Жарық нұрдың сәулесі

Дуана қожа қайда жерленген?

Қазақ халқының ішінде жүзге кірмейтін бірнеше үлкенді-кішілі топтар бар екені белгілі. Оларды – төре, қожа, төленгіт, сунақ, құрама және басқалар құрайды. Өз кезегінде бұл топтардың кейбіреулері қазақ рулары секілді бірнеше атаға бөлініп жатады. Мысалы, қазақтың қожалары – сейіт, қорасан, аққорған, дуана, бақсайыс, қылауыз, қырықсадақ тағы басқа рулардан тұрып, тағы да іштей саяқ қожа, балықшы қожа, гүр қожа, жалаңаяқ қожа тағы басқадай болып тармақталып жатады. Міне осы әулеттердің ішінде ірі деген, Қазақстанның түкпір-түкпіріне кең тарағандарының бірі – дуана қожалар болып табылады. Атының өзі айтып тұрғандай олар Дуана қожа деген кісіден тарайды. Алайда бұл оның шын есімі емес, елге белгілі болған лақабы, ал молда азан шақырып қойған аты Мәді (Маһди). Мұнымен қатар Мәді-Дуана қожаның тағы бір лақабы бар, алайда оны бүгіндері көпшілік біле бермейді. Ол лақабы – Құсшы-Ата. Бұл жайлы 1997 жылы алғаш қалам тербеп газетке жариялаған қызылордалық Латыш Әбдіхайымұлы болатын. Ләтіш ағаның тағы бір аманаттап кеткен өте құнды дерегі – Дуана қожаның жатқан жері жайлы мәліметі. Бұл жазбамыз осы мәселе төңірегінде өрбімек.

Ашығын айтсақ бүгінге дейін Дуана қожаның ұрпақтары әйгілі бабаларының жерленген жері дегенде тек аңыз-әңгімелерде ауызға алынатын бірді-екілі дерекке сүйенеді. Ал енді 1997 жылы алғаш жарияланған дерек көзінен бері, яғни соңғы 22 жылдың ішінде, Ләтіш ағаның айтқанын растайтын тағы 9 жаңа дерек табылып, енді Мәді-Дуана қожаның мәңгілік мекені нақты анықталды деуге негіз туып отыр. Әсіресе, бұл тың деректерді бұрын бірін-бірі көрмеген, бірі Созақта туып сонда тұрып жатса, екіншісі Түлкібаста, үшіншісі тіпті сонау Қарақалпақстанда дүниеге келіп, сол жақта бала кезінен Дуана қожа жайлы естіп өскен болса, басқа да бір-біріне бейтаныс азаматтардың айтқандары бір жерден шыққаны таңғалдырмай қоймайды. Алайда сол әңгімелерді келтірмес алдын әңгімеміздің ауқымын біршама кеңейтіп алсақ дұрыс болар деп ойлаймыз.

Ел аузында кез келген әулие санатына жатқызылған адам жайлы көптеген аңыз-әңгімелер сақталып қалатыны баршаға мәлім. Сол секілді Дуана қожа туралы да түрлі ескі сөздер бүгінгі күнге молынан жеткен. Олардың дені Қызылорда, Түркістан, Шымкент өңірінде кеңінен таралып, мағыналары үндес, ұқсас болып келеді. Бұл әңгімелерде әулиенің көрсеткен небір кереметтері, құдыретімен жұмсап отырған киелі аң-құстары, Қожжан, Қылыш, Пірзада атты балаларын қалай кенже ұлы Бақмұхаммедпен қауыштырғаны және кезекті қажылық сапарынан қайтпай, қасиетті Меккеде жерленгені баяндалады. Соңғы мәліметті халықтың ыстық ықыласына бөленген ерекше тақуа, Алла-тағалаға жан-тәнімен берілген діндарларға қатысты аңыздарда жиі ұшырасатын құбылыс деуге де болады. Бұл қарапайым адамдардың бүкіл ел болып қастерлеген дін иесін Алланың шарапатына бөленіп міндетті түрде Мекке мен Мәдинада жерленуін қалағанынан туған үрдіс. Осыған орай әрі мысал ретінде, бұрынғы заманда әлдебір қазақ қайтыс болса қалай хабар таратқанын келтірсе болады. Ондай жағдайда қаралы хабарды ел ішіне жайып келуге аттанған жаушы жігіт кезекті ауылдың шетіне жеткенде: «Пәленше деген Меккеге аттанып кетті!» деп айғайлап, келесі ауылға қарай шауып кете беретін болған. Алды енді Мекке мен Мәдинада жерленгеннің қаншалықты қасиетті саналғанын қазақ тіліндегі «бақилық болды», «мәңгі-бақи ұмытпаймыз» деген сөз орамдары дәлелдей түседі. Бұл ұғымдар Мәдина шаһарында орналасқан әл-Бәки, қазақша айтқанда Бақи зиратымен тікелей байланысты. Себебі аталмыш көне зират Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) өзі және оның жақын әулеті, туыстары жерленгенімен аты әлемге жайылып кеткен.

Біз бұл зерттеу-жазбамызда Дуана қожаның қайтыс болғанына қатысты бұрынғы мәліметтерді жоққа шығарудан аулақпыз. Керісінше, осы бір маңызды мәселеге қатысты өзіміз жиған-терген деректеріміз арқылы ақиқатына көз жеткізгіміз келеді. Шындап келгенде бұл жерде ақтаңдақтардың пайда болу себебін өткен 20 ғасырдың бірінші жартысында қоғам өмірінде орын алған күрт өзгерістермен, әсіресе дін иелеріне кеңес үкіметі тарапынан көрсетілген қиянатқа толы іс-шаралармен тікелей байланыстырғанымыз дұрыс. Әсіресе, 1920 жылдардың аяғы – 1930 жылдардың басында қожа, ишан мен молдаларды жаппай қудалау, жер аудару, абақтыға қамау, кейбіреулерін тіпті атып тастау саясатының нәтижесінде небір көне қолжазба шежірелер жоғалып кетіп, қаншама қожалар бас сауғалап, туған жерінен безіп кетіп, тіпті өзінің тегін жасырып күн көруге мәжбүр болғанын бүгіндері жақсы білеміз. Осының кесірінен ұрпақ жалғастығы үзіліп, ғасырлар бойы атадан балаға аманат болып келе жатқан небір құнды мәліметтер біржолата құрып кеткені де баршаға белгілі. Сол себепті жұрт жадында нақты деректерден гөрі көбінше аңыз-әфсаналар мен дәйексіз әңгімелер қалғаны бізді тіпті таңғалдырмауы тиіс. Тек, еліміз 1991 жылы егемендік алғаннан бері, нағыз халықтық рухани жаңғыру барысында ғана жоғалтқанымызбен қайта қауышудың, желге ұшқан ата мұрамызды тірнектеп жинап орнын толтырудың уақыты келді. Онда да көбінше тек жұрнақ, жамаулары қолға ілініп жатыр деуге болады… Соның бір көрінісі осы Дуана қожаның мәңгілік мекені жайлы ел ішінен жиналған 10 дерек көзі болып табылады. Енді соларға кезек берелік.

1-дерек

Өзінің бүкіл саналы өмірін бабасы Мәді қажы – Дуана қожаға қатысты шежірелер мен түрлі деректерді жинауға арнаған, осы бағытта көп жұмыстар атқарған Латыш Әбдіхайымұлының (1924-2000) «Шырағдан» газетінде 1997 жылдың маусым айында жариялаған мақаласында: «Түркістан қаласынан Кентауға баратын үлкен жолдың үстінде, Құсшы ата мазарында қажы Мәдінің қабірі бар. Осыған жыл сайын Ораза айтында барлық мұсылман республикалардан діни ғұламалар келіп, құранды жатқа білетін қариялар кезектесіп құран оқиды. Бұл бүкіл Орта Азия мұсылмандарына дәстүрге айналған» деген сөздер бар екен. Бұған қосымша әулие бабаның басында мешіт секілді жайы болғандығы ауызға алынып, құран оқу дәстүрі соңғы 6-7 жыл көлемінде белгісіз себептермен тоқтап қалғаны айтылады. Бұл 2003-2004 жылдарға саяды. Біздің ойымызша сол құран оқуға келіп жүрген қариялардың көбісі 1930-шы жылдары бейнамаз белсенді большевиктердің қудалауына ұшырап, көрші орналасқан Орта Азия мемлекеттеріне ауып кеткен, сонда қалып қойған қожа-молда, ишандардың өздері және солардың ұрпақтарының алды болса керек. Себебі, ел іші тынышталған соң, олардың көбісі 1950-шы жылдарда ескі қоныстарына қайтып келгенімен бірталайы сол жақта өзбек-тәжік болып, сіңісіп кеткендері жөнінде көп айтылатыны белгілі.

