Бегімысық әулие туралы тарихи әпсана

Қожа тегінен шыққан, қазақ ортасында есімі елге әйгілі тарихи тұлғалардың бірі, қазақ шежіресінде Бегімысық әулие лақабымен танылған танымал кейіпкер – Бегімсеид (Бегімшайқы) Əбілқадырұлы екен. Бегімысықты ел әулие деп білген. Қаз дауысты Қазыбектің замандасы болған Бегімысық, би-атаның пікірлес досы әрі кеңесшісі болған, өзі шамамен 1670-1764 жылдары өмір сүрген, жасаған оқымысты, сейіт-қожа əулетінен шыққан тарихи тұлға. Шаһабұзырық бабаның Ұлан қожадан тараған ұрпағы. Балаларды оқытып, науқастарды емдеу ісімен де айналысқан. Аңызға айналған ауызекі əңгімелерде Бегімысықты сарт баласы деп те атайды.
Бегімысықтың атағы əулиелерге тəн кереметтерімен шыққан. Бегім əулие туралы кейде Келдібек би, Қаз дауысты Қазыбек бидің замандасы ретінде айтылады. Баянаула-Далбада Бегімысық əулиенің айтқаны қалт кетпейді екен. Бегім əулиеге байланысты шежірелік əңгімелер арқылы Қаз дауысты Қазыбек бидің де ерлігі, көрсеткен кереметтері жайында айтылатын мистикалық əңгімелер бар. Осы сынды хикаялардың бірі Бегімді Қаз дауысты Қазыбектің бидің əкесі Келдібек бидің замандасы ретінде көрсетеді. Ол әпсана мынадай нұсқада айтылады:
Келдібекке өз заманында Бегімысық əулие атанған қожа кітап ашып:
– Саған екі беті толған мең, екі емшегі екі сүйретпедей толық, ал бір аяғы ақсақ қыз кездеседі. Соны əйелдікке ал! Осылай қылсаң, тұқым жұрағатыңнан құтты да туады, сүтті де туады, аруақты, бақытты, ханға бергісіз би де туады, – деген екен. Сондықтан Келдібек жасы қырықтан асқанынша қатын алмай жүріпті, – дейді. Алайда, бұл сөздің растығы шындыққа жанаспайды. Себебі, Шаншар абыз ұлы Келдібек кезінде аузына ел қаратқан шешен болғанымен отыз жасқа дейін үйленбей жүріпті. Өйткені оның түсіне бабасы Бұлбұл кіріп:
– Сен ешбір қызға көзіңді салмайсың, қатын алмайсың, сен алатын қалындықтың сипаты мынадай болады: өңі ақсары, бойы ұзын қыз, оң аяғы ақсақ, оң жақ құлағының түбінде танадай меңі, екі емшегінің арасында алақандай қалы болады, соған үйленесің, – дейді. Сол сипатта болған Тоқмейіл есімді анадан атақты Қазыбек би дүниеге келген.
Қазақ шежірелері сақтаған ауызекі əңгімелерде Бегімысық əулие жайында аңыздар көп. Соның тағы бір нұсқасы мынадай:
Ташкенттің бір сартында жеті ұл болыпты. Ең кішісі Бегім деген баласы екен. Өзі Қаз дауысты Қазыбек бимен түйдей құрдас екен. Сарттың балалары хат танып, дін оқуын меңгерген сауатты болыпты. Қазақ жұрты Сыр бойынан Арқа өңіріне ауарда, Қаз дауысты Қазыбек би жеті баласы бар сол сартқа барып:
– Балаларыңның бірін сұрайын деп едім, бізбен бірге Арқаға барып діннің ұрығын шашсын, дейді. Сарт:
– Кенже балам Бегімнен өзгесін ала бер, – дейді.
Сонда Қазыбек би, Бегімнің бойынан бір қасиетін көрген болса керек, сартқа:
– Бегімнен өзгесі маған керек емес. Арқаға сауда қылғалы бару ойым жоқ. Өлсек басымызды оңға қарататын, артымыздан дұға қылатын ұрпақтың қамы-дағы, – дейді. Сол сарт Қаз дауысты Қазыбекке Бегімді қимай, баласын бермейді. Сөйтіп Қаз дауысты Қазыбек сарттың үйінде үш күн жатады. Баласын бермеген соң, қайтуға ыңғайланып, аяғын үзеңгіге салғанда, сарттың бойы дір ете түскен екен. Сарт:
– Апырмай, бұл қазақтың қасиеті мықты екен, бойым шымырлап кетті ғой. Балам, Бегім өз келісімін саған берген болса барсын, – дейді.
Қаз дауысты Қазыбек пен Бегім бұған дейін өзара келіскен екен, сонда Бегім Қаз дауысты Қазыбекке:
– Əкем өлсем сенің қолыңнан шығам деген, əкемнің рұқсаты болмай бармаймын, – депті.
Сөйтіп тағы екі күн Бегімді жолға қамдап, Бегімнің жылдағы тапқан табысын, əкесіне жеткізетін болып, өзімен бірге Арқаға алып келеді. Жол–жөнекей келе жатқанда, Бес Мейрамдағы қаракесек елінің Қазыбек биді сыйлайтын бір байы Бегімді аттай қалап, «Мешіт, медресе салып беремін, балаларды оқытсын, алдына мал салып, өзіне қатын əперемін, мен уəдемде тұрмасам, келесі жылы келіп көр», – деп сұрап алып қалады.
Екі аралықта Талды ма, əлде Нұра ма, өзен бар екен. Бір жыл өткен соң Қазыбек би Бегімнің халін білейін деп, байдың ауылына келеді. Өзімен бірге он шақты нөкер ертіп жүреді екен. Ауылға келгенде бай Бегімнің алдына мал салған, əлпештеген біреудің жалғыз қызын алып берген екен. Мешіт, медресесі бар, үріп ішіп, шайқап төгіп отыр екен. Бір жеті сол ауылда болып, бір күні Бегімге:
– Мынау жақын тұста қасиетті бір адамның бейіті бар, адамыңды жиып атқа мін, басына барып дұға қылайық, дейді. Бұлар келе жатқан ескі сиырдың сүрлеу соқпағында бір мысық өліп жатыр, шамасы мысықтың өлгеніне біраз уақыт болған, үстін шаң басқан, қабырғалары жабысқан екен. Қазыбек би жұлып алғандай:
– Əй, Бегім! Мен жеті күн сенің ауылыңда текке жатқан жоқпын, дұға қыл да мына жұрттың көзінше бұл мысықты тірілт! – дейді.
Бегім:
– Қазыбек құрдас, ойыныңды қойсаң нетті, мұны кім түсініп біледі, дейді. Қазыбек би:
– Мен бұл жерге текке келген жоқпын. Сен бұл мысықты тірілтесің. Оған оқуың жетеді. Ел болса, «Қазыбек би оқыған деп бір сартты алып келіп бір тайпа елді аузына қаратып не ұтпақ» деп отыр. Көрсет Алланың берген өнерін! – дейді.
Бегім Қазыбек бидің қаһарланған түрін көріп, атынан түсіп дұға қылады. Өліп жатқан мысық орнынан тұрып мяулап, бес жүз қадам жерге дейін барып, қайта жатты дейді. Көрген адамдар зəре-құты қалмай аңтаң болды. Сонда Қазыбек би соңына ергендерге қарап:
– Міне! Алланың құдіретін көрдіңдер ме!? Бұл Бегім Алланың сүйген құлы. Бүгіннен бастап Бегімді Бегімысық əулие деңдер! Əулиелігіне көздерің жетті! дейді. Қазыбек би, ауылына қайтарда:
– Бегім, биыл мен саған келдім. Келер жылы қар суы кетісімен маған кел! деп уағдаласады. Осы уағда бойынша келер жылы жазғы тұрым жерден қар кетіп жатқанда жанына он адам алып, уағдаласқан мезгілінде Қазыбек бидің ауылына ат басын бұрады. Сең жүріп жатқан уақыт екен, «өзеннен əрі өте алмаймыз, суға кетіп өлеміз» деп, жанындағылар Бегімысық əулиені ауылына қайтармақшы болады. Бегімысық əулие:
– Мен уағдамды бұзбаймын! Қазыбек би құрдасымның алдында ұятқа қаламын! Еретінің болса жүр! дейді. Сонда бір кісі:
– Мен ердім, баста! – деп, атының шылбырын Бегімысық əулиенің қолына береді. Қалғандары су жағасында тұрып қалады. Бегімысық əулие қасындағы адаммен суға түскенде бұларды жүріп жатқан сең соғып ат-матымен бірге суға батырады. Сонда Бегімысық əулие:
– Қайдасың, Қазыбек? деп айғайлап жіберген екен. Осы кезде ағып жатқан су иіріліп тұра қалады. Бұларды бір керемет күш жағаға атымен бірге шығарып тастайды. Осы кезде Қазыбек би намаз оқып жатқан екен, мырс етіп күліп жібереді. Сонда бəйбішесі намаз оқып болған Қазыбек биге:
– Отағасы, сіз жаңа намаз үстінде неге күлдіңіз, намазыңыз бұзылған жоқ па?! депті. Қазыбек би:
– Жаңа мен намаз оқып тұрғанда атымды атап шақырды, соған күлдім. Қазір бір-екі жолаушы келеді. Олардың үсті-басы малмандай су. Менің құрғақ киімдерімді керегеге іліп қой! дейді.
Айтқанындай болмайды, үйге Бегімысық жаңына ерген адамымен киімінен суы сорғалаған қалпында кіріп келеді. Үстіндегі киімін ауыстырып, амандық-саулық сұрасып дастархан басына отырады. Ас ішіп болған соң, Қазыбек:
– Бегімысық, сенің қолыңның шипасы болушы еді, арқам дуылдап барады, сипап жіберші, дейді. Бегімысық Қазыбектің арқасына көзін салса арқасында ет пен теріге дақ болып түскен аттың тұяқ іздері тұр, соны байқап қалады. Бегімысық, таңданып:
– Ау, құрдас! Мынау тұяқтың ізі не? – дейді. Қазыбек би:
– Бағана суға кетіп бара жатқаныңда, “Қазыбек қайдасың” деп шақырған өзін емессің бе?! – деген екен.
Осылайша ауыздан-ауызға айтылып келген хикаяда Қаз дауысты Қазыбек би мен Бегім əулие жұртшылыққа өз бойына дарыған кереметтерін көрсеткені туралы баяндалады.
Ескі сөзде Қазыбек би туралы айтушылар көбінесе оның ұрпақтары, немесе ізін басқан шəкірттері сақтағандықтан, баяндаушылар бабаң деп сөйлеуді əдет қылған екен. Сондай нұсқаның біреуі мынау:
Бегімысық деген əулие бабаңмен құрдас екен. Руы қожа. Жұт жылы даладағы киікті дұғасымен қайырып əкеліп, халықты сол киік сүтімен құтқарыпты, «бұдан бірде-бір лақ алмаңдар», – депті. Бір күні Бегімысық əулие бабаңа келеді. “Осы сен əулиемін дейсің, мен киікті сауғыздым, сен де əулиелігіңді көрсет” – дейді. Содан күндердің-күнінде Бегімысық бір жолы үйіне қайтып келе жатқанында, оның артынан жау қуады. Жаудан қашқан Бегім, қашып келе жатып бір шұңқырға түсіп кетеді. Сол кезде қуғыншылар ғайып болыпты. Ертеңінде Бабаң Бегімді көргенде “сен не көрдің?” деп сұрайды. Бегімысық кешегі болған оқиғаны айтады. Сонда Бабаң, күліп:
– Сен менімен көп дауласушы едің. Мен əдейі істедім, сен менің кіндігімнің шұңқырына түсіп кеттің, менің атымды аузыңа алмағанда, сен шықпайтын едің, – депті.
Тылсым күш иелерін оқудың күшімен өз еркіне бағындыра білген Қазыбек, Бегімысықтай қасиет иелері өзара осылай сынасып отырған.
Бірде ел аралап ұзақ жолға шыққан Мəшһүр Жүсіп Құрманбай абыздың моласы қасынан өтіп бара жатып, абыздың аруағын сынамақшы болады. Сол себепті Мəшһүр Жүсіп өзінің көшіріне: «Құрманбай абыздың моласы қасынан өтіп бара жатқанда тоқтамай-ақ қой, қайта атты қамшылап тездетіп жүр» деп бұйырады. Мəшһүр Жүсіптің өзі дұға қайырмай отыра береді. Мола сыртынан өте бергенде жылдам келе жатқан атқа жегілген трашпенкенің доңғалағы үзіліп түскенде, Мəшһүр Жүсіп:
– Ə, Құрманбай, бір доңғалақтық шамаң бар екен əлі, жарайсың! – деп, қарқылдап күліп, көшіріне:
– Ай, енді тоқтаймыз, абыздың аруағына бағыштап дұға қайырамыз, – деп, арбадан түсіп жаяулап кері жүріп, дұға қайырған екен. Дұға қайырып арбасына бет алғанда арбаның дөңгелегі мен басқа да темір саймандар шөп арасынан табыла кетіпті. Əулиелердің өзара осылай сынасқаны да болатын көрінеді.
Қазыбек бидің Бегімысық əулиеге көрсеткен керемет үлгілеріне басқалар да көз жеткізген екен. Бұл туралы мынадай бір əңгіме шежіре болған: «Бабаң бір күні даладан күлімсіреп келе жатыр екен. Қазыбектің бəйбішесі: Отағасы неге күлімсіреп келе жатырсыз?! депті. Сонда Бабаң айтады:
– Бір ұры қашып, соңынан бір қуғыншы қуып келе жатыр. Біреуі тұрып “Иə, Қазыбек бабам, қолдай көр!” десе, екіншісі де “Қазыбек бабам аруағы қолдай көр!” дейді. Сонда бəйбішесі отырып: Өзіңізді қайсысы бұрын атады? – деп сұрайды. Қазыбек би:
– Ұры бұрын атады, дейді. Анамыз:
– Ендеше, ұрыны бірінші босатып жібер, – депті. Сонда əлгі қуғыншы ұрыға жете алмай, ер тоқымы босаңсып кетіп, ал ұры соны пайдаланып қашып кеткен екен. Қаз дауысты Қазыбек би көзі тіріде осылай əулие атанып, қасиеті көрінген. Қиындық көріп, жолы болмай жүргендер, бабаңның атын айтып, жалғыз Жаратушы Тəңірден тілек етер болған. Дертке шалдығып ауырып-сырқағандары бабаңның босағасына бір түнеп, айығатын болған. Баянаула қарияларынан сақталып келген əңгімелер Қаз дауысты Қазыбек бидің кереметтері турасында осылайша баяндайды.
Айдабол бидің шөбересі Едіге би Семізбұғы тауынан сыртқарырақ, Далба тауының етегіндегі, ол кезде Қарабие шоқысы деп аталатын шоқы түбінде орналасқан Теректі бұлақта қыстайды екен. Білетіндер бұл жерді “Едіге бидің ошақ қазған Қарағайлы бұлағы” деп атайды. Айдабол – Сүйіндік Құлболды əулиенің баласы екен. Құлболды атымен аталған Құлболды шоқы аты осы айналада бүгінгі күнге дейін бар. Сүйіндіктің игі жақсысына бұл жер қыс мезгілінде қонысқа ыңғайлы болған соң орныққан. Сарыарқадағы шұрайлы, жайылымды жердің бірі екен. Көпке құтты мекен болыпты. Далба тауының етегіндегі осы Қарағайлы бұлақты Едіге би мен Қаз дауысты Қазыбек би қатар қоныстаған. 1763 жылы ақпанның ақырған аязды күндерінде, қыстың бір қаһарлы, қарлы мезгілінде Қаз дауысты Қазыбек би осы жерде дүние салған. Қыс қатты, жер қарлы болған соң баласы Бекболат би мен Едіге би тəрізді ел жақсылары ақылдасып, Қаз дауысты Қазыбек бидің мəйітін көктем шығып, жол ашылғанша аманат етіп сөреде сақтай тұруға шешіпті. Өгіздің қалың көк терісіне балық майымен сылап, орап, төрт таған тасты “сөре” етіп қойған. Көктем шыға Түркістан шаһарындағы Əзірет Сұлтан жатқан қасиетті мекенге ел болып апарып жерлеуді ұйғарыпты. Бабаңның сүйегін былғарымен орап қаптап, сол сөренің үстінде қыс бойы сақтапты. Көктем туғанда Бекболат бастаған елу жігіт мəйітті Əзіреті Сұлтанға алып жүреді. Үлкендердің айтуынша, Қаз дауысты Қазыбек қайтыс болғанда Бегімысық келіп, табыт қойылған сөре тасты қамшысымен үш рет тартып жіберіпті. Төртінші рет қамшы үйіре бергенде, Бекболат ұстай алып: «Марқұмда кеткен өшіңіз, яки хақыңыз болса, бізден алыңыз. Мəйітті қорламаңыз» деген екен. Сонда Бегімысық: «Балам-ай, бекер ұстадың ғой. Табытты жеті рет тартсам, марқұмның қасиеті жеті ұрпағына жететін еді. Енді үш-ақ ұрпағымен шектелетін болды ғой» деген екен. Шынында да, Ш.Уəлиханов атап көрсеткендей, Қаз дауысты Қазыбектің ел ұстаған, би болған ұрпағы Бекболат – Тіленші – Алшынбаймен шектеледі. Бекболат Қаз дауысты Қазыбектің мүрдесін Түркістандағы Ахмет Иассауи кесенесіне апарып жерлегенде, бірге барған қырық кісінің бірі Бегімысық екен. Сол сапарда бұл кісі де Алланың аманатын тапсырыпты деген сөз бар.
Махсат АЛПЫСБЕС
тарих ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы
ЕҰУ-нің Еуразиялық зерттеулер кафедрасы профессоры
Тылсым күш иелерін оқудың күшімен өз еркіне бағындыра білген Қазыбек, Бегімысықтай қасиет иелері өзара осылай сынасып отырған.
Маңғыстаудағы пір Бекет аруағы да батыс халықтарына аян. Аруағы туралы ұрының мал ұрлап қашып, қуғыншы соңына түскенде Бекет атаға сыйынса, қуғыншы да атаға сыйынған дейді. Бірінші болып ауызға ілігіп сұрағанның жолы болыпты дейді. Содан «Қашқанда Бекет-қуғанда Бекет» деген сөз қалған екен.