Бір суреттің сыры

Дуана қожа мен Құсшы ата бір адам ба?

Жазылған жайдың жаңғырығы

«Қожалар» сайтында биыл, 2019 жылдың 4 көкек күні белгілі суретші Ералы Оспанұлының «Дуана қожа қайда жерленген?» атты зерттеуі жарияланған болатын. Содан бері автордың қолына оқырмандар тарапынан тың, жаңа деректер келіп түсіп, ол өзінің мақаласын толықтырып, тереңдетіп шығуды дұрыс көріп, сол еңбегін бізге қайта жолдаған екен. Соны қайта жариялауды жөн санадық.      

ДУАНА ҚОЖА МЕН ҚҰСШЫ-АТА БІР АДАМ БА?

Қазақстанның күнгейінде, Түркістан мен Кентау арасында орналасқан Құсшы-Ата әулие мен Дуана қожа жайлы сөз қозғамас бұрын, жалпы «Құсшы» деген атаудың тарихына қысқаша тоқтап өткім келеді. Бұл атауға қатысты мәліметтер Қазақстанға қарағандакөрші Өзбекстанда, жалпы Орталық Азия аумағында көптеп кездеседі екен. Мысалы, Ташкент қаласында Құсшы-арық болған. Өзбекстанның Қашқадарья облысында Құсшы деген көне қыстақ бар. Тарих тұңғыиғына шолу жасасақ 15 ғасырдың аяғы мен 16 ғасырдың басында дүрілдеп тұрған атақты Шейбани-ханның соңына ерген, соған барынша берілген алты тайпаның бірі құсшы руы екен. Бүгіндері сол құсшылардың біразы Самарканд облысындағы үлкенді-кішілі Жартепе (Жартөбе), Жарқыстақ (Жаркышлак), Ұстахана, Уатқан (Ваткан), Төрткүл, т.б. елді-мекендерде, тағы бір кішкене тобы Қашқадарья облысында тұрып жатыр деген деректер бар. Құсшы руы өзбектен бөлек қырғыз халқының құрамында да ұшырасады. Олар қырғыздың сол қанатына жатады және бүгіндері Талас өңірін мекендейді. Кезінде Абылай ханның қырғыздарды шауып біразын өзімен алып кеткені тарихтан белгілі. Сол қырғыздардың құрамында да құсшы-қырғыз деген аталығы бар. Бұлар қазақтың атығай руымен тығыз байланыста, соған барынша сіңісіп кеткен.

Жер, ру атауларын қойып әңгімені тарихта болған Құсшы есімді адамдарға бұрсақ, ондайларда көптеп кездеседі. Солардың ішінде ең даңқтысы Әлеуиддин Әбіл-Қасым Әли ибн Мұхаммед әл-Құсшы десе болады. Бұл ғұлама ғалым 1403 жылы Самарқанд қаласында туып, 1474 жылы Константинопольде, яғни бүгінгі Түркияның астанасы Стамбул шаһарында көз жұмған. Өз заманында атақты жұлдызшы, ғалым болған, Ақсақ Темірдің немересі Ұлықбектен тәлім алып, кейін ұстазы жауыздықпен өлтірілген соң Гератқа қоныс аударып, ақыр-соңы Константинопольге табан тіреп Мехмед ІІ-ші сұлтанның сарайына қызметке тұрған. Сол жақта жүріп Ұлықбектің әйгілі «Гүргендік зидж» атты жұлдыздар каталогына түсінектемелер жазып, өзінің белгілі «Арифметика ғылымы жайлы», «Астрономия ғылымы жайлы» трактаттарын жазып аты шыққан. Көрнекті ұстаз ретінде Айя-София мешітінің іргесінен медресе ашып, одан бірнеше дарынды шәкірт шыққан, кейін олар әйгілі ғұламаларға айналған. Әл-Құсшы қайтыс болғанда оның сүйегін Стамбулдағы Айюб медресесінің қарасты қорымға жерлеп, құлпытасына «Әли Құсшы – ғылым адамы» деген сөздер қашалған.

Құсшы атауы тек есімді емес лауазымды да білдіріпті. Мысалы атақты тарихшы Рашид-ад-диннің 14 ғасырда жазған «Жылнамалар жинағында» Тұғлық-құсшы деген қоң-қайыт-керейіттің есімі аталады. Бірақ бұл жерде оның есіміндегі тіркес сөз бүркіт, сұңқар секілді жыртқыш құстардың күтушісін білдіретін «құсшы»лауазымын емес «қосшы»деген ұғымды білдірсе керек. Қосшы – жорыққа аттанған, жолға шыққан әскердің қосына жауапты адам. Бұл лауазымның құсбегілікке еш қатысты жоқ екенін Орта Азия хандықтарында құсбегі деп ханның, әмірдің ордасын, қосын басқарған әскербасыларды атағаны көрсетеді. Олардың саятшылық құратын жыртқыш құстармен ісі болмаған.

Енді Қазақстан аумағында, қазақ ішіндегі құсшы атауына тоқталсақ, ол құсбегілікпен айналысқан адамдардың бұрынғы, бүгіндері айналымнан шыққан, ұмыт болған балама атауы. Ал адам есімі ретінде қарастырсақ, Түркістан мен Кентау қалаларының арасындағыорналасқан Құсшы-Ата ауылына қарасты көне қорымда орын тепкен Құсшы-Ата әулие болып табылады. Бұл тарихи тұлға жайлы әңгіме қозғайтын болсақ, ол туралы деректерді 2014 жылы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайы дайындап шығарған «Қожа Ахмет Ясауи есімімен байланысты аңыз, әпсана, хикаялар» жинағының 121-122 беттерінен оқып білуге болады. Онда Құсшы-ата әулиеге қатысты үш аңыз келтірілген. Бір қызығы бұл үшеуінде үш түрлі әңгіме баяндалыпты.

  1. Құсшы атаның есімі –Ахмет болған делініп, ол Қожа Ахмет Ясауидың шәкірті, құсбегілікпен аты шыққаны баяндалады. Сопылық жолды берік ұстаған, Түркістанның шығысындағы жеті бұлақ қатар аққан өңірді мекен етіп, ілімін таратқан делінген.
  2. Әзірет Сұлтанның белгілі мүриттерінің бірі, аты Әли-Құсшы ата делініп, көзі тірісінде әулиелікке жеткен адам деген мәлімет берілген. Жас кезінде құсбегілік құрып, бірде қаршығасы бір бейіттің үстіне қонады да, құсын шақырса келмейді. Сонда Әли-Құсшы атынан түсіп: «Ей, Найсап, құсымды ұшырып жібер»– дегенде, бейіт астынан «Баяғыдан бері ескерусіз жатыр едім, «Найсап» десең де, енді ел мені ескеретін болды-ау, рахмет. Сені маған Алланың өзі жіберген шығар»– деген дауыс шығып, қаршығаны ұшырып жіберген екен дейді. Аңыз мәтіні сол өңірде Найсап-Ата аталатын елді-мекен бар деген сөзбен біткен. «Найсап» деген парсы тілінде –ант ұрған, опасыз, оңбаған, бұзық, нысапсыз дегенді білдіреді. Соған қарағанда бұл Әли-Құсшының әулиелігін дәріптеу мақсатында шығарылған әфсана секілді.
  3. Әулиенің құлпытасында «Құш ата» деген жазу бар, ал шын есімі – Яиддин, құс салумен елді асыраған деген сөздер келтірілген. Құш-Ата аталуының себебі қаршығалары аспанда торғайдай топтанып ұшып жүреді екен. Қаршығалары 7, 11 болған және әркезде әртүрлі болып көрінген. Мысалы, атын ерттей бастаса 3 қаршыға, мінгенде 5 қаршығасы болған. Қасқыр кездессе 7 құсы, ал елді аштық жайласа 11 құсы бірдей көзге көрінеді-міс. Құстары өлгенде арулап көміп, ас беріп көмеді екен деген сөздер бар.

