Жарық нұрдың сәулесі

Сеитмаханбетов Мәлімсеит

Шахизада Қансеитов

1939 жылы,  Райздравта  оспапрививатель  болып істеп жүрген кезі, балаларды елді аралап жүріп емдейді екен. Астындағы аты ашығыңқырап қалса керек, Құдайберген деген колхоз бастығынан бір бау жоңыршқа сұрайды. Қастарында Сүлей деген қария тұрса керек, соның көзінше Құдайберген қазір бере алмаймын, кейін 30 бау ал дейді, дауысы қатқылдау шықса керек, Сүлей қария:

– Қожеке, енеңді ұрайынды өлең етші, өзіңнің қатарың ғой, – дейді, сонда:

Мінгенім астымдағы доктор аты,

Жылқының таза сүйек, қазан аты.

Бір бау шөп береді деп, сұрап едім,

Советтің адал жүрек азаматы. – дейді, Сүлей қария:

– Сипаламай қаттырақ айт. – дейді, сонда:

Бала емдеп артқанымыз түрлі дәрі,

Денсаулықты тілейді елдің бәрі.

Колхоз бастық кекетіп сөз сөйледі,

Жұмысты бағалайтын адам кәні? – деген екен, Сүлей қария:

– Қожеке ұялма, өлтіре айт. – дейді, сонда:

Жатырмыз деді шөпті жаңа сеуіп ,

Көкіректі кекеткен сөз қалды теуіп.

Жаңа болған басқарма көрінеді,

Жүр екен бастыға алмай ісіп – кеуіп, – дегенде, қызарақтаған басқарма:

– Қап, әттеген-ай, өзіме де обал жоқ, мен өтінгенмен бұл өлең бәрібір елге жайылатын болды. Қожеке айып етпе, ең болмаса үш бау жоңыршқа бергенімді айтқын, – деп үш бау жоңыршқа босатыпты. Бұл 1939 жылдың сәуір айы екен.

 

Осы айда бала емдеп жүріп, аудандық уәкіл Тілеубеков Әржан, тұқым тексеруші Қалдарбеков Дас тан, финагент Бұралқиев Әсембек төртеуі колхоз бастығы Райымқұлов Әбдікәрімдікіне барып қонады. Әржан табақтағы етті азсынып, ағамыздың тізесінен нұқып қалады, сонда:

Қоқиттың бір жілікпен қабырғаны,

Алты кісі үймелеп жабылғаны.

Нанда болса жігіттер жеп қоялық,

Қайтеміз осы болса табылғаны,

Бір жілікке жабылтып алты адамды,

Япырай басқарманың не қылғаны. – деп айтып салады.

– Қап, ұят болды, кештеу болған соң үйдегі бар етті астыра салып едім – деп, екі түйетауық сойып, қайта қазан көтертіп, аттарды ауыл сыртына алып кетеді.

Таңертеңгілік шайдан соң, аттарын алып келген екен, жігіттер аттарының ашыққанын көріп ренжиді. Ұяттан қызарған басқарма:

– Ұятқа қалдым, Қожеке не де болса көзіме айтып кет, – дейді.

Көзіңе айтып кетейін ашық қылып,

Ауылдан шөпті қойдың қашық қылып.

Атымыз түнде тойып тұрады – деп,

Ертемен алып келдің ашықтырып.

Ал енді айыбына жем беріңіз,

Бұл атты өз малыңмен тең көріңіз.

Азықтың азы – көбін есеп қылма,

Толмайды үш ат жемнен кем жеріңіз.

Жіберген денсаулықтың емшісіне

Түгел кеп бала-шаға емделіңіз. – деген екен, басқарма:

– Бір күнде екі рет таяқ жедім, өзіме де обал жоқ, абайлауым керек еді. Аттарыңыз жемін жеп болғанша, Қожеке бізде бір шай ішіп алайық, – деп қайтадан қонақтарды үйге бастайды.

1939 жылы 7 қараша мейрамында Ақкөл селосында аудандық денсаулық бөлімінің бас дәрігерінің орынбасары Мойсенко қайтыс болып, жерлеуге әкетіп бара жатады. Бұрын көкемізден 18 сом қарыз ақша алған екен, соны білетін жігіттер: «Қожеке, бастығыңыздың мойнында ахиреттік қарыз болып кете береме, жоқ әлде кешіресіз бе?» – дегенде, ағамыз:

Қайыр қош ер Мойсенко арыстаным,

Араққа бар пұлыңды қарыштадың.

Мойныңда 18 сом ақшам кетті,

Өлген соң, аруағыңа бағыштадым – дегенде,

жігіттер «пәлі Қожеке» – деп риза болып қалады.

Осы қызметте жүріп, 1942 жылы соғысқа кетеді. 3 – ші Украйна майданында 715 – ші дивизияның жаяу әскер құрамында Молдавия, Румыния, Болгария, Югославия, Польша, Австрия, Германияны азат етуге қатысады.

Соғыста төрт рет жараланып, төрт рет медальдармен марапатталады. Соғыста жүріп жазған өлең-хаттары, жырлары жетерлік, мен бұл естелікке қысқа жазылған бір-екі хатын беруді жөн көрдім.

 

Адрес

Адресім, алты жүз жетпіс сегіз,

Ортасы ұзын сызық және он сегіз.

Полевая почтаның нөмірі осы,

Сеитмаханбетов Мәлімге тисін деңіз.

 

Ауылға хат.

Сәлем хат әскердегі бауырыңнан,

Бір осколка сипалады жауырыннан.

Хат күтіп, ағайынға қағаз жаздым,

Бір хабар алайын деп ағайыннан.

Сіздерге бұл амандық хабарымыз,

Сапарым оң, түзелген самалымыз.

Дұшпанды өз жеріне жете қуып,

Күн санап алға басқан қадамымыз.

Фашистен жердің жүзін тазартқанша,

Әлбетте, қайтуға жоқ амалымыз.

Бізге де қағаз жазып хат салыңдар,

Колхозда жұмыскер боп қалғаныңыз.

Сағындым, үш жыл болды ағайынды,

Көп ойлап, сипаладым самайымды.

Кімнің бар, кімнің жоғын біле алмадым,

Болмаса, жазар едім талайыңды.

Соғыста оң қолынан оқ тиіп, госпитальда емделіп жатып жазған хаты:

 

Госпитальдан хат.

 

Оқ тиіп оң қолымнан, кесілгені,

Кемдікке көңілім қонып, бекінгені.

Өлгендер еске түссе, шүкір етіп,

Жарақат жанға батса етімдегі.

Жазылған маңдайыма осы шығар,

Пенденің қате болар өкінгені.

Майданнан жеңіспенен қайтып барсақ,

Саусақтың қиын болмас жетілгені.

Жатырмын жарақат боп оң қолымнан,

Ауылға қағаз жаздым сол қолымнан,

Қалармыз аман болсақ, бізде барып,

Сапардың желі тұрып оң жолынан.

 

Мәлімсеит көкеміз жеңісті Вена қаласында қарсы алып, 1945 жылы қыркүйекте елге қайтады. Жолда Шолақтауда, Тамды өзенінің бойында тұратын нағашысы Бердіқожаға (Бердеш) барып сәлемдеседі. Амандық-саулық сұрасып, шайларын ішіп, демін басқан соң, нағашысы, анасы Бейбіәйет пен әйелі Ақжанның қайтыс болғанын естіртеді.

– Бекем бол балам, «жазмыштан-озмыш жоқ» деген, қанды соғыстан аман келгеніңе шүкүрлік ет.–деп жиенін жұбатқан екен. Түс қайта нағашысы есекпен, өзі жаяу Қызыл жалауға қарай жолға шығып, ел қалың ұйқыда түнгі сағат бір-екілерде ауыл шетіне ілігеді. Бір уақытта нағашысы:

– Мәлім, анау шырақ жанып тұрған кішкене терезе сенің үйің, Шоман қожанікі, – дейді.

Сонда Мәлімсеит көкеміз, көзіне жас алып айтқан екен:

Қу кесек құлап қалмай нағып тұрсың,

Жылтырап әйнектен шам жанып тұрсың.

Шешеммен әйелімді жерге тығып,

Қоқайып енді кімді бағып тұрсың.

 

Басына түскен қайғыны, өмірдегі ауыртпалықты бір-екі ауыз өлеңмен көкірегіндегі шерін тарқатып, өзіне-өзі басу айтып, сабырлығын сақтайтын сияқты.

Соғыс зұлматынан аман-есен оралған соң, бұрынғы жұмысы райздравта оспапрививатель болып жұмысын жалғастырады.

1946 жылы, соғыстың зардабынан ел әлі айыға қоймаған, елдің тұрмысы төмендеу кезі, үкімет білімі жоқ болсада Нұсқабайды басшы етіп сайлайды.

Елге де қадірі жоқ, жайсыздау болса керек, көшедегі балалар да мен Нұсқабаймын деп айқайлап, өрескел іс әрекеттерін көрсетіп, мазақтайтын көрінеді.

Бір бас қосып қалғанда ел қариялары, Нұсқабайға реніштерін жасырмай, бұған не амал жасаймыз дейді, сонда көкеміз:

Лашын құс, жолдас боп жүр кептерменен,

Не жаман, жолдас боп жүр бектерменен.

Япыр – ай, Нұсқабайда «би» боп кетті – ау,

Кететін «үфит» деген ілептерменен.

Нұсқабай ауылда бір ала қарға,

Ойнаған күлкі боп жүр балаларға.

Ғылым жоқ, не білім жоқ бір жануар,

Өкімет қойғаннан соң амал бар ма.

Өзі де ұзаққа бармайды. – деп елді сабырға шақырыпты.

Қарашат ауылында сол елдің тумасы Көшен бастық болып істеп жүріп, шай сатқан біреуді соттатып жібереді, өздерінің ағайыны болса керек. Көшен, Мәлімсеит көкемізбен жасты екен. Аудан орталығына келген сол ауылдың 3-4 азаматы көкемізге жолығып. Көшенге арнап бір өлең жазып беріңізші, мүмкін содан кейін есін жияр дейді. Сол кездескен жерде, қағаз қаламын ала салып, мына өлеңді Көшенге деп жазып берген екен.

Көшенге!

Өр кеуде, өгіз мінез, өңеші кең,

Шошқадан тоғайдағы қай жері кем.

Жүз грамм шай сатқанды соттатады,

Не үміт, не қайыр бар Көшендерден.

Бұрылмас бұқа мойын, теке қарын,

Ғайбатпен қиянатқа сатар жанын.

Қайтеміз өзімізге зияны жоқ,

Тауып жеп, жүре берсін ол да нанын.

Түскендей төбесінен төрт ауыз сөз,

Айтылды тұлғасына тоқтаусыз тез.

Ғылым жоқ, не білім жоқ – сасық кеуде,

Жолдастар оқып бергін болсаңыз кез.

Өлеңді оқыған Көшен, ағамызға келіп:

– Құрдас  мұның  не,  бір  қателігім үшін сыбағамды беріп сойып салыпсың, екеуміздің бір-бірімізге ниетіміз дұрыс еді ғой, – дейді.

– Маған өкпелейтін жөнің жоқ, көпшіліктің сұрауы  бойынша, солардың айтқан әрбір сөзін, мен тек қана өлең түрінде ұйқастырып бердім. Өкпең болса өзің өкпелеткен ағайындарыңа  айтқын.  Қатар  құрбымды,  әсіресе  өзіңді  ренжіту ойымда болған емес. – деген екен, Көшен:

– Түуу…, саған  сөзім  жоқ, сені сөзден ұстау мүмкін емес, білемін менен бір қателік өтті. Бір пәшкі шәй үшін соттап жібереді деп ойламаппын, кейінгілерге сабақ болсын деген ой еді. Қайтейін, менің жазам осы болса көнуге тура келер…– дейді.

– Құрдас оны істеген ісіне қарай бір – екі ауыз өлеңмен жазалағанда  қатесін түсініп ренжімей,  ағайының да риза  болып, сені  кейінгілерге үлгі еткен болар еді. Мені түсінген шығарсың, түсінсең әкел қолды. – дейді, Көшен:

– Кінә  өзімнен,  өкпем ыдырады, қолды емес  құшағымды берейін, – деп екеуі ризаласып, ұғысқан екен. Жіберген  қателігін  мойындаудың өзі үлкен қасиет болу керек.   Сол  заманда  өмірдің  тезіне  кім  түспеді  дейсің, өзінің  жіберген ағаттығынан  нәтиже шығарып, ағайыннан  бөлінбей, солардың бірлігін сақтағаннан артық байлық жоқ шығар.

Мәлімсеит көкеміз оспа егуші болып 1951 жылға дейін істейді. Сол жылдары ауыл-ауылға оқу бітірген мейірбикелер келіп, жұмысының қысқаруына байланысты жұмыстан шығып, Райживсырье мекемесіне агенттік қызметке ауысады. Осы жерде 1961 жылға дейін істеп еңбек демалысына шығады.

Өзі шайыр, ақын адам өмірде жағымды да, жағымсыз көріністерді өлеңіне арқау етеді. Бірде ел аралап жүріп, бір топ мас жігіттердің көшеде жағымсыз қасиеттерін көріп, мысқылдап былайша өлеңге қосқан екен.

Маскүнем жігіттерге.

Жігіттер темекі тарт, насыбай ат,

Бар болса жалғыз атың араққа сат.

Арақты тойғаныңша ішіп алып,

Бойында тар көшенің тырайда жат.

Көрінсін бес саусағың алтау болып,

Аяғың қимылдасын жалқау болып.

Түйенің бурасындай зіркілдеген,

Головаң түк білмейтін мылқау болсын.

Толтырып стаканды ішіп алсаң,

«Тап» – дейді бос стакан тағы сұрап.

Градус қырық бірге жеткен кезде,

Құлайсың құрғақ жерден тайғанақтап. – деп, ішкен адамның іс-әрекетін сипаттап, жастарды ішкіліктен жирендіріп, сақтандырады.

Бүкіл Талас өңірінде Мәлімсеит көкеміз емшілігімен, ақындығымен, жыршылығымен елдің есінде қалды. Жұмыс бабымен ел аралап жүргенде, ауыл қариялары «бір-екі күн болыңыз, жырыңызды, әңгімеңізді сағындық» – деп жібермей, қонақ етіп алып қалады екен.

Балаларды емдеуге Ақкөлден дәрі алып келе жатып, Айдарлы да, жайлауда отырған найман руының Жаппар, Тұрсынбек, Исабай т.б. қариялары бастаған ауылға соғады. Ойы, бір шәй ішіп сусындап алу. Жайлауда, киіз үйде отырған ауыл адамдары лезде жиналып шәй ішіліп, жағдай сұрасып болған соң, ауыл адамдары:

– Мәлеке, құдай айдап келіп қалдың, енді ешқайда жібермейміз, сылтау айтып әуре болмаңыз! – деп мал сойып екі күн қонақ етеді. Екі күндей жыр-дастанға сусындаған ауыл қариялары, бұл кісіні тағы да басқа қырынан көргісі келген болу керек. Осы ауылдың суырып салма Жамал атты ақын келіні бар екен, ауылдың бәрі Мәлімсеит ағамызға айтпай, екеуін айтыстырып көрейік деп, Жамалды алдырады. Сол айтыс былай баяндалады.

Қырық бір жаста, қылшылдап тұрған кезім,

Қанша айтсам шаршатпайды бұл өлеңдер.

Мен білмеймін, Жамалды алдырыпты,

Өлеңші, ақын әйел, тілі шебер.

Өлең айтып өсіп ем, бала жастан,

Ол кезде, кеп тұрады аузымды ашсам.

Ұйықтадым түсте ғана екі сағат,

Айтылды екі күнде он төрт дастан.

Жамал атпен келіп үйге кірмей, киіз үйдің сыртынан әндете жөнеледі.

Жамал.

Көл жағалай шалғын құрақ,

Көпшілік екеумізді отыр сынап.

Алдымыз қырық, артымыз отыз бесте

Бір– екі өлең жібер сыпайылап.

Мәлім.

Менде жауап айтайын құдашаға,

Сөз білмесе іздеп кеп жанасама.

Дұрыс–ақ сыпайылап айтысалық,

Тыңласын үлкен – кіші, бала – шаға.

Жамал.

Мәлім–ау биылғы жыл қырықтасың,

Жасыңыз қырықтағы құрып қалсын.

Жиырма бестегі жасыңды аңсаймын – деп,

Ақта өгіздей аңтарылып тұрып қапсың.

Мәлім.

Бес жылда сенде Жамал қырықтасың,

Әйелдің қырықтағысы құрып қалсын.

Мәліммен қырық жастағы бір түн жатсаң,

Ақыретке барғанша ұмытпассың, – дей бергенде, үйдегі жиналған жұрттың бәрі ду – күліп жібереді. Сырттан «ойбуй» деген дыбыс естіліп, кетіп бара жатқан аттың дүбірі шығады. Сыпайылап айтысайық деген Жамал, ер азаматтың шымбайына батырып ақта өгізге теңеген соң, ағамыз аясын ба, бірден асыра жауап берген. Жиналған ел ұзақ айтыс күтсе керек, бір жағынан құмарлары қанбай қалса да, екінші жағынан бір ауыз сөзге тоқтаған ақындарға риза болғандарын білдіріп шығарып салған көрінеді.

Соғыстың қуғын-сүргін заманы болар, Пайғамбар жасынан асқанда денсаулығы сыр бере бастайды. Ағайындары, замандастары «суықтап қалғансыз ғой, емделіп күтінсеңіз құлан-таза айығып кетесіз» – деген кеңестеріне, былайша жауап береді.

 

Кәрілік.

 

Алпыстың алтауына келді жасым,

Азайды жылда өліп замандасым.

Күздегі қазан ұрған шөпке ұқсап,

Қуарып аппақ болды сақал – шашым.

Жастықта ауырмаған тізе мен бел,

Қиналып біраз жүрсем ағады тер.

Білсекте кәрілік деп оны айтпаймыз,

Кеселім деп айтамыз бір суық жел.

Жер жүзін осы суық жел аралапты,

Біреуін жас адамның таба алмапты.

Алпыстан асқан еркек, әйел болса

Тор құрып, тұсау салып қамалыпты.

Бәз бір шал бекер босқа мақтанады,

Кәрілік емес, жел ғой деп баптанады.

Суық тиіп шаншулап отырмын деп,

Қымтанып, жылы оранып сақтанады.

Не қажет бейһүда сөз, босқа құры

Шын сөйле қартайғанда, ойлап мұны

Көріп тұрған нәрсені мойындаңыз.

Тісің босап, кетті ғой көздің нұры.

Мойындамай жүресің күресумен,

Болдырасың төрт – бес жыл тіресумен.

Жетпісте «жел» дейді бел ауырса,

Қоймайды жастық көңілі бір есінен.

Басынан бар еді дер, суық желім,

Ұстайды бұлт алса күннің көзін,

Астамдық пен кәрілік деп ойламайды,

Жақындап тұрсадағы алдында өлім.

Суық жел кәрілік екен аңдып келген.

Қашқанын қайратыңның көріп білген.

Дүниенің опасызын ойласын деп,

Өлімнен нәпсімізге хабар берген.

Бет аузың қатпарланып, көз іріңдеп

Еріксіз бас қалтырап, қол дірілдеп

Алысты, жақынды да айыра алмай,

Танымай таныстырады мынау кім деп.

Не айтсаң шықпайтұғын ақылыңнан,

Отбасың жақтырмайды, қатыныңмен.

Ақылы айнып, алжыды бұл кісі деп,

Ауылда сөз шығады жақыныңнан.

Аз ғана, өрге жүрсең белің талып,

Жастарға жете алмайсың, артта қалып.

Өкпең өшіп, сырқырап екі тізең,

Шығасың төбешікке он демалып.

Кәрілікке ем қонбайды, емделмейді

Күн санап, әлсірейді, жөнделмейді

Күш қайрат кеткен соң ақылды адам,

Кәрілік бұл кеселім жел демейді.

Шағатын өрік, жаңғақ қайран тісің,

Көтерген бес пұт бидай, қайда күшін.

Қайта айналып келмейді–ау сол заманың,

Мысалы болып кетті–ау көрген түсің. Кәрілік әр пенденің басына түсетін қасірет, О дүниенің хабаршысы екенін, кәрілікке ешқандай ем қонбайтынын осылайша жырлайды.

Соғыс ардагері болған ағамыздың, өмірбаяны, өлең-жырлары аудандық, облыстық газеттерде басылып тұрды.

Белгілі қоғам қайраткері, ғалым, әдебиетші Мырзатай Жолдасбеков «Жүз жыл жырлаған жүрек» кітабында, ағамыз Сеитмаханбетов Мәлімсеит туралы естелік жазып, бағасын берді. Мырзатай Жолдасбеков Мәлімсеит ағамыз туралы жазбасында мынандай сипаттамалар береді:

– Мәлімсеит ақын жастайынан салт-дәстүрлі той-жиынды қыздырып, қазақтың шығыс ақындарының хикаяттарынан аңыз – әңгіме жинап, соны ел арасында жырлаған. «Жетім – Масхат», «Ілияс патша», «Кобра жылан» дастандарын шығарған. Тағы да «Ермек пен Өрнек», «Гүлшат сұлу», «Төрт өнерпаз», «Бір адамның үш баласы» т.б. хисса – дастандары да қайырымдылық, ғибратшылдық, адамгершілікті, гумманизмді насихаттайды.

Мәлімсеит ақын айтқан, ол жинаған халық қазынасы бұрын соңды қайталанбайтын жаңа туындылар. Мәлімсеит ақынның отанға, ауыл еңбеккерлеріне арнаған өлеңдері де аз емес, жастарға ғибрат беретін толғау – термелері де өте көп.

Қырықтан асқан жасына қарамай өз еркімен майданға аттанған, сол кездегі солдаттардың патриоттық ерлігі, елге деген сағыныш өлең-жырлары туралы айта келіп:

– Мәлімсеит ақынның әдеби мұрасымен қалың көпшілікті таныстырудың әлеуметтік маңызы зор. Өлең–жырларындағы түрлі дастандар, айтыстар белгілі бір кезеңнің рухани тыныс-демін анық тануға септігін тигізеді. Бұл тұрғыдан алғанда Мәлімсеит ақын мұрасы эстетикалық мәнімен бірге үлкен танымдық қызмет атқарады. – деп түйіндейді. Көрнекті ғалым Мәлімсеит ағамыздың дарынына шек келтірмегендіктен осындай баға беріп, ұсыныс жасап отырғаны айдан анық.

Осындай кісілерді пасық әңгімеге араластырып, өсекке айналдыру жиіркенішті, амал барма. Осыдан кейін Жетпіске келген қария өзінің ағаттығын түсінер ме екен, әлде тағы басқа біреулердің басына нәжісін төгер ме екен, оны өмір көрсетер. Осындай пенделер өз ұрпағына қандай өсиет айтып, қандай өнеге қалдырар екен.

Өмірге деген тиянақты көз қарасы бар, аталарымызбен ағаларымыз бабаларының бойындағы тазалық пен қайырымдылықтан бойларына нәр алып өскеніне, қандай қиындық болса да, сол бағыттан ауытқымай, мойымағанның арқасында бар қиындықты жеңіп шыққаны ақиқат.

Әмірсеит бабамыздың ұрпақтарының бәрі бес саусақтың саласындай деуден аулақпын, өзіміздің де көңіліміз толмай жүрген тумаларымыз жоқ емес, бірақ бір ұрпақ бетке ұстаған осындай адамды, көре алмаған саяз адамдардың өсекке айналдыруы ешқандай қалыпқа сыймайды.

Ел қадірлеген, бір ұрпақтың сыйлы ақсақалын өсекке айналдырғанда, алдына не мақсат қойды екен. Осы ісімен басқаға емес, өз бетіне өшпестей қара күйе жаққанына өресі жетер ме екен. «Жақсы адамның соңынан сөз ереді, ал жаман адамның соңынан не ереді» – деген рас-ау деймін.

Төкпе ақын, жыршы, шайыр Мәлімсеит көкемізде 1990 жылы 31 желтоқсанда 87 жасында дүние салды. Жаны жаннатта болсын, кейінгі ұрпақтарына аз дүние қалдырған жоқ, соның қадіріне жете білейік.

 

 

 

Таңбалар

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button
Жабу