Ғалымның хаты

Ахмет Кенесарин

Мәделіқожаның үш атақты замандасы

«Ахмет сұлтан төрелер

Ақырғы ханның арты еді»1

Майлықожа

Жоғарыда есімдері аталған үш төренің ішінде Мәделіқожамен бәрінен жақын араласқаны Кенесары ханның бәйбішесі Күнімжаннан туған кенже баласы Ахмет төре болатын. Себебі ол ұзақ жылдар бойы Шымкент оязының бастығының кіші көмекшісі болып, қызметтен шыққан соң осы өңірде біржолата қоныстанып қалуды жөн көрген. Ахмет Кенесариннің есімі Сейітжаппар төреге қарағанда көбірек танымал. Мұның басты себебі – оның есімі Кенесарының аты аңызға айналған жаужүрек ұлы Сыздық сұлтанмен қатар жүріп, орыс тарихшысы Смирновтың өтінішімен «Кенесары мен Садық» деген естілік-кітапты қағазға түсіріп беруімен қатар күнгейдің атышулы ақындарымен сыйлас, дәм-тұздас, сырлас болғандығында. Мысалы, Ахмет төренің есімі Мәделіқожаның2 «Ахмет төрені мінеуі», «Төренің бір атасы қалмақ еді», Майлықожаның3 «Ахмет төреге», «Артықша туған Айнекем», «Қонған жер Қаратаудың етегінде», «Сейітжаппар төреге»4 өлеңдері мен Файзулла Үрмізовтың ел аузында сақталған бір ескі сөзді әңгіме етіп жазып кеткен «Мәделінің бәйге атын тануы»5 шығармасында кездесіп отырады.

Атақты әкесі қаза болғанда 9 жасар Ахмет есейген соң өзінің бауырлары Тайшық, Сыздықтарға еріп Қоқан ханының әскеріне қызметке тұрады. Алайда 1860 жылы генерал Колпаковскиймен болған Ұзынағаш шайқасынан кейін ағайынды сұлтандардың көңілі қоқандықтардан қалып, ақылдаса келіп Сыздық төре мұсылман жағында кәпірлерге қарсы соғысам десе, Тайшық пен Ахмет орыс отаршыларының жағына шығуды дұрыс деп табады.

Көп ұзамай Тайшық сұлтан Ақмешіт маңында Телқожа батырдың найзасынан ажалын тауып, Ахмет төре болса Түркістан өңіріндегі орыстардың жаулау соғыстарына қатысып, ақыры Шымкентте орныққан жаңа әкімшілікке қызметке тұрады. Сонда жұмыс істеп жүргенінде талай жыл Омбы жақта тұтқында болып, есебін тауып қашып форт Перовскийге (Ақмешіт) жетіп, одан Қиуа мен Бұқар жаққа өтіп кетіп, ақыры еш жерге сыймай қайтадан орыстарды паналап келген туған ағасы Жаппар сұлтанға қол ұшын беріп, жағдайын жасауға атсалысады.

Тағы біраз жыл тастап, Қашғар жақта қолы жарақаттанып басар тауы, барар жері қалмаған Сыздық сұлтан да орыстарға қылышын тапсыруға мәжбүр боп, Ташкентте отырған фон Кауфманға Ахмет төренің қасында болғысы келетінін айтып, ата жауларынан кешірім алады. Осы кезде інісі те шеттеп қалмай, қазақ халқының тәуелсіздігі үшін соңына дейін соғысқан ағасының өзінің жанынан қоныс тебуіне қолынан келген бар жақсылығын аямайды. Ахмет Кенесарин 1888 жылы қайтыс болып, сүйегі Қараспан маңындағы ескі қорымға қойылады.

Өз басыма Ахмет төреге қатысты сирек ауызша әңгімені 2015 жылы жазып алудың сәті түскені бар. Оны маған ХІХ ғасырда Шаяндағы мешіт-медресені салдыруды бастаған Қосым ишан мен оның құрылысын бітірген Айқожа ишандардың ұрпағы Әбдухамит деген кісі айтып берді. Қосым ишан бұл күрделі діни ғимаратты бастау үшін сол кездегі тәртіпке сай Шымкенттегі ояздың жеке рұқсатын алуы қажет болады. Міне сол құжатты ишанға алып берген осы Ахмет төре болыпты. Мөр басылған қағаз қолына тигенде Қосым ишан Ахметке батасын бермек болып қолдарын жайғанда, төре одан:

– Қожеке! Мына мешіт-медресені салуға дүниеңіз бар ма? – деп сұрапты.

Қосым ишан:

– Бір бұзаулы сиырым бар, қалғанын Алла-тағала береді, – депті.

Сонда Ахмет төре:

– Ондай болса, мен сол Алла-тағаланың құлдарының бірі едім. Мына Бадам бойында 1000 қойым бар, сол сіздің батаңызға бергенім болсын, – деп сол отар қойын Қосым ишанның алдына салып айдатып жіберіпті дейді.

Бүгіндері бұл діни ғимарат «Аппақ ишанның мешіті» деп айтылып жүр, бірақ дұрысы оның іргетасын қалаған оның әкесі Қосым ишанның атымен аталғаны дұрыс болар еді. Сөз орайы келген соң айта кетейін. Кезінде Қосым ишанға орыс ұлығынан рұқсат құжатты алу оңайға түспеген болуы керек. Себебі, оның баласы Құлболды мағзұм орыс отаршыларымен Түркістан үшін болған шайқаста Сыздық сұлтанмен иық тіресе жүріп соғысып, қаланы қорғау барысындағы түнгі шабуылдардың бірінде оққа ұшқан болатын.

Ахмет төре туралы іздене бастағанда оның өмір жолдарына қатысты мәліметтердің мол сақталғанына көзім жетті. Мысалы, оның 1883 жылы Мәскеуде ханзада ІІ-ші Николайдың таққа отыруы мен басына патшаның тәжін кигізу салтанатына қатысқаны жөнінде мәлімет сақталған екен. Мұны бір ескі фотосурет арқылы анықтап білудің сәті түсті. Бұл сурет 2008 жылы шыққан «Большой атлас истории и культуры Казахстана»6 кітабында басылған болатын. Онда Түркістан оязының өкілдері делінген 13 адамның бейнесі беріліп, суреттің сол жақ шетінде Ахмет Кенесариннің өзі қылыш ұстап отырғаны жазылыпты. Өкініштісі, онда «Казахский сотник Ахмет Кенесарин (первый слева)» деп оның атын атағанынан басқа мардымды мәлімет келтірілмепті. Осы суретті кейін Генри Мозердің Орта Азияға 1883 жылы жасаған сапарын баяндап Парижде шығарған кітабынан7 да көрдім. Алайда кітапта бұл сурет туралы еуропалық саяхатшы жай ғана Орыс Түркістанында тұратын халықтардың түр-сипаттары деп келте қайырып қоя салыпты.

Ал енді осы фотосуреттің тарихын қазбалап көретін болсақ, ең бастысы оның түсірілген уақытына – 1883 жылға ерекше назар аударғанымыз жөн. Себебі, Майлықожаның оңтүстік өңірінде орыс әкімшілігі біржолата орныққан соң шығарған «Датқалардың Петірбор барғаны»8 деген ұзақ өлеңі бар. Менің ойымша ақынның бұл шығармасы осы түркістандық өкілдердің сол жылы жасаған сапарын сипаттауға арналған секілді. Рас, Майлықожа бұл өлеңінде Ахмет төренің есімін атамай, шанышқылы Молда Қошық, Төле бидің ұрпағы дулат Момынбек датқа, қоңыраттың көтеншісі Қоныс болыс, Әулие-Ата жақтың болысы Құдайберген (1858 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі кезінде зекетші Әбу-Убайдуллахты тұтқынға алған), қызғыз Бәйтек датқа және өзбек Марқа қазы деген адамдардың ғана аттарын ауызға алып, жалпылап:

Қырғыз, қазақ, өзбек саңлақтарын,

Жөнелді айдап орыс Петірборға, – деп келте қайырады.

Алайда Ахмет төренің есімі аталмады екен деп оның бұл кісілермен жолға шықпады деуге негіз жоқ. Мүмкін, бұл шығарма бізге ауыз әдебиет үлгісі ретінде жетіп отырған себепті, төреге қатысты шумақтары түсіп қалған боуы мүмкін, немесе ол Петірборға өз еркімен, қызмет бабымен барған соң ақын оның есімін ауызға алмауды жөн көрген бе деген де ой туады. Себебі, басқа датқалардың Ресей астанасына тек орыс ұлықтарының күштеуімен, ақын сөзімен айтқанда:

Жақсысын аты шыққан әр шаһардың,

«Көрсін – деп – ақ патшаны!» қылды жарлық», – деген бұйрығына сай жолға шыққандарын Майлықожа жақсы білген. Қалай болғанда да бұл суреттің ақынның өлеңіне қатысы барын, я жоғын тек қана Санкт-Петербургтегі Орыс Географиялық қоғамының (РГО) архивінен іздестіріп көрген соң ғана білуге болады. Себебі, бұл фотосуреттің түпнұсқасы осы қоғамның мұрағатында сақтаулы жатыр. Онда бұл жәдігерге қатысты мәлімет толық сақталуы тиіс. Өйткені, Сейітжаппар төренің 1896 жылы түркпен елшілерімен бірге түскен фотосуретінде тұрған-отырған адамдардың бәрінің де есімдерін орыс шінеуніктері сол кезде түгелдей жазып алғаны жөнінде тиянақты дерек бар.

Ахмет төренің осы бір фотосуретінің табылғанына қуанып жүргенімде оның тағы бір бейнесі бар екені белгілі болды. Бұл жолы ол фотография емес, қолмен салынған түрлі-түсті сурет болып шықты.9 Оны С.Ф. Александровский деген суретші су бояулармен – акварельмен сызыпты. Салынған уақыты жоғарыдағы фотосуретпен бірдей – 1883 жылмен белгіленген екен. Олай болса екі сурет те жаңа императордың таққа қонуымен тікелей байланысты болып отыр. Екінші сурет 2013 жылы Алматыда жарыққа шыққан «Қазақтар – тарих және мәдениет» атты кітапта жарияланыпты. Бұл көлемді басылымда Ахмет төреден бөлек сол С.Ф. Александровскийдің қолынан шыққан Маңғыстау, Ақтөбе, Орал, Ақмола, Семейден барған бірнеше қазақ сұлтандары мен би-болыстарының портреттері де бар болып шықты. Осыған қарағанда сол жолы талай қазақтың білікті адамдарының суреттері салынып, тағы біразының бейнелері Ресей мұрағаттарында фотосурет ретінде сақталынып қалған болса керек. Бұл бүгінгі тарихшыларымыз үшін нағыз таптырмас қазына болып табылады.

Енді Ахмет төреге қатысты жазба құжаттар жөнінде қысқаша айтып кеткім келеді, себебі олардың саны өте көп. Алғашқылары Кенесары ханға қатысты болса, кейінгілері Жаппар мен Сыздық сұлтандардың жүріс-тұрысы, іс-әрекеттерімен сабақтастықта, ал соңғылары оның өзінің жеке басы мен оның жанұясының тұрмыс-тіршілігімен байланысты болып келеді. Міне, осы соңғыларының ішінде тарихымыз үшін өте маңыздысы – алашордашыл Әзімхан Ахметұлы Кенесариннің өмір жолына қатыстылары десек болады. Себебі, бұл ұлтжанды азамат туралы бүгіндері тек сыдыртып ғана айтылып жүр. Мысалы, оның есімі «Алаш-Орда» партиясының мүшелерінің ішінде 147-ші болып көрсетілгенімен оның фотобейнесі соңғы кезге дейін белгісіз болып келді. Сөйтсек оның ұрпақтарының қолында жалғыз болса бір фотосуреті сақталып қалыпты. Әзімхан Кенесариннің бұл суреті кештетіп болса да жарық көргені шын қуантады. Сол секілді оның Оңтүстік Қазақстан өлкетану мұражайына тапсырған Кенесарының қылышы туралы да мәліметтер жуырда ғана орталық ақпарат беттерінен көріне бастады. Ал шындап келгенде бұл қылыш сонау Кеңес дәуірінің кезінде-ақ көрермендердің алдына тартылғаны белгілі. Бұл жөнінде, бүгіндері жасы 90-нан асып кеткен Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, жазушы Әдіһам Шілтерхановтың өз аузынан естідім. Әдекең атақты ханымыздың қылышы 40-шы жылдардың басында музей төрінде тұрғанын, оны бірнеше рет өз көзімен көргендігін айтып берді. Әсте, әйгілі тарихшы Ермахан Бекмахановтың атышулы ««Казахстан в 20-40-е годы XIX в.» атты еңбегі 1948 жылы жарыққа шығып талантты ғалымға «буржуазиялық ультра-националист» деген айып тағылып 25 жылға айдалып кеткен соң, бабасының қылышы да музей төрінен алынып тасталынған болса керек. Сонда да, қай жылы қайсы қандасымыздың ойына оны экспозициядан, дәлірек айтсақ – тарих бетінен алып тастауға қолы барды екен?!

Ахмет төре мен оның ұлы Әзімханға қатысты материалдар Ресей, Қазақстан, Өзбекстан мұрағаттарында өзінің зерттеушілерін әлі де күтіп жатыр. Олардың біразымен қазіргі күндері ғаламтор жүйесінен де тауып алып танысып шығуға болады. Мәселе бұл жерде басқада – солардың негізінде Ахмет Кенесариннің өзі мен оның әулеті туралы үлкен ғылыми еңбек жазылса екен деймін.

 

1 Майлықожа. Шығармалары. Ә. Оспанұлы. 2005, 146-бет

2 Мәделіқожа. Шығармалары. Ә. Оспанұлы, Т. Айнабекұлы. 2009, 56-57 беттер

3 Майлықожа. Шығармалары. Ә. Оспанұлы. 2005, 145, 568 беттер

4 Мәделіқожа. Шығармалары. Ә. Оспанұлы, Т. Айнабекұлы. 2009, 157-164 беттер

5 Сонда, 157-164 беттер

6 «Большой атлас истории и культуры Казахстана». ABDI, Алматы. 2008, 464-бет

7 Мoser H. A Travers L’Asie Centrale: Impressions de Voyage. – Paris, 1885

8 Майлықожа. Шығармалары. Ә. Оспанұлы. 2005, 537-543 беттер

9 «Қазақтар – тарих және мәдениет». ABDI, Алматы. 2013, 318-бет. Жетісу өкілдерінің бірі, сұлтан Ахмет Кенесарыұлы. Суретші С.Ф. Александровский. Акварель.

Ералы ОСПАНҰЛЫ, суретші, Шымкент қаласы

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button