Жарық нұрдың сәулесі

Шаһанәдірқожа және оның ұрпақтары

(шамамен XVIII-ғасырдың басында өмір сүрген)

Жалпы, Шаһанәдірқожа туралы жазбаша, не ауызша деректер жоқтың қасы. Бір деректерде ол бабамыз «Ақтабан шұбырындының» заманында қазақ қосынының құрамында жоңғарларға қарсы соғысқа қатысқан деп көрсетіледі. Қолға түскен кейбір шежірелер жазылған материалдарда осы Шаһанәдір бабамыздан Сарғалдақ, Мұхмұн, Сәдір туады. Енді шама-шарқымша осы үш бабаларымызға қатысты әңгімелерді баяндамақпын.

Сарғалдақ қожа Шаһанәдірұлы

Қазақ қолының пірі, әрі рухани көсемі болып сайланған (1726 жылы). Әбужалилдің кеңесімен Абылай Сұлтан Сарғалдақ қожаны Арқаға Орта жүз қазақтарына Исламның шариғаттарын үйретіп сабақ беруге, мұсылмандық пен имандылықтың сара жолын орнықтыру үшін бас имам етіп алып келіпті және оларға қажетті барлық жағдайды жасаған екен. Сарғалдақ қожа өз заманында он екі пәнді тәмамдаған ғалым-ұстаз болған. Айтқаны келетін, көріпкел, әулие деп ел құрметтеген бедел иесі екен. Сарғалдақ қожаның Зура деген әпкесін Абылай хан алып, одан Тоқ, Қасым, Арық деген үш ұлы болады. 1771-1781 жылдарда Орта жүздің ханы – Абылай хан (Әбілмансұр) өзінің 30 ұлының бірі – Уәлиханға (1741-1821 ж.ж.) Сарғалдақ қожаның ұлы Қожа Ахметпен құда болып, оның Айғаным деген қызын алып береді. Уәли де 1781-1819 жылдарда Орта жүзге хан болған. Айғаным өжет, озық ойлы, жүйелі білім алған, шығыс ойшылдарының шығармаларын оқып меңгерген, өзі сұлу, көркіне ақылы сай жан болған екен. Айғанымға қатты қызыққан Уәлихан оның қойған талаптарын орындаған екен дейді. Мысалы: «Бурабайдағы әйелдерінің жанына мені қоңсы қондырмасын, мен десе мекенін осы жаққа ауыстырсын» деген шарт қойыпты. Хан шартын орындап бұрынғы жанұяларын Көкшетауда қалтырып, өзі Сырымбетті қоныстанады.

Айғаным Уәлиден алты ұл сүйеді: Әбен, Мәмке, Шепке, Шыңғыс, Қанқожа, Әлжан. Туылысынан алғыр Айғаным ханның өзін ғана емес, бірте-бірте бүкіл елін де басқарысып, билеп-төстейді. Кейін, яғни 1819 жылы Уәли жасы жетіп қайтыс болғанда Ресей патшасы оның төрт әйелінен туған ұлдарының бірінде хан сайламай, Айғанымды тақ иесі деп таниды. Қазақтың тарихында әйелден алғаш хан болған осы Айғаным еді. Ол 37 мүшелінде хан тағына отырып, он үш жыл елді биледі және талай мәрте көрегендік таныта білді. Өмір көшіне ілесу үшін өнер-білім, оқу керек екенін жете түсінді. Қазақ жұртының алға, жарыққа ұмтылып заман талабына сай болуына көп күш жұмсады. Сырымбетте қазақ балалары үшін арнайы мектеп ашқызды. Сонымен бірге, қоғаммен өрелес болуы керек деп ұқты. Өзгеге үлгі көрсетіп алдымен өз балаларын орысша оқытты. Мысалы: ұлы Шыңғыс пен немересі Шоқан тағы тағылар орысша оқыды. Жасы елуге тақағанда аға сұлтандықты ұлы Шыңғысқа тапсырып, елдің тілеуқор анасы болып тікелей ұрпақ тәрбиесімен айналысады. Көп немерелерінің бірі – қазақтың жарық жұлдызы Шоқан Уәлиханов еді. Айғаным 1783-1853 жылдар аралығында, яғни жетпіс жас жасап өмірден өтті. Хан сайлау қожа қызы – Айғаным ханшадан кейін тоқтатылып, аға сұлтан сайлау жүйесіне көшкен.

Төменде Сарғалдақ қожа әулетінің қолда бар шежіресін келтіремін: Сарғалдақтың Жәліш, Пірәлі, Мырзалы, Қозыбағар, Қожа Ахмет, Бекәлі деген балалары болыпты. Өз кезегінде бұл балаларының әрқайсысынан өсіп таралған ұрпақтары бар.

Сәдір қожа Шаһанәдірұлы

  «Ақтабан шұбырынды алқакөл сұлама» трагедиясы заманында халық өз мекендерінен босып, бас сауғалап, Арқадан Сыр бойына дейін жер ауып көшкені тарихтан белгілі. Бұл зұлмат заман өткеннен кейін елдің қырғыннан аман қалғандары біртіндеп естерін жинай бастағанда қайтадан бұрынғы ата қоныстарына қарай жылжыған екен. Сондай халықтың бірі – Тобықты болса керек. Тобықты әулеті алдымен Ор, Торғай, Ырғыз, Кеңгір бойын мекендеп, бірте-бірте жылжи көшіп, ақырында Шыңғыстауға қоныс теуіпті. Бұл көшті Мамай батыр мен Қараменде би бастап әкелген деген дерек бар. Бұл 1780 жылдары болса керек. Кейіннен Қараменде би мен Кеңгірбай бидің екеуінің арасында келіспеушілік болып Тобықтының Дадан бұтағын Бесжан Тобықтысынан бөліп алып, Қараменде би Балқаш-Тоқырауыл бойына қоныс аударыпты. Бұл мөлшермен XVIII-ғасырдың соңы ХІХ-ғасырдың басы болса керек.

Осы кезеңде Қаратау жағынан Сәдірқожа бастаған біраз қожалар келіп әр руға тарай бөлініп, мұсылманшылық шарты бойынша Аллаһ жолын – Исламды уағыздауға иелік етті. Осы жерде мендегі бар екі деректерде екі түрлі пікір айтылады. Біріншісі – Сәдірмен бірге келгендердің ішінде Халауайт ұлы Өтеген қожа да бар еді дейді, яғни Халауайтты Сәдірдің ұлы еді деп нақ айтылмайды. Екіншісі – Сәдірқожадан Халауайт, ал Халауайттан Өтеген қожа деп таратады. Бұл жайды таразылай келе мен екінші нұсқаны дұрыс деген шешімге келдім (Б.Исабаевтың «Ұлылар мекені» кітабынан қараңыз). Себебі, Бекен Исабаев ағамыз осы Шыңғыстың тумасы, сол рудың (Тобықтының) өкілі болғандықтан бұл уақиғаның бәрін жасынан естіп өскен адам. Жә, сонымен, осы Өтеген қожаны Қараменде би өз елінде ұстапты. Оған жер бөліп беріп, қыстау салғызып, барлық жағдайын жасаған екен, оның үстіне екеуі замандас болса керек. Өтеген қожа – көріпкел, әулие, киелі, қасиетті болғандықтан елі-жұрты сыйлап өтіпті. Қараменде биде заманы бір болған соң құрдастық жолмен Өтеген қожаға оңаша отырған кезде қалжыңдап: «Өтеген, осы сен кімсің, қожамысың, сартпысың?» – дейді екен. Сонда Өтеген қожа: «Құдай оңдаған, не десең де өзің біл. Дін мұсылманды тұтастырып, құдай жолы деп жүрген жанбыз ғой» – деп жауап берсе керек. Өтеген қожа көріпкел, әулие, кие қасиеттерінің арқасында Қараменде бидің ақылдасы, сыйласы, пірі болыпты. Бұған дәлел болар мынандай бір әңгіме-уақиға бар.

Бір жылы Үйсін, Жалайыр елінің ұрылары Дадандар жылқысын ұрлапты. Қаракең өзі бастап қуып барып, ел басшыларының алдына салып, көзі барының өзін, көзі жоғының төлеуін алып, жылқысын айдап қайтыпты. Үйсін елінің басшылары ары өткен, бері өткендерді тонайтын қарулы қарақшылар шығып тұрғанын ескертіп, Қаракеңді сақтандырыпты.  Қарекеңдер Алатау сілемінен тіке түсіп, Балқашта ұзын Аралдың сілеміне түсе бергенде қалың тұман басып кетеді. Жүргіншілер осы жерге қонады. Таңертеңгі елең-алаңда «Кеп қалды! Кеп қалды!» – деген ащы дауыспен оянып, іле-шала атқа мінгенде андыздап ат қойып келе жатқан жау қарасы көрінеді. Күш тең емес екенін бағдарлаған би: «Көлге тарт! Көлге тарт!» – деп дауыстайды. Қашқан топ әупіріммен қуғыншылардан бұрын көл жиегіне ілігеді. Бірақ, олар көл қабағының мұзы сөгіліп, жиектегі судың ақ көбіктеніп толқын атып жатқанын көріп қатты сасады. Қуғыншылар сойыл салымға таяп, бұлардың құтын қашырады.

Қарекең: «Иә, Өтеген Қожа! Сарт болмай қожа екендігің шын болса, сиындым аруағыңа, қолдай гөр!» – деп, өзі бастап жылқыларды қуа көлге түседі. Қуғыншылардың алдыңғы легі де екпіндеген бетімен көлге қойып кетеді. Бірақ, аттары бойламаған терең су шетінде екі-үшеуі «қарық» болады. Қалғандары кері бұрылып, жиекке өліп-талып әзер жетеді. Қаракеңдер тобы аман-сау мұзға ілігіп үстіне шығады. Шығынсыз бергі қабаққа өтеді.

Үйсін елге аттанарда жолай соғып, жол босын айтып қалған Өтеген аулына ат басын бұрып жолсеріктеріне Қарекең: «Мынау көк айғырдың кішісін Қожаға береміз» – деп атайды.

Бұрылып келген Қарекеңе Өтеген: «Ат көлігін аман келдің бе, құдай оңдаған? Тар жерде қыстың ғой» – дейді. «Қалай тар жерде қыстым?» – деген Қарекеңнің қарсы сұрағына Өтеген қожа ештеңе деместен көйлегінің етегін көтеріп, арқасын көрсетеді. Екі жауырынының ортасына аттың төрт тұяғының ізі түсіп қалған екен. Сөйтсе ертеңгілік намазға ұйып тұрғанда Қарекеңнің айқайын естіп, жау қолынан құтылу үшін желеп-жебейтін иелері арқылы көмек жасаған екен.

Қарекең: «Мен сізге бағындым. Артымда қалар ұрпағыма Сіздің әулетті құрметтеп өтуді тапсырармын. Ақтығыңызға барымтадан қайтқан екі көк айғырдың үлкенін сіздікі деп атадық» – дейді. «Әй, Құдай оңдаған, жаңа серіктеріңнен бөлінерде айтқаның кішісі еді ғой» – депті қожа. «Иә, кішісі деп атағаным рас еді. Сіздің көріпкел әулиелігіңізді сынау үшін әдейі айтқан едім. Кешірім өтінемін. Ата пірім, Пайғамбарымның әулеті, киелі қасиетіңнен айналайын!» – деп Қараменде иіліп тағзым етіпті. Өлерінде балаларына Өтеген ұрпақтарын қадірлеп сыйлауды өсиеттеп: «Қожадан қыз алмаңдар, алсаңдар күндерде бір күн зайыптарыңа тілдерің тиюі мүмкін. Ондай тіл аруақты күңірентіп, Өтегеннің киесіне ұрындырары хақ. Мен десеңдер кейінгі ұрпаққа да осы тілегімді жеткізіңдер» – деп тапсырады.

Өтеген Қарекеңнен бұрын дүние салған екен. Қарекең және «Мені Өтеген Қожадан төмен жерлеңдер. Құрметімнің жөнін содан да білер ұрпақтарым» – деп өсиеттепті.

Қазір Тоқырауын өзені бойындағы Айырық деген жерде Өтеген Қожа белгісі би кесенесінің шығысында 30 метрдей жерде сәл жоғарыда тұр.

Әулиелігімен танылған Өтеген қожадан көптеген ұрпақ тарап, өсіп-өнген. Одан төрт ұл: Қасым, Тұрсын, Данияр, Даданқожа атанып кеткен Сапарүмбет туады. Оның Тұрсыннан туған немересі Сапарүмбетті атасының аруағы қолдап, дуалы ауыз болып ержетеді. Имандылықты ту етіп ұстағаны үшін ол Әлтек-сарым мен Тобықтының бас қосқан жиынында Дадан еліне бас  указ болып сайланады. Осы Сапарүмбетте айтулы қасиеттерінің арқасында Даданнан шыққандықтан Даданқожа аталып кетіпті. Бұдан алты ұл өркен жайыпты және бұлар да ел ішінде үлкен бедел иелері болған екен.

Бағдат Оралбайұлы, «Тегімізді білуге талпыныс» Алматы – 2015 жыл

 

 

Таңбалар

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған