Білген Шайыр айтады

Қыз Жібек жыры

Жүсіпбекқожа Шайхисламұлының жазған нұсқасы (жалғасы)

Әлқисса, онда Төлеген айтты: – Бұл Жібек маған шақырсам жауап бермейді, ақымақ адамдарға ұқсап, бұ қалай? – дейді. Сонда Қаршыға айтты: – Мұның бектігі бар, ешкім бұған ондай дауыстап сөйлескен емес. Енді мен сөйлесейін, – деп Қаршығаның Жібекке келіп айтқаны:

– Ұядан ұшқан балапан

Қанаттарын тарайды.

Асыл туған анадан

Әрбір іске жарайды.

Сенің үшін құрметіңе, қарағым,

Тігемін алтын сарайды.

Данышпан адам дүниенің

Парасатын қарайды.

Ақы алып қызмет қылғанды

Оны да іске санайды.

Көтергін, Жібек, басыңды,

Ертіп келдім бір жігіт

Тап өзіңе лайық,

Жақтырмап едің талайды.

Басыңды көтер, Жібекжан,

Құлағың салып сөзіме.

Қасымда тұр бір жігіт

Тап лайық өзіңе.

Нұр жігіттей жүзі бар,

Бал шекердей сөзі бар.

Талай бекзат көріп ем,

Мыңын жисаң осының,

Жетпейді басқан ізіне.

Қаршыға сынды көкеңді

Қапа қылмай, қарағым,

Бір қарашы жүзіне.

Сонда Жібек сөйлейді,

Сөйлегенде бүй дейді:

– Көке болмай жерге кір,

Салмаймын құлақ сөзіңе.

Бай тауып маған апкел деп

Қашан айттым өзіңе?

Жөндеп баққын малыңды,

Бет алдыңа сандалмай,

Жолама менің ізіме.

Екі тайға ұялмай

Мені сатып сыртымнан,

Не бетіңмен сөйлейсің,

Көрінбей жөнел көзіме!

Қаршыға сонда сөйлейді:

– Рас менің, Жібекжан,

Екі жорға алғаным.

Неге айтайын сөзімнің

Расын айтпай жалғанын.

Мақұл ма екен, Жібекжан,

Сөздің жөнін байқамай,

Өтірік жанжал салғаның?

Екі жорға мен алдым,

Төлегенге дос болып.

Нан, қарағым, сөзіме,

Көңілің маған хош болып.

Жолыңа сенің басымды

Бәйгіге тігіп мен келдім.

Сегіз күн ұдай жол жүріп,

Ерте көшіп, кеш қонып,

Басыңды көтер, Жібекжан,

Қайтпасын еңбегім еш болып.

Әлқисса, сонда Жібек ойлады «бұ Қаршыға адамсынып келген екен. Бұған көрінбесем ұят болар және әбден бетімді ашып отырсам тағы жарамас» деп, бетін бір ашып жарқ етіп көрініп амандасты да, қайтадан бетін жауып, пәуескенің қақпағын түймелеп, жатып қалды.

Қасында үш қыз бар екен. Сол уақытта Жібектің сипаты Төлегенге бұ сықылды көрінді.

Әлқисса, сондағы Жібектің порымын баян қылалық.

Қыз Жібектің құрметі,

Жаһаннан асқан сәулеті.

Ләйлі-Мәжнүн болмаса,

Өзгеден артық келбеті.

Үш қызы бар қасында-ай,

Өзі он төрт жасында-ай,

Кебісінің өкшесі

Бұхардың гауһар тасындай.

Ақ маңдайы жалтылдап,

Танадай көзі жарқылдап,

Алтын шашбау шашында-ай.

Қыз Жібектің дидары

Қоғалы көлдің құрағы.

Көз сипатын қарасаң

Нұр қызының шырағы.

Дүр жауһар сырғасын

Көтере алмай тұр құлағы.

Бой нұсқасын қарасаң,

Бектер мінген пырағы.

Қыз Жібектің ақтығы

Наурыздың ақша қарындай.

Ақ бетінің қызылы

Ақ тауықтың қанындай.

Екі беттің ажары

Жазғы түскен сағымдай.

Білегінің шырайы

Ай балтаның сабындай.

Төсінде бар қос анар

Нар бураның санындай.

Оймақ ауыз, құмар көз

Іздеген ерге табылды-ай.

Өткірлігін байқасаң

Ұсталар соққан кетпендей,

Нұр тұқымын еккендей.

Екі ауыз сөз сөйлескен

Мұратына жеткендей.

Тірісі түгіл Жібектің

Өлігіне адам қайрылып,

Бетінен келіп өпкендей.

Қыз Жібекті Төлеген

Ақылменен танып тұр,

Көз мейірі қанып тұр.

Бейіштен жанған шамшырақ

Көзі жайнап жанып тұр,

Белі нәзік талып тұр.

Тартқан сымнан жіңішке

Үзіліп кетпей нағып тұр.

Әлқисса, енді Төлеген ойлады «жаһанда бұ сипатты ұрғашы көргенім жоқ еді. Енді мұны алайын» дейді. «Оған шейін бір-екі ауыз сөз сөйлесіп кетейін, бекер кеткенім жарамас» деп жамандауға тал бойынан тарыдай мін таба алмай, енді байлығынан һәм кемдік таба алмай, «кесірлі екенсің» деп айтайын деп Төлегеннің айтқан жауабы-дүр:

– Басыр, басыр, басыр-ау,

Аққа құлпы жасыл-ау.

Басыңды көтер, әй, Жібек,

Төлеген келді қасыңа-ау.

Қыз басыңмен алшақтап

Бүйте берме, әй, Жібек,

Жұртыңа тиер кесірі-ау.

Қыз Жібек мінген күймесін,

Күймеге тағып түймесін,

Қыз басыңмен алшақтап,

Бүйте берме, әй, Жібек,

Кесірің жұртқа тимесін.

Жібек сонда сөйлейді

Сөйлегенде бүй дейді:

– Олай болса, Төлеген,

Мен жайымды айтайын.

Ағыным судай ағады,

Халқым малдай бағады,

Жұртым қойдай қағады.

Менің қылған кесірім,

Саған кесір болса да,

Өзіме майдай жағады.

Жалғыз атты жолаушы,

Жақындамай әрмен тұр.

Үстімдегі кесірлер

Саған таман барады.

Ат байлаған шағыр тас,

Арқама біткен қолаң шаш.

Қайдан келіп кез болдың,

Қаңғырып өскен бір қубас?

Жалғыз атты жолаушы,

Кесірім ұрып кетпесін,

Қасыма келмей аулақ қаш.

Төлеген сонда сөйлейді

Сөйлегенде бүй дейді:

– Қыз Жібек мінген күймесін,

Күймеге тағып түймесін.

Қайдан білдің, Жібек-ау,

Іздеп келген Төлеген

Мал беріп сені алмасын,

Ал қойныңа енбесін,

Ақ төсіңе мінбесін?

Сонда Жібек сөйлейді:

– Жақсы айтасың, Төлеген,

Сіздей-сіздей әр жерден,

Неше жігіт келмеген.

Бәрі де айтқан, «Жібек-ау,

Сені алмасам» демеген.

Көбісі келмей шеніме

Бейдәркаһ болып жөнеген.

Келсең кел, шындап қасыма,

Шай мамығым басыңа,

Ап жатпас па едім қасыма.

Алуа, шекер беремін

Ішетұғын асыңа.

Келсең келгін, Төлеген,

Құрметім мұндай, мінеки,

Келмесең әрмен кете бер,

Бар дамбалым басыңа.

Әлқисса, енді Төлеген айтты: – Олай десең мен саған жеңген жерде сөйлесейін, – деп, атының басын бұрып алып, қайтып келіп, Қаршығаны басшы қылып жүріп, екі жүз елу ат сатып алды. «Осының бәрін бата аяққа берсем де құда болармын» деп, екі жүз елу жылқыны алдына салып айдап, Сырлыбай ханның артынан қуалап келе жатыр еді, алдынан он шақты жасауыл шыға келді. Сәлем берісіп, жол сұрасты. Онда жасауылдар айттылар: – Біздің ханымыз ашу қылып жатыр. «Қаршығаның қылып жүргені немене? – деп, – Менің сыртымнан билеп, Жібегімді бір қаңғырған жалғыз атты жолаушыға көрсетіп жүр, – деді, – Басын базарға салып, бұ қалай, ұялмай масқара қылып. Ол Қаршығаны жігітіменен алып кел. Екеуін де жазасын берейін деп біздерді жіберді, – дейді.

Сонда Қаршыға айтты: – Олай болса жүріңдер, өзіміз де келе жатырмыз, – деп. Заулап ауылға жақын келген соң қараса, хан бектеріменен төбенің басына шығып отыр екен. Оны көріп Қаршыға айтты: – Біздер жасырынып тасада тұралық. Жолдастарыңменен өзің бар. Төлеген екеніңді біліп ашуланғанша өзі де жөнделіп қалар, – деп жіберді. «Бізді көрген соң ашуланып отырғанда жарамас» деп. Онда Төлеген жылқыны ауылының үстіне жая салып, төбенің басында отырған хан мен бектерге келіп, сәлем беріп, Төлегеннің айтқан жауабы:

– Болғанда айдай әлем, күндей күлем,

Аузымды ашсам денемнен қайнайды өлең.

Отырған мәслихат қып ақсақалдар

Сіздерге Төлеген кеп берді сәлем.

Сонда олардың Төлегенге берген жауабы:

– Уағалейкүмассалам, жаным балам,

Жүріпсіз ат жаратып бәрің тамам.

Келіпсіз ат сабылтып алыс жерден

Сөйлей тұр сөзің болса, шыраққанам.

Онда Төлеген сөйлейді:

– Ойлаймын келе жатып ақыл, айла,

Ойлаған ақыл, айла жанға пайда.

Ат сабылтып келеміз алыс жерден

Жібек сұлу дегеннің ауылы қайда?

Хан сөйлейді:

– Бәріңнің бір-бір бедеу мінісіңіз,

Ойын, күлкі сәулетпен жүрісіңіз.

Жібек сұлу дегеннің ауылы жақын

Бар еді, балам, қандай жұмысыңыз?

Төлеген сөйлейді:

– Көріп ем Қыз Жібектің бұрын түсін,

Бітпеген еш пендеге ондай пішін.

Қыз Жібек Төлегенге тимек болған,

Қаршекем арасында жүрмек болған,

Келемін ат шаршатып соның үшін.

Онда хан сөйлейді:

– Тіккені саудагердің қосы ма еді,

Ғайып ерен қырық шілтен досы ма еді?

Кешегі Төлегенді жамандаған

Көп дұшпан көре алмаған қасым ба еді?

Жібегім тисе тисін, өз теңі екен,

Кешегі айтқан Төлеген осы ма еді?

Жібегім Төлегенді көрген екен,

Жібекжан енді өлмесін білген екен.

Ризамын Қаршығама не қылса да

Кемітпей тең-құрбыдан жүрген екен.

Әлқисса, енді Төлеген айтты: – Хан, мен көп сөзді білмеймін, бата аяққа не аласыз? – дейді. Онда хан айтты: – Бата аяққа осы айдап [жүрген] жылқыңның бәрін аламын, – деді. Төлеген айтты: – Енді осындай жылқы қос деп айтады екен деп едім, бұған разы болсаңыз үйіңе бар, тойыңды қыл,– деді. Хан той қылмақ болып үйіне барды. Төлеген жігіттеріменен бір төбенің арғы жағына барып түсіп, шатырын тігіп, қанша өнерлі жігіттерді жиып алып ойын-күлкі қызықпенен жата берді.

Кешіне қырық қатын жиылып «Жібекті Төлегенге алып барамыз» деп жеңгелік сұрады. Төлеген қатын басына бір жамбыдан берді. Бұ іске қатындардың ақылдары шығып, Жібекті үш күн аңдып қолдарына түсіре алмады. Алпыс қатындар Жібекті аңдып жата берсін.

Ол ел алты арыс шекті деген ел еді. Алты арыс шектіден алпыс жігіт кеңес қылып айттылар: – Әй, жігіттер, Жібекті шыныменен жіберіп бекер қалғанымыз ба? – дейді. Енді біреуі айтады: – Жібек бізге тимейді, Төлеген тірі тұрғанда, – дейділер. Онда алпыс жігіт айтты: – Олай болса Төлегенді өлтірелік, – дейді, – онда қайтіп өлтіреміз, күндіз-түні қасынан думан тарамайды,– дейді,– онда Жібектің қасына алып барғанын аңдып тұралық. Сол уақытта қызбенен екеуі оңаша болады ғой, сонда өлтірелік, – деп уәде қылысты.

Онда олардың бұ мәслихатын бір мүсәпір естіп келіп, Төлегенге баян қылды. Төлеген мұны естіп, дереу Қаршығаны шақыртты. Қаршыға келіп айтты: – Мені бір жұмысқа шақырдыңыз ба? – деп, онда Төлеген мұңайып төмен қарады. Сонда Қаршыға сөйлейді:

– Көлге біткен құрағым,

Суырылып озған пырағым.

Ақ орда болды кіргенің,

Қызық дәурен сүргенің.

Ешбір пенде көрген жоқ

Бұ күнде сенің көргенің.

Неге қапа боласың,

Біреудің тілі тиді ме,

Естісін айтшы құлағым.

Ертелі-кеш әр уақытта

Жад етемін пірімді.

Қорқып қалдым, Төлеген,

Көрген соң сенің түріңді.

Тірі болсам табайын

Көңіліңдегі кіріңді.

Неге маған мұңайдың,

Айтсаңшы, жаным, сырыңды?

Төлеген сонда сөйлейді,

Сөйлегенде бүй дейді:

– Әй, Қаршеке-ау, Қаршеке-ау,

Мен сырымды айтайын.

Құдай басқа салған соң

Сізге айтпай қайтейін?

Жібекке ғашық көп екен,

Едіреңдеген неме екен.

Еліңде қанша жігіт бар,

Іші толған кір екен.

Төлеген сендей мырзаны

Өлтіремін дер екен.

Жалғыз жатқан жерімде

Жазым боп кетсем қайтемін?

Қаршыға сонда сөйлейді,

Сөйлегенде бүй дейді:

– Асу да асу бел,– дейді,

Аса бір соққан жел,– дейді.

Төлеген болсаң сен,– дейді,

Кел соңымнан ер,– дейді.

Өлтіретұғын кім,– екен,

Кереметім көр,– дейді.

Базарбайдың Төлеген

Қаршығадай ақынның

Бұл сөзін мақұл көреді,

Алдырып атын мінеді.

Қаршығамен ілесіп,

Шаңқай түсте ауылға

Шатырдан шыға жөнеді.

Алты шекті елінде

Қаршығаға сенеді.

Иілмей тіпті бүгілмей

Ауылға жетіп келеді.

Сырлыбайдың алты ұлы

Алтауы бірдей бөрі еді.

Ең кенжесі Жиренбай,

Сол жылы түскен отауы,

Сонда келіп енеді.

Басшы болған Қаршыға

Кереметін көргізді.

Төлегенді атымен

Шаңқай түсте ауылға

Іркілместен жүргізді.

Жиренбай мырза үйіне,

Жаңа түскен отауға

Ертіп келіп кіргізді.

Әлқисса, бұларды шеттегі отауға кіргізіп, төсекті жайлап салып беріп: – Енді мен сіздерге қызмет қылайын, – деп шығып бара жатыр еді, Төлеген Қаршығаның етегінен ұстай тұра келіп айтқаны:

– Асу да асу бел,– дейді,

Аса бір соққан жел,– дейді.

Анықтап бүгін көрейін

Жібекті ертіп кел,– дейді.

Кеше бердім қос жорға,

Берейін бүгін үш жорға,

Бесеу қылып мін,– дейді.

Осы шаңқай тал түсте

Ертіп келгін Жібекті,

Айналайын, Қаршеке-ау,

Жігіт болсаң шын,– дейді.

Келген осы Қаршыға

Епті туған ер еді.

Жібекке жетіп келеді.

Келіп сөйлей береді:

– Айналайын, Жібегім,

Шыныдан аппақ сүйегің.

Осы емес пе еді Құдайдан,

Қарағым, сенің тілегің?

Басыр, басыр басыр-ды,

Аққа құлпы жасылды.

Қаршыға көкең келгенде

Көтергін, шырақ, басыңды.

Ат байлаған ақыр-ды,

Көк түскен жер тақыр-ды.

Шеттегі отау ішінде,

Жаңа түскен жеңешең,

Қарағым, сені шақырды.

Сонда Жібек сөйлейді:

–Ау, Қаршеке-ау, Қаршеке-ау,

Өзің шешен батырсың,

Шешендікпенен айтасың.

Кеше алдың қос жорға,

Бүгін алдың үш жорға,

Бәрі болды бес жорға.

Сыйғыза алмай Құдайға

Жазып бір келген кәпірсің.

Ау, Қаршеке-ау, Қаршеке-ау,

Мінгенде атың қарагер,

Барайын өзім, бара бер.

Шақырғанда бармасам,

Қаршекем тілін алмасам,

Ақыр бір күн болармын,

Сол жігітке қызметкер.

Қаршыға сөзін есітіп

Жібек енді түйінді,

Асыл киім киінді.

«Шақырғанда бармасам,

Қаршекем тілін алмасам,

Ақыр бір күн болармын

Сол жігітке сүйінді.

Абиыр алсын Қаршекем

Бармай қалсам қиын-ды».

Қаршығадан өзгеге

Жібектен жауап алмағы

Қиын қыстау іс еді.

Жібектің жайын сұрасаң,

Асып туған анадан

Шаһизада кісі еді.

Кісі бойы кіреует

Алтын тақтың үстінен

Қояндай қарғып түседі.

Ақ маңдайы жарқылдап,

Танадай көзі жалтылдап,

Алтынды кебіс шыртылдап,

Жүйрік аттай ойқастап,

Құнан қойдай бой тастап,

Қалмайын деп ұялып,

Жан-жағын қарап байқастап,

Кер маралдай керіліп,

Сары майдай еріліп,

Тәңірі берген екі аяқ,

Бір басарға ерініп.

Үйден шықты Қыз Жібек

Көрінген көзге дүниенің

Баршасынан жиреніп.

Ауыл алды бел еді,

Белден көшкен ел еді.

Атқан оқтай жылысып,

Ор қояндай ырғысып,

Қылаң етіп, қылт етіп,

Сылаң етіп, сырт етіп,

Мықындары былқылдап,

Тау суындай құлтылдап,

Сүмбіледей жылтылдап,

Буындары бұлтылдап,

Айдынды туған Қыз Жібек

Отауға қарап жөнеді.

Ғашық жарын көрмекке,

Қызмет қылып бермекке,

Шаһизада Қыз Жібек

Жалт-жұлт етіп келеді.

Сол уақытта қарасаң,

Қыз Жібектің дидары

Нұр ішінде піскендей.

Қыз Жібектің екпіні

Бейіштен самал ескендей.

Қыз Жібекті бір көрген

Шыбын жаннан кешкендей.

Сылдырлап Жібек жөнелді,

Неше түрлі сәулетпен

Іңірде шайтан көшкендей.

Құланнан атты құдықты,

Көлден тартты борықты.

Бір көрмекке ынтық боп

Төлеген мырза шондықты.

Талма түстің шағында,

Ақ отаудың ішінде,

Айдынды туған Қыз Жібек

Төлегенге жолықты.

Моллалар басы қосылса,

Мәселе кітап оқыр-ды.

Насихатты жақсылар

Ақылменен тоқыр-ды.

Айдынды туған Қыз Жібек,

Төлегеннің мойнына

Асыла барып отырды.

Төлеген сонда сөйлейді,

Сөйлегенде бүй дейді:

– Келдің, Жібек, қасыма,

Отыра кеттің асыла,

Кешегі сәлдең қай жақта

Той болады салсаң басыма.

Жібек сонда сөйлейді:

– Қынама бешпет қынадым,

Әзілмен сізді сынадым.

Сынамаққа бір сөзді,

Әзіл қылып айтып ем,

Әлі ұмытпай жүр ме едің

Төлеген мырза, шырағым?

Екі ғашық қосылып

Әңгіме-дүкен құрады.

Екеуінің суреті

Ләйлі-Мәжнүндей болады.

Екі бекзат қосылып

Күндей балқып толады.

Екеуінің нұрына

Көрген жанның бәрі де

Тамаша қайран қалады.

Ойын-күлкі сәулетпен

Жездеңіздің қасында,

Кеш батқанша отырды.

Кеш батқан соң апаңыз

Күйеуге төсек салады.

Төсекті жайлап салған соң,

Жатар мезгіл болған соң,

Жездеңіздің мойнына

Асыла барып құлады.

Ендігі сөздің қысқасы,

Айтушы ердің ұстасы,

Біз де соны айтамыз

Бұрынғылардың нұсқасы.

Сығалап атқан ақ берен

Қалаған жерден ұрады.

Қаршыға ілген үйректей

Жұмарлап мойнын бұрады.

Төбетейін сындырды

Жібек сынды апаңыз

Жас құлындай шыңғырды.

Саулы інгендей ыңқылдап,

Ұршығы қолда сылқылдап,

Екі ғашық қосылып

Көңілдері тынады.

Жібек байғұс орнынан,

Ақсай басып аяғын,

Жорғалап зорға тұрады.

Әлқисса, Төлеген үш ай жатып қалыңдық ойнап, бір күні еліне қайтпақ болды. Аттарын байлап қойып, сол күні түннен жүреміз деп жатқанда Жібек ұйықтап кетіп, түс көріп, түсінен шошып оянып, кіші жеңгесін шақырып алып: – Төлегенге барып айтқыл, жүрмесін, тілімді алса, – деп, бір сөз дейді.

Шақырып алды Қыз Жібек

Өзінің жақын жеңгесін,

Омырауда алтын теңгесін.

Сырласатұғын жерінде,

Келтірмейді екен өңгесін.

– Ау, жеңеше-ау, жеңеше-ау,

Мінезің еді өңгеше-ау.

Төлегенге барып кел,

Тілімді алса жүрмесін.

Ата-анасы бар ма екен,

Жал-құйрығы сай ма екен.

Иә, болмаса, Құдай-ай,

Бір қаңғырып өскен қу ма екен?

Атасының аты кім болар,

Анасының аты кім болар.

Сұрап келгін, жеңеше-ау,

Қандай заман, күн болар.

Мен бір бүгін түс көрдім,

Түсімде жаман іс көрдім.

Төлеген мінген көк жорға ат

Ер-тоқымсыз бос көрдім.

Ел жайлаған Ақжайық,

Жағалай біткен бидайық.

Алдымда жанған шырағым,

Біреу үрлеп өшіріп

Көзімнен болды сол ғайып.

Қолымдағы тұйғынның

Заулап келіп аспаннан,

Желкесін қиды бидайық.

Пендем десең, Құдай-а,

Бұ түс емес еді ғой

Көруге маған лайық.

Айналайын, жеңеше-ау,

Төлегеннің мен білдім

Бір кеткен соң келмесін.

Жарық дүние опасын

Білдім көзге ілмесін.

Мұнан кетсе Төлеген,

Білгізді Құдай мен қуға

Бұ жерді қайтып көрмесін.

Мұндай қорлық, жеңеше-ау,

Тірлігінде Құдайым,

Еш пендеге бермесін.

Базарбайдың Төлеген,

Ерте туған көбеген.

Жеңгесі келсе алқынып

Нағып жүрсің демеген.

Жеңгесі сонда сөйлейді:

– Айналайын, Төлеген

Бикешжан бүгін түс көрді,

Тілімді алсаң жүрмегін.

Атаңның аты кім болар,

Анаңның аты кім болар.

Айтып кеткін, шырағым,

Қандай заман, күн болар.

Бикешжан бүгін түс көрді,

Түсінде жаман іс көрді.

Астыңдағы көк жорға ат

Ер-тоқымсыз бос көрді.

Ел жайлаған Ақжайық,

Жағалай біткен бидайық.

Алдында жанған шырағын

Біреу үрлеп өшіріп,

Көзінен болды сол ғайып.

Тілімді алсаң жүрмегін,

Айналайын, күйеужан,

Құдайға біз де жылайық.

Төлеген сонда сөйлейді:

– Ау, жеңеше-ау, жеңеше-ау,

«Түс – түлкінің боғы» еді,

Әрнеме деп күймеші-ау.

Жаратқан мені бір Құдай,

Өлім десе көңілім жай.

Атамның атын айтайын

Халқынан асқан Базарбай.

Қой ішінде марқадай

Омырауда тіллә алқадай.

Шешем атын айтайын

Алпыс жасар Қамқадай.

Өліп кетсем артымда

Сансызбай атты інім бар

Жібегім неге қорқады-ай?

Жаман-жақсы болса да

Алланың болар әмірі.

Жалғыз ағаш кесілсе

Қуарып қалар тамыры.

Олай-бұлай боп кетсем

Тоғыз жасар артымда

Жеткіншегім бар еді.

Қараша болып жауды қар,

Дұшпандардың пейілі тар.

Сәлем де, Жібек қорықпасын,

Өліп кетсем артымда Жібекті

Еш жаманға қор қылмас,

Сансызбай атты інім бар.

Шын тілесе пендеге

Тәңірім тілек береді.

Тәңірім тілек береді.

Көктемде мұнда келіп ем

Енді қыс боп келеді.

Елімнің ақын көсемі

Батыр Шеге дер еді,

Ақылға диқан кен еді.

Олай-бұлай боп кетсем,

Сансызбайға басшы боп

Еліңізге келеді.

Тірі тұрса жанымыз,

Есен болса тәніміз,

Көктем шағы болғанда

Қазбенен бірге келем,– деп,

Не салса да Құдайым,

Жібек үшін көрем,– деп,

Жібекке дұғай сәлем,– деп,

Енді атына мінеді.

Жеңгесі менен Төлеген

Қол ұстасып қоштасып

– Қош, Алла!– деп жөнеді.

Әлқисса, енді Төлеген неше мүдәт жолдар жүріп, аман-есен еліне келді. Атасы менен анасы қуанып той қылды. Тойдың үстінде жұрт жиылып отырғанда Базарбай баласынан жауап сұрады. Төлеген бәрін баян қылды. Базарбай айтты:

– Шырағым, қайныңа қашан барасың?– дейді. Төлеген айтты:

– Жазғытұрым барам,– деді. Атасы айтты:

– Шырағым мен бір тілек тілейін, бересің бе?– дейді. Төлеген байқамай: – Берейін,– дейді. Онда Базарбай айтты: – Берсең, қарағым, жолыңда жаным құрбан,– дейді,– ендігі жылы осы уақытқа шейін ол жаққа бармағын. Жыл өткізіп бар, тілегім осы еді. Берсең уәде қыл, – дейді. Онда Төлеген айтты: – Әй, ата, сізден қорқып айтып едім. Ешкімнің қызын көргенім жоқ. Ел елден артық болмайды екен,қыз жаратпай келдім,– дейді,– барма десеңіз ешқайда бармай-ақ қояйын. Қайным жоқ баратұғын,– деп үйден шығып кетті.

Онда Базарбай көп жұртына арыз қылып айтты: – Әй, жарандар, менің мынау балам тілегімді бермей кетті. Әгар қайнына баратынын білгенің маған ұстап бер,– дейді,– Әгар да біреуің қошемет қылып ерсең, мен тұзыма салып, теріс батамды беремін,– деді.

Жұрт қарияның бұл сөзінен қорқып, ешкім Төлегенге ермейтұғын болды. Һәм көрсе ұстап бермекші болды. Онда Төлеген ер-тоқымын далаға сақтап, көк жорға атты далада бағып жүрді. Күндерде бір күн Төлеген қолына тұйғын алып, құсқа салып жүр еді. Аспаннан қаңқылдап екі қаз өте берді. Қараса жаз болып қалған екен. Көк жорға атты ерттеп, далада сақтап жүрген жүз мың тіллә, сегіз пұт күмісі бар екен, оны қоржынға салып алып, жалғыз інісі қасынан қалмай бірге жүр екен, оны елге хабар қылады деп атынан жерге алып тастап, өзі көк жорға атты мініп алып, Жайыққа қарап жөнелді.

Назым

Асып туған Төлеген

Жағалбайлы халқынан

Жабдықтап атын мінеді,

Гауһар, лағыл, алтыннан.

Жолдас ермей елінен,

Жалғыз өзі жөнелді,

Бір ғашықтың зарпынан.

Қаздың даусын есітіп,

Сабыр қылып тұрмады,

Дүниеге мойын бұрмады.

Кетіп бара жатқанда,

Сансызбай жылап жүгірді

Төлегеннің артынан.

Рақымы түсті басына,

Көзден аққан жасына.

Қу бауырды қия алмай,

Қайрылып келді қасына.

Сансызбайдың Төлеген

Пәруана болды басына.

Бала келді жүгіріп,

Аш күзендей бүгіліп.

Төлеген тұрды кете алмай

Көзінен жасы төгіліп.

Көзінен ағып қанды жас,

Қандай қиын бауырлас.

Төлегеннің сүйегі

Бордай болып үгіліп,

Алдына жылап келген соң,

Ат үстінен Төлеген

Көтеріп алды алдына

Қабырғасы сөгіліп.

Әлқисса, сол халде Төлеген айтты, Сансызбайды бауырына қысып тұрып: – Қарағым, неге жылайсың, жылама. Жеңешеңді әкеліп беремін,– деді.

Сансызбай сонда сөйледі,

Сөйлегенде бүй деді:

– Жыламаймын, көкежан,

Өзің де енді жыламай

Көзіңнің жасын тый,– деді.

Жылап отыр ата-анаң

Сапарыңды қи,– деді.

Көп жолдаспен барсаңшы,

Ел-жұртыңды жи,– деді.

Жалғыздың ісі қиын-ды,

Жалғыз қайтіп барасың?

Менің жайым мінеки,

Танымаймын ешкімді.

Сіз кеткен соң, көкежан,

Кемпір-шалдың қасында

Өзім жалғыз, өзім жас

Боламын кімге сый,– деді.

Бұ барғаннан келмесең,

Қайғыменен қан жұтып,

Қобыз алып қолыма

Тартамын сонда күй,– деді.

Төлеген сонда сөйледі,

Сөйлегенде бүй деді:

– Айналайын, қарағым,

Жауға барсам жарағым,

Қабырғамда қанатым,

Артымдағы құйрығым,

Жетегімде жан атым.

Айналайын, жылама,

Жібек сынды жеңгеңді

Ап келмекке барамын.

Пендесін Құдай қарғаса

Қабыл болмас тобасы.

Басыма менің түсіп тұр

Ғашықтықтың саудасы.

Айтып кеткен Жібекке

Жақындап қалды уағдасы.

Үйде, түзде болса да,

Неден қашып құтылар,

Басы жұмыр пендесі.

Құдіретіне Алланың

Пенденің жоқ-дүр көнбесі.

Қай іске талап қылмайды

Жер бесікке кіргенше

Адамзаттың жамбасы.

Айналайын, Сансызбай,

Қолғанатым, құйрығым,

Судан шыққан сүйрігім,

Суырылып озған жүйрігім.

Көрмей пенде қоймайды,

Жаратқан Қадыр Алланың

Тағдырда жазған бұйрығын.

Тірі болсам, қарағым,

Жеті айда келемін.

Ажал келсе Алладан

Үйде болсам да өлемін.

Амандық бер деп жолына

Құдайдан сен де тілегін.

Кешіргей Алла пенденің

Ғасылық еткен қатасын,

«Тілімді алмай кеттің» деп

Бермеді әкем батасын.

Басыма Құдай салған соң,

Тоқтата алмадым ішіме

Ғашықтықтың қапасын.

Қыз Жібектің дертінен

Көрейін деп барамын

Мехнатты жолдың жапасын.

Мен кеткен соң, қарағым,

Кемпір-шалға ие боп,

Ғинаят тіле Құдайдан,

Медет тіле пірлерден.

Ақылмен ойлап іс қылғыл,

Көзіңді кімге сатасың?

«Тілімді алмай кеттің» деп,

Ризалық әкем бермеді.

Әкемнен қорқып елімнен

Жалғыз жолдас ермеді.

Сөзімді тыңда, қарағым,

Өзіңді Құдай жеткізсе,

Алып қойдым бәрін де

Ат-тұрман, сауыт, жарағың.

Олай-бұлай боп кетсем

Сенен өзге кімім бар

Алды-артыңа қарағын.

Мұратыңа жеткізсін,

Қарағым, сізді бір Құдай.

Көк бұйдалы тұлпар бар

Биыл құнан, былтыр тай.

Қас қылмаса Құдайым,

Мінетұғын бас атың,

Шырағым, саған сайма-сай.

Ат болғанда мінгейсің,

Алтын балдақ, ақ семсер

Саған арнап соқтырып,

Салдырып қойдым қынапқа,

Аш беліңе ілгейсің.

Талап қылып әр іске

Теңіңмен ойнап күлгейсің.

Бұ сөзімді тыңдағын,

Жеткіншегім Сансызбай,

Жақсыменен жанасып,

Жұрт қадірін білгейсің.

 

Метки

Похожие статьи

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Кнопка вернуться наверх
Закрыть