Латыш аға Қызылорда облысының Сырдария ауданының Амангелді ауылының тумасы. Дуана қожаның үлкен ұлы Қожжанның ұрпағы. Қолында ата-бабаларынан аманат қалған шежіре сақтаулы болатын. Бір кереметі Әзірет Әліден бастап Дуана қожаға дейінгі ұлы бабаларының аттарын жатқа айтып, мүдірместен айтып бере алатын. Өзінің тұратын Амангелді ауылынан шығысқа, Қызылқұмға қарай «Мәдінің жайлауы», «Мәдінің сайы», «Мәдінің қыш зауыты» деген жерлер бар екенін, Амангелді ауылымен жағалас орналасқан Айдарлы шаруашылығының аумағында Мәді қажы, яғни Дуана қожаның бел балалары Қожжан, Қылыш, Пірзада бабалардың сүйектері қойылған сағананың да сол маңда екендігін айтып, осының бәрі тегін емес деп отыратын. Өзінің басты мамандығы мұғалім болған, әрі ұзақ жылдар бойы Амангелді совхозының кәсіподақ комитетін басқарған. Латыш аға 1948 жылға дейін ҰҚК (КГБ) бақылауында болып, айына 2 рет белгіленіп отырған. Асыл ағаның дәм-тұзы 2000 жылы таусылып, өзі ұйытқы болған Дуана қожалар әулетінің шежіресі 2005 жылы алғаш жеке кітап болып шыққанын көру бұйырмады.

2-дерек

Түркістан қаласынан батысқа қарай 90 шақырым жерде, Сырдарияның Қызылқұм жақ бетінде орналасқан Жаңақорған ауданының Қандөз ауылында тұратын Балтабай Жәнібеков (1940 жылы туған) деген азамат, 2000-шы жылдардың басында қоңыраттардың бір үлкен жиынына қатысқанында сол елдің көнекөз қариялары оның тегін сұрастыра келе: «Түркістанның ар жағындағы Құсшы-Ата ауылында айналасы талмен қоршалған, жалғыз аяқ жолмен кіретін төбе басында жатқан әулие – сендердің Дуана бабаларың» деп айтып беріпті.

 

3-дерек

Созақ ауылының тұрғыны Арыстанбаб (1944 жылы туған) деген кәрия 2014 жылдың күзінде Дуана қожаның жатқан жері Құсшы-Ата ауылы екендігін баяндап берді. Бұл кісінің әкесі 1943 жылы соғысқа кетіп шейіт болған, ал анасы болса оның екі жасқа толар-толмас шағында өмірден өтіп, Арыстанбабты нағашы әжесі бағып-қағып жеткізіпті. Өзі Мәді-Дуана қожаның бесінші ұлы Бақмұхаммедтен тарайтын жалаңаяқ қожалар әулетінен, ал әжесі Ғайрымса Касимова тегі болса қашқарлық қожалардан. Сол әжесі 1969 жылы оны Түркістан қаласына оқуға алып бара жатып, жолда бір төбенің басында жатқан әулиенің басына апарып құран бағыштайды. Арыстанбаб әжесінен «Бұл кім?» деп сұрағанда «Сенің бабаң – Дуана қожа осы» деп алғаш таныстырады.

Арыстанбабтың әжесі Ғайрымса Қасимова Бурахан әулиенің кесенесінің қорасында өмір сүріп 91 жасында көз жұмып, топырақ сол жерден бұйырған. Оның әкесі Шаһқасым да 14 жасынан 1864-1936 жылдар аралығында осы әулиенің шырақшысы болған. Ал 1936 жылдан 1949 жылға дейін Бурахан әулиенің басында шырақшы отырмаған, себебі кеңес үкіметінің атеистік саясаты бұған жол бермеген. Тек 1949 жылдан бастап Ғайрымса әже шырақшылық қызметті қайта жандандырған. 1992 жылы ол кісі бақилық болғаннан соң Бурахан әулиенің шырақшысы болып Арыстанбабтың өзі отырған. Алайда 1997 жылы Кіші жүздің ішіндегі тама руының адамдары бұл әулиені өздерінің Қарабура деген бабаларының кесенесі деп жариялап, Арыстанбабты шеттетіп, өздерінің арасынан жаңа шырақшыны тағайындап алған. Сөйтіп атақты Бурахан әулиенің есімі мен қабіріне аңызда өзі мініп жүрген түйесі Қарабураның аты бұйырыпты.

