Сыр-сұхбат

Қарапайымдылық пен қайырымдылықтың қаһарманы

Социалистік Еңбек Ері, мемлекет және қоғам қайраткері Исатай Әбдікәрімовтің 95 жылдығына

Исатай аға жайлы бұрында жазғанмын. Кезінде «Халық», «Сыр бойы» газеттерінде ол «шимайларым» оқырмандарға жеткенді. Енді онда не айтпақ едіңіз дегендерге жауабым:-Ұлыларды ұлықтау үшін оның рухани зертханасына үніле түсу керек?  95 жасқа толатын Исатай аға жайлы жастар үшін айта алмаған дүниелерде баршылық екен. Бізден кейін де аға жайлы айтыла берер,  бірақ өзім түйсінген көп қырларының біріне ғана: қарапайымдылығы мен қайырымдылығына тоқталайын деген оймен қолыма қалам алдым. Оның үстіне талайлардың қыршын өмірін қиып кеткен, кешегі Отан Соғысына басынан аяғына дейін қатысып, полктің парторгі болған, екі рет артынан «Қара қағаз» келген, запастағы полковник біреудің жалғыз боздағы Исатай аға жайлы жеңіс айында неге айтпасқа ?.

1923 жылдың 15 мамырында Жаңақорған ауданының «Өзгент» ауылдық кеңесінде дүниеге келген Исатай аға Қызылорда педагогикалық иститутын, КПСС Орталық комитетінің Жоғары партия мектебін, Гидротехникумды, Ауылшауашылық институтын тәмамдаған. Сөйтіп: оқытушы, партия қызметкері, техник-гидротехник, ауылшаруашылығы мамандықтарын иеленген үлкен жүректі, еліне ерең қызмет еткен қоғам қайраткері.

Жұбайы Үмігүлсім Мамбетқызымен өмірге бес перзент әкеліп, көптеген немерелерінің қызығын көріп өткен: ұлықты ұл, жігерлі жігіт, адал жар, ардақты әке, атпал азамат, елдің құрметтісі, қазыналы қарт болатын. Еңбек жолын «Екпінді» газетінінен бастаған ол, 1941-1945 жж. әскери мамандықты меңгеріп, полктің пария ұйымын басқарады. Жауапкершілігі мен Жоғарғы білімін, біліктілігін бірінші кезекке қойған Соғыс жылдарындағы мол  тәжірибесін жинақтаған Исатай аға соғыстан оралысымен саралы, салиқалы партия жұмысына араласады. Облысымыздың Шиелі, Қармақшы, Жалағаш аудандарын басқарып, 1972-1978 жылдары Қызылорда облыстық партия ұйымының 1-ші хатшысы, келесі жылы  Республиканың Жоғарғы Кеңесі Президумының төрағасы лауазымында болады.

Исатай ағаның КСРО Жоғарғы Кеңесінің, Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің бірнеше рет депутаты болуы. Социалистік Еңбек Ері атағын алуы, көптеген дәрежелі марапаттарға ие болуы, оның қызметтерінің аясының тек Қазақстан шеңберінде қалмай, әлемдік деңгейге  көтерілуіне ықпал еткендігі сөзсіз.

Енді басты тақырыбымыздан ауытқымау үшін Исатай ағаның қарапайымдылығы мен қайырымдылығына бұрылайық: Осы бір көп пенделерде кездесе бермейтін қасиеттердің негізінде жоқшылықтан өткен ағаның балалық шағынан бастау алатынына бек сенімдімін. Әкесімен бірге «Өзгент» өңірінде шығыр айдап, қауын, тары, бидай егіп, оларды сақпанмен қорғап, ашы терімен өзін-өзін шынықтырған жастайынан бойына сіңген еңбегі жатса керек. Кепе, қараша үй, қора-қопсы сияқты қарабайыр қазақтың көшпенді өмірімен біте қайнасқан ортадан шыққан Исатай аға ғасырлар қойнауына кетіп бара жатқан, бірақ өзі қимайтын сол бір өткен кезеңді өмірі естен шығарған емес.

