найза, келтекке.

Ақыл қайрат Сізде көп,

Арзымның түбі еңкекті.

Бұғы-марал бүрсектер,

Тоғайда жолбарыс ақырса.

Қаз-үйректер қайғылы,

Қанатын сұңқар жапырса.

Дарияға қайық қалқымас,

Қанасын суға батырса.

Қаршыға рахым қылмайды,

Қара қарға бақырса.

Қар жауғанан менен су болмас,

Табаны тастақ тақырша.

Қарындас даусы белгілі,

Қараңғыда шақырса.

Көрдіңіз дәурен қызықты,

Халықтардан озған үзікті.

Кариямыздан айрылып,

Жеріміз қалды мұжықта.

Қожа менен төреден,

Қайратын қазақ үзілтті.

Сайлау жылы толғанда,

Амал талас болғанда,

Ауылы көп, руы көп,

Ерлердің ойы бұзықты.

Тағы сайлау келгенде,

Қыламыз қалай бұл жұртты.

Ойламаймыз тарықсақ,

Төренің Сізден басқасын.

Өзімізде білеміз,

Олардың Сізден аспасын.

Табаныңның астында,

Тарпысаң қалар қастасың.

Сыр білген соң жақсылар,

Есінен неғып тастасын.

Есіңнен ұмыт болмайық,

Патшалар болды бастасың.

Көлеңкеңе ала жүр,

Көзіңнін қырын сала жүр,

Дұшпандар аузын ашпасын,

Аяғын бізге баспасын.

Қайынға сенген жігіттер,

Көше алмай тарықты.

Төркінге сенген қыздардың,

Төбесін таяқ жарыпты.

Шылауыңа қарасам,

Шілтендер келіп дарыпты.

Алыспенен жақынға,

Сәулеңіз айдан анықты.

Алты ықлым елге мәлім боп,

Ақылың, даңқың барыпты.

Алдыңызға келген соң,

Аянбай айттым барлықты.

Құрбыңыз келмей қалмайды,

Қылсаңыз қандай жарлықты.

Бірталай елді қуантқан,

Бір көтерген иегің,

Жәрдем қылсаң күшің көп,

Жайыңды өзім білемін.

Алдыңызда ағыттым

Арызымның тиегін.

Ағайынды есіңе ал,

Қорламас Сұлтан сүйегін.

Аз елдің ақылы төменде,

Көп елдің көңлі көбенде.

Үркек аттай ашып жүр,

Желігіп көп жұрт белеңді.

Қойға кірген ешкідей,

Қор болдық сайлау келгенде.

Помощнік Қадыр оязға,

Өтініп жаздым өлеңді.

Өліп талып би қылдық,

Мырзахмет жетім бөлеңді.

Ұядан жалқы дүниесі аз,

Сізді ойласа көңілі мәз.

Төтеп берер малы жоқ,

Ішкен менен жегенге.

Малы көпке ауып жүр,

Сайлаудың амал зәкірі.

Ақшасы жоқ малы аздар,

Амалға қайда дақылы.

Әруақ сыйлап ат салды,

Қадірдің асқан ақылы.

Өзінің өмірі ұзақ боп,

Ұл таба берсін қатыны.

Дәулеті толсын Шымкенттің,

Помощнік ояз әкімі.

Имамберді, Мәдәлі,

Сіз жәрдем қып қасқарды.

Штарапқа салғансыз,

Ырысмамбет пен Тастанды.

Қайыл қылдың әр уақта,

Кәрі менен жастарды.

Сіз кеткен соң Шымкентті,

Ахмет Сұлтан басқарды

Кәрі кетіп жас қалды

Қайдағы сөзім басталды.

Қанатты құс талпынса,

Қайдағы көздер аспанды.

Ақылыңыз Еділ-Жайықты,

Аплотын десем лайықты.

Пайдасына Қоңыраттың,

Қалдырғансыз қайықты.

Қайратыңа әр кім жақталды,

Қасыңа ерген бақты алды.

Имамберді датқаның,

Айласы біраз шақталды.

