Ғақлиат

НӘПСІ ТӘРБИЕСІ

Алланың жаратқандарының бәрі тірі.

Бисмилләәһир-рохмәәнир-рохиим.

Жаратушы жалғыз Раббымыз, Қасиетті Құран Кәрімнің «Ахзап» с.70-а: «Рас, біз аманатты (парыздарды, шариғат міндеттерін) көк пен жерге, тауларға ұсындық. Олар оны үддесіне алудан қорқып, бас тартты. Оны адам баласы үддесіне алды». Раббымыздың мақұлықтары – жаратқандарының бәрі Алланың алдында тірі. Оларды шартты түрде:

  1. Нәпсісіз, жансыз, ақылсыз;
  2. Нәпсілі, жансыз, ақылсыз;
  3. Нәпсілі, жанды, ақылсыз;
  4. Нәпсісіз, жанды, ақылды;
  5. Нәпсілі, жанды, ақылды, деп топтасақ;

Бірінші – нәпсісіз, жансыз, ақылсызға: ішпейтін, жемейтін, дем алмайтын, жансыз, санасыз  жер жынысы мен суды  жатқызсақ (мүмкін Алланың құдыретімен олар да пендеге белгісіз түрде нәр алар. Анығын Алла біледі).

Екінші – нәпсілі, жансыз, ақылсыздар тобына: дем алатын, қоректенетін, тозаңданумен көбейетін өсімдік әлемін жатқызамыз.

Үшінші – нәпсілі, жанды, ақылсыздар тобына: ішетін, жейтін, дем алатын, жыныстық жолмен көбейетін, жанды, соқыр сезіммен амалдарын іске асыратын, ақылсыздықтан ойлауға қабілетсіз, бір жасушалы жәндіктерден бастап, бүкіл хайуандар әлемін жатқызамыз.

Төртінші – нәпсісіз, жанды, ақылдылар тобына: ішпейтін, жемейтін, жыныстық жолмен көбеймейтін, Аллаға құлшылықтан басқа амал қызықтырмайтын жанды және ақыл-парасатты періштелер жатады.

Бесінші топқа нәпсілі, жанды, ақылдылар тобына:  ішетін, жейтін, киінетін, әшекей бұйымдарын пайдаланатын, жыныстық жолмен көбейетін, Алланың берген ерекше қасиеті ақылмен ойланатын, амалдарын саналы түрде іске асыратын адамдар мен жындарды жатқызса болар.

Тақырып нәпсі жөнінде болғандықтан, Алланың жаратқандары мен олардың қысқаша қасиеттері мен қандай жаратылас нәпсіге ие, ол қайсында жоқ. Осы турасында аздаған шолуға назар аударайық.

Нәпсі – бейне-дененің (әрі қарай бейне) немесе жаратылғандардың көпшілігіне тән қажеттілігі: ішпек, жемек, ұйқы және сезімнің барлық түрі; қорқыныш, реніш қызғаныш, қызығу-құмарлық (дүниеге, ұтыс ойындарына, жыныстық қатынасқа, сән-салтанатқа, атаққа,  мақтанға).

 

  1. Нәпсісіз, жансыз, ақылсыз жер және су

 «Бақара» с. 164-а: «Көк пен жердің жаратылуында, түн мен күннің алмасуында әлбетте ақыл иелері үшін (жаратушының жалғыздығын дәлелдейтін) даусыз дәлелдер бар», «Тәкәсур» с. 8-а: «Кейін сол (қиямет) күні өздеріңе берілген нығметтер үшін сұраласыңдар» Алла Тағала, жоғарыдағы аяттары арқылы ақыл иесі адамға, басқа жаратылысты мұқият, залал келтірмей пайдалануды, оның құбылыстарына мән берумен өзін тануға міндеттеді. Алла жаратқандарының барлығын адамға қызмет етуге және қажетіне жарату үшін жаратып, пенденің бейнесіне ең қарапайым жаратылыс – құмнан бастап басқа да жаратқандарының қасиеттерін дарытты. Бұнымен қоса, жаратылғандар бір түрден екінші түрге айналып, жаратылыстың жаңаруына себепші. Айталық, шөп өсіп жетіліп, кейін қурап, «гумусқа» айналып, жаңа шыққан шөпті қоректендіреді. Бұл бір шөпке ғана қатысты емес, бүкіл жаратылысқа тән. Бейнелеп айтсақ, жаратушы жалғыз Иеміз бұл дүниеде  жаратқандарын қалдықсыз өндіріс қылып жартты. Біз пенде бұл туралы ойланып, әрәдік іске асыра бастағанымыз кеше ғана.

Әлемге танымал атақты ғалымдар «Массачусетс технология» институтынан Хайман, Калифорния университетінен Лейл М Койн, Бельгияның «Liege» университетінен Пъер Лазио және «Glasgow» университетінен Грохман К Смиттер балшықты кешенді зерттеумен айналысқан. Ғалымдардың саздың қасиетін зерттеуіне доктор Лейл М Койнның айтуынша, «зертханадағы кепкен саздың бір ай бойы ультрокүлгін сәуле шығарып тұрғаны себеп болған». Зерттей келе, ғалымдар саздың кристалдық әлементтерден тұратынын, олар бір-біріне байланысқан жапырақ тәріздес қатардан құралып, иондық байланыс тізбегін түзетінін, оның әр бөлігінде орналасқан иондардың бекітілген бағдарлама бойынша қозғалуы, тірі жасушаның қасиетіне ие екендігіне көз жеткізген. Сыртқы әсерден кристалдық иондық тізбек бұзылса да, бір шама уақыт өткенде жапырақ тәріздес қатар қайта қалпына келетінін анықтаған (адам денесіне түскен жарақаттың өздігінен жазылуына ұқсайды). Иондық байланыстың қозғалуынан пайда болған әлектр қуаты, ай бойы ультрокүлгін сәулені сыртқа шығарып тұруға себепші болса, қуаттан күш алған ол, өмірдің қарапайым қозғалысын еске салады (пайымдауымша, жер ядросындағы қызудың 6000 градус болуы, жер жыныстарының өз ішіндегі қозғалысынан пайда болған қуаттың әсері болар. Анығын Алла біледі). «Бұл адамның топырақтан жаратылғанына дәлел» дейді доктор Лейл М Койн. Ал Хайман «Біз саздың құрамын кешенді зерттеп, оның барлық артықшылықтарын білгенмен, адамның өмірін жасай алмаймыз. Бұған Ұлы жаратушының ғана құдіреті жетеді» деп, Алланы және адамның денесі топырақтан жаратылғанын мойындаған.

Ғалымдар С. В. Зенин, Масару Эмотолар судың есту, есте сақтау, сөзге, жазуға түсіну, дұға оқығанда, жағымды сөз бен жазудан сапасы жақсаратын, нашар сөзбен жазуға, қатты затқа соғылғанда бұзылып, тыныштықтан сапасы өздігінен жақсаратын қасиеттерін анықтады. Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әрдәйім «Ықылас», «Фәлаһ», «Нас» сүрелерін оқып, алақанына үшкіріп, денесін сипауы, халқымыздың «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп жақсы сөзге мән беруі, судың қасиеттерін білгендіктен бастау алған амал мен мақал. Дұға мен жақсы сөзден, денедегі судың құрамының жақсаруы деннің сауығуына себеп.

Жер беті мен адам денесінің 70 пайыздан астамы судан және   табиғаттағы басқа элементтерден құралады. Әлдебір себептен адам ағзасындағы элементтердің бірі, Алла белгілеген мөлшерден артық не кем болса, ағза дертке ұшырайды. Мысалы, адам ағза иод аздығынан зобпен ауырса, оттегінің жетіспеуінен тұншығады. Бұл Алла бейнемізді (дене) басқа жаратылғандармен байланыста жаратып, олардың қасиеттерін адамға да тән қылып, оның қажетін өтейтіндігін меңзейді. «Фуссилат» с. 53-а: «Оның (Құранның) бұлтартпас ақиқат екендігі көкіректеріңе жеткенше әлемдегі және өздеріңдгі белгілерімізді таяуда көрсетеміз» дегендей, Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Мен Меккеде бір тасты білемін. Мен елші болып жіберілместен бұрын маған сәлем беретін. Мен оны әлі де жақсы білемін» (Мүслим 2277) десе, Х-ті Али (р.а.): «Мен Алла Расулымен бірге Меккені аралайтынмын. Бір күні екеуміз Меккенің сыртына шықтық. Алдымыздан кездескен тас пен ағаштың барлығы Пайғамбарға (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Саған салауат пен сәлем болсын, уа, Расулаллаһ» деп сәлем бере бастады. Міне, Алланың қалауымен Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мен Хз.Али (р.а.) өсімдік пен тастың тілдеріне түсінді. «Ахзап» с. 72-а: «Рас, біз аманатты (парыздарды, шариғат міндеттерін) көк пен жерге, тауларға ұсындық. Олар оны үддесіне алудан бас тартты, одан қорықты» делінген. Жер жынысы мен суда да сезім бар: жауапкершілікпен қорқыныш, жақсы сөзге қуануы мен жаман сөзге ренжитін қасиеттерге ие.

