Білген Шайыр айтады

Ей, бұл бір сөз Кенжекеңнің термесі еді-ау

Кенжеқожа Құлмырзаев

Кенжеқожа ақын шамамен 1946 жылдары Ташкент облысының Шыназ ауданында дүниеден өтіпті. Ол кісіні жерлеп отырғанда НКВД-нің адамдары келіпті.  Оларға іздеп жүрген адамы Кенжеқожа ақынның бүгін қайтыс болғанын, соны жерлеп келіп отырғандарын айтыпты. Келген кісілер қабірді суретке түсіріп алып, сол жерде акт жасап, куәларға қол қойдырыпты да, оны қолға тірідей түсіре алмаған күйі кері қайтып кетіпті. Арманда кеткен арыстың бірі – Кенжеқожа ақын туралы әзірше бар тарихи деректер осыны айтады.

Кенжеқожа Құлмырзаев артында сөз қалдырған алыптар қатарында. Жүйелі түрде әлі зерттелген жоқ. Аумалы төкпелі дәуірде дүниеге келген ақын біраз бейнет көрген екен. Сөзі орасан екпінді, тау суындай құйылып, кей жерде арнаға сыймай кетердей көрінеді…

Кенжеқожаның амандасу темесі

 

Дүние гүлдер бақша бостандығы

Ғанибат басымызды қосқандағы.

Адам мен адам парқы бірдей емес,

Жер менен шек арасы аспандағы.

Не түрлі абайласаң жігіттер бар,

Сапасы салба- шалыс Қашқардағы.

Кемеңгер келісімді не ерлер бар.

Айбынды ай мүйізді қошқардағы

Бек шалыс белі жуан жомарттар бар,

Қолтықтан сүйегендей сасқандағы.

Кісіге жора-жолдас артық екен,

Жүректің жуып кірің қашқандағы.

Көркейіп көңіл шіркін көтерілді,

Көңілдес душарласып дос жардағы.

Көрген соң қант-құйрық сіздердей қабырғамды,

Шағымның шамы жанып шаттанғаны,

Құрметті құда- жекжат болмасақ та,

Халық едік қатар жатқан қапталдағы.

Көрісім меһер жүзді  қайта алып ед,

Ауылдан ақыныңның  аттанғаны.

Аспаһан екі жүзді ерлерімсің,

Алтын сап, қымбат баһа аспалдағы

Сән түзген сарайыма сәбәп болып

Жұртымсың раушаның ей машқалдағы.

Бауырыңда ақша биік еткен сайрап,

Сіздер ей Гүһіқап таудың асқарлары.

Кездесіп сұм дүниенің керсілері

Қолаулап не жүйріктер ақсаңдады.

Қажымас қандай жорға десе де жұрт.

Кәрінің бопты біздей қақсалдары.

Кәрәктән неше түрі түсіп сауда

Самайда ағармаған шаш қалмады.

Ақынның қандай түрлі сөзі бар деп,

Халқының батып отыр топтанғаны.

Қайырдаш бері қарап тыңдар болсаң

Барымда базар айлап ап қалмағы,

Көп айлар, көрмегелі көп жыл болды,

Аман ба қалың елдің ат жалдары.

Екінші майда жібек жеңгелерім,

Мастура май шатты мақпалдарым.

Аршын төс, алма  мойын, жазық маңдай,

Жас келін дәсті қымбат астардағы,

Исі әтір, мұрны иісте, көзі нәркес,

Аманба қыздар әліп заттардағы.

Жанданған заманымның жәуһәр жүзі,

Сұраймыз аман жүр ме жас баллары?

 

Жақсы мен жаман туралы

 Қайырылып кеше су іштім

Шалқыған шалқар суаттан,

Сөз аңғары жосылса,

Саспаушы ем баллар жауаптан,

Кенжеке сөйле дегенде,

Көргеннен кейін Мұраттан,

Тау басқан менен тоқтайма

Қайнаса шашма бұлақтан.

Тыңдаушы ерлер табылса,

Тіл алмасын суырып,

Көруші ем іздеп қынаптан.

Жақсы менен жаманның

Парқы бар жер мен аспанша,

Құрбаны болғын ей жақсының,

Бағаңды біліп басқарса.

Ақында ақын болмайды

Айтарлық сөзден жасқанса,

Ағалар білер сөз жайын,

Таразыға тас салса.

Гәуһәр сөзің наданға

Бейне бір порас тастарша

Жігіттер жақсы болмайды.

Қатарынан асқанша,

Ержігіт топта көрінсін

Дәрәжә бекер тасқанша.

Батырмын деп біреу жүр

Білмеймін онда күш қанша.

Жігіт ерте қариды,

Жарынан көңілі құшланса.

Әйелде жастау болады,

Татулықпенен іс барса

Балаңда жақсы болады

Жақсылардан нұсқа алса.

Атыңда жақсы көрінер

Аптада бір  күн  жүк салса.

Мейілің патша, батыр бол,

Қызықтан көрген не пайда.

Ей,  өлшеулі өмір, айхай, қысқарса.

Аңғарып тұрсақ абайлап

 

Аңғарып тұрсақ абайлап,

Қара мен құбат ат қандай

Ұзында құлақ бұл сөзден,

Қалайда болса қатқандай

Алланың аят сөз басы,

Тасқа бір таңба басқандай.

Имамлардың дауысы,

Жаһанға жәуһар шашқандай

Мұсауа тұр Адиси

Аузынан Расул айтқандай.

Естідім деген ел сөзі,

Далаға жолсыз баққандай.

Бағзы бір манзур мақал бар.

Ләззәтін байқап татқандай.

Сол мақалдың барысы.

Салмағы ауыр батпандай.

Айтады соның ішінде

Бақылға берген бақ дәулет,

Итке бір теңге таққандай.

Жаманның берген жауабы

Шер ұрып шаян шаққандай.

Жақсы мен болған үлпатың.

Машрухтан таң атқандай

Сөйлесең тарқар құмарың

Көңіліңде шүбә, дақ қалмай.

Білмеген сөзді білді деп

Сауалдан сауат ашқандай

Тал жібектей есіліп,

Жақсының жайы нақ сондай .

Жігіттер қанша парық бар,

Артығын алып ақтармай.

Жарты кешу, жат жел қып,

Басыла сөйле мақтанбай.

Қарындастарға қамқор бол,

Һәммәнің бабын тапқандай

Айтқан бір сөзге бас берер,

Екінші сөзге тап салмай.

Халқына қымбат қадірлі

Шырқына дәрті асқардай.

Мейлі патша батыр бол

Жүруіңде керек мақтанбай

Бір күні ажал сарт етер,

Сахраға құрған қақпандай.

Дүниядан өте ығармыз

Ашылған есік жапқандай

Ер жігіттің қызығы

Ер жігіт болмайды елге жігіт

Ей, Қыдыр бір шалып, айхай, бақ қонбай е-е-е-е-ей

 

Он бес пенен он алты

Ей, он бес пенен он алты

Ойнайтын кезің жалықпай

Онан соң жиырма, жиырма бес

Жүзерлік суға балықтай

Отыздың келсең кезіне

Ілінер ұят қабықтай

Қызғынды қызу тамұқтай

Қырықтың келсеңдер кезіне

Сығаларсынап жабықтай

Ей, қырық бес пенен қырқ алты

Ауырлау түскен салықтай

Елу деген орта жас

Бір көнсемде болмай жүр

Өзіңді-өзің тарықпай

Елуден ары қарай өткен соң

Алпыстың келер ақпары

Сиырға түскен салықтай

Жетелерсіңдей жетпісте

Асыраған балдарың

Береді ау жабықпай

Селкілдерсің сексенде

Айналдырған шарықтай

Тоқсан деген алыс жол

Адастырды шалыс жол.

Өте алмайды көп адам

Атының басын тартпай

Осындай дүние базары

Артында тұр мазары

Ырғағына дауыс келмейді

Ей,  кірмей жүр сөздің, айхай, ажары.

 

Ырыссыздардың батыры

Ырыссыздардың батыры

Өз үйінде ер болар.

Өз көңілін өзі көтеріп

Жүрегі тола шер болар

Басыңа дәулет бақ қонса

Айтқан бір сөзің ем болар

Басыңнан дәулет бақ кетсе

Көңіліңіз қара жер болар

Арықтап кетсе арғымақ

Бес теңгелік көн болар

Онан да дария адам болмайды

Бүкіл доңыз сарыған мен

Арғымақ ат шабан болмайды

Еті кетіп арығанмен

Жаман адам жақсы болмайды

Басына қыдыр дарығанмен

Ай, жақсы адам жаман болмайды

Жасы жетіп қарығанмен

Ойлап тұрсаң кім сал деп

Ей, дүние ескі сарайды.

Сандалтып жүр талайды

Құдіреті күшті құданың

Ұсқыесыз аспан шыдайды

Қанша басып жүрсеңде

Жеңістірек қылмайды

Адам соққан ғимарат

Аз жылдан кейін құлайды

Өміріңнің өткені

Қуанба көріп жаңа айды

Жомарт пенен  дос болсаң

Әжетіңе жарайды

Қас жомарт пенен дос болсаң

Бір өзін мыңға балайды

Жаман менен дос болсаң

Алғаны менен бергенін

Ей, ішінен жүріп санайды.

 

Бұл бір сөз….

Ей, бұл бір сөз Кенжекеңнің термесі еді-ау

Қысасты ерегіс пен ер кешеді.

Ау, жарты күн жадағайлы кешу болып.

Жамырасып жақындасып ел кетеді.

Сүйеніп сүйек-тамыр күңіренісіп,

Артқы күн ауыз тамыр бер деседі,

Ей, ұстаға үлгі көрген киім берсең.

Елеусіз етек жеңін, кең кеседі

Қарыздар накөсті адам бола қалсақ.

Ұялтып көрген жерде терлетеді.

Есі жоқ есірікке бір сөз айтсаң,

Қайғы мен көкірегіңді терлетеді.

Наданға нарқ білмейтін ісің түссе,

Бағаңды неше жезден кем деседі.

Жай айтып жақсыларға барсақ жанап,

Аяңдап ақырын сөзбен тербетеді.

Нәсіп боп дидарласып кездескенде

Сөйлесем бес-алты ауыз нем кетеді.

Ал, досқа-дос опа зарлық шынын айтса,

Қападан қайран көңіл ер жетеді.

Ал, бас қосып дидарласып отырмақ бұл.

Бұл һәм бір денсаулықтың сәулеті еді.

Ау, Дариға тыңдайтын құлақ болса,

Кенеден тебірентуші ем дербес енді.

Дүния бір кәттә құзар өткел еді….

Өткел сап ата-бабамыз өткен еді

Жігіттер денсаулыққа шүкір қылсаң,

Артынан патша егең жеткереді.

Дүнияға не бір ерлдер күліп келіп,

Ахиры бір хасірет шеккен еді.

Ей, дүняиға не бір ерлер егін егіп,

Ұрығын талай диқан сепкен еді.

Дүнияның не бір ерлер қосын жегіп

Қайтуға арабасын жеккен еді.

Ау, дүниямен небір ерлер жолдас болып,

Аса алмай асқар белден шөккен еді.

Дүниямен не бір ерлер ашына боп,

Бір күні ашынасына өкпеледі.

Ал, «Болат бол, болған іске» деген нақыл,

Алланың салғанына нақ көнеді.

Мың жасап болып маңлай қалдық жұртым,

Лұхман «Һәр көргенің бір жас деп еді»

Ал, бұл дүнияға мәңгілік ұран  болып

Атамыз хазіреті Адам бастады енді.

Тараппыз сол кісіден осынша жан,

Ұрығын бұл жаһанға шашқан еді.

Нұхнәби, Хам, Сам жалғыз ол азизы

Адамнан пайда болған затлар еді.

Ей, Сүлеймен , ұста Дәуіт, Сал пайғамбар

Аллаға құлшылығын наштап еді.

Зікірия мен Яхия менен жәнәдә Ысхах.

Ысалы шаһары жанған мастал еді.

Ой, Какауыз, Афрасиябтай дариямды.

Дұрыс ол Зал- Рүстем дастаны еді.

Сәруәрә екі адамның ақ Мұстафа,

Мұхаммед үммет деп көз жастан еді.

Дүнияның төрт бұрышына қылыш ұрған.

Нам ұлдар Сәйфұлла арыстаны еді.

Бәрі де бәйге атындай шауып келіп,

Бір күні ажалға кеп тоқтап еді.

Пәндәгә ажал деген бір құрулы қақпан,

Бәрі де қанды аузын басқан еді.

Толықсып жердің жүзі неше толып,

Аңқиып кей заманда босқа қап еді.

Ал, сөзінен Кенжекеңнің сөйле дегеннен соң,

Отырмын терме сөзбен жасқап енді.

Ал, енді нақыл сөзден тыңдасаңдар,

Көрейін біраз құлаш тастап енді.

 

Кенжеқожа ақынның  Андижанға барғанда жазған термесі.

 

Ей, бұл дүния ойлап тұрсақ зауқы-запа,

Кейде шат көңіліміз кейде қапа.

Ей, қалады бір қалыпта тұрмаған соң.

Атанған сонан соң бұл бейопа.

Ей аралай мазар-жайды қарап тұрса,

Өртенген отанымыз шіріген лапа,

Қожадан Қосым ишан өтті-ау сабаз,

Қарасып қайрул лыпас халыққа бата,

Қара ерке Қасым ұғлы болған екен,

Уахытында ел жұртына алтын сақа.

Ілгергі той  өлке ерлер өтіп кетіп.

Сіздерсіз бұл уахытында қымбат баһа.

Досқа- дос опадар ғып сырын айтса,

Көңілден тарқамайма һәр іш тапа.

Ал, неше жыл қаңғып жүрдім Андижанда,

Ол жақа барғаным жоқ сән қыларға.

Ырысың қыдырғын мен таспайды екен,

Еш нәрсе бола аламады қаңғығанда.

Жазмыштан озмыш болмайды дегендей ақ,

Алладан салған істі көреді пәндә.

Ойана ошал нәбат тоқан бар қал

Неше бір алдын көрдім фасондардың.

Ей, бір құдай тойдырмаса нәсіп айлап

Басымды байлыққа бір қоса алмадым.

Бір құдай осы өнерді бергеннен соң,

Бекерге үйде қарап жата алмадым.

Ей, қолға алып домбыраны кәсіп қылып,

Сұрауға он бестен-ақ қақаңдадым.

Қаршының және бардым хұзырына,

Жерінің көз жібердім бұ жағына,

Ей, жұрт екен мұнда жатқан қалың қоңырат.

Құдайдың қол қусырған құранына.

«Кенжекең бәрекелді азамат!» деп,

Шалындым көп жақсының  құлағына.

«Ерлердің ет жабатын бірі екен»- деп

Ап жүрді көп жақсылар сынағына,

Тұра алмай ол елден де қайтып келдім

Кеселдің көрі менен түнбағына.

Дегендей көп сөз көмір, аз сөз алтын.

Көп сөздің не қылайын ұзағына.

Бұл күнде бір пара халық бізденде жиреніп жүр

Шықта-ау деп мына Кенже сұрануға.

Қаумалап тұрса көпшілік….

Қаумалап тұрса көпшілік

Сөйлеуші ем сөзді термелеп,

Қолтығым қызып кеткенде,

Кетуші ем жоғары өрмелеп.

Адамның өмірі арбадай,

Өтеді бір күн дөңгелеп.

Кіші жүздің елінде,

Байұлында Қашқынбай

Қаумаласа көпшілік

Дәрия мен бұлақ тасқандай,

Әу, деп даусын шығарса,

Дүкеннің аузын ашқандай.

Ерегіс талай жерлерде,

Сөйлеуші ед сөзді жасқанбай

Сонан соң шыққан бір ақын,

Балқыдан шықты бұл Базар.

Сөздері шекер арналған,

Олардай адам қайда бар

Жүйріктігі де айтайын,

Сағасы терең арна бар,

Солар да өтті ау дүниядан,

Опа қылған кімдерге

Бейбаян дүние пәтшағар.

Сонан соң шыққан бір ақын,

Құныс кете- Еснияз

Өрнекті сөзді арналған,

Жүйрікте еді бір сабаз.

Халық көзіне сәулетті,

Сырты бір сұлу бедеу наз.

Соларды толғап сөз айтсаң,

Жолдас болмайды ұшқан қаз,

Сонан соң шыққан бір ақын

Шораяқ ұлы Омарды,

Олардың айтқан сөзіне,

Есітсе һәр кім құмарды.

Олар да өтті-ау дүниядан

Ағызғын нөсер сонарды.

Сонан соң шыққан бір ақын

Киікші- кете Сүйіндік,

Ерегіс талай жер болса,

Жүйріктігі ақ киік,

Ей, табаны жерге тимеген,

Ырғаса секіріп бүкшиіп.

 

Қаздай баурым төседім

 

Қаздай баурым төседім,

Неш бір биік асқарға

Қызмет қылдым сөзбенен,

Неше бір Рүстем Дастанға.

Ақын деген ат таптым,

Ұядан әуел ұшқанда.

Сөз айтқан ақын жұртта көп.

Бастан сөзім теңелмей ау

Тартылсам егер мысқалға.

Артық айтсам  халық білер,

Сыналмайтұғын іс бар ма?

Қаумалап тұрса көпшілік,

Сөйле енді тілім жосылып,

Ерегіс талай жерлерде

Ашылушы еді көңілім жош урып.

Әй, тереңнен гауһар теруші ем

Өнер мен ілім қосылып,

Қаумалап келген қардарға

Көрінуші еді теңім шешіліп.

Шын жүйріктің бірі едім,

Қарадан кеткен шешіліп

Басымдық біраз сөйлеуші ем

Әуеліненде кешіріп.

Халық ұйғарған жұмысқа

Қалмаушы ем анша кешігіп

Қисаңдап тілім көрген жоқ,

Сөйлейтін сөзден қысылып.

Бас қосқан беглер сарбаптың

Арзанда менен қымбаттың

Қойылған нарқы кесіліп

Жал ала алмай баллар отыр ем,

Жаңадан көкке ісініп.

Бұза алмай жүр ем төбеден,

Һаялдың құсын ұшырып.

Енді біраз сөйлейін,

Қымбатқа тұрсаңдар тұтынып,

Көсемсіп бәрін көсем тіл,

Тұрмысын қабақ шыртынып.

Тартушы ем сынға жел сөзді,

Көмірсіз темір пісіріп,

Тарқатушы едім құмардан

Шарабын сөздің ішіріп,

Сендерге емес келінге,

Қызмет пен қылған кішілік,

Көрпе жеген көбеңдей

Халқым бір қалушы ед ісініп.

Жөнелуші ем, жөндеуші ем,

Қаршыға құстай сыпырып,

Қымылдап қалған қызылдың,

Аң көрген құстай құтырып.

Қадірлеп балалар қарсаң,

Дауыста, шіркін жарасаң,

Жеткізейін жел сөзді,

Айдаған төлдей ысырып…

 

Дайындаған Сейіт-Омар Саттарұлы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Таңбалар

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button
Жабу