Бұл үш аңызды да бір адам – айтыскер ақын, фольклортанушы, ғалым Асқар Дүйсенбі (1973 жылы туған) жинаған екен. Кімнің аузынан жазып алғаны белгісіз, кітапта сілтемелер берілмеген. Қалай болғанмен мұнда Құсшы-Атаның қожа әулетінен деген сөз жоқ, тек Қожа Ахмет Ясауи ғана аталады. Соған қарағанда не жеткізушілер, не автордың қожаларға деген көзқарасы өзіндік болса керек. Себебі бүгіндері Құсшы-Ата ауылына қарасты екі қорым бар. Бірі – қоңырат руының жетімдер аталығының үлкен зираты да, екіншісі – осы кішігірім ғана, нақты Құсшы-Ата әулие жерленген көне қорым. Бір қызығы сол маңайда жасайтын ересек адамдардан сұрастырса «іздегендерің қожа әулие болса – ол Құсшы-Ата» деп жауап береді екен.

Қысқасы, бұл үш аңыздан Құсшы-Ата әулие туралы, оның шыққан тегі, әулеті жайлы әлдебір тың деректі, не ерекше мәліметті көре алмадым. Сондықтан әңгіме басын басқа да азаматтардың естіп-білгендерімен жалғастырғаным дұрыс болар. Бірақ, кезекті олардан жиналған мәліметтерге бермес бұрын тағы бір кішкене шегініс жасағаным келеді.

Қазақ халқының ішінде жүзге кірмейтін бірнеше үлкенді-кішілі топтар бар екені баршаға белгілі. Оларды – төре, қожа, төленгіт, сунақ, құрама және басқалар құрайды. Өз кезегінде бұл топтардың кейбіреулері қазақ рулары секілді бірнеше атаға бөлініп жатады. Мысалы, қазақтың қожалары – сейіт, қорасан, аққорған, дуана, бақсайыс, қылауыз, қырықсадақ тағы басқа рулардан тұрып, тағы да іштей саяқ қожа, балықшы қожа, гүр қожа, жалаңаяқ қожа тағы басқадай болып тармақталып жатады. Міне осы әулеттердің ішінде ірі деген, Қазақстанның түкпір-түкпіріне кең тарағандарының бірі – дуана қожалар болып табылады. Атының өзі айтып тұрғандай олар Дуана қожа деген кісіден тарайды. Алайда бұл оның шын есімі емес, елге берген лақабы, ал молда азан шақырып қойған аты Мәді (Маһди). Мұнымен қатар Мәді-Дуана қожаның тағы бір, көпшілік біле бермейтін лақабы бар. Ол – Құсшы-Ата. Бұл жайлы 1997 жылы алғаш қалам тербеп газетке жариялаған қызылордалық Латыш Әбдіхайымұлы болатын. Ләтіш ағаның тағы бір аманаттап кеткен өте құнды дерегі – Дуана қожаның жатқан жері жайлы берген мәліметі. Бұдан әрі әңгіме осы мәселе төңірегінде өрбімек.

Ашығын айтсақ бүгінге дейін Дуана қожаның ұрпақтары әйгілі бабаларының жерленген жері дегенде тек аңыз-әңгімелерде ауызға алынатын бірді-екілі ескіден жеткен әфсана, яғни аңыз-әңгімелергеғана сүйенеді. Олардың өзегін Дуана қожа қажылық сапардан қайтпаған, Меккеде қайтыс болған, тіпті оралмайтынын біліп арыздасып жолға шыққан деген сенім құрайды. Ал енді 1997 жылы алғаш жарияланған дерек көзінен бері, яғни соңғы 22 жылдың ішінде, Ләтіш ағаның айтқанын растайтын тағы 17 жаңа дерек табылып, енді Мәді-Дуана қожаның мәңгілік мекені нақты анықталды деуге негіз туып отыр. Әсіресе, бұл тың деректерді бұрын бірін-бірі көрмеген– бірі Созақта туып сонда тұрып жатса, екіншісі Түлкібаста, үшіншісі Жетісайда, төртіншісі тіпті сонау Қарақалпақстанда дүниеге келіп, сол жақта бала кезінен Дуана қожа жайлы естіп өскен болса, басқа да бірталай, біріне-бірі бейтаныс азаматтардың айтқандары бір жерден шыққаны таңғалдырмай қоймайды. Алайда сол деректерді ұсынбас бұрын Мәді қажы – Дуана қожа жайында бұрыннан белгілі, ел ішінде кең тараған әңгімелердің өзегін құрайтын оқиғаларды сыдыртып болса баяндап өтсем деймін.

Ел аузында кез келген әулие санатына жатқызылған адамға қатысты көптеген аңыз-әңгімелер сақталып қалатыны баршаға мәлім. Көбінше мұндай ескі сөздер тіпті оның әулиелігін растайтын, расында да кереметі болғанынан хабардар ете алатын жалғыз, басты дереккөзі болып жататыны бар. Сол секілді Дуана қожа туралы да түрлі көнерген аңыздар бүгінгі күнге жеткен. Олардың дені Қызылорда, Түркістан, Шымкент өңірінде кеңінен таралып, мағыналары үндес, ұқсас болып келеді. Бұл әңгімелерде әулиенің көрсеткен небір кереметтері, құдыретімен жұмсап отырған киелі аң-құстары, Қожжан, Қылыш, Пірзада атты балаларын қалай кенже ұлы Бақмұхаммедпен қауыштырғаны және кезекті қажылық сапарынан қайтпай, қасиетті Меккеде жерленгені баяндалады. Осылардың ішінде ең соңғысы халықтың ыстық ықыласына бөленген ерекше тақуа, Алла-тағалаға жан-тәнімен берілген басқа да діндарларға қатысты аңыздарда жиі ұшырасып отырады. Бұл қарапайым жандардың бүкіл ел болып қастерлеген дін иесін қайтыс болғанында Алланың шарапатына бөленіп, міндетті түрде Мекке мен Мәдинада жерленуін қалағанынан туған көрініс. Осыған орай, әрі мысал ретінде, бұрынғы заманда әлдебір қазақ қайтыс болса қалай хабар таратқанын келтірсем деймін. Ондай жағдайда қаралы хабарды ел ішіне жайып келуге аттанған жаушы, яғни хабаршы жігіт, кезекті ауылдың шетіне жете сала: «Пәленше деген Меккеге аттанып кетті!» деп айғайлап, келесі ауылға қарай шауып кете беретін болған. Алды енді Мекке мен Мәдинада жерленгеннің қаншалықты қасиетті саналғанын қазақ тіліндегі «бақилық болды», «мәңгі-бақи ұмытпаймыз» деген сөз орамдары дәлелдеп бере алады. Бұл ұғымдар Мәдина шаһарында орналасқан әл-Бәки, қазақша айтқанда Бақи зиратымен тікелей байланысты. Себебі аталмыш көне зират Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) өзі және оның жақын әулеті, туыстары жерленгенімен бүкіл әлемге аты жайылған.

Мен бұл жерде Дуана қожаның қайтыс болғанына қатысты бұрынғы мәліметтерді жоққа шығарудан аулақпын. Керісінше, осы бір маңызды мәселеге қатысты өзім жиған-терген деректерім арқылы ақиқатына көз жеткізгім келеді. Шындап келгенде бұл жерде ақтаңдақтардың пайда болу себебін өткен 20 ғасырдың бірінші жартысында қоғам өмірінде орын алған күрт өзгерістермен, әсіресе дін иелеріне Кеңес үкіметі тарапынан көрсетілген қиянатқа толы іс-шаралармен тікелей байланыстырған дұрыс. Әсіресе, 1920 жылдардың аяғы – 1930 жылдардың басында қожа, ишан мен молдаларды жаппай қудалау, жер аудару, абақтыға қамау, кейбіреулерін тіпті атып тастау саясатының нәтижесінде небір көне қолжазба шежірелер жоғалып кетіп, қаншама қожалар бас сауғалап, туған жерінен безіп, тіпті өзінің тегін жасырып күн көруге мәжбүр болғанын жақсы білеміз. Осының кесірінен ұрпақ жалғастығы үзіліп, ғасырлар бойы атадан балаға аманат болып келе жатқан небір құнды мәліметтер мен жәдігерлер біржолата құрып кеткені де белгілі. Сол себепті жұрт жадында нақты деректерден гөрі көбінше аңыз-әфсаналар, дәйексіз әңгімелер қалғаны бізді тіпті таңғалдырмауы тиіс. Тек, еліміз 1991 жылы егемендік алғаннан бері, нағыз халықтық рухани жаңғыру барысында ғана жоғалтқанымызбен қайта қауышудың, желге ұшқан ата мұрамызды тірнектеп жинап орнын толтырудың уақыты келді. Онда да көбінше тек жұрнақ, жамаулары ғана қолға ілініп жатыр десе болады… Соның бір көрінісі осы Дуана қожаның мәңгілік мекені жайлы ел ішінен жиналған 17 дерек көзі болып табылады. Енді соларға кезек берейін.