Енді Исатай ағаның жоғарыда аталған үш аудандағы қызмет бабындағы таңқаларлықтай қарапайымдылығы мен қайырымдылығына экскурсия жасап көрсек. Үмігүлсім апамыз естелігінде:- Ол қалада ішіп жеген тамағынан егіншінің қосына барып шетінен сындырып жейтін таба нанды, зерен кесеге асығыс-үсігіс  құйып беретін айранды артық көруші еді-деп еске ала отырып:- Шиеліде басшы кезінде жол жиегіндегі кепеге тоқтай қалып, қауын егіп отырған диханның кепесіне кіріп, құйып берген айранды, шыбын түсіп кеткеніне қарамай, шыбынды саусағымен қағып жіберіп аяғына дейін сіміріп ішіп жібергенін айтады. Оның ерсі көрген  Үмігүлсім апаға:- Әй, Мәке мынау мидай жазы, таптаза далада ауру тарататын шыбын қайдан жүрсін ? Сырдың шыбынына дейін таза- деген жауабынан ағаның туған топырағына, оның Фауна мен Флорасына деген ақ адал, шын көңілін, ризасыз сүйетінін байқауға болады ғой.

Шиеліде 1-ші хатшы кезінде Қонысбек Қазантаев ауатком төрағасы, ал Гафур Мұхамеджанов оның орынбасары болыпты. Исекең еңбек адамдарымен сөйлескенде өте қарапайым тілмен, оны өзіне тарта отырып тапсырма беріп кете береді екен. Г.Мұхамеджанов:- Әйтеуір шаруа адамын көргенде Исекеңнің көңілі елден ерекше елжіреп тұрады. Қораны аралап жүрміз. -Шамалы шаруа бар екен, ақсақал, -дейді Исекең-қораның табанындағы қиды алып тастау керек екен. Өзіңізде біліп тұрсыз ғой -дейді Исекең. Бір жағынан ескерту жасап екінші жағынан шопанды демеп, оның еңбекке қарымын қайрап: – Қайта жолда тап таза қораңызды көріп айран көжеңізден ішіп аттанатын болайық,- дегенді Исекең. Өзін басшы ретінде жоғары қоймай, орындаушысының ойына жігерлендіретін ой тастаған Исатай ағадай басшылар көп болса деймін.

1959 жылдары Шиелі шаруашылықтарында шошқа өсіру мәселесі бірінші кезекке шыққанда, аудандағы Хан Леонти басқаратын Гигант колхазында ғана шошқа өсірілетін. Сол жылы Исатай аға арнайы семинар ұйымдастырды. Доңыз деп аталынатын бұл жануардан оның мүңкіген исінен қатысушылардың біразы мұрындарын басып, алды лоқсып жатқанда, тек Исекең ғана шошқа өсіруші кәріс қызы Эльвирамен емін-еркін сөйлесіп, онымен пікір алысты. Сонында шошқадан жеркенгендерге Исекең:-Арамызда кәрістің бір әйелі болмаса сол шошқаны сендерге баққызар еді ғой үкімет. Одан да Эльвираға рахмет айтпайсыңдар ма?. Көрдіндер ме, шошқаны аталарымыз арам дейді ғой, Эльвираның істеген еңбегі адал емес пе ?- дегенде бәрімізде ұялғандай болдық деп еске алады Гафур аға.

Мақаламыздың логикалық жүйесі ретінде облыстың үш ауданын басқарған Исатай ағаның Шиелі, Қармақшы, Жалағаш аудандарындағы, облысты және Республиканы басқарған кезіндегі қарапайымдылығы мен қайырымдылығының кейбір сәттерін еске түсірейік.

Өнер адамдарына деген ілтипаты ерекше Исатай аға туған топырағы Шиеліге қайтып келген атақты жазушы Қалмақан Әбдіқадыровтың жесір жеңгесіне қосылуына себепкер болып, Қарғалыдан «Қызылотау» құрып, соның меңгерушісі етеді. Елді көп аралайтын Қалмақан ағасынан жергілікті жерлердегі көп жәйттерді сұрап, біліп ақылдасып отыратын.

