Ясауи мұрасы

Жүректі тербеткен ойлар

Бөкебай Әнуарбек Тәженұлының аудармасындағы Ахмет Яссауидің «Диуани Хикметін» оқығанда ойға оралған пікірлер
2 бөлім
38 – Хикметтен
Дүние малын жиғандарды көріп жүрдім,
Өлер кезде қалайсың деп халін білдім.
Шайтан айтты: – «Иманына шеңгел салдым»,
Жан шығарда жылай-жылай кетер, достар.
Ахмет бабамыздың ойынша біз аза тұтып тұрған бай-мырзаны әзәзіл шайтан «Оның иманына мен шеңгел салдым» деп, бізді келеке етеді екен.
Біздің ойымызша кедейлерден байлар бақытсыздау болатын секілді.
Байлық жинау үшін қалай болғанда да әуелі өз ары мен ел мойындаған әділдіктен аттап өту қажет болатын болар. Ол екеуін жеңерсің, бірақ мол байлыққа сүйенген нәпсі мен құлық атты қауіптер байлық тамырынан қуат алып, өз иесіне де бағынбай кетсе не істейді? Шайтан бай-мырзаның құлқы мен нәпсісіне шеңгелін салып, бұ дүниеде байлығын қимай бір қиналдырса, сол арқылы о жақтағы иманына да ауыз салатын болғаны ғой…
Құл Қожа Ахмет, ғашық болсаң жаның күйсін,
Адалдықпен Алла дегін тәңір білсін.
Дұға қылғын момын құлдар дүние қойсын,
Дүние қойған ақыретке жетер, достар.
Көпшілік оқушылар айтылған сөзді со күйінде қабылдап, сөз мағынасына нұсқан түсіріп жатады. Мысалы осы шумақта «ғашық болсаң жаның күйсін» деген сөз тіркесі бір қарағанда қарғыс секілді боп естілуі де мүмкін. Бірақ Ахмет бабамыз бұл жерде: «Аллаға ғашық бол. Ғашық болғанда да жаныңды күйдіре ғашық бол» деп отыр.
Шаһкәрім Құдайбердіұлынан
Құдайға пара бересің,
Лақ пен қотыр тайыңды.
Жоғалтқандай көресің
Ел жылатқан жайыңды.

Олай емес, шырағым,
Мұның түбі уайым-ды.
Параға берген лағың
Ар, иманнан айырды.

Елден кешу алмасаң,
Жалмауыздай жалмасаң,
Тәңіріні малмен алдасаң,
Алдыңда орның дайын-ды!
Тағы бір ұлы бабамыз Шаһкәрім Құдайбердіұлы біраз еңбегін Алланы тану жолына арнаған. Оның біз келтіріп отырған осы ойынан біреуге бірдеңе беру мәселесі жөнінде анық түсінік аламыз. Егер ниетің таза болмай, жұрт көзі үшін Алла жолына лағыңды сойып садақа етсең ол пара секілді қабылданады екен. Алла тағалаға берген ондай садақаңның өзіңе пайдасынан залалы көп секілді. Бар нәрсені мейірмен істе, әйтпесе «алдыңда орын дайын-ды» деп сескендіреді.
Алла тағала күнәһар жандарға бірден мейірімді бола қоймайтые секілді. Әйтпесе «жеті тамұқ» не үшін тұрғызылды дейсің?..
Алла тағала мейірімді дейді. «Сегіз жұмақ» тұрғызыпты. Алла мейірімін сыйпаттайтын бір хадисті Имам әл-Бұхари кітабынан алдық.
Имам әл-Бұхаридан 71(100):
Мен Расуллаһтың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтқанын естідім. «Аллаһ тағала мейірімділікті жүз бөлік етіп жаратқан. Оның тоқсан тоғыз бөлігін Өзінде қалдырып, жер бетіне бір ғана бөлігін түсірді. Жер бетіне түсірілген рахымдылықтың сол бір ғана бөлігі себебінен бүкіл жаратылыс бір-біріне мейірімділік етеді…».
39 – Хикметтен
Хақиқаттық ғашықтардың нәпсі өлік,
Үш жүз алпыс, төрт жүз қырық төрт бәрі сұлық.
Сөзі шырын, мінез құлқы жүз мың тірлік,
Бұл дүнияны көк тиынға сатар, достар.

Дидар үшін жанды құрбан қылмағанша,
Исмаиылдай дидар арман қылма, достар.
Жаннан кешіп тарихатқа кірмегенше,
Ғашықпын деп жалған дағуа қылма, достар.
Біз осы хикметті оқып алып 360, 444 сандарының мән-мағынасы туралы дерек іздедік. 100000 тірлік дегені тірлік шаруасының көптігін дәлелдейтін жай ғана сан болса керек деп ойладық. Ал 360 адам қан тамырлары, 444 адам сүйектері екен. Адам денесінде соншама сүйек жоқ екендігіне сенетін біз, бұл сұрақты Әнуарбек мырзаға қойып көрдік. Ол да: «Сәке, біз де өзіңдей оқушы емеспіз бе», – дегесін бұл сұрақты жаба салуды жөн көрдік.
42 – Хикметтен
Дүние теппей рақс-самағ ұрған – надан адам,
Хақтың жадын бір дем айтпай жүрер бейғам.
Дәруішпін дер, дүниеге көңіл бұрған,
Дүние үшін рақс-самағ ұрды, достар.
Рақс – сопылардың билеп жүріп зікірін айтуы.
Рақс-самағ – сопылардың билеп жүріп, әуендетіп зікірін айтуы.
Біздің заманымызда Сматулла соңына ерген зікіршілер атты ұйымдар пайда болып, елді біраз әлекке түсіргені бар. Олар жастарды жинап алып зікір салдырады екен. Оларға күш көрсетіп бағындырған кездері де болған. Сол қылықтарын олар Қожа Қожа Ахмет Яссауи жолы деп түсіндірген.
Зікір жөніндегі Яссауи түсінігі осы хикметте анық айтылған.
Яссауидың түсіндіруі бойынша зікір жолына түскендер, өздерін сопы деп жариялағандар «әуелі дүние теппей», (нағыз сопыларша дүние-малдан баз кешпей) рақс-самағ (сопылардың билеп жүріп зікір айтуы) ұрған адамдар надан адамдарға жатады екен. Бабамыз олар бұл зікірді Құдай жолына деп емес мал табу үшін істейді деп айып тағады. Шындығында да қазіргі барлық осындай діни ұйымдардың көпшілігінің ойы – дінді пайдаланып, өзіне мал табу екені халыққа аян болып келе жатыр.
Құл Қожа Ахмет, Рақс-самағ әркімге жоқ,
Еліктеумен үрса самағ кірер тұмақ.
Бұл жазылған сөз құпия еді, айтсам қамуқ,
Хақты тауып, рақс-самуғ ұрды, достар.
(Қамуқ – бәрі)
Қожа Ахмет бабамыз бұл зікірдің әркімге жоқ екенін, егер біреулер тек еліктеумен сол жолға түсіп ел алдаса барар жері дозақ екенін көзге шұқып көрсетеді және «бұл жазылған сөз құпия еді» деп өзінің бұл туралы ашық жазғанына өкінгендей болады.
43 – Хикметтен
Қожа Ахмет Яссауи айтады:
Уа дариға, өтті өмірім, білмей қалдым,
Бұ дүниенің аспабын қолға алдым.
Дүние іздеп діннің ісін артқа салдым,
Біле алмаспын халім нендей болар, достар.
Ертеңін Қожа Амет Яссауи осылайша уайым еткенде біздің ертеңіміз қандай болмақ? Әлде жоғарыда шығарылған есептің 1 трилион 312 млрд. күн тозақ отынан кейін барып, (түбі мұсылман біткен тамұқта қалмайды дейді) жұмақтан үміт етеміз бе?
Жоғарыдағылар есебімен адамдар жерде 0,002 күн жобасында тіршілік ететін секілді.
Қияметтің бір күні – жердің 50000 жылы.
О жақтың бір күні бізше 50000 х 375 = 18 750 000 күн.
100 жас өмір сүрсек 100 х 375 күн = 37 500 күн өмір.
37 500 күн : 18 750 000 күн = 0,002 күн (біздің 100 жылдық жердегі өміріміз, Көктегі 0,002 күнге тең екен).
Көктегі мәңгілік өмірдің бір күнінің мыңнан бір бөлігіндей өмір үшін сансыз күәға батып, «мәңгілік» атты ертеңіміз туралы қамсыз, уайымсыз өмір сүру – қандай ақылға сияр екен?
0,002 күндік жердегі өмір…
Соны Көктегі мәңгілік жұмақпен (тозақ) салыстырып көрелікші …
Барлығымызға да ойланарлық есеп секілді…
Жер уақытына ауыстырсақ 50000 х 0,002 = 100 жыл. Есебіміз дұрыс секілді.
54 – Хикметтен
Молда, мүфти болғандар, бекер дағуа қылғандар,
Ақты қара қылғандар, тамуққа олар кіреді.
Мола, мүфти атана жүріп екіжүзді болу, біреудің пайдасына бұрып сөз айту, ақты қара қылу кешірілмейтін күнәлар қатарына жатпақ, оның орын тамұқ деп бабамыз кесіп айтыпты.
54 – Хикметтен
Арам жеген әкімдер, пара алып жегендер,
Өз бармағын тістелеп, қорқып тұрып қалады.
Тәтті-тәтті жегендер, түрлі-түрлі кигендер,
Алтын таққа мінгендер топырақ асты қалады.
Бұл хикметте бабамыз тамұқ алдында тұрған, бес күн тірлігінже жалғанды жалпағынан басқан, жетім-жесірді адам санатына қоспаған, әділдікті емес айла менен зорлықты қостаған, енді міне байлық та жоқ, бақ та жоқ, атақ та жоқ, тақ та жоқ жағдайға түсіп, жерде соларға сеніп тірлігін өткізген біреудің тозақ алдында бармағын тістеп тұрғанын суреттеп беріпті.
Құран мен хадистер дерегі негізінде Қожа Қожа Ахмет Яссауи әлгілерге осылай түсінік берсе, жер бетіндегі өмір тәжрибесінен Шортанбай Қанайұлы ақын былайша сақтандырады.
Шортанбай Қанайұлынан, 19 ғасыр
…Билер пара жемеңдер,
Жалғанды жолдас демеңдер.
Ақырет қамын іздеңдер,
Жалған бетті кезбеңдер.

