Ғалымның хаты

Мұхамеджан Сералин жайында жаңа дерек

Мұхамеджан Сералин (1872-1929)  ХХ  ғасырдың басындағы белгілі қоғам қайраткері, ақын әрі журналист. Ол 1872 жылы Қостанай облысының Қарабалық ауданының 18-ші ауылында (кейінен бұл ауыл Серәлі  ауылы атанған) туған.  Бізге белгілі әдеби деректер бойынша оның руы – қыпшақ, қыпшақ ішінде Тама-Бұға, оның ішінде қожа руы деп берілген. (307, 63-б) Алайда қыпшақ  руының қожаға жатпайтынын  ескерсек және М. Сералиннің (ұлы Шәмілдің әйелі) келіні  Раушан Әубәкірқызынан  алынған мәлемет  пен ҚР ОММ қорында сақталған Мұхамеджан Сералиннің  баласы Зәкірдің  жазған қолжазбасы бойынша анықтай түссек, ол Камалиддин шайхтан тараған Бақсайыс қожа ұрпағы. Қолжазбада бойынша жоғары қарай таратсақ:  Мұхамеджан – Серәлі  – Тұрсынбай – Меңдіқожа – Алданазар қожа делініп,  арғы тегі  Әзірет Әліден тарайтын Камалиддин  шайхтан тарайды. (308). Ал Раушан апаның айтуынша, Мұхамеджанның әкесі Серәлі, оның әкесі -Тұралы, оның әкесі – Тұрсынбай. Бұрынғы ата-бабаларының тұрақ мекені  Түркістан өңірі болған, бірақ кейіннен қай кезде  екені белгісіз  Қостанай өңіріндегі  қыпшақ руына сіңбе болып кеткен.

Әкесі Серәлі жастайынан жетім қалып, ағайын-туғандарының  қолында өседі. Ол жас кезінен-ақ шешендігімен елге танылып,  14 -15 жас  шамасында 50-ге жақындаған Орынбай ақынмен айтысып елді аузына қаратқан.  Сералінің екі әйелі болған: оның  біріншісі  қазақ,  одан Оспан, Зәкір, Рахым және 1 қыз, ал Оспаннан – Ақыш, Зәкірден – Дәнеш, Рақымнан – Қазыбек, Қазилә, Гүлжамал, Гүлзира тарайды. Ал оның екінші татар әйеліне  үйленуінің де өзіндік  себептері  болған.  Серәлі  атақты айтыс ақыны және  ел арасында беделді боландықтан байлар мен көпестер той-думанға өздерімен  бірге алып жүретін болған. Соның бірі Троицк қаласындағы Яушов деген көпестің үйіндегі той-думанға Серәлі  да барып,  домбырасымен  үздіксіз ән айтып, өнер көрсеткен. Осы тойда Серәлінің өнері мен сымбаты Яушовтың қызына ұнап, ол кеткен соң, артынан «маған келіп кетсін» деп хабар жібереді. Бұл кезде Серәлінің екі баласы бар еді. Араға уақыт салып қоржынды атып  және  домбырасын қоса алып қыз  үйінде бір аптадай уақыт болады. Осы кезде Яушовтың қызы  Серәліге ғашық болғандығын білдіріп, қалың малсыз алып кетуін өтінеді. Осы татар әйелден Фазылжан, Мұхамеджан, Хакімжан деген үш ұл  туылады.  Хакімжан 5- жасы шамасына келгенде, әкесі Серәлі  қайтыс болады. Содан кейін 12-13  жасар үлкен ұлы Фазылжанжды бәйбішесі өз бауырына салады да, Мұхамеджан мен Хакімжанды алып шешесі Троицкіге  кетеді. Бірақ, олар кейіннен ауылға келіп,  Мұхамеджан Сыр елінің қызы Базарға үйленеді. Одан 3 ұл – Кәміл, Сәлімжан, Шәміл мен олдардың ұрпақтары тарайды.  Ал оның  екінші әйелге үйленуінің  себебі  Мұхамеджанның Хакімжан деген інісіне көрші ауылдың  қызын айттырып, қалың малы төленіп қойған уақытта інісі қайтыс болады. Ол қайтыс болғаннан кейін  айттырылған  қыздың төркіндері:«қалың малы төленген келіндеріңізді алып кетіңдер» деп тілек білідіреді. Осыдан соң  ауылдағы  жасы үлкен  ақсақалдар жиналып: «ендігі жасы кішісі сенсің» деп, Мұхамеджанға  дәстүрлі  салтты ұстанып  үйлендіреді. Одан Нәзира, Райхан Ғалия  Әнуар,  Ғайни дүниеге келеді.

Ел арасында Мұхаммеджанды «Мұқат» және орта бойлы, денелі болғандықтан «Бақа қожа» деп атап кеткен [309]. Оның бізге  белгілі «Топжарған», «Гүлкәшимә» деп аталатын поэмалары бар.

М.Сералин 1911-1915 ж.ж. Троицк қаласындағы  Энергия  баспаханасында қазақ тілінде 88 саны шыққан «Айқап» журналының редакторы, әрі шығарушысы  болды. «Айқап»  журналының 1-ші санын өзінің нағашысы Бекшентаев деген кісінің үйінде шығарған. Ол «Айқап» деген қазақтың төл сөзінің мағынасын «біздің қазақтың «Әй, қап!» демейтұғын қай іс бар? Газет шығармақшы болдық, қолымыздан келмейді. Пұлы барларымыз ынтымақтассақ та,  ақшасыз істің  жөні табылмады.  «Қап, пұлдың жоқтығы, қолдың қысқалығы-ай» дедік. «Қап, ынтымақсыздығымыз-ай» дедік…. біздің қазақтың неше жерде «қап» деп  қапы қалған істері көп. «Қап» дегізген қапияда өткен істеріміз көп болған соң  журналымыз да өкінішімізге лайық «Айқап» болды»  деп түсіндіреді (310,24-25-бб)

Зылиха Ибадуллаева,Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Археология және этнология кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты

«Қазақ халқының құрамындағы қожалар» тарихи-этнографиялық зерттеу

«ЭВЕРО» Алматы 2015 жыл 146-147 беттер

  1. Кенжебаев Б. ХХ ғасыр басындағы әдебиет. – Алматы: Білім, 1993. – 248 б. – 63-б.
  2. КП 18970. М.Сералин шежіресі //ҚР ОММ фотоқұжаттар қоры.
  3. Мәлімет беруші Раушан Әубәкірқызы Сералина.
  4. Айқап. /Құрастырғандар: Ү.Суханбердина, С.Дәуітов/. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1995. – 367 б. – 24-25-б.

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button
Жабу