Ясауи мұрасы

Мен, Құл Қожа Ахмет Яссауи – алпыс үште кірдім жерге…

       «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп», –  дей алыпты, адамзат данышпандарының бірі Абай Құнанбайұлы.

Біздің пайымдауымызша осыған дейін де, кейін де Абай сөзінен артық дүниежүзі халықтарын біріктірер, бір-біріне бауыр етер осындай ұран сөз айтылмаған секілді. Замандар мен ғасырлар қай уақыттада өз данышпандарын өмірге келтірген. Сондай ұлы тұлғаларға ортақ бір қасиет, ол – адамзатты сүю, солар үшін еңбек ету. Біз осы мақаламызда адам атты бауырларымызды екі топқа бөліп әңгіме етпек болып отырмыз.

Біріншісі – жаңағы айтқан адамсүйгіш данышпандар және соларға ерген бейбітшілік пен адамгершілікке құмар жандар.

Екіншісі – соларға қарсылар. Байлық пен билікті бейбітшілікпен жинақтай да алмайсың, қолда ұстап та тұра алмайсың. Байлық пен билік бәсекесі көбінесе не ұрлыққа, не зорлыққа ұрындырады. Бұлардың ұрандары да, рухани сұраныстары да белгілі. Оны орындау да қиын нәрсе емес. Солар, өз соңына еруге құмарлардың аузына айқай салып беріп қолына қару ұстатады да, қалаған жағына жұмсай береді. Шатақ құмарлар мен қан құмарлар бәрін талқандап береді, бәрін қиратып береді.

Ал адамзаттың бәрін де бауырым деп жақсы көре алатын адамдардың басын біріктіру күрделі мәселе екенін тарих дәлелдеп берді.

Олар тек жан алқымға келгенде ғана біріге алады, дейді тарих.

Ізгі, қайырымды жандар дауласуға, жауласуға құмар емес. Олар өз міндеттерін атқара жүріп, реті келгенде кездесіп қалған мұқтаж жандарға қолынан келген көмегін, қайырым істерін көрсетіп, жай ғана өмірін сүріп жүре береді. Оларға  бейбіт өмір сүру үшін айқайдың да, қарудың да қажеті жоқ. Бірақ екінші топтағылар деп отырғанымыз бұларға ондай мүмкіншілікті ылғи бере бермейді.

Олар туғызатын күнделікті тіршіліктегі қиянаттар мен ауыртпалықтар, ауық-ауық қырғын соғыстар адамзаттың ғасырлар бойы арқалар ауыр жүгі мен қайғы қасіреті болып келеді.

Осылардан құтқару, адам пенделерін бейбітшілік пен достықта өмір сүргізу әзірге ешкімнің қолынан келе қойған жоқ.

Бірақ күрес жүріп жатыр. Қай заманның да адам сүйгіштері бұл мәселені күшпен емес, адамдарды рухани жетістіру арқылы  шешуге тырысуда. Олардың ішінде көбірек табысқа жеткендер, елді дін арқылы біріктіру жолындағылар.  Негізгі құрал – Аллаға сену, оған құл болу, табыну. Солай бола алсаң – қамшының сабындай қысқа ғұмыр қызығы үшін біріңді-бірің азапқа салып жатпайсың. О дүние қамын ойлайсың.

О дүние қамы адамдарды жауластырмайды, достастырады. Бір-біріне бауыр етеді.

Сонда адам аз күн тірлігін рахатпен өткізу үшін бұ тірлікте не істеуі қажет?

Дін жолы бұған жауап оп-оңай дейді. Адамды дос тұт, Аллаңды сүй. Бар болғаны осы.

Қожа Ахмет Яссауи бұл мәселені адамдардың Аллаға деген махаббаты арқылы, махаббат болғанда да ғишқ сезімі («ғишқ» – адамның Аллаға деген тойымсыз махаббат сезімі) арқылы шешкісі келеді.

Абай секілді озық ойшылдар бұл мәселені шешудің басты жолы, «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» дей отырып, адамзаттың бәрін де өз бауырыңдай жақсы көру дейді.

