Шортанбай (Әли Мұхаммед) Қанайұлы

Ұлт қорғаны

Мұхтар Әуезовтің жиырма томдық шығармалар жинағының 1984 жылы жарық көрген 15-томында басылған. «Бектік құлауға айналып, өндіріс капиталы дәуірлей бастаған кездің әдебиеті» атты зерттеуде (1933 жылғы «ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті» оқулығында жарияланған – Қ.М.) 1870 жылдар мен 1905 жылдар арасы деп көрсетілген кезең қазақ әдебиетінің даму тарихында елеулі із қалдырды.ХІ Х ғасырдың екінші жартысындағы шаруашылық, қоғамдық, саяси жағдайлардың Ресейдің қолтығындағы отар елдерге ненде ықпалы болғандығын, оның әдеби мұрадағы таңбасын күні кеше ғана саяси тұтқыннан, түрмеден шыққан Мұхтар Әуезов мейлінше тайсақтамай, сырғақтамай батырып-батырып айтып өткен. «Бұрын бектің құлы, пұлы болған көп крестьян, жерден кетіп, өндіріс жұмыскері болған соң, өндіріс капиталы дәуірлей бастады. 60-70 жылдар деген кез Ресей өндіріс капиталының тайсақтап, құтыра, құлшына өскен кезі болады. Сүйтіп тасы өрге домалап, дегені боп келе жатқан өндіріс капиталы қызылы* толып, кемеліне келген сайын аранын аша береді.

Ресей ішінде өз керегіне жарайтын жұмыскер күші, шикі зат құрып, сауда жолын, ішкі майданын түгел бунап, уысына сыйдырып алған соң, енді оңды-солдан, жақын мен алыстан, базар, отар неше алуан шикі зат дегендерді көксеп, аңсай бастайды. Сол ретте бұрынғы Ресейдің шалаштары боп тұрған Сібір, Қазақ өлкесі, Түркістан, тіпті арғы Қашқар, қала берсе жақын Қытай-маңғұл өлкесі бәр-бәрінде керегіне жаратпақ, көлеміне тартпақ болады. Осы жақтардың шикі затын, кенін, ен-байлығын ұдайы жемі есебінде үзбей алып тұруды талап етеді. Ол үшін бұрынғы бұл өлкелердегі саяси қоғамдық шаруашылық құрылысты сол қалпында қалдыруға болмайды. Бұлар да жаңағы өндіріс капиталының шарт талабына сәйке келетін тәртіп орнатуға тиіс, Ресей патшалығына шала қарағандай болып, әлі баяғы феодалдық қалпын сақтап келе жатқан өлкелер болса, ерекше ескі құрылыстар болса, енді соларды құлату, күйрету керек» (1, 274-б).

Не құлатылды, қалай күйретілді? Қазірде бұл белгілі тарих болып көрінеді. Жалпы, жаппай жаулаған жойқын каптитализмнің ендігі қазақ тұрмысына екпіні тимеген тұсы жоқ. Төбеден төніп тұрған саясаттың зор көлеңкесінен ығысқандай болып, «тапшылдық төңірегінде» бір-екі сөз қыстыра кетіп, Мұхтар Әуезов ел әдебиетінде алабөтен жаңа ағыстар туғызған заман қалін бүге-шігесіне дейін тексеріп, түгін қалдырмай, тауыса сипаттап, саралап кетеді.

Түркістанның осы кезде Ресейге қаратылуы 1869 жылдың уақытша заңы, әкімшілік реформалардағы түппиғыл…

Мұхтар Әуезов, сөзге сыр сіңірудің ащан ұстасы, осында қазақ даласында әлгі түппиғылдарға зор тегеуірінімен көлденең тұрған дін жайын бейтарап қалді баяндағандай болғансып, негізінде айрықша мән беріп, тоқталып өтеді. «Бұған қайшы келетін, ескілікке тартатын шығыстық қияс, қыңыр қарсылығы бар. Ол – ислам діні. Соның әсерімен алысып, мүмкін болса қазақ өлкесі, қазақ елінен соның да тармағын жазу керек. Бұдан туатын миссионерлік (қазақты христиан дініне шоқындыру сияқты). Аздап берілетін оқу-білім, орысша тәрбие – түптің түбінде көпшілік көшін осылай бұруға тиіс. Міне, Ресей тарихының 60-70 жылдарда әкелген жаңалықтары осылар болатын» (1, 275-б).

Отар болып отырған өлкеде осыған орай туындаған жағдайлардың ел әдебиетіндегі соншалықты қапысыз, қанық суретін, зор таңбасын Мұхтар Әуезов «Әдебиет тарихында» (Қызылорда, 1997 жыл), «Зар заман ақындары» бөлімінде жеріне жеткізе айтты.

1933 жылы сәл орағыта, таптың әңгімесін қосақтап отырып, сонда да болса ел басына туған үмітсіздіктің, шарасыздықтың шындығын бүркемей, бұқпай жеткізуге тәуекел жасаған.

«Қоғамдық тұрмыстағы салт-санадағы билеуші үстем таптың күйі, көбінесе, енді осы жаңғырған заманның қалпымен үйлесу, келісу жағына ауысады. Сонымен ортақ тіл таппақ, соның аңғарына қарай жөңкілмек болады. Бұл күнді қостаушының өзі қазақ ішінде бір-ақ түрлі тап емес, әралуан. Соның бір тобы бұрынғы бектік дәуірінде үстемдік алып келген аталы жуан аруақ сүйектері. Енді соның алдыңғы қатары заман тонын киіп, әуеніне басу үшін жаңада айтылған өзгешелік, жаңалықтың бәрін қостау жолына шығады. Әкім болумен қатар, оқып білім алу, сауда қылу, ұлықпен үйлесу, дегеніне елді көндіру, базарды қостау, өндіріс капиталының тәуір тұтынушысы болу талабына қарай басады» (1, 276-б).

Мұхтар Әуезов сол тұстағы ел ішінің, әлеуметтік топтардың, дағдылы салттан заман ырқына бейімделу, көндіру беталыстарына егжей-тегжейлі саралау жасайды. Астары ауыр ақиқаттармен құрсауланған «су түбіне кеттің жұрттың» дүрбелең, дүбілген дүниедегі құлқы, қылығы, шері…

«Әдебиеттегі осы күйдің мысалын Мұрат, Шортанбайдан бір көрсек, Абай, Алтынсарыұлынан тағы көреміз. Бұлардың кейбірі ескіліктің көлеңкесінде қап, құр соны қимағандықты айтса, екінші біреулер әралуан жолмен үйлесуді, құптауды мақұл көреді (1, 276-б).

Далаға сауданың жайылып орнығуы, «сауып ішер сүті жоқ, мініп көрер күші жоқ» ақша дейтін пұлдың төрге озуы, елдің құтын несие жұтқан саудагер заманның сұм пиғылы, қулық сауған құлқынан секем алған, тіксінген қара жұрт жапатармағай әлекке түсіп, жанталас әрекетке тартылған.

Мұхтар Әуезов жаңа заман көшіне ілеспеске амалы қалмаған қилы әлеуметтік топтардың жандалбасасын зор қоғамтанушылық өреде талқыға тартады.

Осында кейінде көп шу болған, үрей туғызып, еске салуға тыйым салынған мұсылмандық ағартушылықтың фактісін арғы-бергіден меңзеп айтып отырады.

«…Үшіншіден, осы жаңағы соңғының барып иық сүйейтіні – отар елдердің әсересе жақын шығыс капиталшыларының ұстанған тартыс негізі – діншілдік, исламшылдық.

…Бір жағынан «исламшылдық», «түрікшілдік» сияқты тартыс әдісін түсіне бастайды. Сонымен қатар дүние ғылымын оқып, сырт қалпын түзеп, Ресей капиталымен бәсекеге жарау үшін, жаңа оқу жәдитшілдік сияқтыларды да шет жағалап қостай бастайды (1, 277-б).

Әуезов шығыс топырағындағы замана ыңғайында өрістеген ағартушылық, азаттық күрес бағыттары фактісін бар елеулі мәнінде бастау көздерін, орталық тұлғаларын келтіріп отырып, айналымға тартты.

«Міне, осындай таптық алдыңғы қатардағы санашылығы татар-мұсылман ғаламында Шагабуддин Маржани, Қайым Насыри, Ысмағұл Гаспринский сияқтылар болса, қазақта Абай, Алтынсарыұлы сияқтылар да біраз қазақ ерекшеліктерін ала кірген либерел буржуаға айналды» (1, 278-б).

Осы буржуазияның тасасында ұлт ұғымы тұрды. Сақтана, сараң сөйлегендей, ара-тұра «бұра тартып» мін таққандай болып отырып, көкейіндегісін ірікпей, сарқып айтпай қоймайтын Әуезов өнегесі бұнда да сәулеленіп тұр.

«Осымен бұл дәуірдің ақындары, әсіресе Абай жалғыз өз тұсының айнасы ғана емес, өзінің алдындағы бірқатар заманды да сөз қылып, суретке басып, өзі де танып, өзгеге де нық танытып кеткен ақын болады» (1, 279-б).

Сол дәуірдің заман күйін ашқан ақындарының бірі, бірі болғанда да дәл Әуезов атап айтатын Абайдай ірі тұлғаның алдындағы бірегейі – Шортанбай Қанайұлы.

ХІХ ғасырдың 30 жылдарындағы француз қоғамын әйгілі Бальзак жобалаған 100 томдық «Адамзатқа әжуа» циклінің 90 пәленбай романында қалт жібермей бақылап, армансыз ақтарып-төңкеріп, сілкілеп, сіңіріп жазған.

Зерттеушілер дерегіне қарағанда кейінге сақталып жеткен 3000 жолдың о жақ, бұ жағындағы өлең-толғауларында Шортанбай ақын да сол өз заманын, ХІХ ғасырдың белгілі бір кезеңіндегі қазақ өмірін, берекесі қашқан отар елдің қалпын, ынтымағы ыдыраған ел адамының мінез-құлқын, тұтас тергеп, түгелімен, суретшілдікпен қалыптады.

1933 жылғы оқулыққа енген «Шортанбай шығармалары» атты тараушада Мұхтар Әуезов өзі 1927 жылы зар заман ақындарының айтулы өкілі есебінде тоқталған Шортанбай Қанайұлының әдебиет тархындағы оқшау тұғырын және бір бұлтартпас негіздерінде орнықтырды.

Бір мәнде, 1927 жылғы «Зар заман» атау-ұғымы басқа бағытқа ойысқандай «алдамшы» әсер туғызып отырып, Шортанбайдың алабөтен, ықпалды шығармашылық бағытының айрықшалықтарын таңбалап, бөліп атайды.

«Шортанбай шығармалары ХІХ ғасырдың 60-70 жылдарында кеп шыққан бір ағынды көрсетеді. Тарихи, қоғамдық жағынан алғанда, бұл түрдегі әдебиет шығармалары ХІХ ғасырдың алғашқы жарымында болған үлгілерден басқаша боп, өзгеріп кетеді» (1, 280-б).

Ендігі «басқаша, ерекше сарын» қазақ жеріндегі отарлық езгіге қарсы бір ғасырға жуық жалғасқан ұлт-азаттық көтерілістердің жеңіліс тауып, батырлардан бас кеткен заман күйімен, қазақ жерден тұтас айрылып, «жаңа заңға» бағынған дәуірдің шері, ыза мен намыс буған наразылық сарыны болатын.

Айта жүрер сөз болсын,

Дағдарған сорлы халқыма,

Мың қабат бетім жуылған,

Көзден аққан жасыма, – дейді бір толғауында Шортанбай ақын.

Бұл жөнде Сәбит Мұқанов:

«Шортанбайдың «көзінен мың қабат жас ағызған» не? Әрине, ол, патша үкіметінің отарлау саясатына қарсы халықтың көтерілісі басылғаннан кейінгі басына түскен ауыртпалық зары.

1783 жылдан басталған қазақ халқының көтерілісі, 1850 жылдары, уақытша мылтық күшімен басылды десек, содан кейінгі жылдардағы халық басына түскен қиыншылықты Шортанбай өзі өлгенше шын ықыласын сала, бойдағы бар ақындық талантын жұмсай, халық қайғысын халықпен бірдей қайғыра, халықпен бірдей жылай өтті. Сол кездегі қазақ тұрмысынан Шортанбайдың жыры шолмаған ешбір сала жоқ» (2, 124-б).

Сәбит Мұқанов Шортанбай жырларына Мұхтар Әуезов пікірімен үндес, «Қазақ әдебиетіндегі жаңа дәуір» деп баға берді.

Шортанбай көпке жайылып бара жатқан құлық, кесапат мінездерді дәл Бальзакша мізбақпай «тіркеуден өткізеді». Ұлтына қорған болар амал таппағанда ауытқып бара жатқан елдік пен кісілікке атам заманнан ізгілік тірегі болып игілік жайған діннен дауа іздейді.

«Сол үстегі халге ырза болмай, алдыңғыдан ерте бастан түңіліп, шошып, артына қарай шегіне күңіренгенде, олардың аузынан шыққан сөздің бәрі «зар» боп, мұң, уайым, заман уайымы боп шығады. Уақытындағы көп зардың, көп дерттің бірі боп дін жайы да араласады. Дін әлсірейді деген уайымды шығарып, үй іші тұрмыстың бұрынғы феодалдық, рушылдық заманындағы қалпы өзгеріп бара жатқанын зар етеді» (1, 282-б).

Шортанбай ақынның өз тұсындағы әдебиет бағытын айқындай түсетін «Тар заман», «Бала зар», «Опасыз жалған», «Осынша азды ел неден», «Байды құдай атқаны» сынды толғаулары аумағында шығармашылық даралық сипаттарына зер салған Әуезов, Шортанбайдағы дін жайын түгесіп, түп-төркінен тарқатып өтеді.

Іргелі елдің, елдіктің ежелгі исламдық иланымына, мұсылмандық ұстанымдарына қауіп төнген…

Мұхтар Әуезов шетжағалатып отырып ХІХ ғасырдағы Ресей патша үкіметі тарабынан жүргізілген миссионерлік мүддеге қарсылық – мақсатты түрде кең жайылған мұсылмандық ағарушылықтың мән-жайын ілгерілете түгендеп, тауыса талқылайды.

Көпшілікке ұғымдылық, даралық айрықшалығы бұрынғы Бұхар жыраумен салыстырғанда «көзге ұрып» тұрған Шортанбай туындыларының түптірегі дін екендігін, бұлай болуының себебін Әуезов құбылысты тұтас танып-меңзеген көреген, сезімтал білгірлікпен айтты.

«Қазақ әдебиетінде дін сарынын алғаш бастайтын ақын осы Шортанбай болса, бұл өзі мұсылманшылықты исламның дін кітаптарынан алған адам болады. Ең алғаш жазып жырлаған, оқыған ақын да осы болуға ылайық. Бірақ соның кітап жолындағы ұстазы, үлгісі: Орта Азия мен иран, араб сопылары.

Орта Азия топырағында ХІІ-ХІІІ ғасырларда жарыққа шығып кейінге көп ғасырларға желісін тартып келген «тас жауып» сарыны қазақ әдебиетінде Шортанбайды өз мүриті қып алған сияқты. Әрине бұның себебі құр ғана еліктеу емес. Бір кезде «сопылық» ақындығын туғызып өрістетіп келген Орта Азиядағы шаруашылық, қоғамдық, тарихи жағдай – Шортанбай тұсында қазақ топырағында да, өзіне лайықты жағдай тапқан болу керек» (1, 283-б).

Шортанбайдың «зар-замандарының» көп үлгі, көп сарыны, көп құбыжық белгілері Қожа Ахмет Иассауидің «Дивани қиқметіне» ұқсайтынына зер салуында Әуезовтің ненің жайын да түгендеп, айғақтап, көп жұмбақтан сыр аңдатып отыратын айтқыштығы дін тарихына жетіктігімен де айрықшаланады.

