Білген Шайыр айтады

Қыз Жібек жыры

Жүсіпбекқожа Шайхисламұлының нұсқасы (соңы)

Жанды ғой өшкен шырағым.

Ашылсаңшы қабағым,

Өлгенім тіріліп келіп тұр,

Жарылсаңшы жүрегім.

Жаратқан Ием жар болып,

Бергей де менің тілегім.

Сансызбайды көрген соң

Жібектің көңілі тояды.

Басындағы істерін ұмытып,

Қайғысын іштен жояды.

Көп дұшпанның ішінде,

Көрісуге жер қиын

Амандасып қояды.

Бір-біріне екеуі

Көңілі әбден тояды.

Әлқисса, бұлар сонда амандасты,

Көңілі ғаріптердің судай тасты.

Сансызбайды Шегемен құрмет етіп,

Алдырып бір табақпен қойды асты.

– Ас жеген соң аттарыңа мінгіл,– дейді,

Ізіңмен кейін қайта жүргіл,– дейді.

Мені алғалы кеп жатқан жау қалмақтың

Екі тұлпар аты бар білгіл,– дейді.

Қарағаш кезеңінен жол асады,

Сол жолда мені тосып тұрғыл,– дейді.

Құдай оңдап тұлпардың мінсем бірін,

Ертең түсте сол жерде көргіл,– дейді.

Біздің ел ертең тұра көшер деймін,

Түннен-ақ үйдің бауын шешер деймін.

Құдай біздің тілекті берсе әгар

Шырағы жау қалмақтың өшер деймін.

Екеуін жөнелтеді уағда қылып,

Көшеді ханның елі түннен тұрып.

– Бүгін көшке мінейін бір тұлпарын,

Жүрейін деп қыздармен ойнап-күліп.

Жұмсады жеңешесін алып кел деп,

Қоренге бізден хабар салып кел деп,

Көңілімді көтерейін тұлпарменен,

Жеңгесін жібереді барып кел деп.

Әлқисса, жеңгесі келіп Қорен қалмаққа: – Бикеш сәлем дейді. Тұлпарының бірі берсін, көшке мінемін дейді, – деп еді, қалмақ: – Бикеш маған тимеймін деп айтады, – дейді,– атымды бермеймін,– дейді. Онда жеңгесі қалмақты алдап айтқан жауабы:

– Ау, күйеужан, күйеужан,

Еркелікпен қылады,

Бикештің сырын білесің.

Біле тұрып дұшпанның

Тіліне неге ересің?

Бүгін көшке мінеді

Сандалкөкті бересің.

Бүгін күннің батысы,

Ақ отауға кіресің.

Ойын-күлкі, тамаша

Көп қызықты көресің.

Нұр сипатты бикештің

Кеудесіне мінесің.

Шытырасы алтын көйлегін

Басына таман түресің.

Сонда Қорен сөйлейді:

– Ау, жеңеше-ау, жеңеше-ау,

Мінгенде атың құла ма,

Алтынан жүзік бұрама.

Біреу жарлы, біреу бай

Бәрін де Құдай қыла ма?

Тимесе Жібек тимесін,

Сандалкөкті сұрама.

Тимесе Жібек тимесін,

Сандалды сұрап күймесін.

Ерлер мінер тұлпарды

Әйелдер мінер бола ма?

Әлқисса, қалмақ атын бермеген соң, жеңгесі ыза болып, Жібекке жылап келді. Сонда Жібек ойлады «енді өзім барайын. Өзім барсам тұлпарды алып мінермін» деп, қасына он бес қызды ертіп алып, Қорен қалмаққа жүгіріп келді. Келе жатып өзі ойлады «Құдай Тағала тілегімді берер, қалмақтың кеудесін бастырар» деп ырым қылды және қыздарға айтты:

– Сіздер жездеңменен ойнасаңдаршы, – дейді. Сол халде Жібек Қоренге жетіп келді. Қорен Жібекті көріп, есі шығып балқып кетті, мас болды. Сонда Жібек айтты: – Атыңды мен сұрағанда неге бермедің?

Қорен айтты: – Мен сенен ат аяйын ба? Мен мұнда келгелі екі ай жарым болды. Сонан бері маған бір көрінбегеніңе өкпелеп бермеп едім. Енді қайсысын аласың? – деді. Жібек айтты: – Сандалкөкті мінемін, – деді.

Қалмақтың екі тұлпарының екі ер-тоқымы бар екен. «Өз ер-тоқымы болмаса өзге ер-тоқым тұлпарға тұрмайды» деп өз ерін ерттеп берді. Қалмақ тұлпарды ерттеп жатқанда Қореннің төсегінің жанында тығулы он бес құлаш ақ семсері бар екен, Жібек ішінен беліне байлап алды. Атты қалмақ ерттеп болғанда, жылдам атқа мініп алып, тізгін, шылбырын қолына алғанда, көңілі тасып кетіп, қалмаққа қарап айтқаны:

– Атаңа лағынет, хан Қорен,

Хандығың сенің қайда бар,

Алдауменен бердің атты әрең.

Тәңірі берсе қолыма

Жерге бір сені таптар ем.

Сандал сынды тұлпарың,

Қынабы алтын қырқарың,

Иә, сенікі, иә менікі,

Тұзымды Құдай көтерсе

Мұнда жоқ сенің тең парың.

Атаңа лағынет, хан Қорен,

Ұғып тұрғыл сөзімді.

Ұлық біліп сен тұрсың

Осы күнде өзіңді.

Ердің бағын Тәңірі ашса

Қарға, құзғын, шыбынға

Шұқытармын көзіңді.

Атаңа лағынет, қу қалмақ,

Тұрмайын сенің қасыңда.

Аламын деп келіп ең

Адырайып басында.

Тәубе еттім Құдай-а,

Күнәһаршылық асыға.

Әуелінде амалсыз

Үкіміңе көнген ем.

Тілеуді Құдай бергені

Сандалкөкті мінгенім.

Ит қалмақ көзің ағарды

Ақымақтықпен білмейсің,

Ажалыңның келгенін.

Әлқисса, Жібек мұны айтқаннан кейін көңіліне түсіп, «асылық сөйлеп, жібердім бе?» деп тәубе қылып, бір сөз деді:

– Тәубе қылдым Құдай-а,

Қаталық сөзім кешіргіл.

Жүзіне лағынет кәпірдің

Шырақ отын өшіргіл.

Тәубе қылдым жан Алла,

Тәуекел қылдым өзіңе,

Не қылсаң да өзің біл.

Әлқисса, Жібек бұ сөзді айтып, Алла Тағалаға сыйынып, атының басын бұрып жүріп кетті. Тұлпарының етін қыздырып алайын деп, олай-бұлай орғытып шапты. Сонда Қорен қалмақ Жібекті көріп, «тұлпарының еті қызған соң алып қашып, жығып кетер ме екен» деп, қазмойынды қара тұлпарды ерттеп мініп, Жібекке келе жатыр. Һәм семсерін алайын деп келе жатып, Қорен қалмақтың айтқаны:

– Япырым-ау, япырым,

Байқадың ба бозбала,

Қыз Жібектің ғапылын?

Көксандалды жүгіртер

Қыз Жібек менің қатыным.

Басы қатты сандалкөк

Тастап кетіп жүрмесін.

Айналайын, Жібек-ау,

Ақырын шапшы, ақырын.

Әлқисса, сонда Жібек келе жатқан қалмақты көріп ойлады «бұл қалмақтың маған қылайын деп келе жатқан ісі болса, оны ұмыттырып жіберейін» деп, алдынан шығып Қоренге қарсы келіп айтты:

– Әй, тақсыр, сіз неше атаңыздан бері хансыз. Хан болған өз басыңыз ба, атаңнан бері хансыз ба?– дейді. Онда Қорен айтты:

– Мен жеті атамнан бері ханмын,– дейді. Онда Жібек айтты:

– Сен хан болмай, жерге кір,– дейді,– хан кісі сіздей бола ма? Бойында биттей билік жоқ, шын дегдар хан болсаң, мен сіздің қатын болсам, көш жөнекей құл-қойшыға ұқсап неге менің қасыма келесіз,– дейді,– Бұ жерде тұрмаңыз. Ілгері барып шатырыңызды тіккізіп жатыңыз, біз көшпенен барамыз,– дейді. Онда Қорен айтты:

– Мен сенің қасыңда жүрмеймін. Әншейін мына тұлпардың еті қызса алып қашып кетеді. Соны айтайын деп келдім. Семсерімді өзіме бер,– дейді. Онда Жібек айтты: – Міне, сенің ақымақтығыңмен мына елдің көңілін сескендірейін деп қылып жүрмін. Бізді кешіктірмей жөнелтсін деп. Түнеугіден бері өз ақылыңмен жүрдің ғой, енді жүре бер,– дейді. Онда қалмақ иланып: – Ендеше мен ілгері барайын. Намаздігерден кейін қалдырмай атымды өзіме бер,– деп жүріп кетті.

Жібек атының басын бұрып, артына қараса, Жібектің сәукелесін кіші жеңгесі киіп бара жатқанын көріп, «қыздың көзі қызылда» деген, дүниелік қандай, сәукелесін ала кетейін деп жеңгесіне келіп, Жібек сәукелесін сұрады.

– Асу да асу бел,– деді,

Аса бір соққан жел,– деді.

Айналайын, жеңеше-ау,

Бері таман кел,– деді.

Мен бір жауап айтайын

Бұ сөзімді біл,– деді.

Басыңдағы сәукеле

Алып маған бер,– деді.

Ақыр ертең киемін,

Бүгін көшке киейін.

Жарасар ма екен, жеңеше-ау,

Өз көзіңмен көр,– деді.

Қыз Жібектің бұл сөзін

Жеңгесі мақұл көреді.

Басындағы сәукеле

Жібекке алып береді.

Қолына Жібек алады,

Асыл гауһар тастарын

Бытырлатып үзіп ап,

Жанқалтаға салады.

Атының басын бұрады,

Қашығырақ тұрады.

Айтуға бармай ауызы

Сонда бір Жібек жылады,

Жылап тұрып сөйлейді.

– Айналайын, жеңеше-ау,

Мінезің еді өзгеше еді-ау.

Сапар тартым алысқа

Барасың қайда демеші-ау.

Жаратқан бәрімізді Алла Тағалам,

Қолында молдалардың дәуіт қалам.

Піруәрдігер жар болса,

Алыс жолға барамын

Айтыңыз ата-анама дұғай сәлем.

Тұзымды Құдай көтерсе,

Ниет қылдым алыс жол.

Мұндай істі қылмас ем

Қорен қалмақ алғалы,

Қамап жатыр қалың қол.

Көп кешікпей кетейін,

Ел-жұртқа дұғай сәлем де,

Жеңеше-ау, өзің аман бол.

Барасың қайда, шырағым?

Жібек сонда сөйлейді:

. – Тұлпар мініп астыма,

Асындым алмас беліме.

Тұлпардың қалған тұяғы

Сансызбай іздеп келіпті.

Тілекті берсе Құдайым,

Қосылайын деп мен тұрмын,

Басында қосқан теңіме.

Барайын деп мен тұрмын,

Жеңеше-ау, қайтіп көнемін

Қу кәпірдің кеміне?

Жеткізсе Құдай мұратқа,

Қалмақтың көзі ағарсын,

Нан пісіп тұрған деміне.

Талап қылдым, жеңеше-ау,

Осылай қиял қылмаққа.

Тұлпар мініп жол тарттым,

Басымды жолға салмаққа.

Тәуекел қылдым Аллаға,

Қайтіп қатын болармын,

Құдайымның дұшпаны,

Нәсілі жаман қалмаққа?

Дінсіз жауды кез қылып,

Басыма салды ғаламат.

Басында Жібек атанып,

Кәпірге қатын болғаным

Есіткен жұртқа мәләмат.

Ақ сүтін кешсін анамыз,

Разы болсын атамыз,

Ел-жұртқа дұғай сәлем де,

Жеңеше, болғыл сәламат.

Мұнан кейін Қыз Жібек

Басқа сөздер демеді.

Атының басын бұрады,

Уағда қылған Қарағаш

Бет қоя соған жөнеді.

Кетерін анық білген соң,

Атының басын бұрған соң,

«Сансызбайға сәлем деп,

Қош-аман бол, бикеш» деп,

Жеңгесі тұрып жылады.

Жөнеді Жібек жөнеді,

Шеге менен Сансызбай,

Ағашқа шығып екеуі,

Қарауылдап тұр еді.

Келетін Жібек қарасын

Сансызбай, Шеге көреді.

Табан жолмен тартысып,

Ауыздықпен алысып,

Ұшқан құспен жарысып,

Маядай мойнын созады.

Тарта-тарта Жібектің

Алақаны тозады.

Томарша жерден сырғытып,

Ойпаң жерден ырғытып,

Жарлау жерден орғытып,

Әне-міне дегенше,

Ашып көзді жұмғанша,

Сансызбай мен Шегеге

Ұйтқып бір заулап келеді.

Жомарттықпен бас кескен,

Бір Алланың досы деп,

Бұрынғы жолы осы деп,

Аттан түсіп Қыз Жібек

Шегеге сәлем қылады.

– Ашылсын, балам, бағың, – деп,

Тәңірі болсын панаң, — деп,

Ер Шеге бата береді.

Жетелеп атын жаяулап,

Майпаңдап қаздай баяулап,

Қасына Жібек келеді.

Бірін-бірі көрген соң,

Шүкір қылып Аллаға,

Енді атына мінеді.

Екеу еді үшеу боп

Алла деп елге жөнеді.

Елге қарап «шүу» деді,

Өңкей тұлпар мінгені,

Соққан желдей гуледі.

Шапқанда Жібек озады,

Сансызбайға «жүр» деді.

«Жете алмаса өз атың,

Сандалкөкті мін» деді.

Ар көріп бала бойына

Жібектің атын мінбеді.

– Жүре бер, Жібек, жүре бер,

Мінетін жерге Құдайым,

Жеткізсе біздей ғаріпті,

Мінермін сонда мен,– деді.

Әлқисса, бұлар бара тұрсын. Ендігі сөзді Қорен қалмақтан естіңіз. Намазшам болған соң: – Атымды беріп жіберсін,– деп кісі жіберді. Бұлар айтты: – Атыңды білмейміз, қайда?– дейді. Қалмақ айтты: – Жібек мінген,– деп. Бұлар қараса, аты түгіл Жібек һәм жоқ. Енді бұлар ойлады. «Жібекті атыменен еліне жіберген екен, енді бізден несіне сұрайды» дейді. «Шынын айтса да біз не қыламыз» дейді. Бұ сөзге қалмақ ашуланып, әскерін шақырып, елін шаппақ болып, ханның ордасына келді.

Кеш болған соң хан Қорен

Қайда деп атын сұрады.

Бұлар солай деген соң,

– Атымды шапшаң тапқын,– деп,

Тауып берсең атымды

Тыныш ұйықтап жатқын,– деп,

Атым менен Жібекті

Қазір тауып бермесең,

Қайратыма баққын,– деп,

Жиып алып әскерін

Қаһарланып қу қалмақ

Айғай салып ақырып,

Қораға келіп тұрады.

Заһарынан қорқып қалмақтың

Қатын менен баласы,

Ел-жұрты шулап жылады.

Әлқисса, Сырлыбай хан сонда өзі барып айтуға ар қылып, Қаршығаға айтты: – Сіз барып қалмаққа жөнін айтыңыз,– деп.

Осы жүрген Қаршыға

Жауапқа шешен ер еді.

Ерлігінің белгісі

Қаһарланған қалмаққа

Іркілмей жетіп келеді.

Жан батпаған кәпірге

Сүрінбей жауап береді.

– Мен айтайын бір жауап

Сөзімді, тақсыр, тыңдаңыз.

Әйтеуір әлім келед деп,

Қисынсыз қаһар қылмаңыз.

Жасырған болсақ Жібекті

Сонан соң, тақсыр, шындаңыз.

Ашуыңды басыңыз,

Қосыңа барып түсіңіз.

Алып-қашып кеткен-ді,

Тұлпар ізі жоғалмас

Даладан ізін кесіңіз.

Жасыратұғын Жібекті

Бар ма еді әлде қасыңыз?

Мың кісіге барабар,

Бір өзіңнің басыңыз.

Хандығыңда мінің жоқ,

Өзіңіз, тақсыр, ойлашы,

Дұрыс па қылған осыңыз?

Хан болсаң да, тақсыр, айтайын,

Әйелге тұлпар мінгізген,

Өзіңіз иттің насыңыз.

Жібектің аты ұрғашы

Тұлпардың сырын білесің.

Біле тұрып әйелге

Тұлпарды неге бересің?

Өзің беріп атыңды

Елден неге көресің?

Қатты айтуға батпаймыз,

Ел билеген төресің.

Өз мініңді ойламай

Тентектік қылып, күйеужан,

Алмағыл елдің зәресін.

Әлқисса, сонда қалмақ айтты: – Маған бағана неге осылай деп айтпайсыздар. «Жібекті еліне өзі жөнелтіп жіберген екен, бізден неге сұрайды» дегеніне ашуланып едім. Рас, қайда барса да менім сандалкөгім шапса ізі жер ошақтай болып, жер қазылып қалады. Өзім ізін танимын, – деп, қосына қайтып барып жатты.

Таң атқанша шыдай алмай жатып, таң сарғая атына мініп, қалмақтар із қарады. Жұртқа барғанда ізін тауып алып, Мойынасуға барғанда тұлпардың ізі төртеу болды. Онда қалмақ Қорен әскерді бөлді. Екі мың жеті жүз кісіменен қуа береді. Өзгесін «біз келгенше осында тосып жатыңыздар» деп қойып кетеді. Қаршығаны басшы қылып, жиырма кісі қазақтан басшы алды. Алты күн қуып, жете алмаған соң Қорен өзі жалғыз қуды.

– Мен барып жауды түсіріп, өлтіре тұрайын, – деді, – мен барып жауды өлтірген соң, алдыңнан қайтып шығармын. Еліне барғанша жеткізбесе сіздер келгенше мен тосып жатайын. Елін «бұрқым бақшы» болса да шауып қайтармыз, – деп, «шүу» деді.

Жөнеді қалмақ жөнеді,

Шылбыр ұрып келеді.

Көк қабандай арсылдап,

Тебінгісі тарсылдап,

Құйысқаны сартылдап,

Аузынан аққан ақ көбік

Омырауда балшылдап,

Қазмойын қара тұлпарды

Сауырға сипай қамшылап,

Сауырыннан аққан тер,

Көктен құйған тамшыдай,

Борбайынан тамшылап.

«Шүу» десе қалмақ дауысы

Тастүлек құстай шаңқылдап.

Кәпір қалмақ жөнеді,

Қаһарланып келеді.

Дәл он бір күн болғанда,

Сансызбайдың қарасын

Қорен қалмақ көреді.

Келетін кәпір қалмақтың,

Күндік жерден қарасын,

Жібек бір болжап біледі.

Кәпір қалмақ жетті деп,

Басымнан дәурен өтті деп,

Сансызбай мен Шегеге

Жібек бір хабар береді.

Толғана мойнын бұрады,

Алладан дәрмен сұрады.

Жібек пенен Шегені

Ілгері қарай жөнелтіп,

Келетін кәпір қалмақтың

Жолын тосып Сансызбай,

Көлденең тартып тұрады.

Өзі ілгері барған соң,

Жау бетінде жас бала

Жалғыз тұрып қалған соң,

Мұңлы болған Қыз Жібек

Бір төбеге барады,

Құбыла жаққа қарады.

Көксандалдың шылбырын

Мойнына орап салады.

Бір Құдайға зар айтып,

Мінәжат қылып сол жерде

Қыз Жібек қылды наланы.

– Құдіреті күшті Құдай-а,

Басымнан кетті сәулетім,

Жүзімнен кетті әуретім.

Сақтаған Құдай көп екен

Маған деген дәулетін.

Ажалым жақын таянып,

Жетті ме енді нәубетім.

Бір сайқалдың жолында,

Құртамысың Құдай-а,

Бір бейшара жанның әулетін.

Әуелі қолдан Құдай-а,

Рахметіңнен құтылдым.

Ақырында Құдай-а,

Не пиғылменен тұтылдым.

Қайтадан қолға тұс болсам,

Не болар менім сықылым.

Бір сайқалдың жолында,

Құртамысың Құдай-а,

Бір бейшара жанның тұқымын.

Бұлайша деп Қыз Жібек

Зарланып қатты жылады,

Көзінің жасын бұлады.

Мұңлы болған Жібектің

Тәубесін қабыл қылады.

Қылғаны қабыл емес пе,

Аз кідірсең қызығы

Арт жағында болады.

Сол уақыттар болғанда

Әне-міне дегенше,

Айтып ауыз жиғанша,

Сансызбайдың қасына

Қорен жетіп келеді.

Келіп сөйлей береді:

– Қарсы алдыңнан қарасам,

Жасың кіші баласың,

Оттай қаулап жанасың.

Менің атым хан Қорен

Неден үміт қыласың?

Мен жайымды сөйлесем,

Ақылыңды танасың.

Жібек менің қатыным

Қай жаққа алып барасың?

Жібекті ілгері жіберіп,

Мойныңды маған бұрасың.

Соғысатұғын кісідей

Көлденең тартып тұрасың.

Меніңменен соғыссаң,

Құдайыңа барасың.

Соғысар болсаң жөніңді айт,

Нағылып жүрген баласың?

Сансызбай сонда сөйлейді:

– Қорен қалмақ сен болсаң,

Сансызбай бала мен едім,

Мен де өзіңдей кен едім.

Жібек сынды жеңгемді

Елімнен іздеп кеп едім.

Жеңгемді тауып алған соң,

Медет тілеп Алладан

Еліме алып жөнедім.

Артымнан келе жатқан соң,

Нағылып жүрген адам деп,

Білейін сені деп едім.

Мұсылман болсаң саған мен

Болайын жолдас деп едім.

Нәсілің кәпір жау болсаң,

Алла тізгінді оңдаса,

Жаһаннамдағы орныңа

Жіберейін деп едім.

Сонда қалмақ сөйлейді:

– Асу да асу бел,– дейді,

Аса бір соққан жел,– дейді,

Әуелгі кезек менікі,

Соңғы кезек сенікі,

Бұ сөзімді біл,– дейді.

Қарсы алдыңнан қарасам

Жасың кіші жас ұлсың

Кезегімді бер,– дейді.

Сансызбай атты жас берен

Толғана мойнын бұрады,

Алладан пәрмен сұрады.

Қашатұғын қатын ба,

Кезегін беріп қалмақтың

Қасқайып қарап тұрады.

Атаңа лағынет қу қалмақ

Қорамсаққа қол салды,

Бір салғанда мол салды.

Садақты қолға алады,

Толықсып тұрған баланы

Толғап тартып қалады.

Кірістен оғы кетеді,

Сансызбайға жетеді.

Тоғыз қабат сауыттың

Сегізінен өтеді.

Жыртыла жазды сауыттың

Қатарланған жығасы.

Сансызбайдың жасынан

Қабыл еді тобасы.

Өтер еді мұнан да,

Жібермеді бұ оқты

Ғауыс, Ғияс қырық шілтен

Болған екен панасы.

Бұрын жауды көрмеген

Сансызбай сонда жылайды:

– Қор қылма,– деп,– кәпірге,

Алладан пәрмен сұрайды.

Рақым қылса бір Құдай

Пенденің несі құриды.

– Құдіреті күшті Құдайым,

Бір өзіңе жылайын.

Рақым қылғыл Құдай-а,

Көргенім жауды осы еді

Қайратымды сынайын.

Құдіреті күшті Құдай-а,

Батар күнмен батайын,

Қалмақты мен де атайын.

Рақым етсең, иә, Алла,

Қу қалмақты өлтіріп

Қызығына батайын.

Мен құлыңның кешіргіл,

Пазылың бірлән иә, Алла,

Ғасылық еткен қатасын.

Бұлайша толғап Сансызбай

Қорамсаққа қол салды,

Бір салғанда мол салды.

Садақты қолға алады,

Толықсып тұрған кәпірді

Толғап тартып қалады.

Зырқырай оғы кетеді,

Қалмаққа таман жетеді.

Көкірек қысқан көбеден,

Қармаулы қабыл жебеден,

Зырлауменен өтеді.

Мұнан да өтіп кетеді,

Бір төбеге жетеді,

Үй орнындай бір жерді

Төңкере тастап кетеді.

Оқ тоқтаған кезінде

Қорен аттан құлады,

Туы қолдан құлады.

«Ла-лай-лама- лоқы» деп,

Бәлем қалмақ сұлады.

Жығылған соң қалмақтың

Қасына жетіп барады.

Ат үстінен қылышпен

Денесінен жұда қып,

Басын кесіп салады.

Қазмойын қара тұлпарды

Жетегіне алады.

– Тоқтағын, Жібек, тоқта,– деп,

Менде көңілің жоқ па?– деп,

Айғай салып Сансызбай

Жібекке атой береді.

Атой беріп жүргенде,

Шеге мен Жібек көреді.

Қуаныш қылып тұрғанда

Сансызбай жетіп келеді.

Шүкір қылып Аллаға,

Кәпір жаудан құтылып,

Бірнеше күн жол жүріп,

Еліне аман келеді.

Ата-анасын қуантып,

Қырық күн ұдай той қылып,

Сансызбай Жібекті алады.

Сипатын көріп Жібектің

Ел-жұрты қайран қалады.

Бір Құдай әр пендеңді өзің оңда,

Айналды жұлдыздары енді оңға.

Түс көрді Жібек түнде ұйықтап жатып,

Айтады Сансызбайға тұрып сонда.

– Түсімде бір топ қарға көрдім,– дейді,

Соңынан бір тұйғынның ердім,– дейді.

Тұйғын қырып сап қылды көп қарғаны

Қызығын тамаша қып тұрдым,– дейді.

Сонда Сансызбай түсін жорыды:

– Қалмақтың көп әскері келеді екен,

Құдай біздің тілекті береді екен.

Қарға қырған тұйғының мен екенмін,

Келген қалмақ бәрі де өледі екен.

Мұны айтып Сансызбай жұртын жиды,

Ғазатқа Құдай үшін жанын қиды.

Сансызбай жұртын жиып алған шақта

Көп әскер келді деген хабар тиді.

Сансызбай сол қалмақтың бәрін қырып,

Өлігін жота-жота қылып үйді.

Мұсылманнан бар екен жиырма адам

Оларға инғам ихсан қылды сыйды.

Қаршыға екен басшысы мұсылманның,

Панасы Патша Құдай қысылғанның.

Қыдыр дарып, бақ қонды Сансызбайға

Ешбірін жібермеді ұсынғанның.

Әскерден Қаршыға озып жүрген екен,

Қореннің сонда өлгенін көрген екен.

– Өзімізді өлтіріп кете ме?– деп,

Көрсетпей қалмақтарды бұрған екен.

«Ханымыз қуып кетіп барады» деп

Қаршыға қалмақты алдап ұрған екен.

Еліне Базарбайдың алып барып,

Ақылмен осылай қып қырған екен.

Әлқисса, Сансызбай Қаршығаны бірнеше күн сыйлап, және Сансызбай екі мың әскер алып, Қаршығаны алдына салып, еліндегі қамап жатқан көп қалмақты хабарсыз жатқанда, түнде барып тиіп, көбін атына мінгізбей, таң атқанша қырып, таң атқан соң ұрыстың амалын қылатұғын ханы жоқ, қалған қалмақ еліне қашып, жүріп береді.

Сансызбай артынан қуып берді,

Қолға тиген қалмақты қырып берді.

Қалмақтың бес мың қолын бәрін қырып,

Қызыл қанға бояды қара жерді.

Мұсылманды дұшпаннан айырып алған

Жігіттер, тамаша қыл мұндай ерді.

Бақ берді жас балаға Патша Құдай,

Мұсылманның болып тұр көңілі жай.

Қалмақты әбден қырып бітірген соң

Қайнына келді қайтып ер Сансызбай.

Басшысы Сырлыбай хан өзі болып,

Алдынан шықты елі бәрі шулай.

Оңаша бір отауды салып беріп,

Қызмет қып сыйлап тұрды екі айдай.

Еліне екі ай жатып жүрді дейді,

Қызметін қайын жұрттың көрді дейді.

Сексен нарды толтырып жасау артып,

Бес жеті алтын отау берді дейді.

Тоғыз жорға ат жабдықтап Жібек үшін

Қайын енесі қасына ерді дейді.

Жібекті жаңа ұзатып бергендей боп,

Еліне үш ай жүріп келді дейді.

Еліне аман-есен келгеннен соң,

Қайтадан қырық күн той қылды дейді.

Мұныменен Қыз Жібек тамам болды.

Көп қисса тәсниф қылдым мұнан бұрын,

Пенденің Алла білер іште сырын.

Сауап, күнә екенін біле алмаймын

Кешіргіл күнә болса, Жаппар Кәрім.

Көп қисса тәсниф болып шықты бізден,

Назым қылып шығардым насыр сөзден.

Молдалар оқысаңыз әр кітабым,

Әрқашан мақрұм қылма дұғаңыздан.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және «Әдебиет порталына» гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Эл. пошта: Adebiportal@gmail.com 8 (7172) 79 82 06 (ішкі – 112) © adebiportal.kz
https://adebiportal.kz/kz/news/view/kiz_zhibek_zhiri_algash_kagazga_tusken_nuskalari__19821

Таңбалар

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз

Жабу
Back to top button
Жабу