Ойшылдар мен ғұламалар, дін мен мемлекет қайраткерлері жер бетінде бейбітшілік орнату, адамдарды достықта өмір сүргізу үшін бар ғұмыры мен ойын, ақылы мен әрекетін осыған бағыттап келеді. Қайырым мен ізеттік, бейбіт өмір мен сыйластық адам қоғамына – күнделікті бір демдік ауадай, бір үзім нандай, бір жұтым судай қажет нәрсе екенін дәлелдеумен мыңдаған жылдар бірінің артынан бірі өтіп жатыр. Қажеттігі дәлелденді. Қажет ететін адамдар бар, бірақ қажет ететін адамзат қауымы аз болып тұр.

Сол мақсатта талай ойшылдар ойын сарқа толғанды, талай оқымыстылар атақты еңбектерін өмірге әкелді. Солардың бірі – Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың «Диуани Хикмет» атты хикметтер жинағы.

Адамды адамгершілік соқпағына түсіру үшін мың жыл бойы еңбек етіп келе жатқан бұл ұлы шығармаға  арналған осы еңбегімізді біз,  бірінен бірі мың жылдық жас айырмасы бар екі  адамға да бағыштағалы отырмыз. «Диуани Хикмет» мың жыл өткеннен кейін осы екі тұлғаны бір-біріне табыстырып қана қоймай, бүкіл қазақ халқының рухани тірлігіне шындап араласа бастаған секілді.

Бөкебай Әнуарбек Тәженұлы мырза жан-тәнімен беріле еңбек ете қазақшаға аударып шыққан осы хикметтің әр  сөзіне мән бере оқып шықтық.

Мақсатымыз – бұдан мың жыл бұрын өмір сүрген бабаларымыз бен олардың заманы туралы ой түйгіміз келді. Ахмет Яссауи бабамыздың әр сөзінен, әр ойынан әлгі мақсатымызға жетуге тырысып, деректер іздедік. Бірақ олардың өмір сүрген қоғамымен бүгінгі өзіміздің заман арасынан айта қоярлықтай айырма таба алмай таң қалып отырмыз. Адамдар басынан өте шыққан осы мың жыл олардың мінезіне де, құлқына да айтарлықтай әсер ете алмаған тәрізді. Біз оларды (мың жыл бұрынғы адамдар мен бүгінгілерді) бір-бірінен айыра алмай, қайта адам таңқаларлықтай ұқсастықты, үндестікті, жалғастықты сезінгендейміз. Бір мысал келтіре кетелік.

19-шы ғасырдың ойшыл ақыны Мұрат Мөңкеұлы туған ел тағдырын, ұрпағының рухани тазалығын уайымдап:

…Мен қауіп еткеннен айтамын:

Ақ борықтай иілген,

Кейінгі туған баланың

Ұстай ма деп білегін,

Шая ма деп жүрегін.

Шашын мұртын қойдырып,

Ащы суға тойдырып,

Бұза ма деп реңін… деп, зәресі кетеді. Ел қамын ойлап ертеңгі күнді болжайды. Сақтандырады.

Осы мәселелер жөнінде бұдан мың жыл бұрын Ахмет Яссауи бабамыз да дәл Мұрат ақынша ойлапты:

«Жаннан артық көрген жан аналар,

Жүзі ай, көзі шолпан еркетайлар,

Бойларын еш көрмеген бөгде адамдар,

Кәпірлерге кіріптар болды, көргін», – деп, көрегендік сөз қалдырады. Бұл авторлардың «кәпір» деп ат тағып, қауіптеніп отырғандары – біріншісі адами түсінікте ойлап отырса, екіншісі рухани түсінікте ой толғап отырған секілді.

Ахмет Яссауи өз замандастары туралы (біздің екінші топқа жатқызған адамдарымыз туралы) біраз деректер қалдырыпты.

Дүниесі мол адамда жомарттық жоқ,

Патшаларда, уәзірлерде әділет жоқ,

Дәруіштердің дұғасында қабілет жоқ,

Түрлі бәле халық үстіне жауды, достар.

Ал салыстырып қаралық.

Біздер қазіргі байларымызды жомарттар қатарына қоса аламыз ба?

Билік басындағылардың бәрі бірдей әділетті ме?

Ақындар мен жазушылар, ұстаздар мен ойшылдар пікірлерінің  (дұғаларының) қаншалықты қуаты бар?

Түрлі бәле бұ күнде де жауып жатыр. Күшті мемлекеттер әлсіз елді (мысалы – Америка Азия елдерін) масқарасын шығара қорлауда. Мұсылман мен мұсылман соғысады. Қызы бомба арқалап әкелері тұрған топтың ішіне барып жарылып өліп жатыр.

Біз өз заманымызды көз алдымызға елестете отырып, мың жылдан соң Яссауи бабамызға мақтанарлықтай жетістікті, өзгерісті байқай алмай отырмыз.

Осыдан барып, жалпы, адамдардың мінезі мен құлқын уақыт атты өлшем өзгерте алмайды-ау деп қауіптенудеміз.

Бірақ өзгерту қажет. Ол Ұлы Жаратқанның тапсырмасы.

Қазіргі заманда (қай заманда да болған) әлемдік деңгейде шешілуге тиіс бір-ақ мәселе бар.

Ол – тұтас адамдар санасына ұлы өзгеріс  енгізе алар, әлемдік дәрежеде бағаланар бір құбылыс қажет.

Ондай құбылысты коммунистер, санаға әсер етпей-ақ, қолдан, күшпен орнатпақ (коммунизм) келді. Бірақ сәтсіздікке ұшырады. Себебі – олар қағидасы адамдар санасына жетпеген еді. Әзірге адамдардың бұл сапардағы біраз әрекеттері сәтсіздікке ұшырады. Бірақ торықпау қажет.

Бір қанағат тұтарлық нәрсе бар, ол – қай заманда да Ұлы Жаратылысты мойындаған, Алла тағаласын ұлықтаған және тек қана өздерін емес бар адамзатты бақытты етпек болатын пенделер өмірге келетін секілді. Солардың көрнекті өкілдерінің бірі – біздің Қожа Ахмет Яссауи бабамыз.

Біз сонымен хикметті тағы да оқуға кірістік.

Ахмет Яссауи хикметтерін ежіктеп, мағынасына ой жүгірте оқығалы сол замандағы түркі тілінде жазылған атақты хикметті бұ замандағы қазақ тіліне (мың жыл бұрынғы түркі тілі ғой) аударуға Әнуарбек мырзаға неліктен он алты жыл қажет болғанын түсінгендейміз және бұл хикметтерді жазған кісі мен қазақшаға аударған кісілердің болмысындағы бір-біріне ұқсастық қасиеттерді де байқағандаймыз.

Ол қасиетті біз автор мен аудармашы діліндегі Алла тағаланы тануға талпыныс құштарлығы, олардың Алла тағалаға ессіз ғашық болуы деп атаймыз. Екеуінің осы ниеттері мен сенімдері оларды халыққа адал да, пайдалы қызмет ету жолына түсірген.

Тағы бір байқағанымызды ортаға сала кетелік. Олардың қай-қайсысы да бірден Алла тағалаға ғашық бола қалмағанға ұқсайды. Олар да, осы бәріміз секілді, талай тағдыр талқысына түскен жандар екен. Бірі коммунист атанып, өз Отанына белгілі дәрежеде беріле қызмет атқарса, бірі сауданы кәсіп етіп, тіршілік қамын атқарыпты. Бірі отызында сауда кәсібімен қош айтысып Құдай жолына түссе, бірі сол жолға алпысында ғана бет түзепті. Бірақ екеуінің де Алласына адал болғанын, шын пейілмен беріле қызмет еткенін сезінеміз.

Бірі 11-ші ғасырда өмір сүріп, алпыс үш жасында өз еркімен жер астына кетіп «Диуани Хикметін» жаза бастаса, екіншісі дәл сол жасында зейнеткер атанып, өз уақытын өзі билеуге құқықты болған шақтан бастап, 21-ші ғасырда, өзінен мың жыл бұрын туған, өзі табынып өткен бабасының баға жетпес еңбегін қазақ халқына түсінікті етіп беруге отырады.  Енді міне: «Мен атқаруға тиісті бар шаруамды атқардым, өтеуге тиісті бар міндетімді өтедім», – деп, он алты жылда ойлаған басты шаруасын тындырып, жетпіс бес жасында  о да жер астына жол шегеді.