Кісі хақын алмаңдар,
Аузыңа харам салмаңдар.
Дүние жиып өткен жоқ…
…Құдайдан қапы кетпеңдер…
Жалған – бұ дүние
57 – Хикметтен
Мұхаммед айтты: – «Кім жетім,
Біліңдер, ол менің нағыз үмбетім».
Имам әл-Бұхаридан 94(133):
Нәби (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Менімен жетімге қамқорлық етуші адам жәннатта мынау екі саусақ тәрізді жақын боламыз», – деп сұқ және ортаңғы саусағын көрсетті.
57 – Хикметтен
Жетімді көрсеңіз, азар бермеңіз,
Ғарыпті көрсеңіз, көңіліне дақ салмаңыз.
Имам әл-Бұхаридан 92(131):
Нәби (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Жесір әйел мен пақыр міскіндерге көмек қолын созған кісі Аллаһ жолында күресушілерге және күндіз аузы берік болып, түнде намаз оқитын кісілердей», – деген.
65 – Хикметтен
Тастан қатты, тасты сүзген хабарсыздар,
Ақырет ісін артқа тастап дүние іздер.
Аят, хадис баян етсем қатты сөйлер,
Сырты адам, іштері шайтан болар.
Абай айтады:
Ел бұзылса құрады шайтан өрмек,
Періште төменшектеп, қайғы жемек.
Өзімнің иттігімнен болды демей,
Жеңді ғой деп шайтанға болар көмек.
Тасты біз қатты нәрсе деп ойлаймыз. Яссауи түсінігінде ақыретті ойламай тек бүгінгі күнін көйттеп кеткендер тастан да қатты түр алады екен. Дүние табу жолында олар тастан да қатты, олар тасты сүзе алады. Абайдың түсінігінде олар ортасында тіпті періштелер өздері не істерін білмей сасып қалатын секілді.
70 – Хикметтен
Ей, муминдер, тағат қылып сүйенбеңіз,
Аманат қой, әзіз жанға иланбаңыз.
Арамдықпен жиған малға алданбаңыз,
Малдарыңды Қарыш атты жылан қылар…
Ей, мұсылмандар, дейді Яссауи бабамыз!
Барлық парызымды орындай алмасам да, азды-көпті ғибадатым бар ғой деп сеніп қалмаңдар.
Аллаға деген жүрегім адал, ниетіме берер деп қапы қалмаңдар.
Азды-көпті тағат қылдым деп Алланың кеңшілігінен дәметіп, ертеңіме соның пайдасы тиер деп опық жеп қалмаңдар. Бұл ескертелер Қожа Ахметтің біздерді сақтандыруы.
Ойланып қарасақ біз де сондай жайбарақаттардың бірі екенбіз.
Мерзімді күні жан – Алла аманаты, иесіне кетер.
Сол уақытты біздің өзіміз Алла алдында тірлікте істеген ісіміз үшін ғана жауап беретін боламыз.
Сол кезде Жаратушы алдында жауап таба алмай қалмас па екенбіз?..
Бұл хикметтегі Қарыш атты жылан туралы түсінік іздегенімізде хадистерден төбе шашыңды тік тұрғызар нәрсеге кезіктік. Арам жолмен мал жинап, оларды арамдықпен пайдаланғандардың көр ішіндегі жағдайы тым қиын секілді. Барлық арамнан жиған малдары көр ішінде Қарыш атты айдаһарға айналып, маса, шаян, құрт, құмырсқаға айналып өз иесін тамағына айналдыра бастайды екен.
78 – Хикметтен
Шариғатта мұраты сол – жолға кірмек,
Тарихатта мұраты сол – нәпсіден кешпек,
Хакиқатта – әзіз жанды пида етпек,
Жаннан кешпей, ғишқ шарабын ішіп болмас.
Адам аталу, азамат аталу адам біткеннің басты мұраты. Ал шариғат жолын орындау – барлық мұсылман міндеті. Адал адам атанып елге сүйікті болсаң, бес парызыңды атқарып мұсылман атансаң сенен шариғаттың талап етері де сол. Осындай көпшіліктің ішінен кейбір ғұламалар шариғат жолынан тарихат жолына өтеді екен.
«Тарихаттың мұраты – нәпсіден кешпек».
Жай адамдар үшін, біздер үшін бұл ауыр жаза болып та көрінер. Өйткені өмірден алар адамзат қызығының бәрінен баз кеше өмір сүру мағынасыздау тірлік болып көрінуі де мүмкін. Бірақ нағыз мұсылмандар бұл кезеңде өз нәпсісін санамен тежей алар сезімге ие болып үлгеретін секілді. Орынсыз шашпалық жасамау, жаман ойларға батпау, жаман сөздерді сөйлемеу, өзгеге зияны тиер сөздер мен істерден аулақ болу, тән сұранысындағы нәпсі қажеттерін шектей алу, дұние-мүлік, бақ пен тақ секілді барлық құмарлықтан ада болу … міне тарихат дәрежесіндегі адам болмысы.
Дін жолындағы адамның ең жоғары түсінігі ол пенденің өз өмірін, өз жанын Алла тағала жолына толық бағыттаған, ғишқ шарабын мейілінше қанып іше алатын кезеңі болса керек. Қожа Ахмет бабамыздың «ғишқ шарабын ішіп болмас» деген сөзін біз білетін шарап екен деп күнәға батып қалмаңыздар. Кез-келген шарап адамның қанын қыздыру үшін, сол сәтте өзінің арман-мақсатына жақындай түскендей сезімде болу үшін ішілетін болса керек. Ал бабамыздың ғишқ шарабы деп отырғаны – пенденің өз санасымен жеткен Аллаға деген тойымсыз махаббаты! Сондай адам Алласын сағынып зікір салған кезде Аллаға деген сағыныштан пайда болған көз жасын тоқтата да алмай қалатын болса керек. Біз куә болған бір уақиға мүмкін соның дәлелі болар…
…Мен осы жолдарды жазып отырғанда кіші қажылық сапар кезінде Меккенің әл-Харам мешітінде кездескен бір уақиға еске түсе кеткені…
…Қонақ үйіміз әл-Харам мешітінің жанында болатын. Бізді бұл сапарға бастап барған Бейбіт қажы Сапаралы деген жігіт еді. Рахмет азаматқа, сол жігіт өзінің беделін пайдаланып, Қазақстанның он бес азаматын Саудия патшасының қаржысымен кіші қажылық сапарға бастап барып, біздерге сол ел тарапынан ерекше қамқорлық жасалған болатын. Қонақүйіміз Меккеде де, Мединеде де тура әл-Харам мешіттерінің жанында болды. Біздерді үйіне қонаққа шақырған шейх өз үйінде отырып біздерге бір ақыл айтты (Мекке мен Медине мешіттерінің қызметіне жауапты кісі. Сауд патшасының дін жөніндегі орынбасарының орынбасары, атын ұмытыппын). Меккеге күнде келіп жатырған жоқсыңдар деді, ол. Бос уақыттарыңды ұқыпты жұмсаңдар. Мешітке барып бұ дүниеден өтіп кеткен бабаларың үшін зиярат жасауға болады дегені мен үшін бағалы кеңес болды. Содан бастан әр түнде, жолдастарым ұйқыда жатқанда, мен бабаларымның біріне арнап Қағбаны жеті айналып шығып, бір шетке барып отыратынмын. Сол сапарда әке-шешем Назарбек пен Жаңылдыққа, үлкен әкем Айдарбеккке, бабам Мәтіге арнап зиярат жасап үлгердім. Бір түні 4-5 әйел менен алыс емес орналасып алып, өздерінің тілінде біраз шуласып алды да, бәрі бірдей еңіреп жыласын келіп. Құдай бар, өтірік жылап отырмаған секілді. Содан соң тоқтайды. Әңгіме айтысып, біраз күле сөйлесіп отырады да қайта бастайды. Мен олардың сол әрекеттеріне түсіне алмай кеткенмін. Қожа Ахмет бабамыздың хикметтерін оқи отырып, мен енді сол уақиғаның ғишқ дәрежесіне жеткендердің, Алласына деген тойымсыз махаббат сезіміне бөлене алатындардың әрекеті болар ма деген ойға батып отырмын.
Мен сол кіші қажылық сапарда шексіздік атты түсініксіз құбылыстың мәнін түсінгендей едім. Күні-түні, айлап-апталап, жылдар бойы, мың жылдар бойы Меккеге, Қағбаға шұбырып жатқан халық. Түнгі сағат төртте ме, күндізгі сағат төртте ме, бәрібір шұбырған зиярат етушілер. Шұбырған халықтың мың жылдарға созылған, шексіздікке ұмтылған қозғалысы…
Діндар адамның өмірінің бұл кезеңі о кісінің ең бақытты шағы болатын болар.
Не амал ол, ермін деп дағуа қылмақ,
Намазды жұрт көзінде түрге салмақ.
Өзі білмей, бұл мағынаға нәпсін ұрмақ,
Сүңгуір болмай, інжу, гауһар алып болмас.
Қожа Ахмет атамыз жазған бұ шумақ барлығымызға да түсінікті болар. Ішінен біраз адамдар өздерін де танып отырған болар деп ойлаймыз.
79 – Хикметтен
Хаққа ғашық дәруштері көкке ұшад,
Бұл әлемді мекен етпес, жаны азат.
Нәпсі өлі, көңілі тірі, періште зат,
Мүндай болмай, сырдан хабар алып болмас.
Хикметтің бұл шумағына біз Шәһкәрім атамыздың еңбегінен түсінік іздегіміз келіп отыр.
Шаһкәрім Құдайбердіұлынан
Өлім маған өмірден мың есе артық,
Жарға құрбан болуға жан жараса.
Дозақ отын күл қылып сөндіремін,
Жаралы жүрегімнен қан тараса.
Ғашық, жар деген сөздерді ғұламалар көп пайдаланған. Бірақ олардың о сөздерге берер мағынасы біздердің күнделікті тірліміздегі түсініктен өзгешелеу. Шаһкәрім «жарға құрбан болуға жан жараса» десе, Қожа Ахмет бабамыз:
Ғашық құлдар Хақ жадын айтпай жүрмес,
Хақиқаттық бұл дүниеге құмар қылмас,
Шын ғашықтар дүниеліктен сірәда алмас,
Мен-дағы бұл дүнині қойғым келер – деп,
өзінен мың жыл кейінгілермен үндес жатады. Екі дана да ғашықтық, жар деген сөздер мағынасын тек қана Алла тағалаға бағыштайды.
81 – Хикметтен
Шариғаттың майданына өзін салмай,
Тарихаттың гүл-бағында шабыттанбай,
Хакиқаттың дариясынан гауһар алмай,
Мағрифаттың әдебін біліп болмас.
Яссауи бабамыз мағрифат әдебінде өмір сүру бақытына ие болған секілді.
Шариғат ережелерін оқып, біліп алып, білгенін елге таратып, былайша айтқанда шариғат майданына түсіп, жетісе-жетісе тарихат дәрежелі таққа отырса…
Тарихаттың гүл-бағында кісі өзінің шынайы сезімімен Алласына деген махаббатына бөлене алса…
…Бісміллә деп баян етейін хикмет айтып,
Талибтерге інжу, гауһар шаштым, міне… деп басталар осы «Диуани Хикмет» атты еңбек арман етіп отырған, Қожа Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың шашып кеткен інжу-гауһарларын тере алса…
Осы армандарды тура өзімізге арнап айтсақ, осыларды іске асыра алсақ… Алла тағаланың рахымынан дәметуге болатын болар…
Тағы да бір рет қайталап айтуға ерінбелікші…
Алла тағала бізге жерде өмір сүру үшін бар болғаны 0,002 жыл (аспан өлшемімен) уақыт береді.
Дозақта азап шегу мерзімі 70000 жыл болса керек.
Салыстырып қарауға тұратын деректер…
Бірден қортынды шығаруға тұратын нәрсе…
83 – Хикметтен
Мүнкәр-Нәкір кіріп сауал сұрар болса,
Аға-іні бәрі жиылып қойып қайтса,
Жеті қадам басқан соң, хабар келсе,
Мүңкәр-Нәкір кіріп сауал сұрайды екен.
Адам денесін жерге тапсырған жақындары жеті қадам ұзаған сәтте о дүниелік пендеден алғашқы жауап алатын періште «Мүнкәр-Нәкір кіріп сауал сұрар…»…
Бәріміз де барамыз…
Бәріміз де жауапталамыз…
Бәріміз де күнәліміз…

Бақытты ғой, елде бір патша болса,
Әділ болып, бір мүминді қазы қылса,
Сол қазы барша елді разы қылса,
Разылықтан ұжмақ үйін алады екен.
Ел бақыты елді басқарған әділ патша қолында болады екен. Қожа Қожа Ахмет Яссауи секілді, одан мың жыл өткенде Шаһкәрім, өмірінің соңғы жылдарын сопылық жолға түсіп, оқшаулана өмір сүрген философ ақын, өз ойын былайша білдіреді:
Шаһкәрім Құдайбердіұлы
Айла, күш – айуандықтың ең жаманы,
Боқты боқпен жуғанмен ел түзелмес.
Ар түзейтін бір ғалым табылмаса,
Зұлымдықты жалғанда әділ жеңбес.

Құр айтқанмен қолынан түк келмейді,
Ақ жүректі таза адам болса кем-кес.
Қас түзеймін деп жүріп көз шығарып,
«Қалмақ ойын» ойнаумен ештеңе өнбес.

Тату тұрса, адамға дүние кең,
Еңбек ет, жер жеткілік береді кен.
Адамның адал ұлы болам десең,
Алдыменен өзіңнің нәпсіңді жең.
Шаһкәрім Құдайбердіұлының түсінігінде өте дәл көре білген жер бетінде болып жатқан суреттер бар.
Айла, күш – алдау, арбау, зорлау, қорлау, алдап алу, тартып алу – бұлар аюандықтың ең жаманы дейді.
Сондай зұлымдықтарды «ар түзейтін бір ғалым ғана» түзетуі мүмкін екен, түзетемін деп боқты боқпен жуғаннан ештеңе өнбек емес. Біздердің қазіргі әрекеттеріміз Шаһкәрім ойшыл айтқандай «боқты боқпен жуғандай» әрекеттер.
Бұ заманда діннен хабары жоқ кісілер дін мәселелерін шешіп жатады…
Зорлап дінге кіргізіп жатады…
Дін қызметкерлері дінді елді рухани тазартудың құралы деп емес, өзін байлыққа жеткізу құралы деп бағалайды…
Яссаудың да Шаһкәрімнің де айтары бір ақыл:
«Адамның адал ұлы болам десең,
Алдыменен өзіңнің нәпсіңді жең».
Біздің заманымызда әзірге өмір сүру – нәпсінің барлық сорақы сұраныстарын орындау ғана болып тұрған секілді. Теледидар атты адамға тәрбие беретін басты ұстазымыз жас балаларға жетпістен асқан біздердің көрмек түгілі ойымызға келмеген сорақылықтарды көрсетуде. «Боқты боқпен жуу» деген сол болар, асылы…
84 – Хикметтен
Уа, дариға, өтті өмірім ғапылдықпен,
Сен кешіргін күнәмді рахметпен,
Құл Қожа Ахмет, саған қайтты қасіретпен,
Өз-өзіне өзі қайтіп күйеді екен.
Адам білген сайын, таныған сайын өз өмірін зерделеген сайын бұ тірлікте жіберген қателерін өзі жіпке тізе бастайды ғой. Бабамыз сондай бір кезде өкіне «Құл Қожа Ахмет, саған қайтты қасіретпен» деп, Алласының алдында «Уа, дариға, өтті өмірім ғапылдықпен» деп, өзі сүрген өміріне, Алласына деген құлшылығына риза бола алмайтынын білдіріп, кешірім өтінеді.
86 – Хикметтен
Ғашықтары түнде жылап сәрі тұрар,
Сыр шарабын ішкен ғашық сырды жабар,
Әркім сөксе, бәлки тепсе, қолын өбер,
Ондай жаран қуат нәрін алады екен.
«Таспен ұрғанды – аспен ұр» қағидасы әу баста жалпы қазақтардан таралған философия болса керек. Осыған ұқсас мақалдар мен мәтелдер басқа елдерде де кездесіп жатады. Бірақ мақалды тәжрибе жүзінде пайдаланатын тек қана біздің халқымыз екен. Осы хакметтерді оқып отырып біз халқымыздың көптеген әдеттері мен ақыл сөздерінің хикметтер мен хадистер мағынасына үндесіп жататынына көңіл толтырасың.
Софылардың бір қасиеті – адамдарды дәруіштікке үндеуден жалықпайды. Бірақ бір адам Құдайға ғашық болам деп тіршілік мәселесін ұмытуға болмайтын болар.
Астық өсіру қажет ле? Қажет.
Ұрпақ өсіру қажет пе? Қажет.
Ғылыммен айналысу қажет пе? Қажет.
Ел тұрмысына қамқорлық қажет пе? Қажет
Тізе берсе қажеттер көп.
Тек қана билік басындағылар аспан өлшемімен есептегенде жерде өмір сүрер 0,002 жылына қажет нәрселерге барлық білігі мен іскерлігін жұмсап, о дүниенің мәңгілік атты өлшеммен өлшенетінін ұмытып кетпесе…
…Дозақ мезгілі 1 трилион 312 млрд күн дейді…
95 – Хикметтен
Хақ зікірін жан-жүректен шығармасаң,
Үш жүз алпыс тамырларың тебірентпесең,
Төрт жүз қырық төрт сүйектерің күл қылмасаң,
Жалғаншы ғой, хаққа ғашық болғаны жоқ.
Зікір салу бұ заманда ешкімнің қолынан келе қояр ма екен. Біз зікір деп Ахмет бабаның түсінігіндегі, Аллаға деген махаббатың мен сағынышың аузыңнан емес, жүрегіңнен шықпаса, қан тамырларың тебіреніп, сүйектерің езіле жаздап тұрмаса, ол зікір емес жалғаншы. Ол Хаққа ғашықтық емес.
Ғашық емес, Сүйгеніне жан бермесе,
Диқан емес, кетпен шауып нан бермесе,
Мұнда жылап, ақыретте жан бермесе,
Жолда қалған Құдай исін алғаны жоқ.
Бұл хикмет сөздерінде түсініксіз ештеңе жоқ секілді. Тек қана бұл хикметте ерекше риза боларымыз өзіміздің діни қызметкер емес шаруашылық қызметкері екенімізді ойлап «диқан емес, кетпен шауып нан бермесе» деген жолдар. Барлық адам дін жолына түсіп, Алладан басқаның бәрін ұмыт қалдырса жер бетіндегі тіршілік атты күрделі жаратылыс қалай болмақ деген сұрақ туындап жатады. Қожа Ахмет Яссауи осы бір ауыз сөз арқылы әркім өз пешенесіне жазғанын дұрыс атқарса дейді. Құдай жолын қудың ба, жан пида етерлік ғишқ деңгейіне жет, қолыңа кетпен ұстадың ба елді нанмен қамтамасыз ет деп тұр.
Ел билігі қолыңа тиді ме, елді қамқорла,
Қазан билігі қолыңа тиді ме нәпсіңе сақ бол.
Осылар қолыңнан келмесе жолда қаласың, Құдай жолына жақындай алмайсың дейді.
Бұлар туралы Абай данышпан да талай ойланған тәрізді.
Ынталы жүрек, шын көңілден басқасы, Хаққа жол емес… Жүректің ақыл суаты, Махаббат қылса Тәңірі үшін – деп, барлық уақытта шын көңілмен, таза махаббатпен ойлаған мақсатыңа жете аласың дейді.
Абайдан:
Алла деген сөз жеңіл,
Аллаға ауыз қол емес.
Ынталы жүрек, шын көңіл,
Өзгесі Хаққа жол емес.
Дененің барша қуаты
Өнерге салар бар күшін.
Жүректің ақыл суаты,
Махаббат қылса Тәңірі үшін.
97 – Хикметтен
Тәлибпін деп айтады, олла-біллә наинсап,
Некесізге қарайды көздерінде жоқ ынсап,
Кісі малын жеп жүрер, содан ділі емес саф,
Арыстан бабам сөздерін есітіңіз тәбәрәк.

Тәлибпін деп айтады, көңілінде жоқ зәрдей нұр,
Шын тәлибті сұрасаң іші, тысы гауһар дүр,
Хаққа аян сырлары, жемістері таза нұр,
Арыстан бабам сөздерін есітіңіз тәбәрік.

