Білген Шайыр айтады

Дүние, жарға ойнаған лақтайсың

Серәлі Еруәліұлы 

Серәлі Еруәліұлы 1835 жылы  қазіргі Қостанай облысы Қарабалық ауданы мағайында дүниеге келген. Белгілі публицист, ағартушы-демократ ақын  Мұхамеджанның әкесі. Серәлі  айтыс ақыны. Суырып салма өнерімен елге танылып, өз заманының белді ақындары Орынбаймен, Ұлбикемен, сыр бойының  атақты ақыны  Кете Ешнияз салмен айтысқан.Орынбаймен  айтысының екі нұсқасы сақталған. Алғаш бұл айтыс 1914 жылы  Қазан қаласында жарық көрген  жарық көрген “Қазақтың айтысқан өлеңдері” жинағында, екінші нұсқасы 1931 ж. Сәкен Сейфуллин құрастырған “Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары” атты жинақта жарияланды. “Айтыс” (1965, 1-т.), “Қазақ халық әдебиеті” (1988, 2-т.), “Бес ғасыр жырлайды” (1984, 2-т.) жинақтарында сөз қағысулары мен өлеңдері жарық көрген.

Серәлінің ақындық талантын Сәбит Мұқанов, Мұхтар Мағауин, т.б. жоғары бағалады. Сәбит Мұқанов: «ХҮІІІ және ХІХ ғасырларда қожалар арасынан  дарынды  ақындар да шыққан.  Мысалы,  Арқада –Шортанбай, Торғайда –  Серәлі, Жетісуда – Жарылғасын мен Жүсіпбек, Сырдарияда  бойында Мәделі мен  Майлы.  Бұлар негізінде ислам  дінін үгіттіеушілер болғанымен, қазақтың  халықтық өмірінен  талай  шындықты ақтарып, арттарына толып толып жатқан елеулі  мұралар  қалдырған» деп жазды. (Сәбит Мұқанов, Халық мұрасы).

Серәлі  Еруәліұлы шығармалары ҚР ҰҒА ОҒҚ қорында сақтаулы. Серәлінің “Уа, дүние, мұнша қатты еттің мені”, “Біреуге жүз салмақты қиын білдім”, “Дос емес, дос сыртынан жамандаса”, “Дүние жарға ойнаған лақтайсың”, “Сұлушаш”, т.б. өлең, толғаулары заман ағымын, достық, адамгершілік, имандылық секілді қасиеттерді жырлауға арналған.

Дүние, жарға ойнаған лақтайсың

Дүние, жарға ойнаған лақтайсың,
Мекен ғып қандай жанға тұрақтайсың?
Еріксіз көнбегенді көндіресің,
Жол білмес асау кердей бұлғақтайсың.
Аз ғана көңіл ашар қызығың бар,
Кетеріңе келгенде сылақтайсың.
Тынығы жоқ шыныға құйғандай-ақ,
Қашарыңа келгенде сынаптайсың.

Уә, дүние, мұнша қатты еттің мені

Уә, дүние, мұнша қатты еттің мені,
Әуре боп мен жанымнан қудым ені.
Ғұмырымды ойлаймын да, аһ ұрамын,
Өттің деп жігіттіктің керуені

Дүние, қудым сені он жасымда,
Жарадым сол уақытта жолдасыңа.
Білгенде мақұрым тастап кетеріңді,
Қасыңа жуыр ма едім о басында.

Дүние, опаң да жоқ, сыпаң да жоқ,
Қисайып қырын кетсең қапаң да жоқ.
Бақытың дәулетіңмен бірдей тұрса,
Қылады дұшпан қызмет атаңдай боп.

Дүние, сұлу қыздай бұраңдадың,
Қуа алмай, қызыққан соң,тұра алмадым.
Басыңды қанша жарға соқсаң дағы,
Дегені болады екен бір Алланың.

Басымнан қатар-қатар өтті заман,
Кірем бе қасіретке жүрсем һәмән.
Халыққа сырымды ашып сөз айтарға,
Назарын бір салмады дүние маған.

Бар шығар бір күнәйім ұнамаған,
Тағдырым беріп те дәулет сынамаған.
Тағдырдың бұйрығы бар таңғажайып,
Береді бір наданға сұрамаған.

Бермесе,бетке шіркеу, перде Құдай,
Ашылып күле алмаймын бұрынғыдай.
Жанасқан жақсыларға бейшараңыз,
Бұл күнде қасіретпен қонды сыбай.

Дос емес, дос сыртынан жамандаса

Дос емес, дос сыртынан жамандаса,
Несі дос, бір қатесін жаба алмаса?
Дұшпан шіркін сыртыңнан не демейді,
Қауіп етіп бір адамнан ұялмаса.

Дос емес, достың сөзін бөтен десе,
Достықтан бір өкпемен кетем десе.
Арадан неғып достық табылады,
Саған да бір іс тауып етем десе.

Дос емес, достың сөзін көтермесе,
Салған жерден түбіңе жетем десе.
Не қылып дос атына қосылады,
Көтермей бір сөзіңді, бүйтем десе.

Нағыз дос бір-біріне тарылмайды,
Жуырда түрткеніне жарылмайды.
Жақсы-жаман айтты деп елемейді,
Бақ-дәулет сол адамнан арылмайды.

Нағыз дос бір-біріне елең болмас,
Өкпені қауіп іздеп тізген болмас.
Ондай өкпе болса да өткізеді,
Бір-бірі шын достыққа келген жолдас.

Нағыз дос бірін бірі жамандамас,
Араға көп өкпе сап табандамас.
Көңілі татулықты іздеп тұрар,
Жөніне татулықтың шабандамас.

Жақсының әрбір сөзін қайырмаңыз,
Жасыған жездей қылып майырмаңыз.
Сыр алмаған біреумен дос болам деп,
Сыр алған досыңыздан айрылмаңыз.

 Сұлу ағаш

Тұрмысың аман-есен,Сұлуағаш,
Қыстауға құмар еді тамам ағаш.
Малы жоқ Жаманқыздың қара құрым,
Сып-сида көрінесің жап-жалаңаш.

Сұлулық қалыбыңда тұрсыңба аман,
Келуші ем шаттықпенен мен де саған.
Қой маңырап, сиыр мөңіреп жатқан ағаш,
Иеңнің сөйткен сенің жоғы жаман.

Жүруші ем келіп-кетіп жүргенімше,
Көңілім тынбаушы еді көргенімше.
Мырзаға муапық сөз қандай бар?-деп,
Ағашқа ойланушы едім кіргенімше.

Риза емен сенің тұрған бұл күйіңе,
Жаманқыз жарасушы ең ақ үйіне.
Көрініп көкпеңбек боп тұрушы едің,
Шыққанда Қысырақтың биігіне.

Қат едік Жаманқыз бен Көктен байға,
Жатушы ең бір мың жылқы әрбір сайда.
Зор мәжіліс күндіз-түні және қайда,
Кетуші ең әрең-мәрең бір-екі айда.

Панаңда құлындаған биең қайда?
Боталап, боздап жатқан түйең қайда?
Айдатып сан қараны мекен еткен
Жаманқыз, Көнтек байдай иең қайда?

Жанақай жұртқа әшкере дыбыстарың,
Дәулетті салтанатқа қарыштадың.
Жиылып қыз-бозбала өлең айтқан
Кетпейді құлағымнан дауыстарың.

Кетпеген әлі күнге тілден ағаш,
Атыңды Арғын, Жаппас білген ағаш.
Болғанда түн ортасы жаңғырықтырып,
Маңқылдап байтөбетің үрген ағаш.

Көбең ат семірген жер,жаз жайлаған,
Хан, қара мекен етіп, мал айдаған.
Ағашты жаңғырықтырып өлең айтып,
Сұлу қыз кешке жақын нар байлаған.

Борыш бар тұс-тұсынан қамалаған

Борыш бар тұс-тұсынан қамалаған,
Жетпейді оған дәулет шамалаған.
Еш нәрсе еске кіріп шықпайтұғын
Қылмадың ең болмаса жаман адам.

Көп ойлап,түсті нұқсан жамалыма,
Әркімнің берін тағдыр ғабарына.
Дамбарда,Шұбарменен бе мың үй бар,
Сәлем де игі жақсы адамына.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button