Ясауи мұрасы

Жүректі тербеткен ойлар

Бөкебай Әнуарбек Тәженұлының аудармасындағы Ахмет Яссауидің «Диуани Хикметін» оқығанда ойға оралған пікірлер
1 – Хикметтен
…Бісміллә деп баян етейін хикмет айтып,
Талибтерге інжу, гауһар шаштым, міне… –
деп бастапты өзінің әлемге әйгілі болған хикметтерін, Қожа Қожа Ахмет Яссауи бабамыз.
25 шумақтан тұратын осы, бірінші хикметтің бастапқы екі жол мағынасына көңіл аударсақ бірден ойға оралатын, көзіміз жететін бір нәрсе, ол – Құл Қожа Қожа Ахмет Яссауи атты адамның Құдай жолына және сол жолға өздерін бағыттаушыларға еңбек еткені. Бабамыздың түсінігінде, немесе біздің санамызға сіңіргісі келетіні – Алла тағаланы тану, оған ғашық болу жолына түскендер өмір бойы оның шашып кеткен інжу, гауһарларын теріп, рахаттана өмірін өткізетіні.
Ахмет бабамыз бұдан мың жыл бұрын біздерге (талибтерге, Алланы іздеушілерге) інжу мен гаухардан шашу шашып кетіпті. Мың жыл бойы талай діндарлар мен Яссауи танушылар сол асылдар рахатын көріп келе жатқан секілді.
Бұ заманда біздің дүниелік түсінігімізде ең бағалы нәрсе – інжу, гауһар атты асыл тастар. Ал қолға түскен асыл нәрселер, бағалы бұйымдар адам мінезіне өзгеріс әкелетін секілді. Бұ заманда әлгі асылдарды иеленгендердің түсінігі өзгеріп сала береді екен. Олардың көрер рахаты басқаша. Олар ақыл-есін жоғалтардай аспандап, өзін Құдай сезіне бастайды. Бабаларымыздың: «Қала сайын үй сал, апта сайын қатын ал», – мәтеліндегі нағыз інжу-маржан бағасын тани алмай, сөз күйінде түсіне өмірін өткізеді.
Ал бабамыздың түсінігінде ең асыл нәрсе оның бізге айтпақ болып отырған ойы екен. Ол – өзіңді жаратқан Алла тағалаға құлшылық ету қажеттігін мойындауға, күнделікті іс-әрекетімізді ізгілендіруге, мінез-құлқымыздың халыққа жағымды болып қалыптасуына, әсер етуге қызмет етуге тиісті. Өзі жазған хикмет сөздерін ол солай бағалапты.
Шіркін бұ заман адамдарына, біздерге, бұдан мың жыл бұрын өмір сүрген Ахмет бабамыздың рухани байлығындай сенім мен түсінік берсе…
– Әнуарбек мырза! Сіз өміріңіздің соңғы жиырма жылын тек осы шаруаға арнапсыз. Осыған Сізді не итермеледі?
– Сайын мырза! Сіз мына сөздерге назар аударыңызшы…
Ғарып, жетім, пақырлардың көңілін аулап,
Көңілі бүтін халайықтан қаштым, міне…
Сонда сіз де Ахмет баба рухына жақындай түсесіз.
– Әнеке, сонда Яссауи бабамыздың халайықтан қаштым деген сөз тіркесін қалай түсінеміз?..
Оны былайша түсін…
…Түсіндім, Әнеке. Көңілі бүтін деп бабамыз Алладан қорықпайтын, қалтасының қалыңдығына бола өзін нағыз кісілер санатына қосатындарды меңзеп отыр дейсіз ғой…
Ол кісі тағы бір хикметінде «Менменсіген халайықтан қаштым, міне» депті…
– Міне солай, қымбатты оқушылар! Жағымсыз мінезділер, менмендер, байлығына мастанғандар бұдан мың жыл бұрын қандай болса, әлі күнге дәл сондай секілді. Бабамыз соларды мінеп-сынап, хикметіне кіргізсе және олармен бірге өмір сүруден безіп «менменсіген халайықтан» қашып, жер астына түсіп кетсе, біздер бұ заманда солармен бірге күліп, бір дастарханнан ас ішіп, бірге күн кешеміз…
Бізде қашатын жер жоқ. Біз жер астына кете де алмаймыз, қолымыздан да келмейді…
Олар (жағымсыз мінезділер, менмендер, байлығына мастанғандар) өзгермеген, ал бірақ біздер (ғарып, жетім, пақырлар) басқа секілдіміз. Бабамыз олардан қаштым десе, қашып жер астына түсіп кетсе, біз солардың ығына тығылуға ұмтыламыз… Бір дастарханда отырып дәм татуға құмармыз… Біле тұра оларға қошамет сөздерімізді көпіртеміз… Олар оған сенеді, өз ісінің дұрыстығына көздері жете түседі…
Біз Қожа Ахмет Яссауи хикметтерін зерделей жүріп ойымызға бір пікір оралды.
Біздің қырық рулы қазағымызға тағы бір ру қоссақ одан біз ештеңе жоғалтпайтын секілдіміз.
Барлық рулардағы өзімшіл жандарды, қалтасындағы қаржысы арқасында ғана азамат атанатындарды, көкірегінде еліме қалай пайда келтіремін деген ой жоқ, жетім-жесір, аш-жалаңаш атты сөздерді пайдаланбайтын адамдарды бір руға біріктіріп, «Менмендер руы» деп атасақ…
Мүмкін сонда біз олардың әсерінен құтылып, мәндірек өмір сүрер ме едік?..
Мәнді өмір деп отырғанымыз тоя тамақ ішіп, жұмсақ төсекте жату емес. Жақсы жұмыс, алтын тақ та емес. Олардың барлығы да тек қана тән сұранысына еңбек етпек. Мәнді өмір, ол – адамның өзіне-өзі рухани мағынада риза болуы.
Біреу бар су жаңа машинасы үшін рахат сезіміне бөленеді. Біреу бар миллиардтап көбейткен ақшасын ойлап рахатқа батады.
Ал енді біреулер өзінің халыққа деп арнаған бір ауыз сөзі, ақылы, білімі ел пайдасына асып жатса…
Яссауи бабамыз шыныменен мәнді өмір сүрген жан.
Арыстан баб Ахмет Иассауды 500 жыл күтіпті. Мұхаммет пайғамбарымыздың тапсырмасын орындау қажеттігі, оның рухы амалсыздан бес жүз жыл тірі жатуға мәжүбір болған. Ақыры «Шүкір Алла, көрдім-ау» — деп, қуаныпты.
Жеті жаста Арыстан бабам іздеп тапты,
Әр сыр көріп пердеменен бүркеп жапты,
«Шүкір Алла, көрдім-ау» – деп ізімді өпті,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Осы арада бізге бір ой келіп отыр. Арыстанбаптың Ахмет Яссауды 500 жыл күткені секілді, Қожа Ахмет Яссауи Хикметтері біздің Әнекеңді 1000 жыл күтіпті. Біздің түсінігімізде мың жыл ұзақ уақыт. Ал Алла тағаланың шексіздік атты әлемі мен уақытында ол өте аз мезгіл. О жақтың бір жылы біздің 70000 жыл дейді (29-шы Хикметте)… Біздің айтпақ ойымыз жазылғанына мың жыл болған хикмет Әнекеңнің түсіндірмесімен халыққа таралу үшін о жақ уақытымен бар болғаны 7 жыл екен. Хикмет те о жақта аудармашысын жеті жыл күтеді, Қожа Ахмет Яссауи де бұ жақта Арыстан бабасын жеті жасқа дейін күтеді.
Құрметті Әнеке! Сіздің Арғы тегіңіз Арғын Ақжол би екен. Мақтануға тұрарлық ата-тек! Ал қазіргі әулеттеріңді біріктіріп тұрған Бөкебай атадан Арғынның ата қонысынан Түркістанға қоныс аударған Қозған аталарыңа дейін де 7 ата санадық (Кеңесбек қажы Бөкебаев, «Тегіне тартып туған ер». Астана, 2010 ж., 12 бет). Осы арадан біз табиғаттың өзін-өзі сақтау үшін қайталанып тұратын заңдылықтарының бірін кездестіруге құмар болып отырмыз. Қозған ата Түркістанға өз еркімен қоныс аудармаған болар ма? Жоғарыдан бұйрық болуы да мүмкін ғой? Арғындардай текті ұрпақтың бір ұлы хикметті қазақшалау үшін Түркістанда, Яссауи топырағында тууы қажет болды ма? Қожа Ахмет Яссауи атаның хикметтерін қазіргі мақталып жатқан дәрежесіне жеткізе аударма жасайтын Әнуарбектің өмірге келуін осылайша ұйымдастырды ма?
