Білген Шайыр айтады

Арын ақынның өсиеті

«Әулетім сейітқожа Хұсайыннан, Белгілі өз жұртыма ақын Арын» деп айтып кеткен Арын ақын – Майлыдан соңғы ақындар тізбегінен ойып тұрып орын алатын – Арынқожа дүниеге Мәделіқожа, Майлықожа, Жолбарыс, Асан, Исабек секілді жыр дүлдірін берген  Сырдың бойындағы «Қос жарсуат» – «Қожа тоғайдың» топырағында жаралған.  Кезінде бойындағы лапылдаған жалынды игере алмай, сол жалынның  екпініне өртеніп, тағдырдың талқысына ұшыраған. Бірақ «Тәңірдің асыраған лағын бөрі жемейді»дегендей біраз сергелдеңнің соңы қайырлы болып, аман-есен еліне оралған ақын аға, жан ұясын құрып, балапандарын ұшырып, дүниенің қызығын да көріп,  өмірден озды. Соңында өнері, өлеңі қалды. Ақынның 2002-жылы шыққан кітабынан үзіндіні оқи отырыңыздар.

                                       ӨСИЕТ

Он сегіз әріп саны бісмілләнің

Алланың есімін айтпай іс қылмағын,

Әр бетті ансан еткей Жаппар өзі

Болмаса таба алмайды ешкім бабын.

Құдая, өзің жалғыз құдіретің зор

Кеңшілік һәм кешірім дарғағың мол

Ақырғы қиямет күн даярлығы

Әзәлдан екі түрлі салынған жол

Шадлығың шәннән асқан шайтан ісі

Жақсылар жайыңды ойла ықтият бол

Қайырлы һам тақуа болса сахы

Иншалла, Алла сүйер жаннаты ол.

Өсекке, өтірікпен болма жақын,

Шықпасын ел мен жұртқа жаман атың

Біреудің қылма ғайбат арқасынан

Егеуі иманыңның жалған датың.

Өтірік, өсек пенен ғайбат қандай

Бола ма жылы сөйлеп сыйласқандай.

Ағайын тату болса құда-жекжат

Жалғанда жаны ашыр қимас қана-ай.

Қоғамды ынтымақта белің мықты

Бар күшті бір ортаға жинатқандай.

Қанша халық бір қатерлі жайда жатыр,

Болғанда ажырар парқ заман ақыр.

Сахының жайы жаннат рахатта,

Әркімнің жайы дозақ болса бақыл,

Бақыл тақуа болғанмен жақсы болмас

Кітапта осылайша болған нақыл.

Азансыз сахилықпен бір жайда отыр

Атымтай Жомарттық пен діні кәпір,

Ақырғы машхар күннің уағында

Тағдырын Алла өзі біліп жатыр.

Адамзат керуенбіз жалғандағы

Ажалдан мүмкін емес жан қалмағы.

Дүние қызықтырар жанның бәрін,

Бәнденің сұм жалғанға алданбағы.

Адамның әр адамнан парқы бөлек,

Жаратты әр алуан әр бәндәні.

Біреу бек, біреу датқа, біреу патша,

Асып жүр біреулердің малдан бағы.

Біреу батыр, біреу би, біреу жарлы,

Қол өнер көп адамның алданғаны.

Біреу момын карасаң біреу пысық,

Түк таппай тағы да бар сандалғаны.

Біреу дана ақылды біреу аңғырт

Көп шығар ақ көңілден аң-қалғаны.

Біреу бұзық қарасаң біреу кещше

Аңлығаны кесірдің жанжал жағы.

Ғайбатшыл қасиетсіз тағы да бар,

Өтірік пен өсек сөз жалданғаны.

Кейбіреудің ақылын тұрмыс билер,

Талайдың дауға басы шарланбағы.

Қажытар кейбіреуді қайғы сана,

Тағдырдың көкірекке салған дағы

Дәуірлеп қанша уақыт жүрсең-дағы,

Ақыры өміріңнің армандағы.

Біреу мәрт, біреу жомарт, біреу сахы,

Тиеді жақсылардың көпке нәпі.

Дәулеті ақылына сай келгендер

Жарасар тұрмысына салтанаты.

Қалады жақсыдан ат, жаманнан дат,

Жақсының машһүр болар халыққа аты.

Үлгі боп кейінгіге қалып қояр,

Ақылгөй даналардың жазған хаты.