Ақыр заман үмбеттері нақыштайды үйлерін,
Нәпсі зауқына беріліп бұзар, әр дем, күйлерін.
Кербезденіп, сәнденіп, парпаздайды бойларын,
Арыстан бабам сөздерін есітіңіз тәбәрік.
Абайдан:
Шын көңілмен сүйсе екен, кімді сүйсе,
Бір сөзімен тұрса екен, жаны – күйсе.

Осы сөдерімен Яссауи да, Абай да адам көңілдеріне, пиғылдарына таза шынайылықты талап етеді. Барлық істелінген шаруа да, табынарлық сенім де шынайы істелсе екен дейді.
Тәлибпін деп жария етіп алып…
Тәлибтік түгіл адамгершілік атты адами қасиеттердің біріне жауап іздемейтіндерге;
«Кербезденіп, сәнденіп, парпаздайды бойларын» болып жүретіндерге;
«Ақыр заман үмбеттері нақыштайды үйлерін, Нәпсі зауқына беріліп бұзар, әр дем, күйлерін» дәрежесіне жететіндерге үлгі ұсынады.
Шын тәлибті сұрасаң іші, тысы гауһар дүр,
Хаққа аян сырлары, жемістері таза нұр…
97 – Хикметтен
Ақыр заман үмбеттері дүние фәни білмейді…
Жақсы жолдан тайқысып, жаман жолға ауысқан…
Иман, исламын алып өлмейін деп күліскен…
Уақыты жетсе Әзірейіл аманатты бергін дер…
Құл қожа Ахмет, сөзіңді надандарға айтпағын,
Сөзді айтып наданға көк тиынға сатпағын.
Аштан өлсең нәмәртке ешбір міндет артпағын,
Арыстан бабам сөздерін есітіңіз тәбәрік.
Құрметті орынға жайғасып ап, арақ-шарапты сапыра ішіп, жылы-жұмсаққа кеңірдектен тоя жеп, еңбекшілердің бір айлық жалақысын карта ойынының бір көніне салып жіберіп, көңілдері тасыған шақта діндарларды келеке етіп кеңкілдескендерді біз талай көргенбіз. Олар да өздерінің іс-қимылын, мінез-құлқын ақтап аларлық талай мысалдарды алға тартатын.
Адамгершілік қасиет, ұлттық намыс, өз басын сыйлау секілді кез-келген пендені кісілік дәрежеде ұстап тұрар қасиеттерді қастерлемейтіндерге де бір күні, Алла аманаты жанды сұрап, Әзірейіл періште де көрінбек. Біздер уайымдамағанмен ертеңгі күні үмбеттерімнің күні не болады деп Мұхамбет пайғамбар талай күнін жылаумен, Алласына жалынумен өткізген дейді. Біз пақырларға осыны түсіндіру үшін Қожа Қожа Ахмет Яссауи алпыс үш жасында жер астына түсіп кетіп, «Диуани Хикметін» жазған. Айтылып жатырған үгіт аз емес секілді. Бірақ қабылдануы қиын болып тұр.
Қожа Ахмет бабамыздың надандардан торыққандығы соншалық, оларға тіпті үгіп айтпағын, сөзіңді көк тиынға сатпағын деуге дейін барады.
Бабамыз бұл хикметінде қолында наны, қалтасында қаражаты бар нәмәрт жандар қасында аштан өліп кетсең оларға өкпелеме деп, олардан да түңілгендігін білдіріпті.
99 – Хикметтен
Кіріп көрсең қараңғылық, жоқ қой шырақ,
Іші толы қасірет болар, отты фирақ.
Ол күні кім береді саған жарық,
Нақ қиямет таңы атқанша жатпақ керек.

Құл Қожа Ахмет, тәубе қылғын өлмес бұрын,
Қызыл жүзің көрде жатып солмас бұрын.
Жылан, шаян көр ішіне толмас бұрын,
Қаза келсе риза болып тұрмақ керек.
Адам ғұмыры «бес күндік тірлік», «қамшы сабындай қысқа» деген теңеулермен қате түсіндіріліп келген секілді.
Адам ғұмырын біз өз түсінігімізде жобалап көрелік.

  • Алла құдіретімен ана құрсағына түскен соң, Алла саған аманатқа жан береді екен. Туады екенсің.
  • Бұйрықты күніңді жер бетінде өткізген соң Алла тағала аманатқа берген жанын қайтып алады. Өледі екенсің.
  • Өлген кісіні қабірге салады.
  • Мүңкір-Нәкір алғашқы жауап алады.
  • Егер сен осы жауапта қиямет күні туғанда, Ұлы Жаратушы алдында жұмаққа баратын болсаң, саған қиямет күніне дейін жағдай жасалады.
  • Қиямет күні жауапталып не жұмаққа, не тамұққа жолдама аласың.
  • Жұмаққа кетсең – ол мәңгілік.
  • Тамұққа кетсең 70000 жыл тозақ отында азап шегесің. Алла рахымы түссе жазаңды өтеп болып, сен де басқалар қатарына қосыласың.

Ойлап қарасақ адам тәнінің ғұмыры «көзді ашып-жұмғанша» болғанмен, жанының ғұмыры мәңгілік екен.
Бабамыз ертеңгі күннің келеріне толық сенеді. Бізді содан сақтандырады.
Қиямет таңы атқанша қанша жыл?
Тозаққа түсіп қалсаң қанша жыл?
Әр күнде жүз мың күнә жамаймын дейді бабамыз. Олай болса о жаққа асығу да қажет пе деп қаласың. Өйткені Абай да:
Абайдан:
Алланың өзі де рас, сөзі де рас,
Рас сөз ешуақытта жалған болмас.
Көп кітап келді Алладан, оның төрті
Алланы танытуға сөз айырмас, демеп пе еді.
Қожа Қожа Ахмет Яссауи күніне жүз мың күнә жамағанда біздің жағдайымыз нешік?..
Шаһкәрім Құдайбердіұлынан
Ел мінезін білдің ғой,
Талай-ақ бірге жүрдің ғой.
Итпен бірге ит болып,
Күнәсіне кірдің ғой.

Енді есіңді жисаңшы,
Манар тауға сыйсаңшы.
Аласұрып аптықпай,
Бұл жалғанды қисаңшы.

Неменені қимайсың,
Нәпсіні неге тыймайсың?
Өзіңді кімге сыйлатып,
Өзің кімді сыйлайсың?

Жан аяспас кісің жоқ,
Арманда қалар ісің жоқ.
Енді жүрер жалғанда,
Қарасам, сенде пішін жоқ.

Жалындамай сөне қал,
Алла ісіне көне қал.
Бәрінің дәмін таттың ғой,
У ішкендей өле қал.

101 – Хикметтен
Жаннан артық көрген жан аналар,
Жүзі ай, көзі шолпан еркетайлар,
Бойларын еш көрмеген бөгде адамдар,
Кәпірлерге кіріптар болды көргін.

Бәле көп қой, мұндай бірақ. Бәле жоқ қой,
Телміртіп кәпір бізді айырып тұр ғой,
Ажал жетіп көрге кірмек дұрыс-ақ қой,
Осылай деп айқай-шуды салды көргін.

– Әнеке, осы жолдарды Хикметке өзің қосып жібергеннен саумысың? Мұсылман қауымының соншама азып, бір-бірімен жауласып, өз патшаларына ит өлімін бұйыртып, елін тоз-тоз етіп жатқан заманды Қожа Ахмет Яссауи қалай болжап білмек? Әсіресе, «ажал жетіп көрге кірмек дұрыс-ақ қой» деген ойдан қауіптеніп отырмын.
– Сайын мырза, мен шамам келгенінші бір мысқал ой да, бір түйір сөзде қоспауға ант еткен кісімін. Бәрі де өз ойы, өз сөзі…

Біл, бұларды қараңғылық басты тұман,
Бізге азап қылды, бұл күн, Қыдыр Ұған,
Кәпір жиып алып шықты шат-шадыман,
Мұсылмандар зар илеп қалды көргін.

О баста Алла бізге қылды тақсыр,
Бізден өтіп мұнша қате қылдық, тақсыр,
Соның үшін, жас балалар тұтқын боп тұр,
Пейілімізден бізге жапа салды, көргін.

…Қадір білмес нақұрысқа орын тиді,
Ғалым, дәруіш, жақсылар қор болды, көргін.

Нәкәс, қарау, дінсіз құлдар болды хакім,
Менмендік шектен шығып болды залам.
Халық ішінде қор болды дәруіш, ғалым,
Қорғаушысы халықтың кәпір болды, көргін.

Жолдан шығып шариғатты тұтпадық пәк-таза ғып,
Дін қалып, аты мұсылман болды, көргін.

…Діннен безген қараулардың қапері жоқ,
Дүние малын жиып ешбір тояры жоқ…

Бұл хикметтің әр жолын оқи отырып өз заманың мен өз замандастарыңды айнытпай танып, тіпті бет-бейнелерімен елестете бастайды екенсің. Данышпан бабамыздың біздің заманды өз көзімен көріп отырғандығына таң қалуға болар.
Немесе, бабамыз өз заманын суреттеп отыр да, тек қана өте шыққан мың жыл адам мен заман мінезіне еш өзгеріс әкеле алмағаны ма, әлде?..
Бұл жолдар Америка секілді зорлықшыл елдердің әлсіздерге, мұсылман елдеріне, басқалардың табиғат байлығына бола жасалып жатқан зорлығы мен қорлығына бола жазылған шумақтар секілді.
Қалай дегенмен мұсылман елдері бас бостандығына қауіп төнген зауал заманға тап болды…
Діндар кісілер осындайда «бұл Алланың жіберіп жатқан сыны» дейтін еді. Соған да келістік делік.
Олай болса заманы қауіп төндірген екен мұсылмандар біріге түсу қажет емес пе?..
Жоқ, олар бірікпек түгілі, бір-біріне қару көтеріп жатыр.
Мұсылман дінінің мыңдаған жылдық тәрбиесі шетелдік бүлікші берген, не уәде еткен нәрсеге сатылып кете бере ме?
Сонда «діні үшін, елі үшін» жан пида етуге даяр мұсылмандарымыз өз еліне, өз патшасына қарсы қару алып, неге өзара қырғын соғысқа қатынасып жатыр?
Сонда кейбір мұсылмандарымыздың мұсылмандығы жасанды сенім болғаны ма?..
Шет елдің байлары мұсылман жастарына азғантай сағызын шайнатып діні мен ділін ұмыттыра салатыны қалай?..
Бір заманда ағылшындар айна мен тарақ беріп, бүкіл қара нәсіл африкалықтарды құл етіп сатып жіберіп еді. Бұл да соның бір түрі болған ма?.
Мың жыл мұсылманша тәрбиеленген, Құран менен хадистерден нәр алған, хикметтер мен сопылар сөзінен дәм татқан мұсылман қауымының бір кездегі Африканың діні де жоқ, дамбалы да жоқ жабайы тайпалардан рухани тәрбиесінің артықшылығы қайда сонда?
Мен бұл сұрақты Әнуарбек мырза Сізге емес Қожа Ахмет бабамызға қойып отырмын…
Жауап ала алмайтыным өкінішті-ақ.

Абайдан:
Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ,
Оларға жөн арамның сөзін ұқпақ.
Қас маңғаз, малға бөккен кісімсініп,
Әсте жоқ кеселді істен биттей қорықпақ.

116 – Хикметтен
Бірін менмен, бірін христиан, жәһид қылды,
Бірін мұсылман, бірін кәпір, яһуд қылды,
Әзәзілді дәргегінен қуып салды,
Не себептен қылғанын біле алмадым.
Мың жыл бұрын Қожа Ахмет атамыз адам пенделерін діні бойынша христиан, жәһид, мұсылман, кәпір, яһуд деп бір-бірінен ажыратады да сол ұлттар мен діндерге «менмен» деген жаңа пенделерді қосады. Өзімшіл, менмен адамдарға деген қаншама құрмет, не болмаса әлгі аталып өткен дін өкілдері бір-бірімен жер бетіндегі үстемдік үшін шайқасып жатқан кезде менмендер де жалпы адамзат ұрпақтарымен күрес үстінде болатыны анық. Мен мұсылман болсам, демек менің «менмен» атты жауым қай жауымнан да бұрын аты аталар, алғаш боп еске түсер жау екен. 101-ші хикметте біз торыға қойған сұрағымыздың жауабы да осы жерде жатыр ма?..
Барлық бәле «Менмен» деген жаңа жаудан туындап жатқаны ма?
Жаулаушылар әрбір елдің «Менмен» атты біреуін тауып алады да, аузына сағыз шайнатады, қалтасына қаражат салады. Ұртына сигар қыстырады, ойына еліне ойран салар пікір орнатады.
Сондай «Менмен» өз елінде «Мен» атанамын деп халқына қасірет, жеріне өрт, еліне өлім әкеледі…
Менменмен күресудің жолы қандай?
Әзірге бұл адамгершілікке ортақ жаумен күресу жолын ешкім ойламаған секілді. Бұрындар оларды елін сатқан сатқын деп өлім жазасына кесіп жатушы еді. Бұ заман оларды жазаламайтын секілді…
Адамзаттың басты жауы осы «Менмендер» болып жүрмесін.
Әр ұлт өздерінің менмендерімен күресін ұлт қауімсіздігі дәрежесіне қарастыруы қажет емес пе екен?..
118 – Хикметтен
Босағаңа басым қойып тәубе қылсам,
Ғайбат айтқан тілімді жүз мың тілсем,
Күнә қылған тәндерімді үзіп жұлсам,
Достар, Ием мені пендем дер ме екен?

Тау мен шөлдер күнәмнан қылмас тағат,
Әр күн жүз мың күнә қылу маған әдет.
Бұ іспенен ақиретте бар ма рахат?,
Тәубе қылсам әдеттерім қалар ма екен?

Бұл ғаламда рәсуа болып қан жұтпасаң,
Шариғатта, тариқатта пір тұтпасаң,
Хақиқатта жан менен тәннен пәк өтпесең,
Ғапылдықтан сені не деп азат қылам?
Бұл хикметте бабамыз бізбен тілдесіп отырған секілді. Бұл шумақтарды басқаша оқып көрелік:
Босағасына басымды қойып тәубе қыла алмадым,
Ғайбат айтқан тілімді жүз мың тіле алмадым,
Күнә қылған тәндерімді үзіп-жұла алмадым…
Уа, Пір атам Яссауи! Ием мені пендем дер ме екен?

Сонда бізге бабамыз былайша жауап қататын секілді:
Бұл ғаламда рәсуа болып қан жұтпадың,
Шариғатта, тариқатта пір таппадың,
Хақиқатта жан менен тәннен пәк өтпедің,
Сонда сен не бетіңмен менен азаттық сұрайсың?
Мен сені қай еңбегің ұшін ғапылдықтан азат қылам?

«Әр күн жүз мың күнә қылу маған әдет», біз бұ сан туралы бұрынырақ ойымызды жазғанбыз. Көптікті бейнелеу үшін алған сан болу керек.
«Бұ іспенен ақиретте бар ма рахат?,
Тәубе қылсам әдеттерім қалар ма екен?» деп, күніге жүз мың күнәге батып жүріп ахиреттен мен қалай рахат дәмете аламын дейді. Бұл сөздерді біз Яссауи Қожа өз істеріне арнап айтып отырған жоқ болар, ол бізді уайымдап отыр деп ойладық.
Енді бір күнде жүз мың күнәні қалай жинауға болады, ойланып көрелік…

  • Қарамайтын затқа көзің түсіп кетті, күнә.
  • Ойыңа арамдық оралды, күнә.
  • Бисмилласыз аузыңа ас салдың, күнә.
  • Намазыңды қаза қылдың, күнә.
  • Балаңа орынсыз дауыс көтердің, күнә.
  • Әйеліңе қаралық жасадың, күнә.
  • Көршіңнің малына тас лақтырдың, күнә.
  • Ауру досыңның көңілін сұрамадың, күнә.
  • Шарап ішіп қойдың, күнә.
  • Біреудің намысына тиіп сөз айттың, күнә.
  • Еліңе, патшаңа қарсы сатқындық жасадың, күнә…

Осымен тоқтаталық. Әйтпесе біз Қожа Қожа Ахмет Яссауи ойлап отырған жүз мың күәдан да асып кетерміз.
Сауап пен күнәнің өлшемі қанша?
Бір сауап деп, не бір күнә деп олардың қаншалықты салмағын, жобасын, өлшемін салыстырамыз?
Естідім бе, оқыдым ба есімде жоқ, бір сауап өлшемі дегенміз сен дауытап айтқан, не оқыған Құран сөзіндегі бір әріп. Немесе «Алла» деген сөз сенің аузыңнан шыққанда саған төрт сауап жазылады. «Әлхамдулиллаһ» сөзі сенің аузыңнан шыққанда саған 13 сауап жаздырады.
Құранды толық оқып шыққан кісінің қаншалықты сауапқа бататынын ойлап қараңыз.
Немесе күніне бес уақыт намазын толығымен оқыйтындардың есебі қаншалықты толығып жатпақ…
Жаңағы біз санаған қылықтарымыз күн сайын бізге мыңдап, миллиондап күнаға батырып жататын болар. Күәсыз адам болмайды. Оны тек қана сауаппен қайтара алатын секілдіміз.
Ал күнә өлшемі туралы естімеппіз де, оқымаппыз да.
Асылы сол пәледен аулақ жүрген дұрыс болар…
122- Хикметтен
Құл Қожа Ахмет, гауһар тәріз хикмет айтты,
Жарандарға қызмет қылып назар тапты.
Тоқсан тоғыз мың хикмет айтып дастан қылды,
Дастан қылып бостан ішінде жүрмек үшін.
Қожа Қожа Ахмет Яссауи хикметтерінде бірнеше сандық мәндер кездеседі. Мысалы:
360 – адам қан тамырларының саны делінеді.
444 – адам сүйектерінің саны.
100 мың саны көп қайталанады. Мысалы:
100 мың рет тілімді тілдім.
100 мың түрлі періштемен жүздестім.
100 мың талақ дүниелікті еттім.
100 мың жаза надандардан көрдім.
100 мың әулиелер өтті, сырды сырға ұласып.

Әр күн жүз мың күнә қылу маған әдет.

99 мың – хикмет айтып дастан қылдым.
19 да жетпіс мақам зайыр (түсінікті) болды.
50 мың жыл (қияметтің бір күні бізше 50 мың жыл).
70 мың жыл (күнәһар мұсылманның жазасын өтейтін уақыты)… Осы санды қағаз бетіне түсіріп ап, ары қарай сан іздеуге зауқым соқпай қалды.
123- Хикметтен
Көзім жұмып ашқанымша жетті алпыс,
Белім байлап мен қылмадым бір тәуір іс.
Күндіз-түні қамсыз жүрдім, жаз бенен қыс,
Бірім-Барым, дидарыңды көрермін бе?

Алпыс екі жаста Алла нұрын салды,
Бастан, аяқ ғапылдығым тазаланды.
Жан мен ділім, ақыл, есім Алла деді,
Бірім-Барым, дидарыңды көрермін бе?

Алпыс үште хабар келді «Құл, жерге кір,
Мен жаныңмын, жанжарыңмын жаныңды бер,
Һу семсерін қолға алып нәпсіңді қыр».
Бірім-Барым, дидарыңды көрермін бе?

Құл Қожа Ахмет, нәпсі тептім, нәпсі тептім,
Одан кейін, Жанжарымды іздеп таптым.
Өлмес бұрын жан бермектің дертін таптым,
Бірім-Барым, дидарыңды көрермін бе?

Бұл хикметінде бабамыз: «Белім байлап мен қылмадым бір тәуір іс, Күндіз-түні қамсыз жүрдім, жаз бенен қыс» деп өзіне-өзі риза болмай жүретін әдетімен өзін-өзі тағы да бір сынап алады. Дегенменен осы хикмет сөздерін қағазға түсірер шақты бабамыз өз өміріне толық баға бере отырып, жаны жай тапқан секілді.
124 – Хикметтен
Кімдер үшін жасты қылды көздерін,
Үмбет үшін күйдіріп қуырды өздерін,
Үмбет болсаң, аңла осы сөздерін,
Кімдер үшін келді Расул, білдіңіз бе?!
Бұл хикмет тұтасымен «Нұры – Құда, досы – Құда ол Мұстафа, кімдер үшін келді Расул, білдіңіз бе?!» деп, пайғамбарымыздың Алла тағала нұрынан жаратылған досы екенін еске салады. Пайғамбарымыз өз үмбеттерінің ертеңін ойлап:

  • Жылай-жылай жүзі, көзі істі…
  • Тіке тұрып аяқтары істі…
  • Үмбеті үшін қайғы, бейнет шекті…

Ал сіздер не істедіңіз ол үшін деп біздерді ұялтады.
Кімдер үшін келді Расул, білдіңіз бе?
Кешіріңіз бабамыз, көпшілігіміз білмейміз де, ойланбаймыз да…
125 – Хикметтен
Сәрі уақыты хош сағат, әрі жаннат, әрі рахат,
Тәңіріңе қыл ғибадат сәрі уақыт ішінде.
«Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық», депті бабаларымыз. Біздің бабаларымыз мұсылман діні өздеріне келмес бұрын оның біраз қағидаларын өз даналықтарымен бойларына сіңіріп те қойған секілді. Өйткені қазақ болмысы да, ислам қағидалары да адамның дұрыс адам болып қалыптасуына тікелей еңбек еткен еді.
126 – Хикаяттан
Сенің әміріңмен іс қылмадым мен,
Бұл дүниеден кетерімді білмедім мен,
Қабір ішінде жатарымды білмедім мен,
Қиямет күні мені шерменде қылма.

