Шортанбай (Әли Мұхаммед) Қанайұлы

Шортанбай молдаларға неге шүйлікті? немесе «указнойдың» ылаңы

Шортанбай жыраудың ата-тегін сараласақ, Хазрет Әліден бастау алады. Бергі жағында Дуана аталып кеткен Мәді қожа оның баласы Қылыштан, оның Смайыл Әздерден тараған Шортанбай ақынға дейін де (шын аты Али Мұхамед) небір атақты діндарлар шыққанын білеміз.Өзінің және ата-бабаларының хақ жолындағы қызметін Арқада қалай жалғастырғанын да жырлап кеткен:
Қаратаудан Арқаға
Сарысуды жағалап,
Дін ислам жолы үшін,
Адалдан берер дәмі үшін,
Бабаларым ауып еді.
Шортанбай бабамыздың да өзі дінге адал болды. Мешіт ұстады, бала оқытты. «Өлмен малың – иманың», «Қайыры жоқ мал сақтап, дәмді харам шайнама» дейді, «Бұйрықсыздың бәрі харам, шариғатқа сыймаса», «Байлықтың алды иман-ды», «Иманнан басқа нәрсені, Құдайдан көп сұрама» деп уағыздап, заманының бұзылып бара жатқанын дінге сызат түскенінен көрді.
«Медресе, мешіт салдырып,
Мүфтиге берсең балаңды,
Азан, тәкбір айттырып,
Мешітке қойсаң молдаңды,
Сираттың желі соққанда
Ораза, намаз панаң-ды» деп те ескертеді.
Ата дініміздің насихаттаған қасиетті әулеттің өкілі бола тұрып, өз тайпасынан шыққан қожа-молдалар туралы «қыршаңқы» жолдардың мағынасын көпке дейін түсіне алмай келгенбіз. «Қыршаңқы» деуге де келмес, сойылмен соғып түскен әшкере, ауыр үкім. Сол кезеңдегі қожа-молдалардың исламға қайшылығын көрсетіп, қыз­метін жоққа шығарады.
Оны да оқырманның ойына сала кетейік:
Ай мен күннің арасы
Таңда махшар күн туса,
Таразыны аударар,
Кәлиматың шаһадат
Тәмам кісінің расы.
Тәуба, таупых келтірмес,
Азған елдің молдасы
Оның айтқан сөзінің
Асылы болмас расы.
Тағы бірінде:
Бұл асылық асқан заманда,
Қожа, молда көбейіп,
Отырар төрде шөмейіп.
Сәлдесін үлкен орасып,
Жауған қардай борасып.
Жамандығы ішінде,
Жан-жағына қарасып.
Үлкен молда десін деп,
Мәселеге таласып.
Ең мүсәпір қорықсын деп,
Мұңайған болар жыласып,
Өздері жылай жүргенсіп,
Намазды бүтін білгенсіп.
Арам берсең жымиып,
Қалтасына салады.
Мені молда десін деп,
Құдайды алдар әдепсіз.
Тағы бір шумақта:
Ендігінің молдасы,
Залымның болып жолдасы, – деп молда атын жамылғандардың күнәсін бетіне басады. Осы жолдарды оқығаннан кейін ақынның замандастары – қожа-молдалардан қайыр қалмағандай түңілеміз.
Заманақырдың молдасы –
Бек үлкен келер сәлдесі,
Бауыр қыла көрмеңіз,
Рас емес оның дұғасы, – деп тағы айтады.
Бірақ Шортанбай молдаларды жаман сипатын беріп қоймай, бір жақсының келмеске кеткенін де айтып қамығады.
«Қасиетті төре жоқ,
Шарапатты қожа жоқ,
Ендігі сорлы бейшара,
Қорыққанда барып паналар» деген жолдар жақсылардың өткенінен хабар береді. «Ер сасқанда сыйынған, керемет кетті піріңнен» деп тағы қайырады. Сонда «бұл жақсылары кімдер екен?» деген сұрақ туындайды. Ақын айтқан «қожа-молдалар» бұлардың қатарына жатпай ма? Олардың кім екенін тереңінен толғамаған ақын:
«Жеті атасы пір болған,
Балалары молда боп
Парыздан мағына айырған,
Қияметте қожалар
Дуана болып барады» дей келіп, «Айғыр айтып сойсаң да, бұрынғы дінің келер ме?» деумен шектеледі.
Менің де іздегенім осы, бабаларымыз қол берген пірлерім, қасиет­ті қожалар еді. Соңғы жылдары жарияланған Шортанбай шығармаларында, Мұхтар Мағауин басып шығарған «Бес ғасыр жырлайды» жинағында, одан қалды қаламгердің «Жұлдыз» журналында басып шығарған жаңа жырларында қожаларды ақтайтын бір ауыз жыр жолы кездеспеді. Алайда ақын айтты деп қалай жамандыққа қиярсың?! Қазақ даласына ислам дінін алып келген Шортанбайдың өзі де жаралған пайғамбар әулетінің дегдар діндарларын қалай қаралайсың?! Дегенмен дін біткенге қарсы тұратын, атеизммен сусындағандардың алдында назарымызды төмендеткен, өткен ғасырлардағы қожалардың қызметін кішірейткен осы шумақтар болатыны өтірік емес. Қолайыма келмейді деп ақын жырларын жинақтардан алып тас­тай алмайтынымыз да анық. Десе де тек жырлары ғана емес, артында асыл дұғасы қалған асқан ілімді діндардың осылай ашына айтуына не себеп болды, қай қожасы жолынан жығылып, халқына зиянын тигізді деген сұрақ көкейімізде жүрді. Ал оның жауабы әріде екен.


Ақынның кімдерді әшкерелеп, кімдерді нұсқағанын түсінбегенім өзімнің білімімнің аздығынан, ел тарихын білуге деген талпынысымның таяздығынан екен. Жалғыз мен емес шығармын, жалпы екі жүз жылға созылған патша отарының саясатын қазіргі заманда түгел зерделеп, түбіне жете қойған жоқ шығармыз. Зар заман заршысы Шортанбайды оқып отырып, оны заманымен, яғни орыс отаршылдығымен, сол кезеңдегі патша саясатымен аз байланыстырамыз. Себебі бұл тақырып азды-көпті зерттелсе де, қалың бұқараның санасына салдары жете қойған жоқ. Ақын зарына бойлай қоймадық. Оның бір кесірі өткен ғасырдағы кеңестің қолымен жазылған тарихта жатқаны анық. Сиясы оңайлықпен өшпейтін кеңестің құдайсыздар қоғамының көлеңкесі ата дініміз бен иманымыздың жарығын әлі көлегейлеп тұрғанын мойындау керек. Ұлы ақынның қалдырған мұрасын түсінетін өрелі ұрпақ жетіле қоймады ма деп те қорқамын. Дегенмен талпыныс бары қуантады.
Шортанбай жырларының құпиясын, ақын сөзімен айтқанда «аққан іріңін» толық түсіндіретін «кілт сөзін» дәл табу арқылы ақынды түсінгендей боламыз.
Жақында ақын жырларының бірнеше нұсқаларын салыстырып оқып отырып, үлкен «жаңалық аштым».
Василий Радлов – Шортанбай жырларын, Орынбай ақынмен айтысын жазып қалдырған орыс империясының ірі ғалымы. Белгілі профессор Қанипаш Мәдібаеваның айтуынша: «Шортанбайтанудың басында, біздіңше, халқымыздың әдебиет үлгілерін жинап-зерттеу­ші, бағалап-сараптаушы, қазақ әдебиетінің ғылыми сипаттамасын жасаушы В.Радлов тұр» дейді. Радлов «Зар заман мен заман ақыр» тәрізді ғибрат өлеңдер қамтылған Шортанбай жырларына «Ертістің шығысында дала қазақтарының моллалары шығарған қолтума туындылары» деп анықтама беріпті. Радловтың «Образцы народной литературы тюркских племен», ІІІ том, СПБ, 1970 жинағында жыраудың бірнеше туындысы жарық көргенін айттық. Оны алғаш рет осы тақырыпта диссертация қорғаған Қанипаш Мәдібаева жинақтаған ақын шығармаларында қайта бастырған еді. Сол еңбектің 16-бетінде:
«Ал мынау указной шыққалы,
Ұзатқан қызда неке жоқ,
Өлгендерде ысқат пенен
құран жоқ,
Ел ішінде қожаның есебі жоқ» деп бізге «указной» деп құпияны ашатын кілт сөзді көрсеткен-ді. Осы сөздің мағынасын ақтара келе, ақын айтқандай «есебі жоқ қожаның» да ізін таптық. Себебі ақын Сарыарқаға ағылып келіп жатқан указнойлардың қатарынан «қожаларды» көріпті.
Бірақ бұл «указной» қазақ сахарасындағы ислам дінін таратқан пайғамбар әулетінің қожалары емес. Патша ағзам жарлығымен бекіткен молда екен.
Олардың кім екенін білу үшін Шортанбай ақынның зар илеген үніне құлақ асып, отарлау саясатының басын ашып алайық. Кез келген деректерде «Отарлау – күшті державалардың әлсіз халықтарды күш қолдану арқылы бағындырып, олардың байлығын, жерін иеленіп қана қоймай, отарланушы елдің әкімшілік басқару жүйесін түбегейлі өзгертудің нәтижесінде үстемдік орнатуын» айтады. Қазақ жеріндегі орыс отарлауының басын академик Манаш Қозыбаев 1732 жылдан емес, 1580 жылдан басталған деп жазады. Ақын өмір сүрген ғасыр – қазақ жерін отарлап алған қалың мұжықтың жорық алдында тыныс­таған кезі. Бұл кезеңде жерін тегін иеленіп, ел билігін қолына алып, патшалық сот билігі орнап, рухани әлемін тарылтып болып, енді мұсылман дінін әлсірету шараларына кіріскен сәті еді.
Ал ақ патшаның рухани отар­лауы 1862 жылдан басталды деуге болады. Оның аты шоқындыру еді. Осы істі асқындыра түсіп, 1868 жылы указной молдаларын жіберіп, елдің мысын басты. Өйткені осыған дейін қазақ даласында діни тұтастық берік еді. Момын халқы аса діндар болмаса да, ислам шарттарын бойына жинаған, үлкенді сыйлау, кісі ақысын жемеу, бауырмалдық, дүние қуып, адам жатырқамайтын сыпайы сипатты сахара ұлдарының рухани діңгегін ұстаған, ақынша айтқанда «жеті атасы пір болған, балалары молда болып, мешіт ұстап, қырық парызын түгендеген» кереметті қожалар болатын.
Орыс отаршылары дін иесін алас­таса, халықты надандыққа ұрындырып, басқа өркениетке бас ұрдырып, өзін-өзі жоғалтатынын білді. Олардың зұлым саясатын түсінген Шортанбай жырау қарап қалған жоқ. Зар заманына басып, ел-елді аралап, жау алқымдап алғандағы бұзылған елдің дертін, қазулы тұрған көрін көрді. Кеулеген індеттен арылудың жолын да көрсетті. Ол асыл діні – ислам еді. Қазақ жеріне біржола келген отарлау жүйесі қазақтың өз дінін өзіне иелетпей, патша өзінің астыртын тыңшыларының қызметіне молдалықты міндеттеп, указнойларын жіберді. Дін атын жамылып келіп, указной молдалар елді әбден шатастырды. Өкімет олардың қолына билік берді, дегенін болдыртты. Жергілікті жердегі діни істерді тек тағайындалған молда ғана жүргізеді деп бұйрығымен бекітіп қойды. Ақынның «Қияметте қожалар, дуана болып барады» деуінің себебі сол.
Указной молдалардың ылаңын жазып қалдырғандардың бірі – Құрбанғали Халид деген тарихшы. Қазақ баласын сүндеттеп, құран оқытып, некесін қиып, өлігін көміп, жабдығын түгендеген қожаларды қуғынға түсіріп, указной молдасыз өліктің жаназасы шығарылмағанға дейін жетеді. Өлі түгіл, тірінің де билігін бетімен жібереді. Бұл қазақтың болмысын, мәдениетінен ажырататын тура жол екенін ел қамқоры, руханиятының қорықшысы Шортанбай молда білмегенде кім біледі?! Орыстардың айла-шарғысын ақын айтып, зарламағанда кім зарлайды?! Құрбанғали Халидтың «Тауарих хамса» кітабында указнойлардың күймелетіп, указдарын алып, мойындарына шынжыр баулы сағат салып келіп-кетіп жатты дейді.
«Тәспі алғансып қолына,
Тұмар тағып мойнына,
Бойын жуып пәктемей,
Нәпсісін тыйып тек демей,
Намаз оқыр дәретсіз» деген жолдар осы бейнені еске салады.
Указнойлардың ылаңы мұнымен біткен жоқ. Шортанбай жырларында сол кезеңдегі орын алған, келеңсіз дүниелер түгел берілген екен. Осы еңбекті оқи отырып, ақын жырларын, оның жанайқа­йын толық түсіндік. «Калиматсыз кәпірге кіріптар қылдың құдіретім, ал бұ заманның аяғы!» деп түңілген ақын ақтық шешім шығарады.
Шортанбай жырларында назар аударатын нәрсе, жаңа биліктің жандайшаптары указной молдалардың ел ішіндегі әдет-ғұрыпқа да араласып, қалыптасқан құндылықтарды бұзып, тіпті ерлі-байлылардың да ортасына түскені еді. Әсіресе, өскелең ұрпақтың қасиетінен ажырауы, ата-анасын сыйламай, білгеннің ақылын алмай ауа жа­йылуы налындырады. Тіпті көп адамдар Қазан төңкерісінен кейін ғана болды деп ойлайтын әйел теңдігі басқа сипатпен ақын жырларында қозғалады.
Оның да сырын указнойлардың ылаңынан таптық. Олар әйелдердің қатынасында ата жолы дәстүрін мансұқ етуіне жағдай жасаған, қыз­дардың өз қалауыма тиемін деп, жесірлердің де жұлқына шыққаны молдасымақтарға пара беріп аздың сөзін сөйлеткенінде екен. Жоғарыда аталған кітапта: «жергілікті жерлерде аздаған көзі ашық оқығандары болғанмен, келген указной молдалардың тозаңы бұларды басып кетті» деп жазады. Бұл кез қожасы қалың Қаратау мен Арқа арасындағы ақ жолдың жабылып қалған шағы еді.
Бертінде Абай да бұл мәселеден шет қалмай: «Молдалар тұра тұрсын, хусусан әсіресе бұл заманның ишандарынан бек сақ болыңдар. Олар – фитнә ғалым, бұлардан залалдан басқа ешнәрсе шықпайды. Өздері хүкім шариғатты таза білмейді, көбі надан болады. Онан асып өзін-өзі әһіл тарихат (діндар көрініп) біліп және біреуді жеткізбек дағуасын қылады. Бұл іс олардың сыбағасы емес, бұлардың жеткізбегі мұхал (мүмкін емес), бұлар адам азғырушылар, хаттә дінге де залалды. Бұлардың сүйгені – надандар, сөйлегені – жалған, дәлелдері – тасбығы менен шалмалары, онан басқа ешнәрсе жоқ» (жиыр­ма төртінші қара сөзі)
Кейіннен Мәшһүр Жүсіп атамыз:
«Құранды қор, молданы боз­дай қылып,
Кірісті сөндіруге ислам нұрын» деп айыптады. Бұл, әрине, указнойлардың ушығып тұрған Шортанбай заманынынан кейінгі айтылғандары.
Ақын осы залалмен бетпе-бет келді. Сұрқия саясаттың «қожа-молдалар» қызметін артқарғансып, солардың атын жамылып келген қулығын бірден түсіне қойған жоқ. Бірақ бар болмысымен бір жамандықты сезіп, жеті атасынан бері қорғап келген мұсылман қамалы құлап бара жатқанын указнойдан көріп, елін сақтандырды.
Әрине, қалың оқырманға Шортанбай жыраудың орыс отарына қарсы шыққаны жақсы таныс және осы кезеңнің басындағы барлық өзгерістер мен құндылықтардың ауысуы көз алдында өтіп, оның салдарын, шығу себебін тәптіштеп айтып кетті, жырымен жеткізді. Сонда да екі ғасырдан бері сол саясаттың ызғары ыдырамаған жыраудың шығармашылығын үңіле оқығанда ғана оқырманның жүрегіне зар заманның зары жетері анық. Біздің мақсатымыз – «қожа-молдалардың» арасын ашып, анығын айтып, оқырманның түсінбей қалған тұсы болса, біле жүрсін дегеніміз ғана. Шортанбайдан жеткен зар заманның тарихи тұжырымын түсіндіру мамандардың, ғалымдардың жұмысы деп білеміз.

Айгүл УАЙСОВА

Таңбалар

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button
Жабу