Сыр-сұхбат

Қағбада көрген қара кісі

Сайын Назарбекұлы

Қазақстан Журналистер, Жазушылар одақтарының мүшесі, белгілі абайтанушы, дінтанушы Бейбіт Сапаралының ұйымдастыруының арқасында  2003 жылы Сауд Аравиясының патшасы Фахд ибн Абдул-Азиз Аль Сауд Қазақстанның 15 азаматының кіші қажылық сапарының шығынын өз қаржысымен көтерген екен. Біз, сол қажылық сапарда, әр мұсылманның арман сапары кезінде, сол ел патшасының қонағы дәрежесіндегі адамдардай қабылданып, құрметтеліп едік.

Біздерді тура Қағба қасындағы ең жақын қонақүйге орналастырды. Қасымызда екі аудармашы. Астымызда ешкім тоқтатпайтын екі машина.  Олар біздерді барлық діни қасиетті орындармен де, қаланың көрікті жерлерімен де таныстырумен болды.

15 күнге созылған бұл сапарға (Мекке мен Мединада) Бейбіт мырза мені де қосқан екен. Абай аулының баласы ғой. Менің Абай-Шәкәрім кесенесін салғаным үшін көрсеткен ықыласы болар. Оған осы ықыласы үшін мен де ұдайы оның жолына ақ тілеуімді тілеп, алғысымды аямай келемін.  Бұл умра қажылық сапар менің өмірімдегі ерекше кезең болды.

Араб еліне ұшып бардық. Алдымен ихрамға кірдік. Қажылық міндетін өтеуші адам изар (кеуде жағыңды орайсың) және рида (бөксе жағыңды орайсың) деп аталатын екі бөлек матадан тұратын киім киеді (матаға оранады). Ол киімді «ихрам» деп атайды.

Кағбаны жетi айналып тәу еттік…

Сафа мен Маруа арасында жүгірдік (сағий жасадық)…

Арафада тұрдық…

Мұздалифада түнедік… Әр елдің өз орны болады екен. Бірақ ол кезде  Қазақстанның өз үйлері болмады да біздер басқа бір мемлекет туы астында түнеуге тура келді…

Шайтанға тас аттық…

Не керек бізге бәрін көрсетті. Бәрін орындауға мүмкіндік жасады. Пайғамбарымыздың жауларынан жасырынған Сәуiр үңгіріне де алып барды.

Пайғамбарымызға уахи түсетін Хира тауындағы үңгірді де көрдік…                  Бәрі есте. Ештеңе ұмытылар емес…

Бейбіт Стамбулда Меккеге бара жатқанда біздерді Түркияның баспасөз қызметкерлерімен кездестіріп, қайтып келе жатқанда Стамбулда діни медреселерде оқып жүрген 90-ға жуық қазақ шәкірттерімен кездестіріп еді.

Кездейсоқ оқиғалар да болып жатты. Хафиз Матаев ағамызды жоғалтып алып бір састық. Қайрат бауырымыз Қағбада жүріп дәрет алған жеріне сағатын тастап кетіпті. Екі сағаттай уақыттан соң іздеп барса біреулер сондай ұмытылған заттарды тапсыратын жерге тапсырыпты. Сағатты тапсырған мұсылманның ниетіне риза болдық.

Біздерді азаншының бөлмесіне апарып азаншымен таныстырды. Ол бізге азан туралы біраз деректер айтты.

Азан сөздері пайғамбарға емес хазрет Омарға түскен екен. Азан бес уақыт намаз уақыттарының кіргенін хабарлайды. Жаңа дүниеге келген сәбиге есім қояр кезде де құлағына азан оқу ата-ана міндеті дейді.

Ислам тарихында алғашқы азанды Медине қаласында хазірет Біләл шақырыпты…

Құран Кәрімді шығаратын баспаханаға, Қағбаның сыртын қаптайтын матаны тоқитын шеберханаға да алып барды.

Атақты діни тұлғамен кездесу де болды. Кездесуге келген шейх біздерге аудармашы арқылы көп әңгіме айтты. Ішіміздегі жасы үлкен  Шотекең, шыдамсыздау Шота Уалиханов ағайымыз: «Бұл шейх бізге ақыл айта бергенше үйіне қонаққа шақырмай ма екен?», – деп, қойып қалмасы бар ма. Сол сөзге күлгендеріміз де болған. Шейх аудармашысымен сөйлесіп жатты. Аудармашы оған болған жағдайды айтып берген болар. Бір күннен кейін әлгі шейх бәрімізді үйіне қонаққа шақырды.

Сол кезде Сауд Аравия елінің патшасы өзін «Екі қасиетті мешіттің сақтаушысы» деп атайды екен. Бізді үйіне қонақ еткен шейх Сауд Аравия патшаның екі мешіт жөніндегі орынбасарының орынбасары болып шықты. Бұл ол елде өте жоғары дәрежелі лауазым деп түсіндірді, аудармашылар.

Сол шейхтың үйінде қонақ болдық. Алдымен бір ұрттам кофе, артынан жерге дастархан жайып шай берілді. Мен тура шейхтың оң қол жағында отырғанмын. Дәмдерін жеп, әңгімелерімізді айтып мәз болып жатырмыз. Бір уақытта шейх орнынан тұрды. Сөз айтайын деді ме деп оған қарасам ол өз дастарханын аттап есікке беттеді. Мен сасып қалып: «Мына тамақты енді қалай ішіп-жейміз» – деппін.

Бір қой етін түгел асып қонақ асын берді. Ет соншалықты дәмді дайындалған екен. Сорпасына бірдеңе қосқан болар, жілік сүйектері сап-сары болып кеткен. Кісілерді екі табаққа бөліп отырғызды. Бірінші табаққа үйітілген бас қойды. Басты Шота Уалиханов ұстады. Бірақ үлкен табақ басты да келістірмеді, ет жеп те келістірмеді. Еттен аздап ауыз тиіп шейх бастап орындарынан тұрып сыртқа беттеді. Ас қайыру, құран оқу деген болмады. Көптеген ауыз толтырып ет шайнамаған біздерге етті тастап кету қиын еді. Мен жігіттерге «мына табақты босатып кетелік» дедім. Олар келісті. Жеті- сегіз қазақ бір қойдың жарты еті. Табақты бос қалдырып, асымызды қайырып біз де далаға шықтық. Шейх біздің тындырған шаруамыздан хабардар екен, маған тамақты таусып жеген үлкен сауапты іс деп еді.

Біздерді машинамен қыдыртқандықтан бос уақыттарымыз да болып тұрды. Мен сондай кезде Қағбаны сырт жағынан бір айналып қарап шықтым. Ұмытпасам Қағбаның сыртқы  қабырғасында 149 есік санаған секілдімін.  Бір рет Қағбаға барғанда аяғыма киіп барған киімімді таба алмай, қонақ үйге жалаңаяқ қайттым. Талтүс еді. Көшеге төселген түрлі тастар жанып тұр.  Қонақүйге жеткенше аяғым күлбіреп күйіп қалған еді.

Қағбаны тек өзің үшін емес басқалар үшін де айналуға болады дегенді естіп түнде ұйқыдан оянып кеткен кезде Қағбаға барып жеті айналып келіп жүрдім. Әке-шешем үшін деп, Мәті бабам үшін деп…

Атағы ұмыра қажылық аталғанмен көргеніміз бен түйгеніміз көп болды деп ойлаймын…

Қағбаның ауласына кіргеннен бастап сен басқа адамға айналасың. Шұбырған мыңдаған адам. Бір артық сөз жоқ. Бір түсініспеушілік жоқ. Тек қана бір рет біреу біреудің аяғын басып кетіп, анау ренжіп бірдеңе деді. Сонда үшінші қажы оған қарап «сабыр қажы, сабыр» деп еді. Сабыр деген сөздің қазақ сөзі емес екенін сонда білдім…

Бәрі әсерлі еді. Әсіресе менің өзіме кездескен бір оқиға тым ерекше әсер қалдырды… Бұл оқиға маған Қағбаны түнде айналатын әдетім кезінде кездесті…

Шексіздік мәселесін Қағбада айналып жүріп түсінесің. Басы да жоқ, аяғы да жоқ Қағбаны айналып жүрген зияратшы қажылар. Күннің 12 сағатында, айдың 30 тәулігінде, жылдың 360 күнінде бір толассыз Қағбаға зияратқа келген адамдар шеруі… Ол жерде тоқтап тұру мүмкін емес. Қажылар легі сені өзімен бірге өзіңді де, мынау өмірге деген сезіміңді де алып кетеді, билеп кетеді. Бірінші айналысты сырттан бастап бірте –бірте Алла үйіне жақындай түсесің. Менің де жақындап қалған кезім еді. Жүріп емес жатып алып жылжып бара жатқан бір кісіге көзім түсті. Жұрт бір-біріне жол бере ығысып айналып өтіп жатыр. Мен тура келіп қалдым да бұрылмадым… Жолды адымдап емес, қарыстап та емес,  елілеп қысқартып келе жатқан бір пенде.

Екі шынтағын кезек ілгері созып, өз денесін сүйретіп келеді. Оны мен ешқашан ұмыта алмаспын. Күніне бес уақыт намаз оқимын.  Жайнамаз бетіндегі Қағба суретіне көзім түссе болды, әлгі қара жігіт анық көзіме  елестейді. Оның қозғалысын сөзбен бейнелеу мүмкін емес секілді. Ол жүріп келе жатпайды. Ол еңбектемейді де. Ол жорғаламайды. Ол деп біз оның екі қолын қабылдай алсақ онда оның екі қолы өз денесін сүйреп келе жатады.  Оң аяғының аздап жаны бар секілді. Тізесімен тіреп екі қолы денесін тартқан кезде денені аздап итереді. Қолдарына көмегі бар секілді. Ал оң аяғы тым ұзын, ұзақ жылдар осылай қозғалғасын ұзарып кеткен болар. Сүйретіліп, солақтап жатты.

Біраз уақыт оның артынан ермек болдым. Байқаймын оны қамқорлап жүрген ешкім жоқ секілді. Біршама уақыттан кейін ол мені байқап қалған екен. Артына бір қарап қойды. Мен ыңғайсызданып көпшілік арасына жасырынғым келді де, адамдар легі ілгері алып кететін болғасын қайтадан артына ердім. Ол жерде тоқтап тұра алмайсың. Шұбырып жатқан халық сені тұрғызбайды. Тек қана әлгі қара жігітті байқағандар сәл ығысып бір-біріне жол бере өтіп жатты.

Ол бір кез жылжуын тоқтатып тағы маған басын бұрып қарады. Кісінің соншалықты қара терісі болатынына сол жерде таң қалдым. Ол аппақ  тісін жарқырата маған күле қарап сәлемнің ишаратын жасады. Мен сасып қалып «сәләматсыз ба» деппін.

Көзі қандай әсерлі еді десеңізші. Көзінің ағы жаңа жауған қардың ақтығы дерсің. Ал көзінің қарашығы кәдімгі сәуле шашып тұратын  қара маржан түсі.

Өңі де адам шошырлық емес. Тура қарап көзі маған түскенде бет-аузына күлкі жүгіріп, бір керемет мейірмен басын изеп, сәлемдесудің ишаратын жасады. Сол кісінің сондай мейірлі жүзі естен кетер емес.

Мен қазір о кісіні күніне кем болғанда бес рет еске алатын болып алдым. Намазға жайнамаз жаямын. Оның бетінде Қағба көрінісі. Суретті көремін де әлгі жігітті көзіме елестетемін.

…Бұ тірлік иелерінің ең сорлысы,  тағдыр қаһарына ұшыраған ең бақытсыз жан осы болар… Бұл біздің оның артынан еріп келе жатқандағы ойымыз…

Бір таңғажайып нәрсе: осы шақта менде сол Қағбада кездескен қара кісіге деген аяныш сезімінен гөрі оның сеніміне деген таңданыс сезімі басымырақ секілді. Оның бетіндегі күлкі, жүзіндегі мейірім тағдырына қарғыс жаудырар кісінің сойы емес. Ол ең болмағанда осы денсаулығымен қажылық міндетін өтеген мұсылманның өзіне деген ризашылық сезімі болар ма? Осы денсаулықпен арманын іске асырған нағыз мұсылманның өз ісіне деген мақтаныш сезімі болар ма?..

Кеудесін оң шынтағының үстіне тарта сала ол сол иығының үстімен артына қарады. Маған көзі түскен кезде езуіне күлкі оралып, қарақат көзі бір әдемі жылылық тарата басын изеді. Білегі мен алақанына қап киіп алған. Сол қолын сәл көтерім менімен сәлемдескендей болды…

Мен абдырап қалдым. Бір мүсәпірді елестетіп тұрған көзім өзі-өзіне риза, бойында орындалған арманына деген қуанышы бар, жеті мүшесі түгел жандарға күлкі сыйлай алатын бір жайдары жанды көріп тұрмын…

Жоқ! Бұл әлгіде мен мүсіркеген мүгедек емес. Әлгіде ғана мен көзіме елестеткен жан емес. Мынау өзіне-өзі риза жанның, басқаның көңілін тани білетін, сезіміне сезіммен жауап қайтара алатын адамның бет-жүзі…

Мынау Алласына ғашық, сол жолда ештеңені елең етпейтін, ештеңеден тайынбайтын мұсылман қылығы…

…Ойланып келемін. Жайдары жүз… Жылу шашқан қарақат көз… Басқаны бауырына тартар әдемі күлкі… Тағдырына бойұсынған, ауыр азап шаршатын Алласына деген  сүйіспеншілігін жоғалтудың орнына арттыра түскен, өз ертеңінен үмітті сезімді жан…

Яссауи бабамыз айтатын нағыз ғишқ сезімді мұсылмын…

…Бұ күнде сол қара кісі менің оқып тұрған намазымның имамы секілді боп, екі шынтағын кезек-кезек ілгері салып, сол тізесімен сәл демеп Қағбаны адамдап емес, сантиметрлеп айналып бара жатады…

Сол сапарда мен Қағбада көрген қара кісіні Пір тұтып қайттым.  Көкірегіне ертеңіне деген сенім ұялатқан, жүрегіне Алласына деген таза сағыныш сүйіспеншілігін ұялатқан пендені Пір тұтып келіп едім.

…Сол сапардағы басты табыстарымның бастысы да осы болған секілді көрінеді…

Жүзінде табиғат зорлығына деген бір қиналыстың, тағдыр қорлығына деген бір өкініштің, Жаратушыға деген бір өкпенің ізі болсайшы…

Ол мені езуіндегі сол күлкісімен, бет-әлпетіндегі сол жылы шырайымен әлі жұбатып келеді… Ол менің қамқоршым болып алды…

Сексен жақын қалды. Бұ дүниедегі жасандылықтан жалығып кеттім…

…Шіркін маған тура қараған біреу сол Қағбаның қара кісісі секілді бір күлкі сыйласа ғой…

…Сыйлап та жатқан болар, байқамай да қалатын болармыз…

 

                                                                  Астана, 2018 ж.

 

 

 

 

Таңбалар

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button
Жабу