Аруақтар осы шаруаны қазақтың арқажонындай Арғынның, Ақжол бидің ұрпағы Әнуарбек Тәженұлының тындыруын қалаған болар…
Әнекеңе тағы да тіл қатып көрелік…
– Әнеке! Сіздің бұл еңбегіңіз өз міндетін атқарып жатыр. Сізге дейін де Алла жолын жай халыққа түсінікті ету мақсатын Мұхамбет пайғамбарымыздан бастап біраз саналы кісілер еңбек еткен еді. Солардың бірі Имам әл-Бухари.
Имам Мұхаммед ибн Исмаил Абу Абдуллах әл-Джу фи әл-Бұхари 810 жылы Бұхарада туыпты. Өмірінің он алты жылын жұмсап, 600000-нан астам хадис мәтіндерін жинақтауға, оларды тақырыптап, бір салаға келтіруге жұмсапты. (Имам әл-Бұхари «Жеке тұлғаның әдептері», бірінші кітап. Алматы, 2005.)
Солардан екшеп 7000 хадистерді таңдап алып «Сахих» атты жинақ шығарады.
Қазір біздің алдымызда жатқан кітапта пайғамбарымыздың 1844 хадисіне түсінік беріліпті.
Құран құпиясын жай халыққа түсінікті жеткізу үшін еңбек еткен дін ғұламалары хадистер жинақтаған, дынышпандар хикметтерін жазып, ақындар өлең мен термелерін арнаған.
Солардың бірі Маңғыстаулық Абыл ақын (1777 – 1864 жж.). Абыл ақынның «Абыл әліппесі» атты 29 шумақ төртжол өлеңдері араб әліппесінің барлық әріптерін атай отырып, насихат шумақтарын құрастырады. Әр әріпке арналған төрт жол өлең діни сауатыңды ашып, кісілікке, имандылыққа жетектейді.
Әр шумақ – уағыз! Біз солардың екі-үш шумағын оқушылар назарына ұсыналық.
Әріпте жиырма тоғыз келеді «ти»,
Көңілді беріп Хаққа нәпсіңді тый.
Құдайдан шыныменен қорықсаңыз,
Таста да харам нәпсі, адалдан жый.
Осы жолдарды оқып отырғанда біздің ойға кейбір арамнан мал жинап алып, сосын мешітке барып бес-он теңге садақа тастап, Құдайды да, өзін де алдамақ болатындар еске түседі.
Әріпте жиырма тоғыз келеді «жұм»,
Малынан зекет бермес кей жаман сұм.
Зекетін көзі қиып бермегенмен,
Көзіне өлсе толар топырақ, құм.
Әріпте жиырма тоғыз келеді «яай»,
Күтеді сегіз жұмақтан Жаратқан жай.
Ақылға, шарапатқа пейіл берсең,
Иманды осы әріптер таратқандай.
«Абыл әліппесі» атандырылған бұл шумақтар көрнекті жыршы, күйші және Хақ жолына еңбек етіп жүрген Елдос Еміл мырзаның орындауында барша жұртты имандылыққа шақыра, орасан еңбек етіп келеді.
4-ші хикметтен
Ахмет бабамыз:
Мен жиырма алты жаста сауда қылдым – дейді.
Мен жиырма жеті жаста пірді таптым – дейді.
Мен жиырма жаста сауда қылдым,
Мәнсүр сипат дидар үшін дауда қалдым,
Пірсіз жүріп дертті жағдай пайда қылдым,
Сол себептен Хаққа сиынып келдім, міне.
Адам пендесі қателеспеймін десе, басты қатесі осы болмақ.
Адам пендесі күнәм жоқ десе басты күнәсі осы болмақ.
Біздер түгілі Қожа Қожа Ахмет Яссауи бабамыз да қателесіпті. Ол өзі мойындап отырғандай, Мансүр Халлаж (858 – 922 жж.) атты сопы ілімін зерттеңкіреген болса керек, соның дауына ұшырадым дейді. Ал Мәнсүр Халлаж сопы Аллаға жету жолында зор жетістіктерге жетеді. Бірақ өз уағыздарында «Мен Хақпын» деп жариялап, оны осы күпірлігі үшін дарға асқан. Онда да өлмеген соң отқа өртеп, күлін дарияға шашқан дейді.
Пірсіз (ұстазсыз) біліктің кейде иесіне пайда бермейтіні бабамыздың басына да кездессе керек. Соны ұққаннан соң:
Мен жиырма жеті жаста пірді таптым,
Әр сыр көрдім, пердеменен бүркеп жаптым.
Босағағасын жастанып ізін өптім,
Сол себептен Хаққа сиынып келдім, міне… деп, жаны жай табады.
Бұл сөздер бізге Ахмет бабамыздың 27 жасқа дейінгі және содан кейінгі ғұмырын көз алдымызға елестетуге мүмкіндік береді. Ол Қах жолына жеткізер ғылыммен айналыса жүріп, жасы 27-ке толғанша (жеті жасында Арыстан бабасы пайғамбар аманатын тапсырса да) жай ғана, өзіміз секілді пенделікпен өмір сүрген көптің бірі секілді. Тіршілік етіп, бала-шағалы болып, саудасын жасап күнін көргенге ұқсайды. Содан кейін ұлы бабаның ұлылығы жалпы адам пендесінің рухани тірлігіне азық бола бастайды. Елім деп еңбек етудің үлгілері көрсетіледі. Өзіне пір (ұстаз) табады. Ұстазынан сыр (ақиқат) көреді. Оны жария етуге асықпайды. Пірінің басағасын жастанып, ізін өбеді. Толық адам, мұсылман дәрежесіне жетеді. Тек қана Абай айтатын толық адам ғана:
Құлды көрсем, қызмет қылып құлы болсам,
Топырақтай жол үстінде жолы болсам,
Ғашықтардың күйіп өшкен күлі болсам,
Досты болып, жер астына кірдім, міне – дей алар.
Қожа Ахмет Яссауи заманында «Пайғамбар жасы» атты сөз тіркесі, кейін халықтың кие тұтар осы саны (63 – пайғамбар жасы) қалыптаспаған болса керек. Бірақ олардың да «пайғамбар жасын», алпыс үш жасты қадір тұтқаны байқалады. Осы мысалдың өзі сол заман адамдары мен бүгінгі қазақтар арасындағы рухани тұтастықты байқатып жатқандай.
Жасым алпыс үшке жетті, бір күндей жоқ,
Уа, дариға, Хақты таппай көңілім сынық.
Жер үстінде сұлтанмын деп болдым ұлық,
Шүкірлікпен жер астына кірдім, міне.
7-ші Хикметтегі соңғы шумақ:
«Құл Қожа Ахмет, үгітші болсаң, өзіңе бол,
Ғашық болсаң, жаннан кешіп бір жола өл.
Надандарға сөзіңді айтсаң, қылмыс қабыл,
Мықты болып жер астына кірдім, міне», деп келетін, бабамыздың өзіне-өзі айтқан тәрбие сөзін, бұ заман адамдары әр таңда молданың азан шақыратындай қайталап тұрса ртық болмас еді.
Үгітші болсаң, бай болсаң, әкім болсаң, атақты болсаң – өзіңе бол. Бұл нағыз таза сүрілетін өмір талабы. Ешкімге бұлданба. Ал ғашық бола алсаң (бұл жерде бабамыз Алла тағалаға ғашықтықты айтып отыр) жаннан безіп, сол жолда өлуге даяр болу қажеттігін өзіне жүктеп отыр. Ал Алла тағала жолында өлуге даяр пенде ешқашан ешқандай жаман іс-әрекетке қадам баспасы ақиқат. Олар өзі туралы да ақиқат сөз айтады.
Ей, бейхабар, Хаққа көңіл жүгіртпедің,
Дүние арам, одан көңіл суытпадың.
Нәпсіден кешіп, Алла жаққа ұмтылмадың,
Бұл нәпсі үшін зар да хайран болдым, міне – деп, өзіне де, бейқам жүрер қандастарына да, Құдайды ескермес басқа жұртқа да қайран қалады.
«Залымдарды айыптама, залым өзің,
Мендігіңнен, әсер етпес жұртқа сөзің.
Дүние малын тола бердім, тоймас көзің,
Сараңдарды тозаққа салдым, міне» –
деп, барлығымызға да Алла атынан есерту жасайды.
Ұлы жаратқан саған (маған да) залымдарды айыптама, ол менмендіктен туындайтын қылық дейді. Оларды айыптасаң өзің залым. Оларды залымдыққа мүмкін жаратушының өзі итермелеп отырған болар.
Бұл сөз арқылы біреуді ғайбаттаудың өзі залымдық қасиет екенін, менмендікпен жұртқа сөзің өтпейтінін, малға пенденің көзі тоймайтынын, оларды ертең не күтетінін Алла атымен халық құлағына жеткізген. Бабамыз бұл хикметте надандарға қатты шүйлігеді.
Надандармен өткен өмір тозақ қатар,
Надан барса, тозақ одан болар азар.
Надандардан тозақ та қорқады екен. Данышпан бабамыздың осы сөзінен кейін-ақ бізге әлемді надандар басқарып отырған жоқ па екен деген ой келеді. Өлі надандардан тозақ қорықса, тірі надандардан торыққан Ахмет бабамыз жер астына түсіп кетеді.
Жер астына қашып кірдім надандардан,
Қолым жайып дұға тілейін мардандардан.
Ғұрып жаным жүз садақа даналардан,
Дана таппай жер астына кірдім, міне.
Надан аталатындар бұ заман адамдарына да оңай тимейтін болса керек. Олардан кезінде Абай да торыққан секілді. Ақыл – олар үшін арам деп тұжырымдайды.
Наданға арам – ақылды құлаққа ілмек,
Бұл сөзден ертегіні тез үйренбек.
Рас сөздің кім білер қасиетін,
Ақылсыз шынға сенбей, жоққа сенбек.
Біз бұл жерде Яссауи данышпанның надан деп отырғандары кім екен деп өзімізге сұрақ қойдық. Жауап біреу секілді. О кісінің сөзіндегі надандар – Құдай мен Жаратылыс заңдылығын қабылдамайтындар, Құдайдан да, табиғаттан да рахым күтпейтіндер, өзіне қажетті өз қолымен жасап алатындар болса керек. Оларға үгіт те жүрмейді, себебі олардың өз түсінігі бар. Оларға күш те көрсете алмайсың, өйткені күш те солардың қолында.
Біраз оқушылар бұл шумақты оқып отырып Қожа Ахмет надандарының қатарына жай сауаты аз адамдар мен оқуы аз пенделерді де қосып жіберуі мүмкін. Біз сол ойдан сақтандырғымыз келеді.
– Қымбатты Әнеке! Біз «өлмей тұрып өл» деген сөз тіркесін бұрын естімеген секілдіміз. Сіз осы Хикметтерді қазақ тіліне аудара жүріп осы сөзге мән берген боларсыз деп ойлаймын. Сонда «өлмей тұрып өлу» деген қандай әрекет?
– Сайын! Сен бабамыздың:
Ақылға ерсең, көрстаннан хабар алғын,
Менде солай болармын деп ғибрат алғын.
«Өлмей тұрып өл» хадисін ғамал қыл деп,
Бұл хадиске ғамал қылып өлдім, міне,
дейтін шумағын еске түсіріп отырсың ғой. Бұл сұраққа жауап Қожа Ахмет Яссауидің жер астына түскен қылығынан іздеген дұрыс болар деп ойлаймын.
– Бұл сөз мағынасын бабаның әрекеті арқылы түсін дейсіз бе? Иә, солай екен-ау! Ахмет бабамыз өлмей тұрып өлген пенде еді ғой. Демек бұл сөз тіркесі өз қолыңмен өз тәніңнің сұранысын өлтіру, бұ дүниядан баз кешу. Сонда олардың, Алласына бет бұрған пенделердің, тәніндегі пендешілік сұранысы азаймақ. Ал жандарының Алласына деген шексіз махаббаты адам тірлігіне басшылық етпек.
Содан барып адам нағыз адам қалпына жақындайды. Содан барып рухани асылданады.
Рухани асылдану дегеніміз біздің ойымызша, ол – адамзатты өз бауырындай жақсы көре жүріп, өз ұлтының ұлы болып қала білу. Бұндай сезімге ие бола алғандар сол сезімдері арқылы Отанына деген, өз туған халқына деген ерекше сағыныш қа ие болмақ. Туған жер адамдарын, туған жерді ардақ тұтпақ.
Туған жерім – құтты жұрт Түркістаннан,
Бауырыма тасты ұрып келдім, міне.
Бұл Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың сөзі, оның сағынышы.
Сол уақытта барып адам тәубесі еске түседі, нәпсі мен байлыққа масаттану атты сезімдерді шектей алар қасиеттерге ие болмақ. Бақ пен таққа масаттану сезімін шектей алатын болады.
Барлық күнәларымнан тәуба қылдым,
Мастанып жүріппін, енді одан айықтым.
Демеймін мені жаннан айырма,
Соңында иманымнан айырма.
Алпыс үште сүннет болды жерге кірмек,
Расул үшін, екі ғаламды жоқ деп білмек,
Ғашықтардың сүннеті ғой тірі өлмек,
Естіп, ұғып жерге кірді Құл Қожа Ахмет.
Бұл жерде оқушыларымызға ескерте кететін бір нәрсе, «ғашықтық» сөзінің түсінігі. Қожа Ахмет Яссауи өзін Алла тағаланың құлымын деп мойындайды, мақтаныш тұтады және бар махаббатын, ғашықтық сезімін тек қана Аллаға бағыштайды.
Хикеметтегі жиі кездесетін және «ғишқ» деген бір сөз бар. Ол жай сөз емес адам сезімі, адамның тек қана Ұлы жаратушыға шын ғашық болған уақытындағы сезімі. «Ғишқ» – адамның Аллаға деген тойымсыз махаббат сезімі деп түсіндіреді, Әнуарбек мырза.
Жаннан кешпей, ғишқ сырын біліп болмас,
Малдан кешпей, менмендікті қойып болмас,
Ұятшыл болмай, жалғыз Өзін сүйіп болмас,
Ондай ғашық ел көзінен таса болар.
Демек, Жаратушы жолына жанды құрбан етпей (жанды құрбан ету дегенді өлу деп түсінбеңіз) ғишқ сырын біліп болмас дейді. Адамды менмен ететін – байлық пен билік. Демек дүние мен малды, астына басқан тағын өзінің кісілігі деп бағалайтындар олардан қол үзбей менмендігінен де құтыла алмайды екен.
Ғишқ бағын бейнеттеніп көгертпесең,
Қорлық көріп, сұм нәпсіңді өлтірмесең,
Алла деумен ішке нұрды толтырмасаң,
Олла-біллә, сенде ғишқ нышаны жоқ.
Аллаға деген тойымсыз махаббат (ғишқ) оңайлықпен жүрекке орнықпайтын сезім болса керек. Ол үшін ұзақ бейнеттену қажет екен. Нәпсіні өлтіру, немесе нәпсі сезімдеріндегі құштарлықтан құтылу үшін де біраз қорлықты бастан өткізу керек делінеді. Соларды орындағанда Алла деген нұр ішкі сарайыңды жарық етер, әйтпесе сенде махаббаттың да (Аллаға деген), ғишқының да (Аллаға деген тойымсыз махаббат) өзі түгіл нышаны да болуы мүмкін емес дейді.
Қияметтің бір күні елу мың жылша болар,
Бұл дүние есебімен біл, қанша болар.
Қияметте жетпіс мың жыл отта қалар,
Тәуба қылған құлдар күймес кездері бар.
Бұл дүние есебімен біл, қанша болар, депті ғой, бабамыз. Ертеңгі күн күнәһарлар санатына есептеліп тозақ отында жаза өтейтін күн туса дозақ отында қанша жыл азап шегетінімізді есептеп шығарып көрелік.
Күнәһар пенделердің тамұқ отында жазасын өтеу мерзімі:
О жақтың бір күні – бұ жақтың 50000 жыл болатын болса, қиямет жазасының ұзақтығы 70000 жыл болса:
375 күн х 50 000 х 70 000 = 1 312 000 000 000 күн.
Мәңгілік мағынасына ақыл жеткізе алатын, шексіздік шамасын түсіне алатын ғалымдарға 1трилион 312 млрд. күн (біздің күніміздің есебімен) мәңгілік пен шексіздікке салыстырғанда онша ұзақ уақыт емес болар. Бірақ тамұқ отында соншама күн азап шегу адам зәресін алатын сан емес пе?..
Сақтай көр, Алла тағала…
Қожа Қожа Ахмет Яссауи бабамызға сенуге бола ма?
Болмайды деп ешкім айта алмас…
Олай болса, бірден жұмаққа жол түспесе… 1 312 000 000 000 күн…
Сақтай гөр, біздерді Жаратқан…
Өзімізде сақ болалық пенделер…
1трилион 312 млрд. күн тамұқта отырғанша өзіміздің қамшы сабындай ғұмырымызды Ұлы Жаратушыға жалынына жүріп, адамгершілік пен, мұсылманшылық жолына еңбек ете өткізген дұрыс болар…
Бабамыз 30-шы Хикметте тозақ пен жұмақты айтыстырып қойыпты.
Тозақ айтар: – Мен артық, мұнафықтар менде бар,
Мұнафықтар мойнында оттан ескен кісен бар.
Пейіш айтар: — Мен артық, дидар көрмек менде бар,
Көрсетуге дидарын Рахим атты Рахман бар.
Біз бұл айтыстың тек қана екі сөйлемін сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмыз. Осы екі сөйлемнің өзі ойлы жанды бір қортынды шығаруға итермелер деп дәметуге болар.
35 – Хикметтен
Әулиелер айтқан уәде келді білем,
Қияметтің күні жуық болды, достар.
Есті құлдар болғанын білді білем,
Ел-жұрттан мейір-шапқат кетті, достар.
Үлкен-кіші жарандардан әдеп кетті,
Қыз-келіншек, нәзік жаннан ұят кетті.
«Ұят барда иман бар» – деп Расул айтты,
Арсыз қауым, ғажайыптар болды, достар.
Мұсылман мұсылманды барды өлтіруге,
Теріс көріп Хақ жолын бұзды мүлде.
Мүрид пірдің қарамай бет-жүзіне,
Ғажап сұмдық заман болды, достар.
Дүниесі мол адамда жомарттық жоқ,
Патшаларда, уәзірлерде әділет жоқ.
Дәруіштердің дұғасында қабілет жоқ,
Түрлі бәле халық үстіне жауды, достар.
Ақыр заман ғалымдары залым болды,
Қошамет етушілер ғалым болды,
Хақты айтқан дәруішке қарсы болды,
Ғажап сұмдық заман болды, достар.
Қиямет күні жуық жетті, қалғаны жоқ,
Құл Ахметтің айтқанының жалғаны жоқ,
Ол өзіне бір насихат айтқаны жоқ,
Насихатты халыққа айтып кетті, достар.
Әнеке! Бабамыз осы хикметінде адам мінездеріне қатты шүйліккен екен. Қазіргі заманды өзіңіз көріп кеттіңіз. Бұрын жылдамдық атты өлшемді «желден жүйрік жануар» деп бағалайтын болса, бұ заманда «дыбыстан жылдам», «сәуледен жылдам» деген түсініктер пайда болды. Өткен мың жылдық арасында адамзат қоғамының ғылымдағы табысы, ашқан жаңалықтары мақтанарлықтай. Ал жеке адамдардың кісілік қасиеті оншалықты өзгермеген секілді. Бұл қалай?
– Сайын! 35-ші Хикмет алты шумақ сөзден тұратын еді. Сен соны түгел көшіріпсің. Бұл баба ойы бұдан мың жыл бұрынғы айтылған сөз емес, дәл бүгін айтылған сөз секілді. Мүмкін келесі мың жылдықта да бұл хикмет сөздерін бүгінгідей түсінікпен қабылдайтын болар.
– Себебі?
– Себебі не дейсің бе? Жаңағы өзің айтқан «желден жүйрік» атты жылдамдық сағатына 50-60 шақырым жобасы болса, қазіргі зымырандарды есепке алмай ұшақ жылдамдығының жобасы сағатына 1000 шақырым екенін еске түсірелік. Шыңғыс хан заманында күндік жерге бекеттер орнатып, ат ауыстырып тынбай шабуыл салып хабар жеткізетін болған. Ойлап қарасақ солардың жылдамдығы сағатына орта есеппен 30-40 шақырымға жуық болар. Ал бүгінгі телефондар бір секундта әлемнің қай түкпірінен де хабар алып бере алады.
– Солай. Заман өзгерген. Техника заманы келген.
– Бірақ адам өзгермеген. Адамның білігі уақытқа байланысты өзгеріп тұратын болғанмен құлығы өзгермейтін секілді. Қожа Ахмет Яссауи бұл хикметінде негізінен адам құлқы туралы ой қозғап отыр. Мың жылдықтарды салыстырып қарасақ, адам құлқына мың жылдық түк болмай қалыпты. Яссауи өз заманында адамдардан әдеп кетті, қыз-келіншек ұятты жоғалтты, ұят бар жерде иман бар еді, қауым арсызданып барады деп уайым айтады. Мұсылман мұсылманды өлтіретін болды, шәкірт ұстазын менсінбейтін заманға кездестік деп таң қалады. Байларда жомарттық жоқ, әкімдерде әділет жоқ деп назырқайды. Дәруіштер мен молдалар дұғасы қабыл болмайтын болды, халыққа пәле жауды дейді. Ақыр заман ғалымдары залам болды, соларды жақтағандар ғалым болды дейді. Сондай сұмдық заман болды дейді.
– Бабамыз адамдар құлқынынан қатты торыққан ба, қалай өзі?
– Ие, солай секілді. Ол кісі мен бұ насихатты өзіме емес, халқыма айтып отырмын депті.
– Ойланып қалдыңыз ғой. Сонымен?
– Шындығында да уақыт адамның білігін жетілдіре алғанмен құлығын өзгерте алмайтын секілді.
Әнеке! Дәл тауып айттыңыз! Адамзат пендесінің басындағы барлық қайғы-қасірет содан болар. Алла тағала адам құлқын өзгермейтін етіп жаратқан ба екен, сонда?
– Жоқ олай емес. Бар пәлені Ұлы Жаратушыға аудара салып, залым ниетті адамдарыңды құтқарып алмақсың ғой, шамасы. Сүйікті Алламыз нәпсі мен құлықты жеңсін деп адамға сана берген. Сол сананы адам пендесі өз пайдасына қалай дұрыс асыруды ойланар емес. Мұхаммет пайғамбар мен Яссауи секілді ғұламалар жол көрсетеді. Адам қоғамы баршаға әділетті қоғам орнатса екен дейді. Бірақ олар ойына әзәзіл шайтандар мен адам шайтандары қарсы күреседі. Ұлы хадистер мен хикметтерді ел пайдасына асырмау үшін жанын салады. Олар көбіне жеңіске жетіп келеді.
Жай адамдар болса бұл мәселеде барлық уақытта енжарлық көрсетуде. Олар ақылдының емес айқайшының соңында.
– Енді не болады? Сонда бұны түзетуге тағы да мыңдаған жылдар қажет болғаны ма?
– Бұл мәселені іске асыруға уақыт емес, басқа нәрсе керек. Әуелі бар әлемді бағындырар адамгершілік заңы керек. Сол заңды іске асыру үшін бар әлем сөзін тыңдайтын ер керек. Шайтандар мен азғырушылар сөзіне ермейтін, әділ заңына бағынатын, ел үшін еңбек ететін ер соңына еретін ел керек.
– Бұл ойларды біздерден де бұрын талайлар айтқан болар…
– Айта берсін. Айту біздің міндетіміз, тағы да айтамыз…

Сайын Назарбек

Басы. жалғасы бар

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button