Білген Шайыр айтады

Қараменде би мен Өтеген қожа

поэма

 

                         Қараменде тобықтының басы еді,

              орта жүздің құты еді.

                                                    (Жидебай)

                   I.БАСТАУ

Түрі ұлттық, ал, мазмұны социалдық

заманда көп нәрседен қапы қалдық.

Ол аздай, тілің орыс болад, – деген

Мөр басқан жоғарының хатын алдық.

 

Ұлтыңды, руыңды айтқызбаған,

Ұсынған бағытынан қайтқызбаған.

Бойын ап Наурыздың қара суық,

Аулақта аяз қысып Айт мұздаған.

 

Екенін ұғып мұның азап тізбек,

Ел шіркін есеймеді ғажапты іздеп.

Жетелеп жеті атаңды тізу түгіл,

Айту да қиын еді қазақпыз, – деп.

 

Осындай өткен ғасыр налалы еді,

Табылмай екі жүз жыл залал емі.

Болғанда үлкен мәңгүрт,

Бала менің

білерім ру жайлы шамалы еді.

 

Ойнаймыз топты бала Қарасуда,

Қарасу – қажет нәрсе жарасуға.

Бәрінен бала кезгі достық мықты,

Білмейтін құласын да, аласын да.

 

Бетінде шақпақ тасың тайғанақтап,

Ойнаймыз су бетінде «май жалатпақ».

Бір мезет «құлашыңды жарыстырып»,

Атамыз алысқа тас айдан аппақ.

 

Әрі атам, әрі бабам, әрі әкем, – деп,

Үлкеннің сөзін ұқсаң бәрі өтелмек.

Сынақ қой ойын да бір.

Сын алдында

Бар бала сыйынамыз Қарекең, – деп.

 

Болғанын Қарекеңнің қайдан атам,

Білмей-ақ көппен ойнап сайда жатам.

Қарекем, қолдай гөр, – деп асық атып,

Қарекем, қолдай гөр, – деп «май жалатам».

 

Бір күні өстіп жүріп болды қызық,

Бетпе-бет көп ұтылған келді бұзық.

Қарекең сенікі емес, біздікі, – деп,

Боратты бейпіл сөзбен белдік үзіп.

 

Сілейіп қалдым демде.

Өңі көмеш

мынаның секілдендім теңі де емес.

Оныкі болған кезде сол Қарекең,

Қалайша болады, – деп менікі емес.

 

Қанаты қалған құстай қайырылып,

Қорлыққа көну де бір қай ұлылық?!

Жалма-жан үйге қарай жүгірдім мен,

Пірімнен сыйынатын айырылып.

 

Ентіге жетіп келсем,

Көсіле түр

әкеміз әңгімені есіп отыр.

(Жатқанда мына жақта мен жалғыз қап,

Япыр-ай, қымыз ішіп несіне отыр?).

 

Кигендей мырза емес, малай кебін,

Көңілім айығудың қалайды емін.

Қарекең сенікі емес, – дейді маған,

Әкежан, түсіндірші, қалай, – дедім.

 

Ал, әкем болған жайдың мәнін біліп,

Көрсетті менен гөрі сабырлылық.

«Әй, қайран балалық-ай, балалық-ай,

Осыған бола жүрген дабылды ұрып».

 

  1. ӘКЕМНІҢ ӘҢГІМЕСІ

 

Балам-ай, заманада желген аңыз,

Байқасаң біз де біраз бел боламыз.

Асыл тек Мұхаммедтей пайғамбардан

Тараған «қожа» деген ел боламыз.

 

Малшынып моншақ терге мына терлік,

Қазаққа алыс жерден дін әкелдік.

Таратып хақтың жолын халайыққа,

Осыны көрген жұртпыз мұрат, ерлік.

 

Біреуі біреуінен оза шығар

Байқасаң әр елдің өз қожасы бар.

Жер берді осы қауым бабамызға,

Төр берді, қабыл алып тобасын әр.

 

Көңілді қажамасын азап ой тым,

Ұлыс аз ұстап қалған таза кейпін.

Қаншама ғасыр өтті.

Біздерден де

Бірдеме қалды ма өзі қожа дейтін.?!

 

Білместің бұра салған бір айтағы

Әрине, көңіліңді мұңайтады.

Домалақ ана менен Айғанымды,

Қазақтың қызы емес, – деп кім айтады.

 

Кешегі Ер Едіге, Қабанбай да,

Қожаға тән, – дейтұғын адам қайда.

Айтпағым – қожа болу, оза қону,

Озықты аспандатар табанда айға.

 

Әуезі қандай еді Құнекеңнің,

Деп ұқпа ертегісі мұны әкеңнің.

Қазақтың әр жақсысы қожа таңдап,

Секілді өтіп кеткен пір етер күн.

 

Мініп ап ел қорғаған қарагерге,

Қазақтың қабыланы Қараменде

Бабамыз Сәдірменен дос болыпты,

«Бер», – десе, дайын болып «ала берге».

 

Еліне еңбек еткен емендей боп,

Ер бидің емеуріні көгендей көп;

Аманат еткен дейді ұрпағына,

Өлгенде Сәдірден сәл төмен қой, – деп.

 

Жай табар жетіп жатыр жаһанда қыр,

Болған-ау сол алтыншы атамда пір.

Төмен бе, жоғары ма…

Күні бүгін

мүрдесі екеуінің қатар жатыр.

 

Атадан аталарға жұқты-ау кие,

Жан қайда ұқпауға емес, құптауға ие.

Тағы бір дос қожасы Қарекеңнің –

Өтеген болған екен тіпті әулие.

 

Бименен қоныс құрып қолаттағы,

Балқаштың бойын бірге ол аттады.

Құс болып ұшып кетіп,

Шолады екен

жайлауын Дуанши мен Шолақтағы.

 

Құрдастар шыдас берген мәрт сында көп,

Қалжыңын бір-біріне артсын да кеп;

Қарекең қажайды екен Өтегенді,

Сен осы қожасың ба, сартсың ба? – деп.

 

Өтекең бір жымиып бап алатын

Дейді екен, – жете алмайды саған атым.

Өзің біл кім десең де,

Бір жанмын ғой

жеткізген пайғамбардың аманатын.

 

Ол кезде сұрар болса қарын тамақ,

Олжа мал жұмырыңды жарылқамақ.

Қарекең жоқ кезінде топтасқан қу

Кетіпті жылқыларын барымталап.

 

Қуғынды, көрген талай қақпайды да,

Заманның бығылын ел бақпайды ма.

Суытпай ізін тауып батыр баба,

Жылқысын айдап келе жатпайды ма.

 

Артынан бір заматта дүбір шықты,

«Қуғыншы» деген қоса күбір шықты.

Ұрып кет, қапта, қапта! – деген дауыс,

Ауаны сұр жебедей ыңырсытты.

 

Кез еді қарақатқақ.

Қорғаламай

күші көп қарсы тұрсын қолға қалай.

Қарекең қарбаласта өкім етті,

Жылқыны айдаңдар, – деп, – көлге қарай.

 

Кетуге мал оралғы кең шегініп,

Қуғыншы бара жатыр еңсені ұрып.

Жанығып көлге жетсе, су жалаған

Қалың мұз жұқарыпты, сең сөгіліп.

 

Тірелсең тығырыққа қолың пәс боп,

Тірлікте бола бермес толымды әспет.

Қарекең күбірледі: «Ей, қожеке,

сарт болып кетпесеңіз жолымды аш», – деп.

 

Деп жатқан, – көкше көлдің біз қаймағы,

Жылқыны тәуекел, – деп мұзға айдады.

Майыса бастаған мұз…

Сол бір сәтте

қатайды секілденіп құз-қайрағы.

 

Қараңыз кереметті, нөпірі нық

Өткенде қалың жылқы көпірі ғып;

Қашқанды көтерген мұз –

Қуғыншыны

көтермей, кете берген опырылып.

 

Қарекең сәл түспеген бағана ауға,

Уһ, – деді шығып алып жағалауға.

Жартысы қуғыншының суға кетіп,

Жартысы қамшысын құр сабалауда.

 

Кетер ед суға батса жайын да жеп,

Тапсырды көмекшіге пайымға кеп;

Қожаға үлкен көктің үйірі мен

Үлкен бір қалы кілем дайында, – деп.

 

Желдіртіп не бір жота, не төбеден,

Жетті елге, жету де бір медет-әлем.

Атынан түскеннен соң Би ағаға

Тар жерде қинадың-ау, – деді Өтеген.

 

Үстінде қыжымдалған керім көйлек,

Иінін ашты қожа ерінбей кеп.

Қараса арқасына із түсіпті.

Тарпыған төрт тұяқтың мөріндей боп.

 

Өтештің өзегіне қанық құрбы

Көргендей болды достан жарық нұрды.

Тар жерде арқасына батқан салмақ

Бұған да батқандығын анық білді.

 

Болсаң да бөркің қызыл, шапаның көк,

Ырымды ата салтың жатады үндеп.

Қожаны сынау үшін айта салды,

Кіші көк, кіші кілем атадым, – деп.

 

Өтеген көріпкелдік көгеніндей,

Жауабын былай берді көп ерінбей:

Жазған-ау, мана естігем.

Көл басында

үлкен көк, үлкен кілем, – деп едің ғой.

 

Мәселе алуда емес, мағынаны іл,

Білгенін бүгіп қалса, қабынады ұл.

Қарекең қарқ-қарқ күлді,

Риза боп

досына сыннан өткен тағы да бір.

 

Халықтың қара нарға жүгін тиер,

Әр істің Қараменде түбін түйер.

Қожадан қыз алмаңдар, – деді ұрпаққа,

Бір күні қатыным, – деп тілің тиер.

 

Ойының мөлдірлігі бұлақ-әлем,

Дертіне ел бірлігі сұраған ем.

Сәдір мен Өтегенде арман бар ма,

Сыйласқан Қарекеңдей ғұламамен.

 

Дұшпанын бабаңмен бір таяқтаған,

Достарын бабаңмен бір саяттаған

Қарекең сенікі емей, кімдікі енді, –

деп әкем әңгімесін аяқтаған.

 

  1. БАЙЛАМ

 

Атағы анық жеткен бар әлемге,

Қазақтың құлжасы еді Қараменде.

Өзі би, өзі батыр, өзі шешен,

Қадаған қара емендей қара дөңге.

 

Алдында хан Абылай ұпайды алды,

Қазақтың сөзін ұстап Қытай барды.

Жарылғап, ер Сеңкібай, Жидебаймен

Келмеске кетіп қалған құт айналды.

 

Ақырдың тұнып тұрған кеніші еді,

Ақылдың құнықтырған жемісі еді.

Ел үшін белін шешпей ер жастанып,

Тоқымын төсейтін жер –  өріс еді.

 

Қаққанда қалмағыңның қанын алған,

Соққанда кеудесінен жанын алған

Батыр ед, бағылан ед,

Наркескенін

намыстың қайрағына жанып алған.

 

Дариға, солар да өтті дүниеден,

Артында аңырап қап дүрия әлем.

Ұрпаққа аманаттап ұлық елді,

Жалғасты Жаратқандай бір иемен.

 

Дей алар, – мерейленер мәрең біздік,

Болғанға не жетеді әлемде үздік.

Бабаның қан мен тері екен мынау

Бағымда бал-бұл жанған Тәуелсіздік.

 

Алаулап аспанымда айнадай күн,

Жанымды шуағымен шаймалаймын.

Баяғы «май жалатпақ» орынына,

Қареке, қолдай гөр, – деп май жалаймын.

 

Қареке, қолдай гөр – деп расыммен,

Жатамын өмір кешіп ұнасыммен.

Тас атып құлаш өлшеу қалып кетті,

Өлеңде, есесіне, құлашым кең.

 

Болатын балалықпен егес күнде,

Көміліп қалған сынды көмеш-күлде.

Бөліп ап бабамызды баяғыдай,

Бетімнен қағатұғын жоқ ешкім де.

 

Дегенмен, сөздерінің көп күмәні,

Құрбыны ұмыта алған жоқпын әлі.

Тауып ап, нар Қарекең біздің-дағы

бабамыз екен, – дегім кеп тұрады.

 

P.S.           МЫҚТЫ

(Қараменде бидің ұрпағы, жауырыны

жерге тимеген палуан Моншақбай

Жантулақовтың рухына)

 

Ат мінген ердің қасын алтындатып,

Ақ үйде қымыз ішкен салқындатып.

Алаштың қас батыры, таспа тілі –

Моншақбай Жантулақов.

 

Өмірдің өткелінен асты алуан,

Су емес, саумал аққан астауынан.

Иісі қазағымның иықты ері,

Қоңырат ауданында Бас палуан.

 

Өзі мәрт, өзі жомарт.

Жұмақ қырдан

Жайлау мен қыстауына тұрақ қылған.

Соғыста жауды жайпар танкке, – деп,

Бір қоржын қаражатын лақтырған.

 

Дегендей билікте де қалма қапы,

Басқарма, ауылкеңес алған аты.

Шамданса қара тасты қақ айырған,

Шақаның шарға ұстаған шарболаты.

 

Халқының кеу-кеулеген үгіті ұрып

күшейсе, тікірейген түгі тұрып.

Кезінде қырқа шалған

Қарсыластың

Кететін жіліншігі үгітіліп.

 

Қалдырған ұрпағына ала бер, – деп,

Қазына-қасиеті салады өрнек.

Секілді Қажымұқан қай кезде де,

Моншекең мықты болып қала бермек.

 

Абзал БӨКЕН,

Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты

 

Оқи отырыңыз: http://kozhalar.kz/20174013-auliening-biri-otegen-qozha

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button