Осы хикмет арқылы, осы жолдарды қағаз бетіне түсіре отырып мен де (С.Н.) бұдан 1000 жыл бұрын ғұмыр кешкен адамдар ортасына сапар шегіп келгендеймін. Солардың өздерімен сырласып, дидарласып, жақын тартып  қайтқандаймын. Қожа Ахмет Яссауи бейнелеген сол заман пенделерінің мінезі мен құлқын, кісілігі мен кішілігін бұ заман кейіпкерлерімен салыстыра отырып бұлар арасынан (замандар мен адамдар) ұқсастық пен қарама-қайшылық іздегенмін.

Осы мақсатта еңбек етіп ойға түйгендеріміздің ішінде, таң қала отырып айтарымыз, ол – Яссауи атты бір Құдайдың құлының айтуға сөз жетпес, ойлауға ой жетпес дәрежедегі Алласы мен пайғамбарына деген шексіз махаббаты.

Содан да болар, Ахмет Яссауи бабамыз өмірден өткеніне үстіміздегі 21-ші ғасырда мың жыл өтсе де есімі есте, оның ниеті мен ойы барлық мұсылман көкірегіне әлі күнге өз бабасындай жақын, табынарлықтай құдірет күші ретінде сүйікті кейіпкеріне айналған қасиет иесі.

Ол – тек қана «құдайжанды» кісі емес, ол ұлт жанды да.

Бұ заманның ұлтжандылары қазақ тілін өз тағына отырғызамыз деп, біраз ғұмырын соған арнаса, заманынан біраз қорлық көрсе, Яссауи бабамыз да сол замандағы ғұламалар қолданған негізгі тілдерді (араб, парсы) аттап өтіп, өзінің басты шығармасын ана тілінде жазады. Ол осы әрекетімен түркі тілді халықтардың (әсіресе қазақ халқының) ойлау, жазу мәдениетін, Алла мен жаратылысты тану, Алла сүю мен адам сүю секілді адам міндетін түсіндіріп беруде өз елінің рухани дәрежесін теңдесі жоқ биікке көтеріп кетеді.

Данышпан бабамыздың «Диуани Хикмет» атты еңбегінің (бұл еңбектің әлі күнге жан-жақты зерделенбей жатқаны әрине өкінішті-ақ) әлгі айтқан Алла мен адамға ғашық болу мәселесін зерттеуде, түсінуде, хикметте жазылған асыл ойларды жай халықтың рухани азығына айналдыру шаруасында өз міндетін әлі талай мың жылдар бойы абыроймен атқара береріне сенімдіміз.

         Ахмет Яссауи бабамыз хикіметінде көбіне өз атымен сөйлеп отырады, сондықтан өз ойын айтып отыр деп ойлап қаласың. Бірақ ой жүгіртіп қараған кісі оның өз замандастары түгілі тіпті біз үшін ойлап, біздердің атымыздан, өзінен мың жыл кейін өмір сүрер жай халық атынан да ой айтып кеткенін, кей-кейде Ұлы жаратушы атынан да біздерге түсінік беріп отыратынын түсіну қиын емес.

Екінші тұлғамыз – Әнуарбек мырза! Ол кеше ғана арамызда жүр еді. Қас-қағым сәтте өмірден өтті де кетті. Жаны жәннәтта болғай.

Әттеген-ай дейміз. Біз атақты хикметтің кейбір жерлерін түсіну үшін, мағынасын анықтау үшін аудармашы ретінде одан түсінік сұрау мүмкіншілігінен айрылып қалдық. Бірақ маған бәрібір ол кісімен ой бөлісу, пікірлесу керек-ақ болып тұрғаны. Мен осы таным мақаламды амалсыздан Әнуарбек замандасыммен тірі кісіше пікірлесе отырып жазуды дұрыс көрдім. Ең болмағанда, осындай әрекетпен өзіңді-өзің сендіруге тырысасың, ойым дұрыс шығар деген сенімге ие боласың…

Сонымен енді негізгі мақсатымызды орындауға кіріселік…

…Қымбатты Әнуарбек мырза!

Сіз бұ күнде арамызда жоқсыз.

Ұлы Жаратушы сіздің мұсылманшылық ниетіңізге, адамгершілік пейіліңізге, азаматтық атқарған істеріңізге, жалпы айтқанда бұ жақта тындырған еңбектеріңізге «о жақ» атты мәңілік жайда арнайы құрмет көрсететін болар деген бізде үміт те бар, сенім де бар.

Сіздің осы аудармашылық еңбегіңізге оқырман қауым жақсы пікір білдіруде. Содан да болар Ахмет Яссауи Хикметтерін Сіздің аудармаңызда тағы да бір рет оқып шығуға бел будым. Бұл мен үшін ерекше оқу болмақ. Бұл еңбекті мен сізбен бірге отырып оқысам, және қаламым қолымда болса деп ойладым. Мен өз өремді (білігім мен ой өрісімді) дұрыс бағалай алатын адаммын. Мен өз олқылықтарымның жеткілікті екенін білемін. Сондықтан да маған хикметті оқу барысында автор мен аудармашының ойларына ортақ болудың, пікірлеріне түсінік айтудың қиынға соғатын кездері кездесіп қалуы әбден мүмкін. Хикмет желісінде кездескен  сөздерге дұрыс мән беруге тек қана білігім емес тіпті кісілігімнің де, діни сенімімнің де олқы соғып жатуы мүмкіндігін ескергім келеді. Солардың қырсығынан, кейбір Хикмет ойларының тереңіне бойлай алмай, дем жетпей алқынып жатсам, онда сәл сабыр етіп сізге сұрақ қойып анықтап отырайын. Сіз маған жауап қатыңыз. Сіздің ойыңызды мен жан-жүрегіммен сезінетін боламын.

Әнеке! Мен есепке құмар адам едім. Сол сезім тағы да билеп отыр.

Сіздің қазақшаға аударған «Диуани Хикмет» атты Қожа Ахмет бабамыздың 204 бет кітабының 198 бетіне 149 хикмет сөздері орналастырылыпты.

  • Әр хикметке орта есеппен: 198 : 149 = 1,3 бет қажет.
  • Әр хикметте орта есеппен 10 шумақ ойлар бар екен.
  • Барлық шумақ саны: 149 х 10 = 1500 шумақ ой.

Бір шумаққа сиғызылған Қожа Ахмет ойларына жазылған түсінік қанша орын алады екен?..

Есептеп шығаралық. Мысалға хикметтің кез-келген бір шумағын алып түсінік жазып байқалық…

Алпыс үшке жасым жетті өттім ғапыл,

Хақ әмірін мықты тұтпай, өзім жәһіл,

Ораза, намаз қаза қылып, мен кем ақыл,

Жаман іздеп жақсылардан кештім, міне.

Бұл хикметті Қожа Ахмет бабамыз жасы алпыс үшке толған жылы жазған секілді. Жеті жасында Арыстан бабасынан Мұхаммет пайғамбар аманатын алып, атақты сұпылық дәрежеге жеткен, халық тірілей әулие атандырған бабамыздың осы жасында өзіне-өзі, тындырған істеріне ризашылығы оншалықты емес секілді. Өз ойынша өмірі ғапыл өткен. Сондықтан да бабамыз өз өміріндегі өзі танып, өзі мойындап отырған олқылықтар орнын толтыру жолын іздеген болар.

Мүмкін осы шумақты жазғаннан соң барып жер астына түсіп, қалған өмірін жанынанда жақын Құдайына мінажат етіп өткізуді ойлады ма?

Мүмкін өзін осылайша кеміте бағалау арқылы жай халыққа ой салу жолын қарастырды ма?

Мүмкін шындығы да солай ма?

Қалай болғанда да біз осы шумақты оқып алып сансыз сұрақ астында қалдық.

Өзімнің 70 жасым қалай өтті?

Не тындырдым?

Жаратқан алдына қалай барамын?

Бірде оқып, бірде оқымай кетіп жүрген намаз ертеңгі күні бізге қанша жүк арқалатпақ?

Басқа еңбектерімізден, айтқан сөздерімізден, ойлаған жақсы пиғылдарымыздан жинаған сауаптарымыз жіберген қателерімізге жазылар күнәларымыздан басым түсе ме?

Жоқ әлде 70 мың жыл тозақ отына қақталып жатар ма екенбіз?

Кешірімі мол Алла тағала өзің сақтай көр, күнәһар пендеңді…

Қожа Ахмет Яссауи бабамыз «жаман іздеп жақсылардан» өмір өтті, міне, деп торығады. Біз бабамыздың осы сөзін оқып алып замандастарымыз ішінен бір жақсының басынан, ісінен кемшілік іздеп, жоқ болса ойдан шығарып өзі жау тұтқан сол тұлғаның басына үйіп-төгіп жататынын көз алдымызға елестеттік…

Өзімізді басымыздан осы тәрізді қандай қылықтар өтті…

Сонымен бұл тәжрибеміз бізге бір шумақ Қожа Ахмет Яссауи хикметіне бір кітап бетіне сиярлық сөз жазуға, ойлануға, сол арқылы үстүртін де болса түсінік алуға болатын болар деген сенім ұялатқандай болады. Солай деп келіссек бұл хикметтерге бір жоба пікір жазып шығу үшін 300 беттік бес том жазып шығу қажет болар еді. Бұл шаруаны тындыруға біздің білігіміз де, мүмкіншілігіміз де шектеулі. Бұл шаруаны тек қана үлкен ұжым, арнайы мамандары бар ғылыми институттар тындыра алар деп ойлаймыз.

Осындай ойлар нәтижесінде, құрметті Әнуарбек мырза, біз Сіз қазақшаға аударған «Диуани Хикметтер» атты Қожа Ахмет Яссауи еңбектерінің өзіме анық түсінікті деп есептеген шумақтарын ғана таңдап алып, оқушылармен ой бөліспек болдым. Сіз бұған қарсы болмассыз.

Қарсы емессіз ғой. Өзім де солай  ойлап едім.

Олай болса осыған келістік…

…Осылайша, жаны жәннатта болғыр, Әнуарбек мырзаға бірер тіл қатып алып, алдымда жатқан біраз кітаптарға қол создым.

Бірі – Ахмет Яссави. Диуани Хикмет (божественная премудрость), ИД «Сарыарка», 2010.

Екіншісі – Ахмет Яссауи. Диуани Хикмет, «Сарыарқа» баспа үйі, 2009.

Екеуі де Әнекеңнің аудармашылық еңбегінің арқасында өмірге келген дүниялар. Соңғы кітаптың соңғы бетін ашып қарап бұ кітаптың 204 беттен тұратынын, 149 – Хикмет және мінажатнама деген тарауы бар екенін байқадық.

Ендігі менің шаруам шамам жеткенінше әр Хикмет мағынасымен сусындап, ара-арасында Әнекеңе тіл қатып қойып толық оқып шығу…

Оқып отырып, қағаз бетін қаралап, кейбір жерлерін сіздердің де назарларыңа ұсыну…

Осы жұмысқа кірісер алдында болашақ оқушылардан кешірім өтінемін. Өйткені Қожа Ахмет Яссауи хикметтерін кейбір оқушылар бізше емес басқаша түсінуі кәдік. Біз осы күннен бастап «менікі дұрыс» деген таласқа бармайтынымызды ескертеміз. Себебі алдында да айтып кеттік, көп мәселелер бойынша білік шамасы бойынша да, мұсылманшылық жобасы бойынша да кемшіліктеріміз көп екенін мойындағымыз келеді.

Ескерте кетеріміз, біз бұл жұмысқа тек қана хикметтерге және әуелі оларды өмірге келтірген, мың жыл өткен соң хикметтерді таза қазақша сөйлеткен тұлғаларға деген құрметімізге бола кірістік.

Сайын Назарбекұлы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button