Жарық нұрдың сәулесі

Орысқожа

Мөлшері 1790 жылдың аяқ кезінде, Қытай шекарасының қалмақтардан тазалануына және қазақ халқының Аякөз-Алакөл өңіріне орналасуына байланысты, орыс патшалығының көпестері қазақ арасына, Қытайға сауда керуенін жіберіп сауда жасай бастаған ғой. Сол көпестердің бірі 25-30 жастағы Омбының Петр Сорокин (1819-1882 жж) деген азаматы екен. Қазақтар оны өз ыңғайына бейімдеп, Петінке деп атап кеткен екен. Осы Сорокиндер әулеті кезінде Семейде тері заводын ұстаған екен. Петрдің әкесі Сорокин (1790-1855 жж) Павлодар, Омск, Тюмень, Иркутскіде сауда жасапты.
Омбыда тұратын, қазақтармен қоян-қолтық араласып өскен Петінкеге қазақ ішіне келіп сауда жасау онша қиындыққа түспейді және де, саудасының басын ұстаған бірнеше қазақ жігіттері – тілмәштәрі болыпты. Бұл жас жігіт өзінің сауда керуендерін Қытайға аттандырып, бір бөлігін семіз найман, сыбан елінің ішін аралатып жібереді де, өзі ел жақсыларына, тарту-таралғы таратып, қазақ халқының жай-күйімен танысып жүреді. Бір кезде Лай-Бұлақ деген жердің төменгі жағында отырған Ханқожа деген қожаның ұлы Күнтай байдың ауылына түседі. Бай өзіне тиесілі тарту-таралғыны алып, жеке үй тігіп, сойыс сойып, орыс көпесін жақсы ықыласпен күтіп жатады. Осы байдың Бәпи Бибі есімді бойжеткен сұлу қызы болады. Қыздың жүрісі-тұрысынан, киімінен, жоғары  тәрбиелі екенін Петінке де аңғарады. Орта бойлы, аққудай аппақ, 15-16 жастағы қызды көріп, көпес жігіт ғашық болып  қалады. Жігіттеріне керуендерін алғызып, сауда жасап, торға түскен қояндай кете алмай, Күнтай байдың ауылында ұзақ жатады. Бірнеше тоғанақ сауда мүліктерінің билігін Күнтай байға беріп, өзі кетіп қалады. Біраз уақыттан кейін елдің ардақты, сыйлы ақсақалдарын ертіп, Күнтай байдың қызына құда түсуге келеді. Күнтай бай қожа тұқымы болғандықтан:  «Кәпірге қыз беруге болмайды, ол үшін мұсылман болуы керек. Егер қызыма шын үйленемін десе мұсылман болсын» деген шарт қояды. Ақсақалдар да байды қолдап, мұсылман болуын сұрайды. Ғашықтықтың уына уланған, отына жанған Петінке ақыр аяғында өз еркімен мұсылман болады. Сонымен, Күнтай бай тойын жасап, отау тігіп, жасауымен, күтуші адамдарымен Бәпи сұлуды Петінке көпеске ұзатады. Осы екеуінен өсіп өнген ұрпақтары қазір бір тайпа ел болып жер-жерге таралып өмір сүруде. Әкелері – орыс, аналары қожаның қызы болғандықтан бұлардың ұрпақтары Орысқожа деп аталып кетті. Петінке өлерінің алдында өсиет етіпті: «Мен өлгеннен кейін жаназамды шығартып, мәйітімді Сорокиндер – туыстарымның қолына беріңдер» депті. Айтқаны бойынша туыстары Петінкенің мәйітін Мамырсу ауылының жанындағы орыс зиратына қойыпты. Аягөз аймағын мекендеген қожалар алғаш рет Түркістан, Созақ, Қаратау жерінен ислам дінін тарату үшін келгенде Аягөз  өлкесін мекендепті, содан кейін жан-жаққа бөлініп орналасқан екен. Бір бөлігі Қаракөл өзенінің төменгі бойындағы Жанама деген жерді біраз уақыт қоныстанады да кейіннен Ақшәулі тауының күңгейіне қоныс аударған екен. Оған себеп сол маңдағы Найманның қыржы – тума, тұманшы және т.б. рулары жеріміз тарылып кетті деп қожаларды шеттете берсе керек. Содан, 40 үй қожаны Кәдірбайұлы (аты белгісіз) есімді бабамыз әр үйден жинап 40 өгіздің құнын сайлау жұмысын өткізуге келген оязға беріп, араға қожаға күйеу – Петінкені сала отырып Ақшәулінің күнгейін сатып алыпты. Қожалар осы күнге дейін осы жерлерді (Көктөбені, Қарабұлақты, Көкаланың күнгейі мен теріскейін) мекендейді. Ал аяқ Қарауыл, Қаракөл, Лайбұлақ деген жерлерде Петінкенің қалың жылқысы жатады екен. Петінкенің қалыңдығы Бәпи қыз тек сұлулығы мен, қылықты мінезімен ғана аты шықпаған, сонымен бірге ақылдылығымен, алғырлығымен, адамгершілік қасиеттерімен, батырлығымен де танылыпты. Осыған дәлел ретінде елдің аузындағы мына бір әңгімені назарларыңызға ұсынамын.

Бәпи сұлудың Қазыбек батырды жаудан қорғауы

Қазыбек батыр (руы – Қарақалпақ болса керек) бір жорығында, қалың жауға жолығып, бірнеше жерден садақтың оғы, найзаның ұшынан жараланған, астындағы атының нашарлығынан жаудан құтыла алмай, Ай өзенінің бойындағы «Аяққарауыл» деген жерде отырған Петінке байдың ордасына келеді. Жараланған Қазыбекті көрген Бәпи сұлу Қазыбекті үйге кіргізіп жіберіп, өзі қолына бақанын ұстап, келген қуғыншыларға «Тарт атыңның басын Семізнайман, Қазыбектей ұл тумайды, Бәпидей қыз тумайды» – деп жауды үйге жолатпайды. Қазақ дәстүрінде әйелге қарсы қол көтеру деген жоқ. Екінші жағынан орыс байының ордасына шабуыл жасау қазақ үшін өліммен бірдей еді. Бәпи сұлу Қазыбек батырға арнайы жеке үй тігіп, ту бие сойғызып, бақсы-балгерлерді жинап, бір айдай емдейді. Жазылып болған соң әңгімелесіп отырғанда ол айтады екен: «Шіркін, сол жолы қарақасқа атым астымда болмады, Қабышайым қасымда болмады» – дейді екен. Қабышай – Қарақалпақ Мәмбетейдің әкесі екен. Бәпи сұлудың «Қазыбектей ұл тумайды», «Бәпидей қыз тумайды» деуінің мәнісі Қазыбек еліне сыйымды, қамқоршы, атақты жігіт, өзі болса елден асқан сұлу қыз екендіктерін меңзеп айтқаны болса керек.

Енді Орысқожаның ұрпақтарын таратамын. Саяқыпқожа  бабамыздың он бір (кей деректе тоғыз) ұлының бірі Ханқожа (Ажыбек) осы Ханқожаның Күнтай деген ұлының Бәпи деген қызын ұлты орыс – Сорокин Петр (ел Петінке деп атап кеткен) алады, осы екеуінен тараған ұрпақты Орысқожа деп атайды. Сонымен, Бәпи мен Петінкеден тараған ұрпақтары қыздардан басқасы бес ұл екен. Олар: Әмір, Әліп, Шайық, Әзімбай және Әшімбай. Бұлардың ішінен Әмір, Әліп, Шайық үшеуі қажыға барған екен, екеуі аман-есен елге оралыпты да Шайық (Шайхы) қажыға барғанда сол жақта қайтыс болыпты. Сондықтан бұл кісіні «Шейіт қажы» деп атап кетіпті. Бұл Шайық қажыдан ұрпақ жоқ.

Әмірден Оспан, Оспаннан бес ұл туады: Жұмахан, Өзбекхан, Төкен, Мұхаметкәрім және Түсіп.

Жұмаханнан үш ұл: Мырзахан, Кемелхан, Кенжехан, Мырзаханнан Жолдыхан, Асылхан мен Айдархан. Жолдыханнан Бейбітхан, Қайырлы, Едіге, Думан. Асылханнан Жасұлан мен Әлібек, ал Айдарханнан Аслан туады. Кемелханнан Ақшәулі, Ақпейіл, Айдын, Қуат.

Кенжеханнан Алимхан, Әділхан, Ғалым, Қаһарман.

Өзбекханнан жалғыз қыз Шарапат туады.

Төкеннен де ұл жоқ, бес қыз бар. Мұхаметкәрімнен Мизам мен Тлеухан. Мизамнан Санат, Қанат, Панат тарайды.

Төлеуханнан Дәурен, Аян, Думан және Мейрам.

Түсіптен Ахметсәлім мен Кенжебек.

Ахметсәлімнен екі қыз бар, ал Кенжебектің ұрпағының бар – жоғы белгісіз. Осымен Әмір ұрпақтары шежіресін аяқтап, Әліптің ұрпақтарын таратамын.

Әліптен Әбіш, Әбіштен Темек қажы, Мұхамедьяр мен Жақыпбек туады. Темек қажы (1880-1928 жж) 1910 жылы Меккеге барып қажы атанған. 1928 жылы Кеңес үкіметі тарапынан бай ретінде қудалауға түсіп, атылған.

Темек қажыдан Темірбек, Әбдікәрім, Асаутай және Сырғатай (қыз) таралады.

Темірбектен Бәтес тәте, бұл апайдан Тұяқбаевтар әулеті (4 ұл, 6 қыз) тарайды.

Әбдікәрімнен төрт ұл және бір қыз – Гауһар туған. Ұлдары: Мұхтар, Орал, Айдар, Қайрат туады. Мұхтардан Жеңіс, Азат және Зарина туады. Оралдан Азамат пен Әлішер бар. Айдардан Данияр, Айдын ал Қайраттан Елжас, Малика, Ақмарал тарайды.

Мұхамедьяр Әбішұлынан екі ұл дүниеге келген: Қатай мен Бейсембай.Бейсембайдың ұрпағының шежіресі белгісіз. Ал енді Қатайдан Исатай, одан Елеуке туады. Елеуке ағамыздан бес ұл және алты қыз дүниеге келген. Ұлдары: Жанат, Санат, Қолқанат, Талғат, Қуаныш. Қыздары: Сәуле, Бақыт, Баян, Салтанат, Света, Зәуре. Жанаттан Асхат, Азамат, Саят, Арман. Санаттан Марлан мен Расул. Қолқанаттан Темірлан мен Бекарыс. Талғаттан Нұрасыл. Қуаныштан екі қыз өркен жайып келеді.

Жақыпбек Әбішұлынан алты бала туады. Рымтай, Маусымбек, Маусымбай, Мәуіткәрім және Жабағытай мен Шакен апайлар. Аттары аталған төрт ұлдары ертерек қайтыс болып ұрпақ қалдыра алмаған. Жабағытай апайдан Мәлкеньяр мен Нұрлан және алты қыз туған. Шакен апайдан Тұрыстай, Мишка, Иса, Амангелді аталатын ұлдар және үш қыз дүниеге келіпті.

Ескерту: Орысқожаның шежіресінің басым бөлігі марқұмдар: Нұрахметов Сәду жездей мен Оспанов Кенжехан ағаның ертеректе бұл дүниеден өтпей тұрғандарында берген деректері негізінде жасалынды.

Әзімбай Петінке ұлынан Күреңтай мен Қоңыртай туады. Қоңыртай детдомға кеткен, ұрпағы белгісіз. Күреңтайдан Талғат деген жалғыз ұл және Биғаш, Күлпаш, Гүлшат, Гүлжанат, Гүлбаршын атты бес қыз дүниеге келген. Талғаттың кіндігінен Алпамыс, Жандос, Шыңғыс, Таңат деген төрт ұл және Алия, Мәншүк есімді екі қызы бар. Алпамыстан Арнұр, Жандостан Орынхан, Шыңғыстан Жангелдідей жеткіншектер өсіп келеді.

Әшімбай Петінкеұлынан ұрпақ жоқ. Петінке мен Бәпиден тағы Назар, Базар атты егіз екі қыз туады. Бұл екі қыздар бойжеткен шақтарында тұрмыс құрмай тұрып қайтыс болыпты.

Осы Орысқожаға жатамыз деп маған берген  тағы екі шежіре бар, енді соны көрсетемін:

  • Орысқожадан Хасен, Хасеннен Таусоғар, Қамке деген екі ұл. Қамке үйленбеген екен. Таусоғардан Текен, Жұмаш, Жұматай, Түсіпбай және Меңтай (қыз). Текеннен үш ұл бар: Айкен, Серікқазы, Берікқазы. Айкеннен Саят, Серікқазыдан Әсет пен Азат, Әсеттен Алинұр туады. Берікқазыдан Азамат пен Архат, ал Азаматтан Әкежан тарайды.
  • Жоғарыда аталған Орысқожадан Құдайберген. Құдайбергеннен Садықан, Садықаннан Дүйсенбай, Дүйсенбайдан Мыңжасар мен Көпжасар. Мыңжасар үйленбей қайтыс болған, ұрпақ жоқ. Көпжасардан Бахтияр мен Қайрат туған. Бахтиярдың балалары: Мадияр, Дидар, Әлішер.

Бағдат Оралбайұлы, «Тегімізді білуге талпыныс» Алматы – 2015 жыл

 

Таңбалар

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жабу