Ясауи мұрасы

Қылует

Қожа Ахмет Ясауи 1157 жылдар  шамасында алпыш үш жасқа толғаннан кейін «пайғамбар жасына жеттім, бұдан әрі өмір сүруім күпірлік» деген оймен осы күнгі өзінің кесенесінен оңтүстік шығысқа қарай  жүз, жүз елу метрдей жерден жер астын қаздырып, Аллаға құлшылық ететін бір кісілік жер асты жертөле мешітін салдырады.  Күні бүгінге дейін сақталған бұл үйдің ортаңғы бас бөлмесінің кеңдігі 2+2, ал биіктігі бір жарым метрдей, яғни орта бойлы адам еркін жүре алатындай. Бөлменің екі қабырғасында шам қоятын текшелер де істелген. Ахметтің бұл жер асты мешітін жергілікті халық араб сөзімен «халуат» деп атаған. Қазіргі тарихшы ғалымдардың жазбаларында  осы сөз «хильвет» деп бұрмаланып жазылып жүр.  Міне,  алпыс үш жасқа, толғаннан кейін Қожа Ахмет бар дүниесін тәрк етіп, осы халуатына түскен.

Халық аңызына қарағанда Сайрамнан басталатын жер асты жолының бір шеті осы Түркістандағы Қожа Ахметтің халуатымен  жалғасып жатқан. Ал, кейбір деректерге қарағанда Қожа Ахмет халуатта күні бойы құдайға құлшылық етіп,  ал ымырт қараңғылығы түскен соң, өзінің жер асты мешітінен әрі қарай қазылған жолмен  Йассыдан он үш шақырым ұзап шығып, жусанды даланың жұлдызды түндерінде таза ауамен тыныстайды екен.

Халуатта  ғұмыр кешкен он жылдың ішінде Қожа Ахмет өзінің атақты «Хикмет» деп аталатын циклді өлеңдерін жазған. Ақын өзі бәйіттерінде:

Құл Қожа Ахмет әрбір сөзің дертке дәрмен,

Тәліптерге баян етсем қаламас арман.

Төрт мың төрт жүз хикмет айт хақ пәрменімен,

Пәрмен болса, өлгенше жырласам мен, – деп даналық сөздерінің 4 мың 400 екендігін ескерткен. Бірақ өкінішке орай, шайырдың  «даналық сөдерінің» түпнұсқасы сақталмаған. Ал бізге жеткен  нұсқалары ХҮ және ХҮІІ ғасырларда көшірілген нұсақалары ғана.

Әбсаттар қажы Дербісәлі, шығыстанушы

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button