Көлеңкең ауған жеріне

Көрініп пайдаң, нәп қалды.

Қарашы болған жігіттер,

Қызметті Сізден нақты алды.

Қайнына ертіп барған соң,

Қылдыңыз болыс Ахманды.

Замандар талай тарқалған,

Қартайып қайрат, жар қалған.

Асаулардың талайын,

Тасырқатқансың тарпаңнан

Азаматтардың талайы,

Амалдар болды арқаңнан.

Қасасқандарың қаңғырды,

Бораттың қар мен жаңбырды

Жарлыдан болыс қылғансыз,

Жантілеу менен Қалбырды.

Тебінгіден тер ақты,

Қанжығадан қан ағып,

Көз көргеннің талайын,

Көңілге қалдық санағып.

Көлеңкең түссе наданды,

Көркейткенсіз данағып

Аз қожаны қаңғытып,

Дұшпанға қойма таба ғып.

Би, болысты үй сайлап,

Оздырдың бізді би сайлап.

Айтқаныңыз болушы ед,

Аусаңыз кімге ыңғайлап.

Қаһарыңа алған кісіңіз,

Оңай еді қисаймақ,

Сіз кеткен соң Шымкентте,

Замандар өтті не түрлі.

Қуанып дұшпан секірді

Сейітжаппар кетті деп,

Ағайын елің өкінді.

Ахмад Сұлтан майыр боп,

Оязға бас боп отырды.

Таласып барған бұзықты,

Тайлықтырып жекірді.

Аңладық ердің нысанын,

Ойлады достың құрсанын.

20-жылғы мүліктерін,

Көңілі үшін берді Ысаның.

Шымкенттен тайды назары,

Ордада қалды базары.

Қараспан көшіп барғанда,

Жолықты қарсы ажалы.

Ахмад өтті дүниеден,

Сол жайда қалды мазары.

Молда бике ханымның

Пәсейді жұртқа ажары.

Жетім менен жесірдің,

Әсретін Сізге жазалы.

Қожа менен төреге,

Болмады заман келістер.

Онан соң болды ұзамай,

Мәделі ағам өлістер.

25-үй мұжықтың,

Қолында қалды егіс жер.

Сырдан қаздық арықты,

Азықтан халық тарықты,

Сөйтпесе қожа не істер.

Ахмад Сұлтан төреден,

Асар деуші еді Уәлі,

Өмірін Алла аз қылды,

Әміріне нешік қылалы.

Молда бике ханымға,

Орнады қалың тұманы.

Алашқа аян жұмыстың,

Қай жағында күмәны.

Сіздің берген жәрдемнен,

Мыяна ермек қылғаны.

Жақсы бала Шірінхан,

Жасырақ боп жүр әлі.

Ғаріп боп қалған хан екем,

Көп қылды Сізге дуаны.

Атадан алтау болса да,

Қолы келте дүниядан,

Сізден жәрдем болмаса

Болады қайтып бұл адам.

Өзді-өзін қазақ оздырмақ,

Он үйден үйді тоздырмақ.

Ескі Әруақтың орны деп,

Оны кім айтып сөз қылмақ.

Тағы сайлау келгенде

Тайдырып амал аулақта.

Аз қожаны менсінбей,

Қазақтың көзі тау жақта.

Күні бұрын айтайық,

Жағамыз жаудан сау уақта.

Артық қайрат Сізде көп,

Арыз айттым аулақта.

Өз қолыңыз тимесе,

Қорасын қойға толтырып,

Әмианын пұлға толтырып,

Мал жағынан жәрдемді

Қылыңыз жарақ, жау жаққа.

Бөлеңіз Сізге заттасты,

Қаз жүніндей қаттасты.

Мәделі жоқ, Ахмад жоқ

Мырзахмет мыят таппас-ты.

Солақай болды жұмысы,

Сопылық жеңіп Аббасты.

Ақында озған өзім ем,

Алашқа Ұлы сөзім ем.

Күрек тісті құрт жеді,

Күрмелтіп енді қарт басты

Сайлау болса Шымкентте,

Іздеген сізді таппасты

Бастас болған патшалар,

Жеткізбей бізге ап қашты.

Сұңқар тұған жақсылар,

Сүйекке қалай шаппасты.

Қарасыңыз қайраттан,

Мал бер деп мәмлем жақпасты.

Ат міндіңіз қылаңнан,

Тон кидіңіз сылаңнан.

Таңлап сұлу құштыңыз,

Талша бойы бұралған

Сіздің қылған серілікті,

Қайсы жігіт қыла алған.

Ертедегі ер өткен,

Баһрам батыр Гүландам

Өз уақтында онан да,

Оздырды Сізді бір Аллам.

Амандасып көрісіп

Арзымды айттым төгісіп,

Алмақ бермек тәңірден

Тарқады енді бір арман.

Ұстындай биік өреңіз,

Талабың таудай зор еңіз.

Қарада көрген қарындас,

Ғанимет Сізді көреміз.

Аман-есен бармысыз,

Екі патша ағзамдар

Назары тиген төреміз.

Ықлымнан озған патшалар,

Қарады Сізге назар қып,

Әуелде тағдыр бар екен,

Парлатып бақтың азар қып.

Алты түмен патшасын,

Жолдас қылып ердіңіз.

Бес ықлымды алған әскері,

Ақ патшаны көрдіңіз.

Патша отырған пайытақ,

Петрбордан келдіңіз.

Бермейсізбе базарлық,

Сізге қарап сазардық.

Сөзіне қарағанда Майлықожа Сейітжаппар төренің Ташкенттегі үйіне іздеп барып жолыққан болуы керек. «Үш барып қайттым әуліңе» деп Ташкент қаласының атауындағы қора-жайды айтып отыр. Оның үстіне Абылайхан әулеті Шымкентті орыс алғанға дейін Шымқалада тұрғаны туралы мәлімет жоқ. Есесіне Ташкент қаласының тарихында Абылай хан әулетінің бірнеше өкілінің, атап айтсақ, Бабахан төренің  Ташкент қаласының Шайхантауыр бөлегінде билік құрғаны айтылады. Бабахан төре Ташкентті 20-жылға жақын билеген Жүніс қожаның әскер басы (Әмір ләшкер)  Сарымсақ төренің баласы еді. Кенесарының ұлы Сыздық төре Ресейдің аймағына келіп тұруға рұхсатты 1876 жылдары алды. Бұл осы кезеңде Шымкент ояздығында Ахмед Сұлтан жұмыс істеп тұрған деген сөз. Патшалық Ресейден Сыздық Сұлтан секілді Ресейдің қан құйлы дұшпанына кешірім сұрап, Ресей аумағынан тұратын жай сұрауға тек Сыздық Сұлттанның туысқаны ғана болу керек. Олай болса Сейітжаппар төренің Шымкенттен Бұхараға ауысып баруы Бұхараның Патшалық Ресейге қосылғанынан кейін, яғни 1868-72 жылдары болады. Олай дейтін себебіміз Майлы қожа Сейітжаппар төрені тым жақын таныған, бір неше рет табақтас, сырлас, пікірлес болған адамдай сөйлейді. Майлы қожаның 1835-ші жылы өмірге келгені тарихтан мәлім. Олай болғанда Сейітжаппар төре Бұхараға ауыспай турғанда Майлы қожа отыздың о жақ, бұ жағында болады. Бұл ер жігіттің екіленіп сөйлей алатын екпінді шағы.

«Сіз Шымкенттен кеткен соң,

Шыбынды жүрміз жыға алмай»,-деп Сейітжаппар төреге қуаты бар кезінде айтқанын орындатып, базнасын өткізіп жүрген адам ғана айта алады.

Жүсіпқожа Қалқожаұлының қолжазбасынан араб әрпінен аударған

Сейтомар Саттарұлы. Сарыағаш қаласы

Сондай-ақ, оқыңыз

Майлының Тұрлыбек датқаға айтқандары

Ел әкімдерінің бірі Тұрлыбек деген датқа бірде өз буына өзі мас болып отырып, Майлықожаға «мені …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған