Бір суреттің сыры

Құсшы

Ернар Мұхтарұлы Әуезов туралы

Өмірдің өткінші екенін еске салып тағы да бір күз артта қалды. Көз алдымнан кетер емес: тағы да тізіліп құс қайтып барады, сызылып наз айтып барады. Бар ғұмырын қанаттыға арнаған біртуар жанның сағынышын, арман-аңсарын арқалап жүр олар. Тыраулаған тырналар да, кербез аққулар да оны жоқтайды, шағала да шарқ ұрады, егіледі, еске салады. Төлегеннің тоғыз қазындай төбемізден тоқсан тоғыз айналып кімді сағынады, кімді іздейді олар? Бәлкім туған жерінің әр тасы танитын Ернар Мұхтарұлын бүгінгі ұрпақ танымас. Бірақ… Әлемнің атағынан ат үріккен бір де бір ғалымы тани алмаған көне дәуір шағаласын алғаш боп адамзатқа әйгі еткен Ернарды Алакөл таниды. Біртуар жанды даңғаза дүниеде қос перзентінен қол үзіп қалған қасиетті теңіз ұмытпайды. Ұшқан құс, жүгірген аңды аман сақтап қалудың амалын іздеп, шарқ ұрған Ернарды қазақ даласы таннды. Қатыгез ғасырда бүлдіргеннің шырынына емес, сайғақтың қанына қызарған жусан ұмытпайды жоқшысын? Ал біз ұмытып барамыз….

Табиғатқа мәжнүндей ғашық

Мәз өмірін, жаз өмірін қысқартып,

Бара жатыр, бара жатыр құс қайтып.

Бара жатыр менің бала күнімдей.

Бір жалт етіп өте шыққан өмірдей

Мектеп қабырғасында жүргенде заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің отбасылық түсірілімдердегі Ернардың суретін сан көрдім. Қазақ «Тегінде бар тек жатпас» дейді. Сондықтан болар әке алдындағы қара домалақ бала қандай азамат болып өсті екен деген ойлар жиі мазалайтын. Үйдегі азын-аулақ кітапты шетінен кеміріп жүргенде бір күні шағын ғана жинақ қолыма түсті. Жұрт сүйіп оқитын «Лениншіл жас» газетінде 80-ші жылдары жарияланған Жанболат Ауппаевтың «Алакөлде бір құс бар» атты мақаласы бар екен. Оқыдым. Сосын жерден жеті қоян тапқандай қуандым. Мен іздеген Ернар Әуезов өзіміздің іргедегі Алакөлде сан рет болған ірі ғалым екен. Ғалым болғанда қандай? Шағаланың жаңа түрін ашқан жас талант деседі. Үміті ақталған бала көңіл бір серпіліп қалған сол кезде. Елі сыйлаған азаматтың ұрпағы осындай болса еді дедім ішімнен. Бірақ есейген соң мен Ернар арқылы Мұхтар Әуезовті, қазақы болмысты, көшпенді ділді қайта танитындығымды білмеппін.

Сөйтсем ол әу бастан құс қанатына жазған екен арманын. Тіпті бес жасында-ақ қазақстандық орнитологияның бастауында тұрған В.Н. Шнитников сынды тамаша ғалымдармен бірге тау-тасты аралап кететін көрінеді. Жазушы-натуралист К.Г.Паустовскийдің де тәлімін алды. Ізгі қасиеттің табиғаттан бастау алатынын жете сезінген Мұхтар Омарханұлы әлі мектепке де бармаған ұлын бір бөтелке сүт, бір бөлке нанын, мылтығын қолына ұстатып алаңқайға жалғыз қалдырып кететін көрінеді. Бала Ернар болса жабайы аң-құсын атып алып, тамағын жеп жайбарақат күйде ата-анасын күтіп алады екен. Есейе келе Ернардың өзін табиғат аясында еркін сезінетіні содан болар. Самала жағып, лагерь тұрғызып, аң атып алу дейсіз бе қолынан бәрі келді. Ат құлағында ойнаған қазақтың жас ғалымы көліктен бастап ұшаққа дейін техниканың бар түрін меңгерді. Бәлкім мұның өзі қажеттіліктен емес, құсқа құмар баланың арманынан туындаған болар.

Табиғатқа мәжнүндей ғашық жан мамандығын да оңай таңдады. ҚазҰУ-дың биология факультеті оның танымын әрі қарай шыңдады. Талай экспедиция ларға қатысты. 1966 жылы университетті бітіріп, Зоология институтының орнитология бөліміне қызметке орналасты. Міне, су патшасы Сүлейменнің батасын алған, аң-құстың тілін түсінетін ханзада хақындағы аңыз осылай басталған-ды.

Қазақ ғылымының реликт шағаласы

Сегіз қырлы балықты, тоғыз қырлы жігіт ұстар.

Халық мақалы

1969 жыл қазақ ғылымында қызыл бояумен белгіленер ерекше жыл. Әттең уақыт бәрін де ұмытырып барады. Шындығы адамзат ұмытшақ болып барады. Әйтпесе әлемде құстың жаңа түрін ашқан, ашып қана қоймай, оның өсіп-өнуіне жағдай жасаған Ернардай ғалымды дүниеден өткеніне 10-15 жыл өтпей жатып, архивтен іздейтіндей не көрінді? «Қазақ тарихында Алтын адамның табылуы қаншалықты маңызды болса, қазақ зоология ғылымында реликт шағаласының ашылуы сынды кең көлемдегі жаңалық әлі қайталанған жоқ», – деген еді 79-жылдары реликт шағаласы жайында кино түсірген режиссер Ельза Елтоққызы. Айтса айтқандай. Әйтпесе, бұған дейін адамзат көне дәуір шағаласын әлем ғалымдары сан көрсе де, тани алмай, жаңа түр ретінде дәлелдей алмағанды университет бітіргеніне 2-3 жыл болған Ернар көрегендік танытып байқап еді. Өзге зерттеушілер оны қара басты өгіз шағаласынан ажырата алмай жүргенде, Ернар реликт шағаласының дауыс ырғағынан-ақ елең ететін. Әр нотаны қалт жібермейтін опера әншісіндей еді. Тіпті қолыңызға түскен әрбір суреттен оның ұшқан құс, жүгірген аңға деген ерекше пейілі жүзіне шуақ ұялатқандай болады.

Ернардың өзін көрмесек те, деректі фильм түсірудің шебері Елза Елтоққызының арқасында көгілдір экраннан таптық бүгінде. Алакөлдің асау толқындары жағаны соққылап әлек. Жеңілген боксшыдай арқасымен теріс бұрылған жар бұйығып тұр. Реликт шағаласының әрбір балапанын алақанына салып, жіптіктей аяғына сақинасын тағып, анадай әлпештеп суға жіберген Ернардың күн мен желге тотыққан жүзі қарапайымдылыққа толы. «Сақина тағу рәсімі» деді бір жаздай Ернардың қасында болып, құсшылардың тыныс-тіршілігімен жақсы таныс Ельза Елтоққызы кинокадрды бір мезетке тоқтатып қойып. Сол нәзік қола сақина Ернар мен құстардың тағдырын мәңгілікке қосқан екен.

Шындығында Моңғолиядағы Эдзингол, Бурят жерінде Борей-Турей және еліміздегі Алакөлде ғана ұя салатын шағаланың бұл түрін ажырату өте қиын. Кезінде тіпті әлем орнитогтарының «атаманы», америкалық ғалым Чарльз Вори оны түр ретінде атауға батылы бармаған. Осындайда Ельза Елтоққызының «Реликт шағаласын ашу Ернардың пешенесіне жазылған» дегені бекер емес-ау? Себебі Ернар көрді, зерттеді, дәлелдеді. Шетелдік ғалымдармен де тығыз қарым-қатынаста болды. Оксфорд универитетінде дәріс оқыды. Оны АҚШ жоғары оқу орындары да шақыртып жатты. «Пошта жәшігі хатқа толып тұратын. Көктем шыға салысымен, буынып-түйініп дайын отырушы еді. Сосын қара күзде бірақ оралатын. Қалайша жыл бойы қалада өмір сүресіңдер деп таңғалатын. Табиғатта ғана өзін бақытты сезінгендей. Кәдімгі Маугли ғой», – деп еске алады бүгінде Ернар жайындағы мәліметтерді қаттап, көзінің қарашығындай сақтап жүрген жары Ольга Николаевна. Ал ғылымда бір жүрген әріптестерінен сұрай қалсаң, ыстық ықыластар лек-легімен төгіліп кетеді. Ой құшағында жүретін Ернар көп сөйлемейтін, әкесінің беделін ортаға салмайтын. Ернар сөзбен емес, іспен тындыратын. Ернардың бойынан далалық қасиет, тек менмұндалап тұратын. Ернар дастарқан жайып, қонақ күткенді жақсы көретін. Ернар жас болса да көпті көрген қариядай тұғын. Ернардың сөзін әріптестері екі етпейтін. Ернар қоғамнан гөрі табиғатқа жақын жүрді. Ернар нағыз сахара ақсүйегі еді. Иә Ернармен қызметтес болған жандар бәрі де оның кәсібилігімен қатар мейірімді, адал, ақкөңіл жан ретінде еске алады. Ғылыми қызметінің жемісті болғандығын айтады. Ол құр қол отыра алмайтын көрінеді, әрі бәрін жадында түйіп жүрген екен. Тіпті көзі тірі болса, сізге ол былтырғы жылы осы уақытта қандай ауа райы болғанын да күмілжімей айтып бере алар еді. Ернар осы қабілетінің бәрін табиғатты қорғауға, әсіресе, құстарға арнады. Табиғаттан өмір мәнін іздеді. Сондықтан болар АҚШ орнитологы Джорд Боссолдың оған «Мистер Шағала» деп әзілдейтіні.

Осындайда Шағала мырзаның орнын басар жас өрендер қайда жүр екен деп ойлайсың. Бірақ құсшы болғысы келер қазақ қалмаған сыңайлы. Кезіндегідей биология факультетінің зоология кафедрасына 10-15 бала түсу деген қазір арман. Содан болар, 80-жылдары ихтеология, 97-жылдардан бастап гистология кафедрасымен біріккен аталған мамандық жеке отауынан айырылып қалғалы қашан. 90-жылдардың басында Оксфорд, Кембриджге дәріс берген Ернарға отандық ғылым-білімнің орталығы ҚазҰУ-дың аса қызығушылық таныта қоймағаны да түсінікті болды. Әрине бір-екі студентке бола кафедра ашпайтынымыз анық. Десе де факультетте қазақ ғылымының реликт шағаласы жайында бір де бір еске салатын дүниенің табылмауы өкінішті. Құдай-ау кафедра деймін, ол университет үлгі қылар жан еді ғой. Ендеше қарашаңырақ дүниеден өткен дарынды түлектерін де бір түгендеп қойғаны жөн болар.

Бойтұмар

Ұя салдың жағаға қай?

Менің аппақ шағалам-ай…

Кезінде Мұхтар Омарханұлы қазақ әдебиетіне келген жастарға «жыл құсындай жаңалық әкеліп» деп іші-бауыры жылып, ерекше тебіренген еді. Ол өзінен тараған тұяқтың кейін қазақ орнитогия ғылымында жылқұсындай жаңалық әкелерін сезді ме екен? Иә, Ернар көне дәуір шағаласын жер жаһанға мойындатып, Алакөл эпопеясын жазды. Жаз өмірін, мәз өмірін қанаттыларға арнап, ғұмырының күзін тауыспастан бақилық боп кете барды. Құс боп ұшып көзден ғайып болды. Бірақ артында қыруар іс қалдырды. Көне дәуір шағаласының алаңсыз тіршілігі үшін маңдай терін төкті. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылды. Орыс тілді басылымдар алақандай ақпараттарында Ернар жайында жазып жатты. Алғаш бұл ғылыми жаңалық жайында «Известия» газеті сүйіншілетті. 1971 жылдардағы «Огни Алатау» басылымы Алакөл аралдарында мемлекеттік қоырқша ұйымдастыру жоспарланып жатқандыған хабарлады. 1979 жылы «Казахстанская Правда» «Алаңсыз самға, ақ шағала» атты қысқа ғана хабарда Талдықорған облыстық комитетінің шешімі бойынша мемлекеттік қорықша құрылғандығы жөнінде айтылды. Тек шағаланы алғаш ашқаннан кейін он жылдан астам уақыт өткеннен соң барып, Ернар 1980 жылы Мәскеуде «Реликт шағаласының биологиясы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Себебі ол атақ-даңқ қумады. Бірінші кезекте қанаттының қамсыз өсіп-өуін ойлап, сол үшін қабырғасы қайысты, бар күш-жігерін жұмсады.

Кинокадрлар қайта-қайта көз алдымнан кетер емес. Әне аралдағы қызған құс базары. Арасынан түр-тұлғасы нәзіктеу, кішірек, сүйкімді реликт шағаласы ғалымның көзіндей болып оттай басылды. Шыжыған күннің ыстығына қарамай әркім өз балапанын қоректендіріп әлек. Камера планында адасып қалған кішкентай балапан шыр-пыр болып ары бері жүгіріп жүр. Қызыға қарағанымыз сол екен, әлдебір жақтан бір «сүр бойдақ» пайда болып, балапанды тірідей қылғыта салды. Канибализмнің мұндай көрінісі басқа шағалаларда кездеспейді. Бүгінде режиссер бәлкім оның осындай қатыгездікке баруына түсіру тобының әсері болды ма деп қынжылады. Себебі реликт шағаласына ғалымдардың «ашушаң» деп айдар тағуы тегін емес. Ернар осыны басында-ақ түсінген сыңайлы. Сондықтан колонияның түр ретінде жоғалып кетпеуі үшін олардың тыныштығын қорғап, тыным таппады. «Әкеміз екеумізді табиғатқа жиі алып шығушы еді. От жағып далада түнейтінбіз. Жиі аңға шығатынбыз. Ернар кішкентайынан табиғатқа жақын болды. Бөлмесі жан-жануарлар жайындағы кітаптарға толы болатын. Мықты аңшы еді. Ал есейе келе керісінше табиғатты қорғауды мақсат етті. Алпыс жылдығына орайластыра Ернардың жоғары көркемдікпен жазылған «Қош бол шағала» кітабын үш тілде шығардық. Әкемнің жазушылығы дарыған екен-ау деп ойлағанмын сол кезде. Реликт шағаласы мекендеген Тасты аралға Ернардың атын берейік деген ұсыныс та айтылған еді» дейді оның бүгіндегі жалғыз жоқтаушысы да жанашыры да, інісі Мұрат Әуезов.

Ернар мықты орнитолог қана емес, керемет қайраткер жан еді. Ол жастайынан Қазақстанның түкпір-түкпірін түгел аралап шықты. Кейін осы білген-көргенін мемлекеттік қызметте іске асырды. 1988 жылдан бастап Табиғатты қорғау мемлекеттік комитетінің жануарлар кадастры мен есеп бөлімінің басшысы қызметінде, сосын Қазақстан экология және биоресурстар минситрлігінде Қазақстан жануарлар әлемін қорғау туралы заң жобасына дайындады, «Қызыл кітаптың» жаңартылуына жағдай жасады. Ырғыз-Торғай қорықшасын ұйымдастырды. Ондағы көлдерді халықаралық маңызға ие тізімге енгізді. Наурызым, Қорғалжын, Іле жазығында, Сарыбұлақта Ыстықкөл, Алакөл, Сарыкөлде де көп еңбек етті. Табиғатты қорғаудың ұлттық бағдарламасын жасауға тікелей араласты. Бірақ кабинетке сыймаған Ернар сендердің ақылдарыңа бекер құлақ асыппын дейтін көрінеді жора- жолдастары мен туыстарына. 72-жылдан бастап алғашында бір отрядта, кейін Зоология институтының орнитология лабораториясында қызмет еткен Валерий Васильевич те: «Ол шенеуніктікті ұнатпайтын. Арманы дала еді» деп еске алады. 70-жылдардың соңы Ғылым Академиясы мен Қазақстанның жан-жануарларды қорғау одағының біріккен ғылыми отырысында жойылып бара жатқан, сирек кездесетін аң-құстардың тізімін жасау жөнінде қаулы қабылданып, 1978 жылы Қазақстандағы тұңғыш «Қызыл кітабы» жарық көрген айтулы кезеңдер болатын. 30-дан жаңа ғана асқан жас ғалымның құстар жайындағы мақалалары аталған жинақтың да ажарын ашқан еді.

Ал кезінде Ернар негізін қалаған Алакөл қорықшасы 1998 жылы Алакөл мемлекеттік табиғи қорығына айналды. Бүгінде Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстары шекараларының қиылысында орын тепкен оның құрамына үш арал мен Тентек өзенінің сағасы қарайды. Бірақ қорық деген аты ғана.

Бұған Зоология институтының қызметкері, биология ғылымдарының кандидаты, орнитолог Николай Николайұлының сөздері дәлел. Сөйтсек, 90-жылдаран бастап реликт шағаласының саны мүлдем азайып кеткен. Жыл сайын Алакөлдегі аралда 10 жұп, кейді 2-3 жұп тұрақтап, тіпті мүлдем ұя салмайтын кездері де тіркеліпті. 2001 жыл ең жоғарғы көрсеткіш 40 жұпқа әзер жеткен, ал 2004 пен 2007 жылы мүлдем ат басын бұрмапты. Биыл 20 жұп ұшып келсе де, ұя салмай, қайтып кеткен. Ғалымдар реликт шағаласын 2005 жылы Павлодардағы Аққу көлінен байқапты. Оларға адамдар онда да тыныштық бермеген көрінеді. Фотографтар суретке түсірмек болғанда, үркіген құстар ұяларын тастап ұшып кеткен екен. Мұны естіп, қорықтан шынында қорқайын дедім. Себебі көрші аралда кезіндегідей пункт жоқ, ал Тасты аралдан бәленбай шақырым жерде орналасқан жалғыз инспектордың құстарды қорғауға шамасы ғана емес, жанармайы да жетпейді. «Өзі жоқтың – көзі жоқ». Әрі жабайы туризмімен мақтанатын Алакөлде катерлер кішкентай құсты тұрмақ, бүкіл аралды солқылдатып кетеді. Құс екеш құсқа да тыныштық керек, қашпағанда қайтсін у-шуы таусылмайтын өлкеден. Бірақ реликт шағаласын көрмедім деп қапалансаңыз, Талдықорған облысының Ақши ауылындағы мұражайдан табасыз оны. Бізде тілден бастап, ұлттық өнер, ұлттық киім де бәрі тек мұражай үшін ғана емес пе? Енді аң-құсты да соның қатарына қосып қоймасақ ұят болар. Осындайда орыс ағайындары Ресейде ғана кездесетін стерх ақ тырнасын мемлекеттік символға дейін көтерді. Әлі күнге дейін арнайы симпозиумдар ұйымдастырып тұрады. Алтын қорынан артық қорғайды. Катер тұрмақ, кино түсірем десеңіз де маңайына бір қадам да жолатпайды. Әрбір ұясы санаққа алынып, ғалымдар сол үшін есеп береді, тіпті басымен жауап береді

Сөзсіз артында қыруар іс қалдырған Ернар жарты ғасырлық ғұмырында қазақ орнитология ғылымын талай ғасырларға алға жылжытты, Әуез әулетінің дертіне айналған жүрек ауруы ғалымды ұзаққа жібермеді. Ернар үш рет отау құрды. Үшеуі де орыс ұлтының өкілі. Алғашқысынан Асқар, екіншісінен Лола есімді қызы бар. Иә, ол қазақ тілін білмеді. Бірақ тілдің ана сүтімен даритынын ескерсек, Ернарға қалай кінә тақпақпыз. Сондықтан болар ол жайында қазақ тілді газеттерде әлі күнге дейін айтылмай келеді. Әрі орыс тілді дарын иелерінің қазақ басылымдарынан тыс қалып жатуы екі жақтың да кемшілігі шығар. Бірі ана тілін білмейді, бірі тілін білмегеннің түрін білгісі келмейді. Осылай Кеңес заманы халықты екіге бөліп ортасына сына қақты. Иә, Ернар тілін білмеді, бірақ түбін білді, тамырын таныды, даласын сүйді, құстарын сүйді. Әлемдік ғылымда тұңғыш құсшы қазақ болып қалды. Бірақ, егемендік алып, ес кірсе де, есімі еленбей, жабулы қазан жабулы күйінде тұр. Әйтпесе ғалымның үйіне ескерткіш тақта ілінбей, ең болмағанда Талдықорған облысынан бір көшені қимағанымыз өкінішті? Құсшысын сыйлай алмаған қоғамнан құсты сүйетін жастар қалай өсіп-өнеді осыдан кейін? Байқасақ, Қазақстанда мекендейтін құстар жайындағы ғылыми деректер 19-ғасырдан бастау алағанымен, отандық орнитологияның 60 пайызы сол 1918-1956 жылдары қалыптасқан. Әлемде 9 мыңдай құс болса, оның 500-дейі елімізде кездеседі. Ал оның 200-дейі Алакөлді мекендейді. Сондықтан құс базарын нарық базарына саудалап жібергеніміз елге сын.

Тағы да кинокадрлар көз алдыма келді. Мойнында жалғыз көзді «Кутузов дүрбісі» бар дала иісі сіңген ғалымның шаршаңқы, бірақ бақытты жүзі есімен кетпей қойды. Сақиналы балапандарды суға жібереді, олар жасқаншақтап кері қайтады. Ернар «Сендер жүзбек түгілі, ұша аласыңдар» деп бір-бірлеп суға тоғытып жатыр. Сосын жылдам басып моторлы қайығына секіріп мініп, суды тіліп өтті. Әне, пыр-пырлап ұшып барады балаң шағалалар. Ұшып барады…

Көңіліме мұң тұнды. Жанболат аға, 40 жыл бұрын сізді ғалымдар мен құстар қарсы алып еді . Биыл мені жетімсіреген Алакөл ғана күтіп алды. Себебі кірпияз шағаланың көңілін баққан құсшы жоқ бұ күнде.

Эпилог орнына

Құстар, құстар, сызылтып ән салады,

Сол әнімен тербетеді даланы

Ал адамдар күліп бастап ғұмырын,

Кетерінде жылай да алмай қалады.

Ернар Әуезов 1943 жылы 28 қарашада дүниеге келді. 1995 жылы 28 мамырда 50-ден енді ғана асқан шағында топырақпен туыстасып кете барды. Туған жерін қия алмай, жылы жаққа ұшқан құстардың қанатынан құдды үзіліп түскендей еді жер бетіне. Сосын ақ кебінге оранған қысты шығарып сап, көктемгі нөсердей қара жерге төгіліп-ап, ақ кебінге оранып, көзден ғайып болды. Жыл құсының қанатына байланған, әркез сағына күтетін көктеммен бірге ғайып болды құсшы.

Жанар Елдосқызы

 

 

Таңбалар

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button
Жабу