Сол Созақтың түлегі, қазір Өзбекстанға көшіп кеткен Манзура апаның айтуы бойынша Бурахан әулие мен Ташкентте жатқан әйгілі Зәңгі баба екеуі ағайын адамдар болған, соңғысы Қожа Ахмет Ясауиге жиен болып келген, бұлар сопы-ақынның сүйегін жууға кірген дегенді айтып берді. Манзура апайдың ата-бабалары Созақта жатқан Жалаңаяқ Әздер әулиенің шырақшылары болған. Бір қызығы Созақтың тұрғындары, әсіресе үлкендері әлі де Қарабураның сағанасын ескіше Бурахан әулие деп атауын қоймаған.

4-дерек

Қызылорда облысы Қармақшы ауданындағы Қуаңдария маңынан қызыл белсенділердің қыспағынан 1930-шы жылдары Бұқар жаққа жер ауып кеткен Тұрман ишанның балалары Сағдаддин (1905 туған, 1950-шы жылдары Әмударияға, суға батып қайтыс болған) және Нәжімаддин (1907-1960) деген кісілердің айтқандары бойынша Дуана қожа мен Құсшы-Ата бір адам. Бұл мәліметті осы екеуінің кішісінен 1959 туған Тұрманов Якуб Нәжімаддинұлы деген азамат жеткізіп отыр. Өз сөзінде ол: «Бабаларымнан келе жатқан аманат – Мәді қожа Құсшы-Атаға жерленген» деп шеге қаққандай етіп айтып берді. Өзі Ер Сейітпембет әулиенің ұрпағы болып келетінін, қолында бабасынан қалған мөрлі жүзігі барын да жайып салды. Бұл әулеттің үлкендері 1960-шы жылдары Қазақстанға қайта оралып, бүгіндері Түлкібас елді-мекенінде тұрақтап қалған.

 

5-дерек

Кезінде, 1930-шы жылдары молда-ишандарға көрсеткен қуғын-сүргіннен Тәжікстанға ауып кетіп, кейін ел іші тынышталған соң Түркістан маңына қайта көшіп келген сейіт қожа Ишан-баба 2012 жылы: «Бұл маңда 7 әулие бар, соның бірі Қосшы-Ата» деп айтып берді. «Қосшы-Ата ма дұрысы, әлде Құсшы-Ата ма?» деген сұраққа, қария: «Қосшы-Ата, ал Құсшы ата деп белгісіз біреулер жазған» деп түсіндірді. Бабаның «Қосшы» деп аталуының себебін ол әулиенің кезінде «Қожа Ахмет Ясауи бабаға Арқа жақтан зиярат етіп келген қазақтарға жол көрсетіп, алып жүретін қосшысы болған, содан шыққан» деп түсіндірді. Бұдан шығатыны – Құл Қожа Ахмет Ясауи бабаның сағанасы бой түзеген Түркістан шаһарын күні бүгінге дейін Екінші Мекке деп атанып келгенін ескере отырып, Дуана қожа өмірінің соңғы жылдарын осы Түркістан шаһарының маңында өткізіп, әйгілі әулиеге қызмет еткен деп келетін тұжырымды растайтынын айтып кетсек болады.

6-дерек

2008 жылы Құсшы-Ата ауылындағы әулиенің басына бір кісі мәрмәр тастан жасалған белгі орнатқан екен. Тастың жоғарғы жақ бетіне «Құсшы ата Мәді дуана қожа» деген жазу, одан төменірек бабаның балалары «Қожжан, Қылыш, Пірзада, Бақмұхаммед әулиелер» деген сөздер қашалып жазылған. Жақында осы тасбелгіні өзінің жеке ықыласымен тұрғызған азаматтың есімін анықтап алудың жолы түсті. Ол Қызылорда қаласының тұрғыны Дуана қожаның үлкен ұлы Қожжаннан тарайтын Бекпембетов Серік Бабамжарұлы (1970 жылы туған) екен. Мұнда шынымен Дуана бабаңның жатқанын кімнен естіп білдің деген сұраққа ол:

– 1997-1998 жылдары Сырдария ауданы Амангелді ауылының тұрғыны шежіреші Абдулатиф (Латыш) Әбдіқайымұлы мен Әзқожаев Омар көкелерім қожалардың шежіресін толықтырып кітап етіп шығармақшы болды. Сол кезде мен бұл кісілерді автокөлігіммен тасымалдап қызмет жасадым. Жеті атамды толықтырып жазып алып, бабаларымның қай жерде жатқанын сұрастырдым. Олар «Түркістан қаласынан Кентауға барар жолда бір қырдан асып түскеніңде, оң жағыңда Мәді қожа Дуана бабаң жатыр» деген болатын. «Әжі бабаң болса Ясауи мавзолейінде, Алтай баба Жаңақорғанда Жайылма деген жерде» – деп жауап берген еді.

2008 жылы Мәді бабаның жатқан жерін келіншегім Айгүл екеуміз іздеп бардық. Ләтіш ағаның айтуымен тез таптық әрі бабаның өзі де бізге «көмектесті». Тұсына келген кезде бабаға қарай сілтеме «стрелка» көрінсе бола ма, алайда біз оны елемей ары өтіп кетіп, біраз уақыт босқа сенделіп, ақыры кері қайтып әлгі белгі көрінген жерге оралып бабаның жатқан жерін таптық. Бір кереметі үйін анықтаған соң жаңағы меңзеген белгі зым-зия жоқ болып кеткені.

Бірінші байқағанымыз бабаның басында ешқандай белгі жоқ екен. Шырақшы Кәфия апаймен танысып, бабаға құран бағыштадық. Бабаның үйінің ішінде біреулер газет қиындысын қалдырып кетіпті. Оқысам онда Мәді қожа Дуана баба жайында мақала жазылыпты. Бұдан соң «Бабаның жатқан жері ма, әлде басқа ма?» деген күмәнім біржолата сейілді. Әрі қарай ауылдың ішіне кірдік, мешітке бардық. Ауыл ақсақалдарынан «Мәді қожа Дуана бабаның жатқан жерін білесіздер ме?» деп сұрадым. Олардан «Мәді қожа дегенді білмейміз, егер қожа болса ол Құсшы ата, сол кісі қожа болған» деген жауап алдым. Біздің бабамызды ол жақта Құсшы ата дейді екен. Елге оралған соң газетке мақала жазған кісіні тауып алдым, жақын танысып білістік. Қызылорда қаласы Талсуат ауылының тұрғыны, келіншегі қожа, ал өзі қыпшақ Асылбек деген азамат екен.

Сол 2008 жылы Ораза айында бабаға, келіншегіммен тағы бардық. Сол жолы жолдасым «Бабаға белгі қойсақ бола ма?» деп менен сұрады. Ойласып бабаға мәрмәр тастан белгі қоямыз деп уәде етіп елге қайттық. Белгіні бір айдан соң апарып қойдық. Бір ай ішіндегі бастан өткерген кереметтерді айтуымды артық санаймын, құпия болып қалсын. Зиярат етіп кейін тағы бірнеше бардық. Барған кезде екі-үш мәрте Айгүлге көрінді. Жылына екі мәрте зиярат етіп тұрамыз» – деп әңгімелеп берді.

Бұл деректегі мәліметтерді толықтыру үшін жоғарыда ауызға алынған Асылбектің кезінде газетке жариялаған мақаласымен танысу керек болды, бірақ оның сәті әзірге түспей отыр. Болашақта оның да реті келіп, орнын толтырармыз.

7-дерек

Бұл деректің ерекше құндылығы оны жырақта жатқан, ескіліктен жеткен тарихи аңыз-әңгімелердің табиғылығы әлі де бұзыла қоймаған Қарақалпақ жерінен Сыр бойына, Қызылорда қаласына 1993 жылы қоныс аударып келген Тұрғанқожа Өмірзақұлы Әл-Қарахани деген азаматтың жеткізгені.

Тұрғанқожа (1962 жылы туған) 1970-ші жылдары қарияларға атшабар бала болып, соларға түрлі қызмет етіп жүргенінде ескіден қалған көп әңгімелер естіп өскен жан. Көнекөз кәриялардың аттарын тұсап, шідерлеп жіберу, алып келу, жем беру секілді жұмыстарды атқарып жүргенінде олар оны баласынбай «қожа» деп құрметтеп атап, сыйлап жүреді екен. Сол жылдары Ясауи силсиласын ұстанған Піржан молла, Пауеддін мақсым, Ідіріс молла, атасының інісі Тасымбет қары, Сұлтанмұрат сопы, Жарылқасын қожа, Мүсірәлі Әзиздің немересі Құлжабай ишанның баласы Сағидулла секілді сауатты ақсақалдардың естігендерін Тұрғанқожа ұмытпай, жадында сақтап келіпті. Бір қызығы сол қариялардың бәрі де Мәді қожаны «Дуана қожа» демей, үнемі «Құс-Ата» деп атап отырады екен. Жеті рет қажылыққа жаяу барып келгенін мақтан етіп, ол әулие жайлы неше түрлі аңызға бергісіз іс-әрекеттерін тамсана баяндаудан тіпті жалықпаса керек. Кейбірде әлде-бір балалар қызығып Мәді қожаның жаяу-жалпы жүріп отырып, Мекке-Мәдинаға барғанына таңырқап «ол қалайша барған, қалай баруға болады?» деп сұраса, шалдар «ой, ол атаң адамның құсы ғой!» деп, әулиенің жүрген жолдары жайлы да тәптіштеп әңгімелеп береді екен. Ал енді, ең бастысы, «Құс-Ата әулие қайда жатыр?» деп біреуі сұрай қалса, сөзге келместен бірауыздан «Түркістанда, Кентауда жатыр» деп айтады екен.

Тұрғанқожаның бала кезінде өзіне әзиз-әулиелердей көрінетін сол бір ақсақалдардың Мәді қожа туралы, оның жүрген жолдары туралы айтқан әңгімелерді қағаз бетіне түсіріп түрлі ақпарат көздерінде жариялағаны да қуантпай қоймайды.

8-дерек

2017 жылдың қыркүйек айының аяғында Қызылорда облысының Сырдария ауданының орталығы Тереңөзек кентінде «Рухани жаңғыру және діни сана» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп, осы жиынға Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі, Дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі ғылыми зерттеу және талдау орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, дінтанушы ғалым Айнұр Әбдірәсілқызы (1976 жылы туған) арнайы Астана қаласынан келіп қатысып, сөйлеген сөзінде:

«Шіркейліде жатқан Құлболды ишанның бесінші атасы Дуана – Мәді қожа, Құсшы ата деген лақап атпен атақты болған кісі Ясауиден кейінгі ең зор ілім иесі деп аталады. Сол кісінің қабірі Кентау мен Түркістан қалаларының арасында, Құсшы-Ата деген елді-мекенде жатыр. Мен сол ауылдың түлегімін, сол жерден шықтым, сол кісінің босағасында өстік» – деп баяндап берді.

9-дерек

2018 жылдың мамыр айында Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы Ақтас мешітінің басшысы Насырхан Әззамұлы Балтабаев (1961 жылы туған) өзінің туысы Шәймерден Тәжіқожаұлынан естіген әңгімелерін баяндап берді. Шәймерден имам 1942 жылы туып, дүниеден 2008 жылы өткен. Дуана қожаның тікелей ұрпағы, әулиенің бесінші ұлы Бақмұхаммедтен тарайды. Шежіресі былайша тарқатылады: Дуана қожа – Бақмұхаммед – Якубқұрбанқожа – Шаһқожа – Салыққожа – Наурызқожа – Темірқожа – Айқожа ишан – Пірше мағзұм – Тәжіқожа – Шәймерден қожа. Насырханның өзі де атақты Айқожа ишанның тұқымы (Айқожа – Ибадулла – Балта мағзұм – Әззам ишан).

Насырханның айтуынша имам болып елге қызмет еткен Шәймерден ағамыз Кентау қаласы, Ұранғай мен Құсшы-Ата ауылы халқының құрметіне бөленген, көпке танымал азамат болған, және, ең кереметі – Құсшы-Атаның басында шырақшылық қызмет те атқарған болып шықты! Құсшы-атаның Мәді қажы, яғни Дуана қожа екенін Насырхан міне сол Шаймерден имамның өз аузынан естіпті.

Шәймерден Тәжіқожаұлының айтқандарының ішінде тағы бір ерекше мәні бар мәлімет ол – Мәді қажы, яғни Дуана қожаның молда азан шақырып қойған есімі Мәдімұхаммед болғандығы.

 10-дерек

Шымкент қаласы Өріс көшесінің тұрғыны, ұзақ жылдар энергетика саласында еңбек еткен Сердар Мұсабаевтың айтуы бойынша Мәді қажы – Дуана қожаның Қожакәлен аталығынан өсіп-өнген Сейіт батыр әулетінен тарқатылады. Атасы Нысанбай қожа Әбдіраманов (1901-1983) Бұқардағы Көкелдаш медресесінде діни сауатын ашқан кісі. Ол қариядан жеткен көне деректердің бірі және бірегейі Дуана қожа – Құсшы атаның моласы Түркістан мен Кентау арасындағы күре жолдың бойындағы Құсшы ата ауылының шетіндегі көне қорымда орналасқаны. Бұл атадан балаға жеткен өсиет.

Сердар Мұсабаевтың айтуынша еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Өзбекстаннан Дуана қожа бабаның басына арнайы екі «Икарус» автобусымен зиярат етіп келген ұрпақтарымен жүздескен. Өзбекстандық ағайындармен бірге түркістандық баба ұрпақтары да болған.  Зияратшылар бірінен кейін бірі жалғастырып ұзақ уақыт бабаға құран бағыштап, зікір салған. Жалпы, ораза біткен соң, Құрбан Айт күндері келгенде Дуана қожаның қабіріне осылай арнайы келіп құран бағыштап, зікір салу дәстүрі ұзақ жылдарға жалғасып келген дәстүр болған.

Ал енді Дуана қожа жатқан қабірдің соңғы жылдарғы жағдайы жайлы қысқаша айтып өтелік.

Әулиенің сүйегі биік төбенің басында орналасқан. Жан-жағы кесекпен қаланып, бір жағын ала шырақшының кішкене үйі жалғаса соғылған. Электр жарығы өткізіліп, от жағатын кішкене пеш орнатылған. Үйге 1,5 метрдей ағаш сатымен көтеріледі. Осының арқасында ішіне кірген адам дұға оқығанында терезенің арғы жағында жатқан бабаның қабірінің жанында отырады екен. Әулиенің басында 2015 жылға дейін шырақшы болып ұлты татар, жасы сексенге таяған Кәфия апай отырған. Ол кісінің айтуынша Мәді бабаның ұрпақтары – дуана қожалардың ішінде, білетіндері, анда-санда келіп зиярат етіп кетіп жүреді екен. Мал шалып, құран түсіргендері де болған. Үлкен жолдың бойындағы «Құсшы ата» деген жазуды кім орнатқанынан хабарсыз екенін айтып, «соңғы кезде тағы біреу түсініксіз бір жазуларды іліп қойыпты, олардың қайдан пайда болғанын бір құдай білсін» деп қысқа қайырған. Сұрастырғанда өзі шырақшылық етіп отырған әулиенің кім екенін жете біле бермейтінін де жасырмаған. Тек «Қожа Ахмет Ясауи әулетінен шыққан әулие, маған дейін атам шырақшылық жасаған еді. Жалпы осы үйге 1961 жылы келін болып түскенмін» деген сөзді қосқан.

Бүгіндері Кәфия апай шырақшылық етпейді. Себебі 2014 жылы бақилық болған.

Көңіл аудара кететін жай – бүгіндері ескі қорымның айналасын жергілікті тұрғындардың мекен-жайлары қоршап жатыр. Бір жағы зираттың шеті де, екінші жағын солардың үйлері мен қора-қопсылары қамаған. Осының салдарынан әулиенің моласына келген зиярат етушілер алдымен марқұм Кәфия апайдың баласы тұрып жатқан аулаға кіріп, сол үйге қарасты жерді басып өтіп бабаның басына өтуге мәжбүр. Жердің иесі оған қарсылық білдірмейді, себебі үй құрылыстары жалғыз аяқ жолдан біршама алшақта орналасқан. Керісінше қолынан келгенінше қолғабыс көрсетіп отырады.

Соңғы жылдары Мәді қажы – Дуана қожаның басына Қызылордадан зиярат етіп тұрақты барып-келіп жүрген ұрпақтары табылып отырғаны қуантпай қоймайды.

Міне, Дуана қожаның жатқан жері туралы әзірге айтарымыз осы. Бұдан әрі әбден тозған, ескіріп, құлауға бет алған шырақшының үйін не істеп, төңірегін қалай ретке келтіру жағын шамасы келетін азаматтар қолына алып, іске асырса дұрыс болар еді деп сөзімізді қайырмақпыз.

 

Ералы ОСПАНҰЛЫ (+7 701 393 42 24),

Жұмабай  ОМАРҰЛЫ (+7 775 598 27 27)

Шымкент-Қызылорда, 2019 жыл

Таңбалар

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған