Ғалымның хаты

Тағдырлы тұлғалар

Адамзаттың Айтматовы мен Қазақтың Қалтайының 90 жылдығына орай

Жазушының мұрасын жинақтаушы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік  университетінің профессоры.   Қ.Мұхамеджанов кітапханасының ғылыми кеңесшісі Қазбай Құдайбергеновтің жазушы туралы зепттеулерінен.

Әлемде қанша халық болса, сонша тағдыр бар. Бір қаптан, бір саптан шыққанмен, егіздердің де, үшемдердің де тағдырлары тоқайласа бермейді. Демек, олардың тоғысуы өте  сирек кездесетін құбылыс. Әңгіменің арқауына негіз етіп отырғаным әлем таныған тұлғалар:Адамзаттың Айтматовы мен Қазақтың Қалтайы. Екеуін тоғыстырған олардың татымды таланттары мен бір-біріне ұқсайтын, бірін-бірі қайталайтын, толықтыратын тағдырлары.  М.Әуезов: «Абайдай данышпанды танып білу үшін оның туып өскен-ортасын, ататек, туысын танып білмей болмайды» деген екен. Жоғарыда атаған қос тұлғаларды танып білуде ұлы Жазушының осы айтқанын бағдаршам ретінде пайдаланғанымды зерделі оқушым түсінер.

Белгілі сыншы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Сайлаубек Естайұлы Жұмабек «Қалтай Мұхамеджан Титан драматург» атты кітабында (Алматы: «Өнер» баспасы, 2007.) көрнекті композитор, ақын Кенен Әзірбаевтың «екі өркеші түйенің, екі емшегі биенің» дейтін қазақ пен қырғыздың яғни Қалтай мен Шыңғыстың шығармашылық тығыз байланыстарының себептеріне тоқталады. Автордың келтірген уәждерінің – ұлы Мұхтардың оралымды ойларына саяды.

Сонымен екі тұлғаны:Шыңғыс пен Қалтайды табыстырған себептер пәлсапа тілімен айтқанда қажеттіліктен туындаған кездейсоқтықтар қандай? Біздің ойымызша олар төмендегілер.

Біріншіден, Шыңғыс пен Қалтай нағыз берекесіз 1928 жылдың, желтоқсан айында өмірге келген түйедей құрдас тұлғалар. (Шыңғыс 12 желтоқсан, Қалтай аға – 24 желтоқсан). Осы жылы Шыңғыс Қырғызстанның Киров ауданына қарасты «Шекер» қышлағында, ал Қалтай аға Сырдария ауданының қазіргі «Шіркейлі» аулында (бұрынғы «Қызыл жалау») дүниеге келген. Иә, отызыншы жылдардың аштығы, одан кейінгі репрессия Шыңғыс пен Қалтайдың уызынан ана сүтіне жарымай өсуінің басты себептері. Аталған қиыншылықтардың бәрінің бүлдіршін, сәби кездің ащы дәмін татқандардың  сапында болғандар да осы екеуі.

Екіншіден, Шыңғыс та, Қалтай да 1937 жылғы қуғынға-репрессияға ұшыраған «Халық жауларының» перзенттері. Шыңғыстың әкесі – Төреқұл Айтматов (1903-1938ж.) Қырғызстандағы алғашқы коммунистердің бірі. 1919 жылы Әулие-атаның рейальды училищесін бітірген. Қырғызстан Компартиясы Орталық Комитетінің 2-ші хатшысы, Сауда халық комиссариаты сияқты жоғарғы лауазымды қызметтер атқарған.  Алаштың арыстарының басына төнген нәубет оны да қанды құшағына алып, 1937 жылы репрессияға ұшырап, 1938 жылы жазықсыз атылады. Анасы – Нағима Хамзақызы Абдулвалиева ауқатты оқыған татар көпесінің қызы.  Өте сауатты жан-жақты, талантты актриса болған. Білімді отбасынан шыққан Шыңғыстың жастайынан өзінің ана тілінен басқа орыс тіліне де жетік, зерек болғандығы,  кейінгі шығармаларына зор әсер еткен. Сондықтан да Шыңғыс шығармалары Қырғыз, орыс тілдерінде толассыз өмірге келіп жатты.

Ал Қалағаңның әкесі – Мұхамеджан Нұрекеев (1887-1937 ж.) қыз бен жігіттің жұмбақ айтысының негізін қалаған Күдеріқожа Көшекұлының (1820-1858 жж.) тікелей үшінші ұрпағы. (Күдері-Нарбота-Нүреке). Жастайынан өте алғыр, зерек, құйма құлақ Мұхамеджан (1888-1937жж.) алдымен әкесінен діни сауатын ашып, сегіз жасында Тапал ахунның (Нұрмағанбет) жолдамасымен Бұхарадағы әйгілі Мир-Араб-Көкілташ медіресесін үздік бітіреді. Сопылық дәреже алып, елге оралып халықты сауаттандырады. Табын ағайындардың ішінде кейінірек, 1926-1929 жылдары Жаңақорғандағы Айқожа ишанға салдырған «Ақтас» мешітінің бас имамы болып, шәкірттеріне ғылымның әр саласынан дәріс оқиды.

Мұхамеджан атамыздың Кете Жүсіпке жазған жұмбақ өлеңдері, әйелдер мінездері жайлы толғауы тағы басқа шығармалары Республикалық «Сырдария» Альманағында жарияланды. (№ 2, 2010 ж.).

1932 жылғы аштықтың қыспағына шыдамаған Мұхамеджан ата үлкен ұлы Әбиболла мен Қалиолланы (Қалтай) алып, Шарипа анамызбен Қырғыздың Ош қаласына жақын «Дәргөмір» деген жерден пана табады. Сонда кенже ұлы Қырғызбек (Ибрагим) дүниеге келеді. Өмірдің ауыртпалығынан туындаған осы бір қажеттілік Шыңғыс пен Қалтайдың тағдырларының болашақта табысуының бастамасындай көрінеді маған.

Кеңестік билікке, оның идеологиясына тікелей қарсы жазылған ақын Мұхамеджан атаның «Заман-ай» атты саяси мазмұндағы өлеңі «үндеместердің» қолына түсіп, тұтқындалып «халық жауы» ретінде 1937 жылы Шыңғыстың әкесінен бір жыл бұрын жазықсыз атылады. Қалағаның көп жылғы ізденісінен кейін 1955 жылы қызметінде қылмыс белгілері жоқ деген шешім шығып, 25.03.1996 жылы толық ақталады.

«Халық жауының» балалары деген жексұрын аттың азабын көрген Шыңғыс пен Қалтайдың рухани күйзеліске толы күндерін санап жату мүмкін де емес. Қар жауды. Тобан аяқ болып мектепке кешігіп бардым. Мұғалім: – А, халық жауының баласы неге кешігесің? деді де, екі қолыма екі кірпіш көтертіп, қабырғаға қаратып сілейтіп тұрғызды да қойды. «Халық жауы» дегеннен үрейленіп, балалар менімен ойнамайтын», – деп өксікке толы өкінішпен өткенін еске алатын, қайран Қал ағам!

Үшіншіден, – Шыңғыс та, Қалтай да әкелерінен ерте айрылып, қанша қиындықтар болғанмен, ананың аяулы құшағымен жылынып, еңбекке ерте араласып, жасынан ерте есейгендер. Шыңғыс әкесі атылып кеткеннен кейін анасы Нағимамен нағашы атасы Хамзаның қолында тұрады. Он жасынан еңбекке араласқан ол туған қышлағы «Шекерге» келіп, 1942 жылы 14 жасында  ауылдық кеңес хатшысы болады. Орыс тілін жақсы білетін бала Шыңғыс бүкіл ауылдағы майданнан келген хаттарды саралап, оның қуанышты хабарлары барын жеткізуге асығатын. Ал «Қара қағаздарды» иесіне тапсырудан қиналып, үлкендермен ақылдасып, отбасына естіртпей кейінге қалдырып отыратынын еске алады. Дәл осы уақытта Тереңөзектің «Қызылжалау» колхозында хат тасушы болып жүрген Қалтай аға да дәл осындай күй кешетін-ді. Шыңғыс 8 сыныпты бітіргеннен кейін, Жамбылдың мал дәрігері – зоотехникалық техникумының «ветеринария» бөліміне түсіп оны ойдағыдай тәмамадап, Фрунзедегі (Бішкек) ауыл шаруашылығы институтында оқиды. «Жетім» деген жегінді атқа жегілген Шыңғыс өз баспанасы болмаған соң, кәдімгі болашақ шығармасы «Ана-Жер Ананың» бас кейіпкері Толғанай апаның үйінде тұрады. Мамандығы журналистика, әдебиет ауылынан алыстау болса да, Шыңғыс мазмұнды қызықты шағын әңгімелерімен, ой толғаныс, тебіреністерімен баспа бетінен көріне бастайды. Ауыл шаруашылығы институтынан кейін Мәскеудің М.Горький атындағы институтының Жоғарғы әдеби курсын аяқтауы, Шыңғыстың әдебиет атты қиындығы мен қуанышы қатар жүретін ұзақ сапарлы соқпаққа түсуінің кепілі болғандай.

Осы кезеңде одақтың ең беделді «Октябрь», «Новый мир» журналдарында әңгімелері, ал соңғысында «Жәмила» повесі жарияланады. 1959 жылы «Жәмила» атақты Луи Арагонның  тәржімасымен Парижден бір-ақ шығады. Сөйтіп «Шекер» атты Қырғыздың шағын қышлағынан сапарын бастаған «Жәмила» бүкіл әлемді аралап кете барады. Ұлы Мұхтар Әуезов жас Шыңғыстың алғашқы аршынды адымына құтты қадам тілеп, талай үлкен жиындарда мақтаныш сезіммен, әкелік мейіріммен сәт сапар тіледі. Оны жан дүниесімен сезінген Шыңғыс кейінгі шетелдік сапарларында: – Сіз қайдансыз? – дегендерге: – Менің екі паспортым бар, біреуі Манас, мен Манастың еліненмін, екіншісі Әуезовтің туған жеріненмін, -дейді екен. Қалтай ағаға да әкесіндей қамқор болған Әуезов сол кезде-ақ қос таланттың тағдырларының болашақта тоғысатынын топшылағандай. Бұл ұлылық емей не? Осы жылдары «Повести  гор и степей» повестер жинағы үшін Шыңғыс Айтматов Ленин сыйлығының иегері болды.

«Халық жауының баласы» деген жексұрын мөрді ерте иемденген Қалтай ағаның да тағдыры Шыңғыс тағдырының көшірмесіндей. Қалағаңның аз сөзімен айтсақ:«…Шешем 1972 жылы 69 жасында қайтыс болды. Олардан қалған 7 баланың төртеуі айдау сүреңде қаза тапты. Үлкен ағам – 1925 жылы туған, Ұлы Отан соғысының мүгедегі. Інім – 1934 жылы туған, мұғалім. Өзім ауыл мектебінде оқыдым. Мен бесінші класта оқып жүргенде соғыс басталды. Одан кейінгі оқуда береке болмады. Тиіп-қашып оқып, колхозда қой бағып, почта тасып дегендей тіршілікпен жүріп, соғыс бітісімен оқуға аттандым. 1945-1947 жылдары Қызылорда педагогикалық институтында, одан Ташкент қаласында А.Н.Островский атындағы театр өнері институтында,  Москваның А.Н.Луначарский атындағы ГИТИС-ті   бітіріп, театр тарихы мен теориясының маманы болып шықтым. Әдеби сапарым 1950 жылы М.Горькийдің «Мещандар» драмасын аударудан басталды. …Шамасы еңбегім ескерілген болу керек, 1971 жылы «Құрмет белгісі», 1978 жылы «Халықтар достығы» орденімен марапатталып, 1992 жылы ҚР Президентінің жарлығымен «Республиканың Халық Жазушысы» деген атақ берілді.

Қазір «Түркістан» атты  халықаралық газеттің Бас редакторымын. Бір қатыным, екі балам, үш немерем бар. Осы байлыққа шүкіршілік етіп отырған жағдай ғой», – деп қысқаша қайырыпты.

Ия, қақтығыспен қалыптасқан қайсар тұлға – Қалағаңның да «Халық жауының баласы» деген атағының салдарынан, оқуын Қызылордадан бастап Ташкентте кейін Мәскеуде аяқтауында көп сырлар жатыр. Бірақ әрбір жамандықтың аржағында жақсылықтың жасырынып жататыны пәлсапаның (философия) бұлжымас заңы. Шыңғыс ағаның да әдебиет әлеміне Мәскеу арқылы шығуы қос тұлға тағдырларының толассыз сәйкестігінің бір көрінісіндей.

Шыңғыс пен Қалағаңның шығармашылық байланысы «Көктөбедегі кездесуге» (1972 ж.) дейін-ақ басталған. 1964 жылғы Қалағаңның аудармасымен қазақ сахнасына жол тартқан «Ана-Жер Ана» («Құс жолы» повесі бойынша) драмасы талай қазақ  өнер қайраткерлерінің бақытын жандырды. Драманы сахналаған Әзірбайжан Мәмбетов, Толғанай ролін сомдаған Сабира Майқанова, Ыдырыс Ноғайбаев т.б. жоғарғы мемлекеттік дәрежедегі сыйлықтар мен марапатталғаны, «Ана-Жер Ана» драмасының көркемдік деңгейін төмендетпей көрерменге жеткізген Қалтай ағаның аудармашылық шеберлігін көрсетсе керек. Шыңғыс ағаның «Атадан қалған тұяқ», «Ақ кеме»т.б. шығармалары да Қалағаң аудармасымен  бізге жеткені белгілі. Жалпы әлемдік әдебиет классиктерінің Қалекең аударған шығармаларының жалпы көлемі 20 томнан асады екен.  Соған қарағанда әлем әдебиетінің жаухарларынан сусындаған қазақ оқырмандарының санын қазір айту мүмкін емес-ау!

Төртіншіден, екеуі де шығармашылықтарын өткен ғасырдың   50 жылдарында бастап, әдебиет пен драма жанрына қатар қадам басқандар, екеуі де ұлы Мұхтар Әуезовтің ақ батасын алғандар. Соның нәтижесі болар «Бөлтірік бөрік астында» атты комедиясы арқылы –Қалағаң әуелі республика кейіннен Одақ көлемінде (1959) танылды. «Жәмила» повесі арқылы –прозашы Шыңғыс әуелі Одақ көлемінде кейін дүние жүзіне танылды. Екеуінің де шығармашылық географиясының қарыштап  кеңеюі бір жылға сәйкес келеді. Шығармашылық байланыстарының ең биік шыңы таланттардың «Көктөбедегі кездесуі» (драма,1972). Қалған уақыттағы өмірлері бір-біріне Көктөбе шыңындай шынайылықпен, адал достықпен  өткендігі де көпке мәлім.

Аталмыш пьесаның өмірге қалай келгенін Шыңғыс-аға өзінің «Менің Қалтай досым» деген мақаласында мейлінше қысқа әрі нақты әңгімелеген. Ол Қалтай пьесаның алғашқы қазақша нұсқасын жазды, ал мен оны орысшаға аудардым дей келіп, драма жанрындағы Қалағаңның талантын жоғары бағалайды. 1972 жылы КСРО-ның 50 жылдығына орай Мәскеудің «Современник» театрында  қойылған бұл пьеса бүкіл әлемді аралап, тек 3 жылдан  кейін ғана (1975ж.)  М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрында сахналанды. Ал оның мәтінінің 1978 жылы  Қалағаңның таңдамалы екі томдығында ғана алғаш жариялануының, Шыңғыс Айтматовтың жинақтарына енбеуінің себептері 1988 жылы яғни пьесаның 16 жасқа толған кезінде ғана, әлем сахналарын аралап кетсе де Ленинградтан шығатын «Аврора» журналының №8 санында жарияланған Юрий Медведевтің «Пьесаның жаңа ғұмыры» деген мақаласынан кейін мәлім болғаны анық. Ия, оны тәптіштеп баяндау бізді ұзын сонар соқпаққа жетелеп кетер. Осымен тоқтайық. Бірақ бір шындық: Шыңғыс та, Қалтай да «Халық жауларының» ұлдары, екеуі де Кеңестік дәуірдегі «әттегенайларды» ойлы оқырманға «жіңішкертіп», аржағын «ішің білсін» деген сауалмен әрқайсысына ой тастап тамаша шеберлікпен жеткізген тума талант, дарын иелері.

Бесіншіден, Шыңғыстың да, Қалтайдың да шығармаларының, бірін-бірін тартатын магниті – оқиғалардың барлығы дерлік ауылы аралас, қойы қоралас көрші тұрған, тағдырлас қазақ – қырғыз жерінде өтетіні. Мысал ретінде Шыңғыстың алғашқы романы «Боранды бекет» (1980), «Жан пида» (1988) романдарын алсақ та жеткілікті. «Боранды бекет» романының жазылу тарихы, оның сюжетіне түрткі болған жайды экономика ғылымдарының докторы, академик Бақберген Сәрсенұлы Досманбетов Шыңғыс Айтматов Люксембургте елші болған кезіндегі 2 рет болған кездесуіндегі өзара әңгімелері арқылы жақсы жеткізіпті. Жетпісінші жылдары пойызбен Шыңғыс Мәскеу жақтан келе жатқанда, Қазалы стансасынан қырғызға ұқсас қазақ отырған битаныс шалдың әңгімесін негізге алып, «Боранды бекет» повесін жазған. Б.Досманбетов «Сүйем сені, Сыр елі» атты өмірбаяндық деректі кітабында Шыңғыс ағаның сөзін былайша баяндайды:  – Міне, сол шал Төретамға дейін 1,5 сағат ішінде «Боранды бекет» романының жалпы желісін айтып берді. Ал мәңгүрт туралы аңызды Қырғызстанда жүріп естідім. Қара Нарда сол  шалдікі, боранды бекет те, жолшыны айналдырған түлкі де, Найман Ана бейіті де – шалдың дерегі. Егер ғайыптан кездескен қария «Диірмен төбенің» адамы болса, «Боранды бекетті» менің ауылым деп иемдене беруіме болады? Ия, көріп отырғанымыздай  Шыңғыс ағаның әлем халқының көптеген тілдеріне аударылған қазақ жерінде болған оқиғаларды баяндайтын екі романы арқылы қасиетті қазақ халқының аяулы тағдыры, тәжірибе полигонына айналған ұлан-байтақ жерінің ауасының экологиялық бұзылуы, ұрпақтан-ұрпаққа  кететін жазылмас зардабына мегзейді. Оны қазір сезініп жатқанымыз да бұлжымас шындық. Осы шығармалары арқылы ұлы жазушы бүкіл әлемнің назарын қазақ елінің қасіретіне шебер аудара білген.

Кейінгі жылдары (1964, 1967,1969 жж.)  биік лауазымына қарамай Шыңғыс Айтматов Қызылордада бірнеше рет болып, Қалтайдың анасы Шәрипа әженің батасын алып, Қалекеңнің туысы Махамбетов Аралбай ағамен де достасып кетеді. 1973 жылы оның науқасына дауа іздеп Қырғызстанның Тоқмақ ауданында тұратын шөппен емдейтін емші дуанға Қалтай ағалармен бірге Шыңғыс аға да барады. Ұлы тұлғалардың шығармашылық байланыстарының туыстық деңгейге көтеріле бастаған кезі болатын ол уақыт.

Айта кету керек екі арыстың да ерен шығармашылық еңбектері елеусіз қалған жоқ. Ол тарихтың туралығы. Жүректері соғып тұрғанда екеуі де жоғарғы деңгейдегі лауазымдар мен марапаттардан кенде болмады. Қалағаң оларды қысқаша өмірбаянында  айтқанын атап өттік. Ал Шыңғыс аға туралы оның үш мәрте мемлекеттік сыйлықтың, Лениндік сыйлықтың лауреаты болғанын, Социалистік еңбек ері екендігін  айтсақ та жеткілікті.

Мәскеуде өмірден озған ұлы Мұхтардан кейін 40 жыл өткенде (2001 ж.) әкесіндей  болған ұлы жазушының өмірден озған қаласында Қалағаң да бұл фәни дүниемен қоштасты. Оны бақилық сапарға шығарып салуға арналған Алматы қаласы жұртшылығының қаралы жиынында (11 мамыр 2001 ж.) Шыңғыс ағамыз: – Дооробуздун ойдотөме жолуында берге журген, не деген узөнгуләш досымдан, 20-ғасырдың экинчи жарымын түголдөй дегенде адабиятта бирге жол құрап келген калемдеш сапарлаш шеригимнен айрылдым-деп тебіреніп, көз жасына ерік берген сәтінің куәсі болдым.

Ал жеті жылдан кейін Германияның Нюрнберг қаласында (10 маусым, 2008 ж.) адамзаттың Айтматовы да Алланың құзырына соңғы демін тапсырды. Қарап отырсаңыз, ұлылардың біразы туған топырағынан жат жерде бұл дүниемен мәңгілікке қоштасады екен. Мүмкін бұл олардың кіндік қаны тамған жерін қимайтындықтарынан болар, әлде ұлыларды кейінгілердің ұлықтай беруі керектігіне меңзейтін Алланың аяны ма?  Кім білген!

 

 

Қазбай Құдайбергенов – Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік  университетінің профессоры.   Қ.Мұхамеджанов кітапханасының ғылыми кеңесшісі.

 

 

 

 

 

 

 

Таңбалар

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жабу