Майлықожа

Жылдың төрт мезгілі

Майлықожа Сұлтанқожаұлы

Бұл дүние өтер кетер баяны аз,

Ең алды жыл құсының үйрек пен қаз.

Жігіттей сақал-мұрты жаңа шыққан,

Көркейіп дүние жүзі болады мәз.

 

Сәуірде көтерілер рахмет туы,

Ойнасып су бетінде қаз қуы.

Жан-жануар көк майсаға бауырын төсер,

Емізіп жас баладай жаңбыр суы.

 

Шаттанар бұл дәуірге жас пен кәрі,

Ләззатты жел менен көл жанға дәрі.

Бостандық дәуірінен болғаннан соң,

Қыбырлар жер жүзінде жанның бәрі.

 

Шаруалар жайлар тауды малын баққан,

Егін сап, диқандары кетпен шапқан,

Аралап  әр шаһарды саудагерлер,

Мал жинап келе берер әр тараптан.

 

Ұшады айдын көлден қаз қаңқылдап,

Әуеден жаңбыр жауар от жарқылдап.

Түрленер жер жүзінде шөптің бәрі,

Құбыладан қоңыр салқын жел аңқылдап.

 

Құдайдың ұзын болып күні-түні,

Әртүрлі шығар сонда шөптің гүлі.

Құлпырып атлас қамқа бәйшешектер,

Көрінер текеметтей жердің түрі.

 

Жан-жануар бірін-бірі сағынысып,

Құлағын арғымақтар қағынысып.

Ұшқан құс ұя салып, жұмыртқалар,

Аспанда ұшып жүріп сағынысып.

 

Дүниенің сонда кірер ажар-көркі,

Көрінер секілденіп қызыл түлкі.

Қыздың ханша, жігіттің патша уақыты,

Бас қосып өз-өзінде болса еркі.

 

Одан соң түсер шілде сары тамыз,

Күн өтіп әр нәрседен кетер маңыз.

Өзгеріп дүние жүзі, шөп сарғайып,

Су қайтып, өзі қалар ескі аңыз.

 

Сол уақытта күллі шөптің буыны қатар,

Түн ұзап, шыққан күнің ерте батар.

Жанары көрген дәуір өзгеріліп,

Мақұлықтар нашар тәнлі бәрі жатар.

 

Жараспас онан кейін дүние түрі,

Айналмас бір қайтқан соң  оның бірі.

Солған гүл, тозған жерді көзің көріп,

Көбейер күннен-күнге іштің шері.

 

Он бесте қыз түрленер қызыл гүлдей,

Көрініп ақша беті аймен бірдей.

Асқан соң жиырмадан, кетіп сәні,

Мысалы, бола берер қайтқан күндей.

 

Қартаймас жігіт адам қырыққа жетпей,

Одан соң кеми берер, ол да өтпей.

Қатқан соң шөп буыны ас болмайды,

Қимылда қыз-бозбала жазың кетпей.

 

Онан соң арқырап-қауыс келеді күз,

Қызықтан одан кейін күдеріңді үз.

Қыз асып жиырмадан үйде отырса,

Әркімге болар әңгіме-сөз.

 

Онан соң қысың келер қары жауып,

Артынан бір өткенді болмас тауып.

Жігіттер, барыңнан да жоғың жақсы,

Кеткен соң өз басыңнан бәрі де ауып.

 

Жаратты бұл дүниені төртке бөліп,

«Көрсін»  деп қойды бізге көзді беріп.

Көк майса күнің өтіп кеткеннен соң,

Барыңнан артық шығар қалған өліп.

 

Мысалы, жігіттіктің, жаз – бостаны,

Көрсетті бізге өрнек бұл нұсқаны.

Секілді шілде мен күз – орта жасың,

Кәрілік – қыстың қатты зымыстаны.

 

Боз бен көк пар болмайды түріменен,

Әр нәрсе ылайықты жолыменен.

Құланды құрықтасаң жылқы болмас,

Ноқтаның үйір болар зорыменен.

 

Жақсының шарапаты көзіменен,

Әркімді жақын қылар өзіменен.

Жақсыға жақсы ғашық болып қосылады,

Қызықты ойын-күлкі сөзіменен.

 

Арыстан пар болмайды тышқанменен,

Жалған жар-жар болмайды құшқанменен.

Көбелек от жанбаса қайда барар,

Не табар қараңғыда ұшқанменен.

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button