Ғалымның хаты

Сақыпқыран Ағзам Шыңғыс хан нәсілінен Дешті Қыпшаққа патшалық қылған Хандардың баяны

Мырза Ұлықбек. Төрт Ұлыс тарихы. Ташкент "Шолпан " баспасы 1994 жыл.

Дәлелді тарих кітаптарында Сақыпқыран Шыңғыс ханның нәсілінен біздің уақытымызға дейін Дешті қыпшаққа патшалық қылған хандар саны отыз үш болған.

 Бірінші Жошы хан ибн Шыңғыс Жошы ханның патшалығының қысқаша баяны

Дәлелді тарихшылардың жазуынша Шыңғыс ханның елінде жоқ кезінде оның ордасында Қоңырат патшасының қызы Сақыпқыран Ағзам Шыңғыс ханның үлкен қатыны және қасиетті әулетінің анасы Бөрте Қошынға жақын болған бірнеше кісіден басқа ешкім болмаған бір сәтте Макрит Қаумы қолайлы кезеңді пайдаланып шабуыл ұйымдастырды, нәтижесінде Жұрағат (туысынан) және ар намыс иесі болған кісілердің барлығы өлтірілді. Осы кезде Жошы хан Бөрте Қошын қарнында алты айлық еді. Макрит Қаумы Бөрте Қошынды алып кетіп бара жатқанда Шыңғысхан мен ата-бала тұтынған Керейт патшасы Онхан бұл хабарды естіп, үлкен қолмен Макрит Қаумының жолын тосып Бөрте Қошынды барлық қызметкерлермен, мүлкімен қолға түсірді және Шыңғыс хан еліне алып келді. Сол уақытта жолда Бөрте Қошын ұл туды. «Жол азабынан және қағылу-сүрінуден аман болсын» деп, оны алып келе жатқандар ойласып шақалақты жұмсақ қамыр ішіне салып, аса сақтықпен Шыңғысханның алдына келді. Ол бұл жамағатты «Нойрин-Бойрин» деп атап, «тұзын адалдағандар қатарына қосты. Ұлына Жошы хан, жолдан келген мейман», деп ат қойды. Сол себепті бұл оқиға Жошы ханға таңба болып қалды. Шағатай мен Оқтай әр кез Жошы хан жайында өсек сөздерді Шыңғысқа айтар еді, сол себепті бұл ұлы өсектің жайы Шағатай ғұламаларының кітабында көп кездеседі.

Бірақ бір бөлек әділ, ақиқатшыл тарих ғалымдарының пікірінше Бөрте Қошынның Макрит Қаумы арасындағы тұтқын уақты мен Шыңғыс ханға қайта қосылған уақыты төрт айға да жетпейді. Оның сыртында аббатты жайында сөз айтса әңгіме ұзап кетеді, сондықтан бұл сөз ата мен жалған атаның перзентке деген махаббаты аспан мен жердей парқы бар. Онан соң, біреудің перзентін өз перзентінен гөрі, әсіресе салтанат ішінде, құрмет ету ешбір ақылға сыймайтын іс. Әділ тарихшылардың пікірінше, Сақыпқыран Ағзам Шыңғыс ханның Жошы ханға деген мейір-махаббаты шеннен артық дәрежеде ұлық болғандықтан Шағатай мен Оқтай оған қастық етіп, ұлық өсекті таңған еді. Осы жағдай арқылы Жошы хан мен оның туыстары Шағатай мен Оқтайдың араларында көңілсіздік бар еді. Шыңғыс хан Жошы ханды ер және әйел перзенттерінің барлығынан жақсы көрер, тіпті Жошы ханды жамандықпен тілге алған әрбір кісі Шыңғыс хан алдында мақұл болмас еді.

Жошы ханның опат болғаны туралы хабар Ордаға жеткенде Шыңғыс ханға бұл хабарды жеткізуге ешкімнің жүрегі дау алмады. Ақыры барлық Әмірлер өзара қарар жасап, әрі кеңесші, әрі Ұлық Әмірлердің бірі болғаны үшін Ұлы Жаршы (Жыршы) дан Шыңғыс хан көңілді тұрған сәтте бұл хабарды жеткізуді сұрады. Ұлы Жаршы Шыңғыс хан көңілді сәтінде.

Теңіз басынан былғанды, кім тұндырар а-Ханым?

Терек түбінен жығылды, кім тұрғызар а-Ханым?

Шыңғыс хан Жаршыға жауап беріп:

Теңіз бастан былғанса тұндырар ұлым Жошы дүр.

Терек түбінен жығылса тұрғызар ұлым Жошы дүр.

Жаршы сөзінің мағынасы «Дария» басынан лайланады, оны кім тазалайды – Ей падишам. Терек тамырынан құлады, оны кім туғызады – Ей,  менің падишам. Жаршыға Шыңғыс ханның жауабы былай еді;

«Егер дария басынан лайланса, оны тұндыратын менің перзентім Жошы дүр»,

«Егер терек ағашы түбінен құласа, оны тұрғызатын менің ұлым Жошы дүр».

Ұлы жаршының көз жасы шалбарына моншақтай төгілді. Шыңғыс хан шыдай алмай:

Көзінің жасы бұлақтай, лық-лық болды ма?

Жырың көңіл үрітер, Жошы өлген болды ма?

Шыңғыстың сөзіне Ұлы Жаршы жауап беріп:

Сөйлемекке еркім жоқ, Сен сөйледің а-Ханым

Өз жарлығын өзіңе – жауап бердің а-Ханым –

Жаршы өз жырын қайталап, көзінен жасы парлап тұрды. Шыңғыс хан мұны көріп:

«Көздеріңнен жас тоқтамайды, көңілің толып кетті ме?

Сөздерің жүректі үркітеді, Жошы өлген болмасын?»

Сол кезде Шыңғыс ханның бұйрығы бар еді. Кімде-кім Жошы ханның өлімін тілге алса Шыңғыс ханның саясатына душар болар еді. Сол себепті Ұлы Жаршы Шыңғыс ханға; Бұл жайында сөйлеуге құдіретім де ықтиярым да жоқ, өзің солай бұйырғансың Ей менің падишам!

Шыңғыс хан: «Құлан алған Құланды, Құлынымнан айырылдым,

Айырылсақан аққудай ер ұлымнан айырылдым» яғни; Аңшылық майданыңда қуғынға ұшыраған Құланға ұқсаймын, құлан өзі құтылады, бірақ баласы қалады, мен де тура сол құландай баламнан айрыдым! Мен аңқау адамға ұқсаймын, аңқау кісі дос екен деп ойлап, дұшпан арасында қалып, достарынан айрылады, мен өзімнің мәрт ұлымнан айрылдым!»

Шыңғыс хан осылай деп зеріп айта бастады, барлық Әмірлермен Нояндар тік тұрып, көңіл айту рәсімін етіп жыр жырлады. Жошы хан опатынан алты айдан соң Сақыпқыран Ағзам Шыңғыс хан Әлеммен қайырласты-қоштасты.

Дәлелді тарих кітаптарында айтуымша, Хорезм жеңілген соң Сақыпқыран Шыңғыс хан Ағзамның әмірімен Жошы ханға Хорезм өлкесі және Дешті Қыпшақты сонау Қиялық шөлінен Саксан, Жарар, Бултар, Алан, Башкирд, Орыс, Шеркешке дейін және қай жерге татар аттарының тұяғы жетсе, сол жерлер берілген еді. Осы айтылған өлкеде Хандық тағымен кемел тапқан еді. Шыңғыс хан өлімінен алты ай алдын Дешті Қыпшаққа оның әулеттері үкім тағына отырды. Оның нәсілінен Дешті Қыпшақта үкім еткен Сұлтандардан отыз тоғызы осы кітапта баян етіледі. Олардың біріншісі Бату ибн Жошы.

 

Қазақ тіліне аударып дайындаған: Сеитомар Саттарұлы

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button