 

  1. Нәпсілі, жансыз, ақылсыз өсімдіктер

Өсімдіктердің ерекшелігіне ой жүгіртсек, оларда жер жынысы мен судың қасиеттерінен басқа нәпсі бар, ауырады, жазылады. Тұқымда, өскіннің болмысымен бірге ол тамырланып, жапырақ жайып, қоректі тамырымен жерден, жапырағымен ауадан, күннен алғанша жетерлік қорегі бірге жаратылған. Піспеген қызанақты жаз ортасында жауған бұршақ ұрып, қабығы жыртылмай, ішкі еті қарайып жарақаттанғанда (адам денесінің соққыдан қанталағанындай), азотпен үстемелеп қоректендіргеннен кейін жарақаты жазылып, жеміс пісіп жетіледі. Күн ыстықта, қызанақты пісіп жетілер кезінде суық сумен суарса, қабығы жарылып, тыртық болып бітеді. Қияр суықтан ауырады, күкіртпен емдесе жазылады. Гүлін ашқан өскін, күннің қозғалған бағытына гүлін қаратып бұрылса, түнде суықтан сақтанып, гүлдерін жабады. Дем алады (көміртегін сіңіріп, оттегіні бөліп шығарады), аталық аналық арқылы көбейеді, Ал, кейбірі аталық, аналықсыз өздігінен көбейеді. Бұл құбылыс миллионнан бір әйелде де кездесіп, өмірге тек әйел жынысты ұрпақ келеді. Бұндай жағдайдың кездескені тарихтан белгілі. Ал Иса (а.с.) әкесіз еркек болып тууы, Алланың құдыреті. Өсімдіктер сөзге түсінеді, қорқады. Бұған «Хашыр» с. 21-а: «Егер біз осы Құранды бір тауға түсірген болсақ, сол таудың Алладан қорыққанынан быт-шыты шыққанын көрер едің. Осы мысалды адам баласы ой жүгіртсін деп баяндаймыз», «Исра» с. 44-а: «Жеті қабат аспан мен жер, сондай-ақ жаратылыс атаулы Алланы пәктейді. Оны мадақтап, пәктемейтін еш нәрсе жоқ. Бірақ сендер олардың тәсбихтарын (пәктеуіне) түсіне алмайсыңдар», «Нәміл» с. 18-а: «(Ол бұлармен) құмырсқаның илеуіне келген сәтте, бір құмырсқа: «Әй  құмырсқалар! Ұяларыңа кіріңдер. Сүлеймен мен оның әскерлері сендерді байқамай жаншып кетпесін» деді. Мұны естіген Сүлеймен (а.с.) құмырсқаның сөздеріне жымиып күлді» аяты мен Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Қабірге өскен көк өскіндерді жұлу, шабудың қажеті жоқ, олар Алладан жарылқау тілеп, тәспих айтады», «Абдулла ибн Аббастың риуаятында: «Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) зираттың қасынан өтіп бара жатқанда екі қабырды көрсетіп «не үшін азап шегіп жатқанын білесіңдер ме?» деді. Біз: «Оны Алла және Оның Елшісі біледі» дедік. Сонда Алла елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бұлар үлкен күнәнің азабын шегіп жатқан жоқ. Бірі кіші дәреттен сақтанбайтын, екіншісі өсек таситын.Бұлардың қиналып жатқандары әлгі екі әдеттің азабы» деді де, бір жас шыбықты алып, екіге бөліп қабірлерінің басына шаншып қойды да, шыбық қурағанға дейін азаптары жеңілдейді» (Бухари, Жанайз 82; Муслим, Иман 34). деген, хадисі мен Хз.Али (р.а.): «Мен Алла Расулымен бірге Меккені аралайтынмын. Бір күні екеуміз Меккенің сыртына шықтық. Алдымыздан кездескен тас пен ағаштың барлығы оған «Саған салауат пен сәлем болсын, уа, Расулаллаһ» деп сәлем бере бастады сөзі негіз. Ішкі бөлшектері қозғалып жылу – сәуле бөлетін, сөйлейтін, сөзге түсініп, өсіп, өнетін, ауыратын, жазылатын, сыртқы әлемнің әсерін сезініп, қорқып қорғанатын, қуанып сапасын жақсартатын жаратылысты неге «өлі» дейміз. Оларда біздің түсінігіміздегі тіршіліктің белгілері жеткілікті. Жаратушы жалғыздың алдында жаратқандарының бәрі де тірі. Осыны ескеріп, жаратылыстың бәрі тірі, тек «жанды» не «жансыз» деп ажырату ақылға қонымды сияқты. Анығын Алла біледі. Құстар мен бауырымен жорғалаушылардың  ұрпақ таратуында өсімдіктердің өсіп-өнуіне ұқсастық бар. Жұмыртқада, тұқым жұмыртқаны жарып шығып, өз бетімен тамақтанғанша жететін қорегі сары уызды, судың қызметін атқаратын ақ уызбен ораған. Бұл құбылыстың өсімдіктердің көбеюінен ерекшелігі жоқ. Бұлармен қоса өскіндерде, «сиям» егіздері сияқты жабысып бітетіндері де кездеседі.

 

  1. Нәпсілі, жанды, ақылсыз – жануарлар

Жанды жаратылыстар жануарлардың қасиеттерін ой елегінен өткізсек, өсімдіктерге ұқсастық болса, жоғарғы сатыдағы хайуандарда (сыртқы бейнесінен басқасы) адамға ұқсастық басым. Еркек пен ұрғашыдан көбеюі, ұрпағын мейіріммен, ана сүтімен асырауы, қорғауы, бірімен-бірі дыбыстап хабарласуы, қауіптен бірігіп қорғануы, сөзге түсініп, берілген бұйрықты орындауы, қорқу, қуану, иіс пен дәм сезу, көргеніне реакция жасауы, ұйқысы, шаршауы, дем алуы, нәпсісі, тануы секілді қасеиттері бар. Бірге тұрып үйренген малдардың бірін-бірін іздеуі және бір-біріне болысуы кездеседі. Адамнан басты айырмашылығы тек ақылсыз. Атқарған амалдарын саналы түрде емес, соқыр сезім-инстинкпен іске асырып, нәпсісінің Алла берген қасиетімен, өздігінен реттелуі.

 

  1. Нәпсісіз, жанды, ақылды – періштелер

Жанды жаратылыстың ішінде періштелерде жан мен ақыл бар, негізі нұрдан болғандықтан,   нәпсіз күнәдан пәк, тек Алланың тапсырмаларын ғана орындап, үнемі Оған құлшылық етеді. Олар ішпейді-жемейді, әшекей бұйымдарын тақпайды, жыныстық қатынасқа бармайды және көбеймейді. Қызығу, қызғану сезімдерінен ада.

 

  1. Нәпсілі, жанды, ақылды адам мен жындар

«Бақара» с. 30-а: Алла Тағала: «Әрине мен жерде бір Халифа (орынбасар) жаратамын!», «Сәжде» с. 9-а: «Содан соң оны толық бейнеге келтірді, оған өзінің рухынан үрледі (жан кіргізді)». Бір сәт адамды ойша, ақаусыз машина десек, оны қозғалтатын тетіктерін адам іске қоспайынша ол жүрмейді. Машинаның жүруіне себепші адам болғаны сияқты, бейнесаз нұсқаға, Алла үрлеген Рухтан, рух (жан-діл) пен нәпсі бітіп, тіріліп, бірінші пенде – Пайғамбар Адам (ғ.с) өмірге келді. Жынның негізі оттың жалынында да, өзінде де нәпсі бар. Бұған, «Ағраф» с. 11-а:«Адамға (а.с.) сәжде етуді әмір еткенімізде, олар сәжде етті. Тек Ібіліс қана бас тартты, тәкаппарланды және кәпірлерден болды», «Кәһф» с. 50-а: «Сол уақытта періштелерге: «Адамға сәжде етіңдер» деген едік. Ібілістен басқасы түгел сәжде етті. Ібіліс жыннан болғандықтан, Раббыңның әміріне бойұсынбады» аяттары мен Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Тамақ жеген кезде оң қолыңызбен жеңіз, су ішкең кезінде де, оң қолмен алып ішіңіз. Себебі,  шайтан   сол қолымен жеп, сол қолымен ішеді» (Мүслим, Әшрибә,105,106.) хадистері дәлел. Алланың аяттарынан білгеніміз дене-бейне топырақ, ал рух (жан-діл), әлемнің Раббасынан. Рух тұтастық, бөлінбейді. Бейне құрама, бөлшектенеді. Оның кейбір мүшелерін ота жасап, алып тастасаңыз да бейненің қалған бөлшектері тіршілік жасайды. Қолдың басын, әлдебір себеппен ота жасалып, кессе, сол жер жазылғаннан соң ауырса, ауырған жер адам мүшесінің орта тұсы емес, бұрын кесіп тасталған, ұшы сияқты сезіледі. Бұдан, рух  әрқашан тұтас, ешбір мүшесін жоғалтпаған түрінде сақталатын секілді. Анығын Алла біледі. Қасиетті Құранның «Исра» с. 85-а: «(Ей, Мұхаммед) «Олар сенен Рухтың не екенін сұрайды. «(Сен оларға): «Рух Раббыңның құзырындағы іс» деп айт. Сендерге ол жөнінде өте аз мәлімет берілді де» деген. Аллаға  белгілі мекен телуге болмайтынындай, жанға да бейнеде орын тағайындау мүмкін емес. Осыны білген бабаларымыз «жан ауырған жерде» деп жанға тұрақты мекен тағайындамаған да, іздемеген. Жанның бұл қасиеті, Алланың мекенсіз болу құдыретінің өмірдегі көрінісі шығар. Анығын Алла біледі. Хайуандардың денесінде рух бар ма десек? Біздің рух асылы дейтініміз Құдай тағаланың бізге сыйлаған білім орны. Хайуанда бұл рух жоқ. (Имам Ғазали) Жалпы рух туралы тереңдетіп сөз қозғап, пікір айту күпірлікке әкелуі мүмкін. Анығын Алла біледі. (У каждого человека есть два лобных полюса, и расположены они за бровями. Будто специально. Они разделены на левую и правую части. С одной стороны ангел, а, с другой, бес, подшучивает ученый. «В жизни так и происходит, мы, люди, постоянно ведемся на поводу то у одного «шептуна», то у другого. Ну а потом или испытываем угрызения нашей совести, или наоборот радуемся нашему поступку» заключил. Со слов руководителя лабораторных работ Матвея Рашворта, эти участки пробуждаются всякий раз, когда человек вынужден сделать выбор, в том числе и моральный выбор между добром и злом. Совесть внезапно «нашлась», когда исследователи сравнивали человеческий головной мозг с мозгом обезьяны. Исследования томографом 25-ти добровольцев выявило, что в префронтальной коре мозга у них есть обширные структуры, которые отсутствуют у макаки. Амаграфический анализ-25 обезьяньих не выявил». (түпнұсқа мен аударманы оқушы өзі салыстырып пайдалануы үшін беріліп отыр).

Оксфорд университетінің ғалымдары, өз еркімен келіскен 25 адамның миын томографиямен зерттеп, әркімнің қасының тұсындағы мидың маңдай жағында екі полюс барлығын, олардың, әдейі бөлгендей оң және сол бөлікке бөлінгендігін анықтаған. Осы бөліктер адамға жақсы мен жаманның арасын айыратын қажеттілік туған барлық жағдайда оянады екен (адамгершілік түсінігі тек пендеде бар мидың осы бөлігіне байланысты болар). Мидың сол бөлігінің  жасушасы «ақша ұрлайық» дегенде қуана келіскен, екіншісі оң жақтағы қабақтың үстіндегі жасуша «бұл – нашар қылық» деп қарсылық танытқан. Ғалымдар бұларды, шартты түрде «періште, шайтан»  деп атаған. Ғалым Рашвортаның айтуынша, адам миына ұқсас, 25 маймыл-макаканың және малдың миларына томографиялық зерттеу жасағанда, олардың миларында жақсы мен жаманды ажырататын, моральдық жағдай туғанда елеңдейтін бөлігі болмаған. Бұл ғылыми жаңалық дін ғалымдарының нәпсі мидың маңдай жағында, екі көздің арасында деген болжамын бекітеді.

  

Ақыл және нәпсі

   Нәпсінің, бейненің тіршілігін сақтаудағы атқаратын қызметінің аса маңыздылығынан болар, Алла Құранның 295 жерінде нәпсіге назарымызды аударған. Адамның денесі бейнеленген  балшықта нәпсі болмаса да, оған Алла  тағала  рух  үрлегеннен кейін нәпсі пайда болып, рух (жан-діл) нәпсімен бір денеде орналасты да, адам болды. Бұл туралы ИбрХиббан рахматуллаһи әләйһ Әнес ибн Мәліктен риуаят еткен хадис шәріпте: «Оған Алла  тағала  рух  үрлеген кезде, жан алдымен оның басынан кірді» деген. Жан мен нәпсіні ғалымдар адамның өзі деп те түсіндіреді. Нәпсі сөзі адам мағынасында айтыла береді, оның анық мағынасы сөйлемнің мағынасына қарай түсініледі. Мысалы:«Ғимран» с. 185-а: «Нәпсиң» – жан, «Әнғам» с. 12, 70, 98-а:  «нәпсиһ»-өзіне, жанына, «нәпсум» – әрбір жан, «нәпсу» – адамға, «Юсуф» с. 53, 68-а: «Нәпси» – өзімді, жан, «Нәпси» – көңіліңдегі. «Сәжде» с.13-а. «нәпсин»-жан, «Ясин» с. 54-а: «нәпсун» – ешкімге, «Тариқ» с. 4-а:«нәпсил»-«әркімнің үстінде» деген мағынасында қолданған. Адам бейнесі өмір сүруге қажетті қуатты, Алланың адам игілігі үшін жаратқан нығыметтерін пайдаланудан алады. Осы құбылыстың жиынтық ұғымы – нәпсі. Әрбір мұрат-мақсат, нәпсінің қалауы болар (имам Ғазали). Алла тағала: «Исра» с. 70-а: «Адам баласын ардақтадық және оларды басқа жаратқандарымыздан әлдеқайда артық жараттық» «Ахзап» с. 72-а: «Рас, біз аманатты (парыздарды, шариғат міндеттерін) көк пен жерге, тауларға ұсындық. Олар оны үддесіне алудан бас тартты, одан қорықты. Оны адам баласы үддесіне алды», «Инсан» с. 3-а:  «Расында біз оған не шүкірлік, не күпірлік ететін тура жол көрсеттік» «Бәләд» с. 10-а; «Әрі оған (жақсы-жаман) екі жол көрсеттік (емес пе?) Осы аяттардан түсінетініміз, Алла Адамға ақыл беріп, бүкіл жаратылыстан артық жаратты да, оған осы өмірді, мәңгілікке өтетін өткел-сынақ алаңы етіп, зор жауапкершілік міндеттеді. Алла адамның алдына, бірі келешекте рақатқа бөлейтін жаннатқа, екіншісі азап тарттыратын жаһаннамға апаратын екі жол барын білгізіп, қай жолмен жүруді жүрегімен, ақылымен таңдасын деп өз еркіне қалдырды. Алла адамға ақыл беруімен, білімге, достыққа, харамнан қашып, адал жолмен жүруді, арлы-ұятты, намысты, Аллаға ғибадатынан жаңылмай, ізеттілік пен жақсылыққа жақын болу қасиеттерімен періште сипатын берді. Құранда, ақыл мен ілім иелерін ардақтап, оларды жолбасшы және жақсылыққа нұсқаушы ретінде көрсеткен:«Бақара» с.164-, 269-а: «Ақыл иелері үшін (жаратушының жалғыздығын дәлелдейтін) даусыз дәлелдер бар», «Тек ақыл иелері ғана мұны түсінеді». «Рағыд» с.19-а: «Тек ақыл иелері ғана одан насихат ала біледі» деген. Пенденің мәртебесін бүкіл мақұлықтан биіктеткен ақылды сараласақ, ақыл – адамды ерекшелейтін аса маңызды қасиеті. Ақыл дұрыс жолды көрсетуші, насихатшы сияқты. Ойшылдар, ақылды пайым және парасат деңгейіне бөлген. Пайым ақылдың табиғи күші, ол әрбір адамға тән, яғни есі дұрыс  адамның күнделікті тіршілік ерекшеліктерін, немесе көргенін, естігенін қандай дәрежеде меңгергендігіне байланысты ойлау жүйесінің ең  төменгі буыны. Парасат, ойдың мүлдем жаңа таным-білімдерді қорыта алатын және шындықтың аса терең мәнін танып біле алатын жоғарғы жасампаздық, тек оқумен келетін білім иелеріне тән қабілет-қасиет. Ақылдың, ойдың дамуының жоғарғы дәрежесі – даналық. Ақылы пайым дәрежесіндегілер өмірдің қызықты да, қиын жолында кездесетін келеңсіздіктен өтудің амалын, ақылы парасат және даналық дәрежесіндегілерден сұрап, ұғынады. Бұл туралы Құранның «Нахл» с. 43-а: «Білмесеңдер, ғылым иелерінен сұраңдар» деген.

Алла осы дүниеге адамды сынақ үшін жаратып, оған тәрбиелеп, пайдалан деп нәпсіні және жол сілтеуші етіп ақылды берді. Тәрбиеленбеген нәпсі бұзық, ерке бала іспеттес, әрқашан бұзықтыққа бой ұрады. Бұл туралы Құран Кәрімнің «Юсуф» с. 53-а: «Нәпсімді ақтамаймын, расында жамандыққа бұйырады», «Әнғам» с. 12-а: «Алайда, өзіне-өзі зиян келтіргендер иман етпейді» десе, Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ақылды кісі-нәпсісіне ие болып, оны жауапқа тартып, өлімнен кейінгі өмірі үшін тырысқан адам. Ал ақымақ-нәпсісі құмарлығына беріліп жүріп, Алладан жақсылық күткен адам» (Тирмизи, Қиямет 25). Нәпсіні еркіне босатпай, тұрақты түрде шариғат аясынан шығармай тәрбиелеу аса қажеттілік. Нәпсі тәрбиесінде, білімнің, мінездің және қанағаттың орны өзгеше. Нәпсі туралы мағлұмат алған соң, негізгі тақырыбымыз нәпсі тәрбиесіне келсек. Құран Кәрімде нәпсіні, негізінен үш түрге бөліп сипаттаған:

1.Жамандыққа бұйырушы нәпсі. «Юсуф» с. 53-а: «Нәпсімді ақтамаймын, расында жамандыққа бұйырады», «Әнғам» с. 70-а: «Дінді ойыншық, күлкі қылғандарды, дүние тірлігіне алданғандарды ырқына қоя тұрып, Құран арқылы ескерту бер». Бұл ақылы тұтқындағы, нәпсісі әмірші пенделердің нәпсісі. Үстемдікке дағдыланған нәпсі тек қана рахатты аңсайды, құлшылыққа мойын ұсынбайды, тоңмойын, жалқау, құмарлығын қанағаттандыруды ғана ұнатады. Құранда «Ағраф» с. 179-а: «Рас, тозақ үшін де көптеген жын, адамдар жараттық. Олардың жүректері бар, алайда олар онымен түсінбейді. Және олардың құлақтары бар, ол арқылы естімейді. Олар хайуан тәрізді, тіпті одан әрі адасуда. Міне, солар мүлде қаперсіздер» делінген.