1-дерек

Дуана қожаның Түркістан маңына жерленгенін меңзейтін ең бірінші дерек деп найман Қожабай Тоқсанбайұлы шығарған «Барақ және Төлен қажы»дастанында келтірілген мына өлең жолдарын айтса болады:

Арғы атасы Шері Ғали ғазіреттен,

Мұхаммәд-Ханафия асыл тектен.

Қожа Ахмет ұрпағы қажы Мәді,

Кәрәмәтті Диуана әулие өткен.

 

Ата-тегі үш жүздің пірі екен,

Диуана қожа – пірлердің дүрі екен.

Арабтан ақ дін үшін Тұран келіп,

Ата түрік – Түркістанды мекен еткен.

Дастанда өз заманында елге аты шыққан белгілі дін иесі, мусанниф Сайыпназар ахун, оның үлкен ұлы Әбдісадық ишанның шыққан тегі ауызға алынып, найманның беделді азаматы Ер Барақтың кенже ұлы Төлен қажылыққа қол тапсырған пірі Әбдісадық ишанның батасын алып қажылыққа барғаны баяндалады. Қажылық сапарының сәтті болуы Дуана қожаның ұрпақтарының қолдауымен тікелей байланыстырыла жырланады. Дастанды шығарған Қожабай Тоқсанбайұлы 1841-1918 жылдары жасаған ақын. Бүгінгі Қарағанды облысының Жезді ауданында өмір сүрген. Бірнеше туындысы, олардың қатарында «Төлен сөзі» деген дастаны сақталған екен. «Ер Барақ және Төлен қажы»  сол дастанның тағы бір үлгісі ма, басқа туындысы ма, мұны әзірге анықтаудың сәті түспеді. Дастандытауып сақтап қалған Латыш Әбдіхайымұлы танымал қаламгер Сарбұлақ Ибрашұлыны тапсырған.С. Ибрашұлы оны «Сайыпназар ахун» кітабына енгізіп «Мәді қажы – Дуана қожа» қоғамдық қорының демеушілігімен 2015 жылы Қызылорда қаласында жарыққа шығарған (116-148 беттер).

2-дерек

Өзінің бүкіл саналы өмірін бабасы Мәді қажы – Дуана қожаға қатысты шежірелер мен түрлі деректерді жинауға арнаған, осы бағытта көп жұмыстар атқарған Латыш Әбдіхайымұлының (1924-2000) «Шырағдан» газетінде 1997 жылдың маусым айында жариялаған мақаласында: «Түркістан қаласынан Кентауға баратын үлкен жолдың үстінде, Құсшы ата мазарында қажы Мәдінің қабірі бар. Осыған жыл сайын Ораза айтында барлық мұсылман республикалардан діни ғұламалар келіп, құранды жатқа білетін қариялар кезектесіп құран оқиды. Бұл бүкіл Орта Азия мұсылмандарына дәстүрге айналған» деген сөздер бар екен. Бұған қосымша әулие бабаның басында мешіт секілді жайы болғандығы ауызға алынып, құран оқу дәстүрі соңғы 6-7 жыл көлемінде белгісіз себептермен тоқтап қалғаны айтылады. Бұл 2003-2004 жылдарға саяды. Біздің ойымызша сол құран оқуға келіп жүрген қариялардың көбісі 1930-шы жылдары бейнамаз белсенді большевиктердің қудалауына ұшырап, көрші орналасқан Орта Азия мемлекеттеріне ауып кеткен, сонда қалып қойған қожа-молда, ишандардың өздері және солардың ұрпақтарының алды болса керек. Себебі, ел іші тынышталған соң, олардың көбісі 1950-шы жылдарда ескі қоныстарына қайтып келгенімен бірталайы сол жақта өзбек-тәжік болып, сіңісіп кеткендері жөнінде көп айтылатыны белгілі.

Латыш аға Қызылорда облысының Сырдария ауданының Амангелді ауылының тумасы. Дуана қожаның үлкен ұлы Қожжанның ұрпағы. Қолында ата-бабаларынан аманат қалған шежіре сақтаулы болатын. Бір кереметі Әзірет Әліден бастап Дуана қожаға дейінгі ұлы бабаларының аттарын жатқа айтып, мүдірместен айтып бере алатын. Өзінің тұратын Амангелді ауылынан шығысқа, Қызылқұмға қарай «Мәдінің жайлауы», «Мәдінің сайы», «Мәдінің қыш зауыты» деген жерлер бар екенін, Амангелді ауылымен жағалас орналасқан Айдарлы шаруашылығының аумағында Мәді қажы, яғни Дуана қожаның бел балалары Қожжан, Қылыш, Пірзада бабалардың сүйектері қойылған сағананың да сол маңда екендігін айтып, осының бәрі тегін емес деп отыратын. Өзінің басты мамандығы мұғалім болған, әрі ұзақ жылдар бойы Амангелді совхозының кәсіподақ комитетін басқарған. Латыш аға 1948 жылға дейін ҰҚК (КГБ) бақылауында болып, айына 2 рет белгіленіп отырған. Асыл ағаның дәм-тұзы 2000 жылы таусылып, өзі ұйытқы болған Дуана қожалар әулетінің шежіресі 2005 жылы алғаш жеке кітап болып шыққанын көру бұйырмады.

3-дерек

Түркістан қаласынан батысқа қарай 90 шақырым жерде, Сырдарияның Қызылқұм жақ бетінде орналасқан Жаңақорған ауданының Қандөз ауылында тұратын Балтабай Жәнібеков (1940 жылы туған) деген азамат, 2000-шы жылдардың басында қоңыраттардың бір үлкен жиынына қатысқанында сол елдің көнекөз қариялары оның тегін сұрастыра келе: «Түркістанның ар жағындағы Құсшы-Ата ауылында айналасы талмен қоршалған, жалғыз аяқ жолмен кіретін төбе басында жатқан әулие – сендердің Дуана бабаларың» деп айтып беріпті.

4-дерек

Созақ ауылының тұрғыны Арыстан Касымов (1944 жылы туған) деген кәрия 2014 жылдың күзінде Дуана қожаның жатқан жері Құсшы-Ата ауылы екендігін баяндап берді. Бұл кісінің әкесі 1943 жылы соғысқа кетіп шейіт болған, ал анасы болса оның екі жасқа толар-толмас шағында өмірден өтіп, Арыстанды нағашы әжесі бағып-қағып жеткізіпті. Өзі Мәді-Дуана қожаның бесінші ұлы Бақмұхаммедтен тарайтын жалаңаяқ қожалар әулетінен, ал әжесі  Ғайрымса Касимова тегі болса қашқарлық қожалардан. Сол әжесі 1969 жылы оны Түркістан қаласына оқуға алып бара жатып, жолда бір төбенің басында жатқан әулиенің басына апарып құран бағыштайды. Арыстан әжесінен «Бұл кім?» деп сұрағанда «Сенің бабаң – Дуана қожа осы» деп алғаш таныстырады.

Арыстанның әжесі Ғайрымса Қасимова Бурахан әулиенің кесенесінің қорасында өмір сүріп 91 жасында көз жұмып, топырақ сол жерден бұйырған. Оның әкесі Шаһқасым да 14 жасынан 1864-1936 жылдар аралығында осы әулиенің шырақшысы болған. Ал 1936 жылдан 1949 жылға дейін Бурахан әулиенің басында шырақшы отырмаған, себебі кеңес үкіметінің атеистік саясаты бұған жол бермеген. Тек 1949 жылдан бастап Ғайрымса әже шырақшылық қызметті қайта жандандырған. 1992 жылы ол кісі бақилық болғаннан соң Бурахан әулиенің шырақшысы болып Арыстанның өзі отырған. Алайда 1997 жылы Кіші жүздің ішіндегі тама руының адамдары бұл әулиені өздерінің Қарабура деген бабаларының кесенесі деп жариялап, Арыстанды шеттетіп, өздерінің арасынан жаңа шырақшыны тағайындап алған. Сөйтіп атақты Бурахан әулиенің есімі мен қабіріне аңызда өзі мініп жүрген түйесі Қарабураның аты бұйырыпты.

Сол Созақтың түлегі, бүгіндері Өзбекстанның астанасы Ташкентке көшіп кеткен Манзура апаның айтуы бойынша Бурахан әулие мен Ташкентте жатқан әйгілі Зәңгі баба екеуі ағайынды адамдар болған, соңғысы Қожа Ахмет Ясауиге жиен. Екеуі сопы-ақынның сүйегін жууға кірген екен деп бала кезінен естігенін айтып берді. Манзура апайдың ата-бабалары Созақта жатқан Дуана қожаның немересі, Абылай ханның пірі болған Жалаңаяқ Әздердің шырақшысы болған. Бір қызығы Созақтың тұрғындары, әсіресе үлкендері әлі де Қарабураның сағанасын ескіше Бурахан әулие деп атайды екен.

5-дерек

Қызылорда облысы Қармақшы ауданындағы Қуаңдария маңынан қызыл белсенділердің қыспағынан 1930-шы жылдары Бұқар жаққа жер ауған Тұрман ишанның балалары Сағдаддин (1905 туған, 1950-шы жылдары Әмударияға, суға батып қайтыс болған) және Нәжімаддин (1907-1960) деген кісілердің айтуынша Дуана қожа мен Құсшы-Ата бір адам. Бұл мәліметті осы екеуінің кішісі Тұрманов Якуб Нәжімаддинұлы (1959 жылы туған) жеткізді. Өз сөзінде ол: «Бабаларымнан келе жатқан аманат – Мәді қожа Құсшы-Атаға жерленген» деп шеге қаққандай етіп айтып берді. Өзі Ер Сейітпембет әулиенің ұрпағы болып келетінін, қолында бабасынан қалған мөрлі жүзігі барын да жайып салды. Бұл әулеттің үлкендері 1960-шы жылдары Қазақстанға қайта оралып, бүгіндері Түлкібас елді-мекенінде тұрақтап қалған.

6-дерек

Кезінде, 1930-шы жылдары қожа, ишан, молдаларға көрсеткен қуғын-сүргіннен Тәжікстанға ауып кетіп, кейін ел іші тынышталған соң Түркістан маңына қайта көшіп келген сейіт қожа Ишан-баба 2012 жылы: «Бұл маңда 7 әулие бар, соның бірі Қосшы-Ата» деп айтып берді. «Қосшы-Ата ма дұрысы, әлде Құсшы-Ата ма?» деген сұраққа, қария: «Қосшы-Ата, ал Құсшы ата деп белгісіз біреулер жазған» деп түсіндірді. Бабаның «Қосшы» деп аталуының себебін ол әулиенің кезінде «Қожа Ахмет Ясауи бабаға Арқа жақтан зиярат етіп келген қазақтарға жол көрсетіп, алып жүретін қосшысы болған, содан шыққан» деп түсіндірді. Бұдан шығатыны – Құл Қожа Ахмет Ясауи бабаның сағанасы бой түзеген Түркістан шаһарын көпшілік күні бүгінге дейін Екінші Мекке деп атап келгенін ескеріп, ел ішінде жиі айтылатын «Дуана қожа өмірінің соңғы жылдарын осы Түркістан шаһарының маңында өткізіп, әйгілі әулиеге қызмет еткен» деген ескі сөздің тегіннен тегін шықпағанын көреміз.

7-дерек

Соңғы деректің ерекше құндылығын жырақта жатқан, ескіліктен жеткен тарихи аңыз-әңгімелердің табиғылығы әлі де бұзыла қоймаған Қарақалпақ жерінен Сыр бойына, Қызылорда қаласына 1993 жылы қоныс аударып келген Тұрғанқожа Өмірзақұлы Әл-Қарахани деген азаматтың жеткізген естелік сөздері растай түседі.

Тұрғанқожа (1962 жылы туған) 1970-ші жылдары қарияларға атшабар бала болып, соларға түрлі қызмет етіп жүргенінде ескіден қалған көп әңгімелер естіп өскен жан. Көнекөз кәриялардың аттарын тұсап, шідерлеп жіберу, алып келу, жем беру секілді жұмыстарды атқарып жүргенінде олар оны баласынбай «қожа» деп құрметтеп атап, сыйлап жүреді екен. Сол жылдары Ясауи силсиласын ұстанған Піржан молла, Пауеддін мақсым, Ідіріс молла, атасының інісі Тасымбет қары, Сұлтанмұрат сопы, Жарылқасын қожа, Мүсірәлі Әзиздің немересі Құлжабай ишанның баласы Сағидулла секілді сауатты ақсақалдардың естігендерін Тұрғанқожа ұмытпай, жадында сақтап келіпті. Бір қызығы сол қариялардың бәрі де Мәді қожаны «Дуана қожа» демей, үнемі «Құс-Ата» деп атап отырады екен. Жеті рет қажылыққа жаяу барып келгенін мақтан етіп, ол әулие жайлы неше түрлі аңызға бергісіз іс-әрекеттерін тамсана баяндаудан тіпті жалықпаса керек. Кейбірде әлде-бір балалар қызығып Мәді қожаның жаяу-жалпы жүріп отырып, Мекке-Мәдинаға барғанына таңырқап «ол қалайша барған, қалай баруға болады?» деп сұраса, шалдар «ой, ол атаң адамның құсы ғой!» деп, әулиенің жүрген жолдары жайлы да тәптіштеп әңгімелеп береді екен. Ал енді, ең бастысы, «Құс-Ата әулие қайда жатыр?» деп біреуі сұрай қалса, сөзге келместен бірауыздан«Түркістанда, Кентауда жатыр» деп айтады екен.

Тұрғанқожаның бала кезінде өзіне әзиз-әулиелердей көрінетін сол бір ақсақалдардың Мәді қожа туралы, оның жүрген жолдары туралы айтқан әңгімелерді қағаз бетіне түсіріп түрлі ақпарат көздерінде жариялап жүргені қуантпай қоймайды.

8-дерек

2017 жылдың қыркүйек айының аяғында Қызылорда облысының Сырдария ауданының орталығы Тереңөзек кентінде «Рухани жаңғыру және діни сана» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп, осы жиынға Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі, Дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі ғылыми зерттеу және талдау орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, дінтанушы ғалым Айнұр Әбдірәсілқызы (1976 жылы туған) арнайы Астана қаласынан келіп қатысып, сөйлеген сөзінде:

        «Шіркейліде жатқан Құлболды ишанның бесінші атасы Дуана – Мәді қожа, Құсшы ата деген лақап атпен атақты болған кісі Ясауиден кейінгі ең зор ілім иесі деп аталады. Сол кісінің қабірі Кентау мен Түркістан қалаларының арасында, Құсшы-Ата деген елді-мекенде жатыр. Мен сол ауылдың түлегімін, сол жерден шықтым, сол кісінің босағасында өстік» – деп баяндап берді.

9-дерек

2018 жылдың мамыр айында Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы Ақтас мешітінің басшысы Насырхан Әззамұлы Балтабаев (1961 жылы туған) өзінің туысы Шәймерден Тәжіқожаұлынан (1942-2008) естіген әңгімелерін баяндап берді. Шәймерден имам Дуана қожаның тікелей ұрпағы, әулиенің бесінші ұлы Бақмұхаммедтен тарайды. Шежіресі былайша тарқатылады: Дуана қожа – Бақмұхаммед – Якубқұрбанқожа – Шаһқожа – Салыққожа – Наурызқожа – Темірқожа – Айқожа ишан – Пірше мағзұм – Тәжіқожа – Шәймерден қожа. Насырханның өзі де атақты Айқожа ишанның тұқымы (Айқожа – Ибадулла – Балта мағзұм – Әззам ишан).

Насырханның айтуынша Айқожа ишанның баласы Пірше мағзұмның немересі Икрамхан (Икрам ишан) 1954 жылдардан Құсшы-Ата ауылында тұрған. Осы Икрам ишанның немере інісі Шаймерден Тәжіханұлы 1995-2008 жылдар аралығына Кентау қаласы, Ұранғай мен Құсшы-Ата ауылдарының халқының құрметіне бөленген, көпке танымал азамат болған, және, ең кереметі – Құсшы-Атаны да назарынан тыс қалдырмай, бабасының басына барып құран бағыштап жүріпті. Құсшы-атаның Мәді қажы, яғни Дуана қожа екенін Насырхан міне сол Шаймерден имамның өз аузынан естіген.

Шәймерден Тәжіқожаұлының айтқандарының ішінде тағы бір ерекше мәні бар, құнды мәлімет – Мәді қажы, яғни Дуана қожаның молда азан шақырып қойған есімі Мәдімұхаммед болғандығы. Шәймерден имам Насырханға бірнеше құран кітаптарын естелікке беріпті, ол дүниелер үйінде сақтаулы тұр.

 10-дерек 

Шаймерден ақсақалдың сөзін Құсшы-Ата ауылының тұрғыны «Құсшы-ата» дүкенінің иесі Әділ дене ақсақал да растады. Ол кісі Айқожа ишанның ұрпағы  Құсшы ата ауылының тұрғыны Шаймерден ата «бабамның осы жерде жатқанын кештеу білдім» – деп жиі-жиі айтушы еді деген сөзді есіне алды.

11-дерек

Құсшы-Атаның басында игілікті істер атқарған жетісайлық, руы сейіт қожа Тұрсынай Қалиқызы жайлы бірер сөз

(жоғарыда Шаймерден имам жайлы айтып берген Насырхан Әззам Ишанұлы ойын тоғыта келе Жетісай қаласындағыТұрсынай жеңешесін есіне алып жазып бергені)

РУЫ СЕЙІТ ҚОЖА ТҰРСЫНАЙ ЖЕҢЕШЕМ АЙТҚАНЫ

            Бұл Тұрсынай жеңешемнің өзі Сейіт қожа руынан болғанымен, өмірлік жолдасы Әбдішаһит Қасымұлы көкеміз Дуана қожа әулетінен, оның ең үлкен ұлы Қожжан бабамыздың ұрпағы еді. Халық Әбшайт ағай деп кеткен. Өйткені ұстаз, мектеп директоры болып, содан Әбшайт ағай атанып, жұрт солай атап кеткен. Міне осы Әбдішаһит көкеміздің жолдасы Тұрсынай жеңгем – Мәді-Дуана қожа бабаның Түркістан мен Кентау қаласының ортасында орналасқан үлкен көне қорым басында, «Құсшы ата» деген лақап атпен елге белгілі болған әулиеге 2008 жылы, барлық қаражатын өзі көтеріп, бабаның әруағына бағыштап мал шалып, құран оқытты. Ол жиынға Шымкент облысынан, оның ішінде Жетісай, Арыс, Түркістан қалаларынан, Қараспан, Көкарал, Төрткөл ауылдарынан адамдар келді. Түркістан университетінің екі профессоры, үлкен ақсақалдар қатысты. Кентаудан да кісілер келді. Жаңақорғандықтарды да шақырған. Сол кезде мен, Әззам Ишанұлы Насырхан, барып ішінде болдым. Үлкен дастарханды айнала сыймай отырдық.

Тұрсынай жеңгем ірі денелі, бойшаң, салмағы ауыр кісі болатын. Өте сұлу, реңді, адуынды еді. Әкесінің аты – Қалиқожа. Тұрсынай жеңгем 1936 жылы туылып, былтыр 2018 жылдың қаңтар айының 30-шы жұлдызында 82 жасында Шымкент қаласында тұратын Назира деген қызының қолында қайтыс болып, Мақталы ауылының бірінші бөлімшесінде – қара орында отырған ұлы Мәжиттің үйінен, қара шаңырақтан шығарылды. Бұл үйде үлкен ұлы Мәлік бірге тұрады.

Осы аста Тұрсынай жеңешем Мәді-Дуана қожа бабаның үш қасиеті болғанын айтқаны есімде. Бірінші – бүркіті, екінші – жолбарысы, үшінші – елігі  болған деді. Әулие бабамыз Мекке қаласына қажылыққа жеті рет барып келгенін, соның ішінде өмірінің соңғы күндерін осы қасиетті Түркістанда өткізгенін, осы қалада Бақмұхаммед бабамен анасы екеуіне жолығып, баласының қасында болғанын әңгіме етті. Мәді бабаны тікелей жатқан орыны міне осы жер, лақап атымен елдің құрметті әулиесі болған соң «Құсшы ата» атанып кеткенін жыр етіп, естіп-білгендерін баян етті.

Құран басында шешен тілді Тұрсынай жеңешем: «Бұл жерде Құсшы ата – Дуана қожа ма деп күдіктенетін ештеңе жоқ. «Күдік адамды иманынан айырады» деген сөз бар. Өз басым әулиеге қарсы келгендердің оңғанын көрмедім.Әруаққа қарсы келгендердің ақыры оңбас, әруақты сыйлағандардың азабы болмас» деген. Ағайындар, әруақты сыйлап егелік жасап, құран оқытып отырсаңдар, бәрі де жақсы болады деген» – деп, сол күні тебіреніп, жүзі нұр шашып, өткір көзін жұмбастан бой-бой терлеген жүзін ақ орамалымен сүртіп отырды. «Сіз бұл Құсшы атаны, Мәді-Дуана қожа екенін бұрыннан білесіз ба?» – деген біреуміз сұрағанда кідірместен:«Ия, мен жастай келін боп түскен кезімде үйге келген қонақтар – қожа, молда, қариялар, дастархан басында күйеуім Әбшайтқа сөз арасында Мәді-Дуана қожа бабаның Түркістанда, Алланың нұры түскен жер ғой, Қожа Ахмет Ясауи бабамызбен осы жерде жатқандарын көңілдері тасып айтып бергеніне куә болдым. Оның лақаб аты Құсшы ата боп кеткендігін, талай дуана қожалардың басына барып құран оқып келгендеріне дейін айтып отыратын»–деп айтқаны есімде сақталып қалды.

Мен осы 1-ші бөлімшеде тұратын Аманолла көкемнің балдарына талай мәрте қыдырып барғанмын. Сол үйге Тұрсынай жеңгеммен келіп Аманолла көкенің Мәді бабаның өмір жолдары жайлы айтқан талай әңгімелерін тыңдағанмын. Кейін осы Аманолла көкемнің атында Мақталы ауылында үлкен мешіт салынып, оған екінші ұлы Қыдыр қожа бас имам болды. Сонда Тұрсынай жеңгем қуанып: «Насырханжан, бабаларың Мәді-Дуана қожа Түркістан мен Кентаудың ортасындағы үлкен қорымда жатыр. Ол жердегілер Құсшы ата деп атап кеткен. Сен Ишан атамыздың баласысың ғой, осыны ұмытпа» дегені де есімде.

Тұрсынай жеңешем бұдан кейін 2012 және 2016 жылдары өзі тікелей ұйымдастырып осы Құсшы-Атада құран оқытқан. Сол кездері бабамызға тие берсін деп, біздерге рахметін айтып отырушы еді.

Тағы да бір айтатын нәрсе Көкарал ауылының үлкен қарияларының бірі Айқожа ишан бабамыздың Мұсахан Мағзум деген баласынан тарайды. Әулеттің үлкен ақсақалдарының бірі Абдулла Зайнуллаұлы деген көкем осы Тұрсынай жеңешеме күйеу бала болып келеді, сол кісі де тарихты жақсы біледі. Осы Абдулла көкем 2008, 2012, 2016 жылдардағы Құсшы ата, Мәді-Дуана қожаның басындағы құран оқытуды ұйымдастырғанның бірі. Абдулла көкем былтыр 2018 жылы да Төрткөл мен Көкаралда тұратын ағайындардың басын қосып үлкен көлемде жиын өткізген. Оған Қызылорда, Шымкенттен де бірнеше ағайын келген.

«Жаман адам білгенін істейді, жақсы адам көргенін істейді» – деген нақыл бар. Көрген, білгенімізді біле тұра құр жүре берсек бабаның әруағы ұрады. «Құдайменен ойнасаң – құдай сені тыштырады, әулиемен ойнасаң – әулие сені құстырады» – деген сөз дәл бізге қатысты айтылған мақал. Сондықтан Дуана бабаның басына егелік жасап, көркейтіп, қамқорлыққа алудың уақыты келді.

                        Насырхан Әззам Ишанұлы БАЛТАБАЕВ

Айқожа ишан Ақтас мешітінің басшысы. 12.04.2019 жыл.

            P.S. Сөздің орайы келген соң осы әңгімеде ауызға алынған Төрткүл ауылының тұрғыны Мусаханов Абдулла Зайнуллаұлы (1950 жылы туған) осы сөздерді растап, енесі Тұрсынай Қалиқызының атқарған игілікті істерінің басы-қасында болғанын айтты.

12-дерек

            Тағы бір құнды деректі жетісайлық Әлайдар Қадыров 2019 жылдың 29 мамырында жеткізіп берді. Ораза айында ауызашардан кейін екі қарияны өз көлігіне отырғызып үйді-үйіне жеткізіп тастау үшін жолға шыққанында әңгіме ойда-жоқта Құсшы-Атаға ауысып, отырған ақсақалдың бірі ол әулиенің басына бірнеше мәрте барғанын аузына алыпты. Содан Әлдайдар оның әңгімесін ертесіне арнайы барып қағазға түсіріп салып жіберді. Онда мынадай естелік сөз жазылған екен:

«Мен, Молла Осман Мұса қажы Жетісай қаласында тұрамын. 1940-41 жылдар шамасында дүниеге келгенмін. Әкем – Осман Қазалы өңірінен ел ауып, жер ауып Ауғаныстанға келіп тоқтаған екен.

            1993 жылы Иран мемлекетінен Жетісай қаласына көшіп келдім. Шет елдерде жүріп арабша, парсыша білім алып Ислам дінінен сусындадым. Ұлтым – қазақ. Кіші жүздің ұрпағымын.Дәстүрлі дініміздің салттарын берік ұстаушылардың бірімін. Мұсылман баласынынң ислам дінін оқып, үйренгенін қалаймын.

            Жыл сайын Құрбан айт мерекесінде жетісайлық замандастарым Шоқабай ата, Араб ата, Ысқақ әжі, Кәмел әжі, Әбіл әжі, Әбілахат қары, тағы басқа кісілермен бірге Түркістан мен Кентаудың арасындағы Құсшы ата Құрайыш Дуанаға барып зиярат етіп, жалпы дүниеден өткен ұлықтардың аруақтарына құран бағыштап, зікір салып қайтатын едік. Осы сапарымыздың барлығында, 2009 жылға дейін, қоқандық Ыбырайым сопының қолын алуға халық құштар еді. Бір сәті келгенде ол кісінің отырған орнын қолыммен сипап ықыласымды білдіріп едім, сол сәтті байқап қалған сопы мені шақырып алып, қолымнан ұстап тұрып ризашылығын білдіріп:«Таза жүр, дүниеге қызықпа, дін исламның жолын берік ұста»– деген сөзі есімде қалды. Зиярат етуге өте көп адамдар келетін».

13-дерек

Шымкент қаласы Өріс көшесінің тұрғыны, ұзақ жылдар энергетика саласында еңбек еткен Сердан Мұсабаев өзінің Мәді қажы – Дуана қожаның Қожакәлен аталығынан өсіп-өнген Сейіт батыр әулетінен екенін айтып берді. Атасы Нысанбай қожа Әбдіраманов (1901-1983) Бұқардағы Көкелдаш медресесінде діни сауатын ашқан кісі болған. Осы атасынан жеткен көне деректердің бірі және бірегейі Дуана қожаның моласы Түркістан мен Кентау арасындағы күре жолдың бойындағы Құсшы ата ауылының шетіндегі көне қорымда орналасқаны. Бұл атадан балаға жеткен өсиет.

Сердан Мұсабаевтың айтуынша еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Өзбекстаннан Дуана қожа бабаның басына арнайы екі «Икарус» автобусымен зиярат етіп келген ұрпақтарымен бірге Құсшы-Атаға барған. Онда өзбекстандық ағайындармен бірге түркістандық баба ұрпақтары да болған.  Зияратшылар бірінен кейін бірі жалғастырып ұзақ уақыт бабаға құран бағыштап, зікір салған. Жалпы, ораза біткен соң, Құрбан Айт күндері келгенде Дуана қожаның қабіріне осылай арнайы келіп құран бағыштап, зікір салу дәстүрі ұзақ жылдарға жалғасып келгеніне куә болған.

14-дерек

Дуана қожаның қай жерде жерленгені жайлы зерттеумен танысып шыққан соң Қызылорда қаласындағы «Мәді қажы – Дуана қожа» қоғамдық қорына жетекшілік етіп отырған Жұмабай Омарұлына мынадай хаттама келіпті:

«Құрметті бауырым Жұман! Менің саған хабарласып отырғаным, ұлы бабамыз Диуана (Мәді) қожаның жатқан жері туралы естігнімді жеткізейін деп едім. 1997-2005 жылдарда мен Қарағанды қаласында бір мекеме басшысы болдым. Сонда жүріп сол мекемеге қызметке Шымкенттен көшіп келген, одан бұрын Ташкенттен оралған бір бауырымызды, сейіт қожа Таиров Баһадүр Тәжіханұлын алдым. Өте иманды, өте таза, алтын жігіт болатын. Аппақ ишанның шөбересі Құрбанәлі қажыға өте жақын болатын. ол бауырымз әрқашанда маға, Құшатаға бір барамыз, сол сіздің бабаңыз Мәді қожа болады, бабаыздың жатқан жерін көресіз дейтін. Сөйтіп жүргенде, сол жаққа бір сапарында бауырымыз опат болды. Сонан соң оның туған бауыры Таиров Ибраһиммен хабарластым. Ол күні кешеге дейін «бұл жақта елдің бәрі Түркістаннан Кентауға баратын жолдың 10-15 шықрымындағы зират Мәді қожаның зираты екендігіне күмәнім жоқ» – дейді. Міне, хабарым осы. Қарағанды, Жармұхамет Естайұлы Мақтупов».

15-дерек

Жаңақорған аудандық Орман және жануарлар дүниесін қорғау мемлекеттік мекемесінің бастығы Ниязхан Мұқанов (1960 жылы туған) бала кезінен үлкендердің Дуана қожаны Құсшы-Ата екенін жиі ауыздарына алғандарын, өткен ғасырдың соңғы ширегінде тіпті бабаның басын қайта көтереміз деген ниеттерінің болғанын, бірақ әртүрлі себептермен ол ниеттері іске аспай қалғанын есіне алды.

16-дерек

1947 туған аягөздік (Семей облысы) жазбагер Бағдат Оралбайұлының «Тегімізді тануға талпыныс» атты кітабында Хәзіреті Әлі әл-Мұртазадан бастап бабалар тарқатылып, кезегі келгенде Мәді қажыға қатысты мынадай дерек келтіріліпті:

«Мәди (Диуана қожа) кейде Мәді деп те атайды. Хазірет Әліден тарайды, одан бері 28 ата болып отыр… [Бұдан кейін төрт ұлына қысқаша тоқтап, сөзін ары қарай саптайды] Диуана Қожа Ахмет Йассауиден кейінгі 2-тұлға, керемет иесі, Түркістаннан Кентауға барар жолда «Құсты-ата» мазарында жерленген».

Бағдат Оралбайұлының кітабы 2015 жылы Алматыда жарық көрген.

17-дерек

Қызылорда қаласында мұғалім болып жұмыс жасайтын руы – дуана қожа, ал нағашы жұрты – сабұлт қожа, Құрманкүл Төрежанованың да жеткізген естелік әңгімесінің алатын орыны ерекше. Құрманкүл апай 1966 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Әкесі Амангелді ауылының, анасы Қоғалыкөл ауылының тумалары.

Құрманкүл апай алғаш рет Қызылорда қаласынан арнайы Құсшы-Атаға сонау 1978 жылы, яғни 12 жасында анасы Күлән Әбдірейімқызына ілесіп барған және әлі күнге дейін ол әулиенің басына зиярат етуін үзбей, жалғастырып келеді екен. Бір ерекшелігі зиярат жасауының өзіндік тәртібі де қалыптасқан. Себебі, алғаш барған кезінде қорымға кірген бойда анасы Күлән апа бірден оңға бұрылып үлкен төртқұлақ кесенеге барып, ішінде жатқан қос қабірге құран бағыштап, оқып болған соң:«Бұл жерде біздің Сабұлт Сейіт аталарым жатыр,енді менсіз келсең әрдайым осылай жаса, сосын Мәді бабаңа бар»–деп айтыпты. Кейіндері де талай мәрте анасы үнемі осылай алдымен сабұлт бабаларына, содан кейін Құсшы-Ата, яғни Дуана қожаға барып құран бағыштап отырған. Осы тәптіппен Құрманкүл апай бала жасынан Құсшы-Ата ауылындағы көне қорымына, бабаларының басына барып зиярат етуді дағдыланған. Анасымен келгенде сол ауылда тұратын бірнеше сабұлт қожалардың үйіне тоқтап жүрген екен. Кейіндері Құсшы-Ата, яғни Дуана қожа бабасының басына егелік еткен Кәфия апаймен жақын танысып, соның өкіл сіңілісіндей болып кетіп, үйінде қонып жүріпті. Ұлты татар Кәфия апай 2014 жылы бақилық болғанын айтып жылы есіне алды.

Құрманкүл апай Құсшы-Атада, төменде ағып жатқан «Дуана қожа» атымен аталатын бұлақ жайлы да біраз деректерге қанық болып шықты. Зерттеуімізден ауытқып кетпеу үшін олар жайлы болашақта баяндап берермін.

Мұнда санмен белгіленген дерек көздері 17 болғанымен, кейбіреулерінде бірнеше адамдардың есімдері келтіріліп отырғаны байқаған боларсыздар. Бұған қосарым мен бұл деректерді қуалап жүріп іздестіріп, бір адамнан екінші адамға барып жинағаным жоқ. Жол-жөнекей, өзім танитын, шежіреге қызығатын жанашыр жандардарға аманаттап тапсыра жүріп жинастырдым. «Дуана қожа қайда жерленген?» атты ізденіс-мақалам жария болған соң тағы біраз мәлімет қолыма келіп түсті. Оның үстіне анау ауылдапәленше деген бірнеме біледі екен деп шапқылап жүре беруге қалтам да көтермейді. Жұрт қатары әркімнің басында бар күнделікті күйбең тірлігім бар, құдай берген өнерім де мұрсат бере бермейді. Бар айтарым бұл деректер маған өзі келді десем ақиқаттан алыстап кетпеспін. Тек ерекше, арнайыбасып айтқым келетіні –бұл мәліметтердіықтиятпен жинастырып, топтастыруға «Мәді қажы – Дуана қожа» қоғамдық қорының басы-қасында жүрген Жұмабай Омарұлы мен ағайындардың көмегі көптептиді. Менікі сол ортаға түскен деректерді саралап, ой жүгіртіп, түйіндеп, бір арнаға түсіріп,көпшіліктің назарына ұсынуболды. Ал егер алдыма нақты мақсат қойып, осы деректерде келтірілген бірталай адамдардыңсоңын қуалай берсем бұдан да көп, мол деректерге кенеліп қалатыныма шүбә келтірмеймін.«Ел іші – алтын қазына» дейді халық нақылы.

Ал енді Құсшы-Ата жатқан қабірдің соңғы жылдарғы жағдайы турасында қысқаша айтып өтсем деймін.

Әулиенің сүйегі биік төбенің басында орналасқан. Жан-жағы кесекпен қаланып, бір жағын ала шырақшының кішкене үйі жалғаса соғылған. Электр жарығы өткізіліп, от жағатын кішкене пеш орнатылған. Үйге 1,5 метрдей ағаш сатымен көтеріледі. Осының арқасында ішіне кірген адам дұға оқығанында терезенің арғы жағында жатқан бабаның қабірінің жанында отырады екен. Әулиенің басында 2015 жылға дейін шырақшы болып ұлты татар, жасы сексенге таяған Кәфия апай отырған. Ол кісінің көзі тірісінде көрген Жұмабай Омарұлы «Құсшы-Ата жайлы не білесіз?» деп сұрағанында айтқаны Мәді бабаның ұрпақтары – дуана қожалардың ішінде, білетіндері, анда-санда келіп зиярат етіп келіп-кетіп жүреді екен. Мал шалып, құран түсіргендері де болған. Үлкен жолдың бойындағы «Құсшы ата Ахмет Құлқожа Ахметтің шәкірт досы» деген жазуды кім орнатқанынан хабарсыз екенін айтып, «соңғы кезде біреу түсініксіз бір жазуларды іліп қойыпты, олардың қайдан пайда болғанын бір құдай білсін» деп қысқа қайырыпты. Өзі шырақшылық етіп отырған әулиенің кім екенін жете біле бермейтінін де жасырмаған. Тек «Қожа Ахмет Ясауи әулетінен шыққан әулие, мен 1961 жылы осы үйге келін болып түскенде қайын атам, дүниеден өткенше шырақшылық жасаған» дегенді, 1979 жылы әбден тозған шырақшының үйін жаңартып, есігін басқа жақтан шығарып қайтадан салынғанын айтқан. Үй фундаментсіз, таза қам қыштан көтеріліп шифрмен жабылған.

Көңіл аудара кететін жай – бүгіндері ескі қорымның айналасын жергілікті тұрғындардың мекен-жайлары қоршап жатыр. Бір жағы ескі зираттың шеті болса, екінші жағын солардың үйлері мен қора-қопсылары қамаған. Осының салдарынан әулиенің моласына келген зиярат етушілер алдымен марқұм Кәфия апайдың баласы Алижан тұрып жатқан аулаға кіріп, сол үйге қарасты жерді басып өтіп бабаның басына өтуге мәжбүр. Жердің иесі оған қарсылық білдірмейді, себебі үй құрылыстары жалғыз аяқ жолдан біршама алшақта тұр. Керісінше қолынан келгенінше қолғабыс көрсетіп отырады.

Ел мойындаған әулие жатқан соң басында аты-жөні жазылған белгісі де болады. Құсшы-Атаға қатысты мұндай жазудың бүгіндері екеуі бар. Біріншісі Кентауға апаратын жолдың жиегіндегі сілтеме белгі. Оған «Құсшы-ата Ахмет Құлқожа Ахметтің шәкірт досы» деген жазуды Қожа Ахмет Ясауидің мавзолейінің түрлі-түсті фотосуретімен көркемдеп, жабысқақ пленкаға бастырып желімден қойған. Мұны әсте мемлекеттік көне ескерткіштер қоғамы жасатса керек. Себебі мұнда жоғарыда талданған 2014 жылы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайы дайындап шығарған «Қожа Ахмет Ясауи есімімен байланысты аңыз, әпсана, хикаялар» жинағында келтірілген Ахмет туралы аңыздардың біріндеаталған шәкірттің есімі бар. Екінші белгі болса Құсшы-Атаның қабіріне жанай тұрған шырақшының үйінің алдындақойылған қара мәрмәр тас. Оның жоғарғы жақ бетіне «Құсшы ата Мәді дуана қожа» деген жазу, одан төмен бабаның балалары «Қожжан, Қылыш, Пірзада, Бақмұхаммед әулиелер» деген сөздер қашалған. Бұл мәрмәр тақта 2008 жылы орнатылыпты. Оны өзінің жеке ықыласымен тұрғызған азаматтың есімін анықтап алу қиындыққа соқпады. Мәрмәр тасты Қызылорда қаласының тұрғыны Дуана қожаның үлкен ұлы Қожжаннан тарайтын Бекпембетов Серік Бабамжарұлы (1970 жылы туған) қойыпты. Мұнда шынымен Дуана бабаңның жатқанын кімнен, қашан естіп білдің деген сұраққа Серік:

        – 1997-1998 жылдары Сырдария ауданы Амангелді ауылының тұрғыны шежіреші Абдулатиф (Латыш) Әбдіқайымұлы мен Әзқожаев Омар көкелерім қожалардың шежіресін толықтырып кітап етіп шығармақшы болды. Сол кезде мен бұл кісілерді автокөлігіммен тасымалдап қызмет жасадым. Жеті атамды толықтырып жазып алып, бабаларымның қай жерде жатқанын сұрастырдым. Олар «Түркістан қаласынан Кентауға барар жолда бір қырдан асып түскеніңде, оң жағыңда Мәді қожа – Дуана бабаң жатыр» деген болатын. «Әжі бабаң болса Ясауи мавзолейінде, Алтай баба Жаңақорғанда Жайылма деген жерде» – деп жауап берген еді.

        2008 жылы Мәді бабаның жатқан жерін келіншегім Айгүл екеуміз іздеп бардық. Ләтіш ағаның айтуымен тез таптық әрі бабаның өзі де бізге «көмектесті». Тұсына келген кезде бабаға қарай сілтеме «стрелка» көрінсе бола ма, алайда біз оны елемей ары өтіп кетіп, біраз уақыт босқа сенделіп, ақыры кері қайтып әлгі белгі көрінген жерге оралып бабаның жатқан жерін таптық. Бір кереметі үйін анықтаған соң жаңағы меңзеген белгі зым-зия жоқ болып кеткені.

        Бірінші байқағанымыз бабаның басында ешқандай белгі жоқ екен. Шырақшы Кәфия апаймен танысып, бабаға құран бағыштадық. Бабаның үйінің ішінде біреулер газет қиындысын қалдырып кетіпті. Оқысам онда Мәді қожа – Дуана баба жайында мақала жазылыпты. Бұдан соң «Бабаның жатқан жері ма, әлде басқа ма?» деген күмәнім біржолата сейілді. Әрі қарай ауылдың ішіне кірдік, мешітке бардық. Ауыл ақсақалдарынан «Мәді қожа Дуана бабаның жатқан жерін білесіздер ме?» деп сұрадым. Олардан «Мәді қожа дегенді білмейміз, егер қожа болса ол Құсшы ата, сол кісі қожа болған» деген жауап алдым. Біздің бабамызды ол жақта Құсшы ата дейді екен. Елге оралған соң газетке мақала жазған кісіні тауып алдым, жақын танысып білістік. Қызылорда қаласы Талсуат ауылының тұрғыны, келіншегі қожа, ал өзі қыпшақ Асылбек деген азамат екен.

        Сол 2008 жылы Ораза айында бабаға, келіншегіммен тағы бардық. Сол жолы жолдасым «Бабаға белгі қойсақ бола ма?» деп менен сұрады. Ойласып бабаға мәрмәр тастан белгі қоямыз деп уәде етіп елге қайттық. Белгіні бір айдан соң апарып қойдық. Бір ай ішіндегі бастан өткерген кереметтерді айтуымды артық санаймын, құпия болып қалсын. Зиярат етіп кейін тағы бірнеше бардық. Барған кезде екі-үш мәрте Айгүлге көрінді. Жылына екі мәрте зиярат етіп тұрамыз» – деп әңгімелеп берді.

Бұл деректегі мәліметтерді толықтыру үшін жоғарыда ауызға алынған Асылбектің кезінде газетке жариялаған мақаласымен танысқанда дұрыс болар еді, алайда оның сәті әзірге түспеді. Болашақта оның да реті келіп қалар деп ойлаймын.

Соңғы жылдары Мәді қажы – Дуана қожаның басына Қызылордадан зиярат етіп тұрақты барып-келіп жүрген ұрпақтары табылып отырғаны қуантпай қоймайды.

Міне, Дуана қожаның жатқан жері туралы әзірге айтарымыз осы. Бұдан әрі әбден тозған, ескіріп, құлауға бет алған шырақшының үйін не істеп, төңірегін қалай ретке келтіру жағын шамасы келетін азаматтар қолына алып, іске асырса дұрыс болар еді деп сөзімізді қайырмақпыз.

     Сөз соңына

Жуырда Құсшы-Атаның басында жаңа шырақшы пайда болыпты деген сөзден хабардар болған соң ол кім болды екен деп іздестірдім. Сөйтсем сол ауылдың тұрғыны, жақында зейнеткерлікке шыққан Сайыпназар деген сабұлт қожа екен. Бұл кісі жайлы марқұм болған шырақшы Кәфия апайдың ұлы Алижанмен (өзбек) кездесіп сұрастырсам, соңғы уақытта Құсшы-Атаға шырақшылық етейін деп келіп сұрап, ниет қылып жүрген соң рұқсатымды бергенмін. Өзім шаруа болған соң күнделікті тірліктен қолым да тие бермейді, шырақшының үйі де күннен күнге тозып бара жатыр, соған қараса нем кетеді деп ойлап қарсы болған жоқпын деді. Содан, маған ілесіп келген Мұхтар ініммен шырақшының үйіне бардық. Қарасақ сыртындағы сылағы бұрынғыдан да көбірек құлап түсіп қалыпты, есесіне ішінде жаңадан пеш қаланыпты. Басқа бір аса бір көзге ілінер өзгерісті байқамадым. Құран оқып қайтып кеттік.

Кейін Сайыпназардың өзімен де хабарласудың, жүздесудің сәті түсті. Қолында сақтаулы ұзын орама, біраз мөрлер басылған ескі шежіресі бар екен. Оны әкесі қайтыс болғанда совет үкіметінің облигациялары оралып сақталған қағаздардың арасынан тауып алыпты. Шежіресінің аудармасын да жасатқан екен. Соны қызыға оқып шытым. Сөйтсем шежірінің басында бабаларының Мұхамед-Ханафиядан тарайтындары жазылыпты. Ортасына таман тізімде «Құшшы ата» дегенде есім кездеседі. Соның негізінде Құсшы-Атаны бабам деп санап, шырақшылық етуге Алижанға барған екен. Мен оның шежіресінің шала екендігін, онда өрескел, шежіресін жоққа шығаратын қате жіберілгенін айттым. Себебі, өзі сабұлт қожа болса – онда сейіт қожаларға жатады. Ал сейіттер Әзіреті Әлінің егіз ұлының кішісі Хусейнге барып тіреледі. «Сәке, сіздің қолыңыздағы шежіреде Мұхамед-Ханафиядан тарқатылуы қалай?» деп сұрадым. Бұған Сайыпназар:«Сонда мені дуана қожа қылмақшысың ба?» деп шамданды. «Мен емес, шежіреңіз солай айтып тұр, ал басы қате жазылған шежірені қабылдай алмаймын. Құшшы атаңыздың да есімінен бөлек нақты дерек жоқ, тарихта Құсшылар көп. Жалпы, түбінде қате кетсе, ортасында шын жазылуы күмән тударады» дедім. Бұл сөзіме, ол:«Бұл шежірені өзім жаған жоқпын, қате менен емес қой» деуден басқа уәж айта алмады. Құсшы-атада туғанын, бұл қорымда біраз бабалары жерлегенін алдыма тартты.

Осыған орай менің ойыма жоғарыда, 17 деректегі қызылордалық Құрманкүл Төрежанованың естелігінде келтірілген тың мәлімет түскені. 1978 жылы 12 жасында Құсшы-Атаға анасына ілесіп алғаш келгенде естіген – қорымға кіргенде оң жағында жатқан төртқұлақ кесененің ішінде жатқан сабұлт қожалардың қос қабірі туралы әңгімесі көп жылдар өткен соң өткен-кеткен бабаларына қызмет етуге ниет қылған Сайыпназарды шатастырған-ау деген тоқтамға келдім.

Бір қызығы Құрманкүл зиярат етіп келген кездері осы Сұлтанназардың шешесі тұратын үйге талай мәрте түнегенде екен – нағашы жұрты ғой! Қазір Сұлтанназардың шешесі Ахмет деген ұлының қолында екен, денсаулығы нашарлап біраз уақыттан бері сал болып жатып қалыпты. Ал енді Сұлтанназар мен інісі Ахметтің Құрманкүлді танымайтынын, бұрын Құсшы-Ата жайлы терең ізденбегенімен түсіндіремін.

 

Ералы ОСПАНҰЛЫ (+7 701 393 42 24)

Шымкент-Қызылорда, 31.05. 2019 жыл

Таңбалар

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз

Жабу