ХІІ ғасырдың 30-40 жылдарындағы, Қарахан мемлекеті ыдырағаннан кейінгі Мауараннахрдағы тарихи жағдай тұрғысында екі жақты езгіде қалған халық тұрмысына, Иассауи жасаған дәуірге меңзеп сөйлейді» (3, 23-б). Шортанбайдың әдебиет тарихындағы озық шығармашылық бағытын ілгеріде зар заманның жайында кең шолып қараған Әуезов 1933 жылы да айтқанынан қайтпағанын, қайтпайтынын, қайта алмайтынын «сездіріп» алады. Шортанбай ақындығының реалистік, әлеуметтік беталысын дін күйімен қабыстырмай сөйлемеуі – мәселе осынданы меңзеу.

1959 жылғы әдеби мұра тағдыры тағы бір талқыға түскен айтулы конференцияда Шортанбайға ғана тиесілі болғандай бұлтартпай телініп, шошына түскен болып басым айтылған дін әңгімесі осы, 1933 жылғы оқулықтағы ұстанымдарға қарайлап айтылған, ішінде «бүкпесі» бар сыр екендігі анық. Терістеп отырып, сөзге ілік етіп, қайткенде қалтырмаудың қайласын қамдау. Ел жоғын жоқтаушының бұлтағы, бұрылысы қаптаған саяси ойындарға сай, дабыра жасамай, үнсіз ұғынысқан күйі.

Діннің бар «пәлесін» Шортанбайға ысырып тастау бір қарағанда асыл өзегі – исламдық құндылықтарға байланған әдеби ұлы мұра – ұлт қорғанының түп мүддесінде топалаң, тобыр заманның аузын алу.

Шортанбай ақын дінге қатысты осы «жаланы», жапаны тұтас көтеріп алуға, «құрбандыққа шалынуға» қақылы да, лайықты да болатын.

Қазаққа, ХІХ ғасырда дін жолында да зор қауіп төнгенде Шортанбай исламның орнығу, таралу тарихында аты қалған озық дін қайраткерлерінің күрес өнегесінде қызу қуатпен рухани майданға түсті. Хақтың жолын, Алла сүйіп жаратқан Адамның мәртебесін толғады. Қорғады.

ХІХ ғасырдың өмір фактісінде, тарихи жағдайында дін жолындағы күрестің озық өнегесін қалыптастырды. Мұсылмандық ағартушылықтың ұзақ, арналы тарихындағы белгілі бір дәуірдің озат, тегеурінді өкілі мәнінде жасап, танылды.

Мұхтар Әуезов Шортанбай толғауларындағы замана орайындағы түбегейлі беталыс, тастүйін дін сөзін үгіт ету айрықшалықтарын ақынның көпке ұғынықты тілмен сөйлеу мақсұтымен айқындайды. «Көптің» ұғынықты тілі – ғасырлар көшіндегі рухани қорғаны, мұсылманшылықтың игіліктерін сіңірген тілі.

Шортанбайтануда, жалпы қазақ әдебиетінің тарихындағы негізгі бағытында ислам өркениеті, ислам дінінің орнығу, таралу жолдары, соның ішінде Орта Азияға, Қазақстанға келуі туралы ислам тарихын зерттеуде нендей деректер бар деген мәселе – өзекті.

Әдебиеттің әу бастан Алланың барлығын, бірлігін дәріптеуден бағыт алғандығы тұрғысында әлемдік озық әдеби үрдістердің бар құнары, бар артықшылығы дін ізгілігімен астасып кеткендігі, соның ішінде қазақ сөз өнерінің ұлы мазмұнында сала-сала зерттеулерге сұранып тұрған құбылыс, құпиялар жеткілікті.

Құдайдан беземіз деген кеңестік жүйенің көлеңкесінде Құдайын «ұмытуға» мәжбүр етілген бір озық, сормаңдай дарынның жеке бас құжатындағы «дінсіз» («неверующий») атты мәлімдеме көп жайға меңзейді. Сол «дінсіздіктің» зауалына ұшырағандар көп…

Бальзак «Шегірен былғарыда» меңзеген құдірет, Достоевский, Толстой, Булгаков «Ақ гвардияда» Турбиннің аяқ асты сауығып кетуімен астастырған тылсым күш, Шығыс қиссалары, қазақ эпостары, ертегілері, қазақтың ілгеріден, беріде ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардан аты жеткен ақын-жырауларының сөз мұрасындағы асыл өзек… Дін.

Сүйінбайдың ұстазы, ХҮІІІ ғасырда жасаған Қабан ақынның, «он сегіз мың ғаламды өлеңменен толғаған» (Бақтыбай) Қабан жыраудың шығармалары әдебиет тарихының таңдаулы үлгілері басылып келе жатқан «Үш ғасыр жырлайды», «Бес ғасыр жырлайды», «Жеті ғасыр жырлайды» антологияларына, басқа да кәделі хрестоматиялық жинақтарға енгізілмеген.

Қабан ақын шығармалары – өміршең мазмұны, озық поэтикалық құнары мәнінде кім-кімнің де айтқыштық, ақындығымен иық теңестіріп тұрған үздік үлгілер. Ендеше Қабан жырау неліктен «қағаберіс» қалып келеді?

Біздіңше, ақын туындыларының басым бағыты исламды, имандылықты дәріптеу, дін мазмұнында түзілген ғибрат өлеңдер болғандығы оны әдебиет тарихында жалпы даңқымен ғана атап өтіп, арнайы қарастырудан «қақпайлап» отырған.

Әдеби мұрадағы мығым исламдық арқаулар кейінгі заман зерттеулерінде көп жағдайда көлегейленіп, көптің назарына шығарылып, аталып айтылып отырмауының түп себептері белгілі.  Сүйінбай ақынның бір толғауындағы «Жаратқан Алла» сөзінің «Жаратқан Ана» болып өзгертілгендігі сияқты, дін дегенде алыстан айналып өтіп, қашқалақтай беруіміздің салдарынан Қабан ақын сынды ондаған озық шығармашылық тұлғалардың сөз мұрасы ғылыми айналымға өз деңгейінде тартылмай келді.

Әдебиет тарихының білгірі, адамзат өркениетінің айтулы бағыттарын айрықша таныммен зерделейтін ғұлама Мұхтар Әуезов 1933 жылғы әдебиет оқулығында басылған «Шортанбай Қанайұлы» тараушасында «Дін сарынын алғаш бастайтын Шортанбай» демеуі керек болса да солай орағытып, «бұра тартқандай» болып отырып ұлт әдебиетіндегі елеулі, маңызды бағыттарды тастай таныммен таңбалайды.

Әдеби мұрадағы дін негіздері, экзегетикалық дәстүр тұрғысында жекелеген арнайы зерттеу еңбектер қазірде қарасын көбейтіп отыр.

Халықтың өзін өзі сақтау иммунитеті, рухани қорғаны болып, сандаған ғасырлар көңілін көншітіп, жанын сақтаған әдеби мұраның арқа тірегі дін болғандығы тұрғысында қазақ әдебиеті тарихындағы дін желілері арғы замандардан күні кешеге, тіпті күні бүгінге шейін нендей көркемдік негіз қалыптағандығы тұрғысында кешенді, толымды зерттеулердің де қарасы көріне бастады.

Қазақ жағдайында бірнеше ғасыр бойы негізінен ауызша таралып, ауызша сақталған әдебиеттің бір пәрменді күші дін үгіті, кісілік дағдыларын сіңіру өнегесі, жан  сақтау, жан байыту жан дамытудағы имандылық негіздері, Хақ жолын, хадис тағылымын дәріптеу бағытында өрістеген басым сипаттарында болды.

«Бәрің-дағы тыңдаңдар» атты жалпыға арнау, өсиет толғауында Қабан жырау аузыңдағы сөзіңе абай бол деп, ғайбат сөйлеуден тыйылуды уағыздайды.

Бірлік кеткен жерден береке қашатындығын ескертуінде де туыспен араздық ырысты азайтатыны тұрғысында айтылатын Құран сөзімен байланған уәжі айқын.

«Ауыз бірлік бар жерде

Жететұғын мұрат бар.

Ауыз бірлік жоқ жерде

Қиянатты қият бар.

Ұяттың иман қабы дер,

Имандыда ұят бар».

Бір ғасыр ма, бір жарым ғасыр ма өткенде Шортанбай да «Иман – жанның жарығы» дейді.

«Тумақ – сүннәт, өлім анық, өлімнен қырық жыл қашқан Қорқытты да Алла жанын алып тыныш қылған, өлмей тұрып баршаңыз ғибрат қыл» – дейді жырау.

Қабан ақынның айтыстарына Мұхтар Әуезов атағы кең жайылған ақындар қатарында баға берген. Олардың басым ақындық жанры айтыс өлең болғандығын атап айтқан.

Қабан ақыннан сақталып жеткен айтыстың бірі Тұмарша деген жас келіншекпен айтысы екен. Бірі – Таутан қызбен айтысы. Бұлар сол XVIII ғасырдан жеткен ақындық айтыстың бірден-бір үлгілері болса керек. Таутан қызбен айтыс – дін жұмбағы айтысы. Әдебиет тарихын зерттеушілер деректерінде XVIII ғасырдан жеткен дін жұмбағы айтысы аталмайтын, әрі жұмбақ айтыс, оның ішінде дін жұмбағы ХІХ ғасырдың еншісінде танылып келген.

«Қабан мен Таутан қыздың айтысы» дін жұмбағына құрылған. Таутан өзінен жасы көп үлкен Қабаннан  шариғат жайын сұрайды.

Қабылиса:

Жолы бар шариғаттың пара-пара,

Тілімді жаңылдырма Хақ тағала, – деп сөз бастайды.

Алла Тағаладан аспаннан түскен төрт кітап, Ғайса пайғамбардың дүниеге келу баяны, қырық парыз, әрі қарай сол замандағы тұрмыс заттары, одан әрі бес уақыт намаз, Мұхаммед (с.ғ.с.) оның немерелері Хасен, Хұсайын, аспан көк, он екі ай, отыз күн, отыз пара Құран, шайтан, нәпсі жұмбақталып, шешімі айтылады. Қабылиса жұмбақтың барлығын шешкен.

Шортанбайтануда оң да, теріс те аталып отыратын «діншілдік» тұрғысында кенде қалған тұстар басым.

Темірхан Тебегенұлы ақынның жаңа бір мектептің басы болғанын айтқаны бар. Бұл жерде зар заман ағымы мәнінде емес, сөз Шортанбайдың мұсылмандық ағартушылықтың ықпалды өкілі болғандығы меңзелген.

«Иман – жанның жарығы», – дейді Шортанбай ақын. Екінің бірі тәуекел ете алмайтын тоқтам.

Шортанбайдың діншілдігінде (М. Әуезов) ислам тарихы контексінде нақтылы мәселелермен «шұқшия» қарайтын тұстар бар…

Шортанбай шығармаларындағы нақтылық, суреттілік, образдылық, бұзылмайтын, бұлжымайтын тарихи шежіре іспетті деректілік шортанбайтанудағы мол, қанық зерттеулерде аталып отырды.

Арқадан дәурен кеткен соң,

Қуғындап орыс жеткен соң…

Кене Ханның дүркіреп өтке дәурені.

Кеше арбамен отын сатып жүрген жатжұрттық енді «Ағашты тауға үй салып», Қарқаралыда алшаңдайды…

Ақын толғауларындағы қоныстан үдере көшу қайғысы, атамекен шері, әдеби мұрадағы ежелгі сарын бағытында жоталана түседі.

Шортанбай жырындағы не жақсы, не жаманның жайы – жалпы ел мінезі тұтас алынған деген пікірлермен қалың тіршілік суреттері қағаберісте қалып жүрді.

Шариғатта әйел адамның әдебіне қатысты айтылатын тоқтам, тыйымдарды Шортанбай ақын жаны шырылдап көлденең тосады. Ұрпақтың харам тууынан, зина қылудан, ұлтының ұятын бұзудан сақтандырады.

Қазақтың, әсіре сауықшылдық, сайранпаздығын «бетімен кетуге бастайтын теріс ықпалы бар» деп Шортанбай жақтырмайды.

Қыз, жігітте әдеп жоқ,

Үшбу күнде халықтың

Домбыра болар шерткені.

Зина болар қылғаны

Деген екен бұрынғы…

Тұтас бір дәуірдің өмір дағдысын, әлеуметтік күйін, геосаяси қасіретіне Шортанбай түгел қамтып, ашынып ұдайы ауытқымай жырлады.

Алдыңызда Қоқан бар,

Орыстан жаман тым-ақ жау.

«Қазаққа атар таң бар ма?», «Қазақтың ұлы қамалды» деп қажыды. «Шындық кетті қазақтан» деп шамырқанды.

Ақынның әр өлеңі – оқиға. Әр өлеңі – әрекет, қимыл. Әр өлеңі – образ. Сурет. Билік деп жанығып, бірін-бірі аңдып жағаласқан, шағым жазып жүгіріскен, тыным таппай дүбілген қауым. «Шолақ иттей діңкілдеп, бір-біріне жетем деп аласұрады».

Ақын толғаулары сюжетке құрылып отырады. «Алдаушы жалған» бұзылған, жасы бар, үлкені бар, шіл боғындай тозған» жұрттың толық бейнесі.

«Бала зары» толғауында Алла берген ғұмырды адал сүрудің парыздары баса айтылады. Иман, тәуба, зекет, момын, сараңдық, харам, құдірет, сабыр, намаз, ғайбат айтпау, «құдайдан қорыққан мұсылман – қарауыл қояр сөзіне», қасиет, ғаділдік, мейірім, мінезге бағым аталып отырады.

Жақсы жар тауып үй болу, ақ жаулықпен көркейер өмір – жұртына атар бір өнеге сөзі.

Дін, шариғат жөнімен насихат айту – ақынның кісілік парызы. Меке жүзін көрмегендігін бірнеше мәрте өкініш етеді. Өлер алдындағы арыздасу сөзінде қазақтың көп жақсысын атайды. Құнанбайға Мекені талап қылсын дейді.

Шортанбай өз толғауларында дәстүрлі, дайын қолданыстарға, жаттаған сөзді қосып жіберуге епті емес. «Алланың берген ақ дәмі», «Өлгеніңше дін сақта», «Арқаның алпыс тарау бойын өрлеп» сынды өз айтқыштығы басым.

Шортанбай туындыларында заманында болған жайларды дөп, дәл айту, тарихтың ізін тастап кетіп сөйлеу ақын-жыршыға міндет болып саналатын авторлық ауызша әдебиет дәстүріне берік. Ештеңені қалдырмайды.

«Ақжолтай Ағыбай батыр», «Қаракесек» дастандарында төселген жазба әдебиеттің нақыштары басым. Баяндауға сурет қосып, әрекет қосып, әсерін күшейтіп отырады. Ағыбай батыр туралы дастанда ақындықта шеберлік бәйгесіндей орныққан аттың сынын («шапқанда құс секілді көрінеді») жырлаудағы өнер бәсекесінде шын жүйріктің бірі болғандығы танылады.

Шортанбай Қанайұлы шығармалары – игілігі мол рухани мұра. Ортаймас сөз қазынасы. Әдебиет тарихындағы елеулі белес.

  1. Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. 15-том. – Алматы, «Жазушы», 1984. – 328 б.
  2. Мұқанов С. Қазақтың ХҮІІІ-ХІХ ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктер, 2-басылуы. – Алматы: «Арыс», 2002. – 272 б.
  3. Ахметбек А. Қожа Ахмет Иассауи: көмекші оқу құралы. – Алматы, «Санат», 1998. – 112 б.

 

Қ.Қ. Мәдібай, профессор, филология ғылымдарының докторы

 

Таңбалар

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған