Жарық нұрдың сәулесі

Сұңқардың жердегі ізі

Осы жылдың 15 маусымында  Кереку маңындағы ағайындардың шақыруымен Екібастұз өңіріндегі Қараөткел деп аталатын ауылға  жол түсті.  Арасында телефондасып тұрсақ та, бір көргенге не жетсін, дидарласып бір жасап қалдық. Зиярат сапарымыздың басты себебі «Сұңқар» әулетінің – Бейсенбай және Сәлмен қажылардың басын аралап құран бағыштау еді.

Әріден бастасақ, Абыз Шомақтың ұрпағы Боқты бабамыз Өскемен жағына бір үлкен асқа барып, қайтарында 15-16-жасар бала жігітті Шыңғыстау қожаларынан молдалыққа деп бір атқа міңгізіп ала қайтады. Жас жігіттің шыр айналған ептілігі, айтқызбай білетін қағылездігі Боқтының көңілінен шығып балаға Сұңқардай екенсің дей келіп Сұңқар атандырады. «Кешегі» Қанжығалының пірі» аталған» Тоқаң (Тоқмаханбет) Хазрет ұстазымның ауылы деп, олай, булай өткенде, туыс бабамыз Сәлмен қажы мен сөйлесіп, атамыздың баласысыз ғой деп отыратыны әр уақыт қулағымызда қалған» деген жолдарды Садуақас Ғылманидың еңбегінен оқыдық.  («Заманымызда болған ғұламалардың ғұмыр тарихтары»-1-том-Алматы 2013-83-бет.)

Бүгінгі көзі тірі қариялардың, молдалардың айтуынша қазіргі Қараөткел аталатын ауылдың зиратында бес қажы, жеті әулие жерленген екен. Мұнда жерленген әулиелердің есімдері ұмыт болған. Ал, қажылардың есімдері белгілі. Олардың ішінде атағы ел ішіне көбірек тарағаны Бейсенбай қажы мен оның баласы Сәлмен қажы. Сәлмен қажы Мекке мен Мединаға екі рет барып қайтқан деседі. Бірақ, қай жылдары барғанын ауылдастары біле қоймайтын еді. Оны облыс мешітінің жанынан шығарылатыны «Руханият» газеті анықтап берді. Биылғы көктемде осы газетте өткен ғасырдың бас кезінде Павлодар облысынан Меккеге барып қайтқан қажылардың тізімі жарияланды. Осы тізімде Бейсенбайұлы Сәлменнің қажыға 1908-1909 жылдары барып қайтқандығы көрсетілген.

Ел аузында Сәлмен қажы, аузы дуалы, көріпкелдігі де, емшілік қасиеті де бар, керемет иесі болған. 2007 жылы Қараөткелдіктер зират басында аруақтар құрметіне ас беріп, құран бағыштау рәсімін өткізген екен. Сондағы Қамышкенов Сабыржан ақсақалдың айтуынша мынадай жайт болған.

«Менің 11-12 жасар кезім еді. Бұл 1939-1940 жылдардың шамасы болатын. Қонысымыз қазіргі Ынтымақ ауылы еді. Сәлмен қажының үйі біздің үйдің қасында болатын. Бір күні Қажы атамның (біз ол кісіні солай атайтынбыз) үйінің алдына пар ат жеккен арба тоқтай қалды. Үстінде алты жігіт отыр. Жетіншісі арбада байлаулы жатыр. Жігіттер арбадан түсіп, есігінің алдында тұрған қажы атама сәлем берді. Біз ойнап жүрген балалар, бұл көріністі қызық көріп жақындап келіп, қарап тұрмыз.

– Жігіттер, жол болсын! – деді қажы атам жігіттерге қабақ түйе қарап.

– Алдыңызға ауру адамды алып келіп едік – деп міңгірледі бір жігіт.

– Ауруларың мына байлаулы жатқан ба?

– Иә.

– Ауру байғұсты мұнша қорлап, қинағандарың қалай?

– Есі ауысқан. Қашып кете ме деп.

– Оттамай, босатыңдар байғұсты – деп ақырды қажы.

– Ойбай қашып кетеді, айрылып қаламыз – деп безектеді жігіттің бірі.

– Босат дедім ғой – деп ақырды қажы ата да.

– сонда мен осылай байлаулы жатқанда емдеуім керек пе? Босатыңдар да, бір аптадан кейін хабарласыңдар, үйлеріңе қайтыңдар. Жігіттер ауру адамның байлауын шешті. Қажы оған жылы сөзбен:

– Енді, қарағым, арбадан түсе ғой, үйге барайық. Біздің үйге бір аптадай қонақ бол. Байлауы шешілген жігіт арбадан түсті де қажының соңынан еріп үйге кірді. Қажы атам оны қалай емдегенін қайдан білейік. Әйтеуір ол адам ауруынан айықты деп есіттік. Бір аптадан кейін туыстары келіп алып кетті.

Қараөткелде Жандай ақсақал да Сәлмен қажымен ауылдас болған екен. «Бір күні қажы атамның үйіне бір сырқаттанған келіншекті ақсақалды адам шанамен әкелді. Біз балалар сол маңда ойнап жүр едік. Шанаға жақындап келіп қарап тұрдық. Шанадағы әйел айқайлап жұлқынып-жұлқынып қалды. Біз таңырқап одан сайын жақындай түстік. Ақсақал, әйелді шанадан демеп жерге түсірді. Әйелдің көзі алайып, аузы көпіріп кетіпті. Ақсақал әйелге «айналайын, үйге кірейік, бұл қажының үйі, қасиетті үй» деп түсіндіріп жатыр. Әйел жан-жағына алақтап қарап алды да, ақсақалға еріп үйге кірді. Кейін естідім, ақсақал әкесі, ал әйел оның есі ауысып кеткен қызы екен. Қажы атамның алдына жүздеген, мүмкін мыңдаған адам келіп емделген шығар солардың бәріне бірдей шарапаты тиді ғой» деп сөзін аяқтады Жандай ақсақал.

Ел аузында айтылып жүрген мына деректе Қажы атамыздың бір орысты емдегені айтылады:

Қырқыншы жылдардың аяқ кезінде өзінің Қараөткел ауылын қоныстап отырған Сәлмен қажының үйіне аудандық бас мал дәрігері И. Жеребцов деген орысты алып келеді. Сырқат екен.

– Аға, сізге үшкіртуге әкелдік – дейді Жеребцовтың қасындағы қазақ азаматы. Ол да бір аудан орталығындағы басшы қызметкерлердің бірі болатын. Жеребцовтың досы болса керек.

– Бұған не болған? – деп сұрапты қажы.

– Аңшы еді. Аңшылықта жүргенде біреулермен төбелескен бе? Өзін есінен тандыра сабаған ба? Мылтық кезеп қорқытқан ба? Әйтеуір аңшылықтан тіл-аузы байланып, есі ауысып оралыпты, дәрігерлер емдей алмапты. Олар сізді біледі екен. Сізге үшкіртсін депті.

Әдетте, қажы қазақтарды, яғни, мұсылмандарды ғана емдейтін. Бұл жолы орыс келіп тұр. Аудандағы белгілі маман. Ал, оны әкеліп тұрған қазақ жігіті. Ол да беделді адам болатын. Қажы Жеребцовты емдейді, үшкіреді. Жеребцов алғашқы үшкіргеннен-ақ бері қарай бастайды. Ақыры сырқатынан айыққан Жеребцов қажыға алғысын айтып, бір қараға балайтын қосауыз мылтығын ұсынады.

– Қолыңыздың ақтығы осы болсын!

– Жоқ – дейді Сәлмен қажы, бұндай қымбат сыйды алмаймын, мен адамдарды дүние үшін емес, Құдай үшін емдеймін. Ауылда қажының орысты емдегенін ұнатпағандар да табылыпты. «Орыс – кәпір емес пе? Кәпірге құранның сөзін қор қылғаны жарасып тұрған жоқ. Бұнысы қателік болды» десіпті олар. Ал, Қажы оларға: Бәрің де намаз оқып жүрген жоқсыңдар. Ал, Құдайға ол да (Жеребцовта) сенеді. Сенбесе, менің алдыма келмес еді. Құдайға сенгенді кәпір деуге болмайды. Рас ол орысша сөйлейді. Ол үшін оны жазғырмайық – депті деген дерек бар.

Осылайша әулиелер мен қажылардың мәңгілік мекеніне Сұңқар әулетінің бүгінгі ұрпағы  Ғалы бастап аттанып кеттік.

Жолымызда назарымыз мына ескі  молаға түсті. Дөкей зиярат екен. Кесене кімдікі екенін білетіндер болса, ұмыт болып кетпей тұрғанда, кім жерленгенін анықтап, белгісін қойса жақсы  болар еді.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Жүз жасаған осы елдің құрметті азаматы Ханафия Асқарұлы атаға зиярат еттік. Саналы ғұмырында бүкіл Павлодар өңірінде қазақ тілінің сақталуына мән беріп, насихаттап өткен ұстазды ң рухына құран бағыштадық.

Осы елде жақсы бір игілікті іс барын аңғардым. Ол тарихын  тасқа қашап  ауылдың тұсында жазып қалдырады. Сондай белгілердің бірінде былай деп жазылып тұр:

Қараңғыға нұр шашқан жасыны боп,

Ертісті өрге тартқан асылы боп.

Қасиетін сыйласаң қара жердің,

Ей-жолаушы ауылға бас иіп өт!

С. Мәнен төр шумағын құраса, үлкен еңбек  ескерткіш қойған – Әбуқожа әулетінікі дер едім.

Жангелдіұлы Совет осы кісі.

Жолай Қарғалы–Бегімтай қабырстанына соқтық.  Абуқожа-бабаға қойылған ескерткіш.

Абуқожа –Жангелді-Совет арғы бабалар жағын біле алмай отырмыз.Қулыбай баба қай жерде

Ол кісінің атасы қайда әзірге белгісіз. Жангелді осы қабырстанға қойылған.

Исабек ешаннан бастап Қараөткелге бурылыстағы ескерткіш, Қарғалы –Бегімтай қабірстаны, Абуқожаға, Аю биге қойылған ескерткіштердің барлығында Совет ағаның қолы бар. Яғни Ертіс бойының қожаларының жоқтаушысы Совет аға деп айтса болады.

Совет ағаның қамқорлығымен Қыпшақ Аю биге  де ескерткіш қойылған.

Еліме қорған зерделі,

Көнеден үлгі көргені.

Алладан ниет сураса,

Әулие ғұмыр бергені.

Жолаба Қыпшақ атасы,

Алдында елдің батасы.

Аю бидей бабадан,

Жалғанды ұрпақ арасы.

Осы күндері Оразаға байланысты сәл кешіктіріліп берліген, Ашаршылық және зорлық зобалаң құрбандарына арналып оқылған Құранның ортасында болдым.

Биылғы асты ұйымдастырып барлық ащы-тұщысын көтерген оң жақтан екінші тұрған Бейсенбай – Қамар – – Зейнелғабиденұлы Ғалы, Сәлменқажы-Зейнолла -Хамза және ағайындар.

Елден асқан болмаса да бақтары

Туған жерде мәңгі қалған аттары.

Бұл да ғажап Алла берген қасиет

Бес атаның бір зиратта жатқаны.

Қараөткелде болған дүр пір мың тарлан,

Бақ дәулеті маңдайына нұр қонған.

Деп айтсақта бұл ауылды үлылық

Басталады ұлы баба Сұңқардан.

Барабада білім алып толықты

Мекке барып ізгілікпен жолықты.

Байтілестің Бейсенбайы сол заман,

Қазіретте, әулие де болыпты.

Елбасында күн тұманда қара түн,

Қалың елдің ашып дінге сауатын,

Осы өңірге имандылық үйірген,

Алғашқы ұстаз, алғашқы имам болатын.

Ізгілікті тек сұраған Алладан,

Ең бастысы жаны таза нұрлы адам.

Берсе алған, сұрап әсте алмаған.

Содан шығар заманында өңірді,

Бейсенбайдай мүлде емші болмаған.

Алла оған әкесіндей жол берді,

Кемде емес, артық та емес, тең берді.

Әкеден соң елді аузына қаратқан,

Осы әулеттің бір ұрпағы Сәлменді.

Көзі көрген адамдар бар Зейнешті,

Қажы бармай қиналыспен ой кешті.

Құдіреті шығар өткен бабаның,

Күндіз елмен , түнде Алламен сөйлесті.

Екі ғасыр ел жұртына танылып,

Өткен ұлы бабалармен жанығып.

Бой көрсетпей ой көрсетіп жұртына,

Бұл заманда ұрпағына сабырлық.

Өткен жылжып тізгін бермес ғасырлар

Ғасырлырмен бірге өткен асылдар.

Жер иесі мына отырған дүйім жұрт,

Ел киесі Қараөткелде осылар.

Жалған дейміз ол атағы дәулеттің,

Құр дәулетпен шың жұмақты көрмек кім.

Мына Ертіске имандылық әкелген,

Киелігі кетпесін бұл әулеттің! – деп  ақын Самат Мәменұлы жырлаған екен.

Сауапты сапарды атқарып болып, Нұр-Сұлтан қаласына келіп, біздің аман есен барып қайтумызды Алладан тілеп отырған Зейнуллақожаға Исхақбек екеуміз барып, сапар жайын егжей-тегжейлі айтып бердік.

Зейнулла қожа, Ысқақбек, Сейітомар

Мақаланы дайындаған зияратқа арнаулы шақырумен барған СейтОмар Саттарұлы

 

Таңбалар

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button
Жабу