Ғалымның хаты

«Аса қадірлі ақсақал!»

Бұл әулеттің қазақ тарихында ойып алған орны бар. Түркі жеріне ислам дінінің есігін аша келген арғы бабасының сүйегі Сыр бойында жатыр. Бүгінгі күнге дейін «Қорасанға қой атап» зиярат етушілердің нөпірі толастаған емес. Бергі аталарының даңқы да ел жадында қалған. Алайда өткен ғасырдың басында қазақ даласындағы өзгерістердің бел ортасында жүріп, екпіні қатты патшаның уысынан да, одан кейінгі большевиктердің құрсауынан да халқының еншісін суырып алмаққа ұмтылған Қоңырқожа Қожықовтың есімі бүгінде кем естіледі.

Атақты Қожықовтар әулетінің мұрасын зерттеушісі әрі насихаттаушысы, Қазақстанның «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының директоры, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Сәуле Қожықованың естеліктерін негізге алып, тарихшылар Мәмбет Қойгелді, Хазретәлі Тұрсын, Бейбіт Қойшыбаев зерттеулеріне зер сала отырып, Қоңырқожа Қожықовтың айрықша миссиясын түсінуге тырыстық.
«Аса қадірлі ақсақал!» Бұл – Қоңырқожа Қожықовтың үзеңгілес замандасы Ахмет Байтұрсыновтың лебізі. Оның күрделі өмірі мен қызметіне баға берген тарихшы Мәмбет Қойгелді:«Қ.Қожықовтың өмір жолы – ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде қазақ және басқа Түркістан халықтарының саяси өміріне қатысты істерге саналы әрі белсенді түрде атсалысқан зиялы азаматтың өмір жолы» дейді.
Оның күресі ерте басталған еді. Патша жандармериясы үш рет қамаққа алса, қызылдардың түрмесіне де үш рет түсіп, соңғысында ату жазасына кесіледі. Мына дерек 1930 жылы 22 сәуірде ОГПУ тарапынан жүргізілген тергеу ісіндегі жазбадан, оның саналы күресінің бастауы отаршылыққа қарсылықтан шыққанынан мәлім бергендей: «Я учился и стал сознательно жить тот период, когда европейский капитализм во всю наступал на Восток и поробащал колониальные народы, в том числе мусульманские страны. Я был в казахских областях туркестанского края – вакханалия царского правительства дошла до степени, что казахскому народу оставалось одно – вымереть. Я сделался националистом».
Оның қызметінің бір белесі ағарту­шылық жолына арналып, ұстаздық етеді. Шәкірттеріне арнап тұңғыш «Әліппе» оқулығын 1912 жылы Орынбор қаласында Фатих Каримидің баспасынан жарыққа шығарған. Озық ойлы, ұлтжанды ағартушының А.Қасымов пен С.Жәңгіровпен бірлесе шығарған «Русие патшалығында Романов нәсілінен хүкімранлық қылған патшалардың тарихлары» атты еңбегі Романовтар билігінің 300 жылдығына орай, шағатай тілінде жарық көреді. Бұл туындының қандай мақсатта жазылғанын Қожықовтың өзі былайша түсіндіреді: «Мен жергілікті әкімшілік орындарының үстінен көптеген арыздар мен петицияларды Петербургке қайта-қайта жолдап отырдым. Соған байланысты мені бір уезден екінші уезге ауыстырып отырды. Әкімшілікке қайтсем жағам деген оймен Романовтардың үйі жайында қазақ тілінде еңбек жаздым. Бұл, әрине, мен үшін масқаралық жұмыс болды. Еңбекте қазақ халқының патшаға бағынуы насихатталған еді. Бірақ мұнымен мен әкімшілік орнының ықыласын өзіме аудара алмадым…».
Қожықовтың қайраткерлігінің келесі өткелі түркістандық ұлттық саяси элитаның құрамында көрінеді. Мына деректе: «1917 жылы мен екінші рет Ташкентте өткен қазақ съезіне қатыстым. Қоқан автономиясы талқандал­ғаннан кейін Тынышпаевпен бірге коммунистік отрядтардан қашып, тау ішінде жасырынған кезім болды» дейді.
1924 жылғы сәуірде большевиктер партиясының Бас хатшысы Иосиф Сталинге көрнекті қазақ коммунистерінің бірі Алаш-Орда туралы құпия баяндама бергені белгілі. Сондағы құпия тіркеменің 8-бабында мынадай мәліметтер айтылған: «Қоңырқожа Қожықов. Қазақтың «қожа» деп аталатын ақсүйектерінен. Қоқан автономиялық үкіметінің бұрынғы мүшесі. Көрнекті алашордашы, Шоқаевтың көмекшісі. 1913 жылы, Романовтар үйінің тойы кезінде, патшалардың портретімен қазақ тілінде кітапша жазды. Ферғананың аудандарының бірінде Керенскийдің уақытша үкіметінің комиссары боп істеді. 1921 жылы Жер халкоматының мүшесі, содан соң Жер халкомының орынбасары болды, Жетісу облысында жер-су реформасын басқарды, жұрттың бәріне орыстарды «оңды соғудамыз» деп айтып жүрді. 1922 жылы жерге орналастыруды басқарды, қазір Жерге орналастыру басқармасында істейді. Қожықов Қожановпен бір пәтерде тұрады. Осы Қожықов, Қожанов, Асфендиаров, Тоқтыбаев – белгілі Лапиннің қыздарына үйленген, сөйтіп олар қазақ халқын ең алдымен осы туысқандық белгілері бойынша бірлесіп билеуде. Қожықов әлденеше рет ТүркЦИК мүшелігіне сайланды және Қосшы Орталық Комитеті басшыларының бірі болып табылады. 1921 жылы Қожановтың және Асфендиаровтың кепілдігімен тіпті партияға да кірді, алайда кейін шығарып жіберілді. Қазір тап осы Қожықов Қожановты билеп тұр. (Ол – өте тәжірибелі адам). Қожановқа қыз­меткерлер келгенде, оларды ең алдымен осы Қожықовқа мәселелерді келісу үшін жіберіп алады, түрлі үкіметтік және тіпті партиялық хаттамалар да оған пікірін білу үшін жіберіліп жатады». Бұл құпия жазбадан байқалатыны сол, Қожықов кеңес өкіметі тұсында да ұлт коммунистерінің бірқатары ақыл-кеңес сұрап тұратын беделді қайраткер болған.
Сәуле Қожықова бір кездесуімізде көптен бері сақтап жүрген газет қиындысын көрсетті. Онда режиссер Дінше Әділовтің 1928 жылы ОГПУ тергеушісіне берген жауабы басылған екен. Қазақша мағынасы мынадай: «Қызылорда атауын алғаш ағартушы-ғалым Қоңырқожа Қожықов ойлап тапты. Одан неге бұлай болған деп сұрадық. Бұл – қос қатпарлы атау, ол екі жақты да қанағаттандыруы тиіс екенін айтты. «Қызыл», демек большевиктерге ұнайды, ал «орда» – ұлттық атау. Демек, ол жақ та, бұл жақ та кінә арта алмайды. Бұл ұсы­ныспен келістік. Сұлтанбек Қожанов съезд төралқасынан кезектен тыс сөз алып ұсыныс жасады» деген дерек жазылған. Ол Орта Азия мен Қазақ республикаларының шекарасын анықтау, Түркістандағы жер-су реформасын ұйымдастыруға тікелей басшылық етті. Ол кездегі қызметтің нәтижесін М.Тынышпаевтың мына сөзінен білуге болады: «Абылай хан жерімізден қалмақтар мен ойраттарды қуып жіберсе, ал Кеңестер кезінде Қазақстан шекарасын Қоңырқожа Қожықов жасады». Ол туралы Молотов жазбаларында: «Қазақстанның шекарасы сауатты жасалғаны сонша, Ленин оған ешқандай түзету енгізбеді, тек құжат Тәшкенге қатысты сұ­рақ­қа байланысты тартпада жатып қалды» деп еске алған екен.
Өмірінің соңғы жылдарындағы «Алматы кезеңі» еліміздің мәдени мұраларының сақталуына тікелей ықпал етті деуге болады. Орта Азия мен Қазақстан халық­тарының тарихы мен мәдениетін, этнографиясын терең білуі қайраткерлігінде жаңа сипат алды. «Казкомстарис» көне мәдени ескерткіштердің қорғау бойынша комитет ұйымдастырады. Осы комитетте алдымен көне ескерткіштердің есебін алып, жүйелеп атлас-картасын жасайды. Оны сақтауға және қалпына келтіріп, зерттеуге қаржы жинайды. Бұл көне ескерткіштерін қорғауды мемлекеттік деңгейге көтерген алғашқы тұлға еді. Өмірінің соңғы екі жылында Ұлттық кітапханада жұмыс іс­тейді. Осы жылдары Саураннан Қожа Ахмет Ясауидің шәкірті Сүлеймен Бақырғанидың қолжазбаларын тауып, өзінің қолтаңбасымен кітапханаға өткізеді. «Шахнаменің» шағатай тіліндегі нұсқасын тауып, оны аударуға ден қояды. Алайда ол тілегіне жеткізбеді. 1938 жылы 28 қаңтарда ақырғы рет тұтқындалып, 15 ақпанда ату жазасына кесіледі. Аса құрметті ақсақал бұл кезде 58 жаста еді…

 

Астана ақшамы газеті , 6 Қыркүйек, 2018

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button