  1. Сыншыл нәпсі. Құранда: «Қиямет» с. 2-а: «Өзін жазғырушы нәпсіге серт етемін (күнәдан тыйылуға шақырушы)». Бұл шынайы мұсылманның нәпсісі. Тақуа мүмін өзінің амалына әрдайым осы ісім шариғат талабына қайшы келмей ме деп сынайы қарап, Құран мен хадиске сай келмесе оны орындаудан бас тартады. Ғұламалар «сыншыл нәпсі» туралы: «Ол жамандық істеп қойса, неге істедің деп жазғыратын, ал жақсылық жасаса, неге көбірек істемейсің деп сөгетін нәпсі» деген түсінік берген.
  2. Жаны жай тапқан нәпсі. Құран Кәрімде «Фәжір» с. 27-30 а «Әй, жаны жай тапқан нәпсі! Сен Раббыңнан разы болған, Раббың саған разы болған жағдайда оның алдына қайт. Менің (абзал) құлдарымның қатарына қосыл. Жұмағыма кір». Алла елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алладан: «Уа Алла! Мен Сенен жәй тапқан, Сенімен кездесетін күнге иман еткен, тағдырға риза болған, бергеніңе қанағат еткен нәпсі сұраймын» (Табарани) дұғасымен тілек тілеңдер деп үйреткен.

Екі жүзділерден басқа, құдайдан шын жүрегімен қорыққан, иманның бес парызын орындайтындар, ниетінің, амалының харамға, күнәға апармайтынын ой елегінен өткізіп, сауапты амал болса ғана іске асырады да, іске асқаны «шариғатқа қайшы келмеді ме» деген ойда болады. Бұны Құранда «разы болған нәпсі» деген. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):  «Нәпсісін   жамандықтан арылтқан адам жарылқанады, ал жамандыққа салып жіберген адам зиянға ұшырайды» (Шәме 9,10), «Үш нәрсе менің үмметіме жабысып жүреді: бал ашу, көреалмаушылық және жаман ой» (Табарани). хадисіндегі, нәпсідегі сезімдер, мінез түсінігінде де топтасқанын білдіреді. «Мінез Нәпсіге мықтап орналасқан қалып. Демек, мінез нәпсінің ішкі қалпы (күйі) мен бейнесі» (Имам Ғазали). Осыдан мінезді танып, тәрбиелеу, нәпсі тәрбиесімен бір түсінікке саяды. Мінездің мағынасын түсіну үшін мына төрт жайтқа көңіл аудару керек.

–   жақсы, не жаман әрекет жасауға ниеттену;

–   жақсы, не жаман әрекетті іске асыру шамасы;

–   жақсы, не жаман мінезден хабардар болу, яғни білуі;

– нәпсінің үнемі жақсылыққа, не жамандыққа жақын болуы, не жақсылықты не жамандықты жеңіл орындауы.

Мінездің негізі: білім, ашу және шауһат-құмарлық күштері мен үшеуінің арасында тұратын әділдік күші. Әділдік күші, ашу, шауһат-құмарлық, білім күштерін ақыл мен шариғат шеңбері аясында ұстауды білдіреді. Әділдік, ақылдың шешімін орындататын тұлға деп таныса болады. Білім күшінің қасиеті, ақ пен қараны, халал мен харамды, жақсы мен жаманды ажырата білуімен өлшенеді.

Ашу күшінің игілігі, ашу-ызаны ақылмен тежеу және баса білуінде. Ашу күшінің әділ болуынан батырлақ қасиеті туады. Мөлшерінен асуы, ашушаңдыққа әкеліп, ашу қысқан сәтте, естен айырып, қылмысқа: жазықсыз адам өлтіруге, қинауға, зорлауға себепкер болады. Төмендеуі қорқақтыққа әкеледі.

Шауһат-құмарлық күштерінің көркемдігі ақыл мен шариғат шеңберінің аясынан асып кетпеуімен танылады. Ол тежелмесе, тойымсыздық, ашкөздік, харам жолмен табыс табуға жетелейді. Барлық жаратылыстың екі шеті болатыны сияқты, ақылдың да, мінездің де, әділдіктен басқасында жоғарғы және төменгі деңгейлері бар. Әділдік ұғымында орта шамадан асу немесе төмен түсу қасиеті жоқ. Әділдік қасиеті көбеймейді, не азаймайды. Әділдікткке қарама қарсылық – зұлымдық (Имам Ғазали 25-б.). Егер әділдік қасиеті орта деңгейден жоғары болса, не төмендеп кетсе, онда іштарлық, ашкөздік,  немқұрайдылық, әзілқойлық, жағымпаздық, қызғаншақтық мінездері қалыптасады (Имам Ғазали 27-б.). Имам Ғазалидің бұл жерде әділдікке байланысты екі пікір айтуы, имам Ғазалидің қатесі деп түсінбей, Әділеттіліктің келешек үшін жасалғаны, түсінбеген пендеге зұлымдық болып көрінетін кездері де болады. Мысалы: азықтық өсімдіктермен бірге өсетін шөптерді отау немесе уландырып жою сықылды. Сондықтан, әділеттілік түсінігінің кейбір ауқымы тар амалдарда бір деңгейі болса, ауқымы зор, келешекте кездесетін үлкен зұлымдықтың алдын алу мақсатында орындалған амал сол шақта зұлымдық ұғымына апаратын кездері болады. Мысалы: «Кәһф» с. 66-82-а: «Мұса (а.с), Қызырға (а.с.) кездесіп: «Сізге дарытылған даналықтардан маған да үйретуіңіз үшін (сізге) ерейін бе?» деді. Қызыр (а.с.): «Менімен бірге болуға шыдай алмайсың. Өзің ішкі сырын толық білмейтін істерді көргенде қалай сабыр ете алар екенсің?» дегенде, Мұса (а.с.): «Алла қаласа, менің ұстамды екенімді байқарсыз. Бұйрығыңызға, әсте қарсы келмеймін» деді. Қызыр (а.с.): «Маған еремін десең, (алда кезіккен) істер хақында мен саған түсіндірмейінше ешнәрсе сұрама!» деді. Сонымен екеуі жолға шықты да, бір кемеге мінді. (Қызыр) кемені тесті. Мұса: «Кемедегілер суға кетсін деп тестің бе? Сен расында, шатақ істедің» деді. Қызыр: «Менімен бірге жүруге шыдай алмайсың демеп пе едім!» деді. Мұса (а.с.): «Айтқаныңызды ұмытқаным үшін айыпқа бұйырмағайсыз. Маған қолайсыз қиындық тудыра көрмеңіз!» деді. Екеуі тағы да жол тартты. Жолда бір балаға кездесіп еді, (Қызыр) оны өлтірді. Жазықсыз бір жанды өлтіргеніңз қалай? Расында, сұмдық іс істедіңіз» деді Мұса. «Менімен бірге жүрсең шыдай алмайсың деп саған айтпап па едім?» деді (Қызыр). Мұса: «Мұнан былай тағы бірдеңе туралы сұрар болсам, мені жолдас етпей-ақ қойыңыз. (Уәдеге үш рет қайшы келгендігім үшін) әрине, маған айтарыңызды айтып болдыңыз» деді. Екеуі тағы да жол тартып, бір қыстаққа келді де, ондағы тұрғындардан тамақ сұрады. Қыстақтағылар оларға қонақасы беруден бас тартты. Екеуі қыстақта құлағалы тұрған бір үйді көріп, оны жөндеп қайта тұрғызды. (Мұса Қызырға): Егер қаласаңыз бұл еңбегіңізге ақы алар едіңіз» деді. Қызыр: «Екеуіміздің айрылатын жеріміз міне осы, сен сабыр ете алмаған (қайта-қайта сұраған) істердің сырын енді айтып берейін. Әлгі кемеге келсек, ол теңізде кәсіп істейтін кедейлердікі еді. Оны (тесіп) ақаулы етіп қойғым келді, (себебі) сол маңда жарамды кемелерді тартып алатын бір патша бар еді. (Бүлінген кемені алмайды). Ал (өлтірілген) баланың әке-шешесі мұсылман еді, ол бала (ержеткенде оңбаған кәпір болтындықтан) әке-шешесін теріс іске, күпірлікке мәжбүрлейді деп қауіптендік. Сондықтан, Раббамыздан оларға одан гөрі пәк, қайырымды бір перзент нәсіп етуін тіледік. Ал, үй жөніне келсек, ол сол қыстақтағы екі жетім баланікі еді. Оның астында екеуіне тиесілі (көмулі) қазына бар. Олардың әке-шешелері, түзу жақсы кісілер болғандықтан, Раббың екі жетім ержеткен соң (үй астындағы) қазынаны қазып алуын қалады. Міне, бұл Раббының оларға деген рақымы. Мен бұл істерді өздігімнен істемедім (Алланың маған берген аяны еді). Сен сабыр ете алмаған (қайта-қайта сұраған) істердің мән жайы осылай» деген.

Алла елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «екі жүзді адамның үш белгісі бар: сөйлегенде өтірік айтады; уәде берсе, орындамайды; аманатқа қиянат жасайды» (Бухари иман 24).

Ирак патшасы, Саддам Хусейін отыз жылға тарта билік тізгінін ұстаған жылдары елінде тыныштық, мамыражай заман орнауына себепші болды. Бірақ оны «140 адамның өмірінің  қыйды» деп дарға асқаннан кейінгі, 5-6 жыл ішінде төгілген  бірнеше жүздеген мың адамның қаны мен миллиондаған адамның шеккен зардабына бүгінгі таңда ешкім жауап беретінге ұқсамайды.  Демократия, адам құқығы, сөз бостандығы, деген жартылай түсінікті алға тартып, жеке адамның көпшілік алдындағы міндетін жоққа шығаруымен пендені адамдық қасиеттен хайуандыққа апара ма дейсің. Жүгенсіз демократия – адамзаттың алдынан қазылған жасырын ор, қашан түсіп, одан шыға алмайтынына санасы жеткенше көңілі соқырлар түсе беретін қақпан. Миллиондаған адамның сезімімен санаспай, ойына келгенін айтып, қолынан келгенінше келемеждеп, асыл ойлы адамзаттың бетке шығарлары мойындаған, Алланың құлы әрі елшісі, адам түгілі пайғамбарлардан ерекше жаратылған, екі дүние сардары – Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) атына неше түрлі сөзбен лас құйып, жағымсыз суреттер салып, ел мен елді араздастырып, дінаралық араздық, тудырып, халықты бірімен бірін жауластырып, террорға итермелеуі қандай адами қасиетпен жарасады?! Жоғарғы деңгейлі сезім жақсылықтан гөрі жаманшылыққа, ал төменгісі немқұрайдылықты тудырады. Сондықтан, дұрысы әрқашан орта деңгейі.

Ақыл орта шегінен асса, айлакерлікке, алдау мен арбауға көшеді. Ал оған немқұрайды қарау ақылсыздықа әкеледі. Бұдан сақтанудің жолы-ақылды білім мен тәрбиелеп, тұрақты толықтыру. Білімнің тәрбиелілігі алдымен кішіпейіл, жақсылыққа да, жаманшылыққа да жақсылықпен жауап беретіндей сабырлы, білгенін бауырына көркем мінезбен жеткізетіндей дәрежеде болуы. Асқан ойшыл Әл-Фараби: «Тәрбиесіз берілген білім у мен тең» деген. Тәрбиесіз білім иесі өз пайдасы жолында адамгершілікті жоғалтып, басқаға зиянын тигізеді.

Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Ізгілік деген көркем мінез-құлық. Ал күнә – дүниеңді мазалаған, әрі ел-жұрт білмесін деген ісің» (Мүсілім бирр 14). Мінездің орта дәрежесі «көркем мінез» деген. Пайғамбардың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мінезі жөнінде: Құранның «Қалам» с. 4-а: «Шын мәнінде сен әлбетте ұлы мінезге иесің»  деген. Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көркем мінез жайында сұраған адамға, «Ағраф» с. 199-а: «Кешірім жолын ұстан, жақсылықты әмір ет» деген аятын оқығаннан кейін: «Көркем мінез-туыстық қарым-қатынастарын үзгендермен арадағы аралас-құраластықты арттырыуың, саған жамандық жасағандарға жақсылық жасап, қиянат жасағандарды кешіруің» деген (А.Әділбаев, «Дін насихат», Алматы, 2014 ж. 205-б.) Бір кісі: «Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: Дін деген не?» деп сұрағанда, Ол «Көркем мінез» деп жауап берген.  Әлгі адам, бір қойған сауалын неше мәрте қайталаса да Пайғамбарымыздан (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Көркем мінез» деген жауап  алған. (А.Әділбаев, «Дін насихат», Алматы, 2014 ж. 206 б.). Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мен көркем мінезді кемеліне жеткізу үшін келдім» (Х.Алтай «Таңдаулы хадистер аудармасы, Алматы, «Берен», 1994 ж). «Адамды жаннатқа жетелейтін оның көркем мінезі, ал тілі тозаққа апарады» («Шапағат нұр» журналы, № 3-2005 ж. 20-б.) деп, көркем мінездің адам өміріндегі ерекше орнын, жұмаққа апарар жолдың көркем мінез арқылы екенін білдірген. Қасиетті Құран Кәрімнің аяттары және Алла елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистері ең көркем тәрбиеші екенін білеміз. Әли ибн Әбу Талиб (р.а.) «Көркем мінез үш қасиетпен келеді: харамнан аулақ болу, халалды талап қылу және отбасына кеңпейілді болу» деп түсіндірген. Нәпсіде ішіп-жеу, ұйықтау, қызғану-көре алмаушылық, қызығушылық, паңдық және зина сезімдері бар. Осы амалдарды тәрбиелеу жөнінде қасиетті Құран аяттары мен Алланың елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистері не дегенін саралайық.

«Ағраф» с. 31а: «Жеңдер, ішіңдер де ысырап етпеңдер. Күдіксіз Алла ысырап етушілерді  сүймейді», «Әнғам» с.151.а: «Жамандықтардың ашық, жасырын болғанына да жақындамаңдар». Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ішіңдер, жеңдер, садақа беріңдер және киіңдер, бірақ ысырапшылдық пен дандайсуға  жол  бермеңдер» (Мүслим). «Ешбір адам үш нәрседен: жорамалдау мен күдікті ойдан, қызғаныштан құтыла алмайды», «Үмметім үшін ең көп қорқатын нәрсем – нәпсілерінің әуесіне ұюы» (Суюти,жамиус-сағир1,12). «Үмметімнің екі жаман мінезге тап болуларынан қорқамын. Олар: «нәпсіге бағыну және өлімді ұмытып, дүниелік нәрсенің артынан жүгіру», Зухруф с. 36-а: «Кімде-кім рахымды Алланы еске алмай (зікір етпей) көз жұмса, оны бір шайтанға иектеткіземіз, шайтан оған жолдас болады». Санада: тәкаппарлық, паңдық, қызығушылық, не көре алмаушылық, қызғаныш, зина сезімдері болса, бұлардың қатысуымен іске асатын амалдан өте сақ болған абзал. «Бақара» с. 34-а: «Біз періштелерге, Адамға (а.с.) сәжде етіуді әмір еткенімізде, олар сәжде етті. Тек Ібіліс қана бас тартты, тәкаппарланды және кәпірлерден болды», «Ағраф» с. 12-а: Алла Ібілістен: «мен әмір еткенде, сені сәжде етуден не тыйды?» деп сұрағанда. Ол: «Мен одан артықпын. Мені оттан жаратып, оны балшықтан жараттың» деп, паңданып лағынетке ұшырады. «Лұқман» с.  18 а: «Адамдарға паңданып қырын қарама және тәкаппарланып жүрме. Шынында Алла дандайсыған мақтаншақтарды сүймейді» аяты мен  Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте: Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Даңқ – Аллаһтың киімі. Тәккәпарлық – шапаны. Аллаһ айтады: «Кімде-кім Менімен осы нәрседе таласса оны азаптаймын». Тағы да Аллаһ айтады: «Менмендік – шапаным, Ұлылық – киімім. Кімде-кім осы екеуінің біреуіне байланысты Менімен таласса, оны тозаққа лақтырамын» (Әбу Сағид Әл-Худри мен Әбу Хурайрадан). «Ұлы жаратушымыз Аллаһ тағала: Айбындылық, ұлылық – Менің изарым (киімім). Асқақтық (тәкаппарлық, «ешкімге бас имейтін асқақ» дегенді білдіретін Аллаһқа ғана тән ұлылық сипаты) – Менің шапаным. Кімде-кім Менімен осы екеуінің біріне таласса, оны аямай азаптаймын» деп айтты» (Мүслим бирр 136). (Бұл хадистердегі шапаным, изарым, киімім деген сөздер шартты түрде пендеге түсінікті болу үшін қолданылған. Сондықтан Алла киім киеді деген түсінік тумау керек).

Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құдси хадистерінің бірінде: «Ұлы жаратушымыз Алла тағала: Ұлылық, асқақтық, тәкаппарлық, (ешкімге бас имейтін асқақ дегенді білдіретін Аллаға ғана тән ұлылық сипаты) – Менің  сипаттарым. «Сендерге кімдердің дозақта баратынын айтайын ба? Әрбір озбыр, дөрекі, сараң және тәкаппар адам тозаққа кіреді  (Бухари, Әдеп,61;Муслим, Жаннат, 46) хадистері мен Құдси хадисте: «Байлықты қанағатқа жасырдым, оны малдың көптігінен іздейді, оны қайдан тапсын», «Рахатты жұмаққа жасырдым, адамдар оны дүниеден іздейді, оны қайдан тапсын» (Бихарул-Әнуар) деп, барға, атаққа мастанбай, «Алланың берген нығыметі» деп шүкіршілік пен қанағат, ырзалық қылу ләзім. Өзіңнен байлығы, денсаулығы артықтарға санаңда қызғаныш пен қызығушылық туындап, Алланың бергенін азсынсаң, сенен де денсаулығы мен мал-мүлкі төмен талайлар бар екеніне назар аударып, тәкәппарлық пен қызғанышты жадыңнан аластат. «Адам баласының мыналардан басқа еш нәрсеге қақысы жоқ: тұрғын үй, денесін жабатын киім және қара нан мен су» (Термези). «Нағыз байлық дүниенің ағыл-тегіл көптігі емес. Нағыз байлық – жан сарайының байлығы» (Бухари, Риқақ 15) хадистерін естен шығармау. Мына оқиға бұған мысал: Бай, балалы-шағалы би қарсы жақтың, кедей, баласыз биімен дау алаңында кездесіп, өзінің малы мен бала-шағасының баршылығын қарсыласының есіне салып: «Жалғызбын деп жалтақтамай, жарлымын деп жалпақтамай, қарпып-қарпып сөйлеп отыр» деп сөз кезегін қарсыласына бергенде, екінші би: «Ей, не дейсің?! Маған берем десе,  Аллада бала мен байлық жоқ па? Балаң көп болса,  доңыз сегізден табады, сол шығарсың, малың көп болса Қарымбайдай шығарсың. Сенің балаң мен малыңды аламын десе Құдайдың пәлесі жоқ па?» дегенде, бай, балалы би, жеңілгенін мойындапты. Пенденің тәкаппарлықтан құтылатын жолы, өзінің Алланың алдында шарасыз құлы екенін мойындап, жеткен жетістіктерінің барлығы Алланың сынақ үшін бергені екенін, Алла тағала, ертең ақырет күні нығметтерін қалай пайдаланғанын сұрайтынын әр уақытта естен шығармау. Дүниенің көптігіне, лауазымның жоғарылығына дандайсу, өзін басқадан артық санау жаһаннамға, ал, Алланың бергеніне шүкірлік қылу,  Алладан нәпсісін жамандықтан сақтауды үнемі дұғамен шын жүректен тілек тілеудің жәннатқа апаратын жол екенін есте сақтау. Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Аллам,  мені тақуалығы жоқ жүректен, тойымсыз нәпсіден, пайдасыз ілімнен, қабыл болмайтын  дұғадан сақтауыңды сұраймын» (Ахмед). «Жиһадтың ең абзалы – нәпсімен күресу» («Жұма уағызы», Астана, 2015 ж. 113-б). «Мені көзді ашып-жұмғанша нәпсіммен оңаша қалдырма, жетегіне ергізбе», «Үмметімнің екі жаман мінезге тап болуларынан қорқамын. Олар – нәпсіге бағыну және өлімді ұмытып, дүниелік нәрсенің артынан жүгіру», «Бұл дүниеге қызықпа, сонда сені Алла жақсы көретін болады, адамдардағы нәрселерге қызықпа, сонда сені адамдар жақсы көретін болады» (Ибн Маджа).  Және Зухруф с. 36-а:«Кімде-кім рахымды Алланы еске алмай (зікір етпей) көз жұмса, оны бір шайтанға иектеткіземіз, шайтан оған жолдас болады»,  Шәмс с. 9-,10-а: «Расында нәпсісін тазартқан кісі құтылады да; Әлде кім оны кірлетсе қор болады» деп, қызығушылықтың күнәға әкелетінін білдірген. Адам (а.с.) мен Хауа анамыз Алланың жеме деген жемісін жаза басып жеп, жәннаттан  шығарылды. Ұзақ жылдар Алладан дұғамен кешірім тілеп, Алланың кешіріміне бөленді. Біз әр қадамымыз күнәлі іс болған пенде осыдан ғибрат алып, Алладан дұғамен нәпсімен жеке қалудан сақтауды тілейік. Пенде бойындағы қызғаныш сезімін дер кезінде тұншықтырмаса, ол зор күнәға апарады. Адам (а.с.) балалары: Әбіл Аллаға мүлкінің ең тәуірін құрбандыққа атады да, құрбаны қабыл болды. Мүлкінің ең нашарын атаған Қабылдың құрбаны қабылданбады. Қабыл, құрбанының қабылданбауын – өзінің ашкөздігінен екенін ескермей, құрбаны қабыл болған бауыры Әбілді қызғаныштан өлтірсе, Батыр Баян жанындай жақсы көретін жалғыз інісі Нояннан қалмақ қызын қызғанып өлтірді де, олар күнәға батты. Ізгі амалдың ойдағыдай орындалмауының себебін өзгеден іздемей, өзінің ниеті мен амалынан іздеп, кемшілікті түзететін іс атқарсақ, бір-бірімізді сүйіп, қадірлесек, нәпсіде ашу мен ызаға, қастандыққа орын қалмайды.

«Бақара» с. 195-а: «Өздеріңді өз қолдарыңмен қатерге итермеңдер»   «Ниса» с. 29-а: «Бір-біріңді өлтірмеңдер»,  Ағраф с. 31-а: «Ішіңдер, жеңдер бірақ ысырап қылмаңдар, шындығында Алла Тағала ысырап қылушыларды сүймейді». Айша анамыз (р.а.): «Мұхаммед (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) о дүниелік болғанға дейін оның отбасы екі күн бойы арпа нанына да жарыған жоқ». (Бухари-Әйман 22). Нұғыман ибн Бәшір (р.а.): «Мұсылмандардың әміршісі Омар ибн Хаттабтың: «Мен  Алла елшісінің (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) күн бойы жүрек жалғар бір түйір жаман құрманы да таба алмай, аштықтан бұралып өткізген күндеріне куә болдым». (Мүслим зүһд 36). Әбу Кәриматә әл мұқдад ибн Мағдикариб (р.а.): Алла елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Құдси хадисте: «Абыройды бағыну мен тақуалыққа жасырдым, адамдар  оны басшылықтың табалдырығынан іздейді, оны қайдан тапсын»; «Мен ілімді аштыққа жасырдым, адамдар қарны тоқтықтан іздейді оны қайдан тапсын» (Бихарул-Әнуар).   Халқымыз «Ас – адамның арқауы» деп, жанның көлігі, бейненің өмір сүруіне ас пен ұйқы қажет екенін ескертіп, оның асқа қажеттілігін дұрыс өтеуге үлкен мән берген. Асты мөлшерден тым аз ішу, бейнені жүдетіп, әлсіздікке, сырқатты тез қабылдауына әкелсе, артық ішу мен ұйқы немқұрайдылыққа, енжарлыққа, бойкүйездікке, тойымсыздыққа (көп ішкен астан асқазан созылып, кеңейіп, өзін толтыруға күннен-күнге тамақты көп тілейді) және семіздікке душар етеді, семіздік – көптеген ауруға себеп. Қазіргі медицинада шешілмеген мәселесінің бірі – артық салмақтың алдын алу. Ас ішудің әдебі туралы Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адам баласы еш уақытта асқазаннан өткен жаман ыдысты лықа толтырған емес.  Әсілінде, адам әлденіп алу үшін аз ғана  тағам жеткілікті. Ал егер оған міндетті түрде ішіп-жеу керек болса, асқазанның үштен бірін тамаққа, үштен бірін сусынға толтырсын. Қалған  үштен бір бөлігін еркін тыныстау үшін бос қалдырсын» (Термези, зүһд 47), «Алланың құлы  күмәнді нәрселерден сақтану  мақсатында онша  күмәнді болмаған кейбір нәрселерден де бас тартпайынша, шынайы тақуалыққа   қол жеткізе алмайды» (Тирмизи, қиямет 19). «Өзіңе-өзің өлім тілеме» (ҚМДБ «Желмая» ғылыми аударма орталығы, Алматы, 1991ж. 114-б.).

«Екіжүзді адамның үш белгісі бар: «сөйлегенде өтірік айтады; уәде берсе, орындамайды; аманатқа қиянат жасайды» (Бухари). Дана халқымыз: «Тарта жесең тай қалар, қоя жесең қой қалар, қоймай жесең, нең қалар», «Қанағат қарын тойғызар, қанағатсыз жалғыз атын сойғызар», «Ауру – астан» деп қомағайлық пен дүниеге құмарлықтан сақтандырған. Адамға ақыл берумен қатар, зор жауапкершілік жүктелген. Құлдарына берілген нығыметтер (уақыт, көзі, құлағы, аяқ-қолы, денсаулығы, т. б.) – Алланың аманаттары. Бұл туралы қасиетті Құранның  «Ниса» с. 29, 58-а: «Өздеріңе өздерің қол салмаңдар! Шын мәнінде, Алла Тағала сендерге өте рахымды, Алла тағала сендерге аманаттарды тиісті иелеріне қайтаруды бұйырды» деген. Ас ішіп-жеу, киіну, сөйлеу, ұйықтау сияқты адамның табиғи қажеттілігін қанағаттандырғанда ысырапқа бармауды қадағалау қажет. Артық ішілген ас – ысырап. Ысырап – харам. Алланың аманаты – денсаулыққа қиянат, ағзаға залал келтіру өлім тілеумен парапар.

Құмарлық (дүниеге, ұтыс ойындарына, некесіз-төсек қатынасы – зинаға) «Хадид» с. 20-а: «Шын мәнінде, дүние тіршілігі – бір ойын, ермек, сән ғана. Өзара мақтанысу, сондай-ақ мал-дүние мен балаларды көбейту жарысы. Негізінде, дүние тіршілігі алданыштан басқа ештеңе емес», «Фатыр» с. 5-а: «Дүние күйбеңі сендерді алдап қоймасын»,«Нұр» с. 33-а: «Үйлене алмағандар, Алла өз кеңшілігімен байытқанға дейін (күнәлі істерден) өздерін таза ұстасын» және Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Расында әр үмбеттің бүлігі бар, менің үмбетімнің бүлігі байлық болады» (Ат-Тирмези). «Ойыңыз бен нәпсіңізге берілуден сақ болыңдар. Өйткені бұл құлақты керең, көзді соқыр етеді» (Суюти, Әж-жәмиус-сағир 1-том 2928 х)  хадистері арқылы байлық дұрыс жолға жұмсалмаса, күнәға себепкер болатындығын ескерткен. Дүниеге құмар қанағатсыздар, Алланың бергеніне шүкіршілік қылмаушылар, харам табыс – ұрлыққа, пара алып, пара беруге, ұтамын үмітімен ақша салып ұтыс ойынын ойнауға әуестенеді. Аса мейірімді Алла кісі ақысын жегеннің күнәсін, жәбірленуші кешірмейінше кешірмейді. Жалғаннан бақиға, қарызданып немесе басқаның мүлкін оның келісімінсіз алып, бұл дүниеде өтемей кеткен пендеден, таңдамахшар күні, жәбірленушіге ақысының өтеуіне қарыз мөлшерінде сауабынан сауап алып береді. Егер сауабы болмаса, жәбірленушінің күнәсін азайтып, жәбірлеушіге қосады. Ұтыс ойынын ұйымдастырушы алғашқыда біраз күн бойы ойыншы ойынға құмартқанша ұтылып, кейін ұтады. Ұтылғандарға «мейірімділік» танытып, қарыз беріп, берешекке белшесінен батырады. Бұдан кейін, ойыншы еркінен айрылып, мақсаты қандай жолмен болса да ақша тауып, ойын ойнап, ұтылғанын қайтару болады да, күнәдан бас тартпайтын жағдайға жетеді. Құмар ойынына ақша салып қарта ойнаушының жұбайының айтуынша, мал-мүлкін тегіс құмар ойынына ұтқызған ері, қарыз алудың соңғы мүмкіндігі әйелін де кепілге беріп алған ақшаны да ұтқызады.

Харам жолмен пайда табудың кең таралған түрі – пара. Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Параны берген де, алған да отқа күйеді» Пара алған адамды, пара бергенді және ортадағы делдалды Алланың қарғысы атсын!», (ҚМДБ. «Желмая» ғылыми аударма орталығы, Алматы, 1991ж. 62-, 83-б.).

Парақорлық жайлаған елде әділдік, имандылық және ар-ұят жоғалады. Параның жан түршіктірер қасіреті, пара жайлаған елде халықтың санасын билікке, заңға сенімсіздікке әкеліп, санада парасыз іс шешілмейді деген түсінік орнықтырып, бүкіл қоғамның мүшесінің санасын улайды. Оған себеп – билік басындағылардың көпшілігінде сөзі мен ісінің бір жерден шықпауы. Алла Тағала биік дәрежелі Пайғамбарлардың бірі – Иса (ғ.с.): «Ей, Иса! Әуелі өзіңнің нәпсіңе насихат ет! Егер нәпсің тура жолға келсе, басқаларға айт! Болмаса өз нәпсіңе ие болмай тұрып, басқаға насихат етуден ұял!» деп ескерту жіберген.

Ұлық имам Әбу Ханифадан, құл: «Ұстаз келесі жұмада құл азат етудің пайдасы жайлы уағыз айтсаңыз» деп сұрайды. Абу Ханифа «Мақұл, сенің дегенің болсын» деп келіседі.Тек үшінші жұмада ғана имам Ағзам құл азат ету және оның саубы мен артықшылығы туралы тартымды да әсерлі уағыз айтады. Жұма хұтфасынан соң әлгі құлдың иесі келіп: «Ұстаз, куә болыңыз, Алла разылығы үшін құлымды азат еттім» депті. Бостандық алған құл имам Ағзамға рахмет айтып, таңғалып: «Ұстаз, екі апта бұрын айтқан өтінішімді неге бүгін ғана орындадыңыз» деп сұрайды. Сонда Әбу Ханифа: «Ол күні құл сатып алып, азат етуге жететін ақшам жоқ еді. Екі апта жұмыс істеп ақша жинадым. Базардан құл сатып алып оны азат еттім. Содан рухани жеңілдік пен әлдеқандай рахатты сезіндім» депті.  Қазіргі уақытта, халықты адалдыққа, әділдікке, жанашырлыққа, көркем мінезге тәрбиелейтін саланың қызметкерлері ел алдында  шығып, ақылға қонымды баяндамалармен уағыз айтудан алдына жан салмайды. Алайда бұл уағызды тыңдаушылардың санасында «алдымен өз нәпсіңді тәрбиеле. Сонан кейін осы пәлсапаларыңды көпшіліке айтарсың» деген ойда отырады. Олай болса, биліктегілер, заңның орындалуын қадағалайтындар алдымен өздері нәпсісін тазартып, параға жоламай, оның зияны жөнінде басқаға уағыз айтса, оның әсері анағұрлым тиімді болар еді.

Ауыр күнәлардың бірі – зина.  «Исра» с.32-а: «Зинаға  жоламаңдар», Нұр с. 33-а: «Үйлене алмағандар, Алла Өз кеңшілігмен байытқанға дейін, өздерін таза ұстасын» Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Алла тағала үшін серік қосудан кейін, зинадан асқан ауыр күнә жоқ» (Ахмед ибн Ханбал) десе, әйгілі төрт халифаның бірі Әли ибн Әбу Тәлиб (р.а.) «Ең қорқынышты жәйт – нәпсіге ие болмау. Нәпсінің жетегінде кету адамды ақиқаттан алыстатып, ақыретті ұмыттырады» деген. Зина, тек жеке адамның ғана бақытына балта шауып, отбасының керегесін шайқалтып, шаңырағын ортасына түсіретін кесапат емес, Отанды ойрандайтын қасірет. Толық отбасы болмаған үйде жан-жақты тәрбиеленген ұрпақ өсіп, жетілуі екіталай. Жас жеткіншекке әкенің де, ананың да тәрбиесі ауадай қажет. Жаратушымыз  ер мен әйелді шартты түрде тең жаратқанымен, олардың кейбір қасиеттерін бірінен-бірін түбегейлі бөлек жаратқан. Ер азаматтарға, өз басы үшін ғана емес, отбасы – ошақ қасына, елінің болашағына жауапкершілік жүктелгендіктен, кейде басқа тиімді жол табылмағанда, жаны аши тұра, қатыгездікке баратындай қаталдық, ел қамына қажет болса, барын құрбандыққа шалатын мәрттік басым. Жауапкершілігі отбасының тәрбиесі және нәзіктік үшін жаратылған әйелдерде бұндай сезім аз десе де болады. Ерлі-зайыптардың бірі болмаған үйдің балаларының тәрбиесі бір жақты болады: еркек тәрбиелеген қыз балада, еркекшоралық басым, биязылық жетімсіз болса, ұлдарда әдеп кемшіл, қатыгездікке жақындық қалыптасады. Әйел тәрбиелеген  еркек баланың бойынан ер-азаматқа лайық көптің қамын ойлайтын мәрттік секілді қасиеттер кемшіл, өзінің төңірегін ғана күйттеуге жақын тұрады. Ал қыздарда өзімшілдік пен дүниеге жақындық басым болса, өзінен өзгенің жайын, көптің қамын, ел арасында жиі болатын жарының арын ойлайтын көсемдік секілді қасиеттер кемшіл келеді. Халқымыз «әйелі жаманның қонағы кетеді», қонақ түспеген отбасын «үй болмаған» деп бағалаған. Бұндай тәрбиемен өскен ұрпақтың өмір бойы опық жеп, отбасын, отанын ардақтайтын азамат пен азаматшалар болып өсуінің мүмкіндігі аз. Қиямет күні жәннатқа кіруден, Жаратушысының разылығына жетуден үмітті  пенде, зинаның кесапатын үнемі есінен шығармай, одан жырақ жүреді. Нәпсіні жалпылама талдағаннан кейін, адам аталатын күрделі  жаратылыстың нәпсі тәрбиесі адамның қай ағзасына жүктелгендігіне  жауап іздейік.

 

 Нәпсі тәрбиесі және жүрек

«Ниса» с. 155-а: «Күпірліктерін жалғастыру себебімен Алла олардың жүректерін мөрлеген», «Әнғам» с. 125-а: «Алла кімді тура жолға салғысы келсе, сол адамның жүрегін исламға айқара ашады «Рағыд» с. 28-а: «Біліп қойыңдар! Жүректер тек қана Алланы еске алу арқылы жәй табады» «Мүминун» с. 78-а: «Ол (Алла) Сендер үшін есту (құлақ), көру (көз), сезу (жүрек) қабілетін жаратты». Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер  Алланың құлы күнә жасаса, оның жүрегінде қара дақ пайда болады, ал егер күнәсін тоқтатып, кешірім сұрап, (күнә жасағаны үшін) өкінсе дақ кетіп қалады. Егер күнәні жалғастыра берсе, дақ үлкейе береді және бүкіл жүректі жаулап алады» (Тирмизи, Ибн Мәжә). «Адам денесінде  жұдырықтай ет бар. Сол жақсы, болса бүкіл дене (әрекеттер) жақсы болады. Сол бұзылса, бүкіл дене  бұзылады. Абайлаңыздар, ол – жүрек». «Әр затты кір шалғаны тәрізді жүректі де кір шалады. Оны тәубамен, кешірім тілеумен тазалап отырыңыздар», «Жүрегінде зәредей иманы болған адам тозақтан шығады» (Тирмизи). «Алла сыртқы кескін-келбет, дене-пішінге емес, жүректеріңізге қарайды» (Мүслим, Бирр 33; Ибн Мажа, Зуһд, 9). «Жүрегінде тозаңның салмағындай тәкаппарлық болған кісі жәннатқа кірмейді» (Муслим). «Кім шын жүректен бір Алладан  басқа тәңір жоқ, Мұхаммед – Оның елшісі» деп куәлік сөзін айтса, жаһаннамның оты оған харам» (Мұғаздан (р.а.) дейді. Шығыс ғұламасы Әбу Мұхаммед әл-Ғазали жүрек туралы: «Әрі дене мүшесі, әрі жартылай рухани мағына» деп анықтама берген. Оның түсіндіруінше барлық дене мүшелерімен байланыстағы жүрек, оларға «мемлекет әміршісі» секілді билігін жүргізеді. Дененің әрбір мүшесі арнайы бір іс атқару үшін жаратылғандықтан, жүрек ақылмен қосылып, білім алып, Алланы сүйіп, Оның әмірлерін орындап, оны зікір етумен ләззат алу үшін жаратылған шығар. Жүректі зікірмен тазалаған кезде жүректе Аллаға махаббат пайда болады. Бір жүректе бір уақытта Алла Тағалаға деген махаббатпен Алла ұнатпайтын нәрселерге сүйіспеншілік бірге бола алмайды. Жүректе тек не иман, не күпірлік болады. Міне, адамның Алланы танып, оған қалтқысыз тағат-ғибадат етуде және нәпсіні тәрбиелеуде жүректің орны өте жоғары. Яғни, нәпсі тәрбиешісі жүрек десе де болады. Анығын Алла біледі. Осы міндеттерін мүлтіксіз атқаруға тек сау жүрек қана қауқарлы. Жүрек шайтанның азғыруына алданса, сырқаттанады. Сырқатының негізгілері: дүниені сүю, сырт көз үшін ғибадат, рия амалдар жасау, қызығушылық-құмарлыққа әуестену, нәпсінің жетегіне еру. Жүректе шайтан-лағнат азғыратын терезелер бар. Олар: көз, құлақ, тіл. Көз харамға жиі қарап, ұяттан азып, харамға ұрынады. Құлаққа шайтан нәпсіге жағымды, «ата-бабаңның әруағымын, саған қонайын деп жүрмін, әруағымды ұстап, емшілікпен айналыспасаң өзіңе, отбасыңа қиындық болады» секілді сөздерді сыбырлап, жүрекке жол табады. Нәтижесінде, жүрегін шайтан жаулағандар өздерін «көріпкел», «тәуіп», «әулие» сезінеді. Тілге харам астың дәмін татқызып, оған құмарлығын ояатып, ғайбат, өсек, лас сөздерге үйір болуға әдеттендіріп, жүректі жаулаған шайтанның соңына жүрек қалауынан тыс еріп, шарасыздыққа айналады да нәпсінің жетегіне ереді. Сау жүрек, тән құмарлығын әруақытта орта дәрежеде ұстап, жағымсыз іске күйініп, ізгілік іске қуанады. Нәпсі мен ақылдың таразылаушысы жүрек десе де болар. Анығын Алла біледі.

Сауданы кәсіп қылған Ұлық имам Абу Ханифаға біреу келіп, «керуеніңді қарақшылар тонапты» дегенде, ол кісі аздан соң, «Әлхамдулиллаһ» депті.  Жаңағы кісі, қайта келіп, «жаңағы жаңсақ хабар болды. Керуенің аман, жолда келеді» дегенге де, сәл кідіріп қайтадан «Әлхамдулиллаһ» деген. «Керуен тоналды дегенге де, «Әлхамдулиллаһ», керуен аман, жолда деген жақсы хабарға да «Әлхамдулиллаһ» дедіңіз, осының себебі не» деп сұраған хабаршыға Әбу Ханифа, бірінші нашар хабар естігенде, аз отырып, жүрегімді тыңдадым, жүрегім реніш білдірмеді, сол үшін «Әлхамдулиллаһ» дедім. Ол жағымды хабарға да, қуанбады. Оның дүниеге байланбағанына қуанып, «Әлхамдулиллаһ» деп, Аллаға шүкіршілік қылдым. Әрбір күнә жүрекке қара дақ салса, жақсы амал дақты өшіреді. Күнәнің кесір-кесапаты, жүрекке жағымсыз күнә амалдарды жағымды етіп, сананы ластауы мен олардан жиіркенбей іске асыруды әдетке айналдыруы. Ақыры жағымсыз іс-әрекеттерді көптің көзінше іске асырып, мен осындай іс істедім деп қымсынбай мақтанға айналдыруында. Күнәнің кесірінен пенденің ақылы-нұр тұманданып, әлсірейді. Әлсіз ақыл нәпсі тәрбиесіне келелі әсер ете алмай, нәпсінің жетегінде кетіп, нәпсінің тұтқынына айналады. Алла елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адам күнә жасағанда жүрегінде қара дақ пайда болады. Тәубе арқылы оны дереу өшірмесе, әлгі дақ жүрегінде сол күйі қалып қояды. Тағы бір күнә жасаса, жүрегінде тағы бір дақ пайда болады» (Тирмизи, Ибн Мәже, Ахмед ибн Ханбал), «Расында, сол жақтағы кітапшаның иесі (жаман істерді жазатын періште) күнә жасаған мұсылман құлдың кітапшасының үстінде өзінің қаламын алты сағат бойы ұстап тұрады. Егер ол тәубе етіп, Алладан кешірім сұраса, сол күнәні лақтырып жібереді. Олай жасамаса бір күнә деп жазады» (Табари), «Ажал туралы жиі ойлаңыз, бұл өмір қызығының қызуын басып тұрады». (ҚМДБ «Желмая» ғылыми аударма орталығы, Алматы, 1991ж. 22-б.) хадистерімен нәпсі тәрбиесінде тәубе мен өлімнің маңызының зор екендігін нұсқаған. Мінезі нашарлар мен, күнәға жақындарды халық «Қара жүрек» деп атаған. Тәубаға келген пенденің біліп, білмей жасаған күнәсі келешекте оны қайталамаса кешіріліп, жүрегіндегі қара дақ өшіріледі. Ал өлім, пенденің Аллаға қайтатындығын, дүние қызығының уақытша алдамшылығын, мәңгі өмірге дайындықтың қажеттігін ойға салатындықтан, нәпсі тәрбиесінде атқарар орны өте зор екендігін ескерткен. Нәпсіні тәрбелеуге бет бұрғандар үшін: білімді ұстаздан дәріс алу, адал, шыншыл әрі діндармен дос болу, нәпсі кемшілігін көзіңе айтатын дұшпанның сынын ақылға салып саралау, адамдармен араласып, олардан байқалған нашар іс-әрекетті санаға тоқып, мұндай әрекетке бармаудың маңызы жоғары. Иса (а.с.) «әдептілікті кім үйретті» деп сұрағанда «надандардың әрекетінен сақтанушы едім» деген. «Бақара» с. 164-а: «Көк пен жердің жаратылуында, түн мен күннің алмасуында әлбетте ақыл иелері үшін (Алланың жалғыздығын дәлелдейтін) даусыз дәлелдер бар», Пенденің бейнесіне, Жаратушымыз басқа жаратқандарының ең тәуірін топтастырып, оны Адам атап, басқадан ерекше жаратып, ол өзінің негізін құрайтын, біз табиғат атайтын болмысты, адамның қажеттілігін өтеу үшін жаратты. Оны аса ұқыптылықпен пайдаланбаған жағдайда пендеге зиянын тигізетін әртүрлі қауып-қатерге әкелетіндігін де білгізді. Міне, табиғат құбылысын саралаған ақыл иесіне қоршаған орта ғажап нәпсі тәрбиешісі. Нәпсі тәрбиесінде ғибадат:  Рухқа қорек, жүрек тазалығы мен деннің саулығына себеп, ақылды қолдаушы, ерік-жігерге медет, сезімді кемелдендіруші, әлсізге сүйеніш. Жаратушы иеміз, ақылсыз, нәпсісі бар өсімдіктер мен жануарлардың нәпсісін өздігінен реттелетін қылып, ал адамға ақыл беріп, тәрбиелеп пайдаланса – жұмаққа, ал тәрбиелемей жетегіне ергенді жаһаннамға жетелейтін нәпсі беруі осы өмірді сынақ әлемі қылғанының негізі десе де болар. Анығын Алла біледі. Нәпсіні тұрақты қадағалап, теріс қылықтарға бармауға әдеттену, нәпсі тәрбиесінің ең негізгісі десе де де болар. Жоғарыдағы аяттар мен хадистерден, халық даналығынан түсінетініміз, кірлемеген таза патша жүрек, ақылды  басшы, нәпсіні ақылға тұтқын қылып, барлық жағдайда мінезді орта деңгейде ұстауға әдеттенсе, Алланың мейірімінен үміт үзбей, тағат-ғибадатымыздан жаңылмаймыз. Алла бәрімізге көркем мінез бен тәрбиелі нәпсіні нәсіп етсін! Әмин!

 

Ауданбайқажы Ахметжанұлы, Астана қаласы тұрғыны

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button