Ойлайды келешекті кемеңгерлер

Атадан артып туған әсілі заты.

Жақсы да, жаман да бар адамзатта,

Патша боп мінгендер бар алтын таққа.

Қарасаң біреу төмен, біреу биік,

Болғанда біреу атта, біреу датқа.

Дүниенің ауыспалы кезеңімен,

Біреулер кенеліп жүр мал мен баққа.

Өмірін бекер зая өткереді,

Талапсыз талай жігіт жастық шақта.

Жастардың ниеті жолдас талабына,

Үлгі сол бес саусақтың саласындай,

Адамзат бөлінеді неше сапқа.

Алымдық кей біреуге болар нәсіп,

Кейбіреу ел билейді ақылы асып.

Пайда боп кейбіреуге азғана екпін,

Нәубетін ода өткізер асып-сасып.

Кейбірі аз дәулетті көтере алмай,

Шайқалып тола берсе кетер тасып.

Кей бірі өмір бойы бір қалыпта,

Артықша дәулет бітпес одан асып.

Дүние түлкінің бір алтайыдай

Елестеп көз алдыңда жүрген қашып.

Тарығып молыққандар тағы да бар

Кызырдың жүріп өткен ізін басын.

Бір адам тамыр болар бір адаммен,

Дос тұтып бірін бірі ұнағаннан.

Дос болған ажырамас опа қылса

Айналып аспан жерге құлағанман,

Шын жомарт бар нәрсесін аямайды

Олардың парқы бөлек бұл адамнан.

Біреуі екі достың нәмарт болса

Сыйласар уақытынша бір амалмен.

Қолынан ол досының дәулет кетсе,

Нәмарт дос жаны ашымас жылағанмен

Өткенімді бергін деп қинамаса

Қарамас үстіне тау құлағанмен.

Даттайды опасыз дос сырт айналып,

Достыққа ана досы шыдағанмен.

Кез болса екі жомарт бір-біріне

Басқаға басын тігер бір ажалдан.

Жақсылар кем кездесер жақсыларға

Қасқыр да жолдасына қас қылар ма?

Ерлерден жомарт туған затты жүйрік

Жолдасын жауға берген әсте бар ма?

Рақым, ұят пенен ар болмайды,

Пейілі тар етек-жеңі тапшыларда.

Ақымаққа жамандық бір мәртебе,

Жақсылар итермейді әсте жарға.

Екі адам құда болар қаласқанда,

Сыр алып бір-біріне жанасқанда.

Адам алып беріскен жекжат шырын,

Ізетті бір-біріне жарасқанда.

Қызығы дүниенің іззет, құрмет,

Жалғанда мәңгі жасап қалмас пенде.

Ізеттің шегі болмас бар боп тұрса,

Кісіге дәулет бітіп бағы асқанда.

Шырындік жекжаттықта тағы болмас

Тең қойып таразыны таласқанда.

Әр елдің қалыптасқан дәстүрі бар,

Не жетсін жолыменен адасқанға.

Арамнан дүниені артык көріп,

Боп жатар есептесіп таласқанда.

Дүние талайларды таластырар,

Жұмсаса орныменен жарастырар.

Дүние кімнің көңілін аудармаған,

Талайды өз жолынан адастырар.

Дүниенің керек жері тағыда көп,

Қыйуасыз қиын жерге жанастырар.

Әзірет сұлтанымдай болмаған соң

Әркім-ақ, дүние үшін талас қылар.

Дүниеге асы бәнде алданады

Ақырын ақылдылар аңғарады

Напақа қырық парыздың біреуі бүл

Әркім-ақ қарны ашпасын қамданады.

Дүние көптік қылмас бола берсе

Адамның сай болсада һәммә жағы

Әуелден дүниенің мірісі кем

Шарқынан кетсе де асып сәл қалады

Күні бітіп дүниеден өткен күні

Артыңда дүние мүлік мал қалады.

 

Өмірге қанша күндік сеніп болмас

Санаулы өмір я  асып кеміп болмас.

Әмірі бір Алланың алдандырған

Өлгенше бұл жалғаннан жеріп болмас

Бір күні Әзірейіл келсе жетіп

Қоя тұр деп айтуға ерік болмас.

 

Он бес жыл сүрген дәуір балалығың,

Аңғармай жігіттіктің таза анығын,

Дәуірі жігіттіктің деп айтамыз,

Он бес пен отыз жастың аралығын.

Жігіттің толған кезі жиырма бес

Келгенше осы жасқа толмайды ес,

Жалғаннан жанасқанға уәде ғып

Жүргені күнә жолы ертелі кеш.

Бұл дәуір аз-ақ күнде өте шығар

Болмаса өмір бойы мирас емес,

Асқан соң жиырма бестен ары қарай

Көрінер ұят шеті елес-елес.

Дүниенің әр кім әуре таласында

Әр дәуір пайдаға асса шамасында

Кісілік жақсы жаман нам арттырар

Алпыс пен жиырманың арасында.

Дәуірі кісіліктің қырық-отыз жыл

Өмірдің өктем жері дәл осы бір

Халқына жақсы лақап ат қалдырар

Атадан артық туған ақылды ұл.

 

Не тапса бұл мезгілде табар әркім

Жақсылар жайып тынар елге даңқын.

Шығады жүзден жүйрік мыңнан саңлақ

Ел біліп айтып жүрер ердің даңқын.

Қосылмас даңқына даңқ бұрынғыдай,

Жасы кеп алпыстардан асса бәлкім.

Басына қарттық дәуір келгеннен соң,

Асырмас кемітпесе ескі нарқын.

Нам алу оңай емес жақсы деген

Жанасар ақылды жас жақсы менен

Болады көпті көрген көсем дейді,

Тұщыны татқан білер ащыменен.

Алғашқы жігіттіктің дәуірінде

Көп жігіт әуре болар нәпсіменен,

Албыртып аласұрып бір тынбайтын

Қызық қып қойды-ау Алла жасты неден

Ол күнде ешкім карап жүре алмайды,

Алдында не арулар сылаңдайды.

Бұ да науқан сияқты уағында

Жеткерер жері болса кім алмайды.

Анадан әулие боп тусаң-дағы,

Маусымы жігіттіктің бір алдайды.

Жігіттік көп нәрсеге ұрындырар

Өткерген бастан талай бұрынғылар,

Қызығын қабатында бірдей көріп,

Арттырар тамыр-таныс шығындылар.

Бір қатары малменен бірге өсіп,

Біразы дүние қуып қимыл қылар.

Жанасып жақсыларға көпшіл болып

Жол табар білім іздеп ұғымдылар.

Кей жастың жігіттікпен ісі болмас,

Мал табар ептілікпен күші жолдас.

Дүние тауып орнымен жұмсамаса,

Қанша өмір сүргенмен кісі болмас.

Қайырсыз жұрт таңдайтын сараң болса

Үйіне туралап кеп кісі қонбас.

Жігіттің әр-алуан түрі болар,

Біразы әр өнерден кұры болар.

Бетіне тіке сөйлеп үлкендердің,

Силағанды білмейтін жыны болар.

Тілі ащы көкірегі көтеріңкі,

Ант ұрған есерсоқтың бірі олар,

Адамның наманасы сөзден мәлім

Жауабы жақсылардың жылы болар.

Ат шабар күрес түсіп күші асқандар,

Сүйегі палуандардың ірі болар.

Кейбірі өтірікші тұрағы жок,

Кейбірі жасынан-ақ ұры болар.

Мәрт ұры, залым ұры, пасық ұры

Пасықтар пайдадан да құры қалар,

Қорадан лақ, қазы, тауық ұрлап,

Олжа ғып арзымасты жүріп алар

Алғанын сіңіре алмай әшкере боп

Тауан тартып олжадан құры олар,

Залым ұры қолына түссең жазым

Жібермес оңайлықпен тірі олар.

Басқадан бағасы артық мәрт ұрылар

Жауабы жай адамға жылы болар,

Жасырмас өзін-өзі жалпы жұрттан

Бұлардың жүрегінің түгі болар.

Өзі жүрген ортаға зиян қылмас

Алғаны ауға шықса құны болар,

Жолдасын жауға тастап кетпейді олар

Бұлар да бір қауымның ұлы болар.

Кейбір жас жұрт билейді ақылманан

Жарысып жас жүрегі жасылманан.

Жанассаң жолдас болып жан семірер

Ақылды артық туған асылманан.

Қатерлі қиын жерде жәрдем етер,

Жолдас бол сапар шексең батырменен

Мінезі кей біреудің тым ұнамсыз

Терісі тар, мінезі шапылдаған.

Сөйлейтін көтеріліп көп ішінде

Болады кейбіреулер лапылдаған,

Өзінше менен басқа пысық жоқ деп

Кейбірі ділмар сынып тақылдаған

Көңілінде кей біреудің кір болмайды

Бар сырын қай жерде де жасырмаған,

Кейбіреу жасы алпыска таянса да

Көңлінің шайтандығы басылмаған.

Күндейді көре алмастан болғаныңды

һәм істес қоңсы болсаң бақылманан,

Кей біреудің бұзықтық сүйегінде

Жеріне зиян ойлар жақындаған.

Үйінде адамға шай таңлап беріп

Далада білгіш болып нақылдаған.

Біреулер әруақ қонып шайыр болар

Ақындық дарығанға зайыр болар.

Біреу жазба сөз жазар тыңнан тауып

Түсінгендер есітіп қайыл болар,

Біреулер суырып салма кідірмейтін

Әндетіп айтуға өлең қайым болар.

Үйренбе жыршылардың көпшілігі

Айтуға біреу жазса тайын болар,

Артында жазба ақынның намы калар,

Суырып салма ақынның әні қалар.

Артында үйренбенің несі қалсын,

Кезінде тауып жеген наны қалар.

Біреулер құймақұлақ есіткенін

Табанда екі айтқызбай қағып алар.

Ерсілік кім істемес шама келсе

Бір Алла ақыл мен ой сана берсе,

Ақ пейіл сахы мыжаз жігіттерге

Дәулетін нәубетімен және берсе.

Ел-жұрты ынтымақшыл қайрымды боп

Сөзіне, жора жолдас тамам ерсе,

Талайлар дүние бітіп сыннан өткен,

Бәндеге көптік қылмас бола берсе.

Жаратты әзіз етіп адам затты,

Туғаны анық болса, ажал нақты,

Жан біткеннің ішінде адам әзіз

Тәңірім осылай деп хабарлапты.

Артықша адамзатқа ақыл берді,

Һәммадан әзіздігін мақұл көрді.

Әзәлдан ризхы тағдыр жазулы боп

Несібе әрбір жанға дакыл берді.

Зерттеді ай-жұлдыздың сырын ашып

Мысал ғып айтпағанда жақын жерді.

Өзінің әзіздігін білсе адам

Әр жолға парасатпен қойса қадам,

Қадірлер бұл біреуді, біреу мұны

Әзәлда жаксы лақап жазса кәлам.

Кей адам өз кадірін біле алмайды,

Өзінше өзгелерді ұнамайды.

Біреуді сыйлай алмас біреу мұны

Ешкімнен жол үйреніп сұрамайды.

Әуелден дәрежесі кем болған соң

Олардың төрге басы шыға алмайды,

Жақсының мәртебелі басы төрде,

Жамандар босағадан сығалайды,

Өз көңлі өзгелерден артықпын деп

Надандар өзін-өзі сынамайды.

Әрқилы мінез болар әр адамда,

Сезілмес жат мінездер даналарда,

Жақсының жаманменен парқы бөлек

Тілла гауһар мыспенен бара-бар ма?

Көңлің өсіп рухың көтерілер

Бас қосып жақсыларға жанағанда,

Жаттық жоқ жақсыларда деген рас

Көрінер сүйкімді боп бар адамға.

Жақсының көпке ұнаған ісі болар

Парқында шын жақсының баға бар ма,

Көшпелі келген нәубет дәулет емес

Ер шығар ұлык мыжәз қарадан да.

Ақыл теңіз мисалы білім дария,

Сол білім болса нәсіп даналарға,

Раһім, ұят пенен ар болмайды

Өзі қарау пейілі тар адамда.

Жақсылыққа қайтарар жамандығын

Бір қайрат көрсетуге жарағанда,

Ақымақ алаңғасар тағы да бар

Ақылсыз алты жасар баладан да.

Біреулер қарап жүрмес ісін біліп,

Бір түртер жанасқанды қышындырып

Өзі жеңіл тынбағыр аузы жаман,

Өсек сөзді көп айтар ұшындырып.

Күн өтер жақсыдан да, жаманнан да

Іс көркейер әруақ жамалғанда

Іздесе абырой -атақ әрбір адам

Асқанша елу жастан табар бәнда.