Облыстың бірінші хатшысы Мұхамедқали Сужиковтың кезінде Шиелі ауданын басқарған Исатай ағаның қарапайымдылығының сансыз куәсі болған Гафур аға Мұхамеджановтың естеліктері ерекше. Бірде облыстан келген уәкілдермен шопандарды аралағанда, әбден шаршап бір үйге түскенде, қазанға ет салып жатқан шопанның әйелінің мұрнының үстін сәл ғана жара басып, қызыл таңдақтар пайда бола бастағанынан жеркенген уәкілдер сыртқа шығып кетеді. Үй иесінің көңілін қимаған Исекең аға өзі сұрап айран ішіп, асығыс екендіктерін айтып, қайтарда соғатындықтарын ескертіп, үй  иелерінің көңілдерін аулап, уәкілдерімен шаруашылықты аралап  кете барады. Қайтарларында әбден ашыққан уәкілдерімен  түнделетіп қойшының үйіне соғып сойылған қойдың етін басымен үйден алып шығып тойғандарынша жегізеді. Осы жайлы Исатай аға: -Еңбек адамдарының алдында ұятқа қалмағаныма  шүкіршілік айтып, иығымнан ауыр жүк түскендей «уһ» деп демімді бір алдым. Дастарханға ақ жарылып ас қойған қойшының алдында уәкілдер ұятқа қалдыра жаздады-деп тебірене жазыпты. Ия, құдайдың бір аты халық деген ұстанымды ұран еткен Исатай аға билікке кездейсоқ келген  кейбіреулерден ғөрі, ағынан жарылатын қарапайым қойшыны, оның әйелін жоғары қойып отыр. Осы бір сәттің өзі аспаннан түскендей паңданатын билікке ұмтылып жүрген кейбір ойсыз, шеңкұмарларға сабақ болса керек. Осы ретте ұлық болсаң кішік бол деген Исатай ағама тән өмір бойғы тұмары болып өткен қасиетті тағылымы ойға оралады.

Шиеліден Исатай аға Қармақшы ауданына басшылыққа (1962-1965ж.ж.) келеді. Сол жылдары Д.А.Қонаев келіп ауданды аралап, жоғарғы көрсеткіштеріне дән риза болып аттанады. Жоғарғы лауазымды басшылармен сөйлесе жүріп Исатай аға мал жайылымын Қарақұмнан Қарсақпай даласына дейін кеңейтеді.

Қым-қуат шаруалары болса да ол балалы аналардың жағдайына ерекше мән беретін. Бірде босанғалы жатқан анаға дәрігерлер тарапынан тиісті жәрдем болмағанын білген Исатай аға аудандағы шаруашылық басшыларын түгел жинап, осы мәселені талқылапты. Оларды орындарынан тұрғызып: – Кәңе, колхозында қанша әйелдің аяғы ауыр?  Олардың есебін білесін бе? -деген сауалға ешқайсысы жауап бере алмаған. Соған реніш білдірген аға: -Басқармалар, бәріңде әйелден тудындар. Шаруа, тіршілік деп шешелеріңнің обалына қалмаңдар -дегендей намыстарына тие сөйлеп ұялтқан екен. Осыдан ақ сансыз шаруаларымен жүрсе де Исекеңнің анаға деген құрметі бірінші кезекте тұрған ғой. Осы бір сәт Исатай ағаның шексіз қарапайымдылығы мен қайырымдылығын тағы да көз алдыңа елестететіндей.

Бірде Исекең «Мәдениет» кеңшарында күрішті аралаудың қызығына түсіп күннің ауып кеткенінде байқамайды. Машинадағы канистіріндегі суда таусылған. Шөл алып барады. Күріштің жиегіндегі күркеге көзі түсіп жақындаса төрт күн бойы егістік басында қонған диханға кезігеді. Ол да азық -түлігін тауысып отыр екен. Исекең жаптан бір шелек су алдырып қайнатып, диханның қалтасынан шыққан бір шөкім шайды салып демдеп, табылған бір түйір құртты үшке бөліп қара терлеп шай ішеді. Осы бір сәтті Исатай аға:-Айдалада отырып қара шелекке қайнатып ішкен шайға ештеңе жетпей жүр ғой. Жалағаштың сол алқабы орнында, сол күрішші Қарақостың қасында аман жүрсе қазір-ақ барар едім. Қара шелекке қайнатып шайын сораптап отырып ішер едім ау. Кім қалды дейсін деп? сағынышпен еске алыпты.

Жалағаш аудандық газетінің көп жыл редакторы болған Қален Әбдешовтің естеліктері өте тартымды. Исекең бірде оған звандап алыстағы мал жайылымдағы алты перзенттің анасы қатты аурып қалғанын, соған санитарлық самолет шақыруды  тапсырады. Оны орындағаннан кейін ауруханадағы анаға күнде барып, қажетті заттарын апарып тұруды да жүктейді. Бір айдан кейін сауығып шыққан көп балалы ананы алыстағы Қарақұм қойнауындағы қойшы күйеуіне табыстауды да орындағандарын еске алады. Редактордың орынбасары Сағындық Баймахановтың ағасы Ермаханның отбасынан жеті күрішші шығыпты. 70 тен асқан сол кісі ауданға келе редакцияға соғып, қайтарында редакциянын машинасын сұрап мініп кетеді екен. Бір келгенде редактор машинасын бермейді. Оған ерегіскендей Ермахан аға Исекеңнің «Волгасын» сұрап мініп, редактордың машинасынан басып озып, қыр көрсетіп кетеді. Бұдан Исатай ағаның адамға жақсылық жасауда ат көлігін, қызметін ешқашан аямайтынын, лауазымын пұлдамайтының, қарапайым басшы екенін көруге болады.

Исекеңнің кеңдігін дәлелдейтін мына бір факторлар еріксіз езу тартқызады. Жалағаштағы сауыншы Шырынкүл Селбесінова мен КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы А.Н.Косыгин КазКСР Жоғары Кеңесіне депутаттыққа тіркеліп, екеуінің суреті мен өмірбаяны аудандық газетке жарияланады. Кімнен кеткен қателік екені белгісіз олардың лауазымдары ауысып: А.Н.Косыгиннің суретінің астына Коммунизм совхозының озат сауыншысы, Шырынкүлдің суретінің астына КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы деп жазылып, 35000 дана газет таратылып кетеді. Сол кездегі саяси өлшеммен таразылағанда бұл үлкен жауапқа тартылып кететін қателік. Редактор Қален аға: -Исеке білмеймін. Қателік менен болды. Басқа айтарым жоқ. Кеңестік дүниені «қиратып,  Министрлер Кеңесіне Селбесінованы «тағайындап» келіп отырмын -дейді ғой.   Исекең ашуланудың орнына біраз күліп, бұл қателікке өзін де қоса сөйлеп  дереу аупарткомның бюросын шақырады. Сөйтіп газеттің дұрыс жазылған нұсқасын шығаруға шешім қабылдап, мәселені айқай шусыз шешеді.

Бірде Исатай аға редакторға звандап сол күнгі шыққан номерді мұқият қарап шығуын сұрайды. Сөйтсе: – «Казсельхозтехника» слесары В.Ким нормасын «Асыра орыдады» деп жазу орнына «Асырадағы» бірінші «А» ның орнына «О» кетіп қалып одағай сөз шығады. Бәрінеде үлгіретін тынымсыз Исатай аға бұны да шулатпай редакторға телефонмен ескерту жасаған ғой.

Қасиетті Жалағаш жерінен Исатай аға жоғарылап Қызылорда обком партиясының бірінші хатшылығына сайланып, алты жылдан аса (1972-1978 ж.ж.) облысқа басшылық етті. Осы жоғарғы лауазымдағы ағаның қарапайымдылығы мен қайырымдылығының      кейбір сәттерін оқырманға үздіктеп жеткізейін. Әкем өмірі: -Балам көзбен көріп, құлағыңмен естігенді ғана айт -деп. отыратын. Ендігі әңгімем әкемнің осы бір өлшемді өсиетіне келетіндей. Жарты ғасырдай бірге өмір кешкен университетте бірге оқыған жұбайым Жақсыбике Жомартқызының ағасы Шора аудандық «Быткомбинатта» жүргізуші болатын. Өткен  ғасырдың 70 жылдардың ортасы. Менің пединситутқа Аралбай ағаның ақылымен оқытушылық қызметке келген кезім. Түсте жұмыстан келсем Жалағаштан жүк машинасымен атбасын үйге тіреген Шора қайынағам отыр екен. Негізгі жұмысы Исекеңе кіріп мотоцикл сұрау. Менен өтініші Исекеңе жолықтыру. Қайдан білсін сол кездегі жалғыз ЖОО-ның оқытушысының қолынан бәрі келеді деп ойласа керек. Бірден обкомға кірмек түшел маңайынан жүре алмайтынымды айтып жұмысыма кеттім. Кешке келсем қайнағамның жағасы жайлауда, бір,екі бөтелке «ахаңды» әкеліп мені асыға күтіп отыр екен. Сөйтсем обкомға өзі барған, Жалағаштан келгенін, кім екенін айтқан. Кезекшілер Исекеңе жеткізсе, жіберіңдер келе берсін депті. Қайнағамнан елдің амандығын, көз көргендерінің денсаулықтарын сұрағаннан кейін шаруасын сұрайды. Бірден аудандық атқару комитетінің төрағасы Мұқашев Сейтнәбиге звандап Шора Жомартұлына қоймада тұрған  мотоциклдердің біреуін беруді тапсырып, мәселенің өзінің жеке бақылауында болатынын айтады. Қайнағамның жағасы жайлауға кетіп отырғаны осы екен. Көп ұзамай мотоциклде алынды. Исатай ағаның сыйлап өткен табын-әулие Беркімбай ағаға ыстық сәлеміде жеткізілді. Осыдан кейін ағаның қарпайымдылығы мен қайырымдылығына шүбә келтіруге бола ма ?  Ал менің қайнағам осы кезге дейін осы бір бақытты сәтін айтудан жалыққан емес.

Ағаны жоғары билікке тарту инициативасы Д.А.Қонаевтан басталғанын Исатай аға кітабында былай деп жазыпты: «…Алматыға қызмет ауыстыру мәселесін сөз қылғанда үндей алмай қалдым. Байқаймын, көңілім Астананы қаламайды. Сондықтан:

-Димеке көрсеткен сеніміңізге ризамын. Жасымда болса біразға келіп қалып еді, әрі бала-шағалы адаммын. Енді қоныс аудармай ақ қойсам деп едім. Сіздің маған жасаған кеңшілігіңіз сол болсын дедім.

-Жарайды….Димекең келіскендей сыңай танытты. Алайда, Л.И.Брежневтің тағы бір «Целина» деген кітабын Орталық Комитетте талқылайтын желтоқсан айы кезінде Д.Қонаев маған Алматыға келесін деген сөзін нықтап айтты.

«Тәуекел», -дедім менде іштей. Ағамыздың ықыласы шындап құлаған екен. Енді сырғанақтап қашқаным келісімсіз көрінер. Сөйтіп, Республика Жоғары Кеңесі Президумының төрағалығына сайландым.

Осы лауазымды қызметті бір жыл ішінде атқарған уақытта облысымыздың 238 аналары «Ардақты ана» атағымен, ордендермен марапатталыпты. Осы кезеңде  КСРО Жоғарғы Советі Президумының указдарымен жазушылар: Қалтай Мұхамеджанов «Халықтар достығы», Әбілда Тәжібаев «Октябрь революциясы», облыстық «Ленин жолы» газеті Құрмет белгісі ордендерін иеленді. Облысымыздың 15 азаматы сол кездегі Қазақстанның Жоғары наградасы -Қаз ССР Жоғары Советінің Құрмет грамоталарымен марапатталыпты. Олардың ішінде Исатай ағаның үстінен арыз жазғандарда бар. Жаны жайсаң жақсылықтан жаралған үлкен жүректі аға қазақтың таспен ұрғанды аспен ұр деген принципті ұстанған сынайлы.

Ия өмір иірімдері Исатай ағаны айналып өткен жоқ, Кейбір жұмыр басты пенделердің пендегершілігі мен көралмаушылығы, оның үстіне денсаулығына байланысты туған еліне қайта оралып, халық арасында қарапайымдылық пен қайырымдылықтың қаһарманы атанған аға өз өсиетімен бабалары жатқан қасиетті  топырағында қалды. Бұл да ұлықтауға тұратын ұлылық емес пе ?

  Қазбай Құдайбергенов, ҚМУ-дің профессоры

Таңбалар

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button
Жабу