Жарық нұрдың сәулесі

Шашеит Сеитмаханбетұлы

Шахизада Қансеитов

Шашеит атамыз 1891 жылы өмірге келеді, ағаларынан 7 жас кіші екен. Елде оқып, хат таныған соң, Түркістандағы діни медресені бітіреді.

Бұл кісі сегіз қырлы, бір сырлы болды десем қателеспеймін, оны өзімізде көрдік. Өзі серілікке жақын шабандоз, көкпаршы, жүйрік аттарды ұстап, суытып бәйгеге қосатын, сонымен қатар бүркіт, қаршыға, ителгі сияқты құстарды баптап, саятшылықты бойына сіңірген жан еді. Анасы Нұрзада баласын үйлендіріп, шаңырақ көтертіп, өзі осы атамыздың қолында болыпты. Кіші анамыздың отбасы болғаны себеп болған шығар, бұл шаңырақты кіші отау деп атаушы еді.

Тәркілеу кезінде артық малдарын өздері апарып бергені бар және бойына біткен серілік қасиеті себеп болған болу керек , қудалаудан аман-есен құтылады.

Соғысқа дейін болу керек атамыз Қызыл жалауға көшіп барады. Ел жұртта бұл кісінің бойындағы қасиетін бағалап, құрметтеп отырушы еді. Сол елдің жиын-тойларында ат бәйгесі, көкпар болатын кезде атамыз, ат үстінде, қолына қызыл жалау ұстап желпілдетіп, «атшабар – атшабар» – деп, елді көкпар, бәйге өтетін жазыққа бастап барушы еді.

Осы кісінің ұйымдастыруымен бәйге, көкпар, салым салу ойындары атқарылатын. Сол кездерде атамыз 70 жастың ол жақ, бұл жағында еді, көбінесе қызып кететін болса керек, атын ойнақтатып доданың ортасынан бірақ шыққаны әлі күнге дейін көз алдымызда. Өзі де ұзын бойлы, артық ет жоқ тарамыс, дене бітімі қазіргі атлеттерге келетін. Шалт қимылдайтын, қағілез жан еді. Өмірінде ораза-намазын қаза етпеген көрінеді, кейіннен осы жұрттың имамы болады.

1964 жылы балалары оқу бітіріп, қызметке орналасқан соң, елдің рұқсатын алып, совхоз орталығы Қаратауға көшіп келеді. Ол кезде Мәлімсеит көкеміз Қаратау совхозында имам, бір малын сойып, ағасы Шәшеитпен бар қарияларды, ауылдың үлкен-кішісін шақырып қонақасы береді. Шариғат төңірегінде уағыз – әңгімелер айтылып, ұзақ отырыс болады, соңғы шәй үстінде:

– Ағайын, бәріңіз білесіздер, бұл кісі менің үлкен ағам, әкемнің інісі, білімі де менен кем емес. Бүгіннен бастап сіздердің имамдарыңыз осы кісі болады, мен ағамның алдында емес, кейінгі жағында тұруға тиіспін, бұған сіздердің де келіскендеріңіз жөн болады, – дегенде, мұндайды күтпеген ағасы, абдырап:

– Оу, Мәлімсеит, бұл не дегенің, сенің тазалығыңа, білімің мен қабілетіңе тәнті ел, өзіңді өздерінің имамы етіп бекітті, осы жерде отырған ақсақалдардың көңіліне кірбің түсірмей, бұл істі өзің атқаруға тиіссің. Сенің жұмысыңды алайын деп келген жоқпын, қартайғанда ағайынның, елдің ішінде, замандас қариялардың ортасында болғанды жөн көріп келдім. Мен саған екі дүниеде ризамын! – дейді.

– Жоқ көке біліміңіз төмен болса сөз басқа, болмаса бабаларымыз ұстап келген қағиданы бұза алмаймын, ағаның алдына шығып, әдепсіздік көрсетіп, күнәһар болғым келмейді. Деніңіз сау, ініңізді ренжітпей имамдықты қабылдап алыңыз, – деп жамағаттың алдында имамдықты ағасына тапсырады. Ар-ұятымен шариғат жолын жоғары қойып, ата-бабаларының сара жолынан таймағанына қайран қалып, ағалы-інілі екеуінің арасындағы сыйластығына ауыл ақсақалдары таңданғанын жасырмай:

– Бәрекелді, үлкенді сыйлағанды көріп жүрміз ғой, бірақ халық алдында істеп жүрген қызметін босатып беруі, ағаға деген құрметтің шырқау биігі болса керек! – деп ағамыздың шешіміне риза болады.

Келесі жылы, Шәшеит атамыз жылқы қайырып жүргенде аты сүрініп кетіп, атымен қоса құлайды. Сол қолы атының аяғының астында қалып, білегін сындырып алады, денсаулығы да сыр бере бастаса керек. Алдағы жұмада, құдайы тамаққа ауыл қарияларын шақырып, соңғы шәй үстінде, атамыз:

– Ағайындар, бір жыл имамдық парызымды атқардым, енді кезі келген сияқты, имамдықты Мәлімсеит ініме қайтармақпын, ризалықтарыңды беріндер, – дейді, ауыл қариясы, Дәуренбек:

– Шәке, бізге ренжіп қалғаннан саусыз ба, міндетіңізді өзіңіз атқара берініз, біз сізге ризамыз, – дейді.

– Жоқ, дұрыс түсініңіздер имамдықты шариғат бойынша дімкәс, кемтар адамдарға атқаруға болмайды. Имамдық төрт мүшесі түгел, дені сау адамға міндеттеледі. Мен қартайдым, қолда икемге келмей, денсаулық та сыр бере бастады, – деп имамдықты інісіне қайта тапсырған екен. Шариғат жолынан аттап кете алмай, Мәлімсеит ағамыз амал жоқ келіскен көрінеді.

Аға мен іні арасындағы адалдықты, шариғат жолындағы шынайылықты осы кісілердің ара – қатынасынан көруге болғандай. Адам бойындағы тазалық осындай болса керек.

Атамыз осы Ойық руының ортасында 1973 жылы сексен екі жасында дүниеден өтеді,

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button