Шортанбай (Әли Мұхаммед) Қанайұлы

Ақынның ата-тегіне қатысты кейбір сұрақтардың жауабы

Шортанбай мен Асан Бұғының араздасуы

Ақынның көп бұрмаланған жыр жолдарының бірі Шортанбайдың өлер алдындағы аталас туысы, замандас жолдасы Асан Бұғымен арыздасуы дер едім. Кейбір нұсқада «айтысы» деп те жазады. Біздіңше, жыраудың жаны алқымға келген сәтінде сыйлас, сырлас қатар жүрген қимас досымен кездескендегі ақырғы сәті екенін түсінсе де бой жасап, жас күндерін еске алып, сөз қағыстырып қоштасуы, арыздасуы. Рухы мықтылардың өлім алдындағы биіктігінің бір белгісі. Бұл барлық нұсқаларында былайша жырланады:

«Әлқиса, Жәкең сонда ат жіберіп, түнделете жеткен Асан Бұғы ертемен сәлем бере кірген. Әммә отырған халайықтар айтты: «Мына Асан қожаға ғарыз айтыңыз», – деді. Енді айтқаны:

Сөз айтайын Асанға,

Дүниеңе мақтанба!

Япырм-ау, неге мақтандың,

Дәулетің судай тасқанға?

Дүниеқордың маясы,

Жақын дейді шайтанға.

Жетпіске келді бұл жасың,

Дүние болды жолдасың.

Әндіжандық сарт едің,

Қай жеріңнен қожасың?

Қаратауда туылдың,

Пәленше деген мырзасың.

Сарыарқаға келген соң,

Төрт аяқты жорғасың.

Жәдігөй жауғыш атанып,

Осынша жиған мүліктен,

Не көреді қу басың?

Талабың бар жалғанда,

Әлі де болса аспаққа,

Дүниенің боғы үшін,

Күнде жосып аптықпа,

Мен раббың деп сұрағанда,

Ұяларсың лахатта».

Бұл жолдарда ешқандай айырмашылық жоқ. Бар болғаны «Күнде түсіп аптапқа» десе енді, бірінде «аптапқа» не «аптықпамен» беріледі. Енді бірінде «Күнде жосып  аптықпа» деп келеді. Біз осы жолды таңдадық.

Әрі қарай айтылған сөздердің кімнің кімге тиесілі екенін ажырату қиынға түсіп, жолдар  араласып кеткен. Қазақ тіліндегі «ем» және «ең» есімдігіне қарап,  қайсысына тиісті екенін дәл айту қиын.

Асан Бұғы: «Шортеке, ажал Алладан, енді сөздің жөнін айт», — деген. Сонда Шортекең:

«Әуелден күнә  —  жанға қас,

Қазаққа келіп болдық мас.

Менің тегім – сарт еді,

Сенің тегің – қызылбас» деп, осы жолдарды қағазға түсірген адам, алдындағы  шумақтарға керісінше: Шортанбайды – сарт деп, Асан Бұғыны – қызылбас деп атайды.

Мұны шортанбайтанушы кәмел Жүністегі былайша түсіндіреді: «Жыраудың осы мәтінін айтып жеткізуші не дұрыс мәтінді естімеген, не қасақана бұрмалаған. Оны Шортекеңнің өлеңін әрі қарай оқығанда көреміз. Бұл жолдардан қаржасқан екі ақынның қайсысын қалай атағанын көзіміз жетеді. Қазақ ақындарының айтысында қарсы жағын сөзден ұту үшін кез келген тәсілді, орайлы сөзді қолдана берген. Соның бір мысалы осы Шортекең өмір сүрген  Шет ауданы көлемінде ғұмыр кешкен Диа қажы Бабас ақынның қақтығысы. Екеуі де түйте руынан. Бір реті келгенде Бабас ақын туысы Диа қажыға

Осы қажы түйтеме,

Түйте болса бүйтеме — деп тиседі.                                                                               Осындай – осындай айтыс ақындардың сөзін сол қалпында қабылдау өрескел қателікке апарады. Тіпті қасақана кемсіткісі келгендер қазақтың ұлы ханы Абылайды да «Сарт» деп жазып жүрген жағдайлар бар. Демек, бұл дерек кейбіреулер бықсытып Қожа, Төрелерге қарап айтып жүрген «Сарт» деген жанаманың негізсіз екенінің дәлелі».

Әрі қарай оқыңыз:

Ойнап түбің сарт дедім,

Мені атадың қызылбас.

Екеуміз өстіп қаржассақ,

Екеумізді пір тұтқан,

Ел қалайша бұзылмас.

Жәдігөй жауғыш болмаңыз,

Ақырет қамын ойлаңыз.

Жасың жетті жетпіске,

Иман бер деп сұраңыз.

Бұл айтқаным ақылым,

Аталас туған жақыным.

Қиямет күн кез болса,

Пайдасы болмас қапыңның, – дегенде, іркілмей-ақ Асан Бұғы:

Қызыл сөзді Шортанбай,

Шындықты өстіп айтсаңшы,

Сүйекті қорлап дақ салмай, – деген соң екеуі құшақтасып көрісіпті, Шортекеңнің соңғы өсиетін Асан Бұғы да жазып отырған деседі».

Қолда болған барлық нұсқаларда осы жолдармен  екі жақсының  айтысы аяқталады. Біздіңше, екі атауға да түсінік бергеннің артығы жоқ. Айтылған сөздердің екі тарапқа да бірдей қаратылып қайталанып айтылуынан ізін таппай қалған  жайымыз бар.

Оқырмандарды жаңылыстырмау үшін алдымен Шортанбайдың  ата тегіне тоқталып өтелік. Естеріңізде болса, Шортанбай мен Орынбай айтысында:

«Дуана қожа атасы барар Мекке,

Мейрамға имам болған жалғыз, жеке» деп сәлем береді. Дуана қожа кім екенін білгіміз келсе, Дуана қожа — Мәді қажы  әулетінің шежіресіне үңілейік:

«Қажы (Маһди) – халыққа Дуана қожа XVII ғасырда өмір сүрген ағартушы, елін ойлаған, дінін қорғаған Алланың момын құлы, Яссауи силласы бойынша ілім алған, соның ілімін жалғастырушы, сопылықтың төрт ғалам, қырық ғаламатын толық игеріп кабри – шайқы (шейх) дәрежесіне жеткен ғалым. Қазақ даласынан бастап Араб сахарасына жеткенше барлық мұсылман елдеріне белгілі және қадірлі тұлға болған деген сөздер ел арасында әлі күнге дейін сақталған. Захид ұлы Маhдиді қазақ ішінде Мәді-қожа деп атаған».

Қажы Мәді (Диуана) бабамыздың дін ілімін насихаттау істерін одан әрі қарай өздері өмір сүрген орталарында жалғастырушылар – екінші ұлы Қылыш қожа және оның ұрпақтары туралы болмақ. Қылыш қожа өмір сүрген аймағы Сырдың төменгі ағысы, яғни, қазіргі Қызылорда облысының Сырдария ауданының төңірегі деп айтуға болады. Зираты да сол маңда.

Дуана — Қылыш қожа – Смайыл Әздер – Әбдіқалық (Қанай), Әбдіраман, Әбдірейім (Әбдірахим), Әбдікерім, Абдулла, Ибрайым (Базарқожа)

Смайыл Әздер – Әбдіқалық (Қанай) – Шортанбай (1818-1881жж)

Шортанбай – Аязбай, Алдаберген, Бәйіш.

Шежіреші Сейітомар Саттарұлының айтуынша, Бұл  Маһди (Дивона) қожа аталығының ұрпақтары осы күнгі Шет ауданынан жоғары қарай Көкшетау, Ақмола, Атбасар, Ереймен тау, Екібастуз,Ақ көл жайылма, Кереку,  Баянаула-маңына барып Арқаның көп жерінде Арғындар мен Қыпшақтар ішіне орналасқан. Түп қазығы Оңтүстік Қазақстандағы Қазығурт ауданы, Турбат елді мекенінде жатқан Исмаил ата мен Исхақ атаға барып тіреледі. Түпкі бабасы Әбд-Жалел баб (Хорасан ата) Жаңақорған маңында.

Дегенмен, қалжыңдап болса да айтылған  «сарт» пен «қызылбастың», «әндіжандық» қожалардың анығына жетейік. Егер нағыз  сарттың кім екенін  білгіңіз келсе, ресейлік ғалым Сергей Абашиннің анықтамасына құлақ түрелік. Ол өзінің «Возвращение сартов? методология и идеология в постсоветских научных дискуссиях» деген зерттеуінде ирантілділер мен түрік-монғол жаулап алушыларының байланысынан туылған халық деп Р.Масовтың дәлелін келтіреді. Және оларда тәжіктердің қаны басым болғанын мысалға  алады.

Қысқасы,  XV–XVII ғасырларда «сарт» атауы қолында діни билікті де қолында ұстаған, қаланың саудагерлері мен қолөнершілерінің әлеуметтік тобын атаған дейді. Абашин тілге тиек еткен ғалым Мирбабаев 2002: 185–186], еңбегін айта келіп, оның «сарттар – тәжіктер, олар өзбек те қырғыз да емес дегенін алға тартады. Ғалым  сарт тілі — тәжік сөздерінен және өзбектің сөйлеу мәнерінен құрылғанын айтады. [Мирбабаев 2002: 191, 192].

Енді бір деректерде төңкеріске дейінгі ресейде, ол кезеңде Түркістан өлкесі аталған Орта Азияда сарт деп аталатын халық барын айталады. Алайда Орта Азия онға бөлінген, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркмения, Қырғызстан  мен Қазақстанда ондай  ұлт бүгінде есепте жоқ. Патшалы Ресей орталығы Ташкент пен Ферғана жазығы бар Қоқан хандығын отарына алғанда ол эердің халқын тәжіктер деп атады. Алайда уақыт өте келе олардың да айырмасы бары анықталды. Сыртқы пішіндері,тұрмыс тіршілігі мен салт дәстүрі тәжіктерге келгенмен, «сарт» тілінде сөйледі. Олардың тілі шағатай және көшпенділердің тіліне ұқсайды. Сарттарды жақсы зерттеген Қазан діни академиясының түлегі этнограф әрі тарихшы Николай Петрович Остроумов (1846-1930) «сарттар» — Орта Азия халықтарының көшпенділерін отырықшы тұрғындарынан ажыратуға арналған көне атау дейді. Этнографиялық жағынан алып қарағанда сарттар тәжіктерге ұқсайды бірақ олардан айырмашылығы парсы тілінде емес, түрікше сөйлеп, сыртқы пішініне қарағанда тәжіктер мен көшпенді түріктерден де ортақ ұқсастық бар дейді. Осы кездегі орыстардың ұғымындағы сартқа қарсы шыққанның бірі — Сералы Лапин (1869-1919), ол кездері Самарқанд әскери губерниясында тілмаш болып қызмет еткен. Лапин «сарт» сөзін түземдіктер ешқашан оқшау ұлт ретінде айтпаған. Оның пікірінше халық тілінде сарт деп отырқшы халықты айтқан. Сөйтіп, дәлел келтіре отырып, «сарт» сөзін сол кездегі орыс шенеуіктері жасаған этнографиялық сөздіктен алып тастатқан.

Дегенмен, сарттар Орта Азия тұрғындарының бір тобы ретінде патша үкіметі құлаған 1917 жылға дейін есепте тұрған. Статистикаға сәйкес 20 ғасырдың басында Түркістан өлкесінің отырықшы халқының 2/3 құраған.  Ресей империясының 1897 жалпы санағында 968 655 сарт болып, сан жағынан қазақ, татар башқұрт сияқты түрік халқынан кейінгі төртінші орынды құраған. Кеңес кезінде 1924 жылдан кейін этнографтар, сарттарды оқшау этнос деп қарамады, себебі өзбек этносына сіңіп кеткен. (Мухсин Нурулла)

Демек, жергілікті халықтың  айтқанына қарамай, жеті атасының шежіресі қолымызда бола тұра, қожаларға қарап айтылған «Сарт» деген анықтаманы біржолата қолданыстан алып тастаймыз. Сөйтсе де, жалпы сарт деп Арқада  отырықшы халықты, оңтүстіктің адамдарын, қолында хат-қаламы бар не болмаса саудамен жүргендерді де айтатын салтын жоққа шығармаймыз. Бұл үрдістің түпкі мағынасы осы пайымға келеді.

Екінші  атауы, қайсысына қаратылып айтылса да  «қызылбас» дейді. Жалпы алғанда қызылбас деп қазақтар ирандықтарды атаған. Мына ақпарат интрнетте жүр екен: Қызылбастар — түркі тілдес ұлыс. Қазақтың батырлық жырында айтылатын Қызылбастар ұлысы  12 шиит имамының құрметіне тігілген 12 қызыл бас киім киюіне байланысты аталған.

Қызылбастар  Иран, Сирия т.б. Кіші Азия елдерінде тайпалар бірлестігін құрған. 15 ғасырдың ортасына қарай осы түркі тайпаларының әскери әрі діни туыстығына айналған шииттік —  Севефи әулетінен шыққан қызылбас билеушілері бүкіл парсы мемлекетін өзіне қаратып, астананы Тевризден Исфаһанға көшірген. Егер бұл халықтың шииттер екенін еске алсақ, онда оның да Шортанбай ұстанымыныа діни сеніміне қайшы келеді. Бірақ «қызылбас» сөзі қайдан шықты? Бұл туралы шортанбайтанушы Кәмел Жүністегі ақынның атқосшысы болған Әбеу ақсақалдың  айтысына қарап, Шортанбайдың қызыл шырайлы, жирен сақалды, екенін еске саламыз. Бұл да құрдастардың «қызылбас» атауына негіз болуы мүмкін.

«Қызылбас» сөзінің жырға тиек етуінің бір себебін шежіреші Сейітомар Саттарұлы былай деп пайымдайды: «Негізінде Асан Бұғыны «Қызыл бас» деп айтпағының қиысыны бар.  Асан Бұғы әндижандық Ахмад Косани-Мақтум Ағзамның әулеті. Ол әулет Балқаш, Ақтоғай, Дересін, Мың арал маңында Өтеген қожа мен Сәдірқожа — Шах Бүзірік әулеті көптеп тұрады. Бұл әулеттен Қожампадша мен Жаппарқожа Байқошқар маңында мәңгілік мекен еткен. Шұбартауда Дағандының бойында (Қара қожа) Қожампадша бар. Түркістан маңынан келген деп есеппен  Шортанбайды «Сарт» десе, арғы бабалары Самарқанд, Ферғана маңынан келген Асан Бұғының  Қызылбас аталуы осы ойымыздан шығады»-деді.   Ол тағы да мына пікірін ортаға салды. «Асан Бұғы — қожалардың Сейт аталығының  адамы. әулет Хаз.Алидің Бибі Фатима атты әйелінен Имам Хусайн бабаның әулетінен. Ахмад Косани (Мақтум Ағзам) Самарханд түбінде Дагбетте жатыр. Шайх Бұрханиддин Қылыш Ферғанада мәңгілік жай тапқан. Ташкенттен арғы жағын,  Парсылар елі мен сол жаққа жақын орналасқан халықты «Қызыл бас» деп атау бұрыннан бар.

Ақынды Қаратаудан кім әкелді?

Шортанбай жырау өлеңдеріне текстологиялық толықтыру өзгерістер қажеттігі анық. Бүкіл 20 ғасыр бойы зерттеліп анықталып келе жатқан Абай өлеңдеріндегі жеке сөздер қаншама дұрысталды. Бір ғана Тұрсын Жұртбайдың бір  ғана жыл ішінде Абай өлеңдеріндегі сөздерге анықтама, дұрыс мағынамен оқылуына қанашама күш арнағанын көріп отырмыз. Шортекеңнің біреуге қаратып айтқанын өзіне қарай бұру да өткен заманның қитұрқы ісінің жалғасы. Шортекең

Қаратауда халық едім, — демейді

Қаратаудың халқы едің, — дейді

Қожа емессің «Сарт» едің — дейді Асан бұғы туысына

Қазақ саудагерлерді «Сарт» деген. Асан бұғы осы саудагерлерлікпен шұғылданғаны үшін Шортекең оны «Сарт» деп іліп отыр.  Онан әрі дұрысы

Көк есекке мінуші едің

Масақ теріп жүруші едің

Арқаға шығып нан жедің,

Нан жеген соң дәндедің.

Қазақтың жүйрігін мінсем деп,

Сұлуы болса сүйсем деп,

Күннен күнге сәндендің-деп те қағытады. Алайда  жыраудың  өмір-тарихын, өлең айтылған  адамға қарым-қатынасына бойламағандар бұл сөзді ақынға балап, ақынға теліп жүр.

Егер Шортанбайдың барлық жырларына, өлеңдерінің идеясына қарап отырсақ, оның діннің  негізіне байланған ойлары сұлу сүю, жүйрік міну сияқты пенделік қызықтардан биік болғанын білеміз. Сол себепті, аталас туысына айтқан сөзін, ақынға теліп,  ақынның арқада туып, арқада өткен өмір жолын  көріп біле тұра қиянатқа баруға болмас.

Біздің ойымызша:

Қаратаудан Арқаға,

Сарысуды жағалап,

Дін ислам жолы үшін,

Адалдан берер дәм үшін,

Бабаларым ауып еді, — деген жолдар ғана ақынға тиесілі, шындыққа жақын  деп ойлаймыз.

Әрине, бізге жеткен жыраудың әрбір сөзі қымбат.  Басқа жырларына қарағанда осы жолдардың көп өзгеріске түскенін ақыннның өміріне, ата-тегіне деген қызығушылықтан деп білеміз.

Арқадан жоңғар-қалмақтарды  тықсыра қуып, жерді босатып, сырды паналап тығылған орта жүздің игі жақсылары алдымен Сыр-Қаратау өңірінің қолқалап қожаларын алып келді. Сол елдің ұлттық рухын, дінін сақтау үшін арпалысқан, сол елмен бірге өсіп, бірге өркендеген. Сол тайпа, сол ру Қожаларға бас иіп, оны пір тұтқан. Қасиетті қожалардың алдыңғы толқын ағалары осы миссиямен Арқаға келсе, Шортанбайдың  есейген шағында  елді ңмойнына орыс отарының қамыты түскен кезі еді. Дін жолына адал ақынның  артында қалған ұрпағына насихат айтып кетуі осы қожалық жолдың  қасиетінен деп түсінген абзал.

Екі жақсы айтысты ма әлде  жырмен арыздасты ма, әйтеуір екеуінің арасында жүрек жарды, қимастықпен қоштасып, жанашырлықпен  жайын жеткізген жолдар қалды.  Бір нұсқада елу жолдай жыр жолдары болса, екеуінің арасындағы айтыстың толық нұсқасын Кәмел Жүністегі жазып жеткізді.

Кәмел ағамыз, ақынның замандасы Асан Бұғымен айтысы бір ғана қақтығыс емес,  тең құрбылар арасындағы қалжың ретінде  талай жылдарға созылған  жағдай деп бағалап, Шортанбайдан кейін талай жыл өмір сүрген  Асан Бұғы «Ей, қу сөз-ай, жеңем деген далбасамен  Шортанбайға тілім тиіп кетті-ау» деп сан  өкінгенін  Қази ақын да, Анарбек жыршы да  ескертіп  айтып отыратын деп еске алады.  Асан Бұғының арқа  жерінде 40-жылдарға дейін болған немересі Әбукарин де оның сол өкінішін ел құлағына қалдырған екен.

Есекке мінсе несі айып?!

Шортанбай Қанайұлының жырлары 1993 жылы ғана жеке жинақ болып шықты. Сол кітапта Шортанбай мен Асан Бұғының айтысы, құрастырушылардың  қолында болмауы себепті, үзінді түрінде  жарияланған.

Біз Шортанбай мен Асан Бұғы айтысының толық нұсқасын ұсынып отырмыз.  Бұл мәтін Жезқазған облысының Ақадыр ауданы «Өспен» кеңшарында тұратын, сексеннің сеңгіріне шыққан Әбдіғұл ақсақалдан  алынды.  Ал Әбекең айтысты  кезінде тоқсаннан асып, алпысыншы жылдар ортасында қайтыс болған әкесі, есімі республикаға белгілі ақын-жыршы Маясар Жапақовтың айтуында қағазға түсірген.

Шортанбай:

Замандасым, ей, Асан,

Тұрақсыз заман, ойласаң.

Бақ шіркінге мәз болма,

Тұрмайды баста байласаң.

Тұрмайтынның себебі,

Арқаны алған мынау жау,

Сені де қоймас түбі сау.

Саудамен тапқан тиынға

Әулиедей сыйынба.

Мұсылманның баласын,

Хан, ақсақал, данасын

Қыспаққа алған кәпірге

Сенің-дағы малыңды

Тартып алу қиын ба?!

Хақ пайғамбар тұқымы ем,

Медет берген бір ием.

Елдің зарын жеткізіп,

Сөз сөйлеген жиында

Айтыспақ боп менімен

Ниет еттің, ақыным.

Қайыр жоқ сөз айтып,

Кесапатқа көз айтып,

Тектен-текке күпір боп,

Шатысбассың, жарқыным.

 

Асан Бұғы:

Көп сөз айттың, Шортанбай,

Не демейді қу таңдай.

Мешітке ие қожасың,

Жанғұттымен құда боп,

Бар жақсыдан озасың.

Ойламасаң дүние ісін,

Есбаймен неге жақынсың?

Сөзіңе жұрт ұйыған,

Дес бермеген ақынсың.

Кереку, Семей барғыштап,

Ат, арғымақ алғыштап,

Ойлап кеттің бақ ісін.

Сен пайғамбар тұқымы,

Мен Әндіжан қожасы,

Тек сен ғана жақсы боп,

Бәрімізден озбақсың.

Саудамен дүние жиды деп,

Бұл орыстың ісі деп,

Алдымызға тосасың.

 

Шортанбай:

Сөз айтайын Асанға,

Дүниешілікке мақтанба,

Жәрмеңкеде қақтаңдың,

Дәулетің судай тасқанға,

Дүниеқордың мәнісі –

Жетпіске келді бұл жасың,

Дүниешілік болды жолдасың.

Тәнім отқа күймесін,

Тілім менің тимесін,

Арғы атаң аруақты,

Қожасы еді бір елдің.

Жақсыдан шыққан қу келдің,

Ата жолын ұмытқан.

Дін оқытып жөн айтпай,

Саудамен кеткен өз басың.

Әндіжандық сарт болдың,

Қай елдің ең қожасы?

Қаратауда туғансың,

Пәленше деген мырзасың,

Сарыарқаға келген соң,

Төрт аяқты жорғасың.

Осынша жиған мүліктен

Не көреді қу басың.

Таласың бар жалғаннан

Әлі де болса аспаққа,

Дүниенің боғы үшін,

Күнде жосып аптықпа,

Ұяларсың лахатта,

«Мен раббың», -деп сұрағанда.

 

Асан Бұғы:

Қаратаудың халқы едің,

Бір атадан жалқы едің,

Есек мінсек айып не?

Әуелде күнә жанға қас,

Арқаға келер, болар мас.

Мені бүгін сарт дейсің,

Қалжақтан ауыз жимайтын,

Дуалы сөз  ішке сыймайтын,

Ала қашпа көк езу,

Сені атады Қызылбас.

Пір болған соң тантыққа,

Қалай заман бұзылмас.

 

Шортанбай:

Жәдігөй жарғыш болмаңыз,

Ақырет қамын ойлаңыз.

Жасың жетті жетпіске,

Иман бер деп сұраңыз.

Арқаға шығып нан жедің,

Нан жедің де дәндедің.

Сұлуы болса сүйсем деп,

Жүйрігі болса мінсем деп,

Күннен күнге сәндендің.

Арқадан қылып жайлауды,

Әркімнен алдың байлауды.

Қиямет күні болғнада,

Қандай жерде мекенің

Сен ғаріптің сайлаулы?

Бұл айтқаным – ақылым

Аталас туған жақыным,

Қиямен күні кез болса,

Пайдасы болмас қапының.

Ағартты Құдай басыңды,

Өлшеп те берген жасыңды,

Сауда деген – елді арбау,

Қоярсың енді осыңды.

«Шортанбай Қанайұлы, Қай заман?» жинағынан алынды, құрастырушы Кәмел Жүністегі

 

Ұлы Пайғамбар және ұрпақтары: шежіре-кітапта Асан Бұғы туралы мынадай мәлімет бар. Есенқожадан Асанбұғы, (лақап аты  Қасен баба) Одан Сапар, Садық,  Әбуарыс туады.

Сапардан — Бідан,  Әбдіжәлел,  Әбдірашид.  Садықтан Зәйд,  Әбуарыстан Бақи Қасенбабин.

Әбуарыс  – Шет ауданында  1929-1930 жылдары  прокурор болған, респрессияға  ұшыраған.

Шортанбайдың  туыстығы бар Асан Бұғының  жоғарыда айтылған жауабынан «Есек мінсек айып не?»  деген жолдан «көк есектің» жайын ұғамыз. Яғни: «Көк есекті мініп, Масақ теріп жүргеннен, Арқаға шығып нан жеп, одан дәндеп, қазақтың жүйрігін мінсем деп, Сұлуы болса сүйсем деп,

Күннен күнге дәндегеннің кім екенін табамыз. Оның айтушыға қайтарған сөзінде: «Есек мінсек айып не?» деген жауабы мәселенің басын ашып алады деп ойлаймыз. «ісі адал, еті арам» есекті қос жақсыға мінгізуге арланғанымыз емес, қазақы оңтүстікте Қаратауда оның қай баласы болса да, қазағы, өзбек, сарты болсын, мініс көлігі ретінде пайдаланып, оны  тұлпардан кем көрмейді.

«Арқаға келіп… жүйрігін мінсем» деген тар ұғыммен қарап  Қартаудағы есек мінген қазақты қарама-қарсы қою білгендіктің, озық ойлының ісі емес, бықсық біреулердің бір қазақты бір қазаққа қарсы қою ниетінен туған түбі шикі пікір.

Сонымен, Шортанбайды «көк есекке» мінгізіп қойғысы келетіндерге осы дәлеліміз жеткілікті деп ойлаймыз.

Дәл осы арқаның жұртына бір қызметі өткен жан болса, ол Шортанбай.

Оның ақындық та  мұсылмандық жолы да барлық нәрседен биік екенін еске салғымыз келеді.

дайындаған Айгүл УАЙСОВА

Метки

Похожие статьи

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Кнопка вернуться наверх
Закрыть