Ясауи мұрасы

Яссауи кесенесінің жағдайы алаңдатарлық

Мұхтар Бахадырұлы, тарих ғылымдарының докторы, Түркістан қаласы

Түркістан қаласында орналасқан Қожа Ахмет Яссауи кесенесі – Қазақстан мен Орта Азия тарихы мен сәулет өнерінің ең таңдаулы жәдігерлерінің бірі. Күллі Орталық Азия көлемінде ауқымы мен көркемдік деңгейі тұрғысынан алып қарағанда оған тең келетін бірде-бір сәулет ескерткіші жоқ. Яссауи кесенесі «ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра тізіміне» енген Қазақстанның алғашқы тарихи жәдігері. Соңғы жылдары кесененің сақталу жағдайы жалпы жұртшылықты, зиялы қауымның өкілдерін алаңдатып отыр. Осы жағдайларды ескере отырып, Яссауи кесенесіндегі бас-аяғы жоқ жөндеу жұмыстарының барысы, еліміздегі мұраны күтіп-сақтаудың өзекті мәселелері Уәлихан Бишімбаев пен басқа да Мәжілістің азулы депутаттары тарапынан ҚР Премьер-Министріне депутаттық сауал ретінде қойылуы өте орынды, құптарлық әрекет. Алайда көп уақыт өтпей-ақ «Айқын» газетінде 25 қаңтарда «Даурығуға негіз жоқ» деген айдармен сұхбат жариялан-ды. Онда «кесененің техникалық жағдайы өте жақсы» делінген.
Шындығын айтар болсақ, Яссауи кесенесінің қазіргі жағдайы алаңдатарлық, күрделі, ондағы реставрациялық жұмыстар ойдағыдай емес. Мұндай үзілді-кесілді тұжырымға көпшілік оқырман қолына тие бермейтін Яссауи кесенесін 2010-2011 жылдары зерттеген бір топ ғалымдардың және «Қазқайтажаңғырту» республикалық мемлекеттік кәсіпорны» қызметкерлерінің жазбаша есеп-терімен танысқан соң және ғимаратты аралап, оның бөлме-лерінде бүлінген немесе бүлініп бара жатқан орындарын көрген соң келіп отырмын. «Айтпасаң, сөздің атасы өледі», – дейді атам қазақ…
Яссауи кесенесінің қазіргі жағ-дайын анықтауда соңғы кезде ғалымдар жүргізген зерттеу жұ-мыстарының орны ерекше. 2010-2011 жылдары «Әзірет Сұлтан» қорық-музейі әкімшілігі Мәдениет министрлігіне қарасты атақты ғалым И.В.Ерофеева басқаратын Көшпенділердің мәдени мұрасы проблемалары жөніндегі қазақ ғылыми-зерттеу институтына ескерткіштің техникалық жағдайын тексеріп беруге тапсырыс береді. Осы жұмысты көп жылдар бойы Яссауи кесенесінде, Қазақстан мен Орта Азияның басқа ескерткіштерінде техникалық жағдайын тексеру жүргізіп келген институттың «Мәдени мұраны құжаттау мен консервациялау зертханасының» меңгерушісі, т.ғ.к. Л.В.Дубровская жүргізді. 2011 жылы техника ғылымдарының докторы И.С.Бровко басшылық еткен, техника ғылымдарының кандидаты Н.А.Сәрсембаев, тех-ника ғылымдарының кандидаты И.И.Шүкенов қатысқан М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің мамандары тағы да «Әзірет Сұлтан» қорық-музейі тапсырысымен Яссауи кесенесінің бөліктеріндегі температуралық-ылғалдық жағдайын зерттеді. Аталған ғылыми есептердің ортақ жиынтық көлемі 163 беттен тұрады, ондағы мәліметтерді, сызбаларды, нәтижелерді, тұжырымдарды, қо-рытындылар мен ұсыныстарды газет бетінде баяндап шығу мүмкін емес.
Яссауи кесенесі жағдайының соңғы жылдары төмендеп келе жатқанына жоғарыда айтылған зерттеулерде көрсетілген және жеке өзімнің көзбен көрген 3 басты мәселеге назар аударайын.
Біріншіден, кесененің ең киелі орны – Яссауи қабырханасындағы ішкі күмбезінде сарғайған үлкен дақ пайда болды, ол үлкейіп келе жатыр. Аппақ жұмыртқадай күмбез келбетінде бұрын-соңды мұндай бүлінушілік болған емес! Осы жағымсыз өзгерісті 2010 жылы алғаш көрген Л.В.Дубровская оның пайда болуын реставраторлардың кесене төбесінде уақытша қорғау үшін жасалған жабудың дұрыс қиыстырылып ойдағыдай жасалмағандығынан су қабірханаға өткен деп тұжырымдады. Төл сөзімен айтсақ: «Примыкание временной кровли к конструкциям памятника выполнено небрежно, дождевые осадки в весенне-осенний период проникают в кладку памятника. Так, пятно влаги в Гурхане появилось на уровне низа барабана купола».
Осы сарыжолақты дақ 2011 жылы 4 сталактит (шағын ойықша) аумағына жайылған болса, 2013 жылдың көктемінде аталған сары дақ көлемі кеңейіп екі есе үлкейгенін көріп шошыдым. Кесене төбесіне шығып қарасам, ескерткіштің үстіне орнатылған жабудың бір бөлігіне қырық тесікті, яғни бұрын қолданыста болған қаңылтыр пайдаланылған. Төбеден аққан су астына қәдімгі темір бөшкелер қойылған. Олардың фотосуреттерін Мәдениет министрлігінде 2013 жылы өткен арнайы жиында мынау «реставрация ма?» деп көрсеткен соң ғана ол қаңылтырлардың тесіктерін біршама бітегендей болды, кейбіреулерін ауыстырды.
Осы жағдайды көрген соң Ясауи кесенесінің жөндеуін басқарып келе жатқандарға мынадай сұрақ қойғым келеді: Не себепті кесененің баспанасына шұрқ-тесік қаңылтыр пайдаланылған? Не себепті жаңбыр-қар өткізбеу мақсатында кесене үшін кұрастырылған уақытша баспана су өтетіндей сапа-сыз жасалған?
Екіншіден, қазандықтың күм-бездері арасындағы кеңістікте ылғал көбейіп, тұз жиналып жат-қанын ғылыми негізде ғалымдар көрсетті. Л.Дубровская 2010 және 2011 жылдардағы күмбездегі намды салыстыра отырып, бір жыл көлемінде күмбездің үстіңгі бөлігінде ылғалдық 7 пайызға, орта белінде 29,9 пайызға артқа-нын көрсетеді. Ішкі күмбездегі ылғалдық осылай көбейе берсе, оның салмағы артып жартылай немесе толық опырылуы мүмкін деп ескертеді шымкенттік ғалымдар да. Бұл қауіп негізсіз емес. Мұндай жағдай бұрын-соңды болған, 1982 жылы Қазандықтың ішкі күмбезінің екі қатар сталактиттері құлаған. Кеңес заманында осы мәселемен айналысқан мәскеулік ғалымдар опырылудың бір себебі күмбезде жиналған ылғалдан болған деген қорытынды жасаған. Күмбездің бір бөлігінің құлап түсуі Құдай сақтағанда түнде болған, бұл жағдай күндіз орын алғанда кесенені аралап жүрген туристерді мерт қылып, орны толмас қайғыға алып келер еді. Зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, сталактиттер орналасқан күмбез бен сыртқы күмбез арасында ауа алмасу жоқ, сондықтан ылғал жиналады, ішкі күмбез ауырлайды. Осыдан Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ғалымдары қазандықтың күмбезіндегі бұрынғы ойық-тесіктерді ашу қажеттігін ұсынады.
Соңғы 40 жылда реставраторлар кесенені қолдан қымтап келеді деуге негіз бар. Ескерткіштің ойық-тесіктерін бекітсек, онда ғимарат-тың ішіндегі ауа алмасуы бұзылып, күмбездерге қауіп төнетінін 1955-1959 жылдар аралығында Яссауи кесенесінде реставрациялық  жұ-мыстарға жетекшілік еткен, осы өзекті мәселе бойынша алғаш кандидаттық диссертация қорғаған белгілі ғалым Лия Маньковская ескерткен болатын. Бұдан қырық жыл бұрын, дәлірегі – 1974 жылы Мәскеуде жарияланған мақаласында айтқан пікірін қазіргі реставраторлар қаперіне де алмайтыны таңғалдырады. Сол салғырттықтың нәтижесінде қазан-дық бөлмесінің үстіңгі сталактиттер қатары опырылды.
Қазір ғалымдар Қазандық күмбезінде ылғал, тұз жиналып жатқанын дәлелдеп отыр. Мұндай жағдай кесененің Мешіт бөлмесінің күмбезіне, басқа да қыштан өрілген төбе жабуларға да қатысты. Осы бөлмелердегі күмбез сылақтары сарғайып, босап кесене көркін қашыруда. Ал біз кесенеде барлығы тамаша деп сұхбат береміз.
Үшіншіден, Илиясхан ойығы мен Мешіт бөлмесі қабырға-ларында, Қазандық пен Қабырхана іргесіндегі тастар бетінде тұз шығып, оларды бүлдіріп бұзып жатыр. И.С.Бровко бастаған университет ғалымдары кесене қабырғаларындағы ылғалдылық жоғарыдан төмен қарай емес, керісінше, төменнен басталатынын анықтады. Осы арада Яссауи кесенесінде ХХ ғасырдың 90-жылдары жөндеушілер жасаған негізгі қателікті айтпай кетуге тағы болмайды. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында Қазақстан мен Түркияның арасында кесенеге жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы келісім жасалған болатын. Бір таңқаларлығы, 1993-1995 жылдары түрік мамандары ғимараттың іргесін бекіту барысында белгісіз себептермен оның қабырғалары мен бетон тіреулері арасына гидроизоляция жасамаған. О баста жобада бар гидроизоляцияны Қазақстан тарапынан осы жұмысқа қатысқан мамандар керегі жоқ дегеннен соң қойылмаған деген пікір бар. Бұл жөнінде «Қазқайтажаңғырту» республикалық мемлекеттік кәсіп-орны» басшылары білуі тиіс. Себебі ескерткіштің барлық жағдайынан хабардар болған реставраторлар ғана жөндеу жұмыстарына кірісе алады. Аурудың жағдайын біліп тексермей, оны емдеуге бола ма? Сондықтан зерттеушілер қауымы Яссауи кесенесіндегі гидроизоляция мәселесі жөнінде «Қазқайтажаңғырту» республикалық мемлекеттік кәсіпорны» басшысынан нақты жауап күтумен келеді…
Гидроизоляция жасалмаған соң, кесене қабырғалары арқылы жер асты ылғал жоғары көтеріліп жатқанын шымкенттік мамандар анықтап отыр. Ылғал мен тұз қабырға, сырлы қыш, көне қаптама тас беттеріне шығып, оларды бұзып жатыр.
Жоғарыда атап өткеніміздей, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік универси-теті мамандарының Ясауи кесе-несінің құрылыс құрылымдарын-дағы температуралық-ылғалдық режимін зерттеу нәтижелері өте маңызды болды. Ғалымдар реставрациялық жұмыстар бары-сында бөлмелердегі терезелердің, мұржа-құбырлардың бітеліп кетуі жалпы кесенедегі ауа алмасуына, кебуіне көп кедергі келтіріп отырғанын, көп ғасыр бойы бір қалыпты болып тұрған ауа айналымы өзгергенін айтады. Соңғы жылдары кесене үстіне қойылған жасанды қаңылтырлы жабу вентиляциялық каналдармен ауаның жүруіне кедергі келтіріп отырғанын айтады. Бұған қоса зерттеулерде кесененің төбесінің кебуіне реставраторлар қолдан жасаған қаптама-үймелер кедергі ететіні көрсетіледі. Расында, реставраторлар кесенеге кіріспей тұрғанда күмбездер беті ашық болып, күнмен, желмен қанша жаңбыр жауса да ғасырлар бойы табиғи тұрғыдан кеуіп ылғалдан тазарып отырғанын ескеру керек. Ақылға қонымды ескертпелер.
Жоғарыда айтылған мысалдардан кейін ескерткіштегі «жөндеу жұмыстары ойдағыдай жүргізілуде» деген тұжырыммен де келісу қиын. Бұған қоса Яссауи кесенесінде 2008-2011 жылдары атқарылған жөндеу жұмыстары барысында ЮНЕСКО-ның, ғылыми реставрация талаптарына қайшы айла-тәсілдер атқарылғаны құжаттар негізінде анықталып отыр.
Солардың ең сорақысы, 2008 жылы перфоратор құралын пайдалана отырып Қазандықтың сталактиттер қабатында 20 ойық жасау болып саналады. Ғасырлардан аман қалған сталактиттерді ХХІ ғасырдың басында қолдан ойып тесуге ЮНЕСКО-ның рұқсат беруі мүмкін емес!
2008 жылы сынақ ретінде пайдалануға материалды тек ЮНЕСКО рұқсат берген орында ғана пайдаланбай, Яссауи кесенесінің басқа рұқсат етілмеген бөліктерінде қолдану «Қазқайтажаң-ғырту» республикалық мемлекеттік кәсіпорны» қызметкерлерінің жазбаша есебінде жазылады. 2008 жылғы реставраторлар есебінде жобада көрсетілмеген қоспа қолданғаны айтылады.
Л.В. Дубровская 2010 жылғы есебінде ескерткіште жүргізіліп жатқан қалпына келтіру жұмыс-тарының елеулі бөлігі ғылыми реставрацияға қайшы келетінін көрсеткен. Маман ескерткішке зиянды ангидриттік қоспа пайдаланылғанын жазады. Қазандық күмбезінде зиянды тұздардың көбеюінің бір себебін ғалым дәл осы орынсыз құрылыс қоспаны пайдаланғаннан көреді. Бұған қоса, Л.В.Дубровская реставрациялық жоспарда белгіленбеген басқа да бірнеше жұмыстардың атқарылып жатқанын ескерткен. Мысалы, кесененің шығыс фасадында үлкен көлемде сыртқы қаптаулар алынып жатқан. Ал жоба бойынша тек кейбір мүжілген қаптау плиткалары ғана алынуы тиіс болған. Жобаға сай келмейтін жұмыстарды көріп, «Әзірет Сұлтан» тарихи қорық-музей қызметкерлерінің тоқтатқаны тағы есеп бетінде көрсетіледі.
Аталған мәселелердің барлығы дерлік Яссауи кесенесін сақтау және жөндеу мәселелеріне қатысты Мәдениет комитеті өкілдерімен, «Қазқайтажаңғырту» республикалық мемлекеттік кәсіпорны» басшылары қатысуымен соңғы бірнеше жылда өткен жиналыста айтылып келеді. Алайда нәтиже жоқ. Мәдени мұраны реставрациялау жұмысы тек Яссауи кесенесінде ғана емес, тіпті жалпы республика аумағында заман талабына сай жүргізіліп жатқан жоқ. Бұл салада шешілмеген мәселелер көп-ақ. Сондықтан да жанайқайдың айтылуына толық негіз бар…

Мұхтар Бахадырұлы, тарих ғылымдарының докторы, Түркістан қаласы

14 Наурыз, 2014

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button