Білген Шайыр айтады

Майлыақынның Мәделі қожаның көңілін сұрап айтқаны

1885-жылдар шамасында Мәделіқожаның өзі басында тұрып салғызған кесенесі. Кесене 2,2-2,2 шамасы, биіктігі 3 метр піскен қыштан салынған

Жалығыпсың тірлік базарға,

Жаныңа салған азарға,

Ақірет қамын ойлапсың,

Дүниені алмай назарға.

Қабіріңнің қамын ойлапсың,

Сағана салдырып мазарға.

Өкініп өткен күндерге,

Шам-шырақ жағып түндерге.

Кісінің тәубе – дәулеті

Дүние жолдас кімдерге.

Ерден иман құтылмас

Бұ дағы бір нысан бір белгі.

Құтты болсын тәубеңіз,

Қол беріпсіз пірлерге-Майлықожа

 Бұл ескіліктен халық аузында көп жатталған өлеңдердің бірі. Жақын арада қолға түскен Майлықожаның замандасы, Аббасқожаның хатшысы болған Қалқожаұлы Жүсіпқожаның қолжазба кітабындағы нұсқасы мен толықтырылып беріліп отыр.

Ассалаума әлейкім,

Мәделі батыр ағамыз!

Жаудың оғы өтпеген

Ақсауыт алтын жағамыз.

Кесел жеңді, аздың ер

Қозғала алмай денеңіз.

Кәрілік, ауру қабаттап

Жетпіске жетті шамаңыз.

Ұлғайып кесел тапжылтпай

Көңілге батты санаңыз.

Қабырғаңның сүйеуі

Уәлі хан еді қалаңыз.

Қасыңнан қалаң кеткен соң,

Болған-ды қатты налаңыз.

Ұядан тудың үш берен,

Саһаты тапқан анаңыз

Осындай бекер дүниеге

Өстіген соң қайтіп нанамыз

Өмірлі қылсын ініңнен

Қалынған бес-он балаңыз.

Атыс, шабыс, айқайды

Көңілдерің тілесті.

Беталдыңмен бек болдың

Қырық мың ләшкер ілесті.

Өміріңнің дәуренін

Опасыз дүние түгесті.

Арыстаннан хал кетіп,

Ақыры бүйтіп жүдесті.

Алшынды шаптың аралап,

Жолдасың олжа үлесті.

Арғынды шаптың Арқадан,

Ағыбаймен найзаң тіресті.

Қараның ханы Байтерек,

Қарашы болған халық елеп,

Қалың малсыз қыз беріп,

Қалаған күйеу сіз болып,

Жақсы тілек тілесті.

Атасы Абылай Қасым хан,

Аруағы жұртқа басым хан,

Тегін тиді Халипа

Қалың малсыз қасыңа

Хандардың қызы ілесті.

Кене хан ұлы Ахмет

Оязда озық кісі еді,

Тегін қыз берді балаңа

Ол сырды өзге ел білместі.

Сөйтер ме едің өз басың,

Оны былай қояйын,

Ерлік жөнің қозғасам,

Ағыбаймен барып ұрыстың,

Бір күн, бір түн сүрістің,

Ертегі қатар ерлігің,

Ондағы өткен жұмыстың.

Желігіп көңілің тым өсті.

Халықтың бәрі таң қалып,

Қарағай найзаң қандалып,

Ағабай састы сандалып,

Сенің жолдас адамың

Өз саяңда жан қалып.

Ағайынды екеуіңе

Арғынның қолы алданып.

Талайын жықтың екеуің

Найзамен тастап аударып.

Арман-бермен аралап,

Қалың қолды қақ жарып,

Шұбыртпалы Ағыбай

Әлі аспай қалды дағдарып.

Озық ең арыстан жүрегің,

Қалмаған жауда сүрегің.

Қасыңнан нөкер тарқады,

Қалмады күш пен күреңің.

Сарыатан жұлдыз секілді

Салтанатты еді реңің.

Бүркіттей панжаң жазылды,

Босады палуан білегің

Имамберді, Мәдәлі

Егіз қозы секілді

Жарасып сының жүр едің.

Сыяғыңа қараса

Сымбатың елдің нұры едің.

Әрі құда, әрі дос

Ықылас, көңілің бір едің.

Дәу мен жауға сыйынса,

Қолдаушы кәміл пір едің.

Жолдасы кеткен жолбарыстай

Жорта алмай бүйтіп жүдедің.

Татып ек тұзын үлкеннің

Дәулерге жақын сүйкендім.

Жақсылығы жадымда,

Жәрдемі тиген егемнің.

Көркемін сөзін аңсаймын

Датқа менен үлкеннің.

Қайың ерден қас кетті,

Қалықтан тамам бас кетті.

Датқа халқын байытты,

Бостан қып кетті халықты.

Бағасыз есіл арыстан

Көз, тіл тиіп жас кетті.

Тасты кескен алмастай,

Жетеінен тарс кетті.

Қыстақша базар қылды ел,

Құйылып Қоқан Тәшкентті.

Қара сүйел кәрілік

Екі жақты қабаттап

Көрдің ер көңілің қасіретті.

Жабыдан атты мінбеген,

Жабдықты салмай жүрмеген.

Жиын, тойға барғанда,

Жібектен басқа кимеген.

Хан қараға қарсы боп,

Қасарысса мойын имеген.

Күш сынасқан күресте,

Жамбасы жерге тимеген.

Қаруланып толғанса,

Қарағай найза қолға алса,

Аз бен көпті білмеген.

Уәліхан, Мұқымхан,

Екі бірдей жолбарысың

Дұшпанға салмақ қорғасын.

Арыстандарың кетіпті,

Артын құдай оңдасын.

Билігі еркін бала екен

Жаман көрген кісіңнің

Жағасын жыртып сүйреген.

Дұшпанға қорған дәулерің

Кетіпті көшіп дүниеден.

Сыяғын көрген жасқанған,

Суыққа қарсы қасқарған.

Шойын темір шоқпардай,

Тиген жерің жанышталған.

Алысса алыптай бас салған,

Бөрік ал десең, басты алған.

Ерлігін айтса көп еді

Ертегі болар дастаннан.

Таразысы әркімді

Тайсалтушы еді басқаннан.

Тартқан оқпен жаныңды-ай,

Тарпаң құнан тайындай

Жүрегіңнің майындай,

Өрлеп тұрған тайынбай.

Дұшпанға қарсы салысқан

Дабысы сізбен жарысқан

Қалыпсың мұндай мұңдарға,

Құдай қылса мін барма,

Пенделікті батыр аға,

Уәліхан, Мұқымхан,

Екі інің еді арыстан.

Құлата қалды қасыңнан

Қабырғаңның қаласын.

Құдай қылған үкімге

Несіне күйіп-жанасың?

Өзің бүйтіп жатқанда

Ойлама оның санасын.

Қасымнан қала кетті, – деп

Қайғысы оның өтті, – деп

Қам қиял неден аласың.

Сүбеңді сүріп кетіпті

Сүйенген ұстын ағашың.

Уәліхан, Мұқым хан,

Оларда бөтен кеткен жоқ,

Өзің де сол жөн барасың.

Көзіңді жұмған уақытта,

Жолбарыстарға жолықсаң

Бәрінде сол жөн табасың.

Ғарыз қанағат атасып,

Түркістан шаһар қамалды.

Жекеге шыққан уақытта

Жеткізді оңнан шамалды.

Жекеге кіріп ат шаптың

Батырлық бағың жамалды.

Бұхардан алдың ерлікпен,

Батыр басы амалды.

Жаман күнде жат еттің

Атаң менен бабаңды.

Найза тартыс жерлерде

Тайдырмады табанды.

Тәуекел қылған жеріңде

Таппағын ер ең залалды.

Кәр қылмаушы ең ол уақта

Жақсы менен жаманды,

Арам менен адалды.

Оқ жетпес қызыл ат мініп,

Болаттан дабыл қақтырып.

Екі қосын адамын

Таңырқатып дақ қылып.

Басыңды салып қатерғе

Бір ауыз байлам айтарға,

Жан ұзырын тәрік қылып,

Тәніңе сауыт жапсырып,

Тәңіріңе жанды тапсырып,

Өлімді ойға келтірмей

Жүрегің тасып мас қылып,

Тайдырмады құдайым,

Талайыңды пәс қылып.

Ортаға шауып отқа ұрдың

Өз жаныңа қас қылып.

Батыр атқа ұшырадың,

Бейнетің жауға асқынып.

Аранға талай ұрындың

Беттескенді қашырып.

Жеңсіз берен киініп,

Желігіп шаптың құйылып.

Аруақ саған жар болды,

Қатерлі күнде сыйынып.

Найзадан шерің тарқаған

Шаншыта иінің сүйініп,

Жығылған жаудың адамы

Бауырымдап қалды жиылып.

Орыс жұртты алған соң,

Ол істер қалды тиылып.

Жетпіс пенен кәрілік,

Екі жақтап қабаттап

Басыңа жетті киіліп.

Өзің бүйтіп тұрғанда

Обал боп тұрған дәрменге,

Еңбектеніп нетесің,

Екі ініңе күйініп.

Жайдары ерің серідей,

Жауға шаптың ерінбей.

Не ерлерді еңкейтіп,

Жайылдырдың терідей.

Желігіп атқа шапқан соң,

Көзіңе аз-көп көрінбей.

Жетпіспен кесел келіпті

Қап таудың өріндей.

Жараған нардай күркіреп

Басылды көктем сіркіреп,

Жау бетінде тұрмады.

Жаралы қойдай дүркіреп.

Әр абиыр өтілген

Бұлтқа басты бір тіреп,

Дұшпандарың күлкі боп,

Өзің шер, олар түлкі боп,

Өтті сондай күндерің

Түс көргендей ұйқы боп.

Дүниенің түбі бір күн боп,

Өтті заман дүркін боп.

Мылтығына орыстың,

Парт болды денең іркілдеп.

Ойлағаның дау болды

Оңда да бағың ілкім боп.

Апиындай алаштың

Буына түстің кілтілдеп.

Болыс қылды, би қылды,

Қорқып, сыйлап жұртың кеп.

Атанды алдың жүгімен,

Ат, айғырды алдың үйірімен.

Қоралы қойды түгімен,

Сиыр, өгіз мүйізімен,

Бүркіттей бастың бір толғап

Түрткен жоқ мүйізі бүйіріңнен.

Орыста сынды әзілдеп,

«Ойнаймын ойын базым» – деп,

Төрт жүз сомдық шұбар ат

Бәсеке тікті әзірлеп.

Алыптықпен атын мінгенсің,

Төрт шәрік шыны қазы жеп,

Жеңілген соң орыстар

Атқа қалған разы боп,

Жүрегің, күшің сенімді ең,

Кетпеген сірә, жазым боп.

Есімізде бар ма еді,

Кәрілік, ауыру қабаттап

Есіл ер мұнша қажыр деп

Шыбынтайдың көлінен

Кенжехан орыс ап қашты.

Жастай кетті Кенже інің,

Алтынның жүзі тот басты.

Осы уақтың ері арманда

Ондай заман таппасты.

Арғымақ міндің патшадан

Алтыннан жабдық баптасты.

Амалың жетті сүдірге

Бұқардың елі мақтасты.

Қара сүйел кәрілік

Жетпіс жетіп қаттасты.

Өткен күндер өтірік боп,

Арыстан сені қарт басты.

Ер Қыдырдың нәсілі еді,

Қисапсыз кескір асыл еді,

Сүйегі сізбен заттасты,

Қырық сан барақ Ташкенттен,

Басым боп озып, бақыты асты.

Озық боп бақ пен жұлдызы

Кемірек боп тұр ұл-қызы,

Өзінен туған ұл болмай,

Онан қатты мұң болмай,

Сұңқар еді сыр бермей,

Тұлпар еді тең келмей,

Жазым жерде аяғын

Бір қазық шалды Аббасты.

Орал, Нарбек ер еді

Кезексіз озды тыңғызбай.

Ұстын болған теректі

Қойса нетті сынғызбай.

Айға жақын болғанда,

Ақты шолпан жұлдыздай.

Ағайын емес надан көп,

Көңілі қытай, қырғыздай.

Қамын құдай жесін де,

Қара қазан, сары бала

Жетім қып қойды ұл-қызды-ай!

Тұрлыбек өлді дегенде

Жүрегім болды тым мұздай.

Орысқа етер айла жоқ

Ұстының зорын сынғызды-ай

Бидайық құстай қырғын боп,

Қанды уыстап, сүргін боп,

Тұлпардан туған дүлдүл боп.

Қайрат-күшпен, ерлігі

Тірісімен бірдей боп.

Мұсылман мен орысты

Жасқантып арыстан жүрді кеп

Қырық біріне жеткенде

Қыла алмай дәрмен тұрды кеп.

Өлді есіл Тұрлыбек –

Қоңыраттың алтын қоңырауы

Басылып қалды-ау, дүмбірлеп.

Орта жүз алаш қайысар:

«Ортадан ұстын жұлды» деп,

Ескі жолбарыс сен едің,

Ен қайратқа кен едің,

Естен қалып барасың

Ыңыранып қалдың мұңлы боп.

Жалығыпсың тірлік базарға,

Жаныңды салған азарға,

Ақырет қамын ойлапсың,

Дүниені алмай назарға.

Қабіріңнің қамын ойлапсың,

Сағана салдырып мазарға.

Өкініп өткен күндерге,

Шам-шырақ жағып түндерге.

Кісінің тәубе – дәулеті

Дүние жолдас кімдерге.

Ерден иман құтылмас

Бұ дағы бір нысан бір белгі.

Құтты болсын тәубеңіз,

Қол беріпсіз пірлерге.

Уәліхан, Мұқымхан,

Кете қапты екі інің.

Өмірлі қылсын олардың,

Артында зурият жетімін.

Төренің ханы Қасымхан

Қараның ханы Мәмбет би,

Есімхан мен Мырзахмет,

Жиен еді соларға

Тартыпты сізге екі ұлың.

Би сайлады халық елеп,

Тағасы Байзақ байтерек

Шүкір қылғын Есімхан

Екпіні боп тұр қалпы ерек.

Көкірегі қайтпады

Орыстан жеген таяққа-ай.

Алдына шықты еліңнің,

Тастаса қалмай аяққа-ай.

Қожабегің о да арыстан

Дұшпанға сүйеу таяқтай.

Бөріханың сүр перен,

Кемтігің сірә қаяқта-ай.

Жаман күнде халқыңа

Бәрі де асыл жарақтай

Құт болсын тәубеңіз,

Жақындап өмір саудаңыз,

Ақыретке барғалы

Қылып тұрсыз талапты-ай.

Иманды ердің талабы

Өмірдің қысқа танабы.

Ақырет кетсең бақұл бол,

Өмір болса дүние де,

Қор қылмай Алла пана бер.

Сағынып келдім, батыр аға,

Аман-есен бармысыз

Сөзімнің осы аяғы.

Мәделіқожа 1888-жылы 72-жасында әлемнен өтті. Батыр өмірінің соңғы үш жылында кесел болып отырып қалған – Майлықожаның;

Мәделі ағам кесел боп,

Үш жыл үрдіс ауырды.

Айтушы еді арманғып,

Кешегі қызық дәуірді-деуі осыдан. Демек кесене 1884-85-жылдар салына бастаған.

«Мәделі ақын және оның заманы туралы айтқанда оның туып-өскен, өмір сүрген кезеңі атыс-шабыспен, аттың жалы, түйенің қомында өткен қоғамның өмір аясы тар, халқының бостандыққа зар болған алмағайып заманға сай келгенін айтқан абзал. Ол дәуірдегі батырды да, ақынды да, қайраткерді де өмір сахнасына әкелген сол заманның шынайы шындығы болатын. Зерек те зерделі, ар-намысты ерлер үшін ол кезеңде олай болмау мүмкін емес те еді.   Мәделінің Бадамдағы күмбезді мазары да зерттеушілер назарына ілінуге тиіс»-деп жазған екен Сүйіншіәлиев Хангелді ағамыз. Айтса айтқандай батыр көзі тірісінде Мәлім молаға өзі басында тұрып сағана салдырған. Майлықожа нағашысына келіп тамына құтты болсын айтып,тәубеге келіп, өлімді мойындағанына разы болып отыр.

Дайындаған   СейтОмар Саттарұлы

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button