Қожа Ахмет бабамыз біздердің аузымызға осылайша сөз салып беріп отыр. Жай оқушы бұ хикмет мәтінін оқып, Қожа Ахмет бабамыз да біз секілді жай ғана пенде екен-ау деп қалуы да мүмкін. Бірақ бабамыз осы ұлы еңбегінде негізіненен біздердің атымыздан сөйлейді, біз болып ойлайды. Содан барып ертеңгі мәңгілікке дайындайды.
Ал біздің айтарымыз «білмей қалдым» деп апайына жалынатындай жер емес, бұл. Бұл өлім мен өмір тартысынан да қауіптірек құбылыс.
128 – Хикметтен
Сүңгуірдің теңізіне кірдім, денемнің шаһарын кездім, Інжуді қабықша ішінде, гауһарды кен ішінде көрдім. Шындығында Яссауи бабамыз теңіз түбінен асыл тас іздейтін сүңгуірлерде шаруасы жоқ. Ол өзін әңгіме етіп отыр. Сүңгуірдің теңізіне кірдім, демек бабамыз осы сөз арқылы асыл тас іздеп теңіздің тереңіне сүңгіген сүңуір секілді асыл ойлар іздеп ой мұхитына шомып кеткені. Сол ой мұхитында өзінің жан сезімін денемнің шаһарын кездім деген сөз арқылы бейнелейді. Өз шаһарын кезіп жүріп бабамыз асыл ойды кезіктіреді. Тас қауашақ ішінде жататын інжуді тани алады, сонау тереңде жататын гауһарды алып шығуға да демі жетеді. Бұл туралы біздің бабаларымыз: «Көкіректе асыл сөз ой толқыса шығады, көл түбінде асыл тас су толқыса шығады» демейтін бе еді. Қандай үндестік.
142 – Хикметтен
Құл Қожа Ахмет, насихатты өзіңе қыл,
Ей, бейхабар, елді қойып өзіңе қыл,
Таудан ауыр күнәң бар өзіңе кел,
Хақ жамалын көрсетпесе кепіл болайын.
Біздің дәуірімізде көпшілік пенделер ертеңді ойлауды қойған. Біз ертең деп о дүниені айтып отырмыз. Ал ертең туралы ойлайтындардың көпшілігінде де оншалықты қорқыныш жоқ. «Ақыр түбі бір реті келер» философиясымен өмір сүретіндер қазіргі тіршілік иелерінің негізін құрайды. Ал көпшілігіміздің бойында «менің не кінім бар, менде күнә аз» деген түсінік қалыптасқан. Біздердің замандастарымыздың ойынша күнәсіз пенделердің бірі – Ахмет Яссауи.
Бұл туралы бабамыздың ойы басқаша екен. Ол өз күнәсі туралы ойланған секілді. Өз күнәлары туралы бағаны Алла тағаланың пікірі арқылы береді. Алла оған: «Ей, бейхабар сен ел деп әуре боласың, әуелі насихатты өзіңе айт. Сол туралы ойлан. Өз күнәң таудан да ауыр», деп ақыл береді.
Алла тағаланың көзімен қараған Қожа Ахмеи Яссауи өз күәсін таудан ауыр деп бағалағанда біз пақырлардың күні не болмақ?..
144 – Хикметтен
Мен жасырсам аяқ-қолым түгел куә,
Рахмет етіп, Сен кешпесең мен бейшара.
Шермендемін, дәрменсізбін көп қой күнә,
Қолымды ұстап жолға салғын, Сен-Жолбасшы.
Бұл хикметтің біз бөліп алған бір шумағын зердеден өткізгенде байқайтынымыз о жақта Ұлы жаратушы алдында ештеңе жасырып болмайтыны. Себебі өзің істеген барлық күнәлі істеріңді өзің жасырғанмен өзіңнің денең, аяқ-қолың куәлік береді екен. Бұндай түсінікті біз басқа ғұламалар ойынан да байқадық.
Абыл ақыннан
Әріпте жиырма тоғыз келеді «уау»,
О күнде жеті мүшең өзіңе жау.
Қылығың бұ дүниеде жақпаса егер,
Қимылдап аузы-басың қылады дау,
деп Қожа Ахмет Яссауи сөздерін қайталайды.
147 – Хикметтен
Қоштамайды-ау ғалымдар сіздің айтқан түркіні,
Арифтардан естісең ашар көңіл мүлкіні.
Аят, хадис мағынасы түркіше болса қолайлы,
Мағынасына жеткендер жерге қояр бөрігін.
О заманда мұсылман діні күш алып тұрған аймақтарға әуелі араб, кейін парсы тілдері үстемдік еткен еді. Сол себепті Қожа Ахмет түркіні қолдамайды-ау деп қауіп еткен.
Жолбасшы ғой Қожа Ахмет, гүлстаны мағрифат,
Сөйлер сөзі хикаят, ашар көңіл мүлігін. Осы сөздер арқылы бабамыз өз істеріне, жазғандарына риза секілді болып көрінеді.
Міскін, әлсіз Қожа Ахмет, жеті атаңа рахмет,
Парсы тілін біледі, құп айтады түрігін – деген сөздерінің тереңіне ой жүгіртіп көрсек, о кісінің тек қана Алла тағала жолы деп қатып қалмағанын, өз ана тілі түркі тілінің басқа тілдерден кем болмағанын жан-тәнімен қалап жүретінін, соған еңбек ететінін де байқатады. Хикметтерінің атақты болатынын, жұртшылық пайдасына асатынын ерте бастан сезінген секілді. Осы еңбегін парсы тілінде жазбай түрік тілінде жазған үшін тек өзіне емес өзінің жеті атасына дейін рахмет айтады.
149 – Хикметтен
Субхан ием өзі еді, Мұстафаға бұйырды,
Бабам Арыстан жеткізді, шайқым Ахмет Иассауи.
Мұстафаның киді қырқасын, жеді тамағын,
Ұстады Қағба алқасын, шайқым Ахмет Иассауи.
Сегіз шумақтан тұратын бұл хикметтің біз тек қана бір шумаған алдық. Осы шумақ арқылы Қожа Қожа Ахмет Яссауи өз өмірін, өз дәрежесін өте анық, өте қысқаша бейнелеп берген секілді.
Алла тағала бұрығымен Пайғамбарымыз Мұхамбет – Арыстан баб әулие – Қожа Ахмет … дейді.
Біз бұл ұлы тұлғаларға басымызды ие отырып солардың ілімін халық санасына жеткізіп жатырған «Диуани Хикмет» атты шығарманы да әулие тұтып, қастерлеп ұстаймыз…
Біздің, Құл Қожа Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың «Диуани Хикмет» атты хикметтерін жүрекке қонымды тілмен қазақшалап беріп кеткен Әнуарбек Тәженұлына да айтар алғысымыз шексіз.
Мінажатнамадан
Барлық арман тілекті беруші
Алла тағаланың мейіріне мінәжат
Мінәжат етті міскін қожа Ахмет,
Иа Алла, пендеңе қыл рахмет,
Ғарып Ахмет сөзі еш көнермес,
Егер жер астына кірсе шірімес.
Менің хикметтерім кені хадис,
Кісі нәрі алмаса ол хабис.
Менің хикметтерім тәлибтің ризығы,
Қаншама көп болса да қылмысы.
Менің хикметтерім пәрмені Сұбхан,
Оқып білсең бар мағынасы – Құран.
Менің хикметтерім ғаламда сұлтан,
Қылар ілезде шөлді гүлстан.
Біз Қожа Қожа Ахмет Яссауи ғұламаның «Мінажатнама» атты соңғы тарауынан түсініктемесіз тек қана үш шумағын көшіріп алдық.
Ғұламаның бұ шумақтағы сөздері бабамыздың өз халқы үшін, мұсылман қауымы үшін айтқан соңғы уағыздары, соңғы тапсырмалары болса керек.
Біз бұл жолдардан Хикмет сөздерінің мағынасын уақыт уақыт атты жебірдің де көнерте алмайтынына, дәмін аздыра алмайтынына автордың сенімді екенін байқаймыз.
Бұл хикметтердің ойдан шығарылмағандығы, негізгі арқауы хадистерден алынғандығы, мағынасы Құран екендігі ашық айтылады. Бұл Хикмет сөздері адам көкірегіндегі құлазып жатқан шөл дала секілді қуысты пейіл қойып мойындаған кісіге сол даласын гүлбазарға айналдырар нәрлі топырақ екені ескеріледі…
– Әнеке! Осымен қоштасалық! Сіздің мәңгілік мекеніңіз жұмақтан болғай! – деп Жаратқаннан тілек тілеудеміз.
Тірліктегілер, баяғыша, Абай данышпан айтқандай, таңертең туған күнді қарсы алып, кешке батқан күнді шығарып салып дегендей, бір күн дамыл таппай жүріп жатырмыз. Сол екі арада басқа келген ой атты ескі достың да көңілін аулап қоямыз. Жетпістен асқан бұ шақта біздің ең айнымас досымыз да сол екен…
Күн артынан күн туар,
Бір күн дамыл еткізбес.
Ой артынан ой қуар,
Желге мінсең жеткізбес.
Абай Құнанбайұлы

27 сәуір 2012 ж. Астана
Соңы.
Сайын Назарбек,

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button