Сыр-сұхбат

Қожықовтардың «Қыз-Жібегі»

Біздің жас кезімізде қазақ­тың әйелі бейнеленген суреттер көзімізге сирек ұшырасатын еді. Есте қалғанының бірі оқу­­­­лықтардағы немересіне ертегі айтып отырған әженің портреті көбімізге белгілі. Екінші бір көзтаныс бейне – Ләтипа шебердің портреті. Суретте егде тартқан ақ жаулықты ананың ши орап отырған сәті бейнеленген. Зер салып қарағанға шебердің қолында күнкөрістің құралы емес, бейне бір озық өнердің үлгісіндей Ләтипа апамыз жүнді ширата есіп, шиді орап отыр. Оның бекзат тұлғасынан ме­йірім мен сабыр есіп тұр. Шынтағын тізесіне тіреп, басын сәл көтеріп, алысқа көз салған ананың жүзінде ауыр жылдар жүдеткен күйзелістің ізі жоқ, тек нұр шашқан жанарынан өткен өміріне деген разылықты сезесіз. Мүмкін, картинаны осылайша көруге, осы бір әдемі мезеттің кейіпкері Ләтипа апа туралы көп оқығанымның да әсері болған шығар.

Бұл – қазақтың «Қыз Жі­бегінің» режиссері Сұлтан Қожықовтың анасы. Сүт кенжесінен бөлек, қазақ өнерінің іргетасын қалаған үш бірдей асыл ұлды – қазақтың алғашқы кескіндемеші, карикатурашы, қазақ бейнелеу өнерінде жаңа жанрды қалыптас­тырған кәсіби график суретші Қожахметті, қазақтан шыққан тұңғыш театр және кино суретшісі, ҚазКСР еңбек сіңірген өнер қайраткері Құлахмет пен мүсінші-монументалист Нұрахметті дүниеге алып келген ана.

Қазақ театр өнерінің ең бірінші суретшісі, КСРО Суретшілер одағының мүшесі (1957) Ләтипа Мұңайт­пасқызы Қожықова өзінің қызметін 20-жылдары бастады. 1936 жылы Мәскеу қаласында өткен қазақ әдебиеті мен өне­рінің он күндігіне сонда қойылған қазақ операларын ойнаған әртіс киімдерінің авторы ретінде қатысты. Оның шығармашылығы алуан қырлы болатын. Шебер өмірінің соңғы жылдары ұлттық ою-өрнек өнерінің фольк­лорлық қорын жасау­ға бел­сене араласты. Ол – жүзден астам өрнектік туындылардың авторы. 1958 жылы КСРО Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесінде (ВДНХ) оның қолынан шыққан киіз үй әдемілігімен көз тартып, келушілердің назарын өзіне аударады. Қазір оның жұмыстары Мәскеу, Санкт-Петербург, Алматы, Будапешт және Вашингтон музейлерінде сақтаулы. 1944 жылы шебер тіккен ер адамның ұлттық киімін өкімет АҚШ президенті Франклин Руз­вельтке сыйға тартады.

Атақты Қожықовтар әу­летінің мұрасын зерттеуші әрі насихаттаушы, «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының директоры, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Сәуле Қожықова әжесі туралы былай деп естелік айтып берді: «Атамыз Қоңырқожа 1938 жылы атылып кетті. Ал әжеміз бертінде, алпысыншы жылы 68 жасында дүниеден өтті. Ширек ғасыр бойында Абай атындағы опера және балет театрында еңбек етті. Күләш, Қанабек, Серке, Шара, одан басқа да сахна саңлақтары әжеміздің қолынан шыққан киімдері­мен сахна төрінде жарқырады. Әжеміздің бар өмірі күресумен өтті деуге бо­лады. Қуғын-сүргін заман­дарда жанына жақын адам­дарына қамқоршы болып, өзінің ұлдарынан бөлек, арыстардың жетім қалған балаларын жеткізген жан».

Ләтипа анамыздың әкесі – атақты би-болыс Мұ­ңайт­­пас Лапин Перовск уезіндегі Кеңтүп болысының Қоғалыкөл ауылында (қазіргі Қызылорда об­­­лысының Сырдария ау­данында) ұзақ жылдар болыс болған. Орыс шенеу­нік­терімен аралас-құралас бола жүріп, 3 әйелінен 19 баласы болған, балаларын Петроградқа оқуға орналастырса, қыздарын да жаңадан ашылған орыс мектептеріне оқуға берген. Оның атақты ұлдарының бірі, Ләтипаның ағасы – қазақтан шыққан тұңғыш заңгер, демократ, қоғам қайраткері болған Серәлі Лапин. Сол кездерден қал­ған «Мұңайт­пастың иттеріне дейін орысша үреді» деген сөз болыстың орыс мәдениетіне ұмтылуынан туған деп түсіндіруге болады. Осы әулеттің қыздары Күләндам Сұлтанбек Қожықовқа тұрмысқа шықса, Мұңайт­пасұлы Серәлінің қызы Рабиға Санжар Асфендияровтың жары болады.

 

«Әкемнің ағасы, Қожы­қов­тардың үлкені Қожахмет, тұңғыш суретші-график, карикатура және плакат жанрының негізін салу­шы болып қалды. Ол атақты «Кукрыниксы» ше­берха­насында шыңдалды. Ал­ғашқы карикатуралық плакаттары да осы екпінмен шығады. Қазіргі Нү­кіс­тегі Савицкий музейін Орал Таңсықбаев екеуі іргесін қалайды. Алайда 1938 жылы тұрақты тір­кеу­де тұрмаған деген желеумен 10 жылға кесіп, поляр аймағына айдалған. 60 градус аязда тундрада жол салуға жегеді. Кесілген жылдың алтыншысы өткенде барып денсаулығына байланысты тұтқыннан босатып, еліне жібереді.

Ләтипа апа ауру мен аш­тықтан құр сүлдері қалған баласын қымызбен емдеп аяғынан тұрғызып, кітап безендіруші болып жұмысқа орналастырады. Алайда Қожахметтің таланты қор болып, 44 жасында дүниеден өтті.

Менің әкем де «халық жа­уының баласы» деген күйе жағылған аттан арылмай күй кешті. Әкесі Қоңырқожа тұтқындал­ғанда арты­нан барғанда «хабарласуға құқығы жоқ» деп алып келген заттарын қабылдамайды. Бұл сөз атуға кесілген деген еді. Осындай жаза тағылған Шәкен Девеевтің жары Фарида да Ләтипаны паналайды. Сұлтанбек Қожановтың оң қолы болған Шәкен әжеміздің шешесі бөлек, әкесі бір бауыры болатын. Фаридадан екі бала, ал Сұлтанбек Қожановтың 3 баласымен қалған сіңлісі Күләндам, Қоңырқожаның інісінен тағы бес бала, өзінікін қос­қанда 12 бала ата-анасыз Ләтипа апайдың қолына қарап қалады. Кеңес өкіметі әкелерін атып, аналарын АЛЖИР-ге айдаған еді. Ләтипа Күләндаммен бірге кеткен Сұлтанбектің баласы Арыстанды алып қалуға күшін салады. Ол үшін наркоматтан рұқсат керек болса, оны да қолына түсіреді. Осындай аласапыранда Ләтипа абдырап қалған жоқ. Оның себебі жары Қоңырқожа патша заманында қудаланып, үш рет қамауға түсіп, одан кейінгі қызылдардың қыспағы үзілмеген жылдар шыңдаса керек. Міржақыптың қызы Гүлнар Дулатова әжемізді анам деп атайтын» дейді Сәуле. Байқағаным, Сәуле атақты әжесіне қатты ұқсайды екен.

Құлахметтің қиялында туындаған кино

Соғыс жылдары Ләтипаның ұш ұлы – Құлахмет, Нұрахмет, Сұлтанахмет соғысқа аттанады. Сұлтан­ахмет 9-сыныптан кейін жас өрім кезінен сұранып кетеді. Нұрахмет соғыс­тан жараланып келіп 18 жыл сал болып жатып, ке­йін

нен көз жұмды. Сұл­тан (Сұл­танахмет) Қожықов та жа­раланып елге оралады. «Мос­фильм­нің» Алматыға көшіп келген кезі, жауынгерлердің рухын көтеретін кино түсіру керек. Даярлықтан өтіп, майданға түскелі тұрған Құлахметті суретші Моисей Левин кездестіріп қалады. Оны қолынан ұстап алып, «маған бұл адам керек» деп Эйзенштейн­ге алып келеді. Содан Сов­наркомға хат жазып, Құлахметті алып қалады. Сол жерде бірден фильм түсіруге кіріседі. Оның тыр­нақалдысы – «Толағай әнінің» эскиздері. Одан бөлек, «Домбыра үні» атты фильм-концерт түсіріледі. «Абай әні» де Құлахметтің қолымен безендіріледі. Жалпы, Эйзенштейн былайынша кісікиік, адамға жуыса бермейді екен. Үйі­не де ешкімді шақыра бермейді. Талантты қапысыз таныған мэтр қарапайым жас жігітке өзінің Иван Грозныйға қатысты фильмінің эскиздерін көрсетеді. Кейіннен: «Менен көзін алмай, алғашқы әсерімді көргісі келгендей әр қимылымды бағып тұрды» деп Құлахмет еске алады.

Соғыс аяқталған соң «Мос­фильм» Мәскеуге көшіп, алғашында студия ашылып, кейін «Қазақ­фильмге» айналады. Со­ғыстан оралған Сұлтанды «біздің отбасымызда бәріміз суретшіміз, сен ВГИК-ке бар. Өзіміздің от­басылық режиссеріміз бо­лып, кең масштабты фильм түсірейік» деп ағасы кеңес береді.

Құлахмет Шәкен Кенжетайұлымен өте сыйлас болған, Шәкен Айманов риясыз сенген. «Алдар көсе» фильмін қоюшы-суретшісі ретінде кинокешен жасаған. Түркістанда кино түсіріліп, ұлттық колоритті бере білген. Құлахмет Түркістанды «тұрғызып», осы Ясы қаласына зерттеу­лер жүргізіп, мұнараны сы­зып шыққан. Тайқазан ол кезде Ленинградта – Эрмитажда, алайда суретші оны да Түркістанның төріне алып келіп, ұмытылып бара жатқан көріністі бере білді. Құлахмет Қожықов осы фильм үшін марапатталды да.

Қожықовтардың ар­ма­­ны ұлттық нақышта фильм түсіру еді. Суретші 50-жыл­дары Мәдениет ми­нистрі Ильяс Омаровқа хат жазып, қазақ ұлттық нақышы ескерусіз қалып жатқан халық мұрасына алаңдаушылығын білдіреді. Сол кезде «Қыз Жібек» эпосын экрандау туралы ұсынысын жазады.

Әулеттің атасы Қоңыр­қожа Қожықұлы қазақ өне­рінің құдіретін сезінген, халық мұрасын жинақтап, ұлықтай білген әулеттің өнерге сүйіспеншілігін еккен жан еді. Өмірі күрделі саяси өзгеріс­тер­мен тұспа-тұс келсе де, халық мұрасының жанашыры бола білді. Жетісу өңіріне жиі экспедицияға шығып, көне қорғандар мен ескерткіштерді зерттеумен айналысты. Орхон жазуы, Қозы Көрпеш–Баян сұлу, Келіншектас, Ақтас мазарлары туралы ғылыми еңбектер жариялады. Араб, парсы, шағатай тіл­дерін жете меңгерген ол осы тілдердегі тарихи және әдеби шығармаларды қазақшаға аударады. 1936 жылы Қазақ КСР-інің мемлекеттік көпшілік кітапханасына Сүлеймен Бақырғанидің «Хикмет Хазірет Сұлтан әл-ғарифин» атты қолжазба кітабын тапсырды. 1935-36 жылы жарық көрген екі томдық «Қазақтың өткендегі тарихы туралы деректер мен материалдар» атты жинақты құрастырушылардың бірі болып қалды. Ал оны адал жары Ләтипа Жібектің киімдерін Күләшқа шақтап тігіп, сахнада жарқыратты.

Осылайша аласапыран заманның илеуінен аман шығып, жүректеріндегі махабатты халқына бере білді. Шоқтығы бөлек «Қыз Жібек» алдымен осы әулеттің дүниетаны­мында бүршік жарды. «Қыз Жібек» – бір әулеттің қазақтың тарихы мен әсем махаббат дастанына деген сүйіс­пеншіліктен туындаған дүние. Әулеттің жүрегінде тербеліп, ең асылын саралап, осы бір рухани қазынаның шашауын шығармай, қазақтың брендіне айналуына бір әулеттің тағдыры әсер етті. Ақырында Қожықовтардың ойлағандары болды, ұлттың асыл мұрасына деген құштарлығы осындай ескерткішке алып келді. Бұл махаббат фильмнің әрбір кадрында, кейіпкерлерінің әрбір сөзі мен қимылдарында, домбырадан төгілген күйінде де, тіпті көлді жайлаған аққудың қанатының, тұлпардың шабысының, асқар таулардың биік шыңдарында көрініс тапқан. Қанша көрсең де көзің тоймайтыны да осы әулеттің елге-жерге деген махаббатын бере білгенінде деп ойлаймын.

Таңбалар

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз

Жабу