Бір суреттің сыры

Қалағаның қалжыңдары

Биылғы атаулы даталардың қатарында  Қазақстанның Халық жазушысы  Қалтай Мұхамеджановтың 90 жылдығы да аталып өтуде. 1928 жылдың 24 желтоқсанында Қызылорда облысының Тереңөзек ауданындағы Шіркейлі ауылында дүниеге келген жазушы, 1953 жылы Ташкенттің театр және көркемөнер институтын бітіріп шығады. Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігінде, Мемлекеттік кино комитетінде, Қазақстан Жазушылар одағының, Кинематографистер одағының екінші, бірінші хатшысы, 1988–1998 жж. республикалық «Ара–Шмель» журналында, халықаралық «Заман – Қазақстан» газетінде бас редактор болды. Өмірінің соңғы жылдары халықаралық «Түркістан» газетінің бас редакторы қызметін атқарған.
Төменде, Сейфолла Оспанның «Қалтайдың қалжыңдары» жинағынан алынған бір топ естеліктерді жариялап отырмыз.

Пластилин мүйіз емес қой

Сонау бір  жылдары Әуезов театрының сахнасына Қалекеңнің ортан қолдай  бір сыйлы ағасының пьесасы қойылады. Соның қабылдар ойынына әдебиет-театр жұртшылығы шақырылады. Спектакль көрсетіліп біткесін, театр өнеріне жетік небір қасқа мен жайсаңдар директордың кең кабинетіне жиналады.  Желімауыз-жезтаңдай шешендер бірінен соң бірі алма-кезек сөйлеп, спектакльдің  аяғын жерге тигізбейді. Біраздан кейін кезек Қалекеңе де келеді. Ол кез Қалекеңнің арын-жалыны әлі басылмаған, аузынан от бүркіп жүрген шағы. Ә дегеннен пьессаны да. Спектакльді де дүркіретіп сынай жөнеледі.  Және кең көсіліп, еркін сөйлеп кетеді де жуыр маңда шалдырмайды. Соған шыдамай кеткен үлкен бір оқымысты ағасы:
-Ат басын тартар кезің болды, Қалтай шырақ. Мүйізің қарағайдай болып, бой берер түрің жоқ қой тегі,-деп басу айтады. Сонда Қалекең:

-Ау, иінсіз жерге  иіле салатын менің мүйізім сіздікіндей пластилин мүйіз емес қой,-депті қолма-қол.

Маркстің сақалының арасында алпыс жыл адасқаннан…

Мәдениет министрлігінде ме, әлде Киношылар одағында жүрген кезінде ме, әйтеуір бір күні Қалекең қызметке  келсе (жалпы Қалағаң қызметке өте ерте келеді) кабинетінің алдында М. деген бір жақсы танысы оны күтіп тұрады. Ол Қалағаңның ізінше кірсе, о кісі төрдегі қабасақал көсемнің портретін жаңа көргендей қарап тұр екен. Танысы салған жерден:
-Қалеке,  бір пьеса жазып едім. Со  құрымағырдың финалы шықпай… сізбен ақылдасайын деп келіп едім, -деп кебін бастай бергенде.

-Бауырым, мына Маркстің сақаланың арасында алпыс жыл адасып жүрген ағаң нендей  ақыл беріп жарытады дейсің-депті жай ғана бейтарап үнмен.

Таңертеңгі қоңырау

1977 жылдың қараша айында Мәскеуде КСРО Жазушылар басқармасының пленумы болды. Оған бізден жиырма шақты жазушы қатысты. Қазақ жазушылары «Ресей»  қонақжайының Кремль жағындағы батыс қанатына жайғасты. Біз, Қалтай  екеуміз бесінші қабаттағы бір бөлмедеміз. Ертеңіне  таңғы сегіздер  шамасында Тахаң-Тахауи Ахтанов қоңыраулатты.

Қалтай:
-Әй, сен не, осы мейманхананың швейцары болғаннан саумысың, кісіні таңсәріден оятып,-деді.

Тахаң уақыт сұрады білем:
-Менің Кремльге іліп қойған сағатым жеті жарымды көрсетіп тұр,-деді Қалтай Спасск мұнарасы жаққа көз қиығын салып.

Тахаң ар жақтан тағы бірдеңе деді ме, қайдам, әйтеуір Қалтай:
-Татар жеңгем қалтаңды қағып-сілкіп жіберген ғой, шамасы?-деп сәл тұрды да:-Таха, сен мойыма, жеңгемнің туған сіңлісі мына төменгі екінші этаждағы мейрамханада даяшы, қазір барып таныстырамын, деді күліп.

Біз жоғарыға, Тахаң жатқан қабатқа көтерілдік.

«Сыйға-сый»

Біз келсек, Тахаң тап-тұйнақтай киініп алған. Төсек орын жинаулы. Стол үстінде қалың бір қызыл кітапты қаттастыра қойылыпты.

-Уа,  сабазым, уа солдатым-ай, қамшы салдырмайсың ғой, сен.  Қырынып та үлгеріпсің… Әперші әлгіңді.. Қалтай сақалы  өсіп кеткен  иегін сипады.

Тахаң мырс етіп:-Бәсе, қожа сұрамай тұрат деген… Осымен құтыла қойсам жақсы..-деп электр ұстарасын ұсынады.

-Бұ қазақ мәдениет дегеніңнен жұрдай ғой, жұрдай. «Отыр» деп сарт мезіретін де жасамайды.

Қалтай асықпай иегін, бет-аузын алақанымен сипап тұрып, сақал-мұртын алды. Сосын ауыр жұмыс істеген кісідей күрсініп:

-Осыны да мүлік деп… бетімді ит талағанадай етті. Дуылдап барады… Мынауың 30 жылдардағы ХТЗ-ы тракторы ғой… –деп электр ұстараны  керует  үстіне лақтыра салды.

Тахаң да оны тағы бір еркелігін күткендейін:

-Ендеше тездет, мұздай сумен жуын… бар анда

-Ойбай-ау, суы несі… әтірің қайда?! Күйіп барад.

Ахаң іні-досының ойынын қызықтағандай қолына жүзімнің бір шоғы түстес шишаны ұстата қойды.

Қалтай күректей алақанын шұқырайтып, оған аз толма етіп, әтірлі құйды да,  шишаны үстел үстіне қойып, бетін жуғандайын қос қолымен бет-аузын бипаздай сипай  түсті де, кенет қатты шошыған кісідей-ақ:

– Әй, мынау не пәле еді… Әтір емес, қысыр қашырдың сідігі ғой,-деді тітркеніп.

Тахаң, жарықтық, «ағаның алды – ақ жайлау» деп, риза көңілмен мәз бола күлді:

– Қалтайжан-ай, сен мені бүгін таң атпай жатып әзіл-қалжыңмен бір байытып тастадың-ау. «Сыйға – сый, сыраға – бал» мен сендерге «Дружба народов» кітапханасынан шыққан бір томдығымды берейін, деп қаттаулы қызыл кітаптың екі данасын бізге ұсынды.

Тахаңның балдызы

Кітап көрсе шүйліге түсетін әдетімен Қалтай бірден:

-Қандай әдемі кітап. Мұқабасы да матадан. Өзіңнің атыңды да алтындатып басыпты. Ішін ашып қарап:

-Пәлі, редакциялық кеңесінде бір қора адам. Сәл кідіре түсті де, – ішінде біздің  Әнуар да бар, -деді. Автордың өзіне арнайы жазған сөзін оқымады.

Тағы бір бетін парақтай түсті де, сәл қырындап отырып, артына ойлана қарап қалған Тахаңның суретін көріп:

-Мына Шығыстың философы бұл араға қайдан келіп қалған, әттең сақалы жетіспейді екен,-деді. Сосын кітапты бір төңкеріп мазмұнына көз тастады да: -Бәсе, біздің Ақ Тахаң астанаға құр қол келмейді демеп пе едім. Дедім ғой. Міне, қара! «Дауылдатып-борандатып» , «Үнді қиссасын» жырлап, осы жолы бәріңді жарылқайын деп «Антын» айта келіпті, деп даусын құбылтты Қалтай.

Тахаңның көңілі хошшуақтанып:

-Әлгі, «балдызыма» апармайсың ба?-деді.

Жомарттық па, мәрттік пе?

Тағы да Мәскеу оқиғасы. Оқиға орны «Ресей» мейманханасы. Тек уақыты басқа. 1971 жылдың шілдесі. Көбімізге мәлім, бұл қонақжай төрт көшенің төрт қапталын тұтас алып жатқан төрт бұрышты орасан зор үй. Сол төрт мүйісті алыптың кіндігіндей болып, соның дәл ортасныда төбесімен көк тіреп тұрған шырқау биік бөлігі бар. Соның он төртінші қабатында жуырда ғана  американың мұнай магнаты келіп тоқтаған супер люксі бар екен. Құны да удай – тәулігіне 115 сом. Бұл ол кезде ақылға сыймайтын қымбат баға.  Кезекші әйелден  оның бағасын естіген  Сәбең-Сәбит Мұқанов бір жөткірініп, «удай екен» деп  Мәриам апайға қарады. О кісінің жауабы дайын екен:

-Қайтесің соны төрт-бес күнге бола хан сарайындай етіп,-деді.

Сәбең сосын өзіне таяу тұрған Әдекеңе (Шәріпов) қарап:

-Ай, Әди жол сенікі,-деді шеттеңкіреп. Әдекең еңкейе берді де:

-Астапыралла, не дейді, мына пәле! –деп таңырқап артына бұрылды.

-Түстім отқа! Кеттім ходқа! Жаз маған люксіңді! Пайғамбар ұрпағын мың жыл асыраған бұ қазақтар осы жолы да өзегімді талдырмас,-деп Қалтай алға шыққан еді.

Мешіттің имамы

Қалтай басқаратын «Заман-Қазақстан» газетінің бір пұшпағын мен де ұстағанмын. Бір күні біиікке, «Қыранның ұясына» құйындатып Нұрғиса Тілендиев бір соғып өтті. Біз, Қалтай екеуміз, әңгімелесіп отырғанбыз.

Әй-шәй жоқ, Нұрекең салған жерден:

-Әй, Қалтай, осымен үшінші рет байқап қалдым. Қасыңнан қалдырмайтын мынауың кім?-деп маған едірейе қарағаны ғой.

-Ә. Бұл ма? Қалтайдың  көзінен зілсіз күлікі табы білінгендей болды.

-Бұл «Жазушы» мешітінде он бес жыл имам болған досым ғой,-демесі бар ма.

(Әбілмәжін Жұмабаевтың естелігінен)

Көшеге сыймай кетемін

1971 жыл еді. Жаз ортасында Алматыда жиі-жиі өтетін жиындардың біріне келе қалдық. Жұмыс уақыты аяқтала бастаған кезде осы күнгі Төле би көшесінің бойына орналасқан сол кездегі Үкімет үйінен жаңа ғана іске  қосылған «Алматы» қонақ үйіне қарай аяңдап келе жатыр едім, алдымнан Жазушылар одағына қарай бет бұрып келе жатқан Қалтай жарқ ете түсті.  Аппақ жейде,  ақ костюм, ақ туфли, қап-қара шаш, тобылғыдай  қараторы әдемі кескінді Қалакең жайлаудың жапырағындай жайқалып келеді. Бір салтанатты жиынға келе жатса керек. Арамыз жақындағанда ол пиджагының  оң жақ жағасын сілке қайырып, иығының артына сырғытып жіберді де, кеудесін керіп қарсы жүрді.

-Ассалаумағалайкум, Қалеке! Жүрісіңіз салтанатты ғой! Жол болсын!

Қалай жұлып алғандай:

-Алматыда  тұратын екі қожаның біреуі болған соң көшеге сыймай келемін,-деді, ыржиып.

Мен де есемді жібермеуге тырысып:

-Қызылордаға келгенде де көшеге сыймай жүргендей көрінуші едіңіз, бұл, әлде  қожаларға тән мінез бе?-дедім, көңілденіп түсіп.

-Жоқ, мен Қызылордаға қожа ретінде емес, перзенті ретінде еркелеймін. Ал Алматыда тұрғандардың көбі қожаның кім екенін біле бермейді. Өзіміз де бірен-саранбыз ғой. Сол себепті  көшеге сыймай кетемін,-деді күліп.

(Сейдәлім Тәнекеевтің естелігінен)

Атымтай жомарттар бар екен ғой

1996 жылдың жазында Павлодардан Ханафия Асқаров деген қарт адам редекцияға келді. Бір күліп, бір жылап отырып, Қалағаңа сыр тиегін ағытты. Таяда ғана азамат болған бір баласынан айырылып қалғанын жыр етті. Сөз арасында қанашма жылдан бері қазақ тіліне жанашыр боп  жүргенін де баян қылды.

-Ә, солай ма? Сіз ендеше түстен кейін маған қайта келіңіз, ұмытпаңыз,-деді Қалағаң.

Айтқандай-ақ, Ханекең түстен кейін қайта келген. Қалаға қалтасынан бір уыс 50 теңгеліктерді  дудыратып шығарып, шалға ұсынады.

-Ойбай-ау, Қалекең-ау… бұныңыз не? Мен Сізден ақша сұраған жоқпын ғой,-деп шал абдырап да қалды.

-Алыңыз, ақсақал алыңыз. Жолыңызға ұстаңыз,-деді Қалағаң.

Ертеңіне шалым маған  шапқылап маған келген.

-Бұл Қалекең деген қандай адам.. а? Бұл өмірде де Атымтай Жомарттар бар екен ғой. Кеше үйге барып санасам,  тұп-тура 4 мың теңге. Өзім кіруге ұялып тұрмын, менің атымнан көп-көп рахмет айта салшы, а!-дейді шалым дәудірлеп.

Қалағаңа барып, шалдың «рахметін»  айтып тұрып:

-Бұл кісіні бұрыннан танушы ма едіңіз?-деймін.

-Жоға,-дейді Қалағаң.

-Ендеше неге ақша бердіңіз?

-«Қазақ тіліне жанашырмын» дегеніне риза болып кеттім…

(Дидахмет Әшімханұлы естелігінен)

Жаншылып қалған рухты кім оятады?

Бір топ жазушы ағайындар Абай бабамыздың әрбір өлең жолдарына мән қойып әңгіме шертісіпті. Сонда бірі тұрып:

-Тіпті, мынадай сөзі бар ғой жарықтықтың: «Ұйықтап жатқан жүректі кім оятар» дей бергенде Қалағаң табан астында: «жаншылық қалған рухты кім оятар?» екен деп, сөздің тоқетерін айтыпты.

Мата жинамаңдар, бата жинаңдар

Бір жиында бір жас жігіттерге  үлес тиіп (оның өзі мата көрінеді)  оны бөлісе алмай жатқан көрінеді. Сонда анадай жерде мұны байқап тұрған Қалағаң бұларға  жақындап келіп (өңкей жас жігітердің таласқанын ұнатпай):

-Ей, жігіттер, бізден бұрын өткен ата-бабаларың: «мата жинамаңдар, бата жинаңдар» деген жоқ па еді. Ең болмаса соны естеріңе алсаңдаршы,-депті.

Босқа өткен уақыт, отқа жаққан  уақыт

Бірде шешімі жоқ бос мылжыңдардың жиналысында отырып, іші әбден пысып кетсе керек. Алдымен жан-жағына қарап алып, қасында отырған Шерхан ағамыздың блакнотын алып:

«Адамның босқа кеткен әрбір сәті – отқа жаққан ақшамен тең» деп қолына ұстата салыпты.

Біздің тілді құртқан өздеріңдей …

Тағы бірде бір алқалы отырыста, әңгіме арқауы тіл жөнінде болып жатса керек. Сонда бір білгішсымақ біреуі сөзге белсене араласып:

-Қазағымыздың тілін ендігі жерде қалпына келтіру тіпті де  мүмкін емес,-деп әңгімені шорт кесіпті. Аңтарылып қалған елдің жүзіне қараса, бәрі де жасқаншақтанып қалған екен. Соны байқаған Қалағаң да жан жараларына қарай ақырындап басыпты:

-Сіз олай демеңіз. Әлемде орнына келмейтін ештеңе болмайды, сол сияқты тіл де орнына келеді. Тек оған ынта-жігеріміз болсын, деңіз-дегенде әлгі адам шыдамсыздана:

-Дәлеліңіз қайсы?-деп өзінің бір сәттік үстемдігін бұзысы келмегендей қызарақтайды. Сонда Қалағаң:

-Оған дәлел жетеді, – деп бір тоқтап алады да:

-Біздің тіліміздің жүгінің ауғанына көп болса 70 жылдан астам болар, Құдайға шүкір, біржола ада боп шыққанымыз жоқ. Оның үстіне орыс тілі қаламызда болмаса, даламызға толық үстемдік жасап үлгерген жоқ.  Мысалы, анау еврей халқы, өзінің осыдан 2400 жыл бұрынғы көне иврит тілін, бар-жоғы екі жылдың төңірегінде қалпына келтіріп алған жоқ па? Таураттың өзі сол тілде жазылған ғой, -дейді. Ал анау болса өжетттеніп:

-Ол үшін еврей болуымыз керек қой, дейді. Сонда Қалағаң аспай-саспай:

Біздің тілді дәл осындай дәрежеге әкелген, тап өзің сияқты тақыр адамдар болса керек,-деп бір-ақ  тартыпты.

Пушкиннің арғы атасы…

Сонау бір жылдары, яғни Кеңес үкіметінің тұсында Қазақстанға араб елдерінің бір басшысы өз нөкерлерімен келген сынды. Әдетте оларға алдымен мешітті көрсету рәсім. Ойларында ештеңе жоқ топтарында Қалағаң да болса керек. Кенет  жаңағы басшы бәріне ырза болып:

-Тек қана  бұл мешітті орыс ақыны атындағы көшеге қойғандарың келіспеген екен,-деп жан-жағына қарайды.

Бұған жан-жағындағы үлкенді-кішілі ресми қызметкерлер табанда  ұтымды жауап  бере алмай бәрі де бірден,  бір құтқарсаң өзіңіз құтқарасыз, ой дегендей Қалағаңа назар аударыпты. Сол кезде Қалағаң жаңағы басшыға  жақындап келіп:

-Сөзіңізге құлдық, бірақ бір нәрсеге сіз  түсінбей тұрсыз. А.С. Пушкин негізі орыстың ұлы ақыны болғанымен. Оның түп атасы мына өдеріңізден тарайтынын есіңізге салып қояйын. Бұл жерде сол жағы ескерілген,-деп жауабын бірақ берпіпті. Бұл жауапқа қанағат тұтқан аналар да, тығырықтан босанып шыққан бұл жағы да лезде арқаларындағы ауыр жүгі түскендей мәз-мейрам болыпты.

Таңбалар

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз

Жабу