Тірлікте әуелі иман арттырғаны,

Онан соң жақсы лакап нам алғанда,

Мұрасы бұл жалғанның әуелі перзент

Жас жетіп қария болып саналғанда.

Ер жетіп адал бала болса азамат

Қартайып сақал шашы ағарғанда,

Жөні бар қариялықтың жарасқандай

Алпыстан жасы асып қалғандарға.

Көне қарт көпті көрген көсем болар

Өсиет ақыл айтып адамдарға,

Мәжілісте аталы сөздер айтып

Сүйенер һәдистегі хабарларға.

Ибадат шүкір ынсап жарасқандай

Балдары қолдан ісін алғандарға,

Болмаса істейтұғын дәстүрлері,

Оларға жүріп тұрмай амал бар ма?

Барған сайын ұстасып дүниемен

Шүкіршілік қылмаушыға шараң барма

Әр қилы картайғандар шал болады,

Жақсыларға әруақ жар болады,

Жақсы болып қартайған кәрияның

Үлгілі өсиеті бар болады.

Жақсы қарт өз елінің ақылшысы

Аузынан шыққан лебіз бал болады.

Кейбір қарт барған сайын пейілі қашып

Есіл-дерті дүние мал болады.

Кейбірінің өсиет сөзі де жоқ

Бет жағым пейілдері тар болады.

Көп жасап көргені жоқ біреулер бар,

Түп-тұйық көже соры жан болады.

Кейбірі сөз көтермес кекшіл болып,

Қалқына қадырсыз боп қор болады.

Кей бірі қартайғанда белсенді боп

Сумаңдап ізденгені заң болады.

Кейбір қарт ылайықты қария ғой,

Таскындар мәжілісте дариядай,

Өсиет әр нұсқадан нақыл айтып,

Қалмайды сөз жүйесін айыра алмай.

Алтынның қолда барда қадірі жоқ,

Бағасын біле алмаймыз тани алмай.

Бір туып келген жанға бір ажал бар,

Ол жағын ойлар ма екен бұл адамдар,

Ақырет сапарынан хабары жоқ

Жалғаннан өтпейтіндей бір адамдар.

Хабарын қияметтің еске алып,

Мән-жайын алымдардан сұрап аңдар.

Ұшырайды қыйындыққа каншалықты

Жалғанда ақырет қамын қылмағандар.

Тәуба қыл һақтан сұрап шүкір етіп,

Тірлікте көңіл құшын ұнағандар.

Тәубасыз тірлігінде өтіп кетіп

Жайында мақшарғаның жыламаңдар.

Сұрайық һақтан мәдет тәуба қылып

Келмегей дін карындас бірадарлар.

Ақылдан иман қашып кете алмайды,

Парықсыздар тура жолға бет алмайды.

Бақылдык мәнмәндіктің кесепаты

Мұратқа еш уақытта жете алмайды.

Жақсыны қарапайым халық білер,

Талқысы көпшіліктің анық білер.

Таниды жақсыны да ақылдылар

Жақсыға жата бермес дәріптілер.

Серіксіз панаһіміз Қадыр Алла

Өзі жалғыз мыңда бір намы барда.

Келіп тұр ертелі кеш кезегімен,

Бір ажал кеудесінде жаны барға.

Аз өмірде жан үшін қамданайык,

Еңбексіз жан рахат табылар ма?

Азырақ нақыл етіп жаздым мұны

Тыңнан сөз бір себепсіз жазылар ма?

Көрсеткім келді жұртқа өнерімді,

Алланың тілге берген бағы барда.

Қатесі болса жұртым кешірерсің,

Сөзімнің жетілмеген қамы бар ма?

Мубада қате кетсе тіл жазықты

Ұнамсыз болып жүрсе базыларға.

Әркімде-ақ қате болар бірлі-жарым

Таба алмас әр жұмыстың бәнде бабын

Есітіп әңгімені тыңдаушының

Білгісі жазушының келсе намын,

Тұрағым Сыр бойында дәштің елі,

Салтына өз ортамның бағынамын.

Адастырма деп айтып тура жолдан,

Дайыма жаратқанға жалынамын.

Әулетім сейітқожа Хұсайыннан

Белгілі өз жұртыма ақын Арын.

Суретті салған  Серікжан Ысқақбекұлы

Таңбалар

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған