Білген Шайыр айтады

Мәлік–Динар туралы хикаят

Құлымбет қожа ишан

 

Аллаға хамд   бихад шексіз сана,

Біреуді надан, біреуді қылған дана.

«Лаулак лама хулиқат ал-афлак» – деген,

Пайғамбарға сансыз салауат айттым және.

Құранның тәпсірінде «Рух ал-байан»,

Бір жұмыс көңіліме болды аян.

Құранның тәпсірінде болғаннан соң,

Шариғаттан тысқары кетер қиян.

Бір күні келтіреді сахаба Мәлік-Динар,

Қызметсізді азап қып Алла қинар.

Бір күні Пайғамбар хадис айтқан мұны:

«Сопы ан-Нар, сопы ан-Нар, сопы ан-Нар»

Пасықтық, мунафиқтан сақтаныңдар,

Ал-Саид, Саид деген атты алыңдар.

Қызметін бір Алланың өзі қылып,

Қуанып бұл дүниеден аттаныңдар.

Мәлік-Динар келе жатса бір бала отыр,

Анда-санда қарайды жылап, күліп.

Мағынасын жылаған, күлген сұрайын деп,

Қасына келе жатыр жолын қойып.

Жас бала ғой не қыламын сәлем беріп,

Болады ғой жұмысын кетсем көріп.

Бермеймін деген жұмысын қойды дағы,

Қасына жетіп келіп, сәлем берді.

Уа, алейкум, ас-салам Мәлік-Динар, – деді, –

Қызмет, сізді, азап қып қинар – деді.

Қаһар қылып пендесіне азап қылар,

Ажыратып алатын кім бар? – деді.

Алдыңда топырақты қойған ойып,

Кейде жылап отырсың, кейде күліп.

Топырақ ойып жылаған, күлген мәнісін айт,

Онан кейін, кетейін жолға жүріп.

Неге жылап отырсың, жас басың күнәсі жоқ,

Кінәсі жоқ адамның – жыласы жоқ.

Маған неге құлшылық қылмадың деп,

Саған айтар Алланың кінәсі жоқ.

Шешем отын жағады томар ойып,

Ол отыны, томары кетпес күйіп.

Ол томары отына жанбаған соң,

Астына толтырады шөпшек жиып.

Шөпшегі жанғанан соң, томар жанар,

Бұрынғыдан, онан соң оңай жанар,

Отына бар тамағын пісіріп ап,

Онан кейін жұмысы оңайланар.

Қорқамын шөпшек құсап кетем бе деп,

Отқа жанып, азап қылса, отына түспек анық.

Отқа түссе, жатады көріп азап,

Еш адамды кете алмайды оттан алып.

Осыны ойлап отырмын, қорқып жылап,

Отқа түссем, жатамын қайтіп шыдап?

Көп адам осындай боп отқа түсті,

Құдайдың бұйрығына қылса хилаф.

Сөзімнің біреуінен біреуі артық,

Кетпейді бұл дүниені ешкім артып,

Қызметің азды-көпті өзіңдікі,

Еш адам менікі деп алмас тартып.

Бұл сөзімді біледі ақылы көп,

Сөзімнің «тентегінен» мақұлы көп.

Рақым қылып, күнәсін кешсін Алла,

Пенденің қызметінен, ғафілі көп.

Қияметтің жолы ұзақ,

Апаратын азыққа қылың

Азығын көп қып апарып,

Ішіп-жеп татыңыздар рахат.

Махшарға көппен барғанда

Қылмағай Алла жаманат.

Шапағатыңнан айрылып қалма деп,

Айтамын жылап, салауат.

Кетерін қашан білмеймін,

Тәнде жаным аманат.

Қызметін қыл өлгенше,

Әміріне Құданың қылмаңыздар қиянат.

Бұйрығын тынбай істесең,

Боласыңдар сонда жақсы кісі – инабат.

 

Бибі Рабиа мен Ибрахим Әдһам патша

Жанын қинап қызмет қып,

Тапты жақсы сағадат.

Аюб Сабыр пайғамбар

Қызметін Алла қоймады,

Болса да тәні жарақат.

Қызметті жақсы қылады

Бөлек адам жақсы азамат.

Қызметін жақсы қылыңдар,

Қиямет жолы тар, қабахат.

Жабы аттай жолда қалмаңдар,

Жарысса ұзап кетеді,

Жүйрік болса қазан ат.

Қызметіңнен қалмаңдар,

Алдыңда көп бар ғаламат.

Қызметіңді зая қылмайды,

Алла өзі адалат.

Қызметін Алла қылмаған,

Тозаққа түсіп қамалад.

Ойын-күлкі көп болар,

Көпірден өтсең саламат.

Айтып енді мен болдым,

Мейлің қыл, мейлің қылма,

Бір Мұхаммед салауат.

 

ТАҚУА ТУРАЛЫ ХИКАЯТ

 

Шаһрында  Маруда бар еді тақуа қазы,

Құданың қызметінде қысы-жазы.

Жылап еңіреп қызметін жасаушы еді,

Дүниеге қуанып, болмай назы.

Қызметінде жоқ еді кемшілігі,

Ол уақта жоқ еді еш адам теңшілігі.

Тәрк қылмастан қызметін жүруші еді,

Құданың оған берген кеңшілігі.

Қызметін қылушы еді тұрып түнде,

Тәрк қылмай орындайтын оны күнде.

Әр кісі-ақ осындай қып қызмет қылар,

Жақсылық, қасиеттері болса кімде.

Қазының бір бой жеткен болды қызы,

Бойжеткен соң ерге беру бұрынғы ізі.

Жан-жағындағы адамын жиып алып,

Қазының оларға айтқан мынау сөзі:

– Бойжеткен соң қыздарға күйеу керек,

Бәрін де жиып алды ақылы зерек.

Бір жахуди бар еді қоңсы болған,

Оған да келсін деген қылды дерек.

Көп адамдар жиылып қосты басты,

Онан, мұнан сөз айтып ақылдасты.

Үш жол бар қайсы бірін қыласыз деп,

Бәрінен де жахудидің ақылы асты.

Үш жолың қайсы, дейді, айтшы маған,

Не десең де, сөзіңе тұрдым саған.

Үш жолдың үшеуін де айт қалдырмастан,

Ұстармын бір жолыңды ең ұнаған.

Бірінің жахуди береді түбін сұрап,

Затын әбден біледі болып қанық.

Осындай қып қыздарды ерге беру,

Біздің жолымыз болды, әне, сол-ақ.

Бұл заманның жолы сол береді сұрап малын,

Бұрынғы сұрамайды әсілі хәлін.

Бұрынғы тең затына қарамайды,

Киімі бүтін болса болды, асты қалың.

Әркімнің жолын берер болса тақуа,

Осыған бабаларың қылған пәтуә.

Өзімнің бабамның жолын тұтам дейді,

Басқа жұмысқа айналып болмай ақуа.

Шаһзар Марв көрді тақуа ғұламасын,

Қызының ойлап жүріп жыламасын.

Өзінің Мүбарак деген бір құлы бар,

Онан басқа тақуаның болды ұнамасы.

Азат қып Мүбаракқа берді қызын,

Бұрынғы бабасының басты ізін.

Мүбарак неше жылдай қызмет қылып,

Қазының жүруші еді татып тұзын.

Қырық күнге дейін Мүбарак жоламайды,

Көңілдегі жұмысы ұнамайды.

Маған неге жатпайсың Мүбарак, – деп,

Қыз да барып Мүбарактан сұрамайды.

Қыз айтты шешесіне; – Құлың маған қарамайды,

Ойнап-күліп жатуды қаламайды.

Егер де берсең молда, ғалымдарға, –

Деп, пе едің, олар мені ала алмайды.

Қазы айтты: – Қызбен біздің ойнадың ба,

Болмаса, басқа нәрсе ойладың ба?

Осы күні сен жүрсің жоламастан,

Болмаса қызға көңілің тоймады ма?

Қыз бой жетті рәсуадан ішіп тамақ,

Болмайды ол жұмысты қолмен алмақ.

Қырық күнге шейін қолымнан тамақ беріп,

Сонан соң қосылсам деп қылдым талап.

Қырық күннен соң сіздің тамақ арылады,

Халал барып, харамы қалынады.

Мұнан кейін егерде бала туса,

Жақсылық ол баладан табылады.

Қырық күннен соң қызға қылды жақындығын,

Қазы кетті, сөздің біліп мақұлдығын.

Бұл сөзді ешкім ойлап таба алмайды,

Сонда білді Мүбарактың ақылдылығын.

Мүбарактан Абдаллах бала туған,

Уақытында ғұлама боп дана туған.

Харам іске жоламай тақуа болып,

Абдаллах атасының жолын қуған.

Абдаллах Мүбаракұлы кітапта бар,

Тақуа болған еш уақта болмайды қар.

Әліңнің келгенінше тақуа болсаң,

Рақым қылып, бір Алла болады жар.

Жақсылар қызметін қыл, жүрме бекер,

Бұл дүниеде тұрмайсың, өмірің өтер.

Бұл дүниеде қызметін істеп барсаң,

Жәннат барып, жейсіңдер бал мен шекер.

Қызмет қылып барғанда мақтанасың,

Жәннаттан жақсы жайды алып қаласың.

Қызмет қылмай, дүниеде бос жүрсеңдер,

Қолыңа не нәрсені ап барасың?

Қызмет қылсаң ол жақтан үй аларсың,

Қызметсіз болсаң, төмен қарап ұяларсың.

Ол жақтан жақсы жайды алам десең,

Түнде жиі ұйқыңнан оянарсың.

Айтпасымды білесің бәрін де өзің,

Көңілің естіп тұр, көріп көзің.

Жақсы адамдар жұмысын өзі қылар,

Ишара қып, наданға айтқан сөзім.

 

 

АБДАЛЛАХ ТУРАЛЫ ХИКАЯТ

 

Бір хикайат жазайын,

Естігенге ғажайып,

Құдай өзі оңдағай,

Тәуекел деп жазайық.

Жазсам да күнде хикайат,

Қалмас сөзім азайып.

Б-исмилла Аллах! – деп жазайын,

Айыбымды Құдай оңлағай.

Қанша айтсам да насихат,

Наданға сөзім қонбағай.

Рақым қылып бір Алла,

Сөзімде тентек болмағай.

Оқыса жақсы сөзімді,

Ақшасын бізге береді,

Абдаллах оған сенеді.

Рас па деп айтқаны,

Абдаллах бір күн ереді.

Құлы кетті алдында,

Абдаллах ерді артынан,

Жасырын кетті халқынан,

Құлы кірді бір көрге,

Бұрынғы қылған халқымен

Не қылғанын білмейді.

Барғаны қараңғы түнде еді,

Барған жерін байқап ап,

Барайын бұрын мен, дейді.

Ертесі түнде бұрын кеп,

Абдаллах жатты қасына,

Көрінбей, жатты жасырына.

Артынан келіп ол құлы,

Сәлдесін жерге қойды да

Кафан киді басына.

Мойнына жіпті байлады,

Бұрынғы ісінен таймады.

Қабыл қыл деп қызметім,

Құдайға зар иледі

Абдаллах оны көріп тұр,

Көңілі босап, еріп тұр,

Құдайдан қорықып жылайды.

Залымның көңілі берік тұр,

Жақындап таң атарға,

Көңілі болды қайтарға.

Қолын жайды аспанға;

Тілегімді, Құдай, қайтарма!

Қожайынның бір теңгесін

Болмайды оған бермесем,

Теңгесін апарып берейін,

Көңіліне залал келмесін.

Аспаннан түсті теңге қолына,

Теңгені ап түсті жолына.

Бәрін көріп Абдаллах,

Бұл да ерді соңына.

Құшақтады Абдаллах мойынынан,

Күмәні кетіп ойынан.

Қызметіне ырза боп,

Сол жерде азат оны қылған.

Риза болса Құдайың –

Тозақтан азат боласың,

Жәннатқа барып қонасың.

Мейлің қыл, мейлің қылма,

Айттым біраз мен жобасын.

 

ЗУНУН МЕН ХУНИСА ТУРАЛЫ ХИКАЯТ

 

«Аузу би-Аллах мин аш-шайтан ар-ражим,

Б-исми Аллах ал-рахман ал-рахим».

«Б-исм Аллах» деп қолыма алдым қалам,

Әр істі оңғаратын Алла тағалам.

Құдайа өзің тауфиқ бере көр деп,

Тәуекел деп Хунасыға бастым қадам.

Бір Хунасы бар еді болған молда,

Хунасалық кемшілік болған онда.

Тәуекел деп кірістім хунасаға,

Құдай-ау, жұмысымды өзің оңда!

Жетпіс жыл мешітке болған имам

Харам ад-Дин болмады нәпсін тиған,

Харамдығын біліп тұрып имам болып,

Тозаққа өз нәпсін өзі бұрған.

Ойлаған адамдардың қазы бәрі қаза,

Бұлар үшін Хунасаға берер жаза.

Қажыға бара жатып сол шаһарға Зуннун келді,

Зуннуннан бір сөзді айтам енді.

Мешітіне Хунасаның намаз оқып,

Имамның Хунасалық жайын білді.

Сол жерде қалып кетті, қажыға бармай,

Жүр деген жолдасының тілін алмай.

Тәуекел деп жазайын білгенімді,

Бұл жұмыстың аяғы болған қандай?

– Қаратыпсыз, имам, бота-ай, тұрыңыз тез,

Сіздің орныңызға имам болдық,

Имамдықтан қалдым ғой деп қапа болма.

Жас адам имам болмақ бұрыннан із,

Он бір жыл тұрып қалды қайта алмастан,

Хунасалық жұмысын айта алмастан.

Хунасалығымды еш адам білмейді деп,

Хунаса жүр оның ойын байқамастан.

Бір күн Зуннун жылады толтырып көзін жасқа,

Жылады қолыменен ұрып басқа.

«Не себептен, мейманым, жылайсың», деп.

Қунаса да жүгіріп келді қасқа.

Бар еді бір Хунаса жолдасым,

Жолдасымның білдім оңбасын деп.

Қарасам, хафтам сақар жайы оның,

Құдайа, ондай адам болмасын, деп,

Жылады бақырып  сол Хунаса.

Кешілер күнә адам шын жыласа,

Күнәсіне тәуба қып, жылады ал,

Кімді Құдай жылауға ұнасын,

– Жылайсың неге, шірігім?

Жыладың өзің кетіп ірігің,

Хунасаны айтып, жыладың,

Айтшы маған жөн, тігін,

– Хунасалық бар кеселім,

Білмеймін қайтсем кешерін.

Отына тозақ лайықпын,

Білмеймін қайтсем өшерін.

Түнімен ұйықтап жатпады,

Жылаусыз таңы атпады.

Үш күнге шейін жылады,

Ішуге тамақ батпады.

Жауап бер маған, мейманым,

Зуннунды іздеп кетейін,

Ертерек соған жетейін,

Аяғына жығылып,

Жылауменен өтейін.

Зуннунды іздеп бармаңыз,

Жолыңыздан қалмаңыз.

Сенен бастар залымдық,

Қапа деп көңілге алмаңыз.

Зуннун екенін байқады,

Хунасалығым білді, деп,

Басын бір-бір шайқады.

Құдайдан күнәм тіле, деп,

Зуннунға жылап айтады.

Күнәсін кеш деп Алладан,

Күнәсін кешті бір Алла,

Күнәдан зәредей қалмаған,

Жылап тілек тіледі.

Үміті бар таңдаған

Хунасаның күнәсін кешті,

Күнәкарлық жұмысын тастады атып,

Бұрынғы өткен намазын қаза қылмай.

Рақым қылып бәрін кешті Жаббар хақ.

Хунасаның күнәсі кешірілді,

Құданың рахметі көп кешірімді.

Хунаса қылып еді жаман күнә,

Күнәсі жазып қойған өшірілді.

Пенделер тәуба қылып, жылаңдар зар,

Жылаған еш бір уақта болмайды қор,

Күнәңа ілгергі өткен тәуба қылып,

Хунасадай таза боп алдына бар.

Пенделер күнә қылды басып аяқ,

Күнә қылса, періштеден жейді таяқ.

Неге тәуба қылмадың деп періште одан,

Ұрмастан ешбіріңді қоймас аяп.

Құдайа, панасың, кеш, Ғаффар атың,

Рақым деп жазылған-дүр аслы затың,

Құдайа, Хунасадай күнәсін кеш!

 

БАҒДАТ ТУРАЛЫ ХИКАЯТ

 

Бір сөзді енді бастайын,

Жалқаулықты тастайын.

Ойланып отырып жазайын,

Асығыстан саспайын.

Ісімді Құдай оңдағай,

Сөзімде жалған болмағай.

Өтіп кетсем дүниеден,

Сөзімді оқыр соңдағы-ай.

Иманға бергей амандық,

Қылмағай Алла жамандық.

Қызметін көп істемей,

Қылып жүрміз шабандық.

Айтайын бір сөз Бағдаттан,

БағдаТ артық көп қаладан.

Қажыға кетті екі бай, бір жарлы

Мал көрмеген туғалы анадан.

Арада неше күн өтеді,

Етегіне бір таудың үшеуі де жетеді.

Бір құмыра алтын үшеуі тауып ап,

Тамақ алмаққа жарлы байғұс кетеді.

Тамаққа жарлы кетеді,

Бұларға шайтан жетеді.

Сол жарлыны өлтіріп,

Екеуіміз алсақ нетеді?

Өлтіруден таймады,

Сөзді осыған байлады.

Өлтіреміз сені деп,

Оған жаулық ойлады.

Өлтірсең өлтір қайтейін,

Бір сөзім бар айтатын,

Өлтіруден жоқсың қайтатын.

Мені өлтіріп бөліп ап,

Өзіңді қыл байытатын.

Қатыным жүкті қап еді,

Ол туса атын Дат қойсын,

«Дат деген оған ат қойсын»,

Қатыным осы қағазды ап,

Сандығына сап қойсын,

Қағазын берген ап қойды.

Сандығына сап қойды.

Бір күн қатын ұл туып,

«Дат» деген оған ат қойды.

Бара жатқан патша өтіп,

Баласын шақырып Дат деді.

Не дейсің Датыңды айт дейді,

– Сізге еш нәрсе айтпаймын,

Баламның аты Дат, – дейді.

Қажыға байым кетіп еді,

Жолда байым өліпті,

Ұл туса Дат қойсын деп

Серігінен қағаз беріпті.

Екі байды патша шақырды,

Келмесіне қоймай, ақырды.

«Азғырып шайтан біз өлтірдік,

Бір құмыра алтын тауып алып ек,

Жаратпай, бәрін келтірдік.

Расы осы, патша ағзам,

Сізге айтып, сендірдік.

– Алтынды Датқа беріңіз,

Сөзіме айтқан еріңіз.

Ешбіреуін қалдырмай

Датқа әкеліп беріңіз.

Алтынды Дат алмады,

Хақ жолынан қалмады.

Зорлық қып берді патша,

Алмасына болмады.

Алтынды Дат алды да

Бәрін оның бау қылды,

Алудан өзін сау қылды.

Айналасын қорған қып,

Бір ауыз қып қау қылды.

Ақырында бағы Дат қала болған,

Оған еге Дат деген бала болған.

Ол бала ақырында патша болып,

Ақылға көп адамнан дана болған.

Патша болып биледі Бағ Дат халқын,

Жүре берді патшалық қылып салтын.

Басында бір кедейдің баласы еді,

Ақырында оның да оңдады Құдай артын.

Бағ Дат деп жайылды жұртқа аты,

Жақсылыққа айналды оның арты.

Айта берсе, созылып кетіп қалар,

Осыменен таусылсын жазған хатым.

 

ҮШ АДАМ ТУРАЛЫ ХИКАЯТ

 

Қолыма «Б-исми Алла» деп алдым қалам,

Әр істі оңғаратын Алла тағалам.

Құдайа жұмысымды өзің оңғар,

Бір істі көңілге алып, хатқа салам.

Әлеумет құлақ салып, сөзім тыңда,

Қызметін қыл Алланың, бекер тұрма.

Мұнда қылған жақсылық, жамандығың

Бәрі де сұралады сізден, таңда.

Бұл сөзім бәрі де рас, жалған деме,

Жақсылық, жамандығың бәрі бірге.

Пәлен жақсылық, пәлен жамандық қылды дейді,

Құдайдың әмірімен келер тілге.

Жақсы болсаң жәннаттан үй аласың,

Жаман болсаң төмен қарап ұяласың.

Қызмет қылып барсаңдар ұялмайтын,

Барғанда бір Алладан сый аласың.

Үш адам бар еді Ах, Шаб, Рақым деген,

Қызметі барға Алланың рақымы келген.

Қызметсізге қыламын қаһар, азап,

Қызметі барға қыламын рақым деген.

Үшеуі дала кетті, қылып сайран,

Үшеуі жарлы еді, емес байдан.

Далада жүргенінде боран болып,

Жылайды: «Бұл жақтарға келдік қайдан?»

Бір таудың етегінде көрді тесік,

Ішіне кіріп келді, ашып есік.

Қайтадан ол есігі бекітіліп,

Олардың шығуына болмай нәсіп.

Үшеуі де үш күн қалды, кете алмады,

Баратұғын жеріне жете алмады.

Тартса да ол есікті аша алмады,

Шығуға еш лаж ете алмады.

Біреуі айтты: Бір күні салдым мәз-дүр,

Шықсын алмай кетті көп-дүр, аз-дүр.

Бір күні ақысына тұқым алдым сатып,

Бірталай тауық болды тұқым басып.

Тауық сатып, базардан бұзау алдым,

Бұзауымнан кетпеді пұлы асып.

Бұзауым өсіп-өніп болды талай,

Өзіме жаратпадым бәрін алмай.

Бір күні ол мәздүрді көріп қалдым,

Тұра қал, мендегі піріңді Алла-ай.

Пірдің қалдырмастан бердім бәрін,

Қуанды ол мәздүрім деп алып малын,

Бұл ісім қабыл болса, есігіңді аш,

Пендеңнің қылған ісі, саған, мәлім.

Оны айтқан соң азырақ ашылады,

Далаға шығуға болмай тұр оған нәсіп.

Мұның айтқан жұмысы тәмам болды,

Онан соң біреуі кетті айтып:

Бір жылы елде болды ашаршылық,

Бір сұлу қатын келді үйден шығып.

Мойнынан құшақтап, бетін сүйдім,

Алмасып ұстадым қолым сұғып.

Қатын айтты: –Құдайдан қорық, болма дахыл,

Бұл жұмысың Құдайға болмас мақұл.

Бұл күнде маған зорлық қылғанменен,

Қияметте азабын көрер ақыр.

Ісінен қорқып қолымды алдым тартып,

Күнәні қылған жоқпын мұнан артық.

Тамаққа тойғызып, қатынды қоя бердім,

Еш сөзді айтқан жоқпын оған қайтып.

Ол ісім қабыл болса есігіңді аш,

Жылады екі көзіне толтырып жас,

Бұрынғыдан азырақ ашылды есік.

Үшеуі жұмыс қылған жаннан кешіп,

Айналасы бәрі тау боп сол үңгірден ,

Еш адам кете алмайды оны тесіп.

Екеуі өтіп адамның үші қалды,

Оның да қылатұғын ісі қалды.

Басымнан кешкенімді мен де айтайын, деп,

Арзусына ол дағы түсіп алды:

– Таң атқан соң әкеме су әкеп беретінмін,

Үйден суды жылытып алып келетінмін.

Осындай ғып жұмысты қылатынмын,

Бұрыннан қылатұғын әдетім ең,

Бір күні келсем, әкеміз жатыр ұйықтап,

Өзі оянсын деп далада тұрдым тоқтап.

Далада мен де қаттым, су да қатты,

Сол күні жаман боран болып қатты,

Мұны айтқан соң аңқайып ашылды есік,

Үшеуі де шығып кетті болып нәсіп.

Әркім-ақ жақсылық жұмыс қылар,

Жақсылықты Құдайым қылса нәсіп.

Сөзімде айтыңыздар, болса айып,

Кейде тура, кейде аяғым кетер тайып.

«Тентек» жерін сөзімнің кешіріңіз,

Осындай қып жатырмын жұртқа жайып.

Осыменен сөзіміз тәмам болсын,

Мұсылмандар тозақтан аман болсын.

Жақсы, жаман болса да осындай мен жазамын,

Басқа адамда мұндай сөзді қайдан болсын?

 

Осыменен бұл кітап болды тәмам,

Баршаға рақым қылсын Алла тағалам.

Оқыған, естіген жан қылсын дұға,

Мен пақыр баршаңыздан үміт қылам.

 

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button